Сейдімханова Толкын Болатовна



Дата19.12.2016
өлшемі79,48 Kb.
#4166
Сейдімханова Толкын Болатовна

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

Университетінің аға оқытушысы
Мақал – мәтел - шешендік сөз мәйегі
Шешендік толғаудың енді бір үлгісі-мақал мен мәтел. Қазақ халық мақал-мәтелдері ертек, аңыз, әңгіме, батырлық, ғашықтық жырлар, қара өлеңдер секілді халық туындыларымен қанаттас бірге жасап келеді. Олай дейтініміз У-ХІ ғасырлардан сақталған сирек жазбаларда мақал-мәтелді мол кездестіруге болады. Мысалы: Орхон Енисей жазбасында «Жарық болса сыйлық берер, жақын болса жақсы сыйлық берер», Күлтегінде: «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген», Тоныкөкте: «Өлімнен ұят күшті», «Жұқаны тарылту оңай, жіңішкені ұзу оңай», - деген тәрізді мақал-мәтелдерге кездесеміз.

Ал, ХІ ғасырдағы М.Қашқаридың «Дивани-лұғат-ат-түрік» деген еңбегінде «Ұлық болсаң,кішік бол, халық үшін бөлек бол», «Кісі аласы ішінде, жылқы аласы сыртында», «Тай ат болса-ат тынар, ұл ер болса-ата тынар», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде»: «Біліп сөйлеген білікке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр», «Ауыздан бірде от, бірде су шығар, бірі жанса, бірі сөндірер», - деп келеді.

Мақал мен мәтел-егіз жанр, алайда оларды бір жанр деп қараған дұрысырақ болар. Әрине, мағанасы, құрылысы, атқаратын қызметіне бойлап қарасақ, белгілі бір айырмашылықтар жоқ емес. Мақал аяқталған ойды білдіреді, өз алдына мағынаға ие болады. Мысалы: «Толмасқа құйма, тоймасқа берме». Мәтел дербес тұрып жинақталған ойды бере алмайды, тек бір ойды мегзеп, айқындайды. Мысалы: «Көрегеннен көз ақы алған», «Аяз әліңді біл» т.б

Белгілі этнограф жазушы В.И.Даль «Пословицы русского народа» еңбегінде: «Мәтел-халық сөзімен айтқанда, гүл, ал мақал-жидек»,- (1.53) дейді, ал ғалым М.А.Рыбников «Русские пословицы и поговорки»деген еңбегінде «Мәтел-бұл сөз оралымы қалыптаспаған сөйлеу,пікірдің элементі. Мақал-аяқталған пікір, біткен ой», - деп түйіндейді. Көлемі шағын, халық тұрмысын, кәсібін, ой парасатын, дүниеге көз қарасын көрсететін поэтикалық жанрды мақал деп қараймыз.

Қазақтың мақал-мәтелдерін поэтикалық құрылысына қарай: қара сөзді және өлең сөзді деп екі жікке бөлуге болады. Қара сөзді мақал мәтелдер әдетте кемі екі сөзден тұрады, ішкі ұйқасты негізге алады. Сөйлемдер бірыңғай көркем сөзден құралады.

Мысалы: Жақсы ат жанға серік; «Ер шекіспей бекіспейді; Күшіңе сенбе ісіңе сен; Шыдағанға шыдаған; Сезікті секіреді; Ел құлағы елу» т.б.

Мақал-мәтелдердің көбі өлең сөзге құралған, себебі жоғарыдағы мақал-мәтелдердің өзін (қара сөзді) бір тармақ деп қарауға болар еді. Алайда, өлең деп аталу үшін кемі екі тармақ болуы шарт. Жалпы өлең сөзді мақал-мәтелдерді екі тармақты, үш тармақты, төрт тармақты, көп тармақты деп қараймыз.Қос тармақты мақалдар: Мысалы:

Еттің бәрі қазы емес,

Иттің бәрі тазы емес.
немесе:
Жаңылмас жақ болмайды,

Сүрінбес тұяқ болмайды.

Үш тармақты мақалдар: Мысалы:

Ел күйінгенде күйінген батыр,

Ел сүйінгенде сүйінген батыр,

Ерегісте мыңға татыр, болмаса.

немесе:

Болат қанға тоқтады,

Тентек көпке тоқтады,

Жомарт жоққа тоқтады.


Төрт тармақты мақалдар: Мысалы:
Тауда туған құлынның,

Екі көзі таста болар.

Ашаршылықта туған баланың,

Екі көзі аста болар.

немесе:
Жетімшілік көп көрген,

Үш шақыртпай «ә» демес.

Ашаршылық көп көрген,

Өзі тоймай «мә»демес.[2. 231 ]


Мақал-мәтелдер өлең тектес болғандықтан да олар белгілі бір ұйқасқа құралады. Ұйқас өлең сөзді мақалдардың негізгі қасиеті. Мына бір мақал-мәтел тектес шешендік сөздер алғаш шалыс ұйқасқа, сонан соң кезекті ұйқасқа, соңында қара өлең ұйқасына құрылған.Айталық:

Жаман сайға су түссе,

Өткел бермес көшуге.

Жаман кісіге мал бітсе,

Сусын бермес ішуге.
Сондай-ақ мақал-мәтелдерде әдеби-көркемдеу тәсілдері де сан алуан қолданылып отырады. Мысалы:
Шешенің судай төгілген,

Тыңдаушың бордай егілген.

Көлден кетсе жалғыз мұң,

Елден кетсе жалғыз мұң. .[2. 321 ]


«Іштен шықан шұбар жылан», не «Тұяқты тұяқ жібермейді», немесе «Көз-қорқақ, қол батыр». Енді бір мақал-мәтелдерде батырлар жырындағыдай әсірелеу кездеседі.

Мысалы: «Қылауын тапса қар жауар», «Көп түкірсе-көл», «Сырдың суы сирағынан келмейді» т.б.

Бұларда айрықша көзге ұратын басындағы қайталау және аяғындағы қайталау. Мысалы:
Көп көрген нұсқа,

Көп істеген ұста.

Тау тасымен көрікті,

Табақ асымен көрікті.


Мақал-мәтелдерден және бір байқағанымыз, онда бір-бірімен қарама-қарсы сөздердің жиі пайдалануы:
Дос жылатып айтады,

Дұшпан күлдіріп айтады.

Көрдім деген» көп сөз,

Көрмедім» деген бір сөз.


Тағы бір айтарымыз, мақал мен мәтелдерде ассонанс пен аллитерациялардың молдығы. Мысалы:
Жаман атқа жал бітсе,

Жанын торсық байлатпас.

Жаман адамға мал бітпес,

Жанына қоңсы қондырмас. .[2. 431 ]

Сонымен, мақал-мәтел халықтың сан ғасырлық көрген, білгенінен, бастан кешкенінен қорытқан ақыл-ой жиынтығы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әрі шешендік өнердің шағын туындысы.

Қазақ әрқашан тұспалдап, меңзеп сөйлеуді сүйетін халық. Сонау жаугершілік заманда қазақ еліне келген елшіні біреулер «құртайық» десе, екіншілері «босатайық»десіп, ақыры Төле, Қазыбек, Әйтеке тұжырымына қол қойыпты. Төбе басына келген үшеудің көз алдында бір топ қаз көлге келіп қоныпты. Сонда Төле би тұспалдап, жұмбақтап:


- Мына көлдің алар ма еді қазын атып, - дейді.

- Оғың шығын болмасын жазым атып,

- дейді Әйтеке.
- Құтылмастай пәлеге қалып жүрмейік,

- Қаз екен деп, перінің қызын атып,-


дейді Қазыбек.

Осымен сөз бітіп, елшіге тимей, еліне қайтарылады. Тағы бір мысал: Наурыз деген байдың бір жақсы келіні болыпты. Келіннің күйеуі арық, қызғаншақ, нашар адам екен. Сонда келіп отырған Адай Тоқан деген кісі келіншекпен тұспалдай, әзілдей жұмбақтасып:


Мәністің де мәнісі бар,

Мәніссіздің мәністіде не ісі бар?

Біреулер құландынға қу ілдіреді,

Соның қандай әдісі бар?


- дегенде оған Дәрі деген әлгі келіншек былай жауап қатыпты:
- Иә, мәністің де мәнісі бар,

Мәніссіздің мәністімен не ісі бар?

Құландының бағуы табылып бабына келсе,

Қу түгіл құлан ілетін дәмесі бар.


Сонда Тоқан:
- Құландын қу асық,

Қу суға асық.

Ал, балалар, ат әкел,

Ауыз жыртар құр қасық, - .[2. 112 ]


деп аттанып кетіпті.

Белгілі Сырым шешен бір қызы бар үйде отырып, қызды сынау үшін жұмбақтай:

Мынау үйдің міні жоқ, бірақ шаңырағы шалқақ екен, - депті.

Сонда қыз өзі туралы тұспалды түсініп:

Шаңырағы шалқақ болғанмен, түтіні түзу шығады, - депті. Қыздың ақылдығына риза болған Сырым осы қызға үйленген екен.Болмаса, мынаған көңіл қойып көрейікші. Ертеде қыз бен әкесі жолаушылап келе жатып жол сұрауға бір қойшыға бұрылыпты. Қойшы жол көрсеткен соң:

- Бәрекелді, қыздың мінген жорғасына,

Бұл қызды ерткен жігіт жолы болмасын ба? –
дейді.

Сонда қыз атының басын тежеп:


Есі кеткен есер қойшы,

Менің шешемнің шешесі,

Бұл жігіттің қайын енесі,
Сонда біздер несі? - дегенде әкесі мен қызын шатыстырып әзілдеген қойшы ұялып қалыпты. Осындай жұмбақтай тұспалдауды, не тосын сұраққа табанда сөзбе-сөз жауап қайтаруды шешендік жауаптасу дейміз. Бұған Сырым шешеннің сөзінен біраз мысал келтіруге болады.

Сырым бір жылы орта жүзге барғанда сол елдің жас биі бірнеше сұрақ қояды, сонда Сырым оған былай деп жауап береді:


- Сіз ағайынды нешеусіз?

- Мен ағайынды екеумін.


Сізді Даттан ағайынды он бір деп естуші едік. Менің Даттан ағайынды он бір екенім рас, бірақ олардың маған қажеті қанша? Менің ағайынды екеумін дейтінім, біреуі-өзім, екіншісі-халқым еді.

- Өтірік пен шынның арасы неше шақырым?

-Өтірік пен шынның арасы төрт елі. Көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік, - дейді Сырым.
- Ат не үшін шабады?

- Ер не үшін шабады?

- Ат шабысына қарай шабады.

- Ер намысына қарай шабады.


Болмаса, бірде хан Сырымның баласы Қазыны тұтқынға алып: «Бес сұрақ беремін, соған жауап берсең босатамын», - дейді.
Қатын деген не?

Бала деген не?

Қыз деген не?

Мал деген не?

Инабат деген не?
Сонда Қазы іркілместен былай жауап беріпті:
- Қатын тұрақ емес пе,

Бала шырақ емес пе,

Қыз өріс емес пе,

Мал көріс емес пе,

Инабат ердің азығы емес пе,

Инабатты ер елдің азығы емес пе.


Енді бірде Сырымнан:
- Саудагер мұраты не?

Дау мұраты не?

Жол мұраты не?

Қыз мұраты не? –


деп сұрапты. Сонда Сырым:
Саудагер мұраты - ұту,

Дау мұраты - біту,

Жол мұраты - жету,

Қыз мұраты - кету, -


деген екен.

Орта жүз Қаржас Шорманның баласы Мұса көп кісімен Қанжығалы Саққұлақ шешенге амандасқалы келе жатып, жанындағы көпшіліктен бес ауыз жұмбақ сұрайды:


Ағат деген немене?

Сағат деген немене?

Қанат деген немене?
Бұл жұмбақтардың шешуін қасында еріп келе жатқандар таба алмай

- Мырза, біз жұмбағыңыздың шешуін таба алмадық, өзіңіз шешіп беріңіз,-дейді.Сонда Мұса мырза:

-Арғының ағасына бара жатырмыз ғой, мұны сол кісіге шештірейік, -дейді. Келген соң Мұса жұмбақты Саққұлаққа айтады.
Екі кісі ұрысса,

Ағат емей, немене!

Екі жақсы сөйлессе,

Сағат емей, немене!

Мінген атың болдырмай,

Мәрелі жерге жеткізсе,

Қанат емей, немене!
Жаның емей немене! - деп тоқталмастан шешіп беріпті. Жұмбақтау сөз арқылы ғана емес, ымдау, құралдар пайдалану арқылы да жүзеге асып отырған. Мұндай жұмбақтау шешендік сөздің нағыз шыңы деген абзал.Бұл сөз арқылы берілмейді. Тек ыммен берілгендіктен, кез келген шешен, болмаса алғыр ойлы адамның өзінің шешуі оңай дүние болмаса керек. Осы бір шешендік жұмбақты әлі күнге дейін еш зерттеуші сөз еткен жоқ.

Әдебиеттер:

1. Адамбаев Б. Қазақтың шешендік өнері. Алматы, 2008. – 453 бет



2. Шешендік сөздер. Алматы, 20011. -325 бет

3. Төреқұлов Н. Қазақтық 500 би- шешені. Алматы, 2009. – 459 бет.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет