Бала шоқан повестер



Pdf көрінісі
бет25/29
Дата07.02.2022
өлшемі1,6 Mb.
#94641
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29
Байланысты:
pdf Бала Шоқан Сапарғали Бегалин
Begalin Bala Shokan (1), Begalin Bala Shokan (1)
ҚҰС ҚУҒАН БАЛА
Сəтжанның ителгісі үйрек алғаннан бері, өзіне де бұрынғысынан
өзгеше тəрізді. Ерекше тұлғалы қыран бейнесіне ұқсағандай. Тұғырда
отырса, құм қайрақ қызғылт көзі жалын шашып, қызықты болып кетті.
Апасы да «Сəтжан, құсың өйтпесін, бүйтпесін» деген секілді ой бөліп
елеген мінез білдіреді. Аңшы атасы, күніне бір рет қолына қондырып
сылап-сипап, Сəтжанның берген жемін өз кезімен көріп, ол да қадағалап
жүр. Үй ішінде де, ауыл арасында да Сəтжанның ителгісінің үйректі теуіп
түсіргені əжептəуір сөз болды. Осының барлығы Сəтжанның құс
құмарлығын бұрынғыдан да есіре түсті,
— Ертең торпақтарыңды бойдаққа өткіз. Бəріміз көріп аламыз, — деген
колхоз бастығының сөзін есіткенде Сəтжан аса қуанды. Соны жерге
қонғаннан бері жетіле ержете түскен торпақтары, əсіресе, «Майғарын»,
«Қоянқұлақ», «Сидақасқалар» ірі көрініп, тіпті қызықты еді. Сол қызықты
малын өсіріп, өріс танытып колхоз дəулетіне қосатын күн жетті.
Торпақтарды бойдаққа өткізіп алған Ахмет:
— Бұзаулардың биылғы күтімі ерекше болған тəрізді. Торпақтар
бұрынғы екі жылғыдан анағұрлым ірі. Ерекше етті, — деп Серікбайға
қарады.
— Оның рас, Ахмет, — деді Серікбай. — Малмен біте қайнаған
адамсың ғой, абайлауың дұрыс. Сəтжан биыл төлді өте жақсы бақты.
Бұзауларын қашан есейгенше күнсітпей, талдан шарбақ тоқып, көлеңкеге
жатқызды. Онан соң бұзауға беретін сүтті ор қазып, күн ыстықта соған
қойып, суытып беріп отырды. Бұл бұзаулар ыстық етпей, күнсіген жылы
сүт жұтпай, көлеңкеде жусап, сүтті бабымен ішіп майекті өсті.
— Бəсе, айттым ғой, əйтеуір бір айырықша күтім болған. Бұл əдісті
кімнен үйрендің? — деп Ахмет Сəтжанға қарады.
— Жанай екеуміз, өзіміз ақылдасып істедік, — деп Сəтжан кең танауын
бір тартып Серікбай ақсақалға қарады.


— Бұларға ешкім де үйреткен жоқ. Осы екеуінің өзі ерінбей-жалықпай-
ақ істеді, — деп Серікбай екі баланың тел баққыш мінездерін көтермелеп
қойды.
Сəтжанның бүгінгі бір асыға істеп отырған жұмысы, ферманың айлық
есебі. Ол ай сайын фермадан тапсырылған сүттің, қаймақтың есебін жəне
сауыншылардың еңбек күнінің есебін жазып жіберіп отыратын. Ал,
Байқошқарға келгелі жинақталып жазылған жоқ-ты. Ол таңертеңнен бері
соны жазып, есеп дəптеріне қондырып жатыр.
— Сенің есеп қағазың келмегендіктен ауданға беретін мəлімет бөгеліп
қалды жəне май мен сүттің жоспарын орындағаны туралы жазылатын
хабарлау да сенің есебіне байланысты, — деп жазған колхоз есепшісінің
қағазы, бар кінəні Сəтжанға аударып мойындатып қойғандай болды. Осы
есепті алып баруға Жанай белгіленісімен-ақ Сəтжанды «бол-болдың»
астына алып, ол да асықтырып отыр.
Тез бітіруге Сəтжанның, өзі де соншалық асық. Кеше кешке Қанай
сиыршы аңызда көп қаздың жүргенін айтып, Сəтжанды мүлде қызықтырып
қойды. Кешкі шабытта ителгіні қазға бір жіберіп байқасам деп, іштен соны
ойланып, асығып та отыр.
Жанайға беретін қағазын бітіріп, Сəтжан далаға шыққанда, ауыл
үстінен шулап ұшқан бір топ қаз тура егіндіктің орнына тартты. Қаз
дыбысынан елең алғандай ителгісі талпынып, тұғырынан жерге қонып, аяқ
бауын тартқылады. Далада отта тұрған кер құнанын Сəтжан алып
келгенше, су бойынан кешкі жайылымға егіндік орнына қарай топ
қаздардың тағы бірнешеуі ұшып өтті.
Сəтжанның бір қарайлап тосқаны қырман басындағы ауылға кеткен
Серікбай атасы еді. Ол кісі əлі көрінбейді. Баласынын құнанын ерттеп
қамданғанын көрген Зейне:
— Қарағым, күн кешкіргенде қайда барасың, өзен бойына барма, — деп
баласына əлденеден ой салды.
— Өзен бойына өзім де бармаймын, мына егіндік жаққа барамын.
Құсымды қазға саламын, — деп Сəтжан не дер дегендей шешесінің бетіне
қарады. Баласының кəнігі құсбегілерше қазға салам, деп ширап айтқан
сөзіне разы болғандай, Зейне жаулығын қолымен иығына қарай бір серпіп:


— Түгі, торғайдай шіркінің қазды қайдан алсын. Ана жылғы бүркітін
қасқырға салып өлтіріп алған аңшы атаң құсап, құсыңды қаз өлтіріп кетіп
жүрмесін, — деді.
— Апам кейде жоқты айтады, ителгінің қаз түгіл киік алатынын естіген
жоқ па едің. Өзің нанбасаң, аңшы атамнан сұрашы, — деп Сəтжан
шынымен ренжіп қалды.
Сəтжан құнанына мініп, құсын алып егіндікке жөнелгенде, Шақпақ
жақтан соғып тұрған жел екпіндей түсті. Шабытына түсіп ашыққан ителгі
салқын желге ширыққандай, алдынан пыр еткен торғайларға да лап
қойғандай, қолға тұрмай, қымыңдап келеді. Өзіңе ере шыққан Бөрібасарды
Сəтжан ауылдан ұзаған соң ғана көрді. «Ерсең ер, серік боларсың»
дегендей Сəтжан оған жекіген жоқ.
Жаздай бұзау бағуға мінілген кер құнан қамшыға еті үйреніп қырсаулау
жүретін əдетімен аяғын керенау басады. Егіндік бірсыпыра жер, күн де
еңкейіп барады. Сəтжан тез жеткісі келіп кер құнанды тебініп те,
қамшылап та қояды. Бірақ жүрісі өнбей, егіндікке əлі жете алмай келеді.
Ойдағы үлкен егіндікке иек артпа жерден бармақ болып Сəтжан
даламен жортты. Əлденеден сезік алып, алда тұрған айқасқа əзірленгендей
ителгі де жүнін жығып, екі қанатын салбыратып жұмып келеді. Ителгісінің
мына мінезіне соншалық разы болған Сəтжан абайламай егіндікке
қашаңдау бір белестен шыға келді. Егін орнында топ-тобымен бырдай
болып жайылып жатқан қаздар кенеттен шыға келген Сəтжанды көре
салып, топ-тобымен қаңқылдап көтеріле бастады. Қаздардың дауылдап
ұшқан қызығына таңдана қарап келе жатқанда Сəтжан құсының сып етіп
қолынан атып шығып кеткенін бір-ақ білді.
Ителгі қиқулап көтерілген бір топ қазға қарай зыта жөнелді. Бірақ,
қаздар жоғары көтеріліп кетті. Ителгіден шошынды ма, жоқ өздерінің
ұшуы солай ма, қаздар барған сайын аспандап көтеріле берді. Біріне-бірін
тіркеген көштің түйесіндей қаздар тізбектеліп Бақанас бойын өрлей
оңтүстікке қарай тартты. Қаздардан əлдеқайда төменде ителгі де кетіп
барады. Барған сайын жел көтерді ме, ителгі қаздарға жақындаған
тəрізденді. Бірақ қаз тобына айқасқан белгісі білінбейді. Екі көзі аспанда,
ителгісінің қарасынан көз алмай Сəтжан шауып келеді. Кер құнаны
барлығып қалды ма, жоқ өзінің жалқаулығы ма, шабысы бəсеңдеп, қаздар


тобы да, ителгі де ұзап кетті.
Сəтжан ителгісін шақырып алатын əдістерінің бəрін істеді. Бірақ
ителгісі оған ойысар емес. Барған сайын аспандап қазбен бірге бұлтқа кіріп
қарасы əрең-əрең көрініп ұзай берді.
Шығыс жақтан түннің қою қараңғылығы да көтеріле батады. Барған
сайын айнала елсіз тартып түсі суық сүр бұлт қалыңдай түсті. Кер
құнанның аяғы қоюлап, шоқырақтаудан да қалды. Ешнəрсені ұқпаса да,
Сəтжанның шапқан бетіне қарай далақтап Бөрібасар беталды жүгіріп, о да
қызыл танау.
Ителгісін шақыра-шақыра Сəтжанның даусы қарлықты; жел кеулеп
киімдерінің етегі далиып ашылып, құнанын қамшылаймын, деп
қамшысының басы ұшып кетті. Қамшы болмаған соң кер құнан мүлде
басынып, жортақты да қойып, тоқтауға таянып келеді. Байқошқардың
Бақанасқа құяр қоспасына таянғанда ымырт жабылып, қаздар тобы да,
ителгісі де көз ұшынан мүлде ғайып болды.
Өзен бойының тал бұталары түн көлеңкесін оранып, мүлде түйілген
қара көлеңке болып кетті. Əлі де қарлыққан даусымен ителгісін шақырып
Сəтжан ілгері тебінеді. Түн болса мынау, ителгіден көз жазды. Енді неге
айқайлайды, неге ілгері қарай тебінеді, оны өзі де білмейді.
Солтүстіктің түсі суық сұр бұлты қалыңдап, қараңғылық қоюланып
кетті. Бір топ талдың тұсына келгенде кер құнан мүлде аяғын баспай тұрып
алды. Сəтжан құнаннан түсті. Бірақ, əлі де құсынан үміт үзбей аспанға,
айналасына қарайды. Құнанына сүйеніп тұрған Сəтжанның аяғына
тұмсығын сүйей Бөрібасар да ентігін баса алмай келіп шөкесінен жатты.
Қою қара көлеңкеге шомылған шоқ тал əлденелердің ұясындай өте жат
көрінеді. Ызыңдаған кешкі жел суылдатып үйірген тал бұталар, құрақ,
шалғындар əлденені күбірлегендей, алуан үн ырғалады. Мына түнерген
дүлей табиғаттың ортасында Сəтжан жалғыз болса қайтер еді. Болдырса да
кер құнаны, Бөрібасары кəдуілгідей тиянақ.
Бағанадан аттың қызуымен абайламаған Сəтжан енді байқады, өнебойы
салқындап тоңып барады. Байпағымен сыймаған соң қоңылтақ кие салған
жұқа етік жəне шолақ қамзол оншалықты пана болар емес, кешкі ызғар етін
қари бастады. Біраз демігін басқаннан кейін отшаң кер құнан жайылғысы


кеп жерге ұмтылды.
Бағанадан бері тек құсының жайын ойлап ешнəрсені елемеген Сəтжан
бас қамына енді ойысты. Айнала тастай қараңғы. Ауыл алыста. Кер құнан
болса болдырып жүруге жарамай қалды. Үстінде жөнді киім жоқ. Күздің
мынау ұзақ таңында, əсіресе, таңғы бозқырауға қалай шыдайды, өзен
бойының елсіз жынысында қандай аңның мекендеп жүргенін кім біледі?
Сəтжан енді аздап сескенейін деді. Оның ойына келген бір медеу өзен
бойы ғой. Мұнда шабылған, үйілген шөп болса тауып алып, соны
паналасам жəне құнанымды да сол шөпке қойып тойдырып алсам, деді
ішінен, ол отыра қалып жерді қолымен сипалап еді тұрған жері
шабындының орны екен. Ол қуанып кетті. Құнанын қоя салып жан-жаққа
жүгіріп, үйілген шөп іздеді, дес бергенде өзі тоқтаған шоқ талдың жоғарғы
жағында үйілген шөптің бейнесіндей бір шоғыр көрінді. Қайтадан
құнанына келіп жетектеп, сол шоғырға қарай жүрді. Əлденелер үстінен зу-
зу етіп ете шығады. Ондайда Сəтжан шошып та қалады, үміттеніп те
қалады. Үйткені кейбір суыл ителгінің қолына қонарда суылдап келе
жатқан екпіні тəрізденіп кетеді. Шынында ол Сəтжанның ителгісі емес,
өзен бойын жобалап ұшып қайтып жатқан үйректер еді.
Сəтжанның келгені сол өзеннің бойынан шауып үйген үлкен мая шөп
болды. Ол бұған аулын тапқандай қуанды, Шөптің ық жағына келіп,
құнанының, ауыздығын алып шөпке қойды. Өзі шөпті қуыстап жантайды.
Сəтжанның аяқ жағына келіп Бөрібасар да бұйыға жатты. Ол кейде
əлденелерге құлағын тігіп, дыбыс сезгендей Сəтжанға да қарап қояды.
Сəтжанның ойына бұл түнде ұры кездесіп, құнанымды іліп əкетер деген
қауіп келген жоқ. Ол тек қасқырдан қауіптенді. Қасқырға Бөрібасар сенімді
күзетші. Құнаны шөпте, өзі шөптің жылы ықтасында. Алғашқыдай емес,
өзен бойының түнерген қараңғылығына бойы да үйренді. Біраздан кейін
маужырап, ұйқысы келіп, Сəтжан қалғып та кетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет