Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы



Дата27.12.2016
өлшемі80,06 Kb.
#5894
әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-нің аға оқытушысы



Т.Б.Сейдімханова

С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы.

С.Сейфуллиннің ауыз әдебиетін зерттеу тұрғысында істеген еңбегі туралы сөз болғанда негізінен ойға оралатыны оның «Қазақ әдебиеті» атты оқулық-христоматиясы. Сәкен ауыз әдебиеті туралы өзінің ой – тұжырымдарын осы еңбегінде жан-жақты, ғылыми тұрғыда айтып, талдап көрсетуге тырысқан. С.Сейфуллиннің бұл еңбегіне талдау жасағанда, Сәкеннің кітапты, ең алдымен, оқулық-христоматия қажеттілігі тұрғысынан жазғандығына назар аударғанымыз абзал. Бұл жайлы С.Сейфуллиннің өзі: «Журналдарға, газеттерге жазылған кейбір мақалалар болмаса, «пәлен ақынның, түген жазушының жазуы пәлендей» - деп жазылған кейбір үстірт сөздер болмаса, бүгінге дейін қазақ әдебиеті туралы жазылған арнаулы еңбек жоқ. Әсіресе, ескі «ел әдебиеті» туралы жазылған ештеңе жоқ. Ескі ел әдебиеті туралы ештеңе жоқтығы былай тұрсын, сол ескі ел әдебиетінің жинақтары да жоқ. ... «Қазақ әдебиеті» туралы мектептерде сабақ бергенде қолданатын ешбір құралдың жоқтығының үстіне, «ескі ел әдебиетіне» келгенде, көріп, оқып, тексеретін ескі ел әдебиетінің жинағы да жоқ дей келе, «...былтырдан бері «қазақ әдебиеті» туралы бірдеме жазу, «ескі ел әдебиеті» жинастыру міндеттей көріп, осы іске кірістім»-деп жазды.[1,54] С.Сейфуллиннің бұл еңбегінде тарих, этнография, фольклор, тіл мысалдарын салыстыра қарастыруы оның өз еңбегіне өте жауапкершілікпен, ғылыми ізденіспен қарағанын көрсетеді.Бұл еңбектің қайсы бір кем – кетіктеріне қарамай, қазақ фольклористикасының негізі қалаған қомақты да, ғылыми өрісі биік зерттеу, оқулық – хрестоматия болғандығын естен шығармауымыз керек. С.Сейфуллинді ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым ретінде көрсететін алғашқы белгі оның қазақ әдебиетін дәуірлеуге байланысты айтқан ойлары. С.Сейфуллиннің ауыз әдебиетіне қатысты үлкен еңбек жасап жүргенін, оның жинаушылық, жариялаушылық, зерттеушілік қызметінің теңдесі жоқ екенін сол кездің өзінде-ақ ақын, жазушы, ғалымдар жоғары бағалаған. Сондай пікірдің бірі 1936 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған Ғ.Тоғжанұлының мақаласы. Онда ол: "Сәкен Сейфуллин - қазақ жазушыларының ішінде фольклорға өте жетік адамдардың және халық фольклорын ерінбей, жалықпай жинаушылардың бірі. Қазірдің өзінде халық өлең, жыр, ертегі, мақалдарын жинап, екі том етіп бастырып шығарып отыр", - деп Сәкеннің аталған саладағы еңбегіне жоғары баға берген. .[2] Осындай пікірлер Сәкеннің "Қазақ әдебиеті" еңбегіне алғы сөз жазған М. Жолдыбайұлының [3] және ғалым Б.Кенжебайұлының "Әдебиет майданы" журналына жариялаған мақаласынан да кездестіруге болады. [4] .Сейфуллин қазақ халық фольклорының алғашқы кезеңін "Билер дәуірі" деп атаған. Сәкеннің пікірінше, "Билер дәуірі" - "қазақ елі орыс патшасына бағынғанға" дейінгі және сол бағынған кезеңдегі "билер табы билеген "ру заңы" қалмай келген" мерзім аралығын қамтиды. Зерттеуші одан әрі Билер дәуірінің өзін іштей бөледі: Бірінші бөлім: 1) ескіліктен қалған, сол билер табының үстем санасының ықпалымен құрылған, көбінесе аңшылық, малшылық әңгіме - ертектер, 2) салт, 3) дін жырлары, 4) төрт түлік мал туралы, түрлі хайуандар туралы жырлар, өлеңдер, 5) билер сөздері, мақалдар, 6) жастық ойын-күлкі, өлең-жырлар" . [1,66] С.Сейфуллин ертегі жанрына қатысты сипаттауларында қазақ ауыз әдебиетіндегі ертегілердің мазмұн - мағыналарының әр түрлі болып келетінін жіті аңғара білген. Әрине, ертегі жанрын қазіргі фольклор ғылымының жіктеп-жіліктегеніндей кәсіптік тұрмыстық, күлдіргі, қиял-ғажайып, тарихи, т.б. салаларына бөле алмағаны белгілі. Әйтсе де, зерттеуші бұл ертегі тобындағы әңгімелердің сан алуан тақырыпта болып келетінін түсінген де, "бізге жеткен ертектер ... жаратылыстағы жан-жануарлар, өсімдіктер, жын, шайтан, перілер, аруақтар, жалмауыз кемпір, жез тырнақ, жалғыз көзді дәу, бұрынғы замандағы хандар, батырлар, ... байлар, ...малшылар, кедейлер, қой баққан қу тазша балалар, көсе, жиренше шешен, ...мырза адамдар, сараң адамдар, онан соң көктегі жарық сәулелер" жайлы болып келетінін тізіп өткен . [1,69] Сәкен қазақтың бай ауыз әдебиетінің негізгі түрлерін сала-салаға бөлген уақытта, оның ішкі ерекшеліктеріне қарай тағы да ұсақ түрлерге бөліп отырған. Мәселен, салт өлең-жырларын зерттеген уақытта оның ішкі түрін жүйе-жүйеге бөліп, нақты мысалдармен дәлелдейді. Сәкеннің жіктеуінде салт өлең-жырлары той бастар, жар-жар, сыңсыма, жұбату мен үгіт, беташар, айт, келін, бесік жыры, қоштасу мен өсиет өлеңдер; естірту, көңіл айту, жоқтау болып тоғыз ұсақ салаға бөлген. Зерттеуші «Той бастар» жырының тойға деген, той иесіне деген тойға жиналған ел-жұртқа деген той бастаушының беташар іспетті арнау өлең екендігін саралай келе, «әр айтушы өзінше үйлестіргенмен, той бастаушылардың айтатын өлеңдерінің бәрі үйренуге, айтуға жеңіл, бір-біріне ұқсас, бір қалыпты болады. Кейбіреулер сол айтыла-айтыла бір қалыпқа түскен өлеңді үйреніп алып та айтады» - деген түйін жасайды. . [1,93] Айтуға, жаттап алуға жеңіл, ықшамды келетін бұл топқа тұрмыс-салт жырларының бірі – ау-жарды да қосқан. С.Сейфуллин төрт түлік малға қатысты өлең-жырларға малдардың бір – бірімен, адаммен айтыстарын төрт түлік мал пірлері жайлы жырларды, қасиетті құстар жайлы аңыз-әңгімелерді, «Тарғын батырдың жапанда жалғыз қысылғанда боз Тарлан атына айтқаны», «Алпамыстың батырдың Байшұбары» атының сипатын, «Алпамыстың «Байшұбарға айтқаны», «Қобыланды Батырдың Тайбурылының» сипатын, «Тайбурылдың Қобыландыға айтқан сөзін», «Тайбурылдың шапқандағы суретін», «Көбікті батырдың Ақмоншақ атының шабысын » бейнелейтін жыр үзінділерін кіргізген. Сондай-ақ бұл жанрға зерттеуші Қазығұрт тауы жайлы аңызды да енгізген. [1,129] Әрине, қазіргі фольклор ғылымында жоғарыда аталған жырлар батырлық жыр жанрына енетін белгілі. Сәкеннің ол батырлық жырлардан аттарға байланысты үзінділерді алып, төрт түлік малға қатысты жанрға енгізуінің себебі, оның екі жанрдың ара жігін айыра алмағандығынан да емес, ол жыр үлгілеріндегі қазақ үшін қасиетті саналатын жылқы түлегінің қадір-қасиетін, сын-сипатын суреттеген жыр үлгілерін төрт түлік малға қатысты жырларға телігендігінен деп түсінуіміз керек. Зерттеушінің байлық, билікке қатысты пендесіне қонатын, «даритын» иелері «құт», «дәулет», «бақ» жайлы айтқан ойларының, құт, берекеге қарсы «жұт», «албасты» деген ұғымдарға қатысты наным-сенімдер турасында айтқан пікірлерінің де ғылым үшін қазірге дейін құнды болып қала беретіні хақ. С.Сейфуллин аталмыш еңбегінің «Билер сөздері» деген топқа, қазіргі фольклор ғылымындағы шешендік сөздерді енгізген. Билер сөздерінің, негізінен, ертек, нақыл, тақпақ, үлгі, өнегеге құрылатынын, ол сөздердің көбі өз тобының тілегі бойынша, тура үгіт үшін айтылатынын талдап түсіндіре келе, «Сол үгіт, үлгі, нақыл сөздерінің бәрін де туғызған – мал өсірген, ... көшпелі елдің тұрмысы» - деп, тұжырымдайды. [1,263-294] С.Сейфуллин ауыз әдебиетіндегі мақал – мәтел жанрын өзінше бір түр деп танымай, бұларды – билердің шешендік сөзінің ішінде кездесетін сөз саптаулар, «ереже, заң сөздер» - деп, ұғынған. Ескіліктегі дін салтынан туған өлең – жырлар, тақпақтарды: мейрамға байланысты өлең – жырлар; бақсының жырлары; шақыру, арбау, байлау, бәдік, жарапазан деп іштей бес салаға бөліп талдайды да әрқайсысының ерекшеліктерін түйіндеп айтып отырады. С.Сейфуллиннің пікірінше, - діни салтқа байланысты туған өлеңдер: наурыз, бақсы сарына, бата, жарапазан, зерттеушінің байқауынша, бұлардың өзі екі түрлі дәуірдің жемісі. Наурыз, бақсы сарыны, бәдік ескі діннің, көп құдайға табынушылықтың (шаманизмнің) сарқыты болса, жарапазан, бата мұсылман дінінің таратқандары. [1,153-187] Кейінгі жылдардағы ғылыми – зерттеу еңбектерінде ауыз әдебиетінің үлгілерін жіктеу принципі бұрынғыдан да гөрі нақтылана сараланғаны сөзсіз, алайда әрбір нұсқалардың ішкі мазмұнына қарай топтастыруда Сәкеннің қолданған тәсілін ескеріп отыру қажеттігі күн тәртібінен түсіп қалмайтыны да ақиқат. Зерттеуші «Алпамыс», «Шора батыр», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» жырларын – «ертедегі батырлар жырлары» десе, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» сияқты ғашықтық жырларға – «ертедегі жырлы әңгімелер» деп айдар тағады. Жауынгерлік жырлардың аттарының «Шора батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» деп азан шақыра айқайлап тұруына қоса, ол жырлардың елін, жерін жаудан қорғаған батырларға арналғандығы жыр желісінің бүкіл өзегінде өріліп жатқандығы зерттеушіге күмән туғызбастан оларды «ертедегі батырлар жырлар» деп атауына ұйытқы болса, адам баласының ішкі иірімдеріне құрылған, жігіт пен қыздың құштарлық, іңкәрлік сезімдеріне арналған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» сияқты ғашықтық дастандардың жанрлық жаратылыс – бітімінің «Батырлар жырынан» өрешелеу екендігін Сәкен байыптай білген де, «ертедегі жырлы әңгімелер» деп, өзінше бір топқа бөлген. «Ғашықтық», «іңкәрлік», «құштарлық», «құмарлық», «махаббат» сияқты ұғым – түсініктерге секемдене қараған. Сол кездегі уақыт талабының әсерінен, «ертедегі жырлы әңгімелерге табиғатына сай келер ешбір эпитет қолданбай, зерттеуші оларды – «үстем таптың салт – санасы бойынша әйел – еркек байланысын, көшпелі тұрмысты толығырақ суреттейтін жырлы әңгімелер» - деп атаумен шектелген. [1,66] С.Сейфуллиннің де батырлық жырлар мен ғашықтық жырларды жанр бойынша жүйелегенде «батырлық жырлар» не «батырлар жырлары», «ғашықтық жырлар» демей – «батырлар әңгімесі», «жырлы әңгімелер», «ел поэмалары» деп атау таққандарын байқау қиын емес. Десе де С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» кітабының басында ауыз әдебиетіндегі жүйелеуін баяндаған тұсында «Билер дәуірінің 2-ші бөліміне – ертедегі батырлар жырлары мен ... жырлы әңгімелер кіреді» - деп, екі жерде «батырлар жырлары» деп нұсқай көрсетіп өткенін айтып өту абзал. [1,66-67] Ноғайлы дәуірінде туған жырлардың қазіргі қазақтарға да тікелей ортақ екенін дәлелдейтін тұста да, Сәкен «батырлар әңгімелері» деген сөзбен қатарластыра «батырлар жырлары» - деген терминді қолданып отырған. Сөйте тұра, батырлық жырларға қатысты тұстарда, «батырлар жыры» деген сөз тіркесін ауызға алмай, «батырлар әңгімесі» деген терминді қайта қолданғанына куә боламыз. С.Сейфуллин «Қазақ әдебиеті» кітабында фольклор шығармалары сюжеттерінің тақырып, желілерінің ортақ боп келетін ерекшелігіне де тоқталып өткен. Ауыз әдебиеті үлгілерінде көзделетін ондай тұстарды ғалым «Ескілктен қалған әңгімелердегі көп кездесетін үйреншікті ауысқақ сөздер, ауысқақ тақырып, ауысқақ жайттар» - деп атаған. [1,388] Бұл ауыс – түйістерді, ортақ желілерді, сөз оралымдарын Сәкен бір жыр ішінен не бір жанр төңірегінен емес, бірнеше жанрдағы үлгілерден кездестіріп, қолда бар материал негізінде кәдімгідей ғылыми талдауларға барған: С.Сейфуллинді ауыз әдебиетін зерттеуші ретінде көрсететін алғашқы белгі оның қазақ әдебиетін дәуірлеуге байланысты айтқан ойлары. С.Сейфуллин өзінің зерттеуінде ауыз әдебиеті үлгілері жанрларының қайсысы ерте, қайсысы кеш туған деген мәселені нақты қоймаса да, эпикалық жанрларға қатысты сөз арасында олардың мерзімдік жағынан ерте, не кеш тууына орай өз болжам-пікір айтып кеткен. Әрбір шығарманың тарихи негізін тәптештеп зерттеген уақытта Сәкен тың ғылыми тұжырым жасаған. Сәкен, ауыз әдебиеті үлгілерінің кез келген жанрына таптық тұрғыдан қарай отыра, фольклордың қай түрі болса да халықтың тарихына, күнделік өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, дүниетаным көзқарасына сай туып-қалыптасады, түрленіп, өзгеріп отырады деген қағиданы ұстап отырады. С.Сейфуллиннің фольклордың тарихқа қарым-қатынасы жайлы ой - пікіріне келетін болсақ, зерттеуші ауыз әдебиеті үлгілерінің, оның ішінде батырлық жырлардың желісі тарихи шындыққа құрылып негізделеді деп түсінеді. Батырлық жырлардың тарихи оқиғаның тікелей көрініс-сипаты емес, тұспал - жорамалы ғана, ел қиялының өзгеріске, сұрыптауға түсіп керегіне жаратылған рухани дүниесі екендігін ғалым үнемі ескере бермейді. Көріп отырғанымыздай, С.Сейфуллиннің "Қазақ әдебиеті" еңбегі өз кезінде біраз ғылыми ойға қозғалыс туғызуға себеп болған.

С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» еңбегі жарық көрген тұста ауыз әдебиетінің үлгілерін ғылыми жүйеге түсіру, оларды жанрлық тұрғыда саралау, ғылыми тұрғыда басқа халықтар мұраларымен салыстыра зерттеу сол кез үшін үлкен жетістік еді.

Әдебиеттер

1. С.Сейфуллин. Шығармалар жинағы. Алматы, Жазушы, 6 том, 1964. - 542 бет.

2. Ғ.Тоғжанұлы. Сәкеннің "Қазақ әдебиеті" еңбегі туралы // "Қазақ әдебиеті" № 125, 1936.

3. М.Жолдыбайұлы. Алғы сөз. С.Сейфуллин. Шығармалар жинағы. Алматы, Жазушы, 6 том, 1964.

4. Б.Кенжебайұлы. Сәкеннің оқулығы туралы . // "Әдебиет майданы" № 6. 1936 .

Резюме:


С. Сейфуллин в историй казахской литературе известен не только как писатель, поэт, но и как иследователь, собиратель казахской фольклористики. Его учебник «Казахская литература» был одним из первых учебников по казахской фольклористике. В статье подробно рассматривается исследовательские деятельности С. Сейфуллина как

фольклориста, автора одного из первых учебников по казахской литературы.



The summary:

S. Sejfullin in stories to the Kazakh literature is known not only as the writer, the poet, but also as the researcher, the collector Kazakh фольклористики. Its textbook «Kazakh literature» was one of the first textbooks on Kazakh фольклористике. In article it is in detail considered research S. Sejfullin's activity as specialist in folklore, the
Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
Annotations -> Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет