Фон музыка су шықты
Байсалюай қасында ат қосшылары бар құдықты өзі қзағандай боп маңғазданып « тәубағ,тәуба» деп құдыққа келіп қарап кетті.
Қасындағылар байсалбайға жағымпазданып әлек болып жүр.
Әр шынырау біткен сайын алдына мал түссе, артына сөз еретінді шығарды.
Құдық біткен күні жанына кеп:
- Апырай, мына байда иман жоқ екен, жетпіс құлаш шыңырауға бар болғаны жетпіс тоқты айдатыпты-ау, -деп сыбырлап қалатындар араға айлар салып өзі келеді.
- Еңсепжан, біз анау пәленше бай емеспіз. Ақыңды жемейміз. Ернектің үстінен шыңырау қазып берсең, жүз тоқтыны алдыңа саламыз, - деп қолқалайды.
Еңсеп енді кез келген қолқашыға қолқ ете қалуды қойды. Алдына келген кісінің шапанына, ер-тұрманына, дәулетіне қарайтынды шығарды. Көп ұзамай Дәржан ағасы: «Шақырлаған ақ тауды тесіп су шығара беруге тайыз ойдағы елге барам», - деп үстіртті тастап көшіп кетті. Сол жақта бес жылдай ауыз суға құдық қазып жүрді де, ақырында бір құмның етегінде құдық қазып жатқанда, жұмсақ топырақ үстіне жапырылып құлап дүние салды. Еңсеп шың үстінде шыңырау қазып қала берді. Әр құдық біткен сайын құдық ақы малдың саны өсе түсті. Бірақ оның есесіне қолқашының саны біртіндеп азайып барады. Дәулеті асқандар ғана атын шығару үшін Еңсепке ат шаптырады.
Еңсепке келген Сағынай байдың құдық қазып бер дегеніне көнбей бармай қойғаны бар еді.
Дәл сол шамада Хорезмнен Қалпақ деген біреу көшіп келді. Әуелі Қалпақ ер шабады, жона тігеді деуші еді. Енді құдық қазады деген атағы шықты. Еңсепке қолқасы жүрмегендер соған үймеледі. Кейбіреулері қыр көрсет-кендей, тұп-тура бұның аулының көк желкесіне жете беріп, бір сәскелік бүру отыратын Қалпақтың аулына қарай тізгін түзейді. Бастапқы кезде Еңсеп ондай-ондай қоқан-лоқыға миығынан күлді. Біраздан соң аулының үстінен аттап өткендер шамына тие бастады. Түрулі іргеден Қалпақ-тың аулына қанша атты өткенін санап, олардың қай-қай ауылдың адамдары екендерін аңдитынды шығарды. Аталы-аталы үлкен ауылдардан әзір олай қарай ат ізі түсе қойған жоқ. Еңсепке келген қолқашылар да әңгіме арасында әдейі Қалпақтың атын қыстырып қалатын болды. Ол ондай-ондайға мән бермеген қалып байқатты. Кейінірек: «Хорезм жақтың жері біздей ақар-шақар шың көк ала тас емес, саздауыт келеді. Саз ойып қалған адам таяз, таңқы құдықтар болмаса, тас қашап, шыңырау қазуға көндіге алар дейсің бе?» - деп апшымаған нығыз рай танытты.
Жұрт ол Қалпаққа ернектегі шыңырауды қазған ақысына түйеге бастатып жүз елу тұяқ атапты деп соғады. Бір күні: «Ойбай, өлгі Қалпақ қазып жатқан шыңырау Үстірттің үстіндегі ең терең шыңырау болатын түрі бар. Қазірдің өзінде жүз қадамнан асыпты» деген хабар дүңк ете қалды. Содан былай ауыл-ауылдың арасына қатысқан бірен-саран адамның хабары сол Қалпақ қазып жатқан құдықтың төңірегінен шыр айналып шықпай қойды. Күн өткен сайын дабырық ұлғая түсті. Бүгін: «Жүз жиырма қадам болыпты» десе, ертеңіне: «Жүз отыз қадамға жетіпті» деп шығады. Қойшы-қолаңның әңгімесін былай қойғанда инабатты ақсақалдардың өзі Қалпақ қазып жатқан шыңыраудың жайын айтып, қызыл кеңірдек бола бастады. Біреулер: «Қалпақтың бабасы әулие кісі болған екен. Содан киелі темір қазық қалыпты. Сол қазықпен жер барласа, су шығатын жерге келгенде алақаны тартып белгі береді екен. Қалпақ судың көзін солай табады екен», - деп дақпыртты. Гу-гу әңгіме өрши берді. Бір-екі кісі: «Өз көзімізбен барып көрдік, шыңырау жүз қырық құлаштан асыпты», -деп келді. Енді жұрт жан-жақтан Қалпақ қазып жатқан құдықты іздеп барып көре бастады. Тіпті Еңсептің қоңсылары да ерінбей-жалықпай ат сабылтып барып қайтты.
Сөйтіп жүргенде, Еңсептің алдынан сағы сынып қайтқан Сағынай бай Қалпаққа Үстірттің үстіне көш шығаратын ақ жолдың тап ұшар басынан құдық қаздырды. Ел ішінде Сағынай үйіне қонақ барғанда, қазанға ас саларда, сыртта ойнап жүрген немерелерінің біреуін шақырып алып:
- Әй, құлыным-ай, күні бойы тыным көрмей шапқылайсың да жүресің. Мына қарашы, сүйек-сүйегіңнің бәрі ырсиып кетіпті. Қабырғаңды қолмен санағандай. Кәні, кәні... біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу... Түу, түу... Омыртқаң одан да жаман. Біреу, екеу, үшеу... Сидиған қарыңа қарап, жұрт сені шыр жұқпаған үйдің баласы екен дейді ғой. Тұра түр! Ойбай-ау, жауырыныңа шодырайып шығып келе жатқан мынау не жара! - десе, кемпірі қазанға жауырын, қары жілік, бес тал қабырға, үш тал омыртқа салады екен дейтін әңгіме бар-ды.
Сол сақалын қазанға малып, асты өзі санап салатын Сағынай сараң Еңсепке тісін қатты басса керек.
Еңееп қақпан қарап қайтып келе жатып, іргесінде байлаулы тұрған бөтен атты көрді. Қапелімде өз көзіне өзі сенбеді. «Бұл кім болды екен?» деп ентелей басты. Ауылға жақындаған сайын жүрегі ойнақшып, өне бойын әлсіздік меңдеп барады. Бөтен аттың ер-тұрманына қарағанда үйіне бір күйлі адам келіп түскен сыңайы бар. Атын тұсап жатып, түрулі іргеден Байсал байдың майлы желкесін көрді. Ай қасқа маңдай, шоқша сақал Байсал есіктен кірген Еңсепке жадырай амандасты. Келген шаруасына бірден кіріспей, ауыл-аймақтың хабарын айтып, әңгімемен отырды. Көптен қонақ көрмей құр болып қалған Еңсеп тоқты сойғызып, құрақ ұшып жүр. Аттанарында Байсал:
- Еңсеп, мені әне бір қырға дейін шығарып салмайсың ба? - деді.
- Болсын.
Ауылдан былайырақ ұзай бере бай сөз бастады.
- Еңсеп, естіп жатқан шығарсың. Анау Сағынай ата-бабамыз ежелден ұрыспай-қағыспай жылма-жыл шығып-түсіп жүрген ақ жолды бір өзі иемденіп, өткен-кеткенмен ырылдасып қырып барады. Сонымен басқалар-ақ шайнассын. Сасық күзендей шақылдаған немемен байланыса беріп, не пәтуа табамын? Осы өкпе тұстағы жалғыз аяқ ат жолдан көш шығарып, көш
құлатпақпын. Бүгін содан шығып едім, жолының шаппа өрлігі болмаса, тап онша шаңырақ қағатындай тар емес сияқты. Үсті тұяқкешті емес, оты да бар. Тек бір кемісі - ернек асқасын екі түнемелікте ғана су бар да, одан кейін шөл екен. Мен тағы да күн аралатып суаратындай жерден құдық қаздырам ба деп едім. Байсал әңгімесін кенет тыйып, Еңсептің бет-жүзіне барлай қарады да, біраздан соң қайта жалғастырды.
- Келер жылғы күземді сол құдықтың қасында қырықсам ба деп едім...
Пәтуа байласылды. Байсал бай қоштасып жүріп кетті. Көшелі сары ат күзгі сар барқын даладан еміс-еміс қылағытып, тайпалта жорғалап барады. Еңсеп жаңа ғана өзімен қоштасып, көзді ашып-жұмғанша анадай жерге ұзап кеткен Байсалдың соңынан қызыр көргендей қарап қалыпты. Бір уақытта есін жиып, атының басын аулына қарай бұрды. Сол-ақ екен, алыстан біреу бұның атын атап, айқайлағандай болды. Көк желкесі мұздап қоя берді. Байсал жол-жөнекей жаңағы уәдесінен айнып, қайтып келе жатқан жоқ па екен деп, артына бұрылып еді, бай көкжиектегі қара дөңнің үстіне көтеріліпті. Біраздан соң тағы да бұрылып қарады. Байсал бұл жолы көкжиектен әрі асып тасаға түсіп кеткен екен.
Байсалды шығарып салған соң Еңсеп қатты толқыды. Қолқашылардың осы келмей кеткені кеткен шығар деп торығып қалған жүрегін енді көптен бері: «Әй, қайтадан құдық қазар болсам, бүйтер едім» деп жан баласына тісінен шығырмай көмейіне бұқтырып келген бір арманына жете алам ба, жоқ па деген тымырсық күдік тызылдата бастады.
Байсал Еңсеп қазық қаққан жерге үй тіктірді. Қолқабысқа төрт жігіт қосты. Еңсептің құдық қазуға кірісетін күні түні бойы кірпігі ілінбеді. Біраздан бері қолына күрек ұстамағандықтан ба, жүрегі қайтып қалыпты. Темір қазыққа телміріп ұзақ тұрды.
Таң атқалы бұның құлағынан кетпей қойған алқына соққан өз жүрегінің дүрсілі екен. Езуіне күлкі жүгірді. Енді ішіне жарты астау су сиятын тай терісінен жасалған үлкен қауға қиналмай сиятындай қып, мынау тақтай тасты оюы керек. Талтайып тұрып тақтай тасты тағы ұрғылады. Біраз шапты. Тесіктің көлемін білгісі кеп, қолындағы сүйменімен барлап көріп еді, әлі шағындау тәрізді. Қайтадан төмпештей жөнелді. Сүймені әр тиген сайын тақтай тас күрт-күрт омырылады. Біраздан бері жұртқа есесі кетіп, көңілін ыза жайлаған Еңсеп дегеніме жеттім бе дегендей екілене ұрғылайды. Тұңғиыққа тасыр-тұсыр домалап, біраздан соң барып шылп-шылп құлайтын тас дүсіріне құлағы әбден үйреніп алған. Ештеңеден еті шімірікпейді. Жаңа ғана жан-жағынан сығып тұрған тас құрсауға да, қалтарыс-қалтарыстан қарақшыдай аңдып тұрған көлеңкеге де, құдықтың аузындағы саңылау жарықтың бірте-бірте өлеусіреп бара жатқанына да, сыртта топырақ шығарып тұрған жігіттердің үсті-үстіне арқанды жұлқылағандарына да - ештеңеге де елең еткен жоқ.
Қайқайып тұрып тақтай тасты сарт-сарт сабалайды. Кенет сүймені тасқа тимей, тесіктің өзіне түсіп, екпетінен құлап түсті. Маңдайы тасқа соғылып, басы зеңіп кетті. Біреудің аялы қолдары қос алақанын жайып, қағып алғандай. Басқа жеріне зақым тимеді. Қақа маңдайынан бастап жып-жылы жұмсақ алақан сипап өтіп еді, көмейіне қоймалжың бірдеңе құйылғандай болды. Мұны қағып алған бейтаныс адамның да омырауы терге малшынып қалыпты, жамбас тұсы, жауырыны мұздап қоя берді. Біреу жүзіне телміре төнгендей. Қарауытып кеткен жанары бұның бетіне мүсіркей үңіліп тұрған Қалпақтың көк сұр жарғақ жүзін шолып қалғандай.
Еңсеп зіп-зілдей кірпіктерін әзер көтеріп, көзін ашып алып еді, жан-жағынан ақ түтек боп сарқырап жатқан ағын су әлдеқайда алды да қайқайды. Жан-дәрмен бір бақыруға ғана мұршасы келді. Бірақ оны өзінен басқа ешкім естіген жоқ. Топырақ шығарып тұрған төрт жігіт қыл арқанды әрі жұлқыды, бері жұлқыды. Күн екіндіге таянғанда қайта тартып еді, ішінде ештеңе жоқ, бос күбі шелектің өзі шықты. Төрт жігіт енді қара атанды шығырға жегіп, қыл арқанның ұшын тұзақтап шыңырауға салды. Шығыр арқан да бос қайтты. Есі шыққан жігіттер төртеуі төрт жақтан құдықтың аузына жата қалып:
- Еңсеп! Еңсеп! - деп айқайлайды.
-Ата –бабам өмір бойы іздеген жер асты дариясын таптым.Мен таптым.
Төменнен ләм-мим дыбыс жоқ. Жігіттердің құлағына сонау жер түбінен еміс-еміс суыл естілді. Беттерін жер астынан бір түрлі суық леп жалап өткендей болды. Жалма-жан бастарын көтеріп алды... Содан бірнеше жыл бойы қанды құдықтың маңына ел жоламады. Біреулер құдықтың перісі бар екен, Еңсепті ұстап қалыпты десті, енді біреулер о жердің астында айдаһар бар екен, бірде құдықтың аузынан басын шығарып тұрғанын өз көзімізбен көрдік деп соқты. Арада әлденеше жыл өтті. Жер астынан шыққан айдаһар көрінбеді. Бір-екі жүрегіне жүн байлаған жігіттер барып, қауға салып еді, мөп-мөлдір тұщы су шықты. Ақсақалдар әрі ақылдасып, бері ақылдасып, молда апарып, кітап ашқызып, дұға оқытып, құдықты жын-періден аластады. Шегендеді. Әйкел орнатты. Тусырап жатқан өңір суға қарық болды да қалды. Жаңбырсыз жылдары қанша шыңыраудағы су тартылғанмен, ол лықылдайды да жатады.
Біреулер қауға түсіріп алса, артынан сонау көк теңіздің жағасындағы ақ тұмсықтың астынан табылыпты. Енді жұрт бұл құдықтың суы сонау ұлы теңізге барып құяды екен десті
Достарыңызбен бөлісу: |