С. К. Игибаев қазақстан тарихының өзекті мәселелері Актуальные проблемы истории Казахстана Монография



бет14/55
Дата20.06.2023
өлшемі0,8 Mb.
#179000
түріМонография
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   55
Байланысты:
Монография. Игибаев С.К.(1)
лекции Програмные навыки менеджера, 8 SAT 3 term -
ТАРИХТЫҢ ӘДІСНАМАСЫ МЕН ӘДІСТЕРІ

Тарихтың методологиясы - әдіснамасы екі ұғымнан тұрады. Методис - грекше, зерттеудің жолы, танып білу, түсіну, таным, логос - жаттығу, оқу немесе тарихтың методологиясы (әдіснамасы) - тарихи танымның теориясы.


Тарихтың әдіснамасы өткенді білудің, ұғудың принциптерін және тәсілдерін, амалдарын дайындап, жинап алған мәліметтерді тарихи үрдістің маңызын анықтау жолында оларды айқынырақ, дәлірек, бір тұтастық негізде қайтадан құрастырады. Қоғамдық дамудың негізін, жаратылысын әртүрлі көзқараспен, пиғылмен ұғуға байланысты біртекті, біртұтас тарихтың әдіснамасы болмайды. Тарихтың әдіснамасы ғылыми дәрежеде тарихты ұғудың және оған сай әдісті қолданудың нәтижесінде жетеді.
Тарихтың әдіснамасы - тарихи ғылымның бөлінбес бір құрамдас бөлігі, бұрынырақ болған ғылымның дамуының, тарих танымының қорытындысы.
Тарих әдіснамасының түбірлі проблемаларының қатарына жататындар: тарих ғылымының пәні және оның шекарасы, білімнің басқа салаларымен ара-қатынасы; әлеуметтік функциясы (қызметі) және тарих ғылымының әрекеті, танымның проблемалары және өткенді зерттеуде шындықтың дәлелді, шынайы белгілері, өткенді қалыптастыруда тарихи деректің орны және т.б.
Тарих әдіснамасының жеке ғылыми сала ретінде бөлініп шығуы, соңғы кезге, XIX ғасырдың ортасына жатады. Ал оның арғы тегі көне заманға кетеді. Оның кейбір ғылыми әдістері гректің, римнің көне заманындағы тарихнамасында кездеседі: айталық, шындықты қиялдан айыру, ішкі көрініс пен сыртқы уақиғалардың арасындағы айырмашылықтардың бар екенін байқау, әртүрлі халықтардың қоғамдық құрылысындағы, тұрмыс-салтындағы, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді салыстыру негізінде баяндау сияқты.
Тарих әдіснамасына натуралдық (табиғи), рационалдық және ағартушылық көзқарастардың әсері үлкен болады.
Гегельдің, сана-сезім, таным деңгейінде болса да, диалектикалық әдісті қолданудың маңызы зор еді.
Қоғамның дамуында елеулі орын алған бірлік пен қарама-қарсылық заңының ашылуы әдіснаманың айқындалуына айтарлықтай үлес қосты.
Әртүрлі уақиғалардың белгілі бір жүйеге келетіні, олардың арасында байланыстың бар екенін байқатады.
Қоғам дамуының материалдық негізін ашудың тарихи шындықты ұғуда пайдасы мол. Материалдық ұғым бойынша бізді қоршаған дүние қоғамдық санамен салыстырғанда - бірінші, сондықтан, адамзат баласы қоршаған дүниенің заңдылықтарын терең біліп, оны іс-әрекетінде, мәдениетін дамытуда пайдалануда.
Тарихи принцип немесе нық пікір, айнымас көзқарас әдіснаманың бірден бір негізі. Тарихи әдіснама дүниежүзілік тарихи дамуды тоқталмайтын қозғалыс, өзгеріс, төменнен жоғарыға көтерілу жолы ретінде қарастырады.
Тарих ғылымы анықтық, шындық жолында ізденіс жүргізеді. Тарихи танымның өзіне тән ерекшеліктері бар. Біріншіден, тарихшы өзі қатыспаған, көрмеген оқиғаларды адамдардың қалдырған іс-әрекеттерінің нәтижесі негізінде, жазба деректер немесе ескерткіштер бойынша бағалайды. Сондықтан оны толығырақ шындық деп айту қиынырақ. Екіншіден, жаратылыстану ғылымдары көбінесе табиғи құбылыстарды зерттесе, тарихшы тікелей адамдар жасаған өзгерістерді, оқиғаларды дәлірек айтсақ адамзат қоғамның тарихын зерттейді.
XIX ғасырда өмір сүрген көптеген тарихшылар өз отанының тарихын зерттегенде мемлекетті басқару жүйесінің түрін зерттеудің өзекті әдіснамасы ретінде қарастырды.
Кейбір тарихшылар орман халқы мен дала халқын қарастырғанда күрес теориясына сүйенді. Бұл теория бойынша даланы орман жеңіп тұрады, дәлелі аз болса да.
Кеңес дәуірінде қоғамдық формацияларға: алғашқы қауымдық құрылыс, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік құрылыс және өндіргіш тәсіліне негізделген марксистік-лениндік методология бойынша қоғамның дамуы еңбек өнімділігін арттыратын техниканың жетілдірілуі, жаңа технологияның қолданылуы, білімнің жетістіктерін пайдалану ғана емес, қоғам дамуының бірден-бір қозғаушы күші - тап күресі болды. Осындай «катехизис» ретінде орын алған методология-әдіснама тарих ғылымының шындық жолында дамуына үлкен кедергі жасады.
Ғалым Джамбатиста Вико тарих тұжырымдамасын (концепциясын) әдетте айналым теориясы негізінде қарастырды. Оның ойынша, адамзат қоғамы үш сатыны немесе үш кезеңді өтеді: тағылық (варварлық) дәуір, батырлар ғасыры, адамзат ғасыры. Адам қоғамының айналыс жолындағы ең жоғарғы саты - адамзат ғасыры немесе дәуірі, одан кейін құлдырау кезеңі басталады, ол тағылықтың, мәдениетсіздіктің немесе варварлықтың жаңа дәуіріне әкеледі. Д.Виконың ойынша, әрбір құлдырау, адамзатты тағылықтың бұрынғыдан да тереңіне түсіреді, ал әрбір өрлеу, бұрын жетпеген, жаңа биіктікке көтереді.
Д.Виконың ойынша тарихтың жолы тұйық айналыммен жүрмейді, ол спиралды немесе шиыршық жолмен жүреді, яғни түрі әртүрлі болғанымен, жол мәңгілік қайталанады, бірақ жалпы қоғам, адамзат тарихы алға жылжиды.
Л.Н. Гумилевтің пассионарлық теориясы да тарих ғылымына белгілі.
Тарих әдіснамасының көп түрлі екенін есептей отырып, адамзат қоғамын зерттеуде тарихтың барлық кезеңіне сай келетін әдіснаманың ортақ теориясын іздесек, адамзат қоғамының барлық дәуіріне, ғасырларына тиімдісі өркениеттік-цивилизациялық методология.
Ол, тарихи принципке, адамгершілікке, білім мен технологияның жетістіктеріне сүйене отырып, дұрыс, анық, шындыққа негізделген тұжырым жасар. Өркениеттік әдіснама тарихтың қарастырып отырған кезеңдерінің ерекшеліктерімен санасуы қажет.
Метод (гректің сөзі), қазақша әдіс - оқиғаны зерттеудің тәсілі, шындықты анықтау жолында оқиғаны оқып білудің, ғылыми танымның жоспарлы жолы, тәртіпке келтірген ізденістің жүйесі, көздеген мақсатқа жетудің тәсілі. Ғылыми негізделген әдістерді саналы түрде қолдану жаңа мағлұматтар алудың аса маңызды шарты.
Г.В. Гегельдің сөзімен айтсақ, метод немесе әдіс - сыртқы пішін емес, мағынаның жаны мен ұғымы.
Танымның даму үрдісіне ғылыми ойлау жүйесінің индукция (жеке, дара ұғымнан жалпылай қорытынды жасаудың амалы), дедукция (жалпы жағдай арқылы ұғымының жеке бір бөлігін анықтау тәсілі), сүрыптау, талдау (анализ), жинақтау (синтез), аналогия (ұқсастық, үйлестік) салыстыру, эксперимент (сараптау, ғылыми тәжірибе), бақылау және басқа да әдістері бoлады. Олардың зерттеу объектілеріне (нысанына) тән өзіндік ерекшеліктері бар.
Дидактикалық әдістің объективті негізін материалдық әлем дамуының неғұрлым жалпылама заңдылықтары құрайды.
Жалпылай әдістерді және тарих ғылымына тән әдістерді қоса алып қарағанда, тарих ғылымында әдістердің мынандай түрлері қолданылады: 1) танымның жалпыға тән диалектикалық-материалистік әдісі, оның ішінде тарихи принципті немесе ұстанымды негіз алған диалектикалық әдіс; 2) жалпы тарихи әдіс; 3) нақты-тарихи әдіс; 4) логикалық әдіс; 5) зерттеудің салыстырма-тарихи әдісі; 6) тарихи-генетикалық әдіс; 7) тарихи-типологиялық тәсіл; 8) ретроспективтік (латынша, артқа қарау) талдау әдісі; 9) аналитика-синтездік әдіс; 10) тарихи-географиялық әдіс; 11) жүйелі-құрамдас әдісі және талдау (системалық-структуралық әдіс); 12) болжамдық статистикалық әдіс; 13) зерттеудің картографиялық әдісі; 14) математикалық және электрондық-санақ әдістері; 15) эмпиристік әдіс.
Тарихты зерттеудің негізгі әдістерінің қатарына диалектикалық әдіс жатады. Ол қоғамды зерттеуде тарихтың принципін (ұстанымын) негізге алады.
Тарих, қоғамның, мемлекеттің негізін жасаушы халықтан басқа, жеке, дара тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің рөлін де жоққа шығармайды және тарихи дамудың жалпы ағымындағы кездейсоқ факторлардың маңызына да көңіл бөледі.
Әрбір халық, көне дәуірден бастап, өзінің отаны, жері, елі, тілі, дәстүрі үшін, жанын аямай ерлік көрсеткен бабаларын, мәңгілік есінде ұстайды. Мысалы, жоңғарлардан және Еділ-Жайық қалмақтарынан өз жерін босатып алудағы қазақ хандарының, батырларының XVIII ғасырдағы ерліктері. Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының күресі - Отан соғысы болып табылады. Айталық, Есімханның жоңғарлармен соғыста ерлігі, оларды жеңгеннің белгісі ретінде Есімхан Ыстық - көлге құятын Тупа өзенінің оң жағасында, Санташ қорғанын салған.
Танымның диалектикалық-материалистік әдісі тарих ғылымының барлық саласына ортақ, жалпы әдіс болып табылады. Осы әдістің негізінде әрбір ғылым пәндеріне қолданылатын зерттеудің объективтік әдістері жасалады. Диалектикалық әдіс қоғамды бейне бір тұрақты түрде дамуда болатын тірі организм ретінде қарайды. Тарихи зерттеулерде диалектикалық әдістен басқа маңызды орынды тарихи әдіс те алады. Тарих шындыққа негізделген нақтылы деректерді (фактілерді), оқиғаларды, болған құбылыстарды түсіндіреді. Тарихи әдіс шынайы болған үдерістерді (процестерді) немесе оқиғаларды хронологияны негіз ала отырып, тарихи-нақтылы зерттеуді талап етеді. Тарихшы үшін диалектикалық және тарихи әдістердің өзара қатынастарын білудің үлкен маңызы бар.
Нақтылы-тарихи әдіс (конкретно-исторический) сол тарихи үрдістің даму барысына айтарлықтай әсерін тигізбейтін эмпириялық кездейсоқ мәліметтерге анықтама беріп, тоқталуға ешқандай міндетті емес. (Мысалы, адамның сыртқы бейнесі, пішіні немесе мінген атының түрі, нұсқасы және т.б.).
Логикалық әдіс. Ойдың логикалық жүйесі немесе қисынды әдіс, тарихшыларды, зерттеу барысында олардың жолында кездесіп қалатын қателіктерден - субъективтік пікірлерден, кездейсоқ құбылыстардан алдын ала сақтандырады. Логикалық, қисынды әдіс зерттеу негізінде оқиғаның дамуының тек қажетті кезеңін баяндайды. Сондықтан да, қисынды (логикалық) тәсіл болған оқиғаларды жалпылама сипаттау түрінде, бірақ олардың тарихи қалай пайда болуына байланысты ретімен, жүйелі, дәйекті зерттейді. Ал тарихта сол ұғымдар мен санаттар (категориялар) сол тарихи дамудың ретіне сәйкес келеді.
Логикалық әдіс ізденіс барысында абстрактылы, дерексіз ұғымнан нақтылы, дәлелді ұғымға келсе, ал тарихи әдіс өзінің зерттеу жолын нақтыдан бастап нақты, дәлелді шешімге келеді.
Логикалық және тарихи әдістердің айырмашылықтары туралы айтқанымызбен, шындығында олар бір-бірімен тығыз, ажыраспайтындай бірлікте. Осы әдістердің бір-бірінен алшақтануы зерттеушілерді қателікке ұшыратады. Мысал келтірейік. Егер зерттеуші тек тарихи әдісті қолданып, жиналған деректердің негізінде ғана оқиғаны баяндаса, теориялық тұжырым жасамаса, оқиғаның мәнін түсіндірмесе, яғни, зерттеуші оқиғаның себептерін ашпаса, онда мұндай зерттеу, ғылыми жағынан таяз, дәлірек айтсақ тұрпайы, эмпириялық болады. Эмпиризм деген зерттеу әдісі оқиғаны деректер негізінде сипаттау, оған пайымдау жасамай, теориялық қорытындыға келмейді. Бұл әдіс бойынша болған оқиғаны жекелеген деректердің, құбылыстардың негізінде оқу, бірақ жалпы теориялық қорытындыны бағаламау. Керісінше, егер тарихшы тек қисынды (логикалық) әдісті қолданып оқиғалардың маңызын түсіндірсе, бірақ нақтылы-тарихи үрдісті хронологиялық ретімен сипаттамаса, мұндай зерттеулер тарихи емес, теорияға айналып кетеді.
Ф. Энгельс, логиканың тарихта қолданылуының қажеттігін ескере отырып, былай деп пікірін білдірді: «Тарих өзінің қозғалысында өте жиі ирек-ирек, секіре шапқандай жол жүреді, ал егер де осы барысымен барлық мәселені қарасақ, онда түкке тұрмайтын көптеген мәліметтерді көтеріп қана қоймай, ой жүрісін де өте жиі үзуге тура келер еді», - деген (қараңыз: К. Маркс, Ф. Энгельс. Шығармалар жинағы. 13 том. 497).
Шындығында да, нақты тарихи әдіс барлық эмпириялық кездейсоқтықты баяндауға міндетті емес.
Сонымен, тарихтың келелі мәселелерін зерттегенде, тарихшы осы мәселенің ерекшелігін, оған тән сипатын ескере отырып, зерттеуге тиімді әдістерді таңдап алып, қолданады.

Ұлттық тарихты зерттеудің әдіснамасы мен ғылыми ізденістерді жаңарту жолдары. Халықаралық ғылыми-әдіснамалық семинар-тренингінің материалдар жинағы. Астана, 2014.  Б. 189-195.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   55




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет