Ел “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен кезеңде Қазыбек би өзге де билермен бірге Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. Орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қазыбек би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық дипломаттық айла-әрекеттерін жасаған. Би 1762 ж. Абылай сұлтанға Қытай боғдыханынан іргені аулақ салуға кеңес берген. Қазыбек мемлекет істерімен қатар руаралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған. Орыс патшасының өктемдігіне қарсы 1740 жылғы башқұрттар көтерілісінің басшысы Қарасақалдың Қабанбай батырға бармас бұрын Қазыбек биге келіп паналағаны белгілі. Ал Барақ сұлтан қысастықпен 1748 ж. 24-тамызда Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіргенде, мұны ел бірлігіне іріткі салатын қылмыс деп бағалаған.
Қазыбек Келдібекұлы (1667-1764) Сырдария жағалауындағы ауылда туып, жастық шағын Қаратау, Ұлытау атырабында өткізсе керек. Қазақ шежіре деректері бойынша, Қазыбек Арғынның Қаракесек (Болатқожа) руынан. Сол Қаракесектің бір атасынан Бұлбұл, одан Шаншар туады. Бұларда оқыған, тоқығаны көп, ақылгөй абыз, шешен би көп өткен.