211-бап. Вахталық әдіспен жұмыс істеуге қойылатын шектеулер Вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер, жүкті әйелдер, бірінші және екінші топтардағы мүгедектер жіберілмейді. Өзге қызметкерлер, егер мұндай жұмыстар медициналық қорытынды негізінде олардың денсаулығына қайшы келмесе, вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға тартылуы мүмкін.
212-бап. Вахтаның ұзақтығы 1. Объектіде жұмыс орындау уақытын және ауысымаралық демалыс уақытын қамтитын кезең вахта болып есептеледі.
2. Вахтаның ұзақтығы күнтiзбелiк он бес күннен аспауға тиiс.
Жекелеген объектілерде вахтаның ұзақтығы қызметкердің жазбаша келісімімен еңбек және (немесе) ұжымдық шартқа сәйкес күнтiзбелiк отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
Теңіз кемелері экипаждарының мүшелері үшін қызметкердің келісімімен вахтаның ұзақтығы күнтiзбелiк бір жүз жиырма күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
Ескерту. 212-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 N 369-IV(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.