Тақырыбы: « Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру
және суицидалды мінез-құлық фактор-
ларының алдын- алудағы өзекті мәселелер».
Дайындаған: №120 Жамбыл орта мектебінің педагог – психологі Төреханова Гүлбану Әшірбекқызы
Дүние жүзін жаулап аламын деген Шыңғысхан Әмударияның жағасында ауырып қалып, қытайдың атақты Ган Чун Цзи деген емшісін алдыртады. Жарық дүниені қимаған Шыңғысхан: « Мәңгілік өмір сүруді жүзеге асыратын қандай дәрің бар?»,- деп сұрапты. Сонда емші: «Өмірде уақытша ғана болуға арналған дәрі бар, ал мәңгілік өмір сүретін дәрі жоқ», — депті.
Демек, жұмысымыздың мақсаты — бойына қабылдап алған дертін адам өзі шығарады дегендей-ақ, ұзақ өмір сүрудің кілті әр адамның өзінің қолында екенін айтпақпыз.
Сонау ықылым заманнан бері, адам баласы ұзақ өмір сүрудің жолын қарастыруда. Кезінде осы қағиданың негізі болған Аристотельдің іліміне сүйенсек: «Жанды дене қозғалмаса өледі» деген тұжырымдамасы сол дәуірден бері адамзаттың ұзақ жасауының, яғни, салауатты өмір сүрудің негізгі ілімі болып табылады. Мысалы, қара қарға әр нәрсені бір шоқып жүріп 300 жыл жасайды екен. Сағатына 10 м қозғалатын тасбақа да 200 жыл өмір сүреді. Сонда, Аллаһтың әмірімен табиғат заңына бақылау жасасаң, сол Жаратқан Иеміздің іліміне жүгінсек, бізге, яғни, адамзатқа қанша өмір сүрудің жолын қанша іздесек те жетістіктің шыңы көрінбейді. Енді саналы түрде табиғаттың табиғи болмысын өз қолымызбен бұзып, бүгінгі таңда адамзат өзін-өзі жоюға өрекеттенуде.
Осылайша, адамзаттың жер бетінен жойылып кетуге қаупі бар тарихи кезеңде тұрғанда не істеу керек? Адам баласы қалай өмір сүру керек?
Яғни, болашақ өмірді жалғастыру үшін бүкіл әлем бойынша әр халық өзінің ұлттық бейнесін және денсаулығын сақтауды қарастыруда.
Демек, бүгінгі таңда Қазақстанда күн тәртібінде тұрған әлеуметтік маңызы зор мәселенің бірі — халық денсаулығы. Республика көлемінде халықтың 80% -ы әр түрлі ауруға шалдыққан. Егеменді ел болғаннан бері қарай білім беру жүйесіне реформа жүргізудің салдарынан, оқушы-жастардың тәрбиеден сырт қалуы келеңсіз жағдайларға әкеп соғып отыр. Яғни, ата-аналардың, оқытушы-мұғалімнің ішімдікке, есірткі, шылым шегуге бейімделіп, саналы түрде уақытынан бұрын денсаулықтарын өз қолдарымен жоюда.
Келесі бір мәселе, адам баласының өз қолымен жасаған табиғат апаты. Бір мысал алайық, атом радиациясының кеселінен су кепті, жер тозаңға, тас күлге айналды, өсімдік өсуін тоқтатты. Ауа қозғалысы өзгергендіктен, жер бетіндегі тіршілік күн өткен сайын апатқа ұшырауда. Міне, тіршіліктің, болашақ жанды заттардың жер бетінен жойылу қаупінің негізі осында. Бұл қағиданың негізінде, енді адамзат тіршілікті сақтап қалудың жолын іздеуде. Демек, денсаулықты сақтап, ұзақ өмір сүрудің бір-ақ жолы бар. Ол — жастар арасында салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру.
Тіршіліктегі басты құндылық – адамның өмірі екені белгілі. Бір күннің ішінде сан мыңдаған адам өмірге келіп жатса, сол секілді сан мыңдаған адам бақилық болады. Оның ішінде, талқаны таусылып Жаратушы қалауымен өмірден озатындарын айтпағанда, өз өміріне өздері балта шауып, ажалынан бұрын өмірімен қоштасатындары қаншама. Бүкіл әлемді алаңдатып отырған осынау мәселе соңғы жылдары өршіп келеді.
Бүгінгі күні соғыс пен қанды қылмыстарға қарағанда, әлемде өз-өзіне қол жұмсау салдарынан өмірден өтетіндер көп екен. Бұл қауіпті құбылыстың біздің еліміздегі көрінісі де көңіл қуантарлықтай емес. Десек те, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының зерттеулері нәтижесіне сүйенсек, өзін-өзі өлтіру жөнінен Қазақстан үшінші орынға, Орталық Азия елдері бойынша бірінші орында тұр екен. Осыған сәйкес, жалпы әлемде әрбір 40 секунд сайын, елімізде әр сағатта бір адам өз-өзіне қол жұмсайды екен.
Латын тілінен аударғанда суицид мағынасы – өзін-өзі өлтіру, яғни өз өміріңе балта шабу, саналы түрде өмір сүруді тоқтату дегенге саяды. Бүгінгі таңдағы өте салмақты мәселеге айналған осынау аты жаман дертті әркім әрқалай қабылдап, өз алдына топшылайды. Бірі – заманның өзгеруі десе, екіншілері – әлеуметтік жағдайдың қиындығынан, не болмаса денсаулықтың салдарынан деп таниды. Ал кейбіреулер тұқым қуалаушылық жолымен келеді дейді.
Жасөспірім кезеңде суициалдық мінез-құлықтың кейбір өзгешеліктері болады. Жасөспірімдер арасында ересектерге қарағанда өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау жиі кездеседі. Бірақ олардың азғана бөлігі өздерінің қойған мақсатына жетеді. Суицидалдық мінез-құлық бұл жаста көп жағдайда демонстративтік сипат, сонымен бірге байбаламдық сипат алады. Психолог-ғалым А.Е.Личконың көрсеткеніндей, тек қана жасөспірімдердің 10 пайызы шынайы өлгісі келетін ниет білдірсе, ал 90 пайызы көмекке шақырған жан-айқайы болып есептелінеді.
Міне, осы жағдайлардың барлығында психолог пен отбасының көмегі қажет. Өкінішке орай, көпшілік психолог қызметінің не екендігін және оның не үшін қажеттігіне мән бере бермейді. Психологты көп жағдайда психиатрмен шатастырады, сондықтан да оның алдына баруға ұялады. Ал бұл екеуінің арасындағы айырмашылық бар. Қарапайым сөзбен айтқанда, психиатр ауруларды емдейді, ал психолог – психикалық тұрғыдан сау адамдарды. Дегенмен, депрессиялық жағдайда адамға көбінесе отбасы мүшелерінің шынайы қамқорлығы, жақындығы, түсіністігі мен демеуі қажет.
... Егер Сіз өзіңізге жақын адамда депрессия басталғанын байқасаңыз, оның себептерін анықтауға тырысыңыз. Бұл - болатын қауіпті жағдайдың алдын алуға септігін тигізеді. Осыған орай ұсынылатын психологиялық кеңестер:
· Адамның өзі қызығатын жұмыспен айналысуына ықпал жасаңыз.
· Оның бір өзін қалдырмауға тырысыңыз. Егер ол қарсылық білдірсе, онда жайына қалдырыңыз, мүмкін осылай болғаны жақсы шығар.
· Оның Сіз үшін қадірлі екендігін, жақсы көретініңізді, оның қаншалықты керектігі туралы көп айтыңыз. Оның Сізбен бірге болуы өте қажет екендігін көрсете біліңіз.
· Кеңістікті өзгертіңіз, егер мүмкіндік болса, оның барғысы келіп жүрген жаққа немесе оның жағымды естеліктер қалдырған жерлеріне барып қайтуға тырысыңыз.
· Бірге жүретін саяхатқа немесе қонаққа баруды алдын ала жоспарлаңыз. Бұл оған көп көмегін тигізеді, себебі ол жақын болашаққа өз жоспарларын құра бастайды, сөйтіп теріс ойлардан арылуы мүмкін.
Депрессия адамда ауыр өтуі мүмкін. Дегенмен одан сауығып кетуге әбден болады. Адам бойындағы стрестік жағдайлар мен жүйкенің шаршауы депрессияға жетелейді, сондықтан бұл жағдайдың қайсысы қайдан шығып жатқандығын ол біле бермейді.
Өзіңізге жақын адамдарға көңіл бөліңіз, оларды сүйе біліңіз, сонда ғана Сіз күннің күлімдеп жарқырағанын, құстардың қуана сайрағанын сезінесіз...
Шығыста «Бір күндігіңді ойласаң, күріш ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш ек, жүз жылдығыңды ойласаң, ұрпағыңа жақсы тәлім – тәрбе бер», деген қағида бар. Егер әрбір балаға жастайынан жақсы тәрбие беріп стереотипке бой алдырмай, өмірді бағалай білуге үйретіп өсірсек, мұндай қайғылы жағдайларға тап болмасымыз кәміл. Бұл ретте баланың бойында патриоттық сезімді оятып, өмірге деген құлшынысын арттыру үшін нәтижелі әрі түзу бағыт-бағдар беруіміз керек.
Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру;
Мектептегі тұлғаралық қарым-қатынасты жандандыру;
Мәдени іс-шаралар жоспарлау;
Спорт сайыстарын өткізу ;
Өнер байқауларын ұйымдастыру;
Ғылыми – шығармашылық жұмыстарға тарту;
Сынып жетекшілер сынып сағаттарында балалардың өмірге деген қызығушылығын, құлшынысын арттыратын «Мен өмірді таңдаймын», «Өмір құндылықтары», «Өмір неткен ғажап», «Өмірім менің таңдауым», «Өмір қымбат –сый», «Өмір сен маған қымбатсың» т.б. тәрбие сағаттарын өткізу қажет;
Жасөспірімдер депрессиясының алдын алудағы ата-ана міндеті ;
Жағымды сипатта әңгімелесе отырып, баланың жағдайын сұрау;
Түрлі сұрақтар қоя отырып, болашаққа жоспар құруға көмектесу;
Балаңызды жаңа істерге жетелеу;
Үйдегі міндеттерді орындаудың жаңа тәсілдерін ойлап табу;
Баланың күн тәртібін қадағалау;
Үнемі қозғалыстағы спорт түрлеріне қатыстыру;
Маманның –психологтың,психотерапевтің кеңесіне жүгіну;
Балаларда суицид болмас үшін мұғалімдер жасайтын іс-әрекет;
Баланың өз күші мен мүмкіндігіне сендіру;
Баланың белсенділігін арттыру ;
Түсіністік және жанашырлық таныту;
Баланың тәртібін қадағалау,оның өз қатарындағылармен қарым-қатынасын сараптау;
Мектеп әкімшілігінің мұғалімдер мен оқушы арасындағы қарым-қатынас стилін қадағалап, мән беріп отыруы;
Қалай десек те, тілге тиек етіп отырған бұл проблемалардың себебі өте көп. Дегенмен, мұсылман баласы үшін өзіңе-өзің қол жұмсау ауыр күнә. Өз өмірін қию – аманатқа жасалған қиянат. Әрбір қиындықтан кейін, жеңілдіктің келетініні рас. Ендеше өзін-өзі өлтірудің себептерін өмірдің қиындықтарынан іздеу дұрыс емес. Мұндағы басты себепті «сенім» деп білген жөн.
Суицидалды мінез-құлық факторларының алдын алудағы өзекті мәселелер үшін бірінші кезекте күнделікті қарым-қатынастағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жандүниесін түсінуміз қажет. Осы арқылы ғана жақсы жағынан ықпал етіп, үлкен нәтижеге жетеріміз хақ..
Қазіргі кезеңдегі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында орын алып отырған қиындықтарға қарамастан, салауатты өмір сүрудің мемлекеттік жүйесі түпкілікті, жалпы адамзаттық рухани байлықтарға негізделуі тиіс. Ол жеке бастың үйлесімді дамуына, денсаулықты нығайтуға, адамдардың тіршілік үшін белсенділігін арттыруға ықпал жасауды өзінің басты мақсаты етіп алуы керек.
Осындай арнаулы нұсқауды және қоғамның салауатты өмір сүруін өз деңгейіне жеткізу барысындағы белгілі шараларды іске асыру үшін адамның жеке басына мынадай міндеттер жүктеледі:
Ең әуелі, адам ағзасының дұрыс жұмыс істеуі үшін дене құрылысының биологиялық, физиологиялық, анатомиялық құрылымымен таныс болу;
Ағзаның қай мүшесінде кемістік пайда болса, оны табиғи заттардың әсерімен қалпына келтіру;
Адам ағзасының өз деңгейінде дұрыс жұмыс істеуі үшін (әрине, өмірдің әр кезеңінде) оған саналы түрде жағдай жасау;
Денсаулықты сақтаудың негізгі принципі — Аристотельдің «жанды дене қозғалмаса өледі» деген қағидасын басшылыққа алу;
Табиғатта жанды да, жансыз да дененің өмір сүруінің негізгі көзі — ауа, күн, су құрылымдары болғандықтан, денсаулықты сақтау үшін осы аталған табиғат құбылыстарын дұрыс пайдалана білу;
Жеке бастың тазалығы;
Дұрыс тамақтану жүйесі;
Экологияның бұзылуына байланысты күнделікті тіршілікте сауықтыру жүйесін өз бетінше саналы түрде шығармашылық жүйемен үйлестіру;
Жас ерекшеліктерін ескере отырып, ағзаның күш-қуатын пайдаланудың міндеттерін білу;
Дененің жан-жақты үйлесімді дамуы;
Дене шынықтыру — сауықтыру ісін меңгеру процесінде жеке бастың айқындалуы;
Серуендеу және саяхат жасау жүйесінен хабардар болу.
Бүгінгі таңда, әсіресе, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайында әркім өз басының денсаулығын ойлайтын болса, ең алдымен осы ұсынып отырған қағидаға үңілуіне болады.
Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі қағидалары бүгінгі өмір салтынан туындайды. Адам баласының салауатты өмір сүруі оның қоршаған орта мен әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен ғана шектеліп қоймайды. Қазақ деген халықтың қанында бар тазалық жүйесін сақтай білуіміз қажет. Салауатты өмір сүрудің негізгі шарттары бұдан гөрі кеңірек. Әр адамның өз денсаулығын ойлап, дұрыс тамақтанып, күйбең тіршілікте ауруға шалдықпауына бақылау жасап отырса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Тәуелсіз,егеменді,зайырлы еліміздің болашағы – жастарымыздың қолында екенін әрдайым еске түсіріп отыру біздің негізгі міндеттеріміздің бірі екендігін ұмытпауымыз керек.
Пайдаланылған әдебиеттер
С. Жұманова. Салауатты өмір салтын қалыптастыру. — Алматы: Рес. Бас. Каб., 2004.
Г. Икіманова. Саулық пен сымбат. — Алматы: Қайнар, 1991.
Б. Төтенаев. Дене тәрбиесі. — Алматы: Мектеп, 1988.
Төтенайдың Базарбегі. Спорт атауларының орысша-қазақша сөздігі. — Алматы: Ана тілі, 1994.
Ұларбек Нұрғалымұлы.Суицид – қасіреттің қалың түнегі,- «Нұр» газеті, 2012.
Е. Сағындықов. Қазақтың ұлттық ойындары. — Алматы: Рауан, 1991.
Г. Иванов, А. Қарақов. Дене тәрбиесі. — Алматы: Рауан, 1991. ,
Е. Уақбаев. Қазақстанда дене тәрбиесі жүйесінің дамуы. — Алматы, Санат, 2000
Гүлмира Бейсенова .Суицид қайдан шығады?- Алматы, 2013
Достарыңызбен бөлісу: |