Зира Наурызбаева, Лиля Калаус Алтын тостағанды іздеу Бату мен оның достарының бастан кешкендері



бет13/16
Дата03.02.2023
өлшемі304,73 Kb.
#167306
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Бату Казакша
UNIT 4 Amirkhan Tolkyn, Guidebook
САМҰРЫҚ ҰЯСЫНА ОРАЛАДЫ

Саша көзілдірігін жоғалтады.


Көне Ұмай ана тілі.
Самұрықтың шерлі хикаясы.
Жау жоқ деме – жар астында. Жойқын шабуыл.
Солар және Аспара. Тұмар қолды болды.
Жезтырнақтың өлімі.
Ұмай ананың қаруы. Аттан!


  • Бату... Көмектесіңдер... – деген Сашаның әлсіз даусы естілді сырттан.

Қадиша Дананы, сосын Батуды қолынан тартып, үңгірдің сыртына жетелей жөнелді.

  • Жүрсеңші... Дана, тұрма! Бату, мені естимісің? Сашаға жәрдемдесу керек! – Қадиша достарын аулақ әкетпек болып, сүйрелей берді.

  • А... Бұл не... А? М-мен... мен түсінбеймін... – деген Бату Жезтырнаққа қарайлап, итіншектей берді.

  • Жалғыз сен ғана еместүсінбеген, жарқыным, - деп, ашулана ырсылдады бұларға еріп келе жатқан Қайрат. – Басшы аяғыңды, құрып кеткір.

  • Қадиша, Қадиша, Тұмарды қайтеміз? – деді Дана жалынышпен даусын соза. – Оны қалдыра алмаймыз ғой... Әлгі... Анаумен...

  • Уайымдамай-ақ қойыңдар... Ол оған ештеңе де істемейді, - деді Қадиша жұмбақтап. – Шын айтам. Саша, сенің жайың қалай?

Ол достарын тастап, үңгірдің кіре берісіндегі жалпақ тасқа кеп отырған Сашаға жүгірді. Құп-қу, ұйпа-тұйпа ол, қолын ішіне басып, теңселіп отыр.

  • Түк етпейді... Әйтеуір аман сияқтымын... Бастапқыда жарып тастады ма деп ойлап едім. Сосын қарасам – жоқ, джинсым құтқарып қалыпты, - деп күлді ол әлі де есін жия алмай. – Көзілдірігімді жоғалтып алдым. Басым да айналады...

Бәрі шөп арасынан Сашаның көз әйнегін іздеп әбігер болып жатқанда, Бату үңгірге қайта үңілді. Жезтырнақ оттың жанында қарындасын әлдилеп отыр.

  • Таптым! – Қадиша тікенек бұтаға ілініп қалған «гарри-поттердікіндей» дөңгелек көзілдірікті алды. – Ой! Шағылып қалыпты...

Саша әйнегі сынып, майысып, сиқы кеткен көзілдірігін айналдырып, қапалана күрсіне берді:

  • Сайтан алғыр жалмауыз... Енді жөндеуге келмейді... Ей, Тұмар қайда?! Балалар, мен ештеңе...

  • Бері қара, Қадиша! – Бату қызға бұрылып, қыспаққа алды. – Қане, айт не білетініңді!

Қадиша иығын қушитты:

  • Бәлендей ештеңе емес... Жай, әкем өткенде анау Жезтырнақтың ешқандай да жалмауыз еместігін айтып қалған...

  • Сонда кім? – деп жарыса сұрады балалар.

  • Білмеймін... Анықтап сұрамадым. Және оның бізді таңғалдыратынын да айтып еді.

  • Онысы рас, - деді Бату әлгіндегі әсерден арыла алмай. – Таңғалдырғанда қандай. Әне отыр, бала емізген ана. Ал, енді не істейміз?! Оны өзімізбен сүйрейміз бе?!

Балалар не дерін білмей, бір-біріне қарады.

  • Жарайды, - деп тоңқ етті Батутырысып. – Жүріңдер үңгірге.

Қайтерін ол өзі де білмеген еді. Бәлкім, жын-жыпыр бұлармен бірге ұшқанмен, кеңістіктен өте алмай, осында, өз дүниесінде қалып қояр? Несі бар, байқап көру керек, мүмкін, айласы іске асар. Ал, «іске аспай қалып», Жезтырнақ өзінің пәтерінен бір-ақ шықса не боларын Бату ойламауға тырысты. «Шешілмейтін түйін жоқ, бір ретін табармыз», - деп түйді ол іштей. Аяқ астынан ақылы кемел тартқанына өзі де қайран қалып, үңгірге нық басып кірді.
Жезтырнақ сол қалпы оттың басында отыр екен. Құшағындағы Тұмар қарны тойған соң, көңілденіп, былдыр-былдыр етеді. Сашаның аузы ашылып қалды. Дана оған үңгірде болған жайды түгелдей сыбырлап айтып берді.

  • Тұмарға қарашы. Нәрестелер – сондай. Оларға туған ағасы не, қорқынышты жалмауызы не, Қайраты не – бәрі бір, - деп қыршаңқыланды Дана тағы да тыныш тұрмай.

  • Оның не, а? – деп ымырашылдықпен күңк етті Қайрат.

Күтпеген жерден бұрынғы жалмауыздың орнындағы адам анық балақайға қарата, салмақты түрде:

  • Абую-ю-ю... Ама-ай... Аба... Ю-ю! – деді.

Ал, Тұмар, қарақат көздері жарқ етіп, оған дәл солай салмақты жауап берді:

  • Нга-Нга... Ана-а! Гхы...

Қайрат аң-таң қалды:

  • Қарай гөр... Сөйлесіп жатқандай!

Қадиша оған көзінің қырымен қатулана қарады да, білгірлікпен баян етті:

  • Бұл - ұлы Ұмай ананың тілі. Оны тек сәбилер, Ұмайдың өзі, сосын Самұрық біледі. Және дүниедегі күйші біткен біледі, өйткені, нәресте болған кездері олардың есінде.

  • Ал, Жезтырнақ қайдан біледі? – деп сұрады Бату. Ол әлі де болса, алба-жұлба әйелге тосырқай қарап тұрған. Өзін тым-ақ ұнатпайды, құбыжықтың сойдиған тырнақтары мен өткір тістері, арбаң-арбаң қарғығаны мен ұлығаны есінен кетер емес...

  • Ал, Ұмай деген кім? – деп Қайрат Қадишаны сұрақтың астына алды.Бату онысын орынсыз әуестік деп ойлап, жақтырмай қалды.

  • Ұмай – көне әйел-тәңір, сәбилердің, аналар мен ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлердің жебеушісі, - деп ықыластана ұғындырды Қадиша.

  • Кімге керек ол, сенің әлгі Ұмайың? – деп, шыдамы таусылған Бату біржола ашуға жеңдірді. – Домбыраны ұста, үйге қайтамыз... Албасты есін жимай тұрғанда. Былай болсын, - деп жоспарлауға кірісті ол. – Сен, Қадиша, пернеңді күйге келтіресің, әлгі, керектісін. Мен Тұмарды жұлып аламын, сосын сап түзеп тұра қаламыз да...

  • Ал, сонда... – Саша иегімен Жезтырнақты нұсқады.

  • Оны да ойластырып қойдым - деді Бату кесімді түрде. – Ал? Кеттік пе?

  • Қайдағы кеткен? Домбыра жоқ қой! – деп шыж ете қалды кенет Дана.

Келесі бірер минут балалар үңгір ішінде шарқ ұрып, өздерінің ғажайып тасымал құралын іздестіріп әлек болды... Бірақ, домбыраның өзі түгілі, ізі де жоқ, орнын сипап қалды.

  • Қап! – деп айғайлап жіберді күйіп кеткенБату. – Не боп кетті өзі?! Кім қақшыды оны?!

Кенет кіре берістегі тастардың арасын іждағатпен тінткілеп жүрген Қайратқа назары түсіп кетті.

  • Бұл сен ғой, жексұрын, иә?! – деп жекіріп қалды Бату.

  • Оның не! – деп шамданды Қайрат, бірақ, тура қарауға жүзі шыдамай, көзін тайдырып әкетті. – Мен оны, мүмкін, көрмеген де шығармын... Сен не, Батон, тағы тиісейін дедің бе? Қойсаңшы енді!

  • Өзің қой! Сен әуелден шалмен бір болатынсың! Жауап бер, домбыраны қайда жытырдың?

Қайрат балалардың жүзін жанарымен жасқана сүзіп өтті. Дана қабағын қарс жауып, Қадиша қапаланана, еденге қарап қалыпты, Сашаның иегі дүрдиіп кетіпті, ал, Бату қызылшадай күреңітіп, жұдырығын түйіп алыпты.

  • Тоқтаңдар! – деді кенет Саша қолын көтеріп. – Оның жазығы жоқ! Ол Жезтырнақтың әлегімен сыртта болған!

Албасты өз атын естіп, елегізігендей, кенет «аһ!» деп қалды да, бұлдыраған көзін үңгір төбесіне қадап, ыңылдап, әлденелерді күбірлей жөнелді...

  • Мен білсем... – деді кенет Қадиша оған жақындай түсіп. – Оны... Жоқ, мен оның айтқанын анық түсініп тұрмын!

  • Кейін, кейін, Қадиша, - деп қолын сілтеді Бату. – Домбыраны табу керек!

  • Ол... Оның айтуынша... Бір кезде алып қарақұс болыпты, Бәйтеректің басына ұя салыпты...

Қадиша қабағы қатпарланып, алыстан жеткендей еміс-еміс, құмыққан қоңыр дауысқа құлақ тігіп, естігенін балаларға аударып беріп тұрды...
Балалар тым-тырыс бола қалды.

  • Сол ұяда оның жыпырлаған көп балапаны болыпты. Соларды асырау үшін, ол азық іздеп, кей кездері айлап ұясына оралмайтын... Адамдар оны Самұрық деп атап, қастер тұтыпты, себебі, перзент тілегендерге ол балапандарын беріп, сәбилі қылған екен... Бірде Самұрық азық іздеп кетіпті. Ал, олжасын арқалап, қайта оралғанда, Бәйтеректің, онымен бірге ұясының отқа оранғанын көріпті... Ол отқа қойып кетіп, қауырсыны қата бастаған ірілеу жалғыз балапанын ғана арқасына мінгізіп алып шығыпты...

Самұрық оны оттан аулақ әкетіп, төмендегі төбе басына түсіріп, қалдырып кетіпті... Самұрық ұясына қайтып келгенде, басқа балапандары қыбырсыз жатыр еді... Өйткені, олар қырылып қалған еді! – Қадишаның даусы дір етіп, бетін жас жуды. – Байғұс ана қанаттары күйіп қалғанша, барлық балапандарын өрттің ішінен тұмсығымен тістеп алып шығыпты... Содан қайтып ұша алмайтын халге жетіпті. Осылай оның ұясы ойран, балапандары опат болған екен. Ол балапандарын аза тұтып, аңырап жылапты... Ол құр сүлдерін сүйретіп, өлі жерді жалғыз кезіпті... Ол... ол... албастыға ұқсап кетіпті... – Қадиша кемсеңдеп кетті, бірақ, қас қақпай, даусы қалтырап, жалғастыра берді. – Самұрықтың құсадан өлгісі келіпті, бірақ, құтқарып қалған жалғыз балапаны есінен шықпай, соны тауып алғысы келіпті...
Ал, бұл кезде Самұрықтың ұясында өнеге көрген өресі биік шын даналар енді адамдар арасында тумайтын болды... Адамдар рақымсызданып, Самұрықты жадынан шығарды. Оған тас атып, Жезтырнақ деп атайтын болды, себебі, оның ұмыт болған заманнан бар болғаны жез тырнақтары ғана қалған еді... Міне, енді ол Тұмардан сондай ерекше қабілетті қызды, Самұрықтың соңғы қызын көрмеді ме екен, соны сұрады. Бірақ, Тұмар ол жайлы ештеңе білмейді... Ох...
Қадиша бетін басып, еңіреп жылап жіберді. Дана құрбысын құшақтады. Бату күрсініп:

  • Қадиша... Жылама... Бәлкім, Самұрықтың қызымен табысуына біз көмектесерміз? Тек әуелі домбыраны табуымыз керек, – деді.

  • Міне, жатыр ғой ол! – деді кенет Саша.

Домбыра дәл көзге түсетін жерде, түпкі үңгірге кіре берістегі тастардың жанында жатыр екен.

  • Бұны қалай байқамағанбыз? – деп таң қалды Дана.

Балалар тұра жүгірді. Бату домбыраны көтерді.

  • Құдайға шүкір! Қане, тұра қалыңдар... Қадиша, анау неңді жаса... Не?!

Домбыраның түрі келіспей қалыпты. Бірдеңесі жетіспей тұрды.

  • І-і-і... – Батудың ерні икемге көнбей қалды. – Төменгі жетім перне жоқ...

Үлкен үңгірден Жезтырнақтың жарықшақ даусы құлаққа жетті.

  • Оның айтуынша... - Қадиша тағы елегізи қалды. – Олар... Олар жақындап қалды... Тап жанымызда... Жаулар... Жаулар келіп қалды!

  • Жаулар? Қайдағы жаулар? – деп тұс-тұстан жамырап қоя берді балалар. – Соның жаулары ма?

  • Мүмкін емес! – деп шоршып түсті Бату. – Бәс тігем, Скорпион атасымен әлі поезда отыр, олар алыста!

  • Бату, сен не, түсінбеймісің? – деді кенет Дана. - Біреу домбыраны жымқырды ғой? Сосын... қайта әкеп тастады...

Қадиша оның қолынан домбыраны алды да, тың тыңдағандай, құлағына апарды:

  • Қара адам! Домбыра айтады: бұны істеген - осы домбыраны шағып, иесін өлтірген Қара адам! Бәйтеректі өртеген де – сол! Самұрықтың балапандарын жазым еткен де – сол! Және ол... Ол осында! Өзінің қожайынымен!

Алқымнан алған үрейден Батудың жүрегі мұздап сала берді.
Сол кезде кіре беріс жақтан әлдебір хайуанның құтырына ақырғаны естілді. Іле-шала кішкентай Тұмар жылап қоя берді.
Бәрі жапа-тармағай ауызғы үңгірге жүгірді. Бірақ, Жезтырнақ пен Тұмар онда болмай шықты.

  • Олар далада! – деп тынысы тарылып, айғай салған Бату, сыртқа ұмтылды.

Сыртта қой тастардың арасында Жезтырнақ сол қолындағы Тұмарды денесімен қорғаштап, оң қолымен артқы аяқтарына тұрып алып, құлақты жара ақырып, сілемейлі сұр көбік шашқан қара аюға тойтарыс беріп жүр екен.
Достар серейіп тұрды да қалды.
Осы мезетте арт жақтарынан, бұлар жаңа ғана атып шыққан үңгірден Аспара пайда бола кетті! Мұздай құрсанып, қолындағы қылышын көкке көтеріп алыпты...
Бозбала жауынгер қиқу салып, жауға тұра ұмтылды. Аю тағы да құлақ тұндыра ақырып қалып, қорбаңбай қолапайсыздығына қарамастан бір түрлі созалаң, тіптен, әсем қимылмен патшазаданы шетке қалпақтай ұшырды... Аспара жер сүзе құлап, тасқа соғылды да, тыпыр етпей қалды.
Балалардың үрейі ұшып, айғайлап жіберді. Жезтырнақ та қырылдай айбат шегіп, арса-арсасы шыққан денесімен шыңғырып жылаған сәбиді көлегейлеп, соңғы қайратын сарқа, түрегеліңкіреді... Аю төрттағандай, албастыға жақындап келіп, сойдиған тістерін ырситты да... Әрі қарай қарауға Батудың дәті шыдамай, көзін жұма қойды. Қайта ашқанында, аю Жезтырнақтың қан-жоса тәнін немқұрайды шетке сырғыта салғанын көрді. Содан соң аю ақсиған тістерімен Тұмар жатқан кенгурудің бауларын еппен, ықтияттап қымтып алды. Сөйтіп, олжасын аранына қыстырған күйі, асықпай үңгірден шықты да, өзен жағалай, осыдан бірнеше күн бұрын Жезтырнақтан қашқан Аспара мен Бату шауып келген тарапты бетке алып, бүлкіл қағып жөнелді.
Бату шөке түсті. Иықтары селкілдеп, егіле жылады. Аспара сұлық жатыр. Қадиша жүзін жас жуып, Жезтырнақтың денесіне еңкейді.

  • Қараңдар! – деп кенет айғай салды қыз булыққан дауыспен.

Жезтырнақтың қанға боялған тотығыңқы жүзі жарқырап, әп-сәтте селдірей жұқарып, астындағы шөптер көрінуге айналды... Бір кезде бүкіл денесі тұман сияқты шумақтала қалды да, жеп-жеңіл бұлттай, жерден көтерілді. Бәрі «аһ!» деп қалды: Жезтырнақтың кеудесінен ғайыптан пайда бола кеткен аппақ алып құс ажырап шықты... Құс жасыл желекке малынған, ұшар басында атшаптырым ұясы бар көрікті һәм қуатты Бәйтерек фата-морганадай елес берген сонау шырқау көкке шарықтай жөнелді...
Аспара мертіккен иығын ұстай, ыңырсып, шөпке отырды.

  • Тірімісің, Аспара! – деді Саша жеңілейе дауыстап. – Сен қайдан шыға келдің?..

  • Аң қайда?! – деп оны тыңдамай, күбір етті Аспара, шытынып. – Бала қайда?!

Бату өксіп:

  • Кеш қалдық, Аспара... Аю менің Тұмарымды алып кетті... - деді.

Қайрат, өңі бұзылып:

  • Біз неғып тұрмыз! Артынан қуу керек қой!

  • Ал, ол аюдың апаны қайда? – деп сұрады Саша ақылға салып. – Оны қайдан іздейміз?

  • Оның апаны керек емес бізге! – деп әлгіндегі қарсыласын құптай кетті Бату серпіліп. – Соның кеткен жағына қарай жүгірейік!

  • Тоқтаңдар! – Дана балаларды жеңдерінен шап берді. – Тоқтай тұрыңдар! Мен оның нендей аң екенін білем!

Аспара бір мезет бұрын Жезтырнақтың тәні ауаға сіңіп кеткен жерге келіп, тізерлей тұрды. Көзін жұмып, қолдарын жайды. Сосын ернін ғана жыбырлатып, күбір-күбір етті.

  • Ол аю емес, - деп сөзін жалғады Дана. – Сырт бейнесі ғана аю... Сендерге марқұм әжем алысқан қара аю кейпіндегі зұлым күш иесі туралы айтып бергенім естеріңде ме? Міне, мынау – сол!

  • Аю өліп қалды деп ең ғой! – деді Бату шүбәлана даусын созып.

  • Ол рас айтады, - деді Аспара сабырмен, көзін ашып, бетін сипап жатып. – Ол, шынында да, аю бейнесіндегі зұлым күш иесі. Және оны оңайшылықпен жеңе алмаймыз.

  • Бәлкім, ол Скорпионның атасы шығар? – деп топшылады Саша. Ол өзін көзілдіріксіз сондай жайсыз сезініп, қайда тұрғанын түсінбегендей, жан-жағына алақтай берді.

  • Жоға. Бұл – әлдеқайда күштірек біреу. Бұл – Қожайын. Ал, сен айтқан адам – соның құлы.

Осы уақыт бойы екі аяғына кезек ауып, теңселіп тұрған Батудың тағаты таусылды:

  • Жетер осы мылжыңдағанымыз да! Мен Тұмарды іздеуге барамын! Қайрат, маған еремісің?

Қайрат елгезектене басын шұлғып қалды. Бірақ, Аспара қабағын түйіп, қолын көтерді.

  • Бату! Тоқта. Қарындасыңды құтқаруға бәріміз де барамыз, оған күмәнің болмасын! – ол балаларға жағалай көз тоқтатып, сынай қарады. Ешқайсысы көзін тайқытпады, қайта олардың осы кескінінен Аспара өзімен иық тіресіп, жауға аттануға әзір жанкештілікті таныды. – Бірақ, Қожайынмен шайқасуға қам-қарекет керек. Алда түн – Соның уақыты. Түнде зұлым күштердің алапасы артады, жеңіске жетуіміз неғайбіл. Біз таңды күтеміз. Сосын ұрыс саламыз!

  • Маған бәрі бір! – деп албырттана айғай салды Бату. –– Бармасаңдар - қойыңдар! Өзім-ақ жайын табам! Әрі-беріден соң, ол - сендердің емес, менің қарындасым!

Ол кілт бұрылып, аюдың артынан тұра ұмтылғандай еді. Аспара қолын оның иығына салып, күрсіне тіл қатты:

  • Бұның жаңсақтық... Бірақ, алған беттен тайынбауға бекінген екенсің, нар тәуекел... Қазір шығамыз. Жылан қайыс өзіңде ме?

Батудың аздап жүзі жылып, қалтасынан Жылан патшаның сыйы – аманат теріні алып шықты. Сол-ақ екен, айналасында шырқ үйірілген құйын ұйтқи жөнеліп, әп-сәтте Бату айран-асыр қалған достарының көз алдында жалт-жұлт еткен сиқырлы сауыт киіп, қару ұстап шыға келді.

  • Жақсы, - деп басын изеді Аспара. – Енді қалғандарына бірдеңе ойластыру керек.

  • Бұнда қаруды қайдан аларсың, - деп күрсінді Саша. – Жалаңаш үңгір...

  • Әрі дұрыс, әрі бұрыс айтасың, - деді Аспара. – Жезтырнақ тұрақ еткен бұл үңгір, шын мәнінде - қаза болған жауынгерлердің пірі, Ұмай ананың ғибадатханасы. Небір ғажайып тұнған баба қоныс...

Қадиша кенет құлыншақтай құлдыраң қағып:

  • Білем! Еріңдер соңымнан! – деді де, үңгірге тұра жүгірді.

Соңы болып келе жатқан Аспара жанып бітуге айналған оттан бықсыған шаланы алып, түкпірдегі қабырғаға тақатты. Қызғылт сәуле садақ, жебе, қылыш, жанболаттардың шебер салынған суреттерін самаладай етті.

  • Ал, мына жерге әлгі мен көрген жылан кіріп кетті, - деді Саша, қабырға мен еден арасындағы сызатты нұсқап.

  • Саша, сен не, түсінбеймісің? – деп тақылдады Дана желпініп. – Ол жылан – Жылан Бапының елшісі, бізге қаруды нұсқаған - сол!

  • Ей, қиялмен көкті кезбей, жерге түсіңдер! – деп қалды ұрысқа асыққан Бату. – Олар жай ғана сурет емес пе?! Қабырғадан секіріп түспейді сендерге!

Қадиша осы кезде жауынгер садағының нобайын саусағымен айналдыра сызды. Сурет ойламаған жерден көгілдір сәуле төгіп, жарқ ете қалды да, шұғыладай құбыла толқынданып, тербеле жөнелді, ал, сосын... Көлемі баяу ұлғайып, қабырғадан ажырай бастады. Келесі мезетте аң-таң болған Қадиша қолында нағыз садақ ұстап тұрды! Екі ұшынан көгілжім сәуленің соңғы тамшылары тамып жатты. Қадиша тосыннан тиген сиқырлы қаруды түсіріп ала жаздады.

  • Жеп-жеңіл! Әрі... жылы. Жаңа ғана әлдекім ұстағандай...

  • Дәл солай, - деп сабырмен сөз тастады Аспара. – Сен садақты оның иесі, бағзыда өткен ұлы жауынгер әйелден жан тәсілім еткен сәтінде қағып алдың. Оның қаруын иелену – зор құрмет. Байқа, ұятқа қалдырма оны!

Қадиша жайлап сипаған қорамсақтың суреті де тіл ала, сәулеге малына бастады. Саша, Қайрат пен Дана да қабырғада бейнеленген қаруға қол созды. Бірер мезеттен соң балалар қызу дабырласып, жауынгер белдігін тағынып, бір-біріне семсер, қанжар, найза, айбалталарын көрсетісіп жатты...
Аспара әйгілеп айтпай-ақ, әскербасы міндетін өзіне артып, жарлық етті:

  • Жарап тұр! Барлығың қару асындың! Шығамыз. Мен аюдың ізін шалып, алдыда жүріп отырам. Бату мен Саша – артымнан ереді. Қайрат – тұйықтаушы. Сақ болыңдар!

Тыныштала қалған балалар ебедейсіз қару-жарақтарын салдырлатып, қазша тізіліп, жылғаны жағалай, қара аю көзден таса болған жақты бетке алды. Қадишаның арқасына қорамсақтан бөлек, қасиетті қара домбыра ұқыптап байланған. Аспара семсерін сайлап, алда келеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет