Грамматика және стилистика. Стилистика грамматиканы да өзінің зерттеу нысаны ете алады. Стилистика грамматикалық құбылыстарға стильдік талдау жасайды.
Морфология сөздердің тұлғалық көрінісін және грамматикалық мағынасын, сөздердің құрылысын, өзгерілуін және құрамын талдап топтастырады. Стилистика ойды мәнерлі жеткізу үшін морфологиялық формаларды қандай жағдайда қалай қолдануға болатындығын қарастырады. Демек, морфологиялық тұлғадағы сөздердің, олардың варианттарының ішінен сөйлеу не жазу арқылы жеткізілетін ойдың эмоциональды-экспрессивті реңін білдіре алатындарын сұрыптап қолдану принциптерін зерттейді.
Синтаксис сөйлемнің құрылысын, сөздердің тіркесу заңдылықтарын қарастырады. Ал ойды білдіретін сөйлемдердің айтылуына, қолдану тәсіліне қарай әр түрлі реңдері болады. Ол қосымша мағыналар көбінесе сөздердің орын тәртібі мен сөйлемнің құрылысы арқылы беріледі. Яғни ойды мәнерлі жеткізуде синтаксистік тәсілдердің маңызы зор. Демек, стилистика синтаксистік құралдардың мәнерлілігін, оны дұрыс пайдалану заңдылықтарын зерттейді.
2.Синтаксистік құрылыс және стильдер жүйесі
2.Синтаксистік құрылыс және стильдер жүйесі.Синтаксистік стильдік қызметі, стильдік амал-тәсілдері көркем шығарма жүйесінде молынан көрінеді. Орыстың тіл маманы А.И.Ефимов: "Стиль дегеніміз - құрылымдық-синтаксистік категория"- деп айтады. Өйткені көркем сөз үлгілерінде авторлық баяндау, ондағы кейіпкерлердің сөйлеу мәнері, баяндаудағы экспрессивті-эмоциялы бояулар да, оқиғалар желісі де — бәрі көркем туындылардың синтаксистік құрылыс арқылы беріледі.
Ал стильдер жүйесінде кез келген синтаксистік өлшемдерді жалпы синтаксистік заңдылықтарын сақтайотырып, орнымен дұрыс қолданса, олардың бәрінің стильдік өңі, стильдік қызметі болады. Мәселен, ғылыми мәтіндердегі синтаксистік құрылыс, ондағы сөйлем құрылымы ауызекі сөйлеу стиліндегі ерекшеліктермен бірдей емес. Ғылыми мәтіндегі ойды нақты, түсінікті, жүйелі беру үшін, көбіне, құрмалас сөйлемдер қолданылады, Мәтінде берілетін мол мәлімет пен күрделі ой өзара сабақтасып, келесі ойдың жалғастық табуына ықпал етуі тиіс. Көп ретте ғылыми мәтіндегі ой ереже, формулаға, анықтамаға, дәлелдемеге негізделеді. Мұндай жағдайда құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдердің өзара байланысуы шылаулар арқылы жүзеге асады. Яғни жалғаулықты құрмаластардың атқарар қызметі мол (демек, және, сондықтан, себебі).
Ресми іс қағаздары стилінің де сиитаксистік құрылымы,тілі ғылыми стильге ұқсас. Бұлардың әрқайсысына лайықталып тұрақталған белгілі сөз орамдары, дайын сөйлемдері болады. Оларға эмоциональдық немесе экспрессивтік қуаты бар сөз оралымдарын араластыруға болмайды (қаулысы бекітілді, ұсыныс енгізілді, қуатын арттыру көзделді, жаңа технологиялық прогрестер өндіріске енгізілді, есеп берілді т. б.). Экспрессиялық қуаты күшті сөз орамдары, көбінесе, көркем әдебиет стилінде жұмсалады. Мысалы, Ал саған сай жігіт киіз туырлықты қазақ баласында Әбіштен артық туған да жоқ, тумақ та емес (М. Әуезов). Мұнда болымсыздық мағынаға үзілді-кесілділік мән беру үшін екі түрлі аналитикалық формалы болымсыз баяндауыштың тіркесі стильдік қызметте жұмсалып тұр. Бұдан функционалды стильдердің әр түрінің өзіне тән синтаксистік құрылысы болатындығы аңғарылады.
Достарыңызбен бөлісу: |