Орындаған:Қуандық Амина Рашидқызы Тақырыбы: Дина Нұрпейісова



бет3/3
Дата25.02.2023
өлшемі22,79 Kb.
#170114
1   2   3
Байланысты:
1 Балалар саз мектебі

Динаның жүрген жерлері

Дина күйшінің 1937 жылы Астрахань өлкесінен Алматыға аттанғанға дейінгі өмір жолы толық зерттелді деп айту қиын. Мақаламыздың басында көрсеткеніміздей, күйшінің Құрманғазымен жолыққан уақытында да бірізділік жоқ. Тек Астрахань архивінен табылған метіркелік мәліметтер ғана нақты құжат, күмәнсіз дерек ретінде қабылданса керек. Осыған орай өз болжамымызды да айта кетейік.

Біріншіден, осы кезге дейін қағазға түскен барлық жазбада Дина 1861 жылы туған, 19 жасында (яғни 1880 жылы) тұрмысқа шыққан делінеді. Бірақ біз Динаның алғашқы күйеуі Нұрпейістің 1894 жылы дүниеден өткенін, оның іште қалған ұлы Жұрынбай сол жылы дүниеге келгенін анықтап отырмыз. Осыған қарап Динаның өмірбаянында он шақты жылдай жаңылыс бар-ау деген күмәнімізді жасыра алмаймыз. Архив деректерін әлі де ақтарса, күйшінің туған, алғаш ұзатылған жылдарына қатысты мәліметтер табылуы әбден мүмкін.

Тағы бір қызық мәлімет – Бағила апайдың айтуынша, Шәпек орта шаруалы болса да әжептәуір көлемді жері болған көрінеді. Дина Шәпекке тигенімен, өз үйін жықпаған, бала-шағасымен бөлек тұрған.

Атыраулық өлкетанушы Мүтиғолла Нәсиханов «Өркенді өңір» газетінің 2015 жылғы 3 наурыздағы санында «Құм Нарын қойнына бүккен сырлар» атты мақала жариялаған. Мақалада Құсайын Жұмағалиұлы деген ақсақал: «Менің анам Мәдина – бесқасқа беріштің қызы еді. Бала кезінде Дина шешемізді көрген. «Балалары көп, тұрмысы кедей болды. Дина шешеміз ел аралап, той-томалақта күй тартатын. Дәулеті бар адамдар соғым беріп, жазда қой атап, құрмет қылушы еді. Шәпек атамыз жуас кісі болған, Динаның күй тартуына қарсы болмай, керісінше қолдап отырған» деген естелігін айтқан.

Естелік иесі 1920 жылдары Нарын құмында болған алапат аштық кезінде Дина мен Шәпек бір-бірінен ажырап, Дина Астрахань жағында колхозға кірген үлкен ұлы Жұрынбайды сағалап кеткенін айтады. «Бұл 1921 жыл болса керек» дейді автор.

1920 жылдардың ортасында Бөкейлікте ашаршылық болып, ел қатты қиналғаны рас. Сол жылдары үкімет орындары құмдағы қазақтардың бір бөлігін ақ казактардан босап қалған Шежін өлкесіне – қазіргі Тасқала ауданы аумағына орналастырған. «1928 жылы Дина ақ түйесімен келіп, Степнойдың №4 фермасы Замсинге бір қыс қыстап кетіпті, үлкендерден естідім» дейді тасқалалық ақсақал Әбухан Қайыров. Бұл деректің анық-қанығын тексере алмадық.

Айтпақшы, 2002 жылы «Ана тілі» газетіне Үміт Дәулетқалиқызы деген кісінің сұқбаты шығып, елді бір шулатқан болатын. Онда әңгімеші: «Сонау бір жылдары әмеңгерлікпен атастырылған күйеуі Шәпек пен бәйбішесінен шетқақпайлық көрген Дина шешейді Құрманғазы іздеп келіп, қамқорлығына алыпты. Бала-шағасымен көшіріп әкетіп, Каспий теңізіне жақын, бір өзен аңғарындағы жертөлеге орналастырыпты. Бұл бір жағынан шешейдің шаруасына қарасқаны болса, екінші жағынан екі дүлдүлдің армансыз күй жарыстырған ғажап мезгілдері болса керек...» деп толғайды. Сосын Дина шешейдің дүниеден өтер алдында өзіне ғана сыр етіп: «Үміт қарағым, Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып не қылайын, Құрманғазы атаңнан менің бір балам болды. Ол жасында суға кетті» деп айтқанын жариялаған.

Әрине, бұл дерек кезінде Динаның ұрпақтарының және халықтың ашу-ызасын тудырып, баспасөз бетінде түрлі талқылау болғаны рас. Ұлы күйшілер, ұстаз бен шәкірт атанған тарихи тұлғалардың арасын ашыналықпен жалғаған арзан әңгімеге нақты тарихи дерекпен де нүкте қоюдың реті келгендей. Яғни Дина шешеміз Шәпекке жаңадан қосылып, Бақтылы қызына жерік болып жүргенде, Құрманғазы бабамыз 1896 жылы 73 жасында Астрахан өңіріндегі Алтынжар ауылында дүниеден өткен болатын. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам деген осы да.


P.S. Дина феномені, оның музыкалық таланты туралы Ахмет Жұбанов, Ғафура Бисенова, Қаршыға Ахмедияров секілді өнертанушы марғасқалар талай-талай мақала жазды. Шынында да тек қазақ ортасында ғана емес, әлемнің озық елдерінде де әйел құқығы оңайлықпен мойындала бермейтін ХІХ ғасырда өнер көгінде өшпес жұлдыз болып жарқыраған Дина Нұрпейісованың тағдыры ерекше-ақ. «Әлемнің ең атақты әйел-музыканттары» деген мақала жазып, Кассия Песнописица, Хильдегарда Бингенская, Фанни Мендельсон, Клара Шуман және Консуэло Веласкестердің қатарына Дина Нұрпейісованы да қосқан автор Лилит Мазикинамен келіспеу қиын. Шынында да Дина – әлемдік тұлға болатын.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет