Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Руханият» орталығы дайындаған Астана қаласы ономастика комиссиясы мақұлдаған



бет7/11
Дата27.12.2016
өлшемі1,72 Mb.
#6027
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Н.Митченко көшесі

Н.Митченко көшесі Р.Қошқарбаев көшесінен басталып, Қарашаш көшесінде аяқталады. Ә.Ермеков көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 504,3 м.

Никита Андреевич Митченко (1913-1941) – Ұлы Отан соғысының батыры, қатардағы жауынгер, 28 панфиловшылар дивизиясы батырларының бірі.

Н.Некрасов көшесі

Н.Некрасов Шығанақ көшесінен басталып, Кенесары көшесінде аяқталады. Н.Ирченко, Ә.Жанбосынов көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 552,3 м.

Николай Александрович Некрасов (1821-1878) – орыстың белгілі ақыны.

Николай Алексеевич Некрасов (1821-1878) – известный русский поэт.


Н.Оңдасынов көшесі.

Бұрынғы атауы – Изумрудный көшесі. Н.Оңдасынов көшесі Құлынды көшесінен басталып, Қарашаш көшесінде аяқталады. Толағай, Р.Қошқарбаев, Ә.Ермеков көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1095,3 м.

Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов (1904-1989) – мемлекет және қоғам қайраткері, тілші-ғалым. Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болды. «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігінің» авторы.

Н.Павлов көшесі

Н.Павлов көшесі Шара Жиенқұлова көшесінен басталып, М.Лермонтов, Алаш тасжолы, И.Панфилов көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 432 м.

Николай Васильевич Павлов (1893-1971) – ботаник, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі.

Н.Төреқұлұлы көшесі

Бұрынғы атауы – Вокзальный көшесі. Н.Төреқұлұлы көшесі Ж.Жабаев көшесінен басталады. Ұзындығы – 933,6 м.

Нәзір Төреқұлұлы (1892-1937) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ірі тарихи тұлғалардың бірі, Алаш қозғалысының қайраткері. Жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқыларының қатарында Түркістан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сайланған. Одан кейін де Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетін (ЦИК), Оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды. Ташкенттегі тұңғыш жоғары оқу орнын ашуда басты тұлғалардың бірі болды. 1922-1926 жылдары Мәскеуге шақырылып, КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласқан. 1928 жылы небәрі 36 жасында Һижаз Неж (Сауд Аравиясы), әрі қосылған аймақтардағы КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалды. Араға екі жыл салып КСРО-ның тұңғыш қазақ елшісі атанды.

Н.Хлудов көшесі

Бұрынғы атауы – Ф.Моос көшесі. Н.Хлудов көшесі Космонавтар, Балауса көшелерімен қиылысып, Наркескен көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 649,4 м.

Николай Гаврилович Хлудов (1850-1935) – белгілі кескіндемеші, суретші. Қазақстанға 1877 жылы келген. Түркістандағы археология үйірмесінің белді мүшесі болған. Николай Хлудов «Дауылда қалғандар», «Тайынша мінген бала», «Бие сауу», «Жасауыл» атты қазақ халқының өмірі мен тұрмысын бейнелейтін суреттердің авторы.
Н.Щорс көшесі

Н.Щорс көшесі С.Кубрин, Жамбыл, Боталы, Тәттімбет көшелерімен қиылысып, Бөгенбай батыр даңғылында аяқталады. Ұзындығы – 1492,1 м.

Николай Александрович Щорс (1895-1919) – әскери қайраткер, Азамат соғысының батыры (1918-1920).
Нагорный көшесі

Нагорный көшесі Дулыға көшесінен басталады. Ұзындығы – 574,4 м.

Нагорный қорымы – б.з.д. V-ІV ғасырлардан сақталған ғұрыптық жерлеу орындары. Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Нагорное ауылының оңтүстігінде 9-10 шақырым жерде орналасқан.
Найзақара көшесі

Бұрынғы атауы – Совхозный көшесі. Найзақара көшесі Мәскеу көшесінен басталып, Қарауыл көшесінде аяқталады. Керегетас, Ә.Молдағұлова көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 601,2 м.

Найзақара – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы тау мен Алатаудың бір биігі «Найзақара» деп аталады.
Наркескен көшесі

Бұрынғы атауы – Майский көшесі. Наркескен көшесі М.Мақатаев көшесінен басталып, Космонавтар көшесінде аяқталады. Н.Хлудов, Құлынды көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 541,5 м.

Наркескен – қылыштың бір түрі. Асыл металдан екі жүзді етіп жасалады. Сабын сүйектен немесе мүйізден әзірлеп, алтынмен немесе күміспен әшекейлейді, асыл тастар орнатады.

Нарын көшесі

Бұрынғы атауы – Коммунистический көшесі. Нарын көшесі Алмалық көшесінен басталып, Ардагер көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 613,2 м.

Нарын – Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы тау, қыр, су, құм аттары.
Наурыз көшесі

Наурыз көшесі Ұлытау көшесінен басталып, Ақсуат, Зайсан, Сарыөзен, Мойылды, Құсмұрын, Ордабасы, Тарбағатай көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1322,2 м.

Наурыз – көне мейрам. «Нау» (жаңа) және «руз» (күн) – жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаны білдіреді. Халық күнтiзбесi бойынша Жаңа жыл көктемгi күн мен түн теңелуi – тоғыс күнi басталады, яғни наурыздың 20-21-iне дәл келедi.

Новостроительный көшесі

Новостроительный көшесі Космонавтар көшесінен басталып, Наркескен көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 400 м. Балауса, Жекебатыр көшелерімен қиылысады.

Новостроительный – «жаңа құрылыс» деген мағынаны білдіреді. Республикамызда осы аттас елді мекендер кездеседі.
Ноғайлы көшесі

Бұрынғы атауы – Зеленый берег көшесі. Ноғайлы көшесі Дулыға көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 261,4 м.

Ноғайлы – Алтын Орда ыдырағаннан кейін құрылған Ноғай Ордасының негізін қалаған түркі-моңғол тайпаларының ортақ атауы. ХV-ХVІ ғасырлардың аяғында Ноғайлы жұрты көрші елдерге де осы атпен мәлім болған. ХVІ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ноғайлы бірнеше ұлысқа бөлініп кеткен. Ноғайлы мәдениетінің ең негізгі мұрагерлерінің бірі – қазақ халқы болып табылады.
Нұрлыжол көшесі

Бұрынғы атауы – Школьный көшесі. Нұрлыжол көшесі Армандастар көшесінен басталып, Ұлан орамы, Өркениет, Аралқұм, Қаражал, Көксай көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1700,6 м.

Нұрлыжол – «келешегі жарқын, ашық, жарық» деген мағынаны білдіреді. Нұрланып, нұр шашып тұрған жақсылыққа бастайтын жол. Сондай-ақ, ақ жол, сәт сапар тілеу мағынасында да қолданылады. Елімізде осы аттас елді мекендер де бар.
Обаған көшесі

Бұрынғы атауы – №39 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Обаған көшесі Қарасаз көшесінен басталып, М.Төлебаев көшесінде аяқталады. Кеңгір, Таскескен, Арғанаты, Балқантау, Жанкент, Ақсу-Аюлы, Зеренді, Ошақты, Сырымбет, Бағаналы, М.Жұмабаев даңғылын, Сарқан, Бөрілі, Баянтау, Мойынты, Түлкібас, Қордай, Қоңыраулы, Бесшалқар көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3005,8 м.

Обаған – Тобыл алабындағы өзен. Қостанай облысының Әулиекөл, Қарасу, Алтынсарин, Ұзынкөл аудандарының жерімен ағады.

Ойжайлау көшесі

Бұрынғы атауы – Е.Пугачев көшесі. Ойжайлау көшесі Жерұйық көшесінен басталып, Әулие ата көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 354 м.

Ойжайлау – Жетісудың таулы жерінде, Еңбекшіқазақ ауданының Асы жайлауының бергі жағында, Жоңғар Алатауының Лепсі өзені жағасында орналасқан көк майсалы, көкорай шалғынды көрікті жайлау және Қорғас өзенінің төменірек тұсынан қосылатын кішкене өзен.

Ойыл көшесі

Бұрынғы атауы – Квартальный көшесі. Ойыл көшесі Арқарлы көшесінен басталып, Байқадам, Балықты, Жасыл, Көкбастау көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1240 м.

Ойыл – Жайық алабындағы өзен және Ақтөбе облысындағы аудан, елді мекен атауы.

Октябрьдің 70 жылдығы көшесі

Октябрьдің 70 жылдығы көшесі «Заречное» тұрғын алабында орналасқан. Ұзындығы – 503,7 м.

Октябрьдің 70 жылдығы – 1917 жылы 25 қазанда (7 қараша) Ресейдің Петроград қаласында болған Қазан төңкерісіне 1987 жылы 70 жыл толуына байланысты қойылған.
Оқжетпес көшесі

Бұрынғы атаулары – Бесағаш, К.Станиславский, Оқжетпес көшелері. Оқжетпес көшесі Тамшалы, Т.Жароков, Әулие ата, Ш.Бөкеев, Медеу, Орда, А.Чехов, Жалын, Ақан сері, А.Байтұрсынов, Ш.Бейсекова, С.Мұхамеджанов, Мұзтау көшелерін қиып өтіп, А.Затаевич көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 3221,1 м.

Оқжетпес – Көкшетау облысындағы Бурабай көлінің солтүстік жағалауындағы конус пішіндес биік жартас. Көкшетаудағы Көкшенің орманды беткейі алдында оқшау орналасқан. Оқжетпес маңы қазір халық тынығатын, туристік саяхат жасайтын өңірге айналған.

Орал көшесі

Бұрынғы атауы – Садовый көшесі. Орал көшесі «Заречное» тұрғын алабында орналасқан. Ұзындығы – 252,7 м.

Орал – Батыс Қазақстан облысының орталығы, ірі теміржол стансасы, Жайық бойындағы өзен порты, әуе жолдарының торабы. Қала – Жайық өзенінің жағасында, Шағанның Жайыққа құяр тұсында орналасқан.

Орбұлақ көшесі

Бұрынғы атауы – Ақмешіт көшесі. Орбұлақ көшесі «Железнодорожный» тұрғын алабында орналасқан. Ұзындығы – 437,5 м.

Орбұлақ – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қоңтайшы арасында өтті. Ұрыс болған жердің атауы «Орбұлақ шайқасы» деп аталып, гранит тастан белгі қойылды.
Орда көшесі

Бұрынғы атауы – А.Нахимов көшесі. Орда көшесі Аспара көшесінен басталып, Д.Карбышев көшесінде аяқталады. Оқжетпес көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 574,5 м.

Орда – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданындағы ауыл, округ орталығы. Нарын құмының құмды-төбелі келген өңірінде орналасқан.

Ордабасы көшесі

Бұрынғы атауы – №38 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Ордабасы көшесі Наурыз көшесінен басталып, Ұлытау көшесінде аяқталады. Шаңтөбе көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 218,5 м.

Ордабасы – Ордабасы құрылтайы, 1726 жылы қазақтың үш жүз өкілдерінің Ордабасы тауындағы тарихи бас қосуы. Қазіргі кезде осы тарихи жиынның белгісі ретінде Ордабасы төбесіне қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін көп еңбек сіңірген атақты үш биге ескерткіш орнатылған. Оңтүстiк Қазақстан облысының оңтүстігінде орналасқан аудан аты. Орталығы – Темірлан ауылы.

Орхон көшесі

Бұрынғы атауы – №125 көше. Орхон көшесі Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабында (оң жақ) орналасқан. Ұзындығы – 1310,8 м.

Орхон – Орхон, Селенгі өзендері бойынан табылған, VІІ-VІІІ ғасырларға жататын көне түркі сына жазбалары. Жазба ескерткіштерде Білге, Күлтегін, Тоныкөк батырлардың ерлігі дәріптеледі. Орхон жазуларының ізі қазақтың ру-таңбаларында қазірге дейін сақталған.

Орынбор көшесі

Бұрынғы атауы – №35 көше (Жаңа әкімшілік орталық). Орынбор көшесі Тәуелсіздік, Достық, Сығанақ көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 9444 м.

Орынбор – Ресей Федерациясындағы қала, облыс орталығы. 1735 жылы бекініс қамал ретінде қаланып, аты Ор өзенінің атына байланысты қойылған. Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Орынборда 1917 жылы Алаш партиясы, Алашорда үкіметін құрған екі жалпықазақ сиездері (шілде, желтоқсан) өткен. 1920-1925 жылдары Қазақстанның астанасы болған.

Отырар көшесі

Отырар көшесі Республика даңғылынан басталып, Абай даңғылында аяқталады. С.Торайғыров, М.Ғабдуллин, Ш.Иманбаева, Ш.Уәлиханов, Тараз, Асанқайғы көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1861,7 м.

Отырар – VIII ғасыр басынан «Тарбанд» деген атаумен белгілі. V-XV ғасырларда Отырар Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Орталық Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолия мен Қытайға қатынайтын маңызды қала болған.

Ошақты көшесі

Бұрынғы атауы – №47 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Ошақты көшесі Талғар көшесінен басталып, Обаған көшесін қиып өтіп, Жанкент көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 615,2 м.

Ошақты – жер атауы. Дәстүрлі қазақ қоғамында ошақ қасиетті де, қастерлі дүние болып саналады. «Ошағы құлап, оты сөну» бір шаңырақтың тыныс тіршілігі тоқтағандығын, «түтін түтетіп, ошақ құру» жаңа, жас отаудың дүниеге келгендігін білдірген.
Өзен көшесі

Бұрынғы атауы – Озерный көшесі. «Өндіріс» тұрғын алабы. Өзен көшесі Сусамыр, Қ.Кемеңгерұлы көшелерімен қиылысып, Өндіріс көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1632,8 м.

Өзен – құрлық бетіндегі табиғи арнамен тұрақты немесе жыл маусымдарының көпшілік уақыттарында ағатын су ағыны.
Өлеңті көшесі

Бұрынғы атауы – Стартовый көшесі. Өлеңті көшесі Қызылой көшесімен қиылысып, А.Тоқпанов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 287,8 м.

Өлеңті – «жағасында өлеңшөбі қалың өсетін өзен» мағынасындағы атау, яғни шөп атауына байланысты шыққан.
Өндіріс көшесі

Бұрынғы атауы – Северное тасжолы. Өндіріс көшесі Өзен, Т.Тоқтаров, С.Әліұлы, Ақбидай, Үшқоңыр көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 11892,4 м.

Өндіріс – тұтынуға қажетті материалдық игіліктерді, құнды заттарды жасап шығаратын өнеркәсіп саласы.
Өркен көшесі

Бұрынғы атауы – Школьный көшесі. Өркен көшесі Байқоңыр көшесінен басталады. Ұзындығы – 186,9 м.

Өркен - өсімдіктің негізгі бөлігі. Сабақтан және онда дамитын жапырақ пен бүршіктен тұрады. Сонымен бірге «көбею, кең қанат жаю» деген мағынаны білдіреді. Қазақта «өркенің өссін», «өркенің жайылсын» деген бата, тілек сөздер бар. Республика көлемінде көптеген елді мекендер «Өркен» деп аталады.

Өркениет көшесі

Бұрынғы атауы – Пришкольный көшесі. «Интернациональный» тұрғын алабы. Өркениет көшесі Мереке көшесінен басталып, Нұрлыжол көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 254,5 м.

Өркениет – «өркен жаю, даму» деген сөздермен байланысты. «Алға ұмтылып, даму, жаңалықтарға қол жеткізу» деген мағынаны білдіреді.

Өрнек көшесі

Бұрынғы атауы – В.Чкалов көшесі. Өрнек көшесі Жерұйық көшесінен басталып, Ш.Бөкеев, 8 наурыз көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 395,6 м.

Өрнек – оюдың бір түрі. Өрнек негізінен зерлеу, дәнекерлеу, қақтау, қалыптау, құю, соқпалау, термелеу, әдістері арқылы жасалады. Қазақстанның бірнеше облыстарында елді мекен аттарында кездеседі.
Өріс көшесі

Бұрынғы атауы – Узорный көшесі. Өріс көшесі Романтиктер көшесінен басталып, А.Тоқпанов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 119,5 м.

Өріс атауына байланысты қазақта «Өрісің кеңейсін», «Қыз өссе - өрісің» деген нақыл сөздер қалған.
П.Семенов-Тянь-Шанский көшесі

П.Семенов-Тянь-Шанский көшесі Құсжолы көшесінен басталады. Ұзындығы – 122,1 м.

Петр Петрович Семенов-Тянь-Шанский (1827-1914) – географ, статист, қоғам және мемлекет қайраткері. География ғылымына «Іле Алатауы», «Жоңғар (Жетісу) Алатауы», «Іле жазығы» деген атаулар енгізді.

П.Шубин көшесі

П.Шубин көшесі Оқжетпес көшесі, Атакент орамымен қиылысып, Д.Карбышев көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 449,3 м.



Париж коммунасы көшесі

Париж коммунасы көшесі Қарасай батыр көшесінен басталады. Ұзындығы – 110,3 м.

Париж коммунасы – 1871 жылы 18 наурыз – 28 мамыр аралығында 70 күн өмір сүрді.

Первомайский көшесі

Первомайский – кеңес дәуірінде кеңінен аталып өтілетін 1-мамыр мерекесінің құрметіне қойылған атау. Ұзындығы – 332,8 м.



Песчаный көшесі

Песчаный көшесі Анар көшесінен басталып, С.Сәдуақасов көшесінде аяқталады. Балочный көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 741,7 м.

Песчаный – құмды, құмдауытты жерлерге байланысты қойылатын атау.

Пионерский көшесі

Пионерский көшесі Абай даңғылын, Т.Бигелдинов көшесін қиып өтіп, Кенесары көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 600,2 м.

Пионерский – қоғамдық-әлеуметтік мағынасы бар кеңестік дәуірдегі атау. «Алғашқы, бірінші» деген мағынаны білдіреді.
Р.Зорге көшесі

Р.Зорге көшесі Ж.Шанин көшесінен басталып, Қалқаман көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 283,2 м.

Рихард Зорге (1895-1944) – барлаушы, Кеңес Одағының Батыры.

Р.Қошқарбаев көшесі

Р.Қошқарбаев көшесі Рамазан көшесінен Кенесары көшесіне дейін және С.Сейфуллин көшесінен қайта басталады. Жәнібек тархан, Ақмола, Ағыбай батыр, А.Иманов, Баянауыл, М.Дулати, Қарағанды, Ә.Жангелдин, И.Панфилов көшелерімен және Бөгенбай батыр даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы – 1633,3 м.

Рахымжан Қошқарбаев (1924-1988) – Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, «Халық қаһарманы». 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі жаяу әскер училищесін бітіріп, 1-Беларус майданындағы 150-Идрицск атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлерін азат етуге қатысқан. Қызыл Ту, I дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендері, көптеген медальдармен марапатталған.

Бұл көшеде Сәдуақас қажы Ғылмани атындағы мұсылман мешіті, «Ажар» сауда орталығы орналасқан.



Р.Қошқарбаев көшесі

«Пригородный» тұрғын алабы. Р.Қошқарбаев көшесі Қараөтел көшесінен басталып, Х.Досмұхамедұлы, Е.Тайбеков, Алпамыс батыр, Н.Оңдасынов, Темірқазық көшелерін қиып өтіп, Қарасақал Ерімбет көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 754,4 м.



Рамазан көшесі

Бұрынғы атауы – Набережный көшесі. Рамазан көшесі Республика даңғылынан Ш.Иманбаева көшесіне дейін М.Ғабдуллин, Р.Қошқарбаев көшелерімен қиылысып, Ш.Уәлиханов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 748 м.

Рамазан – мұсылманның ай есебі бойынша тоғызыншы ай, қасиетті ораза айы. Осы айда Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) алғаш Құран аяттары түсіп, пайғамбарлығы аян болған. Бұл оқиға Рамазан айының 27-і күні болған деп белгіленіп, мұсылмандар дәстүрінде осы түнді Қыдыр түні ретінде атап өтеді.

Речной көшесі

Речной көшесі Республика даңғылынан басталып, А.Бараев көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 517,9 м.

Речной – өзен алабы. «Кеме жүретін өзен жолы» деген мағынаны білдіреді.
Улица Речная

Начинается с проспекта Республики, заканчивается на улице А.Бараева. Длина – 517,9 м.


Родниковый көшесі

Родниковый көшесі Құлагер көшесінен басталады. Ұзындығы – 430,5 м.

Родниковый – қайнар, бұлақтың бастауы. «Бұлақты» мағынасындағы атау.

Романтиктер көшесі

Романтиктер көшесі Өлеңті көшесінен басталып, Өріс көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 282 м.

Романтиктер – адам бойындағы ізгі сезімдердің бірі. Арманшыл, қиялшыл дегенді білдіретін атау.

С.Әліұлы көшесі

Бұрынғы атауы – А.Даргомыжский көшесі. Ұзындығы – 541,7 м. С.Әліұлы көшесі Қ.Кемеңгерұлы көшесінен басталып, Өндіріс көшесінде аяқталады. Бестау орамымен қиылысады.

Сүгір Әліұлы (1882-1961) – күйші-композитор. «Телқоңыр», «Бесік жыры», «Шалқыма», «Ыңғай көк», «Қосбасар», «Бес жорға», «Балбырауын», «Кер толғау», «Желдірме», «Назқоңыр», «Бозінген», т.б. күйлері тағдыр жайлы тереңнен сыр шертеді. Сүгір домбырада оң бұраумен қатар, теріс бұрауды да пайдаланған әрі төкпе күймен шертпе күйдің үздік шебері болған.

С. Киров көшесі

С.Киров көшесі Ағыбай батыр, Ақмола көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 274,1 м.

С.Киров (1886-1934) – саяси қайраткер, коммунистік партияның жетекшілерінің бірі.

С.Кубрин көшесі

С.Кубрин көшесі 2-Алматы көшесінен басталып, Сарыарқа даңғылында аяқталады. Жамбыл, К.Күмісбеков, Боталы, Тәттімбет көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1465,2 м.


С.Қожанұлы көшесі

Бұрынғы атауы – В.Терешкова көшесі. Ұзындығы – 1437,6 м. С.Қожанұлы көшесі Қабанбай батыр даңғылынан басталып, Лесной көшесімен қиылысады.

Сұлтанбек Қожанұлы (1894-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте М.Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. Мектепке арналған «Есептану құралы» оқулығы мен «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты кітаптары шықты. Ташкентте тұтқындалып, қуғын-сүргін құрбаны болды.

С.Қожахметов көшесі

С.Қожахметов көшесі А.Байтұрсынов көшесінен басталып, С.Мұхамеджанов көшесінде аяқталады. Ш.Бейсекова, Оқжетпес көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1261,3 м.

Сұлтанбек Қожахметов – металлург, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
С.Марков көшесі

С.Марков көшесі Жігер орамынан басталады. Ұзындығы – 296,3 м.



С.Мұхамеджанов көшесі

Бұрынғы атауы – Краснодон Геройлары көшесі. Ұзындығы – 1511,4 м. С.Мұхамеджанов көшесі Конституция көшесінен басталып, Фахд бен Абдулл Азиз көшесінде аяқталады. Мұзтау, Аманқарағай, М.Дулатов, Абат-Байтақ, С.Қожахметов, М.Жәлел, Шақпақ көшелерімен қиылысады.

Сыдық Мұхамеджанов (1924-1991) – композитор, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі. Қазақстан композиторлар одағы басқармасының төрағасы. Қазақтың ән өнерінде «Өзгеге көңілім тоярсың», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» сияқты Абай өлеңдеріне арнап әндер жазған. «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным» атты әндердің авторы.
С.Мұқанов көшесі

С.Мұқанов көшесі Қалқаман көшесінен басталады. Ұзындығы – 160,9 м.

Сәбит Мұқанов (1900-1973) – Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері. Ғылым Академиясының академигі. «Ботагөз», «Мөлдір махаббат», «Аққан жұлдыз», «Өмір мектебі», «Сырдария» романдарын және драматургия саласында «Шоқан Уәлиханов», «Қашқар қызы», «Сәкен Сейфуллин» пьесаларымен көптеген өлеңдері, дастандары бар. «Саяхаттар», «Туған жердің тыңында», «Тыңда тұнған байлық», «Алыптың адамдары», «Замандас туралы аңыз» атты кітаптарында 200-ден астам әдеби-сын мақалалары жарияланған. С.Мұқанов ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
С. Разин көшесі

С.Разин көшесі Сарыбұлақ, Берел, Бекетай көшелерімен және Шідерті орамымен қиылысады. Ұзындығы – 1259,4 м.

Разин Степан Тимофеевич (1630-1671) – Дон казагы, Ресейдегі шаруалар көтерілісінің жетекшісі.

С.Сәдуақасов көшесі

С.Сәдуақасов көшесі В.Вишневский көшесінен басталып, Анар көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 721,6 м.

Смағұл Сәдуақасов (1900-1933) – көрнекті қоғам қайраткері, сыншы, жазушы. Мәскеудегі көлік инженерлері институтын бітірген. 1917-1918 жылдары Омбыдағы «Бірлік» ұйымының белсенді мүшесі, 1922-1925 жылдары Қазақ ОАК-тің Түркістан Республикасындағы өкілетті өкілі болды. С.Сәдуақасов - «Салмақбай, Сағындық», «Күміс қоңырау», «Күлпәш» атты прозалық шығармалардың авторы.

С.Сейфуллин көшесі

С.Сейфуллин көшесі К.Күмісбеков көшесінен басталып, Ә.Сембинов көшесінде аяқталады. Сарыарқа, Жеңіс, Республика даңғылдарын және Ж.Омаров, Желтоқсан, Бейбітшілік, М.Әуезов, С.Торайғыров, Ш.Айманов, Ж.Аймауытов, Ш.Уәлиханов, Тараз, Асанқайғы, Сырдария, Ә.Әлімжанов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 4166,2 м.

Сәкен Сейфуллин (1894-1938) – төңкерісшіл жазушы, Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі. «Бірлік» ұйымы басшыларының бірі болды. «Домбыра», «Экспресс», «Көкшетау», «Қызыл ат», «Альбатрос», «Аққудың айырылуы», «Сыр сандық», т.б. өлеңдер мен поэмалардың авторы.

Бұл көшеде С.Сейфуллиннің мұражайы мен ескерткіші, ҚР Бас прокуратурасы, Қазақ гуманитарлық заң университеті, «Гидромаш» зауыты, №2 автобус паркі, қазақ-түрік лицейі орналасқан.





С.Торайғыров көшесі

С.Торайғыров көшесі Кенесары көшесінен Отырар көшесіне дейін және Ж.Омаров көшесінен басталып, Бөгенбай батыр даңғылына дейін созылып жатыр. С.Сейфуллин, Қарағанды, Ә.Жангелдин, И.Панфилов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1704,5 м.

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) – ақын-ағартушы. 1912-1913 жылдар аралығында «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды бастады. 1913 жылы «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме мақалаларын осы журналда жариялайды. «Тұрмысқа», «Бір адамға», «Туған еліме» өлеңдерін, «Кім жазықты?» атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді.
С.Челюскин көшесі

С.Челюскин көшесі Шығанақ көшесінен басталып, С.Сейфуллин көшесінде аяқталады. Ә.Жанбосынов, Кенесары, Т.Бигелдинов, Ә.Әлімжанов, Абай даңғылын, Ж.Омаров көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1243,1 м.

Челюскин Семен (1700-1760) – орыс поляр зерттеушісі, теңіз офицері.
Садовый көшесі

Садовый көшесі С.Сейфуллин көшесімен қиылысып, Қарағанды көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 302,3 м.

Садовый – бау-бақшалы деген ұғымды білдіреді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет