Сықырлауық — киіз үйдің өте әшекейленіп жасалатын сәнді есігі. Бұл ортасынан ашылып жабылатын жарма есіктерге ұқсас. Ол екі таянышқа көкпен немесе шот ілмек арқылы ұстасады да, ашып, жапқанда сықырлап тұрады. Сықырлауықтарды көздеп, оймалап, сүйектеп, бояп жасайды.
Киіз үйдің сүйектерінің барлығы да морға салып балқытып, тезге салып иіп, ырғаққа тастап кептіру арқылы жасалады. Мор салып, үй жасайтын шеберлерді халық үйші дейді. Уық, кереге жасалатын ағаштар 45— 50 күн, шаңырақ пен босаға ағаштары кемінде 60—70 күн сақталады. Бір жыл бұрын дайындап қойған - жақсы ағаш деп саналады. Үй ағаштары әрі иілгіш, әрі жұмсақ болуы үшін және сол иген қалпында тез қатыру үшін оларды морға салып балқытады. Мор дегеніміз ұзыннан қазылған шұңқыр жерге қойдың қиын тұтатып, үстіне дымқыл көң, қи үйіп, бықсытып қана жаққан ыстық қорда (қоламта).
Болған соң, оны ыстық күйінде тезге салып, сықауырынмен басып түзетеді немесе қажетті бейнеге келтіріп иеді, иілген ағаштарды ырғаққа салып қатырады. Ырғақ деп не тастан қалап, не жуан ағаштан кертіп жасаған қалыпты айтады. Бұдан соң кереге ағаштарын тазалап сарнайды. Сарнау деп керегенің бас жағын, уықтың қарын сай-сай етіп сызықтауды айтады. Мұны сарнауық дейтін тісті, бүкір қырғы темірмен істейді. Бұдан кейін кереге бойын торкөз, желкөз торларының буындарына бөліп, көктеуге қажетті тесіктерді теседі. Керегенің көк келетін орындарын әуелі өлшеп отырып кертіп белгі салып алады. Сол белгіні үйшілер дембі салу деп атайды. Бұл процесс бүкіл керегенің бүктеліп, жазылып жайылуына және оның келесі керегемен қабысу техникасын үйші ұстаның дұрыс меңгеруіне байланысты. Керегелердің неше басты болуы, киіз үйдің шаңырағының көлемі, көз саны, болашақ үйдің уық санының бәрі де осы көктеу орнын тесуден басталып, белгіленеді.
Қазақ үйдің керегесін жосамен (қызыл түсті топырақ) бояды. Кейбір аймақтарда жосаның көк, сары түстері де ұшырайды. Керегені сырмен бояп, бастарын, көздерінің әр жерін күміспен күпсеп те жасайды.
Әрі санап, әрі көлемін өлшей отырып тескен кереге шыбықтарын көктеп құрастырады. Көктеуге жүнін ұстарамен алған (жидітіп алуға болмайды) қыртысы бүтін, иленбеген, яғни көн, қайыс таспа пайдаланылады. Мұндай таспаны көк деп атайды. Мұндай таспадан түйген кереге көктері әрі иліккіш, әрі берік болады. Керегенің көгін түйенің, өгіздің үйегінен (малдың тамағынан бастап бауырын қуалай тілініп алынған, ені 15—20 сантиметрдей жалпақ қайыс), жылқының бас терісінен тіліп алады. Кереге ағаштарын бұрандалармен де бекітеді. Кейде көктердің түйіншек басына күміс қапсырма шытыраш кигізеді.
Киіз үйдің уығы кереге басының санына қарай есептеліп жасалады. Уықтың керегеге байланатын басы әнтек жалпақтау етіліп иіледі. Мұны уықтың иіні дейді де, уықтың түзу жағын қары, шаңырақтың көзіне дәлдеп, төрт қырлап жонған басын уықтың қаламы дейді. Уықтың кереге жағы мен иін басында тесіп байлаған уық бау тұрады, ал әрбір қанат кереге тұсында уықтарды бір бөлек жинауға арналған аяқ бау бар. Аяқ бау жібі әдемі есіліп, ұшы шашақталған еісі қабат қос тін немесе өрнектеп тоқыған терме түрінде келеді. Бұтақсыз тұтас қайыңнан кептірген шаңырақ ағашын морға салып балқытып, тезге басып дөңгелектеп иеді. Мұндай ағаштар кейде екі бөлек, кейде үш бөлектен құрастырылады. Бұларды шаңырақтың қоспасы дейді. Иілген қоспалар біраз уақыт ырғақта жатып қатқан соң, оларды жонып, сыздықтата қырлап әдемілейді. Қазақ шаңырақтарының қыр аралықтарыңда көп кездесетін оюлар: «ырғақ», «тіс», «мүйіз» оюлары. Бұл қоспаларды бірімен-бірін ұстастыра шегелеп бекітеді. Сәнді жасалған шаңырақтардың қоспаларын күміс білезікпен құрсаулап, шегелерін күміс түйіртпекті, көрнекті етіп қағады. Содан кейін дөңгелек шеңбердің жалпы аумағын өлшеп, оны жасалған кереге бастарының жалпы санына қарай бөледі.
Шаңырақтың үстінен жабылатын ұстап тұру үшін және үйдің төбесіне жаңбыр суы іркілмес үшін 45° шамасында дөңгелене иілген ағаштан айқыш-ұйқыш көктеп күлдіреуіш орнатады. Күлдіреуіш 3—4 ағаштан тұрады. Күлдіреуіштің ортасындағы тор көзден бақан тіреп, шаңырақ көтереді. Шаңыраңтың екі жеріне есіп екі желбау жасайды.
Қазақ үйінің есігі табалдырық пен маңдайша және екі жақ босағадан тұрады. Босаға кепкен, түзу ағаштан жасалады. Маңдайша мен табалдырық жуан қайыңнан шабылып сүргіленеді, ою-өрнектермен әшекейленеді. Маңдайшаға уық шаншитын 5 ұя жасайды. Оның астыңғы жағында екі босағаның жоғарғы басы сұғылып тұратын 8—10 см терең екі қашамасы болады. Табалдырықтың үстіңгі жағында да маңдайшадағыдай екі қашама бар. Бұған екі босағаның төменгі жағы сұғылысады. Босаға ағаштары киіз есік қана жабылатын қырсыз және сықырлауың орнатылатын қырлы, ұялы жақтаудан құрастырылады. Киіз үйдің тақтай есігін ағаш ұсталары, ал жай босағаны үйшілер жасайды. Әсіресе маңдайша мен таяныштардың ішкі жақ беттері оюланып, күмістеліп, кейде жалтырауық тастар орнатылып, өте көрнекті етіліп әшекейленеді. Кейде екі босағаның (таяныштық) алдында екі жерде алтын, күміс діңгектер, адалбақандар тұрады. Оған қару-құралдар мен киім-кешек ілінеді. Хан-сұлтандар осындай босаға діңғектерғе көбінесе айдаһар, арыстан сияқты қаһарлы жыртқыштардың суретін салдырып қоятын болған. Әсіресе Оңтүстік Қазаңстанда жиі кездесетін ағаштан істелген жасаулардың бетіндегі ою-өрнектердің көбінесе бояумен жүргізілетіні белгілі.
"Қаз-қаз, балам, қаз балам..."
Қазақ халқының қадым замандардан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан дәстүрлерін бүгінге ұрпаққа ұлықтау мақсатында "Өмірдің тойы, көңілдің тойы – үйлену" деген тақырыппен бастаған жобамызды жалғастырамыз. Бүгінгі тақырыпқа арқау болғалы отырған дәстүр – тұсаукесер.
Бала бесіктен белі шығып, еңбектенуден өткен соң, аяғын қаз-қаз баса бастайды. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, өз көзімен алдына қарап, таң-тамаша болады. Бұл кішкентай бөбектің ең алғашқы талпынысы, өзі жасаған тіршілігі. Осындайда дана қазақ баланың келешегіне ақ жол тілеп, «балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен «тұсаукесер» тойын жасайды.
Халықтық түсінік бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады.Тұсаукесер тойы да сүндет той секілді әрбір қазақ шаңырағында ерекше дайындықпен міндетті түрде аталып өтілетін дәстүрлі қуаныш.
Алдымен тұсаукесер күні белгіленіп, арнайы қонақтар шақырылады. Бұл күні кейбір ауқатты адамдар көкпар тартқызып, арты думанды тойға ұласып кетуі ғажап емес. Жиналған көпшілік арасынан көбінесе жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті қасиеттерімен көзге түсетін қағылез, пысық адам таңдалып алынып, нәрестенің тұсаукесерін соған тапсырады. Тұсау кескен адамға сәбидің тұсауына байланып, арнайы «тұсау кесер» сыйлығы беріледі.
Әдетте қазақтар бала тұсауын ала жіппен, қылдан ескен шыжыммен немесе ішекпен кескен. Мұның мәні мынада: қазақ баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқанды ептеп істейтін кезінен – осы тұсауы кесілген күннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырындылыққа барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді. Аяқтағы жіптің ала болуы да, оның кесілуі де жоғарыдағыларға жолама, ондайдың жолын қолыңнан келсе кес, дүниенің азы біреудің бір құлаш жібіне ең құрығанда бұзауға бас жіп болар ма деп қызықпа, тұсауындағы жіпті кескендей ондай арам кезіксе, кесіп құртуға тырыс дегені.
Тұсау кесер сәті алдында жиналғандар кең дала, таза ауаға шығып, үсті түрлі тәтті дәмге толы бала-шағаға арналған дастарқан маңына, қызық тамашаға жиналады. Дастарқан жанына қазық қағып, аяғы тұсалған баланы арқандап қояды. Тойдың негізгі жанкүйерлері – балалар алыстан жаяу жарысқа жіберіледі, озып келгені арқанды қиып, дастарқандағы бар дәмге ие болады, оған арнайы сыйлық беріледі.
Бұдан соң, «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» т.б. тілектерді айта отырып, екі қолынан екі адам жетектеген баланың тұсауын таңдалып алынған адам кесіп жібереді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығады да, тез-тез жүгіреді. Осы кезде «Тұсаукесер» жыры шырқалады:
Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам.
Қаз-қаз, балам, қаз балам.
Тақымыңды жаз балам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін,
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық,
Қаз-қаз, балам, жүре ғой...
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.
Жүгіре қойшы, құлыным,
Желбіресін тұлымың.
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе.
Міне, осыдан бастап шынашақтай қазақтың өмір жолының алғашқы ізі жер бетін шимақтайды, қиындығы мен қызығы мол жаңа өмірі басталады. «Тұсаукесер» – баланың осы өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы, Құдайға деген құлшылығы.
Достарыңызбен бөлісу: |