Пайдалагылғын әдебиеттер


Фольклордың ерекшеліктері.Көркемдік жүйесі, жанрлары



бет4/5
Дата07.02.2022
өлшемі40,68 Kb.
#88689
1   2   3   4   5
Байланысты:
СОӨЖ

Фольклордың ерекшеліктері.Көркемдік жүйесі, жанрлары
Жанр дегеніміз – оқиғаны, сюжеттік материалды белгілі бір мақсатпен тұтас мазмұнды, айқын идеялы шығармаға айналдырудың әдісі, жолы, құралы. Ойымызға дәлел ретінде айтарымыз – бір сюжет негізінде әр түрлі жанрға жататын бірнеше шығарманың жасалуы. Мысалға Жүсіп пен Зылиханың хикаятын келтіруге болады. Бұл хикаяттың сюжеті ертегіде де, дастанда да, кейінгі замандағы драмада да баяндалған. Сюжет – біреу, ал жанр – бірнеше. Әр жанр – өзінің композицялық және көркемдік әдісімен бұл сюжетті өзінше жырлаған. Айталық, көне заманда Інжілге (Библияға) енген сюжет жай ғана хикаят, мысал болатын. Кейін ол хикаялық (новеллалық) ертегіге айналған. Орта ғасырда бұл сюжет үлкен дастан болып жырланды. Осының бәрінде түпкі сюжет сақталған, бірақ бірде ол қарапайым ғана баяндалса, екінші жанрда сюжет көптеген қосымшалар, детальдар, эпизодтармен толығып, көлемді шығарма ретінде көрінеді. Ал, енді бір жанрда (мәселен, драмада) сюжет басқа элементтер мен компоненттер арқылы баяндалған. Демек, әр жанр өзіне тиісті әдіспен белгілі сюжетті басқа шығармаға айналдырады. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады [6]. Алайда, осы бір ғана ЖүсіпЗылиха хикаяты жанрдың әр түрлі болуы сюжетке байланысты емес екендігін дәлелдейді. Жанрдың мұндай болу себебін оның шығарманы баяндау түрінен, яғни сюжетті өру мен көркемдеу әдісінен іздеу қажет.
Әдетте өнердің барлық түрін, оның ішінде фольклорды да, өмірді көркем танудың бірі деп түсінеміз. Өнер өмір туралы пайымдау екені сөзсіз. Тарихи дамудың әр кезеңінде өнер адамның өзін қоршаған табиғатты, шындықты қаншалықты меңгергенін, өзін де қаншалықты біле алғанын көрсетеді. Бұл даусыз. Әңгіме сол шындықты тани, түсіне білу қоғам тарихының қай дәуірінде өнер үшін басты мақсат, нысана болуында. Өнердің атқаратын қызметі көп екені де түсінікті. Оның танымдық қызметінен басқа да өте маңызды функциялары бар. Айталық, идеологиялық, тәрбиелік, эстетикалық т.т. Ал, өнердің, фольклордың, әдебиеттің танымдық қызметі бұрынғы замандарда қазіргіден басқаша түсініліп, бағаланған. Демек, фольклор әр тарихи дәуірде әр түрлі функция атқарған. Бірақ бір дәуірде белгілі бір функция атқарған шағында фольклор басқа функцияларынан мүлде айырылып қалмаған. Олар да сақталған, бірақ көп қызметінің ішінен сол дәуір, қауым қажет қылған функциясы басымырақ (доминирующая) болған. Жалпы, көп функциялық – фольклорға тән қасиет. Басқаша айтқанда, дәуірге, қоғамға сәйкес фольклордың белгілі бір функциясы, сондай-ақ белгілі бір жанры актуальды сипат алған, сөйтіп ол басым түсіп жатқан.
Жанрлар дараланған тұста өмірдің бір жағын ғана көрсетуге «маманданады», яғни фольклор шығармалары мен жанрларының танымдық мүмкіндігі кеңейген сайын, олардың «мамандануы» да кеңейіп, бөлшектенеді, оған қоса жанрлардың даралану процесі де күшейе түседі. Сондай-ақ жанрлардың ортақтасуы да қатар жүреді. Мысалы, жаңадан пайда болған жанр ау-баста синкретті түрде болады, содан дами келе ол өзінің жанрлық белгілеріне ие болады (дифференциацияланады). Бірте-бірте ол енді өз шеңберінен шығып, басқа жанрлармен қатынасқа түседі, олардың кейбір қасиеттерін бойына сіңіреді, сөйтіп синтезге, яғни интеграцияға түседі. Демек, жанр даму жолында үш түрлі сатыдан өтеді: даралану (дифференциация), тұрақтану (стабилизация) және ортақтасу (интеграция). Жанр өзінің даму тарихында ең алдымен атқарылатын қызметіне сәйкес өзгереді, міне жанрдың «мамандануы» осыдан шығады. Фольклор функциясының көптігі немесе жеке дара көрінуі көркем шығарманы объективті түрде талдап, танып, бағалауға кедергі келтірмеуге тиіс. Мәселен, әр фольклорлық жанр мен шығарманың мақсаты мен қызметін түсінбесек, біз оны дұрыс танып, зерттей алмаймыз. Кез келген жанрдың, шығарманың белгілі бір нысанасы болады. Айтушы да, тыңдаушы да ол жанрға, шығармаға өзіне тиісті міндет артады. Осыған байланысты айтатын нәрсе – фольклордың ылғи да танымдық қызмет атқара бермейтіндігі (әрине, көркем өнер ретінде ол өмірді тануға жәрдем етеді). Мысалы, қазақтың қаһармандық эпосын тек танымдық тұрғысынан қарау – біржақтылық болар еді. Сөз жоқ, бұл жанр шығармалары өзі бейнелеген болмысты білуге зор жәрдем етеді. Бірақ оның ең басты мақсаты – елді ерлікке шақыру, жауға деген өшпенділікті арттыру. Сол себепті қаһармандық эпоста маңызды нәрсе – батырдың іс-әрекетін түсіндіру емес, оның ерлігін мадақтау, жауға қарсы соғыстың саяси және моральдық, отан сүйгіштік мәнін ашу. Осыдан барып батырдың қалыптасқан, канонды образы пайда болады. (Алайда, бұл образды кейінгі заманда туған әдебиет өлшемімен зерттеген ғалымдар «штамп образдар» деп оларға менсінбеушілікпен де қарады). Эпос стилінің көтеріңкі болатыны да, кейіпкерлер мінездемелерінің жалпылама болатыны да осыдан. Соған қарамастан осы «штамптар» (образ, стиль, мінездеме) өз кезінде қаһармандық эпостың мақсатына сай көркемдік қызмет атқарды. Қалай болғанда да, айтушылар мен тыңдаушылар үшін ұлы дәуір оқиғаларының баяндалуы ең қажет нәрсе болды, себебі олар батырлық жырдан ерлік сезімге үйренді, елді сүюге үйренді. Бұл пікірімізді бір ғана мысалмен дәлелдеуге болады. Фашизмге қарсы Ұлы Отан соғысы кезінде СССР-ді мекендеген көп халықтың бұрынғы батырларды дәріптейтін жырлары, былиналары, думалары жиі орындалып, армия мен тылда бірдей тарады. Ол шығармалар тек патриоттық сезімді күшейтуге ғана қызмет еткен жоқ. Оларды халық өте актуальды деп білді, сол себепті олар жырланды, ондағы батырлар дәріптелді. Бұл айтқанымыздан шығатын тағы бір қорытынды: фольклор жанрлары бірнеше функциялы болғанымен, белгілі бір кезеңде бір функцияны басты етіп алады.
Қазақ фольклорын тек, жанр және жанрлық түрге жіктеуде әдебиеттану принциптеріне сүйеніп жіктейтініміз белгілі. Қазақ фольклортанушы ғалымдары да фольклорлық шығармалар типологиясын әдебиеттану ғылымының тәжірибесі негізінде классификациялап келген. Мұндай саралау фольклор мен әдебиет жанрлары арасындағы генезистік, тақырыптық және сюжеттік ұқсастықтар негізінде қалыптасқан еді. Сондай-ақ фольклор жанрларын әдебиеттану тұрғысынан классификациялау зерттеу нысанына байланысты болды. Әдебиеттанудың да, фольклортанудың да зерттеу нысаны – сөз екені даусыз. Алайда, фольклор жанрларын әдебиет принциптері тұрғысынан саралау ғылыми тұрғыдан теріс. Себебі, фольклортану өз алдына жеке отау тіккен филология ғылымының бір саласы болса, әдебиетті зерттейтін ғылым саласын әдебиеттану деп қарастырып жүрміз. Фольклор жанрларының табиғатын ашуда «сөз өнерінің» ғана емес, басқа да өнерлердің алатын рөлі ерекше екендігін айтпаса да түсінікті. Ал әдебиет - сөз өнері. Сөз күші мен құдіреті оқырманды жылатады, жылатады да жұбатады. Ал фольклор жанрларының синкреттілік сипатына қарай халық шығармашылығының кейбір жанрларын талдауда сөз құдіретінің ғана емес, басқа да өнерлердің (музыка, би, театр және т.б.) маңызы ерекше екендігі айқын.
Фольклордың өзінің де тарихы, қалыптасу, даму жолдары бар екені, оның әр дәуірде әр түрде болатындығы - бүгінгі күнде күмән туғызбайтын ақиқат. Өткен ХХ ғасырдың өзінде-ақ қазақ фольклорының тарихи кезеңдерін қарастыруға ұмтылыс болды. Мысал ретінде жоғарыда аталған «История казахской литературы» атты еңбектің фольклорға арналған бірінші томын атауға болады. Кітапта «Очерк истории казахского фольклора» деген тарау беріліп, ол төмендегі тараушаларға бөлінген: фольклор времени этногенеза казахского народа; фольклор ХVІ-ХVІІІ вв.; фольклор ХІХ - начала ХХ вв.; советский фольклор. Бұл жерде айтатын нәрсе - қазақ фольклорының тарихын дәуірлеуге ғалымдардың көңіл бөлгенін құптай отырып, дәуірлерді анықтау принциптерімен келісу қиын. Өйткені, мұнда азаматтық тарихтың ізімен жүру шарты қолданылған да, фольклор тарихы майда кезеңдерге бөлініп кеткен, әрі фольклордың ішкі даму заңдылықтары ұмыт қалған, соның нәтижесінде фольклор тарихы әдебиеттің даму жолдарына сай болып шыққан. Рас, бұл еңбекте жекелеген жанрларды тарихи дамуы тұрғысынан зерделеуге күш салған жәйт бар, алайда, авторлар көбінесе кеңес өкіметіне дейінгі және кеңес тұсындағы деп, екі кезеңді бөле көрсетеді. Бірақ, жалпы алғанда, бұл кітап - қазақ фольклоры - өзіндігі мол мұра екенін, оның өз даму жолдары болғанын алғаш мәселе етіп қойған еңбек болды, қазақ фольклоры - әдебиеттің бастауы бола тұра, өзіндік қасиеттерге де бай. Оның ұзақ тарихын баяндамастан бұрын, фольклордың мәні мен мағынасын ашып, оның теориялық мәселелерін сөз етіп алған жөн сияқты. Алдымен «фольклор» деген не, оның статусы қандай, теориялық негіздері мен жанрлық табиғаты қалай әрі неден көрінеді деген проблемаларды қарастырып, олардың фольклор қалайша және қандай жолдармен қарапайымдықтан көркем сөз өнеріне көтеріліп, бүгінгі заманға жеткен классикалық түріне айналуындағы рөлін көрсету - бұл еңбектің басты мақсаты.
Фольклор жанрларын идеялық-көркемдік ерекшеліктеріне, құрылысына, өмірде атқаратын қызметіне (функциясына) қарай жіктейді. Фольклорлық жанрлар салтқа қатысты немесе қатыссыз болып келуі, қара сөзбен не өлең түрінде айтылуы, әуенмен не әуенсіз орындалуы, жеке адам не көпшілік орындайтын үлгіде көрініс беруі мүмкін. Енді осы ұстанымдарды жеке- жеке қарастырайық:
1. Қоғамдық қызметі (функциясы) – фольклорда жанрдың табиғатын анықтайтын басты фактор. Фольклор о баста адамзаттың күнделікті тұрмысында белгілі бір қажеттілікке байланысты қалыптасқан, кейіннен сейілдік, сауықтық қызметтерге бейімделген. Мәселен, бәдік жыры ауру малды, науқас адамды емдеу үшін шыққан. Немесе бесік жырын алсақ, бесіктегі баланы ұйықтату үшін айтылады. Арбау, байлау өлеңдері жайында да осыны айтуға болады.
Фольклор адамзат қоғамында танымдық, идеологиялық, тәрбиелік, эстетикалық қызметтер атқарады. Қоғамның даму сипатына орай фольклордың белгілі бір функциясы алдыңғы кезекке шығып отырған. Мысалы, ХV – ХVІІІ ғасырларда қазақ халқы үшін ел қорғау, атамекенін жау табанынан азат ету аса маңызды мәселе болды. Бұл кезде ерлік пен елдікті мадақтайтын батырлар жырының тәрбиелік, идеологиялық қызметі артты. Ал осы жанр ХІХ – ХХ ғ.ғ. көбінесе сауық – сейілдік функция атқарды. Аңыз жанрының басты нысанасы – тыңдаушыға елдің өткені туралы немесе атақты адамдардың өмірі жайлы, күйдің шығуы хақында мағлұмат беру. Демек, аңыздың танымдық функциясы басым.
2. Құрылысы – жанрдың тұрмыстық қызметіне байланысты айқындалатын негізгі поэтикалық элемент.
3. Орындалу мәнері – баяндалуы (ертегі, аңыз,әпсана) немесе әуенмен музыкалық аспаптың сүйемелдеуінде (жыр, айтыс, терме, толғау, тарихи өлең) орындалуы, ойын үстінде (санамақтар, «Айгөлек») айтылуы.
4. Мазмұны. Бір ескеретін жайт – бір мазмұнның бірнеше формасы болуы мүмкіндігі (бір тақырыпқа құрылған тарихи өлең, тарихи жыр, тарихи аңыздардың болуы).
Жанрлар тірі ағза тәрізді - туады, өзгереді, жоғалады. Жанрлардың дамуына тән осы процестер ең алдымен, фольклордың табиғи заңдылықтары мен сол фольклорды жасаушы халықтың басынан өткен түрлі қоғамдық -әлеуметтік жағдайлардың алмасуына байланысты. Ұзақ уақыт ауызша, әрі қатар өмір сүруі нәтижесінде жанрлар өзара ықпалдасады. Даму процесінде синтезделу, тоғысуды басынан өткереді. Мәселен, мақал, мәтелдердің, шешендік сөздердің, аңыздардың дамуына көз жіберсек осындай құбылыстарды байқаймыз.
Фольклорлық жанрларда эпикалық, лирикалық, драмалық белгілер орын алады. Лирика мен эпостың синтезделуі арқылы жасалған аралық жанрлар да бар. Жыр түрлері мен ертегі, аңыздарға эпикалық белгілер етене болса, қара өлең, терме, бесік жырында лиризм басым. Ал тұрмыс-салт жырлары, ақындар айтысының мекен бірлігі мен оқиға бірлігі сақталатындықтан драмаға жақындайтынын бірқатар қазақ фольклористері атап көрсеткен.
Қазақ фольклоры жанрға аса бай. Музыкалық фольклор жанрларын есепке алмағанның өзінде ауызша сөз өнерінің елуге жуық жанры бар. Олар: тұрмыс-салт жырларының: жар-жар, беташар, сыңсу, тойбастар, қоштасу, естірту, көңіл айту, арбау, дұға, бәдік, бақсы сарыны, бата, жарапазан сынды үлгілері;
Көне жыр, батырлар жыры, тарихи жыр, ғашықтық жыр, тарихи өлең, қисса, дастандар;
Жыр додасы айтыс (айтыс өз ішінде: ақындар айтысы, қыз бен жігіт айтысы, бәдік айтыс, қайым айтыс т.б. деп бөлінеді); шешендік сөздер, толғау, терме, желдірме, арнау, қара өлең, тақпақ;
Қара сөз түрінде айтылатын миф, ертегі, әңгіме, аңыз,әпсана, хикая, хикаят, шежіре; шағын жанрлар: жұмбақ, мақал-мәтелдер, нақыл, жаңылтпаш, мазақтама т.б.
Қазір фольклор жанрларын ғұрыптық және көркем фольклор деп екіге жіктейді. Бұлай жіктеуді ең алғаш ұсынған - А.Байтұрсынов. Ғалым «Әдебиет танытқышында» (1926) қазақ фольклорын «сауықтама» және «сарындама» деп екіге бөледі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет