Жағдайға байланысты жалпы жиынтықтан ішінара бақылауға алынатын жиынтық бірліктерін іріктеп алу әр түрлі тәсілдермен жүргізіледі. Соның бірі бақылауға іріктеліп алынған жиынтық бірліктерінің зерттеуге екінші рет қатысатындығы немесе қатыспайтындығына байланысты қайта іріктеу және қайталанбайтын іріктеу әдістері болып екіге бөлінеді. Егер жалпы жиынтықтан іріктеліп алынған бірліктер тексеріліп, зерттеуден өткен соң қайтадан жалпы жиынтыққа қосылып, келесі бақылау кезінде екінші рет тексеруге қатысатын болса, онда оны қайта іріктеу деп атаймыз. Бұл әдісте жалпы жиынтық бірліктерінің барлығының бақылауға алыну мүмкіншіліктері бірдей болады. Егер жалпы жиынтықтан бір рет іріктеліп алынған бірліктер тексеріліп, зерттеуден өткен соң қайтадан жалпы жиынтыққа қосылмайтын болса, онда оны қайталанбайтын іріктеу деп атаймыз. Мұнда жаңа бірліктердің бақылауға алынуына сәйкес қалғандарының тексеруге алыну мүмкіншіліктері жоғарылай түседі.
Қайталанбайтын іріктеу әдісіне жаңа бірліктер біртіндеп қосылып отырады, ал қайта іріктеуде сол алынған бірліктер зерттеудің аяғына дейін өзгермейді. Сондықтан қайталанбайтын іріктеу қайта іріктеу әдісіне қарағанда жиі қолданылады және алынған қорытынды көрсеткіштер дәлдікті көрсетеді. Жиынтық бірліктерінен іріктеп алу түрлі жағдайларға байланысты жекелеген, топталған, құрастырылған болып бөлінеді. Жекелеген іріктеуде әрбір бірлік бірінен соң бірі жеке іріктеліп алынады. Топталған іріктеуде зерттеуге алынған топтың барлық бірліктері толығымен алынады. Ал құрастырылғанда жекелеген және топтама әдістердің құрамы бірге алынады. Статистикада жалпы жиынтықтан ішінара бақылау бірліктерін іріктеп алу әр түрлі тәсілдермен жүргізіледі. Соның ішінде ең жиі қолданылатын түрлеріне жататындары мыналар: жай кездейсоқ, механикалық, типтік және сериялы іріктеу. Жай кездейсоқ іріктеу тәсілі деп жалпы жиынтықтың арасынан ішінара бақылауға алынатын бірліктерді кездейсоқ немесе жеребе арқылы іріктеп алуды айтады. Механикалық іріктеу тәсілі. Мұнда жалпы жиынтық бірліктерінен белгілі бір қашықтықта жатқан бөліктері өзіндік тәртіппен іріктеліп алынады.