Реферат Тақырыбы: Карлаг лагері



Дата02.11.2022
өлшемі52,31 Kb.
#156114
түріРеферат
Байланысты:
документ
2022, Зоология.mht, ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ 1 руб, 4 Қыналар, treatise182078, Снимок экрана 2023—02—06 в 20.08.09

Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Реферат
Тақырыбы:Карлаг лагері

Орындаған:Орумбаева А.А.


Қабылдаған:Ыбырайхан М.Ы.
Қарағанды 2022
Жоспар:
І.Кіріспе
ІІ.Негізгі бөлім
▪ Карлаг лагері
ІІІ.Қорытынды
ІV.Пайдаланылған әдебиеттер


Қарағанды еңбекпен түзету лагері — 1930жылы ұйымдастырылған. 1930 жылдың мамыр айында КСРО ХКК «Қазақ еңбекпен түзету лагерлерін ұйымдастыру туралы» Қаулысы қабылданды. Құжатта: «саяси-шаруашылық және аграрлық-мәдени, Қазақстандағы ОГПУ-дың ерекше мақсаттағы лагерлері Қарқаралы окургіндегі мәжбүр ету арқылы жұмыс істету лагерлері жанындағы үлкен аралас құрылатын кеңшарларды ескере отырып, Халықкомиссарлар кеңесі қаулы етеді:

  1. Жер Халық Комиссариатының қорытындысына және ОГПУ-дің ерекше мақсаттағы Қазақстандағы лагерьлербасқарамасының Қоянды жәрмеңкесіаумағы мен құрылыстарынан басқа 110.000 гектар алаңды мерзімсіз тегін пайдалануға деген өтініші қанағаттандырылсын.

  2. Қазақ КСРО Жер Халық Комиссариатына аталмыш лагерьлерге бөлінетін жерді дереу бөліп, жұмыс жүргізетін техникалық қызметкерлерді іріктеу тапсырылсын. Бүкіл жұмыстар Қазақстандағы ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлер басқармасы күші мен қаражаты арқылы жүзеге асырылсын» деп айтылады.

Қаулыға сәйкес 1930 жылғы 13 мамырда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қарқаралы округінің Бесоба мен Қоянды жәрмеңкесі арасындағы 110.000 гектар жерді бүкіл құрылыстарымен ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлерінің қарамағына беру туралы шешім қабылдайды. Алайда, бір жылдан кейін, яғни 1931 жылғы 19 желтоқсанда басқаша шешім қабылданады онда: « «Қазақ еңбекпен түзеу лагерінің» бірінші бөлімшесі – «Гигант» кеңшары осы күннен бастап қысқартылған түрде «КарлагОГПУ» деп аталатын, ГУЛАГ-қа тікелей бағынатын Қарағандының жеке еңбекпен түзеу лагері болып қайта құрылатыны, лагерь басқарамсы Долинка ауылында орналасатыны» айтылған.
Сонымен, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды, лагерьдің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка ауылы болды, оған 120 000 гектар егістікке жарамды жер, 41 мың гектар шабындық жер бөлініп берілді. Карлаг аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты. Оған қоса осы аумақтан сыртқары лагерьден 350 шақырым жерде Ақмола және 650 шақырым жерде Балқаш бөлімшелері құрылды.
Карлагты құрудағы басты мақсаттардың бірі – сол кезде қарқыныды дами

1 бастаған Орталық ҚазақстандағыҚарағанды көмір бассейінінеЖезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттарына аса ірі азық-түлік базасын жасау болды. Оған осы өнеркәсіп салаларын құрып, дамытуға жұмыс күші де қажет болатын.


Карлаг далада, Орталық Қазақстанның елсіз мекендерінде құрылды деген сөз дұрыс емес. Лагерьге бөлініп берілген ұланғайыр аймақта қазақтардың, орыстардың, немістер мен украиндардың елде мекендері болатын. Тарихтан белгілі, қазақтар бұл жерді ғасырлар бойы мекендеген, ал немістер, орыстар мен украиндар бұл жерге 1906-1910 жылдары қоныс аударған. Ақмола губерниясының 1909 жылғы 10 желтоқсадағы қаулысы бойынша Долинка ауылы дербес поселке атағына ие болған. 1911 жылы мұнда 2630 адам тұрған, олардың ішінде немістер, орыстар және украиндар болған.
Карлаг аумағында 80 мың тұрғыны бар 4 мың қазақ киіз үйі, 1200 немісорысукраин үйлері болды. 1930-1931 жылдары халықты зорлап көшіру басталды. Бұл операциялар үшін НКВД-нің әскері пайдаланылды. Немістер мен орытар, украиндар негізінен Қарағанды облысының Тельман, Осакаров және Нұра аудандарына қоныс аударды. Қазақтардың тағдыры ерекше қайғылы болды: лагерьлерге берліген жердің солтүстік бөлігіндегі халықтың көпшілігі Қарағандыға, оған таяу жерлерге көшті. Бұның бәрі байлар мен кулактарды тәркілеп, олардың мыңдаған малын талан-таражға салумен тұтас келді. Тәркіленген малдың біразы «Гигант» кеңшарында арнайы ұйымдастырылған «Востокмясо» деген ұйымға берілді. Жергілікті халық көшірілгеннен кейін бос қалған жерлерді тұтықындардың сан мыңдаған топтары мекендеді. Олар лагерьдің бүкіл аумағына орналастырылды: теміржол салды, өздеріне барактар, мал қоралар, күзеттегі жауынгерлерге казармалар, бастықтарға тұрғын үйлер салды. Құрылысқа көбінесе ескі үйлердің материалдары пайдаланылды, «бейіттердің саман кірпіштерін пайдалануға тыйым салынды», алайда ол тыйым кейде сақталған жоқ. Бейіттердің бұзылу фактісі Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында кездесті. Бұл туралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж. Сүлейменов Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Галайдинге арнаулы хат жолдады. Хатта былай делінген: «Аудан аумағында Карлаг бөлімшелерін салу кезінде Ортау, Алабас, Жайдақсу шатқалдарында Карлаг қызметкерлері қазақтың атақты адамдарының бейітін бұзды. Атақты Жидебай Сыздықтың және басқа да кісілердің бейіттері бұзылды, мал қораға айналдырылды». Карлаг басқармасы тек қана ОГПУ (НКВД) ГУЛАГ-қа, Москваға бағынды. Республикалық және облыстық партия, кеңес органдары лагерь қызметіне ешқандай ықпал ете алмады. Бұл өзі тізгіні Москадағылардың қолында болған отарлық үлгідегі құрылым еді. Мәні бойынша ол мемлекеттің ішіндегі мемлекет болды. Оның өзіндік шынайы өкіметі, қару-жарағы, көлік-құралдары, поштасы мен телеграфы болды. Көптеген бөлімшелері – «нүктелері» бірыңғай шаруашылық тетікпен байланыстырылды, олардың өзіндік мемлекеттік жоспары болды.
Карлагтың құрылымы да мейлінше күрделі еді. Оның көптеген бөлімшелері болды: әкімшілік-шаруашылық (ӘШБ), есепке алу, бөлу бөлімі (ЕББ), бақылау-жоспарлау бөлімі (БЖБ), мәдени-тәрбие бөлімі (МТБ), кадрлар, жабдықтау, сауда, жедел-чекистік, қаржы, көлік және саяси бөлімдер. Осы соңғы бөлім ГУЛАГ басқармасына ай сайын 17 түрлі есеп жіберіп отырды. Жоғары тиімділік (арзан жұмыс күші, оған қоса қорлар құнының, аммортизациялық шығынның төмендігі) өндірісті кеңейтуге жағдай жасады. Карлаг шаруашылығының негізгі бөлігі Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағында жатты. Егер 1931 жылы Карлаг аумағы 53 000 гектар болса, 1941 жылы 1 780 650 гектар болды. Егер 1931 жылы Карлагта 14 бөлімше, 64 учаске болса, 1941 жылы 22 бөлімше, 159 учаске, ал, 1953 жылы 26 бөлімше, 192 лагерь нүктелері болды. әрбір бөлімше өз кезегінде бірқатар шаруашылық бөлімшелеріне бөлініп, учаске, нүкте, ферма деп аталынды. Лагерьде 106 мал шаруашылығы фермасы, 7 бақша учаскесі мен 10 егістік учаскесі болды. Бөлімшелер мен учаскелердің лагерь орталығынан қашықтығы 5 шақырымнан 650 шақырымға жететін. Карлаг аумағы 1950 жылы 2 087 646 гектар, яғни 20 876 шаршы шақырым болды, соның ішінде егістік – 111 886 га, шабындық – 337 670га, жайылым – 1 378 999 га.
Лагерьдегі ауыл шаруашылығының үлес салмағы 58,5 пайызды, өнекәсіптікі -41,5 пайыз болды. Ауыл шаруашылғының екі бейіні болды: өсімдік шруашылығының үлес салмағы -51,8%, мал шаруашылығы -48,2 % болды. Карлаг тұтқындарының жалпы саны кейбір жылдар бойынша келесідей: бір кездері тұтқындар саны 75 мың адамға өсті. Бұл адамдар лагерьдегі барлық қиындықтарға төзіп бақты, моральдық және басқа да ауыртпалықтарды көтеріп, адамгершілік қасиеттерін сақтай білді.
ОГПУ-НВД-МТБ Спасск ерекше лагерь бөлімшесі Қарағандыдан 45 шақырым жерде орналасқан. Спасск – революцияға дейінгі Қазақстанға қоныстанған шетелдік ірі іскерлер компаниясының орталығы болған жер. 1931 жылға дейін Спасск Қарағанды ауданының орталығы болды. 1931 жылдың наурызынан Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің қарамағына берілді. Кейінірек мұнда Карлагтан бөлек «Песчанный» деген аса үрейлі, лагерь бөлініп шықты. Бұл жерден ешкім тірі қайтпайтын. Егер Қарабас Карлагтың қақпасы болса, Спасск оның бауырластар зираты болды. Сыртқаттанып қалған тұтқындарды өлу үшін Спасскіге жіберетін. Сондықтан да бүкілодақтық ерекше лагерьлердегі мүгедектер мекені деген атауға ие болды. Шәйт болған тұтқындардың төмпешікке айналған қабірлері әлі күнге дейін сақталып жатыр.
КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары Чернышевтің 1941 жылғы 24 маусымдағы нұқауына сәйкес Спасскідегі соғыс тұтқындарына арналған арнаулы лагер ұйымдастырылды. Лагерь екі блімшеге – Орталық және екінші Көкөзек бөлімшесіне бөлінді. Соңғысы негізгі лагерьден бөлініп шығарылған, соғыс тұтқындарынан мүлде ажыратылған адамдардан құралды. Бөлімшелер арасының қашықтығы - 500 метр болды. Екі лагерь бөлімшелерінің қалыпты және барынша сыйымдылығы келесідей болды: а) әскери тұтқындарға арналған орталық бөлімшенің қалыпты сыйымдылғы 5000 адам, барынша сыйымдылығы - 6000 адам; в) «Көкөзек» бөлімшесі қалыпты сыйымдылғы - 650 адам, барынша - 1100 адам. Барлығы 19 әскери бекетте 259 әскери адам қызмет етті. Лагерьдің 100 шақырым айналысындағы елді мекендерде жергілікті іздестіру топтары болды. Жергілікті тұрғындар арасындағы белсенділерден қашқын тұтқындарды ұстауға көмектесетін бригадалар жасақталды. Осындай 46 бригадаға 214 адам топтастырылды.
Лагерьге 22 бөлімше қарады. Олар Қарағанды, Теміртау, Саран, Балқаш қалаларында болды. Сондай-ақ Қарағандыдан 360 шақырым жердегі Ақмола облысының Жолымбет кентіндегі бір бөлімше ұсталынды. Қалғандары Қарағанды қаласының ішіндегі: кірпіш зауытында, Майқұдықта, Пришахтискіде, Үлкен Михайловка станицясында болды. Соғыс тұтқындарының алғашқы эшелоны Спасскіге 1941 жылдың тамыз айында әкелінді. Бұлар 1436 адам еді. Екі жылдан кейін соғыс тұтқындарының саны екі есе өсті. Лагерь өмір сүрген он жыл ішінде мұнда 26 ұлттың өкілінен құралған 40 мыңға жуық соғыс тұтқындары ұсталынды.
Лагерьлерге әкелінген әскери тұтқындардың саны 1944 жылдың екінші жартысында күрт өсті. Егер 1944 жылдың қаңтар айында лагерьде 2529 әскери тұтқын ұсталса, онда қазан айында олардың саны 11583 адамға жетті. 1945 жылдың қазан-қараша айларында лагерьге жапон армиясының 11608 әскери тұтқыны бес эшелонмен әкелінді. Тұтқындарды жұмыс күші ретінде шахталарда, кірпіш зауыттарында, жөндеу-механика зауыттарында, құрылыс ұйымдарында пайдаланды.
«Қарағанды көмір», «Шахта құрылыс», «Тұрғынүй құрылыс», «Металлург құрылыс», «Теміржол құрылыс» тресттерінде және басқа ұйымдарда 1945 жылы 9537 адам, ал, 1946 жылы -18592 адам, 1949 жылы - 15 мың адам жұмыс істеді. Қарағанды көмір бассейнінде мысалы соғыс тұтқындарын шахта жұмысына даярлау жөнінде өте үлкен жұмыс жүргізілді. 1945 жылы 1162 адам курстық тәсілмен оқытылды, олардың ішінде: навалсоққыштар - 225 адам, тіреушілер - 452 адам, темір ұсталары-159 адам, қазба машинистері -85 адам, қазушылар - 11 адам және т.б. Бұдан басқа жеке-бригадалық тәсілмен 1753 адам оқытылды, оның ішінде: навалобойщиктер -800 адам, крепильщиктер - 200 адам, проходчиктер - 250 адам және т.б. күн сайынғы тапсырысты мүлтіксіз, артығымен орындау үшін лагерь басшылары мынандай нұсқау белгіледі: «егер әскери тұтқындар бригадасы 8 сағат ішінде тапсырманы орындамаған болса, онда олар қосымша үш сағат жұмыс істеуге тиіс». Нысандарға арнаулы күзет тағайындалды. Олар тапсырманы 100 пайыз орындалуын талап етуге құқылы болды. Карлагтағы сияқты, әскери тұтқындары да өндірістік жоспарларды артығымен орындаған үшін сыйақы алып отырды. 1946 жылдың қыркүйек айында 201 жұмысшы (150 сомнан 1200 сомға дейін), қазан айында -219 лагерь жұмысшысы сыйақы алды. Соғыс тұтқындары жұмыс істеген шахталарда тәртіп бұзушылықтар болды, еркімен жалданып істейтін жұмысшылар он күндік әскери тұтқындар есебінен жазып жіберу орын алды. 1945 жылдың 14 тамызында «Киров көмір» трестінің №3 шахтасында №2 учаскедегі ауысымдық тапсырма жоспары көмір шығару 88 тоннаны құрады, іс жүзінде 135 тонна немесе 153,4% шығарылды. 5 адам еркімен жалданып істейтін жұмысшы, 17 әскери тұтқын, олардың ішінде 10 навалсоққыштар жұмыс істеді. Бұл күні еркімен жалданып істейтін навалсоққыштар ауысымда болмаған. Десятник рапортты жұмыс істемеген еркімен жалданып жұмыс істегендер есебіне жазған. Осы шахтаның №7 учаскеде десятник 22 әскери тұтқын, 9 еркімен жалданып жұмыс істейтіндер еңбек еткен, көмірді шығару жоспарының орындалуын еркімен жалданып жұмыс істейтіндер есебіне жазған. әскери тұтқындар арасында өлім жоғары болды. Толық емес деректер бойынша 1942-46 жылдар арасында 7 мыңнан астам адам өлген. Тек 1945 жылы 2430 адам өлген. 1945-49 жылдары жапон тұтқындары арасындағы өлім былайша: 1945 жылы -49, 1946 жылы-228, 1947 жылы – 149, 1948 жылы – 92, 1949 жылы – 38, барлығы 556 адам. Негізгі қойылған диагноздар: туберкулез және аштықтан титықтау. Лагерьде тұтқындарды сауықтыру, өлімнен құтқарып қалу шаралары ұйымдастырылмады. Барактардың санитарлық жағдайы адам төзгісіз болды. Кей жағдайда лагерь бөлімшелерінде тұтқындарының жаппай уланып қалу оқиғалары кездесті. Мұндайда оларға жедел көмек көрсетілмеді. Мысалы, 12 және 15-ші лагерь бөлімшелерінде 96 адам дизентериямен лазаретке түскенде, оларға 3-4 күн бойы ешқандай дәрігерлік көмек көрсетілмеген. Лагерьде 10дәрігер, 8 медбике, 4 фельдшер және 11 санитарка жұмыс істеді. Олар лагерьдегі бүкіл ауруларға қызмет көрсетіп үлгере алмайтын. Себебі, арнаулы госпитальда бір мыңнан үш мыңға дейін науқас тұтқындар жататын.
Барактарда температура қалыпты болған жоқ, үнемі суық болды, қыста барактардың сыртқы есіктері жабылмайтын еді. 17 лагерь бөлімшелерінде 44 адамның үсіп кеткен оқиғалары орын алған, олардың ішінде І дәрежелі – 14, ІІ дәрежелі – 24, ІІІ дәрежелі – 6 адам. Лазеретке түскен ауру тұтқындардың бағалы заттары (сағат, сақина, ақша жән т.б) сақтауға қабылданбай, тұтқындардың өздерінде болғандықтан ұрлық жасау орын алған. Тіпті лагерь қызметкерлерінің өздері де олардан бағалы заттарды сатып алатын оқиғалар да тікелген. Соғыс тұтқындарының лагерьден қашу оқиғалары да кездесіп тұрды. 1944 жылы 5 адам қашып, 3 адам қашуға әрекет жасаған. Ал 1946 жылы лагерьден 41 адам қашқан. Солардың ішінде немістер – 8, румындар – 14, жапондар -13, венгрлер -4, молдавандар -2. Мереке күндері лагерь күзетін күшейту және қашу жағдайларының алдын алу мақсатында соғыс тұтқындарын зона аймағынан тыс жерлерге жұмысқа алып шығуға тыйым салынды. Сонымен қатар мереке күндері учаскелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және соғыс тұтқындарының қашып кету әркеттерінің алдын-алу үшін лагерь учаскелеріне қосымша вахтерлік посттар мен бақылаушылар қою арқылы күшейтілген күзеттер қойылған. Мереке алдында сақтауға тыйым салынған заттарды алып қою мақсатында әскери тұтқындардың жеке заттарын және тұратын бөлмелеріне тінту жүргізген. Спасск лагері Карлаг жүйесіндегі ерекше режимдегі лагерь деп есептегендіктен каторжниктерді, ерекше қауіпті қылмыскерлерді үнемі Карлагқа аттандырып отырды. Спасск лагері 1956 жылға дейін карлагтың құрамнда қалды.
Жезқазған қаласы мен кен металлургия комбинатының құрылысы 1936 жылы басталды. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасында бұрынғы пионер лагерінің орнына КСРО Ішкі істер министрлігінің аса ірі Жезқазған лагері құрылды. Үлкен Жезқазғанның жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан нысандарының бәрі НКВД-ның қарауына беріліп, «Жезқазған еңбекпен түзеу лагері және НКВД комбинаты» деп, ал Жезқазған қаласының құрылыс алаңы «НКВД-нің Кеңгір құрылыс ауданы» деп аталынды.
Өнеркәсіп пен құрылыс нысандарында 7 мыңнан астам тұтқындар жұмыс істеді. Ең әуелі Кеңгір су қоймасының бөгені мен жылу электр орталығы салынды. Тұтқындардың күшімен ұзындығы 400 шақырымнан астам Жарық станциясынан Кеңгірге дейін теміржол тармағы тартылды. Құрылыс нысандарының ұлғаюына байланысты тұтқындардың саны да өсе түсті. Рудниктерде 3117, Жезқазған марганец кенішіне тартылған теміржол құрылысында 2731, Жезқазған кенішінде 2100, басқа да өнеркәсіп нысандарында 1553, азаматтық құрылыста 1901, Байқоңыр көмірін өндіруде 300, ауыл шаруашылығы жұмыстарында 338 тұтқын жұмыс істеді. 1941 жыл ішінде комбинат пен лагерь 52 млн. сом капитал салымын игерді және құрамында 1500 тонна мысы бар 53 мың тонна мыс кенін қазып шығарды. 1941 жылдың 1 қаңтарында комбинатта барлығы 1784 ерікті жұмысшылар, соның ішінде 780 жұмысшы жұмыс істеді. Бұдан басқа мың адамдай күзет және лагерь әкімшілігінің қызметкерлері болды. Осы жылы тұтқындардың жаңа легі келіп қосылды. Кеніштердегі жұмысшылардың саны едәуір ұлғайды. 1942 жылы 605 мың тонна мыс кені қазып шығарылды (19800 тонна мыс). Шығарылған кендер Балқашқа, Қарсақпай мыс зауытына, Орал зауыттарына жіберілді. Соғыстың алғашқы жылдары алдында істен шыққан төрт шахта іске қосылды. Бес шахта қосалқы болды, ең бірінші ірі № 31 шахта іске қосылды.
1942 жылы Үлкен Жезді далалық өзеннің құмды жағалауында шамамен екі ондық уақытша барактар пайда болды. Бұл жерде тұтқын құрылысшылар мен болашақ Жезқазған марганец кенішінің пайдаланушылары орналастырылды. КСРО ХКК шешімінен және кеніштің құрылысы басталғаннан кейін 38 күн өткен соң 1942 жылдың 12 маусымында марганец кенінің алғашқы тонналары шығарылып, тұтынушы зауыттарға жіберілді.
Соғыс жылдарында Жезқазған кеніші Магнитогорск және Кузнецк металлургия комбинаттарының марганецке деген қажетін елеулі түрде қанағаттандырып отырды. Тұтқынадардың бұндай еңбектегі ерлік нәтижелері лагерьге еңбексүйгіш, жоғары білікті мамандар мен инженер-техник қызметкерлердің әкелінуімен түсіндіріледі. Ұлы Отан соғысы жылдары Жезқазған КСРО-ның қорғаныс өнекәсібіне мыстың жартысынан астамын және марганецтің 70 пайызын берді.
1941-1942 жылдары Жезқазған лагерінде контрреволюциялық қылмысы үшін 1830, қарақшылық пен кісі өлтіргені үшін 548, шекараны жасырын түрде бұзғаны үшін 108, әскерден қашқаны және соғыс қылымыс үшін 477, басқа да қылмыстары үшін 9050 адам отырды. Осы соңғы, «басқа да қылмыстары үшін» отырғандардың арасында ешқандай жазығы жоқ жұмысшылар, колхозшылар, инженерлер және басқа да мамандық адамдары, НКВД-нің нұсқауы бойынша құлдық жұмысқа жіберілген адамдар көп еді. Олар айыпты болғандықтан емес, құрылыста, шахталар мен кеніштерде қажет болғандықтан лагерьлерде отырды. 1945 жылдың наурыз айында Карлагтың Кеңгір бөлімшесі негізінде соғыс тұтқындарына арналған №50 лагері құрылды. Жылдың аяғына дейін ол №39 лагерьге айналдырылды. Тұтқынға түскен неміс жауынгерлерінің алғашқы 8 мың адамдық эшелоны Кеңгірге 1945 жылғы 23 сәуірде келіп түсті.
1946 жылға дейін ерекше қауіпті қылмыскерлер, «халық жаулары», «отанын сатқандар», «контрреволюционерлер» үшін құрылған Жезқазған лагері Карлагтың қарамағында болды. Егер Карлаг патшалы Ресейдің еңбекпен түзеу колониясы принципі бойынша құрылған болса, Степлаг Герман концлагерьлерінің принципі бойынша құрылды. Егер Карлаг тұтқындары негізінен ауылшарушылығымен айналысса, Степлаг тұтқындары тек қана өнідірістік кәсіпорындарда жұмыс істеді. Лагерьдің бұрынғы тұтқыны Р. Ахметов былай деп еске алады: «Біздер фашистік концлагерьдегідей тұрдық. Мұнда әрбір тұтқынға арнаулы шифр-номер берілетін. Бізді ешқашан аты-жөнімізбен атамайтын, шифр-номерімізбен шақыратын. Әр бригадада 15-20 адамнан болды. Тұтқындар мыс кенін шығаруда жұмыс жасады. Бұрғылау құрғақ күйде жүргізілгендіктен, бос қазбаның шаңы тубуркулез және силикоз ауруларына алып келетін. Тұтқындардың жағдайы өте ауыр болды. Барлық жағдайлар тұтқындардың ашу- ызасын тудырды. Тұтқындар дұрыс тамақтанбады, дұрыс ем қабылдаған жоқ, үнемі қорлады. Бұлардың барлығы наразылққа алып келді. 1954 жылы 16 мамырда Степлагта атақты көтеріліс бұрқ ете түсті.ол бүкіл ГУЛАГ жүйесін дүр сілкіндірді. Стпелаг тұтқындарының көтерілісі 40 күнге созылды. Олар үкіметке ұйымдасқан түрде қарсылық көрсетті. Көтерілістің басында Кеңес Армиясының неміс тұтқыныда болған әскери интеллигенциясының өкілдері тұрды. Бұлар ақылды, сауатты, батыл шешім қабылдайтын адамдар еді.
Жезқазғандағы көтеріліске КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік министрі Серов, ішкі істер министрі Круглов, Бас прокурор Руденко, ГУЛАГ бастығы Долгих және басқалар келді.
Көтеріліс соғыс техникасының және тұрақты армия бөлімінің күшімен асқан қатыгездікпен басылды. Көтеріліс басшылары тұтқындалды. өлгендер мен жарақаттанғандар көп болған, тірі алған куәгерлердің айтуынша 600 адам өліп, жарақаттанған. Кеңгір өндірістік-жоспарлау бөлімінің материалдары бойынша 700-ден астам өліп, жарақаттанған». Кеңгір бөлімшесіндегі тұтқындардың қарсылығы бұрын өмір сүрген және өмір сүретін лагерьлер тарихында аса маңызды орны бар оқиға. Кеңгір көтеріліснен кейін бүкіл ГУЛАГ жүйесіндегі каторгалық ерекше лагерьлер жойылды.
Қарағанды еңбекпен түзету лагерінде «халық жауларының» балалары жаза мерзімін өтеді. Олардың көбісі қатал қамауда ұстау жағдайларынан аман қалған жоқ. Жалаңаш және жалаң аяқ балалар жіңішке қамыстан жасалған төсеніштерде ұйықтаған. Жүкті әйелдер үшін жазаны кейінге қалдыру мүмкіндігі болмаған. 1938 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қарлагқа келген 2103 әйелдің арасында 655 жүкті және емізетін аналар болды. 1941 жылы 108 жүкті әйел келді. Нәресте топтарында балаларды қолға алуға тыйым салынды. Дымқыл жөргектерді ғана ауыстыру рұқсат етілген болатын. 1939 жылы лагерде 451 жасөспірім болды, бір жыл ішінде 114 бала қайтыс болды. 1940-1941 жылдары Карлагта 1048 бала дүниеге келді, ал 1950-1952 жылдары - 1713 бала. 5 нәресте үйінде 576 бала жайғастырылды. Қарлаг аумағында балалар комбинаты, Осакаров балалар үйі, Долинский балалар үйі, Санитарлық және медициналық бөлімнің сәбилер үйі, 18 балабақша болған. Төрт жасқа жеткенде балаларды Осакаров балалар үйіне жіберген. Балалармен айырылысу әйелдерді үмітсіздіктерге мәжбүрлеген, ал кейбірі ақылынан алжасқан болатын. Дәрігерлер жүкті әйелдерді тексеріп, перзентхана бөлімшелеріне жіберетін. Емізу кезеңінде қамауда отырған аналар жақын жерде орналасқан көкөніс бақшаларында, ал қыста олар тұрып жатқан жердегі тігін шеберханада жұмыс істеді. Әйелдер нәрестені емізуге құқықтары болу үшін 10 немесе одан көп сағат жұмыс істеуге мәжбүр болған. Көбінесе қалжыраған және әлсіреген әйелдер емшек сүтін жоғалту салдарынан нәрестелер қайтыс болған. Мұрағаттық деректерге сәйкес, Карлагтың нәрестелер мен балалар үйлерінде балалар өлімі өте жоғары болған. Мәселен, 1941-1944 жылдары 924 бала қайтыс болды, ал 1950-1952 жылдары - 1130. 1950 жылғы 22 тамызда КСРО Үкіметінің «Жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдерді жазасын өтеуден босату туралы» қаулысы шығарылды. Бұл қаулыдан кейін 785 жүкті әйел, лагерьден тыс жерде тұратын кішкентай балалары бар 706 әйел босатылды. Барлығы Қарлагтан 2886 әйел босатылды.
Қарлаг (Қарағанды түзеу-еңбек лагері) - жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде ұйымдастырылған ГУЛАГ (Қазақ КСР Халық комиссариатына (НКВД) қарасты лагерьлерінің Бас басқармасы) деп жинақтап алынған атымен жүздеген лагерьлердің бірі болған. Қазір бұрынғы ҚарЛаг мекемелері облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштердің санатына жатқызылды. Кейіннен ҚарЛагтың әкімдік орталығына айналған Долинка кенті қазіргі Қарағанды қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайы бұл жалпы аумағы 3 500 шаршы метр құрайтын екі қабатты ғимарат. Ғимарат кеңестік неоклассицизм сарынында (грек-рим стилінде) оған сұсты ұсқын беріп тұратын бағандармен қоса салынған; жергілікті әскерилердің мәдениетті орталығы болған офицерлер үйі; халық шаруашылығы жетістіктері көрмелері өтетін техника үйі; перзентхана мен намаз үйі, сондай-ақ бір кездегі Ерікті жалдамалы қызметкерлердің, тұтқындардың өздері салған көптеген құрылыстары, олардың басым бөлігі уақыт өте тозып, қирады. Екі қабатты еңселі ғимарат ол заман түгіл, бүгінгі күні де тым ерекше және де едәуір жабыңқы орындардың негізгі тізілімін құрайды. Ал бүгінгі мұражайы 2004 жылы Елбасының Жарлығымен ашылды. Мұнда келушілер көп. Бір жылда 3 мыңдай адам келеді. Әсіресе, шетелдіктер мен дін өкілдерінің қызығушылығы үлкен. Мұражайда ҚарЛаг тарихына байланысты, қуғын-сүргін көрген адамдардың тағдырына қатысты жәдігерлер мен мұрағат құжаттары жеткілікті.
Тарих ғылымының докторы Дүйсетай Шаймұхановтың пікірінше, Карлаг сталиндік саяси қуғын-сүргіннің адам айтқысыз аюандықпен жүргізілген азалы тарихы: «Карагандинский лагер сол 1931 жылдан бастап 1956 жылға дейін Карлаг болып келді. 1956 жылдан бастап лагерлер қалды, бірақ, Карлаг деп аталмайтын болды. Ең алғашқы 1932 жылдың басында 22 мың адам болды мұнда. 22 мың адамның 87 проценті қазақтар болды. Кейін Карлагтың тұтқындарының саны өсе бастады. 1931-1956 жылдар арасында Карлагта 1,5 миллион адам болып кетті. Мен өзім көп жерді аралаған адаммын. Бухенвальдті көрдім, Освенцимді көрдім. Бұлардың тәртібі осы Карлагтың тәртібімен бірдей болды ғой. Мысалы, қой бағып жүрген әйелдерге қасқыр шапқандағы, бір екі-үш қойды жарып кеткен. Сол үшін лагердегі бүкіл әйелдерді жинап әкеп, жаңағы әйелдерді солардың көзінше атып тастаған. Мінеки, бір қой үшін, екі қой үшін. Освенцимдегі, Бухенвальдтағы озбырлықтардың бір түрі деген сөз бұл».

Лагердің мақсаты – социализм құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану еді. Сол 1,5 миллион тұтқынның дені «халық жауы» деген айыппен сотталғандар немесе cолардың отбасы мүшелері ретінде бас бостандығынан айырылғандар. Тұтқындар арасында әлемдік деңгейдегі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, бұрынғы партия-кеңес қызметкерлері, шала сауаттылар мен әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыздар да болыпты.

«1937 жылы ноябрь айында Мәскеуден жоспар келеді, Қазақстанға. 5 мың адамды соттау керек, соның екі мыңы жоғары жаза алу керек – атылуы тиіс, ал 2 мыңы ұзақ мерзімге сотталу керек деген нұсқаумен. Содан келедідағы, жаңағы 5 мыңды облыстарға бөледі. Содан кейін Қарағандыдағы белсенділер не істеу керек? Колхозшы ма, малшы ма, сауатты ма, сауатсыз ба - жоспарды орындау керек. Әлгі комитеттің адамдары көп соттаса қызметі өседі, атақ-дәрежесі өседі, жалақысы өседі. Сонда мына 4-бөлімше мен 9-бөлімшенің арасында кәдуілгідей социалистік жарыс болған. Бұл документтерде бар, аспаннан алып отырған жағдай емес» дейді профессор Дүйсетай Шаймұханов.

Қарағандыдан 40 шақырым Спасск деген жерде бауырластар қорымы бар. Онда негізінен соғыс тұтқындары жерленген. 1941 жылы Карлагта соғыс тұтқындарының арнаулы лагері ашылып, көптеген ұлттардың 40 мыңға жуық өкілдері әкелінген. Толық емес деректерге қарағанда, олардың 7 мыңы лагерде көз жұмған.

Қарағандыға жақын Ақтас кентінің тұрғыны Тэцуро Ахико Кеңес Одағының әскері Оңтүстік Сахалинді басып алған 1945 жылы қолға түсіпті. Оған дейін Жапонияның Хонго қаласындағы әскери мектептің тыңдаушысы болған 14 жастағы жасөспірім 10 жылға сотталып, Қарлагтың Ақтастағы қонысынан бір-ақ шығады. Тэцуро Ахико кезінде Карлагтың бір қонысы болған Ақтаста содан бері тұрып жатыр. Ол тұтқында өткен жылдарының бір елесін былайша әңгімелейді: «Тұтқындарды мал құрлы көрмейтін. Саптан бір қадам шалыс бассаң табанда атып тастайтын. Мұндай сұмдық күн сайын болып жататын. Тіпті, шылым тартқысы келіп жерден темекінің тұқылын көтермек болған тұтқындарды тарс етікізіп ата салатын».

Карлагтың әкімшілік орталығы, Қарағандыдан 35 шақырым жердегі Долинкада 4 жасқа дейінгі балаларға арналған «Мамочкин дом», қазақшалағанда, «Анашымның үй» атты арнаулы мекеме жұмыс істеген. Долинканың бір шеті сол сәбилердің қорымына ұласады. Көп ұзамай жермен-жексен болып тегістеліп кеткен қорымның ауқымын анықтау мүмкін емес. Тұрғындар бертінде салынған шеткі үйлердің зираттардың үстіне тұрғанын айтады. Қорымның екінші жағы өзен суымен шайылып, жарлауыттанған жағаға тіреледі. Өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін көктемгі су тоғысы кезінде өзен бетінде қалқыған сүйектер үйреншікті көрініс болыпты.

«Мұнда қанша сәбидің қырылғаны туралы нақты дерек жоқ. Бірақ, балалардың баудай түскен кездері аз болмаған. Архивтер әлі толық ашылған жоқ. Ал, қолда бар анықтамалық құжаттарға қарағанда, 1943 жылы ғана 450 бала бір мезгілде өкпе қабынуынан қырылып қалған» дейді Долинка мұражайдың меңгерушісі Марина Ивановна Кушникова.

Людмила Константиновна Гирковая бүгінде Долинкада тұрады. Әкесі 1937 жылдары «халық жауы» деген айыппен Латвияда сотталып, атылып кеткен. Анасы «халық жауының» әйелі ретінде алғашқыда абақтыға, кейіннен Карлагқа жөнелтіледі, сәби жасындағы екі ағасы балалар үйілеріне алынады. Өзі абақтыда туған ол жоғарыда аталған «Анашымның үйі» атты сәбилер мекемесінде болғандардың бірі. Кейіннен ата-анасы толық ақталған Людмила Константинова: «3-4 жастағы сәбилердің ойында не қалады дейсіз? Бірақ, бәрібір жадыңа өшпестей болып таңбаланатын айрықша сәттер болады екен. Мысалы, біздерді топтап орманға серуенге шығаратыны есімде. Жерден кесіртке не қоңыз сияқты бір нәрсе көрсек жалма-жан ауызға салып, акулаша жұта салатынбыз. Аштықтан бұралған соң солай еткен шығармыз деп ойлаймын қазір. Бізге су берілмейтін, өйткені, іш ауруы асқынып тұрды. Өзімінің де өлім аузынан қайтқанымды білем. Кейіннен анамнан естігенім, сол кезде сәбилер жүз-жүздеп шетінеп жатыпты. Дұрыс күтім болмаған соң, солай болады да. Көзімді жұмсам да әлгі бір көрініс әлі де көз алдымда тұрады» дейді.

Профессор Дүйсетай Шаймұхановтың айтуынша, Карлагтың балалар үйлерінде болғандардың лагерге анасына еріп барғандары да, анасының құрсағында барып, дүние есігін ашқандары да бар. Карлагтың айрықша бөлімшелерінің бірі - АЛЖИР, тарқатып айтқанда, «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмоладағы лагері» деген ұғымды білдіреді. Карлагтағы ең үлкен балалар үйі де сонда болған. Ал, жалпы Карлаг бойынша некесіз туған балалардың саны 1937-1946 жылдар аралығында 1500-ден асқан екен. Бұл дерек ақын Серік Ақсұңқарұлын да бейжай қалдырмапты: «Репрессия жылдары АЛЖИР-де балалар бақшасы болғаны да анықталып отыр. Шешелері белгілі, әкелері белгісіз тірі жетімдердің басын қосқан осы балалар бақшасының маңдайында «Бақытты балалық шағымыз үшін Сталинге рахмет!» деген қызыл матаға жазылған ұран ілулі тұрған екен. 

Қайда екен сол қызыл мата көнерген, Қайда екен сол ұраншылдар өлермен. Сталин жоқ, бірақ, күнде көшеден Сталиннің балаларын көрем мен.

Жүреді олар өз-өзінен күйініп, Халқын көрсе қамшысын иіріп. Тастады да сар кителді сыпырып, Еуропаша шыға келді киініп.

Есіл-дерті кресло - тақ қана, Жан-жағына көз тастайды сақтана. Галстугы, ақ көйлегі болғанмен, Жүректері баяғыдай қап-қара.

Керек оған керең ұрпақ жетесіз, Құл боп көрші, майдай жаға кетесіз. Ананы да абақтыға қамап ап, Баланы да туғызады некесіз.

Қайда екен сол қызыл мата көнерген, Қайда екен сол ұраншылдар өлермен. Сталин жоқ, бірақ, күнде көшеден Сталиннің балаларын көрем мен».

Зерттеушілер Карлагтың әлі де ашылмаған құпиялары жеткілікті екенін айтады. Өйткені, сол құпиялардың толық ашылуын қаламайтындар да баршылық. Осы бір азап лагерінің тарихын алғаш зерттеуші, профессор Дүйсетай Шаймұхановтың өзі жұмыс барысында белгілі бір шектеулерден аса алмағанын айтады: «Архив құжаттарымен емін-еркін жұмыс істей алмай келеміз. Ескі әдетінше, мынау не ақтарып отыр дегендей, қауіпсіздік мекемесінің адамдары жаныңнан кетпейді».

Карлагтың архиві кезінде Долинкадағы бас әкімшілік кеңсенің астында болыпты. Дүйсетай Шаймұханов архив құжаттарының бір бөлігі 1961 сол ғимараттың жанында өртелінгенін айтады. Кезінде тұтқындардың күшімен аса берік етіліп салынған аталмыш ғимараттың өзі бұдан екі жыл бұрын бір кәсіпкерге сатылғанымен, әлгі кәсіпкер оны бұзып, құрылысқа пайдаланбақ ниетте болғандықтан кейін ғимарат қайтарылып алынған екен. Алайда, мемлекеттік мүлік жөніндегі облыстық комитет жақында Карлагтың бас ғимаратын екінші рет саудаға шығарған кезде, мәселеге мәдениет қызметкерлері араласып, ғимаратты сақтап қалды. Қазіргі уақытта Карлаг қасіретін жадынан шығармаған жұртшылық өкілдері оны тарихи ескерткіштер тізіміне енгізу бағытында жұмыстар жүргізуде. Айтпақшы, сөз болып отырған ғимарат соғыс жылдарынан кейін тұтқындар арасында «Карлагтың рейхстагы» деген кекесін атқа ие болыпты


Төменде журналист, Қарлаг тарихын зерттеуші Екатерина Кузнецованың "Қанша уақыт өтсе де..." монографиясын ұсынамыз. Екатерина НКВД Қарлаг лагері туралы "Карлаг: по обе стороны колючки" (Қарлаг: тікенек сымның екі жағында), "Карлаг: меченые одной метой" (Қарлаг: бір белгімен белгіленгендер) және "Кровавый тридцать седьмой. Репрессированный Казахстан" (Қанды отыз жетінші жыл. Репрессияға ұшыраған Қазақстан) атты кітаптардың авторы, бұл кітаптар Қазақстаннан бөлек Ресейде және АҚШ-та жарыққа шыққан.
Отызыншы жылдардағы Қарағанды тарихы:

  • сталиндік бесжылдықтың алғашқы жобасы, елдің "Үшінші көмір қоймасы", Қарағанды көмір бассейнінің тарихы;

  • алып кеңестік "еңбекпен түзету" концентрациялық лагері ОГПУ-НВКД Қарлагтың пайда болу мен даму тарихы.

Әлемдегі алғашқы социалистік мемлекеттің жылнамасындағы осы екі кезең бір-бірімен тығыз байланысты. Қарағандының маңызды экономикалық орталық ретінде қалыптасуын Орталық Қазақстанның территориясында ұйымдастырылған орасан зор сталиндік концлагерьден бөлек қарастыру мүмкін емес – шахтамен облыс орталығы ретіндегі қаланы салғандардың ішінде елдің орталық және батыс жағынан тауар эшелонымен әкелінген "мүлкі тәркіленген", арнайы көшірілгендер деп аталатын шаруалар да, елдің орталығы және батысынан жер аударылған поляктар, батыс украиндар, немістер, финдер, және, әрине, Қарлагтың тұтқындары да болды. Бұл жердің зиялылары өздерінің қалыптасуы үшін осы "халық жауларына", соның ішінде бірінші кезекте КСРО-ның еуропалық бөлігінен жер аударылған зиялыларға рахмет айтуы керек.
Елде Сталин бастаған қатал саяси репрессия халықты қиындық пен қасіретке душар етті, оның ішінде халық саяси, ғылыми, мәдени шығынға ұшырады. Бұл Қазақстан үшін ерекше қиын болды, өйткені мұнда халықтың үштен бір бөлігі өзі мүше болған "коммунистік партия" отызыншы жылдардың басында ұйымдастырған ашаршылықтан қырылды. Ол кездегі зиялы қауымның үлесі аса көп емес болатын, сол енді ғана қайта қалыптаса бастағанда дүние-мүлкі мен малы зорлықпен тәркіленген халықтың бір бөлігі шетелге қашып құтылды, көп бөлігі ашаршылықтан қаза тапты. Интеллектуалдық және моральдық-этикалық шығын халықтың жады мен менталитетіне қатты әсерін тигізді, әлі де тигізеді, олардың қалпына келуі баяу әрі қиын жүреді, ал оларды жою – белсенді және бір жолғы процесс, оның бүлдіруші әлеуеті зор. Дала өлкесі шынайы биографиясының бұл құрамдас бөлігі көп жыл бойы ресми өтірік пен жасырудың астында болды, алайда түптің түбінде ашылмайтын құпия жоқ.
Біздің бүгінгі әңгімеміз сол "Үшінші көмір қоймасын" салған алғашқы құрылысшылардың "батырлық ісі" туралы емес. Соңғы күшін жинап, баспана, шахтадағы жұмыс және кепілді азық – жабысқақ қара нан мен пәлек көже үшін құтқарушы көрінген Қарағандыға қарай еңбектеп келген пақырлар, ашаршылықтан қалжыраған қазақ кедейлері туралы емес. Сол кездері біздің байтақ даламызға көмір және басқа да өнеркәсіптік алып жобаларды салу үшін эшелондармен әкелінген сол партияның Украинада ұйымдастырылған ашаршылығынан қалжыраған Донбасс шахтерлері туралы да емес. Мұнда да өтірік...
Куәгерлер осы бір кезең туралы естеліктерін сақтап қалды, бірақ жылдар өте келе ол естеліктер де ұмытылуда. Уақыт барлығын да ұмыттырып, естеліктер де бұлыңғырлана бастаған, байланыс азайған, тіпті естеліктердің өзі де азайып, онымен қоймай, олар керек пе, жоқ па деген күмән көбейіп барады...
Сол қорқынышты уақыт куәгерлерінің құнды жауаптарын естіп, тыңдап, жазып алып, сақтап, жеткізу міндет. Олардың жауабы ғалымдар шаң басқан кабинеттерде, тып-тыныш кітапханада отырып, дымқыл тартқан том-том құжатты парақтағаннан туған Тарих емес. Ол осының бәріне төзген адамдардың азабы, қуанышы, жоғалтқаны мен тапқаны, яғни өз басынан өткізген, өз көзімен көрген нағыз Тарих емес пе?! Олардың естеліктерін тыңдап үлгеріп, жазып алып, сақтап, бүгінге дейін жеткізу – ең абзал міндет. Әрі борыш...
Донецк шахтерінің баласы Борис Афанасьевич Годунов отбасы мен өзі басынан кешкен азапты жылдар туралы айтқанда дауысына діріл араласты. Ол кезде Борис бала болатын. Бала Бористің көрмегені жоқ – ашыққан Украинадан ашаршылыққа ұшыраған Қазақстанға дейінгі ұзақ жол, алғаш рет мемлекеттік деңгейдегі өтірікпен бетпе-бет келу, ГУЛАГ-пен танысу – бір адамның өмірі үшін оңай тәжірибе емес. Қамауға алынған әкесімен бірге Қарлагтың Атбасар лагерь бөлімшесіне келгенде ол жеті жаста еді. Оның естелігі тек осы қайғылы және бірегей факті үшін ғана емес, басқа қырынан да маңызды. Оның отбасы Қарағанды даласына жаңа шахталарды салу және ағылшын отаршылары салған ескі шахталарды жөндеу мақсатымен арнайы эшелонмен әкелінген Донецкінің ерікті шахтерлары арасында болды.
Отызыншы жылдардың басында, Қарағандыны Бірінші сталиндік бесжылдық жоспарына сәйкес ірі өнеркәсіп орталығы ретінде салу басталғанда, білікті инженер мен тау-кен мамандары жетіспеуші еді. Сол дәуірдің газеттері "нығайту" деп атаған процесс үшін ашаршылықтан өліп жатқан Украинадан шахтерлер мен Донбасс инженерін алып келді.
Кеңес өкіметі халықты бір жерден екінші жерге жаппай жер аудару кезіндегі күштеу және мәжбүрлеу шарасын "энтузиазм" деген сияқты әдемі сөзбен сипаттауды жақсы көретін. Бұл тағдырға енді еріктілер деп аталатын Донецк шахтерлері мен инженерлері де көнді. Дегенмен, олар шынымен де еріктілер еді. Годунов Қазақстанға келер ал­дында оларға насихаттық деректі фильм көрсеткенін айтады. Қазақтың шуақты әрі күнгей даласында Қарағанды деген ғажап қала күн санап өсіп, гүлдену үстінде. Күшқуаты тасыған жастарды Қазақстанның осы өте бай көмір шахталарын салуға және игеруге шақыруда. Жарты ғасырдан кейін (бүкіл өмірі өткеннен кейін десек те болады) Борис Афанасьевич сол, шахтерлерге көрсетілген деректі фильмді күйінішпен және мұңдана отырып есіне түсірді (шіркін, тапса ғой соны!). Тастан қаланған (революцияға дейін күйдірілген қызыл кірпіштен!), әдемі және жайлы, шатыры қаңылтырмен жабылған үйлер, жайқалып өскен ағаштар, айдынында үйрекқаз алаңсыз жүзіп бара жатқан мөлдір көл, жағалауы қалың тал-дарақты өзен...
Не деген бақытты, бақуатты және қиялдағы өлке! Олар Отанның дауысын тек естіп қана қоймай, оған сенді, арыпашып жүрген Донбасс тау-кеншілерінің көзі жайнап, жаңа өлкеге барғысы келетіндердің тізіміне тіркелуге жөнелді.
Долинка қыстағындағы Саяси репрессия құрбандарын еске алу музейі
Ал келген кезде…
Оларды сұп-сұр, қу далаға әкелді. Балшықтан қаланған станцияның айналасы бірінен бірі өткен сұрықсыз киіз үйлер. Жақын жерде шынымен қызыл кірпіштен салынған үй тұр – бірақ... ол жалғыз-ақ екен! Ол жерде кеңсе орналасқан. Қасында – қурап қалған қараған. Міне, жұмақ деген осы болып шықты!
Сол кезде жеті жасар бала Борис Годунов кеңестік мемлекеттік өтірікпен алғаш рет бетпе-бет келіп, алғашқы өмір сабағын алды. Ал кейін бұл өтірік бүкіл өмірін шырмады. Оның ғана өмірін емес... Әлем шеттеткен ел халқының көзін байлап, басқа өмір бар екенін көрсетпей, сөз жүзіндегі жетістіктер мен табыстарды асыра дәріптеп, даңғырлатып айта берді. Жоқшылық, аштық, үрей құшағында есінен адасқан, әлсіреген халық жанын қинап жер жыртты, егін екті, үй салды, сөйте жүріп қаусаған, берекесі қашқан үйлерін паналады, табылған киімді киіп, тапқан тамағын жеп, большевиктер уәде еткен бақытты армандаумен болды. Әне-міне орнайды деген бақ алыстай берді.
Ал өмір күтіп тұрмайды. Күнделікті тіршілік ету керек. Күту керек. Шыдау керек. Тірі қалу керек. Жаңадан келген переселендер өздеріне саманнан барақ салды. Жоқтан гөрі жоғары. Әр отбасына сол барақтың бір-бір бұрышын беріп, көршілермен араны лас шүберекпен бөлді. Даланың қараңғы түндері мен бұлыңғыр таңдарында ұзын, дымқыл тартқан барақ іші ыңқылдап, жөтеліп, боқтап, қырылдап, күрсінген дыбысқа тұнып тұратын, соның бәріне шыдайтын. Асханада шала-пұла жуылған алюминий тегештен тамақ салып беретін. Тамақ деген аты ғана, арасы дымқыл тартқан бір тілім қара нан беретін. Бала Бористің есінде ол дәмді тамақ және өлшеусіз бақыт ретінде қалды. Борис нанды бірден жеп қоймайтын, ұсақтап бөліп, кәмпит сорғандай сорып жүретін. Сонда қарны ашпайтындай көрінетін.
Бір күні түнде фуражка киген адамдар келіп, әкесі екеуін осы қараңғы барақтан алып кетті. Ол енді мүлдем басқа оқиға. Оған дейін әлі көп бар, әзірше. Қарағанды алғашқы мамандарын қолдан келгенше қарсы алды: бір тілім наны мен баспанасын берді. Соған да рахмет.
"Қарағанды-көмір" шағын дала станциясына ұзыннан-ұзақ созылған жазық даланы басып өтіп, шахтер эшелондарымен бірге Ресейден мемлекет тонаған шаруалар – арнайы переселендер де келіп жатты, оларды "кулак-қанаушылар" деп атайтын.
Мал тасуға арналған тауар вагондарынан тұратын эшелон Қарағандыға жетпей, Қарабас станциясына тоқтайтын. Кейін бұл станцияны "Қарлаг қақпасы" деп атады. Оларды сарбаздар мен овчаркалар қарсы алатын. Үнсіз тұнжыраған адамдар сұп-сұр болып сап құрап (бір қатарда бес адамнан!), шексіз қазақ даласына жайылды. Тікен сымның артындағы аласа саман барақтарға, әр бұрышына күзет мұнарасы қойылған лагерь бөлімшелеріне тарады. Осылайша, социалистік Қарағандымен бірге, ОГПУ-НКВД-ның Қарлаг "еңбекпен түзету" концлагері өзінің ұзақ қайғылы тарихын бастады.
Қаладан қырық шақырым жердегі Долинка атты шағын ауыл болашақ лагерьдің "астанасы" болды. Кеңес өкіметіне дейін, яғни ғасыр басынан бастап мұнда кезінде Столыпин реформасы бойынша көшіп келген орыс және неміс шаруалары мен жергілікті халық, яғни қазақтар тату-тәтті өмір сүріп жатқан еді.
"Столыпиндік" шаруалар бау-бақша екті, егін екті, кең далада малын жайды, қазақтар да үйір-үйір жылқы, отаротар қой бақты, Долинкадағы өмір әйгілі "тарихи қайта бөлінуіне" дейін бейбіт те мамыражай өтіп жатты. Бірақ, бір таңғаларлығы, бұл тарихи бөлініске де Долинка байсалды, күйзеліссіз төзді.
Бірақ бұл ұзаққа созылмады, уақыт өзгеріп, бір сәтте аумақты босату жөнінде бұйрық келді: мұнда лагерь салынбақшы. Осылайша, күні кеше ғана мамыражай тірлік кешіп жатқан Долинкаға сарбаздар келді. Тікенек сымнан "Бруно спиральдары" пайда болды, күзет мұнаралары салынып, бастапқыда сұр таспалар тартылды, ал содан кейін еңсені басатын ұзын барақтар салына бастады...
Ерте көктемде Долинка сұрықсыз. Бұлыңғыр. Мұңды. Жалғыздық сезіледі. Оңтүстіктен жел соғып, көктем көгінде бұлт көшті, алғашқы жапырақ көгерді, ауылдың үстінен күн сәулесі төгіліп еді, кешегі жайсыздықтан ештеңе қалмағандай болды. Долинка жаңғырып, салқын леп есіп, жуынып шыққандай болды. Көп ұзамай шыжыған жаз келеді. Тірі жан жоқ көшелер бұйығып, маужырай бастайды. Құдық жақтан шелек даңғырлайды, дауыстар да сылдырлап естіледі, бейтаныс жас күлкі бытырадай шашылады...
Бұрынғы НКВД Қарлаг лагерінің ас басқармасы алдындағы әлдеқашан құрғап қалған фонтанның қасында бұтағын кеңге жайған кәрі емен өсіп тұр. Ал аптап ыстықтан әлдеқашан кеуіп кеткен шөп аяқ астында ерекше айқын сытырлайды. Ұмыту шөбі ме?
Күз Долинкаға тыныштық әкеледі. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардың басында (мүмкін одан да ерте!) отырғызылған ағаштардың алтын және шымқай қызыл жа­пырақтары, ауаның шексіз тазалығы, бақшалардың көкшіл түтіні, естен тандыратын тыныштық пен қимылсыздық қана сезіледі. Содан кейін қыс келеді. Сонда...
Сонда Долинканың өткені тіріледі. Шатырына дейін қар басқан саман барақтар, қоршаудың тікенек сымы, күзетшілердің қара сұлбасы бар мұнаралар, түнгі аяздағы иттің үруі. Дауыстар. Олар гуілдеп, сыбырлап, ыңқылдап, күліп, күрсінеді – қысқы кеште сол кездегі адамдардың естеліктері жаңғырады.
Содан кейін қайтадан көктем келеді...
Уақыттың шеңбері солай.
Долинка – кездейсоқ жер емес. Бұл бұрынғы Қарлагтың бұрынғы астанасы. Қарлаг – ГУЛАГ архипелагының ең үлкен аралдарының бірі.
Бір жарым сағаттық жерде – Қарағанды. Ғаріптер қаласы, қуғын-сүргінге ұшырағандар мен мүлкі тәркіленгендердің қаласы, зектердің қаласы, қатал тағдырлар қаласы. Отызыншы жылдардың ортасында Қарағанды осындай болды.
Дәл сол кезде, КСРО саяси террорының ауыр жылдарында Қарағанды алып лагерь өлкесінің орталығы, кеңес империясының тікенек сым артындағы бөлігі болды.
ОГПУ-НКВД-ІІМ Қарлаг 28 жыл жұмыс істеді және 1959 жылғы 27 шілдеде ІІМ Қарағанды облысы бойынша түзеу мекемесі басқармасы (УМЗ УМВД) болып қайта құрылды.
Лагерьдің аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай (Березняки–Қызыл Тау) 260 шақырымға, ал солтүстіктен солтүстік-батысқа қарай (Березняки–Есенгелді) 100 шақырымнан астам қашықтыққа созылды. Қарлаг шаруашылығының бір тармағы Қарағанды – Мойынты темір жолы бойында болды. Пункттері бұл шекарадан тыс болатын (Ақмола, Рузаевка, Шу өзенінің бойы, Балқаш, Жезқазғанның маңы).
Қарабас темір жол станциясы Қарлагтың "қақпасы" болды, лагерьдің негізгі жөнелту нүктесі осы жерде орналасты. Қарауылдар мен күзетші иттердің бақылауындағы этаптар көбінесе жаяу жүретін. Жеткен адам тірі қалады. Жете алмаса, біржола далада қалады.
Құрылғаннан кейін бір жыл өткенде мұндағы тұтқындар саны 10 400 адамға жетті, олардың 8400-і ауыл шаруашылығымен айналысты. 1934 жылы 1 қаңтарда қамалғандардың саны 24 148 адам болды, 1937 жылы 1 қаңтарда 27 504 адам болды, ал 1938 жылы 1 қазанда 40 109 адамға жетті. Соғыс кезінде тұтқындар саны ерекше жылдам өсті. 1941 жылы 1 шілдеде мұнда 39 513 адам болса, 1942 жылы 1 қаңтарда 42 582 адамға дейін өсті, 1943 жылы 1 қаңтарда қамалғандар саны 45 798 болды. 1932 жылғы желтоқсаннан бастап 1959 жылғы 1 қаңтарға дейін Қарлагтан (ротациямен) 990 852 адам өтті, олар құл есебінде еңбек етті, аштыққа, суыққа, қорлыққа төзді.
Тұтқындардың көп бөлігі ОСО НКВД мен Үштік РКФСР ҚК 58-бабы бойынша соттағандар, яғни "халық жауы" атанған КСРО азаматтары болды.
(ГУЛАГ. 1918-1960. Құжаттар. Мәскеу. 2002 ж.)
Долинка қыстағындағы Саяси репрессия құрбандарын еске алу музейі
1930-31 жылдары болашақ лагерь аумағындағы халықты елдің басқа аудандарына көшіру басталды. Жергілікті халықпен бірге, орталық Ресейден бұрын көшіп келген орыстар, немістер және украиндар Осакаров, Ворошилов, Нұра аудандарына көшірілді.
Күшпен көшіру – адам үшін қай кезде де трагедия. Бірақ бұл оқиғада қазақтардың тағдыры ерекше қайғылы болып көрінеді. Оларды қысқа мерзім ішінде және өте қатал түрде ғасырлар бойы мекендеген орнынан, яғни болашақ лагерь аумағында орналасқан шағын ауылдардан көшіріп, керек дүниесін де алғызбай, малын күшпен тартып алды. Бұл операцияны жүргізуге НКВД әскерлері шақырылды.
Жаңа жерге орналастыру уақыты жағынан ұжымдастыру, мал шаруашылығын тәркілеу, ауылдарды талқандау, сансыз малды тәркілеу уақытына сәйкес келді. Тәркіленген малды ұжымшарлар сақтап қала алмай, оның көп бөлігі аштан өлді. Оның үстіне жұт келді, ол жердің үстіңгі қабатын опырып, быт-шытын шығарды, құдды бір дәу келіп, осы бір қайғықасіретті жерді таптап, құнарлы қабатты тіршіліксіз қабыққа айналдырған сияқты.
Дала ашаршылыққа ұшырап, мыңдаған аш-жалаңаш, баспанасыз адам Қарағандыға ұмтылды...
Мұның бәрі НКВД органдарының негізінен жергілікті халықты қамау, атуымен бірге жүрді. Өкімет халық бағынбай кете ме деп қауіптенді. Содан да бұрқ етіп пайда болған қарсыласу ошақтарын бірден басып-жаншып отырды.
1940 жылы лагерьде 12 диірмен, 9 жармалағыш, 14 май зауыты, екі ірімшік қайнататын өндіріс, 9 сүзбе ірімшік қайнататын өндіріс, 11 көкөніс тұздау пункті, бір қасапхана болды.
Қарлагтың өнеркәсіптік өндірісі тармақ-тармаққа бөлінді. Соғыстың басына таман мұнда өнімділігі 60 мың тонна көмір болатын тас көмір шахтасы, өнімділігі 2 миллион дана 10 кірпіш зауыты, 2 800 тонна әктас беретін 6 әк карьері, 1 005 рубль көлемінде өнім өндіретін ағаш өндіретін шеберхана жұмыс істеді. Лагерьде жалпы қуаты 537,5 квт/сағ 18 электр станциясы болды. Спасск бөлімшесінде (1948 жылдан бастап Степлагта) 1941 жылға таман өнімділік қуаты жылына екі миллион қолғап жіп иіру-тоқу фабрикасы қосылуға дайын болды. Лагерьдің Балқаштағы бөлімшесі мыс қорыту зауытын салу бойынша мердігерлік жұмыстарды істеді. Құрылыста 650 тұтқын жұмыспен қамтылды.
Лагерьдің Ақмола бөлімшесінде (АЛЖИР) 5 мыңнан астам әйел болды, олар "Отанын сатқандардың отбасы мүшелері" (ОСОМ) еді. Олар негізінен тұтқынға алынған және көбінесе атылған "халық жауларының" әйелдері, әпке-қарындастары, аналары еді. Мұнда тігін-кесте фабрикасы мен бірнеше ауыл шаруашылық шикізатын ұқсату кәсіпорны болды. Тігін-кесте фабрикасында 1 100 тұтқын әйел жұмыс істеді, фабрика жылына 17 014 рубльдің өнімін шығарды.
Ал Долинка осы еріксіз мемлекеттің нағыз астанасы болып қалыптасты. Онда Лагерьдің бас басқармасы, орта мектеп, екі аурухана, клуб, кітапхана, пошта, лагерь соты, прокуратура, түрме және мемлекеттік банк бөлімшесі болды. Тіпті, қатерлі ОЧО, яғни оперчекист бөлімшесі де болды.
Лагерь мемлекеттен бөлек, дербес және автономды өмір сүрді. Сонымен бірге ол осы бір елдің алып, тікенек сыммен қоршалған, бүкіл әлемнен оқшауланған үйлесімді бөлігі болды. Әр үйде атылып, қуылып, қамалған біреу бар елдің бөлігі.
Суайырықтың артында, далада, Долинка май зауыты мен жолдың Шахтинск жаққа бұрылысының арасындағы кеңістікте бұрынғы лагерьдің зираты бар. Оны әлдеқашан шөп басқан, сондықтан молаларды бір-бірінен ажырату қиын. Шеті мен шегі көрінбейтін осы жерде "халық жауы" атанған ондаған, жүздеген, мыңдаған адамның сүйегі жатыр, олар сол халықтың ішінен шыққан еді және оларды халықтан өлім шекарасы бөліп жатты.
Ұлан-ғайыр қазақ даласы. Азалы молаларды үнсіз ғана тербейді, тек жел ғана күн күйдірген, арал түрінде бөлекбөлек болып өскен шөпті қозғап тұр. Бұл – естелік пен қайғы аралдары.
Мұнда әлі күнге дейін өткенді ойлап мазасы қашатындар келеді кейде. Қасіретті де азапты күндерін еске алады. Әлемнің әр түкпірінен бұрынғы лагерь тұтқындарының туыстары, Ресей, Украина, Польша, АҚШ, Англия, Германиядан журналистер, кинодокументалистер, тарихшылар келіп тұрады. Олар Долин­каны көру үшін келеді. Қайғы-қасіретті соңына дейін шеккен, Қазақстан жерінде мәңгі қалғандарды еске түсіру үшін келеді.
...Ескі зиратта жел алтын қаңбақтарды әрі де, бері де қуалайды. Әрең көрінетін төмпешіктерде олар секеңдеп, сұр арал болып өскен шөпке жармасып, бір мезгіл тоқтайды да, ары қарай домалай түседі. Олар нені әкетіп барады? Жадымызды емес шығар?..
Ресейлік "Культура" телеарнасы үшін бұл деректі фильмді Долинкада режиссер Марина Разбежкинаның кинотобы түсірді. Бүгінде Разбежкина Ресейге әйгілі маман, Мәскеу кинофестивальдарының бірінде оның "Яр" деп аталатын көркем фильмі сыйлыққа ұсынылды.
Сол күндері Долинкада кино түсіруші топпен бірге болашақ фильмнің кейіпкері, Қазаннан келген инженерспектрограф Фарида Дәулеткелді де болды, кинохикая соның атынан баяндалады. Оның күрделі өмірінің хикаясы Долинкамен тығыз байланыста.
Фарида Новосібірдің түрмесінде дүниеге келді. Анасы екеуі этаппен жүрді. СМЕРШ кеңес қарсы барлау ұйымы Фариданың анасы Рукия Дәулеткелдіні Қытайдағы Мукден қаласында тұтқынға алып, КСРО-ға "мәжбүр көшкін" ретінде шығарып, кейін тергеусіз, сотсыз, үкімсіз соттады. Түрмеге түскеннен кейін "халық жауы" ретінде 58-баппен сотталды.
Мукденде СМЕРШ оның күйеуі, Фариданың болашақ әкесі, қоғам қайраткері, журналист, "Милли байрак" татар эмигрант газетінің баспагері Ибрагим Дәулеткелдіні қамауға алды. Ибрагимді Мордовия лагерьлеріне әкетті, онда "халық жауы және татар ұлтшылы" ретінде жаза мерзімін толық өтеп шықты, кейін ол Краснояр өлкесіне жер аударылды. Он жыл бойы бір-бірінен қашықта жүрген отбасы Сталиннің өлімінен кейін ғана қайта бірікті.
Жарты ғасырдан кейін Фарида Долинкаға оралды. Анасы емшектегі баласымен бірге тұтқын ретінде эшелонмен айдалып келген Долинкаға, тікенек сымның артында қатал балалық шағы өткен Долинкаға оралды.
Уақыт тоқтап қалғандай...
Қарлагтың орталық егіншілік бөлімшесіндегі "Аналар қалашығы" деген бөлімшеде осы жердің ең кішкентай тұрғындарына мекен болған балабақшаға барған бүлдіршін, енді міне, елу жылдан кейін Долинкаға оралып, көше бойымен келе жатыр. Дәл сол көше, дәл сол аспан. Аспанға қарап, өткенді есіне түсіруде. Бірінен кейін бірі ауысқан балалар үйі, туыстарын іздеу, ақырында анасы мен әкесімен көптен күткен кездесу және қосылу, Краснояр жақтағы алыс тайга ауылы артта қалды. Бүкіл өмірі. Осы өмірде қазақ даласындағы Долинкаға да орын табылды. Осы жерде ешқандай кінәсі жоқ анасы жазасын өтеді. Анасымен бірге жаңа туылған сәби Фарида да жаза мерзімін өтеді.
Өткенмен бетпе-бет келу Фарида Ибрагимқызына ауыр тиді. Кино түсіруші топпен бірге ол ата-анасының қиындыққа толы жолы өткен жерлерге барды. Жарты ғасырдан астам уақыттан кейін ол жолды қадамдап қайталады.
Лагерь. Түрме. Айдалу...
Тоқсаныншы жылдардың соңы – екі мыңыншы жылдардың басында "Культура" телеарнасында төрт кеш қатарынан Марина Разбежкинаның "Бір отбасы тарихы (История одной семьи)" деректі фильмі көрсетілді. Тек бір отбасының тарихы ғана емес... Халықтың тарихы...
Ал екі мыңыншы жылдардың ортасында, ерте көктемде қазақ даласына тағы да бір мәскеулік кино түсіруші топ келді – Светлана Быченко өзінің туысқанының хикаяты туралы деректі фильм түсірді. Фильм тағы да Долинка туралы болып шықты.
Қайта құрудан кейінгі ұрпақтың өкілі саналатын екі ресейлік режиссердің деректі фильмі осында түсіріліп, олардың кейіпкерлерінің жолы дәл осы жерде түйісті. Демек, тақырып әлі де жабылған жоқ деген сөз. Туған тарихқа қызығушылық Ресейдің адал әрі білімді азаматтары арасында әлі де өзекті деген сөз.
Осылайша Долинка өткен шаққа қайта оралады...
Долинканың қасірет-қайғысы жібермей тұр.
Долинка әлемге осынша танымал болар ма еді?..
"Әлемге әйгілі" дегенім асыра айтқаным емес. Бүгін Долинка шынында да әлемге әйгілі. "ГУЛАГ архипелаг аралының" астанасы – НКВД-ның Қарлаг лагері ретінде, сталиндік концлагерьлердің ең ірілерінің бірі ретінде әйгілі. Бұл жерді сол кездегі құжаттарда "еңбекпен түзету лагерь­лері" деп бүркемелеп атаған, сондағы адамды "түзеу" үшін таңдаған құралдары аштық, шамадан тыс еңбек пен өлім болды.
Бүгінде Долинка әлі де ешкімге белгісіз құпиясын бүгіп тұр, ол құпиясын күндердің бір күні ашар ма екен, кім білсін?.. Бірақ осы күнгі білгеніміз де аз емес.

Пайдаланылған әдебиеттер



  1. https://informburo.kz/amp/kaz/qaragandy-konclagerinin-qupiyasy-siz-bilmegen-derekter

  2. https://kk.m.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%B0%D1%80%D0%B0%D2%93%D0%B0%D0%BD%D0%B4%D1%8B_%D0%B5%D2%A3%D0%B1%D0%B5%D0%BA%D0%BF%D0%B5%D0%BD_%D1%82%D2%AF%D0%B7%D0%B5%D1%82%D1%83_%D0%BB%D0%B0%D0%B3%D0%B5%D1%80%D1%96

  3. https://www.azattyq.org/amp/1159776.html


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет