Оқулықтар мен зерттеулер



бет2/5
Дата21.02.2022
өлшемі29,28 Kb.
#132642
түріОқулық
1   2   3   4   5
Байланысты:
2 - дәріс. Абайтанудың зерттеу кезеңдері
6 сын ҚМЖ ұлдар, МСЭ проект
Бірінші кезең Абайдың өзі қайтыс болған уақытынан бастап жиырма шақты жылға созылды деуге болады. Бұл уақыт данышпанның атын ел танып, данышпанның қалдырған даналығын, қара сөздерін халық зор ынта-жігерімен танып-білуге ұмтылған кезең.
Абай шығармаларын баспа арқылы насихаттаушылардың бірі – Зейнелғабиден ибн Әміре. Ол Абайдың бір топ өлеңдер топтамасын Кәкітайдан бұрын жариялап, Абай жөнінде арнайы пікір көтеріп, ақын мұрасымен туысқан татар халқын таныстыруға әрекет етті. Оның «Насихат – Қазақия» деген еңбегі Кәкітай бастырған Абай шығармаларының алғашқы жинағынан бұрынырақ жарияланып, Абайды дұрыс тұрғыдан бағалаумен ерекшеленеді. Халықты мәдениетке тартудың жолы ағартушылық деп білгендіктен: «Адам баласы үшін қадірлі, қымбат нәрсе ақыл болып, сол ақылды жоғары басқышқа шығаратын нәрсе ғылым, өнер, мағруф, болса керек» – деп бар өмірін жастарды оқытуға сарп етіп, халықты білім жолын насихаттаумен өтті. «Ақылды, білімді, өнерлі болу тәңіріден деп оны құдай бермесе не қыламыз деген сияқты өріссіз ойларды немесе «Шіркін біздің қазақтан артық халық бар ма» – деп көшпенділікті дәріптейтін пікірлерді Абай қөзқарасы тұрғысынан терістейді. Қазақтың кемшілігі – білімсіздігі мен надандығында деп көрсетуі Абай пікірімен үндес шығады.
Зейнелғабиденнің бұл трактаты – Абай мұрасын насихаттау мен бағалауда революцияға дейінгі әдебиетте өзіндік орны мен белгілі дәрежеде ерекшелігі бар еңбек. Өйткені бұл трактат қазақ әдебиетінің жайы туралы мәселені тұңғыш рет арнайы сөз етіп, айрықша көңіл бөлумен дараланады.
Зейнелғабиден ақындықты үлкен өнер деп танып, оның ұлылығы мен қасиеттілігіне орыстың ұлы ақыны Пушкинді үлгі ете сөйлейді. Өйткені «орыстардың Пушкині қияметке шейін халық тілінде сөйленіп, тарихқа жазылуы», сол сөз өнерінің құдіретіне байланысты деп біледі. Абайға осы тұрғыдан қарап, оның ақындық өнерін аса жоғары бағалайды. Зейнелғабиден қазақтың тіл өнерін татар халқына таныстыруды мақсат еткенде, Абай шығармаларын қазақ поэзиясының үлгісі ретінде ұсынып, оны қазақ поэзиясының ұшар шыңы, жақұты ретінде таниды. Поэзияны Абай қойған талап тұрғысынан бағалауға тырысады.
1908 жылы «Уақыт» газетінің 388 – санында жарияланған «Абай Құнанбаев» деген мақаланы да зерттеушілер Зейнелғабидендікі дейді.
Зейнелғабиден «Насихат-Қазақиясында» Пушкин атының тарихқа мәңгі жазылуының басты себебі, ақындық өнері, құдіретінде деп қараса, бұл мақаласында Абайдың қазақ даласына даңқы жайылып танылуы, ақынның байлығына немесе билігіне байланысты емес, керісінше, оның «тілі, оқушыларын оятатын өлеңдері оны бүкіл атырапқа өзін мәшһүр еткен» ақындық өнерінде деп Абайдың ақындық өнеріне шешуші мән береді.
Мақала авторы Абайды тек ұлы ақын ретінде ғана танымай, оны қазақ халқының ойшылы, білімді кемеңгері ретінде бағалап, Абай туған халқының рухани дүниесімен ғана шектелмей, Батыс пен Шығыстың рухани дүниесінен де терең сусындағанын атап өтеді, Абайдың географиясымен, әсіресе тарихпен кең тұрғыдан таныс, өресі зор білімді кісі болғаны туралы алғаш мәлімет беріледі.
Революцияға дейінгі дәуірде Абайдың өмірі мен әдеби мұрасын танытуда елеулі еңбек еткендердің ішінде Кәкітай Ысқақұлының орны бөлекше. Кәкітайдың Абай мұрасын танытудағы басты еңбегі де Абай шығармаларының тұңғыш жинағын құрастырып жариялауы мен ақын өмірі туралы алғаш рет мәлімет беруінде жатыр. Кәкітай Абай мұрасын жинастырып, бастырудағы тарихи еңбегі жайлы Абай мұрасын зерттеушілер еңбегінде молынан айтылады да, бірақ М. Әуезовтың монографиялық еңбегінде болмаса, басқа зерттеулерде Кәкітай еңбегі сын көзімен қаралмаған. Сондықтан да Абайдың дүниеге қөзқарасының қалыптасуына Е.П. Михаэлистің әсері басым болды деген Кәкітай пікірі абайтану саласында көпке дейін орын алып келді.
Кәкітай бастырған 1909 жылғы жинаққа дейін баспасөзде жарияланған бірлі-жарымды Абай өлеңдерінің бәрі де асыл түпнұсқа қалпында сақталмады.
Кәкітай олқылығы – Абай шығармаларын түгел қамти алмауы демесек, Абай өлеңдерін түрлі тақырыптарға бөліп, жіктеуі сол дәуір жағдайына байланысты қарағанда орынды да. Кәкітай мәдениет пен білімнен кенже қалған қазақ қауымының ой-өрісін еске алып, тақырыптық принципке сүйенуді жөн көрген. Бүкіл қазақ ақындары Абай шығармалары мен өмірбаяны жайлы дерекпен тұңғыш рет Кәкітай арқылы ғана танысты. Кәкітай Абай өмірі мен творчествосына жалпы тоқталғанымен, сол дәуірдің өзінде – ақ Абай жөнінде ойлы пікірлер айта білді. Кәкітай Абайдың шын мәніндегі ақындық өнерге сексенінші жылдары батыл бет бұруының себебі оның орыс халқының озық ойлы әдебиетімен танысуында жатыр деп көрсетуі, Абай творчествосы мен өміріндегі елеулі құбылыстардың төркінін дұрыс аңғара білгенін байқатты. Ақындық дарыны асып туған Абайдың осы өнерге қолын кеш сермеуі, Кәкітай пікірінше, өскен ортасына тікелей байланысты қаралады. Бірақ ел ісіне ерте араласып, халықпен тығыз байланыста болуы арқылы ғасырлар бойы сұрыпталған тіл өнерін терең меңгеруі – Абай ақындығының тербеліп өскен алтын бесігі деді.
Кәкітай мақаласы революцияға дейінгі дәуірде ұлы ақын творчествосының нәр алған арналарына байланысты Абайдың ақындық кітапханасының көлемі жайлы мәселеге біршама бағдар айтуымен де ерекшеленеді.

Абай қайтыс болған уақыттан бастап халқымыздың ірі тұлғаларының бірі Әлихан Бөкейханов тарихта тұңғыш рет ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасынан біршама толық мағлұмат келтіре отырып, өмірбаяны мен дүниеге көзқарасының қалыптасуы, дүниетанымы туралы орыс тілінде шығатын «Семипалатинский листок» газеті арқылы бір ғана Семей өңірі, бір ғана қазақ даласы емес, бүкіл Ресей көлеміндегі қалың жұртшылыққа жеткізді. Осылай, Ә. Бөкейханов ұлы ойшылдың алғашқы шежірешісі және зерделі зерттеушісі болды.


Сонан кейін қазақ зиялыларының бірі ағартушы ойшыл, тілші Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінің үш санына «Қазақтың бас ақыны» деген тақырыппен көлемді мақала жариялап, Абайдың ұлы көсемдігі, даналығы, шешендігі туралы өзінің байсалды пікірін былай деп білдірді: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне Абай - көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған... Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» [6.196]. Ахмет Байтұрсынов осы сөздерінде халыққа Абайды толық тану керектігін ескерте отырып, бұл сөзді барша мен қазақпын деп жүрегі лүпілдеп соққан азаматтарға тиістіріп айтты.
Ал халық саңлақтарының бірі Міржақып Дулатов Абайдың шығармаларына терең қаныға отырып, өте жоғары бағалап, былай деп жазды: «Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз - Абай» [7.251]. Шынында да, Міржақып Дулатов айтқандай-ақ Абай әлі күнге қазақ ақын, жазушыларының, қазақ ойшыл-философтарының алды болып тұр. Оның орнын басқан бірде - бір ақын да, яки жазушы ойшыл да жоқ. Бұл орынды Абай қара сөздерінің даналығының ұшқырлығы, өлеңдерінің халық табиғатымен ұштастығы себеп болса керек. Мұнан кейін біз атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың пікіріне назар аударсақ.
Мағжан Жұмабаевтың рухани биік деңгейі Абай болмысын дұрыс танып, оған әділ баға беруіне мүмкіндік берді. Ол бірінші болып Абайдың хакімдігін анықтап, 1912 жылы «алтын хакім Абайға» атты өлеңін жазды:
Шын хәкім , сөзің асыл баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес.
Сөзіңе құлақ салып баға бермей,
Қисайып қыңырайды жұртың иттес!
Бұртиып, теріс қарап: « Аулақ жүр!»-деп;
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме:
«Қор болды қайран сөзім босқа!»-деме.
Артыңда қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып жүрер жөнге! [8.45].
Хакім деген сөздің нағыз иесі Абай екенін Кеңес одағы жасырып келді. Ал Мағжан сол уақытта-ақ Абайдың ақын, жазушы ғана емес, нағыз ойшыл, қазақтан шыққан философ- хакім екендігін танып, оны халыққа жария еткен еді.
Бұл алдыңғы толқын зиялылардың еңбектерін Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов жалғастырды. Солардың ұйытқысымен Семейде 1918 жылы «Абай» журналы шығарылды. Журнал бір жыл ғана өмір сүріп, 12 нөмір шығарылғанына қарамастан , Абай мұрасын жинастыру, оны зерттеп, халыққа насихаттау ісінде елеулі істер атқарып үлгерді.
«Екеу» деген бүркеншік атпен Абай өмірі мен шығармашылығы жайында зерттеулік мақалалар жазған Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов сол кездегі абайтану тарихында ерекше дараланып шықты.
Екеудің «Абай» журналында басылым көрген «Абайдың ақындық өнері мен һәм қызметі» және «Абайдан соңғы ақындар» деп аталатын мақалаларында түйген ортақ танымнан туындаған ойлары, негізінен, Абайдың қара сөздері мен аудармашылық өнеріне әдебиет ғылымы тұрғысынан терең талдаулар жасаған. Өйткені Абайдан кейінгі қазақ ақындарының шығармаларын жанры жағынан талдап жіктегенде Мағжан мен Сұлтанмахмұтты лирик ақындар тобына жатқызса, А. Байтұрсынов мен С. Дөнентаевті халықтық сарындағы ақындар тобына қосады да, Абайдың ақындық дәстүріне еліктеген, шәкірт ақындар ішінен «Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абай өлеңіне сырттай болса да ішкі мағынасымен еліктеген кісі Шәкәрім» деп Абайдың дүниетанымына тереңірек бой ұрған ерекшелігін сол тұста-ақ дөп басқан.
«Абай» журналында ақын шығармаларын танып білу, халықтық таным тұрғысынан бағалау мақсатында зерттеулік мақалалар мен Абай шығармаларынан үзінділер жариялап жатты.
«Қазақ» газетінде жарияланған М. Дулатовтың, Н. Төреқұловтың мақалалары да Абайды қазақ халқының рухани данасы, жаңа бағыттағы әдебиеттің көш басшысы, шебер аудармашы ретінде танытып бағалауынан авторлардың білім деңгейі биік жатуын көреміз.
Абай мұрасын орыс тілінде танытып бағалауда Ә. Бөкейханов пен ағайынды Белослюдовтер, әсіресе С. Сәдуақасов тарапынан жарияланған мақалалардың Абайтану тарихында өзіндік орны бар, болашақ зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар берерлік өзіндік танымымен ерекшеленетін еңбектер. Абай мұрасын орыс қауымына танытып насихаттауда дер кезінде елеулі үлес қоса білді.
Абай мұрасын тереңірек зерттеп, танып бағалауда қазақтың талантты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың пікірлері абайтану тарихында ерекше орын алмады. Сұлтанмахмұт – Абай дәстүрін творчестволықпен дамыта түсушілердің көрнектісі әрі ақын мұрасының әлеуметтік тамырын тереңірек танығандардың бірі. Ол Абайдың жаңа бағыттағы қазақ әдебиетінің негізін салып, классикалық дәрежеге көтерген еңбегін жете түсінді. Мұндай биік танымға Сұлтанмахмұт творчестволық іздену, азабы мол ақындық жолды бастан кешіру, әдеби тілдің тазалығы туралы заман талабы күн тәртібіне қойып отырған мәселеге жауап беру тұрғысынан келді.
20 ғасырдың басында революциялық қозғалыстардың өріс алуына байланысты бұратана атанған халықтардың ұлттық санасының ояна бастауына қарсы патша өкіметінің саясаты шегіне жете күшейе түсті.
С. Торайғыров Абайдың әдеби тіл үшін күресін терең барлап бағалаушы ғана емес, ол көркем өнердің мәніне материалистік тұрғыдан қарап, Абайдың эстетикалық танымдарын да терең біліп, бағалай алды. Абайдағы эстетикалық ойды өз шығармасына батыл ендірумен бірге оны замандастарынан да талап еткен.
С. Торайғыров өз өмірінің идеялық бұлыңғыр дәуірі кезінде де өткен дәуір мұрасына көз салып, сөз еткенде, өз қатынасын Абайдың эстетикалық танымы тұрғысынан білдіріп отырады. Ол Абай поэзиясы мен өткен дәуір әдебиеті өкілдерінің туындысын салыстырғанда, ақындық шеберлікті ғана өлшем етпей, шығарманың идеялық мәніне баса көңіл бөледі.
С. Торайғыров – Абайдың ақындық дәстүрін дамытушы өнерпаз сөз зергерлерінің алдыңғы сапындағы өнер қайраткерлерінің бірінен саналатын дарынды ақын. Оның туындыларындағы Абай өлең құрылысының іздері мен ақындық тіліндегі көркемдігін сөз бедерлеріндегі абайлық дәстүрлерді анық көреміз. Саяси-әлеуметтік тақырыптардағы халықтық тұрғыдан толғанатын мұң-шері де Абай поэзиясындағы сарынмен өзектесіп жатуындағы рухани туыстықтың өзінде де айтарлықтай сырлар жатыр.
ХХ ғасырдың басында Абайтану ғылымы шын мәнінде өріс алды. Халық оның хакімдігін танып, бұл кезең қазақ тарихында алтын кезең болды. Алайда саяси-әлеуметтік жағдай бұл жағдайды күрт өзгертіп жіберді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет