Авторитарлық тәртіп дегеніміз - қоғамдағы толық жетілмеген демократияға негізделген жеке адамның немесе саяси биліктің бір тармағына сүйенетін мемлекеттік-саяси құрылым.
Авторитарлық тәртіп көбінесе өтпелі кезеңде қалыптасады, әсіресе қоғам тоталитарлық тәртіптен демократиялық тәртіпке ауыса бастаған жағдайда қалыптасады. Себебі осындай кезеңде алда тұрған мақсаттарды демократиялық тәсілдермен (сайланбалы органдармен) ғана іске асыру қиындыққа түседі. Мысалы, ТМД елдерінің көбінде орын алған авторитарлық тәртіп, жеке тұлғаның билігі немесе атқарушы биліктің күшеюі осы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға тікелей байланысты.
Авторитарлық тәртіптің негізгі белгілері:
- жеке адам билігінің немесе саяси биліктің бір тармағының күшеюі;
- қоғамдық саяси ұйымдардың құқықтары мен еркіндіктерінің шектелуі;
- мемлекеттік жүйедегі қызметкерлердің билікпен мүдделес саяси
партиялармен бірігуі;
- парламент ролінің шектелуі немесе кейбір жағдайда жойылуы.
Мемлекеттің саяси өмірінде авторитарлық тәртіп көбінесе монархияға, бір адамның шексіз билігіне ұқсас болады. Қазіргі кезеңде негізінен бұл көптеген дамушы мемлекеттер үшін объективті процесс, өтпелі кезеңге қажет саяси тәртіп болып саналады.
Сонымен, саяси тәртіп саяси биліктің және саяси жүйенің сапасын анықтап, қоғамның саяси өміріне сипаттама береді. Қорыта келгенде, әлемдік тарихи тәжірибе – демократиялық билік негізінде қоғам құру, қоғамдық өмір салаларына демократиялық ұстаным енгізу ең дұрыс шешім болып табылатынын көрсетеді. Демократиялық билік орнату үшін төмендегідей негізгі міндеттер атқарылуы қажет, олар:
- билікті бөлу және бөлісу (заң,атқару, сот билігіне ажырату), олардың бір-біріне үстемдік етпеуі және бір-бірімен сыбайластыққа бармауы;
- меншік түрлерінің теңдігі мен еркіндігін қамтамасыз ету;
- азаматтардың заң алдындағы теңдігін қалыптастыру, азаматтық қоғам орнату.
Мәліметтер алынған дереккөз:Б.Өтемісов, Қ.Қарабала. Саясаттану: оқу құралы. – Ақтөбе, 2011.