Дәріс№7. Географияны оқытуда топсеруендер ұйымдастыру.
Негізгі сұрақтары:
1. Топсеруен өткізудің маңызы.
2. Топсеруеннің түрлері.
3. Топсеруенді талдау.
Мектепте өтілетін топсеруен - оқу тәрбие жұмысының бір түрі. Топсеруен бағдарлама бойынша жүргізіледі. Мұғалім алдын-ала топсеруеннің тақырыбын, өтілетін орнын, мерзімін анықтап, өзінің жылдық жоспарына енгізеді. Топсеруен оқу тәрбие жұмысының бір түрі болғандықтан, оқушылар іс-әрекеттерді табиғатта жайлы жағдайда, далада, мұражайларда, өзен аңғарында т.б. өткізеді.
Топсеруеннің маңызы:
1. Топсеруен оқушылардың білімін тереңдетіп, ой-өрісін кеңейтеді.
2. Оқушылырды іздемпаздыққа талпындырады.
3. Оқушылардың іздемпаздығын арттырады.
4. Өлкесін тануға, табиғатты зерттеуге талпындырады.
5. Оқушылар заттарға дұрыс қарауға, адамның еңбегін бағалауға дағдыланады.
Топсеруен кезінде оқушылар табиғат туралы, оның дамуы және шаруашылықта пайдалануы туралы білім алып қана қоймай, сонымен қатар, болашақтағы еңбек жолын және политехникалық оқытудың міндеттерін шешу үшін зор маңызы болатын өздігінен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді.
Топсеруенге шығудың бірнеше түрлері бар:
1. Табиғатқа топсеруенге шығу.
2. Мұражайға, ботаникалық баққа, зоологиялық паркке, географиялық кешенге.
3. Табиғи – аймақтық кешендерге.
Тақырып бойынша жұмыс істей отырып, мына ережелерді есте сақтау керек.
1. Нақты физикалық-географиялық кешендерді таныстырып, тәрбиелеу.
2. Табиғи-әкімшілік кешенді оқып үйренуді бірте-бірте - кезеңдер бойынша жүзеге асыру.
3. Топсеруенде бақылау жасау, географиялық қабықта болып жатқан оқушыларға әлі белгісіз, құбылыстар мен процестерді түсіндіру кезінде салыстыру қажет.
4. Табиғатты зерттеудің практикалық маңызы бар, ол балаларды табиғатқа мұқият қарап, оның байлықтарын қорғауға тәрбиелейді.
Топсеруен кезінде оқушылар табиғат туралы, оның дамуы және шаруашылықта пайдалануы туралы білім алып қана қоймайды, сонымен бірге болашақтағы еңбек жолы және политехникалық оқудың міндеттерін шешу үшін зор маңызы болатын өздігінен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді.
Топсеруеннің әдістемелік жоспарын мынандай үш кезеңге бөліп жасайды:
1. Әзірлік
2. Оқушылардың қатысуымен әдістемелік жоспар бойынша топсеруен өткізу.
3. Топсеруенге қатысушылардың қорытынды есебін дайындау.
Әр түрлі тақырыптарға және жергілікті жерлерге топсеруен өткізуге арналған әдістемелік талдауларды жасаған кезде табиғи кешендерді зерттегенде географиялық ғылымның логикасымен анықталатын белгілі бір дәйектілікті сақтау қажет.
ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРДЕГІ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ.
1. Онда жергілікті жердің геологиялық құрылымына, тау жыныстарының орналасуы мен құрамының сипатына, олардың құрылу жағдайына, жер бедерінің формаларына ықпалына тоқталған жөн.
2. Минералогиялық коллекцияны жинауды және қалай ресми қағаздандыруды көрсету.
3. Жергілікті жерді геологиялық зерттеуден кейін, оқушылар қорытынды жасауы тиіс.
4. Оқушылардың есебіне қандай материалдар керектігін қарастыру.
5. Топсеруен алдында қажетті жабдықтың тізімін әзірлеу.
ЖЕР БЕДЕРІНІҢ ФОРМАЛАРЫН ЗЕРТТЕУ.
1. Зерттелетін жердің жалпы суреттемесін, нақты мысалдар арқылы жер бедерінің қалыптасуына, осы заманғы факторлардың ықпалын атап өту.
2. Жер бедерінің жиі кездесетін формаларын атап өту және оларды баяндап жазу (биіктігі, төбелері, олардың ұзындығы, бағыты т.б.)
ӨЗЕН АҢҒАРЫН ЗЕРТТЕП ҮЙРЕНУ.
1. Өзен туралы қысқаша мәлімет әзірлеу (ағып шығуы, сағасы, ағыс сипаты), өзен аңғарының пайда болуы туралы айтып беру.
2. Эклиметр мен рулетканың, барометр, анероид, нивелирдің көмегімен өзен аңғарының кесе көлденең профилін салуды үйрету.
3. Өзен аңғарын зерттеп үйрену нәтижесінде қорытынды жазуға үйрену.
ӨЗЕН АҢҒАРЫН ЗЕРТТЕП ҮЙРЕНУ НӘТИЖЕСІНДЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЖАЗУҒА ҮЙРЕТУ.
1. Өзендегі өлшеу жұмыстарын жасату (ені тереңдігі, ағыстың беткі жылдамдығы).
ӨСІМДІК ДҮНИЕСІН ЗЕРТТЕП ҮЙРЕНУ.
1. Зерттеліп отырған жердің өсімдік дүниесінің сипатын, оның топыраққа, климатқа әсерін зерттеу.
2. Гербарийдің жасалу жолын үйрету.
3. Өсімдіктерді оқыту нәтижесінде оқушылар қандай қорытынды шығарады.
ТОПЫРАҚТЫ ЗЕРТТЕП ҮЙРЕНУ.
1. Топырақтың түзілуіндегі климаттың, жер бедерінің, өсімдіктердің ықпалы.
2. Топырақ қиындысын жасап, зерттеу.
3. Жүргізілген жұмыс нәтижесіне қорытынды жазу.
ТОПСЕРУЕНДЕ ЖОЛ-ЖӨНЕКЕЙ
ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН МЕТЕОРОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ.
1. Топсеруеннің басы мен аяғындағы күннің биіктігі.
2. Күн тәулігінің уақытына қарай ауа температурасының өзгеруі.
3. Ылғалдылығына, түсіне, механикалық құрамына қарай топырақ температурасының ылғалдылығын анықтау.
4. Өзендегі, ескі арнадағы жылғадағы, су қоймаларындағы температура өзгерісін өзара ауаның температурасымен салыстыру.
5. Салыстыру кезінде және түрлі табиғат обьектілерінің үстіндегі батпақ, орман т.б. бұлттылық өзгерісін бақылау.
ТОПОГРАФИЯ ЖӨНІНДЕГІ ПРАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР.
1. Топографиялық жұмыстарды қайталау.
2. Көзбен өлшеп түсіруді үйрету.
3. Есеп беруге материалдар дайындау.
Топсеруенді жүргізу әдістемесі мынандай болады:
Алдымен топсеруенге қатысушылар жота – қырдың үстінен зерттеп үйреніп, белгіленген жерді қарайды, мұғалімнің кіріспе әңгімесінің көмегімен, әрі өзінің байқауларында осы жер және табиғат компоненттерінің өзара шатастығы туралы жалпы ұғым алады. Шағын маршрутта - 1км-ден аспайтын экскурсияға барлық қатысушылар оны бастапқы нүктесінен соңғы нүктесіне дейін жүріп өтеді, жол бойы мұғалім түсінік береді, әр бригаданың жұмыс орнын көрсетеді, әр маршрут бойынша орналасқан нақтылы табиғат обьектілеріне көңіл аударуды ұсынады.
Маршрутпен бара жатқан жолда топсеруенге қатынасушылардың барлығы тау жыныстарының үлгілерін, өсімдіктерді жинайды, ауа, су, топырақ температурасын өлшейді. Суреттеме, фотосуреттер жасайды. Топсеруеннің соңында қорытынды конференция – көрмелер өткізіп, басқа оқушылар қатысуын қарастырады.
Дәріс№8. Географияны оқытудағы өлкетану ізденісі бойынша практикалық жұмыс түрлері.
Негізгі сұрақтар:
1. Практикалық жұмыстың маңызы.
2. Практикалық жұмысқа арналған дәптер.
3. Кескін картамен жұмыс істеу жолдары.
Практикалық әдіс.
Бұл әдіс – сөз көрнекілік және практикалық жұмыстың бір-біріне әсерінен туады. Практикалық әдіске табиғат объектілерін тани білу, анықтау, эксперимент жұмыстары жатады.
1. Табиғат объектілерін анықтау кезінде оқушылар үлестірілетін объектімен жұмыс істейді.
Мысалы: жергілікті жердің бейнесін көрсететін, тау жотасы, теңіз жағасы, орман, саванна т. б.географиялық объектілердің жинақтап көрсететін панораманың макетін жасауға болады.
Табиғи объектіні тани білу экскурсия кезінде қолданылып, оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады.
Бақылау әдісі – табиғат құбылыстарын табиғи жағдайда ерекше сезіммен қабылдау қорғау, аялай білу қабілеттерін дамытады.
Бақылау әдісі – түсіндіруді алдына мақсат етіп қояды, ол оқушылардың өзі жүргізуін, қорытынды шығаруын талап етеді.
Ескерту – барлық бақылаулардың қорытындысын сабақта қолданылатын болғандықтан сабақтың мазмұнын алдын ала мұғалім жақсы біліп отыруы керек.
Түсіндіру – бақылайтын объектіні таратып берместен бұрын жүргізіледі, ал қорытындыны оқушылардан алдындағы объектіні жинап алғаннан кейін шығарады.
Эксперимент әдісі – жасанды жағдайда жасалынады И.П.Павлов:
“Бақылау табиғат не ұсынса соны жинайды, ал тәжірибе табиғаттан нені алғысы келсе соны алады” – деп жазды.
Практикалық жұмыстың кезеңдері.
а). Тақырыбы, мақсаты.
б). Нұсқау (инструктаж).
в). Жұмыстың орындалуы (тәжірибені жасау).
г). Қорытындысын жазу.
д). Есеп беру – құжаттар тапсыру.
Практикалық сабақтарда оқушылар оқу мен тәрбиені біртұтас деп қарап, географияны оқытудың принциптері және алған білімді жаңа модульдік технология негізінде игеруге мүмкіндік береді. Практикалық сабақтарда оқушылар (атлас, карта, суреттер) оқу құралдарын пайдаланып, білім алады.
Практикалық жұмыстар оқушылардың географияға қызығушылығын арттыруға бағытталған. Берілетін тапсырма алдымен дәптерге жазылады. Сондықтан да, географияға арналған дәптер практикалық жұмыстарға арналады. Мұғалім дәптерді тоқсанына бір рет тексереді, бір тексергенде бірнеше баға қоя алады. Дәптерде бағдарламаға сәйкес практикалық жұмыстар, берілген сұрақтарға жауаптар, тест сұрақтары, тапсырмалар жазылады. Сонымен қатар, оқып үйрену, білімін бекіту, жинақтау кезіндегі суреттемелер, карта-кескіндер, диаграмма, таблицалар баяндалады. Географияның тілі - графика.
Мысалыға, «Атмосфера» тақырыбын өткенде оқушылар ауа райына бақылау жүргізеді, тиісті мағлұматтарды жазып алады. Орташа температураны есептеп шығарады, бір айға, бір жылға есептеген график жасайды. Желдің қозғалу жылдамдығын, бұлттану, ылғалдылық диаграммасын сызады, ауа-райының тәулік, бір ай ішіндегі өзгерістерін жазып отырады. Экономикалық география курстарында практикалық жұмыстар оқытушы ұсынған немесе ұжым болып жасаған үлгі кесте бойынша ұйымдастырылады. Мұндай тапсырмаларға өнеркәсіп кешендерін, жергілікті кәсіпорындарды, транспорт жүйелерін, территориялық өнеркәсіптік кешендерді оқып үйренуді жатқызуға болады.
Оқушылар географияға арналған дәптерді пайдаланғанда мынаны есте ұстау керек:
1. Бағдарламадан тыс жазбаларды жаздырмау.
2. Арнаулы графикалық санақ, графикалық материалдармен жұмыс істеуде өзіндік жұмыс пен практикалық жұмыстарды бөлек жазу.
Кескін карталармен жұмыс істеу. Кескін карталар географияны оқыту процесінде үнемі пайдаланылады. Олар географиялық атауларды салу, географиялық конспект жасау.
Бағдарлама бойынша кескін карталарға әр тақырып бойынша өтілетін географиялық обектілерді (тауларды, жанартауларды, жазықтарды, мемлекеттерді, астаналарды және т. б.) салады.
Кескін картамен жұмыс істеуді ұйымдастыру барысында ұқыптылықты талап ету қажет (қандай құрал-жабдық - сондай шебер) қағидасын ұстану қажет. Бірінші сабақтан бастап оқушыға кескін картаны дұрыс және ұқыпты толтыруды талап етеді.
Сондықтан, әрбір оқушыда кескін картамен жұмыс істеу үшін қажетті құралдар болуы тиіс:
1. Орташа қатты қара қалам,
2. Түрлі – түсті карандаш,
3. Сызғыш және үшбұрышты сызғыш,
4. Циркуль,
5. Өшіргіш, кей жағдайда тушь, бояу, қалам.
Кескін картамен жұмыс істеуді мыналардан бастауға болады:
1. Оқулық, атлас, әдістемелік нұсқауларды дайындау.
2. Қажетті обьектілерді дайын картадан, кескін картасынан табу.
3. Картада жазылған обьектілерді (жағалау сызығының элементтерін, өзен, көл, канал, қалалардың пунсондары т.б.) табу.
4. Картада берілмеген обьектілерді түсіру (пайдалы қазбалар, тасымалдаушы жолдар, өнеркәсіп орындары т. б.)
Кескін картасына жазғанда сызу сабағында үйренген шрифтті пайдалану керек, картаның беті жазуға толып кетпеуі тиіс, жазуды түсірудің де өзіндік талаптары бар. Мысалы өзенді жазғанда жазуды өзен ағысы бойымен қарағанда картаны бұрмай-ақ көретіндей етіп жазады, басталатын жерінен бастап жазады. Егерде өзен ұзын болса, бірнеше рет қайталауға болады. Екі қатарға қатар жазуға болмайды. Қалалардың аттарын пунсоннан оң жақтан бастап параллель бойымен жазылады. Егерде аталуы ұзақ болса, бірінші әрпін бас әріппен жазып, қалғанын картаның легендасында – аңызында ашып көрсетеді. Көлдер, аралдардың да аттары параллель бойымен жазылады. Шығанақ, бұғаз, түбек, таулы қыраттар - олардың бағыттарына қарай жазылады. Пайдалы қазбаларды түсіргенде мектепке арналған атластан онша ауытқуға болмайды, оларды да параллель бойымен түсіреді, тығыз картоннан шаблонды сызғыш жасап алып түсірген өте ыңғайлы.
Картаның легендасы (аңызы).
Әрбір кескін картаның негізі болып табылады. Онда қысқартылған аттар, пайдалы қазбалардың аттары, түсіндірме сөздер беріледі. Әрбір жаңа түсінік жаңа қатардан бастап жазылады. Дайын қатар жетпесе, келесі бетіне жазуға болады. Кескін картаны пайдалана отырып, географиялық диктант, қысқаша бақылау жұмысын алуға болады. Географиялық диктантта міндетті түрде обьектілер беріліп, оларды кескін картада белгілетуге болады. Мысалыға, «Саяхат», «Викторина» т.б. Қысқаша бақылау жұмысында мұғалім алдын ала 5-6 варианттық билеттер дайындайды, онда 3-4-і кескін картаға арналған тапсырмалар болуы мүмкін. Мұндай жұмыстарға 10-15 минут уақыт беріледі.
Картограмма және картодиаграмма.
Картограмма – бұл кескін картасында территориялардың бөліктерін төртбұрыш, дөңгелек, тік тұрғызылған сызықтар арқылы түсіру. Сандық көрсеткіштер клеткалар арқылы көрсетіледі. Картодиаграмманы жасағанда мынадай жұмыстар қолданылады:
1. Алдымен алынатын аймақтың шекарасын біріктіреді.
2. Диаграммалық белгілерді масштабқа байланысты орналастырады (шекаралары аудандарына сәйкес келетіндей).
3. Кескінге диаграммалық белгілерді орналастырып тексеру.
4. Картодиаграмманы соңғы өрнектеу.
Кескін карталар.
Көбінесе материалдың берілуінде анық және тез арада түсінуіне көмектеседі, аз уақыт кетеді. Белгілі бір елдің, жердің географиялық жағдайын салыстырады. Практикалық жұмыстардың жасалуына көмектеседі.
Дәріс №9. Географияны оқытудағы өлкетану ізденісін әдістемелік тұрғыдан талдау
Негізгі сұрақтары:
1. Сабақтың құрылымдық бөлімдеріне талдау.
2. Сабақтың өту барысына талдау.
3. Сабақтың бағалануына талдау.
Сабақтарға дайындалу барысындағы қажетті жәйттер:
1. Ұғымдар мен басқа білімдердің мазмұнына анализ жасау керек, ол үшін:Ұғымдардың негізгі белгілерін (мысалы, таудың негізгі белгілерін: басы, беткейлері, табан және басқалары) айқындау. Ұғымның түрлемелі белгілерін (сырт көрінісіне, биіктігіне, беткейлерінің тіктігіне, төбелерінің формасына және басқаларына қарап таулардың өзгешеліктерін) анықтау;Құбылыстардың, заттардың мәнін ашатын себеп-салдар байланыстарын (таулардың өзгешеліктері жасына, тауларды құрайтын жыныстардың құрамына, қирату жұмыстарын жүргізетін қазіргі мұздықтардың қозғалысына, үгілу процестеріне және басқаларға
байланыстылығын) айқындау. Оқулықтан ұғымның анықтамасын табу және оның мазмұнына сәйкес келуі (онда мәнді белгілер мен байланыстар көрсетілгендігі) туралы қорытынды жасау;
Ұғым мазмұнын анализдеу негізінде, оның ішінен мағыналық бірліктерді ажыратып, түсіндірме дайындау. Мәселен, «таулар» деген жалпы түсінік (V класс) әр түрлі жастағы таулардың сыртқы көрінісін сипаттауды, жалпы және ерекше белгілерін айқындауды, бұл айырмашылықтарды тудырушы себептерді анықтауды қамтиды.
2. Жаңа білімді қалыптастыруға негіз болатын сүйеніш білімді есепке алу, яғни өткен курстардың бағдарламалары және оқулықтары бойынша оқушылардың осы ұғымды қабылдауға мүмкіншілік тудырарлық дайындылығын айқындау. Сонымен: объектілердің, құбылыстардың айрықша белгілерін анықтау үшін қандай сүйеніш білімдерді қатыстыру қажет екендігін белгілеп, яғни оқушылар өзінің бақылауы мен өмір тәжірибесі арқасында олар туралы нені білуі мүмкін екендігін есепке алу. Оқушылар карталармен, графиктер, оқулық текстімен, суреттермен және т.б. қандай әрекеттер жасай білетіндігін, жаңа ұғымды қалыптастырумен байланысты оларды алғашқы рет қандай әрекеттер жасауға үйрету керектігін есепке алу.
3. Білім мен іскерлкіті игеруді қамтамасыз етуге қажетті жағдайларды анықтау, ол үшін: ұғымдардың мазмұны және оқушылардың даму дәрежесіне сәйкес, олармен (карталармен, суреттермен, оқу фильмдерінің фрагменттерімен, диапозитивтермен коллекциялармен және т.б.) жұмыс істегенде, оқушылар ұғымдарды меңгеріп алуына қажетті оқыту құралдарын іріктеп алу. Ұғымдардың белгілерін дәл анықтауды, сондай-ақ себеп-салдарлы байланыстарды анықтау үшін сүйеніш білімді қатыстыруды және оқушыларды білімнің әр түрлі көздерімен жұмыс істеу әдістеріне үйретуді қамтамасыз етуге тиісті білімді ауызша баяндау методтарын таңдап алу, сонымен бірге практикалық және дербес істейтін жұмыстардың мақсаттары мен міндеттерін анықтау, осында – бағдарламалық және проблемалық оқытудың элементтерін пайдалануына болады.
4. Осы сабақтың оқу материалының (логикалық құрылуын) құрылым және ұғымдардың күрделілігі мен оқушылардың жұмысқа дайындығына байланысты оқушылардың білімді игеру жүйелілігін анықтау.
5. Орындаған жұмыстың негізінде мұғалімнің білімді ауызша баяндау әдістері мен оқушылардың дербес жұмыс істеуінің үйлесімін анықтау.
Үлесімді таңдап алу мыналарға байланысты:
- Материалдың мазмұнына (фактіге негізделген, суреттеме, немесе өте
мөте ғылыми материал сабақтың басты мазмұнын құрайды);
- Оқушыларда сол немесе басқа ойлағыштық операция жасау (анализдеу, дәлелдеу, салыстыру, талдап қорыту және т.б.) іскерлігін дамытуды қажеттігіне;
- Осы сабақта қандай да болсын дағдылар мен іскерлікті оқушылардың алу мүмкіншілігіне;
- Материалдың оқушыларға қатысты дәрежесіне;
- Оқушылардың дайындық дәрежесіне байланысты.
Егер оқуға жататын материал оқушыларға белгісіз немесе күрделі жаңа ғылыми ұғымдар болса, мұғалім оны толығынан баяндауы керек. Түсіндіру жүйелі, дәлелді, түсінуге оңай болып құрылуы керек. Түсіндіру барысында көрнекі құралдарды кең пайдалану керек. Мұндай сабақтарда материалдың күрделілігіне қарай түсіндіру, 20-дан 30 минутқа дейін уақыт алады, қалған уақыт мұғалімнің қанша түсіндіру және оқушылардың сұрауына, дербес істейтін жұмыстарына бөлінеді. Тапсырма бойынша оқушылар карталарды оқу негізінде анықтамаларға немесе мұғалімнің баяндауындағы кейбір ережелерді растайтын, әсіресе себеп-салдар байланыстарын анықтағанда, нақты мысалдар таңдап алады.
Дербес істейтін жұмыстар және сұрақтарға берілген жауаптар мұғалімнің түсіндіруін қорыта алады. Бұл жағдайда жаңа материалды түсіндіргеннен кейін оқушылар мәтінмен жұмыс істейді де, ол бойынша таблицалар, кескіндер, немесе түсіндіру кезінде қолданылмаған оқулықтағы иллюстрация материалын өз бетімен анализдейді.
Жұмыс методтарының басқа үйлестіктері және оларға сай келетін ойланғыштық операциялар, белгісізді белгімен табиғи біріктірген материалды, мәселен 8 сыныпта Қазақстанның ірі территорияларын оқығанда қолданылады. Осы сияқты сабақтарда дербес істейтін жұмыстар әлде қайда көп орын алады да, бірінші планға шығады.
Егер сабақтың мазмұнында көп суреттеме материал (ауа райын, өзендерді, өсімдік зоналарын сипаттау) болса, қосымша үзінділерді оқумен, оқу фильмдерін қараумен, суреттерді, фотографияларды көрсетумен мұғалімнің әңгімесі басым орын алады. Алайда, құралдарды қараудың, олардың мазмұнын оқушылардың өз бетімен анализдеуін міндеттейді. Бұл көпшілік жағдайда жаппай әңгімелесу процесіне өтеді.
Жаңа білімді қалыптастыруда мұғалумнің сұрақтары бойынша әңгімелесу үлкен роль атқарады. Баяндау сұрақтары мазмұны мен методтарына байланысты әр сабақта әр түрлі орын алады. Мәселен ұзақ түсіндіруді талап ететін мектеп лекциясы методын қолданғанда, сұрақтар әдетте сабақтың бас кезінде проблема ретінде қойылады.
Егер баяндалатын материал оқушыларға жарым-жартылай таныс болса, сұрақтарды баяндау барысында қоюға болады. Бұл жағдайда олар оқушылардың назарын карталарды оқуға, оларды салыстыру үшін дербес жұмыстар істеуге, бұрынғы білім мен мен өмір тәжірибесін қатыстыруға бағыттайды.
Сұрақтарды қоюда мұғалім қандай дидактикалық мақсаттарды көздесе де, оқушыдан қандай ақыл ой әрекетінің түрі қажет екендігі, жауаптың қанша уақыт алатындығы, берілген сұрақтың жауабы жауабы қысқа немесе тыңғылықты болуының ерекшелігі туралы ол әр уақытта ойланып отыруы керек.
Сұрыпталған материалды сабаққа дайындағанда оны жеке бөліктерге бөле отырып, олардың ішінен қайсысы мұғалімнің түсіндіруін немесе суреттеме әңгімесін керек ететіндігін, қайсылары жаппай әңгімелесу кезінде, немесе дербес істейтін жұмыстарды орындау процесінде шешіле алатындығын анықтау керек.
6. Білімді игеру процесінде оқушылардың таным әрекетін дамытуға бағытталған мұғалімнің жұмысының әдістерін ойлау.
Ақыл-ой және практикалық әрекеттерінің әдістерін оқушылардың қаншалықты меңгергендігін анықтауға мүмкіндік беретін келесі критерийлерді студенттер анықтап алуға тиісті. Оқушы осы, не басқа тапсырманы орындауға керекті әрекеттің тәсілін, оны пайдалана алуды және өзінің әрекетін ауызша түсіндіре білуі керек. Мәселен, климаттың типін, климаттық картаны және температуралар мен жауын-шашынның диаграммаларының негізінде анықтау керектігін білуі керек. Кез келген аймақтың климат типін анықтағанда оқушы осы тәсілді қолдана білуге тиісті: климаттық карталардың климаттық сандық көрсеткіштерін (қаңтар мен шілде изотермаларын, олардың амплитудасы, жауын-шашынның жылдық мөлшері , диаграммаларға қарап, жауын-шашынның жыл маусымында таралуын және т.б. алынған мәліметтерді әр түрлі климат типтерінің белгілі көрсеткіштерімен) салыстыра отырып, осының негізінде, не басқа аймақтың климат типін анықтай білу.
7. Келесі сабақта қайталау және оқушылардың білімін тексеру үшін, сұрақтар дайындағанда мыналар ескерілуі керек:
Қайталау оқушылардың білімін айқындап қана қоймай, оларды кеңейтіп, қорытындылар шығару іскерлігін, карталарды білімнің дербес көзі ретінде қарап, олармен саналы жұмыс істей алатындығын айқындауы тиіс. Сондықтан, сұрақтарды тұжырымдауды «неге», «қалай», «немен түсіндіріледі» деген сұраулы сөздерден бастау керек.
Қайталау материалды саналы түрде игеруге, онда еркін бағыт-бағдар ала білуі керек, сондықтан сұрақтарды оқушылардың ой-өрісін дамытатын салыстыруларды кеңінен қолдану қажет.
Сұрақтар бұрын өтілген материалдың негізінде құрастырылумен бірге, пәнге деген қызығуды арттыруға әсерін тигізуі керек, ол үшін мазмұны әр алуан карталарды, суреттерді, гербарийлерді, пайдалы қазбалар мен тау жыныстарының коллекцияларын кеңінен пайдалану қажет.
Сұрақтар бұрын өтілген материалдың негізінде құрастырылумен бірге, өтіп жатқан сабақ тақырыбы мен логикалық үйлесімде болуы керек.
Сабақтың бас кезінде оқушыларды ұйымдастыру.
Оқушыларды сабақтың бас кезінде ұйымдастырудағы мұғалімнің әдісін бағалау: сабақты жабдықтаудың даярлығы мен оқушылардың жұмыс орнын, сабаққа келмей қалған оқушыларды тексерудегі жылдамдығы, алдағы жұмысқа оқушылардың зейінін аудару, сабақтың бас кезінде оқушылардың сабаққа қатысуы.
2. Оқушылардың білімін тексеру және қайталаудағы әдістер мен формалар.
1. Оқушылардың ырықты зейінін ұйымдастыру мен қайталау, тақырыпты қайталау сипаты жөніндегі мұғалімнің қызметіне баға беру (тапсырмалар мен сұрақтарды проблемалы қоя білу, жауап беруші мен оны тыңдаушының міндеттерін жеке және жалпылама берілетін тапсырмаларды түсіндіруі).
2. Сұрақтар мен тапсырмалардың мазмұнының сипаты.
3. Сабақты сұрау формалары (жалпылама, жеке).
4. Оқушылардың біліміне баға қоя білуі, оны не үшін қойғанына мұғалімнің мотиві.
3. Жаңа материалды оқып үйрену.
1. Оқушылардың жаңа білімді оқып үйренуін ұйымдастырудағы мұғалімнің жұмыс әдісін анықтау.
2. Мұғалім баяндап берген жаңа білімнің мазмұнын бағалау: білімдік- тәрбиелік құндылығы, идеялық бағыты, білімді бағалау үстіндегі мұғалімнің сенімінің күштілігі, негізгі дидактикалық принциптерді ұштастыра білуі, ғылымилық пен терең білімділікті түсініктілікпен және көрнекілікпен ұштастыруы оқушылардың жас ерекшелігіне сай болуы, пән аралық байланыстың болуы, жаңа материалды оқып үйренумен байланыстыра отырып, география бойынша, басқа пәндер бойынша алған тірек білімдерін анықтай білу.
3. Білімді ауызша баяндаудағы методтар мен әдістерді анықтау және олардың мақсаты, мазмұны жағынан оқушылардың сабаққа даярлығы мен баяндау әдісінің әр түрлілігі жағынан бағалау (сұрақтардың сипатына қарай, олар ойлау қызметін бағыттауы фактілі білімдерді оқушылардың қалай білетінін анықтауда, жалпы ұғым мен заңдылықты, себеп – байланысты т.б. айқындауда қалай бағытталған)
Достарыңызбен бөлісу: |