Национальный конгресс историков казахстана исторический факультет


АҚЫН, ӘНШІ, КОМПОЗИТОР АҚАН СЕРІНІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА



Pdf көрінісі
бет119/221
Дата25.04.2022
өлшемі3,3 Mb.
#140821
1   ...   115   116   117   118   119   120   121   122   ...   221
Байланысты:
тарихи тұлға

АҚЫН, ӘНШІ, КОМПОЗИТОР АҚАН СЕРІНІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА 
ТАРИХШЫЛАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ 
 
Рақымжан Н. Р., 2 курс магистранты 
Искакова К. Ы., филос.,ғ.к., профессор 
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 
Арқаның ардагері атанған Ақан (Ақжігіт) – қазақтың ән өнері аспанында зор даусымен 
асқақтата жыр нөсерін ақтарып өткен ерекше дарын иесі; халқымыздың бойындағы тамаша 
таланттың айқын көрінісі есепті сегіз қырлы, бір сырлы ардагер азамат. Өзі өмір сүрген дәуір 
шындығын ән-музыка, өлең-жыр туындылары арқылы бейнелей білген ұлы суреткер, 
дарынды композитор. Асыл өнерімен де, жеке бас әдет-мінездерімен де, сән-салтанатымен де 
даралана көзге түскен қазақтың ең қадірлі серісі. Жақсылық пен әділеттік жолына белін бекем 
буған, ақыл-парасаты биік саналы гуманист. Ол ақынның айтқыры, әншінің саздысы, 
сазгердің наздысы, серінің сейдіні. 
Ақанның туған жері — жасыл желек жамылған қалың нулы, көл-көсір өзен-сулы 
табиғаты бар, қалың қарағай мен ақ балтыр аққайың бой таластыра өскен Көкшенің кербез 
сұлуы атанған қасиетті жер. Болашақ ақын 1843 жылы Көкшетау уезінің Шалқар болысында 
үлкен Қоскөл жағасында дүниеге келді. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі — Жаңыл. Жасынан 


192 
алғырлығы, ұқыптылығымен көзге түскен Ақан ауыл молдасынан алған біліміне қанағаттанып 
қалмайды. Ол енді Қызылжарға аттанып, Уәли ахун қазіреттің медресесіне түседі. 
Осы медреседе өткізген үш жылға жуық мерзімде Ақанның сусындаған кәусар бұлағы 
– Фердауси, Низами, Хафиз, Шамси, Сағди, Физули, Науаи, т.б. еңбектері. Бұларға қосымша 
араб, парсы, шағатай тіліндегі көне түркі әдебиетінің ежелгі үлгілерімен де танысады. Медресе 
шәкірттерінің жетік білуге тиіс сабақтары – араб, парсы халықтарының тілі, ертегі аңыздары 
жазба дүниелері. 
Жастай оқып тәлім алған өнерлі, білімді жас-Ақан өз замандастарының көбінен озық, 
араб-парсы, шағатай әдебиеттерінен де, сол әдебиеттерді туғызған тілдермен де жете таныс, 
соған қоса, орыс тілін де білген мәдениеті жоғары өнерпаз адам. 
Серінің ақындық жолы басқа халық ақындары сияқты дәстүрлі жолмен қалыптасады. 
Ақан өз шығармаларын жазып та шығарады. Сонымен бірге жатқа айтып, ауызекі де таратады. 
Ақын еңбектеріндегі көп жырланған тақырып — жастық, достық, махаббат, әйел тақырыбы. 
Ол қалдырған мұраның бәрі — жүрек отының жалынындай, терең толғаныстардың 
туындылары. Оның поэзиясы — адамның сезім сырнайын тарта білген сыршыл да шыншыл 
поэзия. Әрбір сөзі азамат басына төнген қалың қара бұлттың тыныс тарылтар қапырығы ғана 
емес, нөсер жауын алдындағы жан жадыратар аспанның ақша бұлттары. Мұндай қасиеттер ең 
алдымен ақынның ғашықтық лирикаларына тән. 
Ақан серінің ғашықтық лирикаларының бір тобы аттары аталып, түстері түстелетін 
өзінің ғашықтары. Олар Ақтоқты, Ұрқия, Жамал, Балқадиша, Мақпал сияқты белгілі 
адамдарға арналған. Ақынның ғашықтық жырларының енді бір тобы белгілі адамдарға немесе 
өзі ғашық болған қыздарға емес, жалпы қазақтың сұлуларына арналған. 
Бұл еңбектерінде Ақан сөз құдіретімен сұлу бейнелерін бірінен-бірін асыра мүсіндеп 
бере алды. Жалпы саны 40 шақты өлеңді қатар қойып оқығанда бәрі де қыз сұлулығына 
арналған шығарма бола тұра, бірін екіншісі қайталамайды. Әрқайсысы өзіне ғана тән өзгеше 
туынды болып қабылданады. 
Жалпы алғанда, Ақан «Балқадиша», «Сырымбет», «Әйелдер сипаты», «Жайықтың ақ 
түлкісі аралдағы» деген өлеңдерінде сұлулықты, әдемілікті жырлайды. Әйелді жер дүниенің 
ең бір сұлу, әдемі жаратылыстарына балайды. Азаттықты, еркін махаббатты аңсайды. Сері 
шығармаларында сұлу қыздардың мінез-көркі қаншалықты әдемі жырланса, сондай-ақ қазақ 
жігіттерінің бейнелері де айтарлықтай дәрежеде суреттеледі. 
Ақынның кейбір шығармаларында өз бойындағы басқа замандастарынан артық 
қасиеттері әр тұста жарқ етіп көрініп, асқан өнер иесі, ақ жарқын, адал жар ретінде, үлгілі 
бейне болып жырланады. «Арқаның ақиығы Ақан сері», «Үш жүзге атым мәлім Ақан сері», 
«Оралдың мен ақиығы қырандағы», «Мен бұлбұлмын сайрап тұрған Иран бағы», «Біз сұңқар, 
сізге тиген ұрымдағы», Біз қанжар алтындаған қыныңдағы», «Аспанда біз ақ бүркіт қағып 
кеткен», «Болғанда сіз — бақ иран, біз — сандуғаш», «Аспанда біз ақ сұңқар қырандағы», т. 
б. өлең-әндерінде Ақанның өз бейнесі ерекше көзге түседі [1; 703]. 
Ақан сері Қорамсаұлы — өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының 
асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-
орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан 
кем түспейді. Кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ-даңқының шартарапқа жетуі — 
әншілік-композиторлық өнерінің жемісі. 
Ақиық ақын Көкшенің сұлу табиғатына көз тігіп, оны албырт сезімді, әсерлі музыка 
үніне бөлейді. Осы әншілік өнерде Ақан сері жалғыз болмайды. Айналасына әнші-күйші 
жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралайды. Ақын, әнші, серілердің бәрімен 
достасады. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты атақты ақын-
әншілер Ақанның ең жақын достары болған. Олардың бәрі Серінің әншілік өнеріне игі әсер 
еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, суреткерлік талғамын шыңдай түскен. 
Ол қазақтың ұлттық өнерін профессионалдық биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық 


193 
үлгісін жасады. Қазақ мәдениетінің алтын қорына Ақан серінің елуге жуық музыкалық-
поэтикалық мұрасы енді [2; 168]. 
Ақынның шығармаларының басым бөлігін қамтитын кеңінен танымал көңіл- күй және 
махаббат лирикаларында ғажайып табиғат суреттері мен нәзік мұң, өмір қиыншылықтары 
туралы трагедиялық пайымдаулар шынайы да шымыр қатар өріліп жатады. Оның стиліндегі 
жоғары жетістік — кең тыныстылық, ән иірімдерінің нәзіктігі, әуен әсемдігі, интонациялық 
суреттерінің молдығы, сазының биік те асқақ ырғақтары мен қайырымдарының ұзақтығы. 
Поэзия сырттай қарағанда біртұтас көрінгенімен, оның да жанрлық түрлері көп екенін 
байқаймыз. Мәселен, Ақан сері мұрасындағы жанрлық түрдің бірі — арнау өлеңдер. 
Арнау түрінде жазылған өлеңдер әлем әдебиетінде, соның ішінде қазақ поэзиясында 
баршылық. Қазақ арнау өлеңдерінің бұлақ көзі тереңнен арна тартады. Зерттеушілердің 
айтуына қарағанда [3; 17], сонау VI–VIII ғасырлардағы Орхон ескерткіштерінде «Түркі халқы, 
тыңдаңдар!» деп басталатын арнау өлең бар екені белгілі. 
Ақанның арнау өлеңдері не бірыңғай мақтаудан, не бірыңғай даттаудан тұрмайды. 
Көбіне адамдардың жақсы мінез-құлығына сүйініп, ризалық білдіреді. Әсіресе ақынды XX 
ғасырдың басындағы Столыпиннің жер реформасы қатты ойландырады. Ол қазақ жерін орыс 
переселендерінен сақтап қалу үшін көп еңбек атқарған. Осы уақытта Ақан сері жайында мына 
дерекке назар аударуға болады: «1906 жылы көшіп келетін шаруаларға жер өлшеп кесіп беру 
үшін жоғарғы жақтан келген Еличев, Мельников деген екі инженерді Ақан ауылы Қараталға 
атпен алып бардым, біз Баялы байдың үйіне түстік, кешікпей Ақан да келді. Көркем, орта 
бойлы, қызыл шырайлы адам екен, басына құндыз бөрік киген, жібек шапанның сыртына 
жібек белбеу буынған. Ақан екі инженерге өзінің атамекен жерінен көшірмеуді, басқа жерге 
орналастыру керектігін айтты» [4]. 
Бұдан байқайтынымыз, қарт ақынның ата қонысының жайын ойлап тыныштық таппай 
жүргендігі. Осы жылдары сері ел ішінде патшаның сойылын соғып жүрген әкім-болыстарға 
сықақ өлеңдер көп жазады. Ақанның «Нұртазаға», «Шойырмаққа», «Шар таласы», «Парашыл 
оязной», «Шалабай болысқа», «Бір болысқа», т.б. өлеңдері қазақ арасындағы отаршылар 
орнатқан болыстық билікті сынауға арналады. Болыстардың отарлаушыларға қосыла қанауы, 
қараулық іс-әрекеттері, екіжүзділіктері, жалтақ мінездері, қулық-сұмдықтары таразыға 
тартылады. Онсыз да бірлігі бұзылып, тірлігі кеміп жатқан қазақ елінің берекесін кетіріп, лаң 
салып жатқандарынан толық мәлімет береді [1; 709]. 
Столыпин ылаңы тұсында елдің жер-судан, қоныстан айрылуына наразылық 
білдіргенін ақынның азаматтық сарындағы әндерінен айқын байқаймыз. Ол туралы 
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Н.Оразбек былайша жазады: «Мен 
Ақанның басқа өлең, толғауларын былай қойып, бір ғана патшалық Ресей отаршылдығы 
туралы бірнеше өлеңін «Патша өкіметі туралы» деген ортақ атаумен ұсынып отырмын. Ол 
өлеңдер Сәкен Сейфуллин құрастырған жинақтан алынды. Олар Ақан серінің 1935 жылдан 
кейінгі жинақтарына енгізілмеген. Тек Кәкімбек Салықов ағамыз құрастырып, 2008 жылы 
жарық көрген жинаққа ғана кірген» [5; 11]: 
Қазақтың классикалық ән үрдісінде Ақан сері оқшау, озық әрі дара тұр. Ол ұлы 
ұстаздары ұстанған халықтық табиғи дәстүрді ілгері дамытып, әннің құбылысын, ажарын, 
түрін, мазмұнын, жалпы бітім- болмысын байытып, сымбатын сұлуландырған, тек өзіне тән 
үн-бояуларымен қайталанбас тылсым көркемдік дүниесін жасаған аса құдіретті дарын, 
кемеңгер талант иесі. 
Аяулы Ақан сері. Ақынның аңыз өмірі. Ол тірі кезінде аңызға айналған тұлға. Ал 
Ақанды аңызға айналдырған оның қиыншылыққа толы өмірінің өнердегі таңбасы. Ақан 
серінің өмірінде кездескен ауыртпалықтары аз болған жоқ. Бәтима, Ұрқия сынды жарларынан 
өлідей айрылса, Ақтоқтыдай сүйгенінен тірідей айрылу, өмірінің қызығы, мәні болған 
Құлагерінен, құмай тазысы Базаралысынан, ұшқыр қырандары Көкжендеті мен Қара торғайы 
— бәрінен бірінен соң бірінен айрылып, ең ақырында ата қонысынан айрылуы — бір адамның 


194 
басына, «бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей қиын тағдыр болды. Бірақ Ақан 
осындай қиын тағдырын өнерімен жеңе білді. 
Ақан сері өмірінің қайғылы, шиеленісті тағдыры Құлагерге байланысты. «Құлагер» әні 
— Ақан шығармашылығының шыңы. Ақанның алты алашқа атағының жайылуы, біріншіден, 
өнері болса, екіншіден, осы Құлагердің ат шабыстарында бәйгенің алдын бермеуі еді. «Баспа-
бас қызға бермес жануарым» деуінің өзі Ақан үшін Құлагерінің қаншалықты қымбат екендігін 
білдіреді. Ақан сері - өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны 
ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық 
өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. 
Әділіне көшсек, «Ақан сері» атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шар-
тарапқа жетуі — әншілік-композиторлық өнерінің жемісі. Жасынан халықтың ән-күйінен 
сусындап, өзіне дейінгі әншілік дәстүрді толық меңгерген Ақан сері бертін келе, жігіт шағында 
серілік құрып, өзі де ән шығарады. Көкшенің сұлу табиғатына көз тігіп, оны албырт сезімді, 
әсерлі музыка үніне бөлейді. Осы әншілік өнерде Ақан сері жалғыз болмайды. Айналасына 
әнші-күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралайды. Ақын, әнші серілердің 
бәрімен достасады. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты атақты 
ақын-әншілер Ақан серінің ең жақын достары болған. Олардың бәрі Ақан серінің әншілік 
өнеріне игі әсер еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, суреткерлік талғамын 
шыңдай түскен. Ол қазақтың ұлттық өнерін профессионалдық биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің 
классикалық үлгісін жасады. Сан қырлы дарындылық, поэзия мен музыканың тел қозыдай 
табысуы, өзіне ғана тән нақыш, жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік — Ақан сері 
шығармашылығына тән басты-басты қасиеттер. Қазақ мәдениетінің алтын қорына Ақан 
серінің елуге жуық музыка-поэтикалық мұрасы енген. Ақан сері шығармалары поэтикалық 
тұнықтығымен, образдар әлемінің тереңдігімен, поэтика және музыка тілінің 
шырайлылығымен, айрықша талғампаздығымен, нақыштық тазалығымен ерекшеленеді. Оның 
шығармашылық болмысының басты қасиеттері – өмір шындығын боямасыз жырлауы, 
психологиялық иірімдерге толы, эмоциялық бояуының қанықтығы. 
Шығармаларының басым бөлігін қамтитын кеңінен танымал көңіл-күй және махаббат 
лирикаларында ғажайып табиғат суреттері мен нәзік мұң, өмір қиыншылықтары туралы 
трагедиялық пайымдаулар шынайы да шымыр қатар өріліп жатады. Оның стиліндегі жоғары 
жетістігі — кең тыныстылық, ән иірімдерінің нәзіктігі, әуен әсемдігі, интонация суреттерінің 
молдығы, сазының биік те асқақ, ырғақтары мен қайырымдарының ұзақтығы. 
Сайып келгенде, Ақан сері Қорамсаұлының ақындық-әншілік мұрасы — біліктілік пен 
білімнен, сыршылдық пен сыншылдықтан, әдептілік пен әдемілікке құмартудан, көрегендік 
пен көсемдіктен, қуатты шабыт пен құдіретті қиялдан өріліп туған, өрнектеліп тоқылған саф 
таза поэзия болып табылады Ол өмірінің соңғы кезінде өзін ұқпаған ортадан алшақтап, 
жалғыздықпен мұңдасты. Өз заманының қатыгездігіне мойынсынбай, ерлік, тапқырлық 
танытты. Серілік өмірден ада болған, жастық армандарының көбіне қолы жетпеген, жер-
суынан айрылған, ел басшылары мен пиғыл-ниеті бұзыла бастаған пысықтардан жәбір көрген 
ол қасына жалғыз мылқау баласы Ыбанды алып Қоскөл жағасында оңаша өмір кешкен. Ақын 
дұшпандары ол туралы неше түрлі өсектер таратқан. Сөйтіп жүріп ол 1913 жылы 70 жасында 
қайтыс болған. Қазақтың ерен ақыны Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында ақын 
трагедиясының себептерін жан тербетерліктей нәзік, асқан шеберлікпен айтты. Ғабит 
Мүсірепов те өзінің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында Ақан өмірін оның ескішіл 
күштерге, дінге қарсы күресі арқылы суреттейді. Ақан сері туралы кезінде С.Сейфуллин, 
М.Жұмабаев, І.Жансүгіровтер зерттеп, әдебиеттен өз орнын ашып берді. Ақан сері – ХІХ 
ғасырда тіршілік еткен қазақ ақындарының ішінде айрықша көңіл аударарлық адам, тарихи 
тұлға. 
Сондықтан, 
ақын, 
әнші, 
композитор 
Ақан сері Қорамсаұлының 
өмірін, 
шығармашылығын тарихшылар әлі де тереңірек зерттеп, зерделеуі қажет.


195 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   115   116   117   118   119   120   121   122   ...   221




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет