Тақырыбы: Жастардың жұмысбастылық ұстанымдары мен кәсіби бағдарлары



Дата27.04.2022
өлшемі18,86 Kb.
#141013
Байланысты:
алеуметтану срс


Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Факультеті «География және табиғатты пайдалану»
Кафедрасы «Метеорология және гидрология»

СӨЖ
Тақырыбы: Жастардың жұмысбастылық ұстанымдары мен кәсіби бағдарлары. Факторлық талдау


Орындаған:Жанадил Асемай,Жорабек Аяулым,Тилеукул Нурдана
Тексерген: Садырова Мансия Сапаргалиевна

Алматы, 2022


Жоспары:
1.Кіріспе
2.Негізгі бөлім
3.Қорытынды
4.Пайдаланылған әдебиеттер
Бүгінгі құбылмалы, өзгеріске толы әлемдік және аймақтық дағдарыс пен тұрақсыздық жағдайында жастардың жұмыссыздығы мен жұмысбастылығын зерттеу өте өзекті мәселе болып табылады. Біздің ойымызша, жастардың жұмыссыздығымен қатар жастардың еңбек құндылықтары, еңбекке қатынасы, кәсіби деңгейі, жұмысты сапалы әрі жоғары деңгейде орындауы жұмыссыздықтан да өзекті мәселе. Себебі, әлемнің көптеген мемлекеттерінің тәжірибесі жастарды жұмыспен қамтуға болатындығын көрсетті, сонымен қатар, жастардың кәсіби деңгейінің төмендігі, еңбек құндылықтарының әлсіздігі оның жұмысын сапалы әрі жұмыс берушіге пайдалы етіп орындауға кепілдік бермейтінін де көрсетіп отыр. Жұмыстың кәсіби деңгейде орындалмауы түрлі мекемелердің (компаниялардың) өсіп-өркендеуіне негізгі кедергі болатын фактор екені де дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым деп ойлаймыз. Осы орайда, Қазақстандық сарапшы Досым Сатпаевтың жастар мен адамдық капиталға қатысты келесі пікірі маңызды: «Қазақстанға жаңа министрліктер емес, кәсіби оқытушылар, квалификациялы дәрігерлер, тәжірибелі инженерлер, активті зерттеуші ғалымдар және т.б. керек. Яғни, болашақ ұрпақтың білімі, ұлттың денсаулығы, инновациялық және технологиялық серпілістерді құрайтын адамдық капитал қажет. Қазіргі уақытта білім деңгейі түсуде, әсіресе аймақтарда, медицина әлсіреуде, инженерлер қартайып, жастар арасында жұмыссыздық өсуде» Аталған тұжырыммен 100% қосылмасақ та бүгінгі статус-квода Досым Сатпаевтың пікірінде шынайы жағдайдың көрінісі бар екені ақиқат.
Жастар мәселесін және жастардың құндылық жүйесін талдауда, түсінуде аталған мәселені жан-жақты терең зерттеген қазақстандық әлеуметтанушы Г.С. Әбдірайымованың зерттеулерінің маңыздылығы жоғары. Ол «жастар белгілі бір нақты тарихи қоғамның субъектісі мен объектісі болып келетін әлеуметтік топ. Бұл әлеуметтік топ басқа топтарға қарағанда әлеуметтік белсенділігімен және жұмыс істеуге қабілеттілігімен ерекшеленеді». Г.С. Әбдірайымова жастарды болашақтың негізі және болашаққа беретін баға тұрғысында қарастырудың қажеттілігін жазады.Яғни, жастардың адами және инновациялық потенциалы бүгінгі күннен бастау алады және болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Аталған көзқарастан кез келген қоғамдық өзгерістерге ең тиімді және бірінші кезекте икемделе алатын топ – жастар екендігін ұғуға болады.

Жастар – қоғамдық дамудың авангарды. Көптеген ғылыми, қоғамдық өзгерістер осы жастардан бастау алғандығы тарихи фактілерден белгілі. Г.С. Әбдірайымованың пікірінше жастардың қоғамда өзіндік әлеуметтік функциялары бар:


Қоғам мен мемлекеттің дамудағы жеткен жетістіктерін мұраға алады;


Жастар экономикалық бастамаларға белсенді қатысатын әлеуметтік мобильді топ. Олар әлеуметтік-экономикалық қатынастарға толық қатысушы болып табылмауы да мүмкін;
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің басты негізі болып табылады .Иә, жастар – қоғамдық дамудың авангарды, қоғам мен мемлекеттің дамуындағы жеткен жетістіктерін мұраға алатын негізгі әлеуметтік топ. Дегенмен, жастарға қатысты басқа тұжырымды келтіруге болады. Мәселен, соңғы жылдардағы (ғасырдағы) Араб, Африка мемлекеттерінің тәжірибелері жастар прогрестің ғана емес, регрестің де кілті болуы мүмкін екенін көрсетсе, жастарды дұрыс қолдана білген батыс мемлекеттері мен «Азия барыстары» үшін жастар прогрестің негізгі кілті екенін дәлелдеді. Яғни, біз жастарға тек біржақты позитивті баға бере алмаймыз. Осы орайда, Досым Сатбаевтың жастарды tabula rasa (таза тақта) деп атағанын айтуға болады. Ол жастардың қоғамдағы әлеуметтік рөлі тақтаға жазылған жазбаға байланысты екенін атайды. Оның пікірінше, бұл жазба ресми немесе ресми емес, жұмсақ немесе радикалды, мемлекеттік идеология немесе антижүйелік ықпал негізінде болуы мүмкін. Яғни, қоғам мен мемлекет жастарға, жасөспірімдер мен балаларға не жазса, болашақта соны оқиды. Досым Сатбаев Қазақстанда кейбір адамдар үшін жастар – демографиялық топ, кейбіреулеріне саяси инструмент, ал басқаларға – ешқандай маңызға ие емес екендігін атайды. Аталған ойдан жастар тек құндылықтарды жалғастыратын мұрагер ғана емес, сонымен қатар, сол мұраны жоюшы актор болуы мүмкін екенін ұғуға болады. Әрине, бұл жағдайлар белгілі бір күштердің құралына айналуы, радикалды идеялардың жетегіне кетуі арқылы іске асады.
Жоғарыда регресс пен прогресс туралы жаздық. Біздің ойымызша, прогреске бастар жол ең алдымен регресті жоюмен басталады. Регреске итермелейтін негізгі себептердің бірі – адамның жұмыссыздығы мен масылдық психологиясы. Мәселен, 2012 жылдың аяғында «Заманауи жағдайдағы терроризмге қарсы әрекет» атты халықаралық конференцияда Қазақстандағы террористердің портреті бейнелеген болатын. Иоган Меркель: «Қазақстандық террорист деген кім? Осы сұраққа біздің қолымызда бар статистикаға сүйеніп жауап берейін. Террористтердің 60% жуығы 29 жасқа дейінгі азаматтар. Яғни, жастардың өкілдері. Олардың барлығы дерлік, нақтырақ айтсақ, 95% жұмыссыздар. Осылайша, Қазақстандағы террористің портреті – өмірде өз орнын тапқысы келетін жастар, көп жағдайда жұмыссыз, білімі жоқ және болашақта перспективасы жоқ азамат» Бұл бір ғана мысал. Мәселен, қазақтың ойшылы Абай да өз өлеңінде «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деп жазады. Біздің ойымызша, адамның жұмыссыздығы, оның сол жұмыссыз жүрмін деп қиналмауы адам мен оны қоршаған адамдар үшін көптеген мәселелер тудыруы мүмкін жағдайға жатады. Сондықтан, адамды жұмыспен қамтамасыз ету маңызды. Жалпы регрестің жолының кесілуі жастардың прогреске бастайтынын білдірмейді. Ол үшін жастардың өз жұмысын кәсіби деңгейге шығаруы, бай болуы, қоғамның дамуына атсалысуы үшін маңызды болып табылатын еңбек құндылықтарымен үнемі жұмыс жасау маңызды деп ойлаймыз. Себебі, адамның құндылықтары өмір бойы өзгеріске түсе алатын қасиеттерінің біріне жатады. Айта кетерлік жайт, жетістікке жеткен адамды, кәсіби маман болып қалыптасқан адамды теріс идеологиялық ағымдарға алып кету қиын болса, белгілі бір күштердің құралына айналдыру мүлдем қиын мәселе.

З.Х. Валитова мен А.Б. Есимова жастардың білім мен жұмысбастылығы мәселесін жастардың өміріндегі маңызды кезең деп қарастырады. Жастардың білім стратегиялары априори олардың кәсіби өзін-өзі анықтауын білдіреді. Жастардың білім алудан жұмысқа ауысу көптеген мәселелердің пайда болатын қиын кезеңі. Көптеген білім мекемелерінің түлектері дипломды қолға алған алғашқы жылдары жұмыссыздықпен, жұмысты жиі ауыстырумен, мамандық бойынша жұмыс істемейтін жағдайларға жолығады. Бұл мәселенің негізгі себебіне білім мен еңбек нарығының өзара келісімі болмауынан деуге болады. Бір жағынан, жастар жұмысты тиімді іздеп жұмысқа тұра алмайды, екінші жағынан, жұмыс берушілер жұмыс істейтін адамдарды таба алмайды, үшінші жағынан, білім (мектеп, колледж, ЖОО) білім саласының тысында болып жатқан өзгерістерге реакция беріп үлгере алмайды. Бүгінде жастардың көпшілігінде жоғары білім бар, бірақ тұрақты, ұзақ мерзімді жұмысбастылыққа кепілдік жоқ екенін атайды. Авторлар бүгінгі студенттердің болашақ жұмысы жайлы өте байыппен қарайтынын және жұмыс жайлы студенттік өмірдің алғашқы жылдарында ойлана бастайтынын алға тартады. Көп жастар оқу мен жұмысты байланыстырғысы келеді. Жастардың мұндай стратегиялары қаржылық мұқтаждық пен жалақының қажеттілігінен емес, көп жағдайда «жұмыс тәжірибесін» жинаумен байланыстылығын жазады. Бұл жағдай жастарға позитивті ықпал етеді, себебі, жастар кәсіби ортада әлеуметтенген болып есептеледі. Ал, жұмыссыздыққа қарсы тұрудың жолы икемді еңбек нарығын, яғни, жеке жұмыс орындарын ашудың маңыздылығын атайды. Бұл жолда жастар кәсіпкерлігін дамыту жұмысбастылық стратегиясының компоненті болуы шарт. Авторлар қоғамдағы жастардың ең өзекті мәселелерін бірі - жастар кәсіпкерлігін дамытуды қолға алу керектігін атап отыр. Біздің ойымызша, бұл мәселе дамудың, жастар бағытының трендіне айналуы керек. Себебі, кәсіпкерлері бар қоғамда әлеуметтік жауапкершілік дамиды, жаңа жұмыстар ашылады, бәсекелестік күшейеді, салық артады, экономикалық тұрақтылық сақталады. Қазіргі уақытта АҚШ-тың тәжірибесі үлкен корпорациялардың жаппай жұмыспен қамтамасыз ете алатындығы туралы тұжырым «мифке» айналды. Мәселен, үлкен корпорациялар дағдарыста жүз мыңдаған адамды жұмыстан шығарса, кіші кәсіпкерлікте ондай үрдіс жүрмейді. Өзі бірнеше адамнан тұратын мекеменің адам санын қысқарту қисынсыз. Жалпы дағдарыстарға кері реакция кіші кәсіпкерлікке қарағанда үлкен корпорацияларда жүреді. Сол себепті, қоғамда орта және шағын кәсіпкерлік тұрақтылық пен дамудың кілті бола алады. Біз үшін Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркияның мысалдары дәлел бола алады деп ойлаймыз.


Жастар арасында қалыптасқан статус-кво


ҚР Статистика агенттігінің деректерінде елімізде 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 2013 жылдың басында 4 656 500 болған. Жыныстық ерекшеліктері бойынша ерлердің саны – 2 335 100, әйелдер – 2 321 400 құраған. Қала жастарының үлесі – 2 574 100, ауыл жастары – 2 082 Республиканың қала тұрғындары арасында жастардың үлес салмағы 27,7%, ауыл тұрғындары арасында 27,3%. Қазіргі уақытта жастар республика халқының 27,5% құрайды [7]. Зерттеу жүргізілген Алматы қаласында 16 мен 29 жас аралығында – 424853 жас бар. Жыныстық ерекшеліктер бойынша ерлердің саны – 195174 (46%), әйелдердің үлесі – 229679 (54%) [8]. 20122013 оқу жылы статистика комитетінің мәліметінше еліміздегі 139 университетте 571 691 студент, 610 колледжде 520371 студент білім алған [9]. Аталған статистика жастардың білім алуға деген құлшынысының жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен, Қазақстанда білім алған жастармен қатар білім алмаған жастар да бар. Қазақстанда жұмысқа орналасуда «жоғары білімнің болуы» мен «болмауы» кедергі мен мүмкіншілік беретін факторлардың бірі. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ақпаратына сәйкес 2013 жылдың ІІ тоқсанында, 15-28 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 6,6%-ды құраған Бұл статистикалық көрсеткіш бір қарағанға жақсы көрсеткіш секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен, Қазақстанда жұмыссыздықты өлшеу критерийлері көптеген елдерге қарағанда басқа болғандықтан, жұмыссыздықтың көлемі аталған саннан көп болуы ықтимал. Мәселен, оқу оқитын студенттер, қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеу үстіндегі жастар, бала босанған әйелдер жұмыссыздар санатына кірмейді. Сонымен қатар, жұмыссыздар қатарына ресми түрде жұмыспен қамту органдарында жұмысы жоқ деп тіркелмеген жастар жұмыссыз санатына жатқызылмаса, оқу орнын жаңадан бітірген соң жұмыс таба алмаған жастар да (көптеген университеттерде түлек жұмысқа тұрды делінген анықтама өткізеді) өзін-өзі жұмыспен қамтушы немесе басқа санат бойынша жұмыспен қамтылғандарға жатқызылады. Шын мәнінде, ол жастардың біраз бөлігі жұмыссыздардың қатарында болуы мүмкін. Білім және ғылым министрлігінің ақпараттарына сәйкес, 2012 жылы 161000 бала мектепті бітірген. Оның 43000 колледждерге түссе, 93000 жоғары оқу орындарына түскен. 25000 мектеп түлектері ешқандай оқуға түспеген 2014-2015 оқу жылына жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген 84496 талапкерлердің (колледжді бітірген студенттердің) 56017 кешенді емтихан талаптарына сәйкес балл ала алмаған. Бұл жалпы санның 66,29% құрайды. Ал 2014 жылы мектепті бітіру үшін 87593 мектеп талапкері ұлттық бірыңғай тестке қатысса, оның 20232 (23,11%) мектепті аяқтауға мүмкіндік беретін баллды ала алмаған [11]. Яғни, 2012 мен 2014 жылдары ешқандай оқу орнына түспеген талапкерлердің бары секілді, өзге жылдарда да жоғары немесе колледждерге оқуға түсе алмаған жастардың белгілі бір бөлігі жастар арасындағы жұмыссыздықтың санына қосылып отыр деп қорытындылауға негіз бар.




Жалпы қазіргі жағдайда жастардың еңбек нарығындағы орны жайлы нақты сипаттама беру өте қиын мәселе деп ойлаймыз. Себебі, еңбек нарығына қатысты объективті ақпарат ғалымдар мен зерттеушілерді алмағанда мемлекеттік органдардың өзінде жан-жақты ақпарат жоқ деп ойлаймыз. Дегенмен, біздің негізгі мақсат бүгінгі жастарға қатысты мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың статистикаларын талдау емес, жүргізген әлеуметтанулық зерттеудің мәліметтерін ұсыну, «Тәжірибеңізде жұмысқа орналасу кезінде қандай кедергілер жолықты?», «Жұмысқа орналасу үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолданар едіңіз?», «Қазақстанда кімге жұмыс табу оңай болып табылады?» атты сұрақтарға жауап іздеу болып табылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет