Салт-дәСТҮрлердің МӘдениетпен ұштасуы қосанбаев қ



Дата11.02.2018
өлшемі124,98 Kb.
#37550
ӘОЖ 184:16(236)
САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРДІҢ МӘДЕНИЕТПЕН ҰШТАСУЫ
ҚОСАНБАЕВ Қ.
Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі дүние жүзі халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрлерінен көш ілгері болып келеді, оның тұнып жатқан асыл маржандарын толықтай жинақтай келіп, мәдениет пен салт-дәстүрдің өзара диалектикалық бірлігі туралы сөз қозғалады. Қазақтың салт-дәстүрі адамның болмысын қалыптастыруда, тәрбиенің орны ерекше екенін атап өтеді.

Кілт сөздер: салт-дәстүр, дәм, тәтті-дәмді, даналық, тектілік.


Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі дүние жүзі халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрінен көш ілгері болып келеді, оның тұнып жатқан асыл маржандарын толықтай жинақтай келіп, қазіргі жастарға жеткізу – біздер үшін парыз деп түсінеміз.

Қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің жоғары екендігі дүние жүзіндегі өркениетті елдерге ертеден-ақ белгілі болған. Қазақ еліне, оның салты мен дәстүріне, мәдениетіне деген қызығушылықты әріден бастамай-ақ, орыс ғалымдарынан бастасақ: атақты ғалымдар А.Алекторов, А.Левшин, Н.Гродековтардың халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін таңдана қызығып жүріп жинап жариялаған еңбектерін атап өтсек те жеткілікті болар.

Мәселен А.Алекторов өзінің «Қазақта баланың дүниеге келуі, тәрбиеленуі, ата-аналардың құқықтары мен билігі туралы» атты еңбегінде:«... Егер әйел аман-есен босанса, барлық жиналғандарға тамақ әзірленеді, қой сойылып, еттің бір бөлігін жаңа босанған әйелге қалдырады, қалғанын қонақтарға асып береді. Қойдың омыртқасын киіз үйдің ең жоғарғы жеріне іліп қояды; бұл ішкі ордадағы қалмақ мектебінің мұғалімі Голодновтың маған айтқанындай, нәрестенің мойны қатып, басын ұстай алатындай күйге жетуі үшін істелінеді. Омыртқа 40 күн бойына ілулі тұрады...» [1] деп мектебі, медицинасы жоқ сахара перзенттерінің даналығына, дәстүріне таңданыс-сүйсініс жасыра алмаса, А.Левшин «Ізеттіліктің жалпы белгілері» еңбегінде: «Әйелдер кездескенде жалпы қабылданған әдеттерді сақтаулары тиіс. Әлеуметтік жағдайлары тең әйелдер кезіккенде қол алыспайды, еш уақытта сүйіспейді, тек біріншісі екіншісіне жай ғана иіледі, бірақ ханша немесе белгілі сұлтан әйелін кездестіргенде жанарын төмен түсіріп және иіліп, бетін қолымен сипап сәлемдесуі керек. Жас әйел жасы үлкен туыстарының алдында бір тізесін бүгіп, иіліп сәлем істейді...[2]» – үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуді, ертеден-ақ ата салтына айналдырып, «Сәлем-сөздің анасы» екендігін бір мезет те естен шығармай, естілік пен тектілікті қатар алып жүре білген қазақ әйелінің ешбір ұлтқа ұқсамайтын нәзіктігі мен ибалылығынатәнті болғандығын жасырмайды. Немесе А.С. Пушкиннің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын жазып алып аудартуының өзі біздің салт дәстүрімізге, мәдениетімізге деген құштарлықты байқатады. Біздер 40-50 жылдары туған азаматтар ауыз әдебиетке деген құштарлығымыз мықты болғандығы сондай, жыр айтатын адамдар ауылымыздың бір үйіне келе қалса сол маңның адамдары түгел жиналып, таң атқанша жыр тыңдайтын едік. Біз, аға буын өкілдері дуалы ауыз жыршылардан «Қарасай-Қазы», «Алпамыс», «Қобыланды», «Манас», «Мұңлық-Зарлық», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», т.б. дастандарын, Абыл, Қашаған, Ақтан, Нұрым, Мұрат, Әбубәкір, Бала Ораз жырларын, айтыстарын тыңдап өстік. Міне осындай рухтатәрбиеленген ұрпақтардың өкілдері қазірдің өзінде әр салада жұмыс атқарып жүр. Өз бойымызғы сіңген немесе сіңіре алмасақ та білетінигілікті әдет-ғұрып пен одан туындап жатқан мәдениетімізді кейінгілерге жеткізу – біздердің мойнымызда.

Күні бүгінге дейін кейбіреулердің лексикасынан мықтап орын алған қазақтың салт-дәстүрі, оның мәдениеті төмен, әйел теңдігі болмаған, қыздар теңіне қосыла алмаған, малға сатып күң есебінде ұстаған, тұтасымен алғанда адамгершілік мәдениеті төмен деген пікірлерге талдау жасап қаралықшы. Қазір де, бұрын да кез келген ата-ана баласының көргенді, әдепті қызды келін етіп түсіргенін жақсы көрмей ме? Осыған орай, баласына қыз қарап, өздерінің ұнатқан адамының қызына баласының келісімімен құда түсіріп айттыру салты бұрын болған, қазір де бар. Бір үйдің әлпештеп отырған баласын келін етіп өз үйіне біржолата алатын болғандықтан, оған сый-сияпат беруді, қалың малын беруді сатып алған немесе қызды сатқан деп түсінуге бола ма? Немесе қыз ұзататын үй жарлылау болған жағдайда той шығынына қыздың жасауы үшін алдын ала мал беріп, көмектесетін болған. Біз бұдан адмгершілікті, бір-біріне көмектесуді, достықты, адамдық қасиеттің ең жоғарғы мәдениетін көріп отырған жоқпыз ба? Қазақтың мәдениеті асқақтап, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жалаулап тұрған кездерде алған келін күйеуімен ажырасатын, төркініне қайтып келетін ұнамсыз жағдайлар болмаған. Егер де қосылған күйеуі қайтыс болған уақыттың өзінде жыл садақасы өткеннен кейін сол ауылдың ақсақал қариялары келіннің келісуімен өзінің қалаған қайнысына немесе қайнағасына қосып отырған. Ол үшін де келіннің төркініне барып, алдынан өтіп, ата-анасынан келісім алатын болған. Жесір қалған келінді одан туған баланы рұқсат беріп, басқа адамға тұрмысқа шығуын біріншіден ар көрсе, екіншіден, жесір ана, жетім бала етіп жібермей, баласының шаңырағын құлатпай, қиындыққа ұшыратпай, қамқорлыққа осылай алып отырған. Немесе адамгершілік тәрбиесінің ең жоғарғы мәдениетін ұстанып келген.

Қазақта аналар қыздарының тәрбиесін өз қолдарына алатын болған. «Қызға қырықт үйден тыйым», «Қыздың жолы жіңішке» деген астарлы сөздерді ес біліп, етек жаба бастаған кезінен-ақ түсіндірген. Әрбір ана қыздарына болашақта тұрмыс құрып, ана болатындарын, отау көтеріп, перзент сүйетінін, сүйіп қосылған қосағын сыйлау, ер адам елдің ағасы екендігін, оның бетін қайтармай,араздаспай, татулықты бұзбай жүрудің жолдарын түсіндіріп келген. Ақылды аналар қыздарына жатпай-тұрмай некеленбей тұрып жыныстық қатынас жасауы өз бақытын өз мерт еткені, ақ некелі күйеуінің көзіне, шөп салу өте кесапат қылмыс екенін түсіндіріп, жүрегіне берік ұялатуға тырысқан.

Енді ұзатылған қыздың төңірегіндегі бір-екі салтымызға ғана тоқтала кетейік.

Тұрмыстық жағдайлары жоғары, бай адамдар қыздарын ұзатқанда алты қанат отауын да даярлапберетін болған. Некесі қиылған жастарды отауы көтеріліп даяр тұрса отауына кіргізеді. Жастарға отау тігілген жағдайда әуелі жеңгелері қалыңдықты кіргізеді. Кірген қалыңдық шаңыраққа иіліп сәлем етеді, содан соң сол жақ қанатқа барып бір тізерлеп отырады. Сол кезде үйге күйеу жігітті кіргізеді. Күйеу төрге барып отырады. Күйеу мен қалыңдыққа еріп келген үлкенді-кішілі адамдар жаңа көтерілген отауға құтты болсын айтып, шашу шашып, көрімдіктерін береді. Әкелген бұйымдары болса керегенің басына іледі. Сол жерде құдай жолына деп мал сойылып, ақсақалдар келіп астан ауыз тиіп, жас жұбайларға баталарын береді. Қыз жеңгелері отауға немесе жастарға арналған орынға шымылдық құрып, жігіт пен қалыңдыққа арнап төсек салып, үстіне ақ неке деп ақ жібек жайып, екі жасты оңаша қалдырады. Бұл түнді ақ неке түні деп атайды. Бұл түнде қыздың болашақ жарының алдындағы арының адалдығы мен абыройының биіктігі дәлелденеді. Қалыңдықтың адалдық қасиетті таза сақтап, заңды некеге дейін етегі ашылмай құтты орнына қонуы қыздың өзінің ғана емес, елі мен ата-анасының, туыстарының, нағашыларының мерейін үстем етіп, абыройын асырып, болашақ отбасының тату-тәтті, көңілді өмір сүруінің негізі қаланады. Қазақтың қыздары өзінен жасы үлкен адамдардың алдынан кесе көлденең өтпеген. Егерде жасы үлкен адам сөйлеп жатса, қандай тығыз жұмыс болып қалса да сөзін бөлмей соңын күткен. Келіндер таңертең ата-енесін ұйқыдан оятпай ерте тұрып, үй шаруасын тындырып, асын әзірлеп, атасының дәрет алатын суына дейін жылытып, даярлап қоятын болған. Келіндер жасы үлкендерге туыстық жағынан жақындарына иіліп тәжім етіп, сәлем берумен келген. Осы бір әдет-ғұрыптан жасы үлкен адамды сыйлаудың ең озық мәдениетін ғана көруге болады. Сол сияқты ата-енелерінің қайнаға, қайынінілерінің, қайынсіңлілерінің аттарын атамай ата-ене, үлкен үйдегі қайнаға, кіші үйдегі қайнаға, кіші бала, кенже бала, қайынсіңлілерін сырғалым, шашбаулым деп атап, т.с.с. бадырайтып атын атауды ерсі көрген, еш бір адамға сен деп айтпаған, сіз деп сөйлеген. Осыған орай атын атамайды дегеннен шыққан бір күлдіргі әңгімені айта кетелік.

Қазақ қыздарының парасаттылығы мен ақылдылығы, мәдениеттілігі әртүрлі вариантта аңыз-әңгімеге айналып отырған. Соның бірін айтып беруді дұрыс көріп отырмыз. Бұрынырақта аталарымыздың аттан түспей жортып жүрген кездерінде 7, 8 жыл ел көрмей, енді ғана жорықтан оралып, ел шетіне келіп, бір құдықтың басына аттарын суаруға бұрылып келсе, талдырмаш қыз бала сәлем беріп, солардың ішіндегі егде тартқан бір кісінің атының тартпасын босатып, жүгенінің сулығын алып ерекше ілтипат көрсетіпті. Осыны байқаған жорықшылардың бірі: «Әй, шырағым, осыншама адамның ішінен мына кісіге ерекше құрмет көрсетуіңіз қалай?», – деп сұрағанда, қыз: «Бұл кісі менің нағашы ағамның жалғыз қызының күйеуі еді,» – деп жауап беріпті. Сонда жолаушылар балдызы болды ғой десіп, аттарын сұрап, жаңағы ерекше құрметтелген адамның ауылы сол жерден қашық емес екен, сол ауылға жүріп кетіпті. Жолда келе жатып, «жаңағы баланы таныдыңыз ба?» – деп сұрағанда, «елден кеткелі 7-8 болды, жас адамдар өзгеріп кетеді, таныта қоя ма, ауылға барғансын сұрастырып білерміз?» – депті де қойыпты. Қайсыбіреулері шамасы жиенің-ау десе, екіншілері «нағашы қарындасы болу керек», – деп толық аырата алмаумен ауылға келіпті. Көп жылдар далада жорықта жүріп, елге аман оралу деген үлкен той емес пе?! Ауыл қуаныштың әбігерімен қонақ күту қамына кірісіп те кетсе керек. Сол кезде малын суарып болып, қыз бала да үйге келіпті. Үйге келген қыз қонақтарға сәлем бермегенсін, анасы ренжіп: «Әкең бастаған елдің азаматтары жаудан аман-есен оралып отыр, неге сәлем бермейсін?» – дегенде, «мен жаңа судың басында кездесіп, көрісіп амандасқанмын», – деп жауап беріпті. Осы әңгімені естігенде қыздың әкесі де, қасындағы адамдар да баланың сабырлығы мен адалдылығына, парасатына қайран қалса керек. Бұндай ақылдылық пен сабырлықтың ең жоғары мәдениеті тек қана қазақ жастарында болған. Бұрын қазақ салтында әйел адамдар ерекше құрметтеліп, сыйланып келген. Елге белгілі күні кешеге дейін қазақ қыздары басына қызыл орамал тартып келеді. Ол оның қыз бала екендігінің белгісі болып есептеледі. Қыз-келін болып түскеннен кейін оның орамалы өзгереді, басына ақ орамал тартады. Ондайда орамалын өзгертті деп айтылады. Бұл сөздің астарында қыз ұзатылып басқа елге келін болғанын білдіреді. Басына қызыл орамал тартқан әйел адам келсе, оның қыз бала екендігі белгілі болып, оның қасында түрлі дөрекі әзілдер, ұнамсыз сөздер айтылмаған. Қазақ қыз баланы төріне шығарып сыйлаған. Бұл дәстүрді қыз баланы әдепті, көргенді, үлкенді сыйлай білетін және ақылдылыққа тәрбиелеудің жолы деп түсінеміз.

Жас келіннің қазаққа ғана тән тамаша қасиеттерінің бірін белгілі ғалым Халел Арғынбаев өзінің «Қазақтың отбасылық дәстүрлері» кітабында былайша нақтылай түседі: «Жаңа түскен жас келіндер үлкен үйдің баласы болып келеді. Сондықтан күйеуінің үлкен әкесін «әке» не «ата» десе, әжесін «әже» дейді. Ал күйеуінің әкесін оның аға-інілерін «үлкен ата», «ата», «кіші ата» дейді. Күйеуінің ағаларына «үлкен аға», «жақсы аға», «ата», «көке» деген аттар қойса, інілеріне «сол жігіт», «молда жігіт»,»мырза жігіт», «ортаншым», «тетелес», «інішегім», «кенже» т.б. қайын сіңлілерін «шырайлым», «еркежан», «еркем», «еркешім», «молда қыз», «айдарлым», «кекілдім» т.б. деп атаған. Қазақ әйелдері күйеулерінің де аттарын атамай, оларды «отағасы», «біздің үйдің кісісі», «әлгі» дейтін болған. Күйеуінің құрдастарының да атын атамай , оларды «құрдас атандыратын» [3]. Осыдан-ақ қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, оған арнайы ат қойып, оны өле-өлгенше есіне сақтауды үлкен әдептілік, көргенділік деп білгендігін байқаймыз. Шындығында да бұл халқымыздың қанына сіңісіп болған абзал әдет. Қайырымдылық бауырымалдық, достастық тұрғысында біздің ұлттық салт-дәстүрімізді ең жоғары деңгейге қоюға әбден-ақ болады.

Көп мезгілдерге дейін қазақ еш уақытта есігін кілттемеген. Қазірге кезде де қазақтардың көбі күндіз есігін кілттемейді. Үйге келген адамға ол танитын болсын, танымайтын болсын жоғары шығыңыз деп төрін ұсынады. Ол адам «шатасып кіріппін, іздегенім басқа үй еді,» – деп рахметін айтып кететін жағдайда, ас ауыз тиіңіз деп, нан немесе басқа да тағам ұсынады. Бұл дәстүр жайында академик-жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» кітабында былай дейді. «Үйге – кірген кісіге қазақ ас татырмай жібермейді. Сондағы беретіні бар болса, қымыз, ол болмаса айран, ірімшік, құрт сияқты тағамдар болған».

Арабша «дәм», «тағам» деген сөздің қазақша мағынасы – «ас», «тамақ». Дәмді жоғары тұтатын қазақ «дәм-тұзымды тат, расыңды «айт» дейді. Қастандық қылған біреуді «дәм-тұзына тапсырады, «татқан дәмге қас қылған жігіт оңбас» дегенді өлеңіне қосады.

Үйіне алыстан келген адамға бірнеше күн тегін тамақ беру қазақтың ертеден келе жатқан ата дағдысы. Сол дағды күні бүгінгі дейін бар. Қазақтың әр үйі «тәтті-дәмді» дейтін асын өзі татпай, қонақ келсе «ұялып қаламыз деп, көпке дейін соған сақтайды.

Қонаққа беретін тамақ «қонағасы» деп аталады. Қонағасы келген кісісіне қарай әрқилы болады. Бірақ қазақ келген қонақтың қандайын болса да отырғызбай аттандырмайды[4]. Расымен-ақ «қырықтың бірін- Қыдыр» көріп, «кешкі асқа қарамайтын, ертеңгі асты тастамайтын» кез келген қонағын құдасындай сыйлап, қуыс үйінен құр шығармайтын» қазақтың дархандығында, кеңпейілдігінде шек бар ма? Бұндай дәстүр қазақтан басқа ұлтта жоқ.

Қазақ үлкен ұлына енші беріп, шаңырағын көтеріп, алдына мал салып, бөлек үй етіп шығарып отырады. Кіші ұлын қолына ұстайды. Әйтеке бидің өсиетінде: «Үлкен балаға енші тисе, кіші балаға мұра, үлкен ағаға бұйырса, кенже ініге қара орын бұйырған» деген бар. Ата-ананың шаңырағы кіші балаға қалып отырған. Ғылымда бұл салтты минорат үрдісі деп атайды. Бұл қағида көшпелілердің үрдісі ғана ошақ басы қарым-қатынасында емес, саяси мемлекеттік құрылымында да қатты қадағаланған. Егер ағайын арасында туыстық жолмен табыса алмай жүргендерге «өкіл аға», «ноқта аға» етіп табыстыру да осы қағидаларға кіреді. Қазақ үшін татулықтың, тұтастықтың асқақ өлшемі – екі туып, бірі қалу, сондықтан да бүкіл ұлтымызды екі туып, бір қалған етіп көрсету идеологиясын ұстанған. Ескіден келе жатқан, санаңа сіңіп қалған әдет-ғұрыптардың барлығын дұрыс, еліміздің қазіргі ұстанып отырған саясаты мен ұлттық идеологиясына сай деп толықтай қолдану керек деген тұжырым жасауға әрине болмайды. Кейбір қолданылып келе жатқан үрдістерге Әйтеке биден бастап наразылық көрсетіп оның өзгеруін талап еткен. Әсіресе, қазақ қауымен өрге басуға кедергі келтірер кертартпа дәстүрлерге батыл қарсы шыққандығында.

Адамды, азаматты ата тегіне қарап емес, қабілетіне қарап бағалауға үндегендігінде. Сол арқылы халқына қамқор, еліне пана бола аларлық шын асылдар мен шын арыстардың көбейе түсуін көксегеніне. Әсіресе қазаққа өз-өзін тұтас ел қылып басқарар уақыттың келгендігін айрықша баса көрсеткендігінде. Ешкімге есесін жібермес би, батырлықпен қоса, көрші елдермен тату болып, тіл табыса алар мәмілегерлікке де қатты мән беруде біздің Әйтеке сияқты билеріміздің мүдделі болғандығын айтқанымыз жөн болар. Біздің еліміз – қазақтың халықтық мұраттың көксеген биігіне емін-еркін көтере алатын майталман болса екен деп тілейді. Ел мұраты алындағы сол мақсат билік жолындағы күрестің құрбандығына шалынып кетпесе болар еді деп уайым жеген. Сол бабаларымыздың көксеген амандары қазір орындалып отырғанына тәуба дейміз.

Сонымен қазақ жұртының қазақ болып, біртұтас елге айналуында, өркендеуінде айтулы хан-сұлтандарымыз, батырларымыз бен бірге көсем-билеріміздің де айрықша үлес қосқанын айту егемен елдікке қолымыздың жетуі арқасында ғана мүмкін болып отыр. Бір темір қоршау, жабық қараңғы түрме салмаған халықпыз. Бұл көріністер турасын айтқанда әлемге әйгілеп, ту етіп көтеруге тұратын қоғамдық адамдық мәдиениеттің ең жоғарғы шегі десек қателеспейміз. Дүние жүзі халықтарының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының адам тәрбиесіндегі өресі, қазақ деген халықтың адам баласына деген ғибратты ойынан туындаған философиялық тұрғыдан зерделенген, ақылшы билеріміздің өте жоғары мәдениетпен сусындаған асыл қазына болып есептелетін өсиеттерінен әлдеқайда төмен жатқандығын кейбір ойшылдарымыз мойындауда. Осыған орай Қазақстанның халық жазушысы Еңбек ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың қазақ билері туралы әңгімесінен үзінді келтіруді жөн көрдік: «...Үш жүздің басын қосып өткізген жиындарда дуалы ауыз билер мен шешендердің сөзінен адам тәрбиесінің ең шыңында тұратын халықтың салт-дәстүрлері мен дуалы мақал-мәтелдері халыққа тарап жататын болған. Сол кездерде әуелден, ел үстінде күн кешкен киелі тұқым төрелердің емес, халықтың өзінен еріп, халықтың өзі қамшы ұстатқан жабы тұқым-қызыл тілін безеген билердің абыройы аспандап шыға келген-ді. Сұлтандардың не марғасқаларына бір тайпаның тізгіні не тиіп, не тимей жүргенде, от тілді, орақ ауызды билерге бір-бір ұлыстың тізгіні бұйырды.Қазақтың төрінде Тәукеден кейінгі аруақты адамдар да солар болып алды. Ұлы жүздің тізгіні де, қамшысы да үйсін Төле бидің, Орта жүздің тізгіні де, қамшысы арғын Қазыбектің, кіші жүздің тізгіні де, қамшысы да әлім Әйтекенің қолына көшті. Халық не десе, о десін, бірақ ол үш жорғаның жұрт алдында бір-бірімен қарсы келгенін ешкім көрген емес.

Адам қажеттілігін өтейтін барлық құндылықтар – материалдық, рухани және әлеуметтік категориялар дәстүрдің негізгі құндылықтары. «Салт–дәстүр – тіл мен мәдениет бастауларының анасы» деген XVIII ғасырдағы неміс ағартушысы И.Г.Гердер. Дәстүрімізді сақтасақ, ана тілімізді сақтаймыз.

Зейнеп Ахметова «Әділет» газетіндегі 5 қыркүйек 2014 жылғы сұхбатында [5]:

– «Отбасы – шағын мемлекет» деген. Ал, оны сақтап қалу әсіресе әйел баласына байланысты. Қыз бала, мейлі, ол қанша жерден тұла өскен болса да, қызықты қыз дәуренімен қоштасып, өзге босағаны аттап, келін болған соң сол жерге тастай батып, судай сіңудің амалын қарастыруы қажет. Ал бұл мәселеде ана тәрбиесінің орны ерекше. Кез келген ана қыз баланы ерте жастан кең болуға баулу қажет», – дейді.

Зейнеп Ахметқызы осы газетке берген сұхбатын «Жақсы әйел – үйдің берекесі, жаман әйел – ердің келекесі», «Шыққан қыз шиден тысқары» деген. Тұрмыс құрған қыз бала үшін өз әкесінің үйі сағынып қана келіп, аунап -қунап, еркелеп кететін ғана жер болуы қажет. Және күйеуге тиген қыз төркініне жалғыз емес, күйеуімен келгені абзал. Жалғыз келсе босаға «Күйеуін жамандайды, енесін жамандайды» деп дірілдеуі мүмкін деген наным-сенім де бар. Оған да ден қойған жөн. Жалпы, менің анам былай дейтін: «балам күйеуіңе жаққың келсе, тым тәтті болма, жұтып қояды, тым ащы болма, түкіріп тастайды, дәмді бол», – деп түйіндейді.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Алекторов А. Қазакта баланың дүниеге келуі, тәрбиеленуі, ата-аналардың құқықтары мен билігі туралы. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. ІІ том. – А., 2006. – 106 б.

2. Левшин А. «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей». Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. ІІ том. – А., 2006. – 233 б.

3. Арғынбаев Х. Қазақтың отбасылық дәстүрлері. – А., 2005. –31 б.

4..Мұқанов С. «Халық мұрасы». – А., 2005. –126-127 б.

5. Ахметқызы З. «Қыз төркініне жалғыз келмеуі керек...» / «Әділет»,


5 қыркүйек 2014. – №31 (191). – 8 б.
КОСАНБАЕВ К. СОПРИКОСНОВЕНИЕ ТРАДИЦИИ И КУЛЬТУРЫ

Казахская культура и традиции с культурой и традициями народов мира вместе идут вперед, собирая и пополняя нетронутую драгоценную сокровищницу. В статье рассматриваеются вопросы о диалектическом единстве между культурой и традициями. Казахстанские традиции формируют человеческую сущность, отмечая особое место их в воспитании.

Ключевые слова: традиция, вкусности, сладости, гениальность, благородство.


KOSANBAEV K. TRADITIONS AND CULTURE OF CONTACT

Kazakh culture and traditions of the culture and traditions of the peoples of the world together going forward, collecting and adding to the precious treasure of untouched. Raised the question of the dialectical unity between culture and traditions. Kazakh traditions form the human essence, marking a special place in their upbringing.

Keywords: tradition, goodies, sweets, genius, nobility.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет