ЕРТЕ ЖАСТАҒЫ ТОП
(1 жастан 2 жасқа дейін)
Балалардың жас ерекшеліктеріне сипаттама
Бала тіршілік әрекетінің қолайлы жағдайларында салмағына ай сайын 170,0 - 190,0 г, бойына - 1 см қосып отырады. Екі жастағы баланың салмағы орташа есеппен 12,0 - 12,7 кг, бойының ұзындығы 85,0 - 86,0 см жетеді, 20 сүт тісі болады. Бала мықты және ширақ бола түседі.
Бірінші жарты жылдықта белсенді сергектену уақытының ұзақтығы 3-4 сағат; екінші жарты жылдықта 4-5,5 сағат. Ұйқының тәуліктік мөлшері 14 сағаттан 12,5 сағатқа дейін қысқарады. Ұйқы мен сергектену арасындағы арақатынас өзгереді.
Баланың тік жүруі негізгі қимылдардың анағұрлым күрделі түрі болып табылады, ол қоршаған ортаны тануына және орталық жүйке жүйесінің айтарлықтай дамуына әсер етеді.
Іс-әрекеттің маңызды түрлерінің қалыптасуы барысында кеңістікте бағдарлану аясы кеңейеді. Жүру баланы жағымды эмоцияға итермелейтін қимылдың жетекші түріне айналады. Өмірінің екінші жылының соңында қимылдардың үйлесімділігі жетіледі: бала қадамдарын жылдамдатады, жүгіреді, жолдағы шағын кедергілерді еңсереді. Жүрісті дағдыландыруға сәйкес қимылдағы тепе-теңдікті сақтауға әсер ететін қолдардың қимылдары дамиды. Қимылдардың қарапайым түрлерін меңгеру барысында заттардың пішіні мен көлемін, олардың қасиеттері мен орналасуын қабылдайды.
Бала өмірінің 2-ші жылында ересек адамдардың тілін түсінуі және сөйлеу белсенділігінің дамуы, сенсорлық дамуы, заттармен әрекеттің, ойындардың дамуы, қимылдарының дамуы, дербестік дағдыларының дамуы қалыптасады.
Осы кезеңде сөйлеуді үйренуге ерекше сезімталдығы байқалады, ересектерге оның тілін түсінуге еліктейді. Бірінші жарты жылдықта сөздік қоры 30 - 40 сөзге жетеді, екінші жарты жылдықта белсенді сөздік қоры 200-300 сөзге дейін артады. Бала барынша жеңіл дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтады. Бала тілі қатынас құралы болып табылады.
Бала 1 жастан 1 жас 6 айға дейінгі кезеңде ересек балалар мен ересектердің қимылдарын қарап, өзінің нені көргенін жаңғыртады. Заттық әрекеттің жинақталған тәжірибесінің және ересектермен қарым-қатынастың арқасында балада заттарды салыстыруға үйренетін көріністік-бейнелеу ойыны пайда болады.
Заттық әрекет барысында балада тілді меңгерумен қатар көрнекі-қимылдық ойлау қалыптасады.
1 жастан 2 жасқа дейінгі кезеңде бала эмоционалды дамиды, шақырғанда үн қатады және музыканы, көркем сөзді сезеді, музыкамен қимылдау қабілеті пайда болады.
Осы жаста бала жинақылықты сақтайды, қарапайым тәртіп ережелерін орындайды, ересектің талаптарына бағынады және олардың тапсырмаларын орындайды, өзінің бастамасы бойынша ересекке жүгінеді.
Балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру
Бала өмірінің екінші жылында психофизиологиялық ерекшеліктеріне қарай балалар екі топқа бөлінеді:
бірінші - 1 жастан 1 жас 6 айға дейін;
екінші – 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін.
Әрбір жас тобына өз күн тәртібі ұсынылады.
1 жастан 1 жас 6 айға дейінгі балалар күніне екі рет, ал 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейінгі балалар бір рет ұйықтайды. Баланың түнгі ұйқысы 10-11 сағатқа созылады.
Жылдың суық және жылы мезгілдеріне сәйкес топтар бойынша күн тәртібі жасалады.
Ауа-райы жағдайларына байланысты екінші шағын топтың балалары күніне 1-2 рет серуендейді.
Жылдың жылы мезгілінде балалардың барлық топтардағы тәрбиелеу үдерісі балабақшаның арнайы көгалдандырылған жабдықталған алаңында ұйымдастырылады.
Режимдік сәттер: тамақтандыру, ұйқы, гигиеналық және сауықтандыру-шынықтыру шаралары ғимаратта өткізіледі.
Сауықтыру-шынықтыру шаралары табиғи факторларды, яғни ауа, күн, суды қолдану арқылы өткізіледі. Топтық жайларда ауаның температурасы +21-22°С, жатын бөлмесінде +15-16 °С құрайды.
Жаз мезгілінде серуеннен кейін шынықтыру шаралары әр баланың денсаулық жағдайларын ескере отырып қолдарды, аяқтарды жуу арқылы жүргізіледі.
Арнайы шынықтыру шаралары ата-аналардың тілектерін ескеріп, әкімшілік және медицина қызметкерлері ұйымдастырады.
Тәрбие мен оқыту мазмұны
1 жастан 2 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу және оқыту олардың дене, ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық дамуына, денсаулығын нығайтуға, білім, білік, дағды негіздерін қалыптастыруға бағытталған.
Үлгілік оқу жоспарына сәйкес ерте жас тобында ұйымдастырылған оқу қызметі аптасына 7 сағат 7-10 минуттан өткізіледі (бұдан әрі-ҮОЖ).
Ұйымдастырылған оқу қызметі:
- 1 жастан 1 жас 6 айға дейін сергектену кезеңінің екінші жартысында;
- 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін таңғы және кешкі сергектену кезеңдерінде өткізіледі.
Аталған жастағы балаларды тәрбиелеу және оқыту мазмұнын меңгеру білім беру салаларын кіріктіру және заттық дамытушы ортаны қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
Жоспарлау барысында бағдарламалық міндеттер және ойын-сабақтардың мазмұны, топтағы балалардың даму деңгейі, ойын- сабақтардың аптаға бөлінуі ескерілуі қажет.
Ұйымдастырылған оқу қызметінде балалар Бағдарламада көрсетілген білімді игереді. Ойын түріндегі ұйымдастырылған оқу қызметіне қатысатын балалардың саны олардың жастарына, іс-әрекеттің сипатына, мазмұнына байланысты.
Жаңа білім (алғашқы таныстыру кезеңінде) жеке немесе шағын топпен (3-5 бала) меңгертіледі. Балаларды шағын топтарға біріктіргенде әр баланың жас деңгейі ескеріледі.
Бағдарламалық мазмұнды меңгеру бағдарламада ұсынылған тақырыптарды игеру дидактикалық ұсынымдарды сақтауға байланысты. Өтілген материалды қайталау балалардың белсенділігін арттырады (өзгертусіз немесе дидактикалық материалды толықтырып қайталауға болады). Білімнің тиімді меңгерілуі дидактикалық материалдарды, атрибуттарды кеңінен қолдануға және таңдауға байланысты. Аталған жастағы балалармен ойын түріндегі ұйымдастырылған оқу қызметінде тосын сәттерді, әртүрлі ойыншықтардың кенеттен пайда болып, ғайып болуын көбірек қолдану ұсынылады. Ұйымдастырылған оқу қызметі барысында балаларды ересектердің айтқан сөздері мен сөйлемдерін қайталауға, іс-әрекеттеріне еліктеуге ынталандыру.
«Денсаулық» білім беру саласы
Аталған білім беру саласын ұйымдастыруда қажетті негізгі гигиеналық талаптардың бірі: еденді дымқыл шүберекпен сүртіп алу, таза ауа (19-20°С), маусымға сай, жеңіл, еркін қозғалыс жасауға лайықты киімнің болуы.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мазмұнына негізгі қимыл түрлері: жүру, еңбектеу, лақтыру, домалату, кейбір ойын түріндегі жалпы дамытушы жаттығулар, қимылды ойындар және ойын жаттығулары (олардың көпшілігі заттармен және еліктеушілік сипатта болуы) енеді.
Достарыңызбен бөлісу: |