Қожа мұхтар баһадырұлы ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде



бет3/53
Дата06.02.2022
өлшемі1,05 Mb.
#37498
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Кешенді археологиялық-тарихи зерттеулердің нәтижесінде Қазақстан аумағы Евразияның байырғы және ортағасырлық тарихында аса маңызды роль атқарған орталықтардың бірі болғаны анықталып отыр. Алайда тоталитарлық жүйе үстемдік еткен кезеңде еліміздің ортағасырлық тарихы, оның мәдени және рухани жетістіктері өз дәрежесінде көрсетілмеді.
Тек тәуелсіздігіміздің арқасында байырғы тарихымызды терең тануға даңғыл жол ашылды. Тәуелсіздік алғалы бері қолға алынған және «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы атқарылған жұмыстардың негізінде ғылыми айналымға жаңа тарихи және археологиялық деректер қосылды.
Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан аумағын ортағасырлық дәуірде мекен еткен халықтың бір бөлігі көшпенділікпен қатар отырықшы, жартылай отырықшы болғаны, Қазақстанның едәуір бөлігінде ортағасырда қалалар мен тұрақты елді мекендердің болғаны жөнінде материалдар көптеп жинала бастады. Әрине, әр қаланың қайталанбас өзіне ғана тән тарихы бар. Бірақ қазақ даласындағы кез-келген қала өзі орналасқан аймақпен, жалпы Қазақстанмен тығыз байланыста дамыды. Сондықтан ортағасырлық қалалар тарихынсыз туған еліміздің тарихын қалпына келтіру мүмкін емес. Қалалар - сауда, қолөнер, діни, әкімшілік орталықтары болды, ал Қаялық, Отырар, Сарайшық, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Тараз, Түркістан - қазақ жеріндегі жеке хандықтардың, ірі феодалдық иеліктердің астаналары қызметін атқарды. Аталған қалаларда Еуразия аумағы үшін маңызды шешімдер қабылданып отырды. Мысалы, 1763 ж. Түркістан қаласында қазақ билеушілері жиналып, Қытай империясы тарапынан Орталық Азия елдеріне жаулап алу қаупі төнуіне орай көрші мұсылман мемлекеттерімен, Ауғанстан билеушісімен бірлесіп әскери одақ құру мәселесін қарап мақұлдады. Ал 1771 ж. Түркістан қаласында Абылайды үш жүздің ханы етіп көтеру рәсімі өтті. Мұндай кеңестік дәуірде назар аударыла бермейтін фактілер қалалар мен тұрақты елді мекендер тарихын тану қажеттілігін күшейте түседі.
Қазақстан мен Орта Азияның ортағасырлық тарихында маңызды роль атқарған қалалардың бірі Отырар болды. Бұл қала Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны ретінде әлемге танымал. Деректер оны түркілердің, Түркістан өлкесінің астанасы болғанын көрсетеді. Отырар Қазақстан аумағында күміс, мыс теңгелермен қатар алтын ақша соққан жалғыз қала. Отырардың аса құнды тарихи ескерткіш екенін онда ЮНЕСКО/ Жапонның мақсатты қорының «Көне Отырар қалашығын сақтау мен реставрациялау» жұмыстарының жүргені және оны Қазақстан тарапынан ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізуге ұсынуы айғақтай түседі. Отырар Қазақстанның басқа ортағасырлық қалаларымен салыстырғанда археологиялық тұрғыдан ең көп қазылған және қазбалар көлемі жағынан алып қарағанда кең ауқымда жүргізілген қала болып табылады.
Отырар қаласын зерттеу жұмыстары ХІХ ғ. аяғында басталды. ХХ ғ. ортасында Отырар өңірінде А.Н. Бернштам басқарған ОҚАЭ (құрамында Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич бар) жұмыс істеді. 1969 ж. К.А. Ақышев басқарған Отырар археологиялық экспедициясы Отырар ескерткіштерін жаңаша тәсілдермен зерттеуді қолға алды. 1970 ж. К.А. Ақышев басқарған ОҚКАЭ Отырартөбенің стратиграфиясы мен топографиясын зерттеді. 1971 ж. бастап кең көлемді аудандарды ашу тәсілімен қазба жұмыстары басталды. Әсіресе, ХХ ғ. екінші жартысында К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, Л.Б. Ерзакович, В.А. Грошев, Е.А. Смағұлов, Р.З. Бурнашева бастаған зерттеушілер тобы қала тарихының көптеген экономикалық, әлеуметтік-саяси мәселелерін қарастырды.
Үлкен жетістіктерге қарамастан Отырардың ортағасырдағы тарихын қамтыған еңбек әлі жазылмаған. Соңғы кездері Отырар ауданы мен көрші аймақтарда жаңа археологиялық ескеркіштер тобының табылуы, Отырартөбе мен көршілес ескерткіштерді қазу барысында жаңа археологиялық материалдардың жиналуы, ғылыми айналымға жаңа жазба тарихи деректердің қосылуы, археологиялық ескерткіштер жөніндегі аңыздарды тарихи дерек ретінде қарастыру сияқты мәселелер туындап, Отырар тарихын жаңаша зерделеуді талап етеді.
Қазіргі таңда мақта және басқа да дақылдарды өсіру үшін егістіктер ауданы ұлғайып, жәдігерлерге едәуір қауіп төніп тұрған кезде аймақтағы археологиялық ескерткіштерді тіркеу, тарихи ескерткіштердің барлығын тізімге алу, тарихи ландшафтың құндылығын анықтау өте-мөте қажет. Осы жұмыстар «Отырар алқабы ескерткіштері» деген атпен белгілі кешенді ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізу үшін, Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштері жиынтығын жасау үшін қажетті қадам деп санаймыз. Осы бағыттағы жұмыстар «Мәдени мұра» мен «Көне Отырарды қалпына келтіру» мемлекеттік бағдарламалары бойынша ескерткішті сақтау, күту, мұражайландыру және оны туристік нысанаға айналдыру жұмыстарының ойдағыдай жүргізілуі үшін де керек-ті.

Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет