Қысқарған сөздер – дербес жеке сөздер емес, өйткені олар құрамындағы сөздер атайтын ұғымнан басқа ұғымды атамайды. ТМД – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы деген күрделі атау білдіретін ұғымнан өзге ұғымды атап тұрған жоқ. Олар орфографиялық сөздіктерден басқа сөздіктерде реестрлік орын ала алмайды. ТМДмен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы екеуі екі сөз емес. Бұлар екі басқа сөз деп тану үшін екі басқа ұғымды атауы керек, екі басқа лексикалық мағынаны білдіруі керек. ТМД– Тәуелсіз мемлекеттер достастығы деген үш сөздің тіркесінен тұратын бір ұғымды атайтын күрделі атау сөздің қысқартылып жазылған нұсқасы ғана. Ендеше қысқарған сөз термині бірнеше сөздердің тіркесінен тұратын атауыш сөздерді жазуда оңтайлы болу үшін ықшамдап жазу дәстүрінен туған, орфография мәселесіне ғана қатысты ұғым.
Емле ережелерінде әр сөздің тұлғасына қатысты дұрыс жазу қағидалары бөлек-бөлек берілген. Солардың ағашықысы түбір сөздердің жазылуына қатысты.
Орыс графикасына негізделген Емле ережелерінде түбір сөздердің жазылуына қатысты үш тармақша болды:
Сөз тіркесіндегі сөздер естілуінше (айтылуынша) жазылмай, негізгі тұлғалары сақталып жазылады. Мысалы, ала ат (алат емес), бара алмаймын (баралмаймын емес), көк орамал (көгорамал емес),... барып па екен (барыппекен емес);
Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы, негізінен, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады. Мысалы, вагон, паровоз, комитет, агротехника, педагог, ... т.б.
Ескерту. Сс, лл, кк, тт сияқты қосар әріппен келген кірме сөздердегі екі әріптің біреуі қосымша жалғанғанда түсіріліп жазылады. Мысалы, прогресс – прогреске, металл – металы, грамм – грамы, т.б. Орыс тілінен енген бірқатар кірме сөздер, әсіресе тұрмыс-салтқа қатысты зат, бұйым атаулары ерте кездердендыбысталуы қазақша қалыптасқан түрінде жазылады. Мысалы, жәшік, бәтіңке, сіріңке, бөкебай, бөшке, т.б. Араб, парсы тілдерінен енген сөздер, негізінен, қазақша дыбысталуы бойынша жазылады. Мысалы, әділ, амал, пейіл, ақпар, әлем, мектеп, пән, кітап, бұқара. Кірме араб сөздерінің ішінде екі-үш түрлі мағынаны білдіру үшін тұлғасын өзгертіп қалыптастырылғандары сол екі-үш вариантта жазылады. Мысалы, хабар –ақпар, әрекет –қарекет, пейіл –пиғыл, мәлімет –мағлұмат, өкімет –үкімет, ғылым-ілім, т.б. Араб, парсы тілдерінен енген бірқатар кісі аттары әркімнің әртүрлі ат қоюына байланысты сол қалыптасқан күйінде жазылады. Мысалы, Хасан, Хасен, Қасен, Асан, Әсен, Құсайын, Үсен, Зәуре, Зухра, Бәтима, Фатима, Пәтима, Қали, Ғали, Әли, Әлі, Жүсіп, Үсіп, Нүсіп, Түсіп, т.б.
Үзіндіден көрінетіні – төл сөздердің түбір сөздердегі нұсқасы морфологиялық принцип бойынша сақталып жазылады. Түбір сөздердің жазылуындағы морфологиялық принцип жаңа Емледе де сақталған.