Бұл зор ауқымды шараларды қауырт түрде іске асыру идеясы, авторларының көздеген басты мақсаттарының бірі — қоныс аударушыларға молырақ қазақ жерлерін босатып беру болды. БОАК-тың 1928 жылғы 29 наурыздағы қаулысында қазақтардың белгіленген мөлшерден артық жерлерін кесіп алу көрсетілді. Осылайша Кеңес үкіметі қазақ жерін отарлау ісіне жаңа қарқын берді. Бұдан кейін қабылданған шешімдер мен қаулылар патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатының қайта тіріліп, кеңестік заманда жаңа бағытта жүргенін байқатады.
1927 жылы желтоқсан айында тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Ал келесі 1928 жылы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталған екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылыктың мал-мүлкін тәркілеу белгіленді. Малмен қоса бау-бақша, ауыл шаруашылығы құралдары — соқа-сайман, арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер детәркілеуге жатқызылды. 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың туыстарының колымен жүргізілді. Осылайша қазақтарды өзара араздастыру саясаты тереңдей түсті.