Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет16/47
Дата22.12.2021
өлшемі5,7 Mb.
#305
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   47

ІІ тарау



ӘДЕБИ БАЙЛАНЫС
І
Еш уақытта ешбір елдің әдебиет, өнері томаға-тұйық қалыпта, ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп жетілген емес. Ана топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық, асыл қазыналарынан нәр алып байығанда ғана өркен жаймақ. Әдебиеттің интернационалдық сипаты – көптеген халықтар өнері тәжірибесін қорыта отырып, байлам, тұжырым жасайтын теориялық мәні бар, күрделі проблема.

Бұл орайда әдеби әсер, ықпал, аударма мәселелерін қарастырудың маңызы зор. Жаңа жанрлық формаларды игеруден, өмірдің көкейкесті проблемаларын көтерген реалистік шығармалардың молаюынан, жазушылардың шығармашылық белсенділігінің артуынан да әдебиеттің интернационалдық сипатының кейбір ерекшеліктерін көруге болады.

Әдебиеттер туыстығының терең тамырлы байланыс проблемаларын зерттегенде, тағдыры, тілі, рухы жақын бауырлас елдер мысалына жүгіну қызықты ғылыми байламдар жасауға мүмкіндік берері хақ. Татарлар өз асылымыз деп есептейтін:

“Ел іші – алтын бесік”, “Ел көркі – сақал, сөз көркі - мақал”, “Айырылған қаз топтанған қарғаға жем болар”, “Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда”, “Қап түбінде біз жатпас”, “Құрғақ қасық ауыз жыртар”, “Не ексең, соны орарсың”, “Ашқа қазан астырма, тоңғанға от жақтырма”, “Бөріден қорыққан орманға бармас”, “Қарға қарғаның көзін шұқымас” тәрізді мақалдар қазақ, башқұрттардың да жауһар қазынасы.

Фольклорды алыңыз, ұқсас сюжеттер, ортақ сарындар қанша, әдеби дамудағы процестердің ыңғайластығын ұғу қиын емес.

Башқұрт әдебиетінің кейбір мысалына назар салып көрейік.

Бұл әдебиеттің бай қазына, қымбат мұрасы – қаһармандық дастан, қобайыр, тарихи жыр, тақпақ, ертегі, аңыз, тұрмыс-салт өлеңі, бәйіт, мақал, мәтел секілді сан алуан түрлері бар, аса көркем фольклорында халық өмірінің ықылым заманалардан бергі бейнесі, ұрпақтар сыры жатыр.

Башқұрт арасында жиі қолданылатын: “Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда”, “Көп жасаған білмес, көп көрген білер”, “Алыстағы дұшпаннан, аңдып жүрген дос жаман”, “Шешен – дауда, батыр – жауда сыналар”, “Бір көрген біліс, екі көрген таныс” деген секілді мақалдар – қазақтардың төл туындысы. Башқұрт ауыз әдебиетінде айрықша дамып, форма жағынан ерекше жетілген жанр – қобайыр деп аталады. Ол қазақ поэзиясындағы толғауға жақын.

Бір мысал:
Илдең нұрлы бұлғаны –

Илде батыр туғаны:

Илдең мұңлы бұлғаны –

Дұшпан килеп тұрғаны.
Қобайыр өзегі әрқашан әлеуметтік сарын. Оралтауды, Ақеділді, туған жерді, қара шаңырақты мадақтаған ақындар бұл жанрға тән көсем сөзді, стильдік әсем өрнектерді, айшықтаудың алуан түрлерін шебер пайдаланған.

“Ақбоз ат”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Кусәк бей” секілді эпикалық поэмалар – башқұрт тарихының әр түрлі кезеңдерін бейнелеген, тұрмыс-салт, наным-сенім, дүниеге көзқарас жайлы халықтық ұғымдарды білдіретін кесек туындылар.

ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда әуезді, сырлы, шерлі әнмен айтылатын үлгілер қалыптасты. “Салауат”, “Азамат”, “Орал” сияқты тарихи жырлардың, “Боранбай”, “Биіш” тақылеттес қашқын өлеңдерінің, “Зулхиза”, “Шаура” секілді аңыздардың – бәрінің де әуені бар. Башқұрт өлеңінің өлшемі музыкалық фольклорда қысқа күй (тармағы 7-8 буынды), ұзын күй (тармағы 8-14 буынды) боп екіге бөлінеді.

Революцияға дейін башқұрт поэзиясының кейбір нұсқалары қолжазба түрінде тараған дүниәуи және діни бағыттарда. Дүниәуи шығармаларда ғақлия, білік, өсиет сарыны бой көрсетіп, сүйіспеншілік сырлары шертіледі. Бұл арнадағы ақындар көне түрік, шығыс поэзиясындағы сұлу уәзін, қадым дәстүрлерге иек сүйеген.

Қолжазба мұралар ішінде башқұрт шежірелерінің тарихи-әдеби ескерткіш ретіндегі мәні зор.

Башқұрт әдебиетінің тарихында Салауат Юлаев (1752 жылы туған, өлген жылы белгісіз) есімі мәшһүр бірінші ақын болып есептеледі. Патша тағын теңселткен жауынгер ақынның ел аузында қалған, кезінде орыс тіліне аударылып, сақталған жырларына тән сипат – ереуіл рухы, әлеуметтік идея, азаматтық пафос. Ол Махамбетпен тағыдырымен де, шығармашылығымен де туыс.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында башқұрт әдебиетінде ағартушылық бағыт бел алып, өрлей бастады. Осы арнаның көрнекті өкілі Мұхамед Әкім Үмбетбаев (1841-1907) – көп қырлы талант. Ол ақын, тілші, фольклорист, этнограф, тарихшы, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері болды. 1897 жылы шыққан “Жәдігер” жинағында ғылыми еңбектері, өлеңдері топталған.

Қазақ, татар поэзиясында бедерлі із қалдырған Ақмолла ақын (1831-1895) – башқұрт әдебиетіндегі ірі тұлға.

Ақынның бірінші биографы, оның ел аузындағы көп шығармаларын қағазға түсіріп, ұрпаққа қалдырған қазақ – Досымайыл қажы Қашқынбай ұлы. Татар әдебиетшілері М.Ғали, Ф.Қарим, башқұрт зерттеушілері С.Мирасов, А.Харисов Ақмолланы ХІХ ғасырдағы татар-башқұрт әдебиетіндегі терең идеялы, гөзәл сұлу шығармалар берген прогресшіл бағыттың өкілі деп, өнер тарихында құрметпен атайды. Башқұрттың үлкен ақыны, жазушы Сайфи Құдаш:

“Ескі діни фанатизм мен жаңалық күрестері басталған ояну жылдарында, түн қараңғылығы мен жаңа ғана сызылып келген таң сәулесі шарпысқан уақта сайраған бір сандуғаш болып, жаңа толқынның бір үгітші-жыршысы болып, әдебиет майданына талантты шайыр Мифтахеддин Ақмолла келген. Ғалым һәм оқытушы, шайыр һәм балташы Ақмолла әр уақыт бар байлығы жалғыз атын кітап пен саймандар тиеген арбаға жегіп алып, Шиһап Маржани көтерген жаңалықтарды жақтап, мақтап, фанатик моллалармен соғыса-соғыса, ауылдан-ауылға, қаладан-қалаға үгіт айтып жүрген” – деп жазды. (С.Құдаш, “Жастық іздерін бойлап. Естеліктер”, Уфа, 1964, 26-27-беттер).

Ұлы татар Тоқай: “Ақмолла жырларынан тек қазақ исі, көшпелі халық исі шығып тұрады”, - деген байламды бекерден-бекер, дәлелсіз айтпаған.

Қазақ ғалымы, профессор Б.Кенжебаев Ақмолланың әкесі қазақ десе, татар, башқұрт оқымыстылары оның тегі башқұрт деп жазады. Зады бұл мәселені анық шешу қажет. Бірақ әдебиет тарихы үшін ең маңызды нәрсе – Ақмолла туындылары, оның интернационалдық рухы, көп қыры:


Тербетіліп айдын көлдер шалқиды,

Түрлі құстар баурын төсеп қалқиды,

Көкорай шөп көлді айнала көмкеріп,

Мас қылады, күшті жас иіс аңқиды, -
деген жолдардың таза қазақылығына ешкім шәк келтірмейді. Ал:
Сүз чығар шаһирлардан хикмет берлән,

Аича күз алартмаңыз хиддәт берлән

Нәһи булса, моқәйәд ие моәуәл:

Харам, хеләл – шәһсәнә нисбәт берлән, -
секілді туындылар башқұрттар мен татарлар еншісі. Қазақ әдебиетшісі У.Қалижан Ақмолла туралы арнайы диссертация жазды.

Қашан да әдеби байланыс, ықпал, әсер, дәстүр мәселелерін қарастырғанда алғы шарт – тарихи көзқарас болу керек. Бір фактіге ден қояйық.

Башқұрт қобайырынан үзінді:
Бейек таудың үлгәне –

Башын монар алғаны;

Ай мен көндөң үлгәне –

Төнийорап байып барғаны;

Қара жердің үлгәне –

Қар астында қалғаны;

Ир – егеттің үлгәне –

Илен дошпан алғаны...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   47




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет