1 дәріс Байланыстырып сөйлеудің психологиялық, педагогикалық және лингвистикалық ерекшеліктері



Дата16.02.2022
өлшемі22,74 Kb.
#131952
Байланысты:
№1 дәріс (8)жуйели сойлеуди дамыту
18306 l6p, 18306 l6p, 18306 l6p, 18306 l6p, 18306 l6p

1 дәріс
Байланыстырып сөйлеудің психологиялық, педагогикалық және лингвистикалық ерекшеліктері

Баланы ойлау мен сөйлеуге үйрету негізі бастауыш сыныптарда қаланады, яғни бастауыш сынып оқушылары ойлау мен сөйлеу дағдысына төселіп, істі шығармашылықпен ұтымды орындауға үйренеді.


Сөйлеу арқылы адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Сөйлесудің пікірлесу ретіндегі әрекетінің әртүрлі болып келетінін психология ғылымы зерттей отырып, оны үлкен екі топқа сырттай және іштей сөйлеу деп аталатын топтарға бөліп қарастырады. Сырттай сөйлеудің өзі ауызша (дыбысты тілдің көп және кең тараған түрі) және жазбаша сөйлеу болып бөлінеді. Сөйлеудің бұл түрлері бір-бірімен өзара диалектикалық байланыста болады. Өйткені, сырттай сөйлеу (ауызша, жазбаша) мен іштей сөйлеудің физиологиялық негізі бір – ми жарты шарлары қабығындағы екінші дабыл жүйесінің механизмдері. Олардың негіздерінде сөйлеу мүшелірінің қозғалысынан шығатын кинестетикалық сезімдер жатыр.
Кинестетикалық түйсікке негізделген шығарма мен мазмұндама жазу оқушылардың қабылдауын дамытып, зейін өрісін кеңейтеді, ойын, тілін дамытады, олады қиял шыңына шарықтатып, тәтті сезімге бөлейді.
Психологтардың айтуынша, бастауыш сынып оқушыларының қиял дүниесіне бой ұруы әртүрлі оқиғаларға кездесуге құштарлығы, өзін ертегі кейіпкерлерінің орнына қойып, ойға алғанын іске асыруға әрекет жасауы басым болады. Олардың бұл ерекшелігін шығармашылық жұмысқа пайдаланудың зор маңызы бар.
Қиялдың шарықтап дамуының ең жоғарғы сатысы шығармашылық әрекетпен тығыз байланысты болады. Қиял екі түрлі. Пассивтік және активтік. Пассивтік қиялға түс көру т.б. жатады, ал активтік қиялдың өзі қайта жасау және творчестволық болып екіге бөлінеді. Шығарма, мазмұндама жұмыстары активтік қиялдың екі түрін де дамытады, өйткені кітап оқу, түрлі суреттер көру, диафильмдер көру арқылы уақиғаларды көз алдына елестету – қайта жасау қиялының көрінісі. Ал бала қиялының бетін шындыққа бұрып, оның іс-әрекетіне өз ойынан шығарғанын, өздігінен тапқандарын қосып дамытуға, толытруға үйрету шығармашылық қиялды дамыту болып табылады. Осыған орай, еркін тақырыпқа шығарма жаздыру т.б. жұмыстарды көбірек жүргізу оқушы шығармашылығын дамытады. Балалардың мектепке келіп түскен кездегі психикалық және дене даму ерекшеліктері жөнінде оқулықтарда берілген мағлұматтарға сүйене отырып, мазмұндама мен шығарманы да осы кезден, 2-сыныптан бастап жүргізуге толық мүмкіндік бар екені зерттеулер бойынша анықталған. Шығарма мен мазмұндама жұмыстары:
1.Балалардың психикалық процестері (түйсік, қабылдау, зейін, ес, ойлау, қиял) мен сезімін еркін күшейтеді, әсіресе, ой қызметінің белсенділігін арттырып, мидың үлкен жарты шарлар қабығындағы өтіп жататын анализдеу, синтездеу әрекетін тездетеді. Мидың жарты шарлар қабығында өтіп жататын әрекетті үздікіз күшейтіп, уақытша жүйке байланыстарын (анализаторлардың мидағы ұштарының арасында туып жататын уақытша жүйке байланыстары) жасайды және жетілдіре түседі.
Шығарма мен мазмұндамаға дайындалу барысында, әсіресе2-сынып оқушыларының психикасында дабыл жүйесінің қызметі мен эмоция басым болғандықтан, оқушылардың өмірде көрген-білгендеріне, заттың тікелей өзін көрсетіп, сол өңінде қабылдауларына, уақиғаны бақылау қабілеттеріне сүйену керек. Мәтінді алдын ала синтездеу жұмысына ерекше назар аударған жөн. Өйткені мәтінді алдын ала синтездеудің, яғни жазбас бұрын мәтінді жобалап алудың, қате жібермеу үшін де тигізер пайдасы мол. Жазу процесінің аналитикалық-синтетикалық жағы неден көрінеді:
1) сөзді тыңдағанда әңгімеленгелі отырған уақиғаға сай келетін сөздерді таңдап ала білсе, бұл – аналитикалық процесс, ал осы сөздерді мәтіннің ішінде енгізуі синтетикалық процесс болып есептеледі;
2) сөйлем құрастыруда анализ – субъектілер мен предикаттарды және заттың белгілерін көрсететін сөздерді іріктеп алу, ал синтез – осыларды сөйлемнің ішінде орын-орнына қойып, орналастыру;
3) мәтін құрастыруда анализ – тұтас мәтінді бірнеше бөлімге бөлу, синтез – сол бөлімдерді бір-бірімен жалғастыру. Мұнда анализ жазуға дайындық кезінде, мәтінге жоспар жасау жұмысында іске асса, синтез сол жасалған жоспар бойынша, құрастырып айтып не жазып беру жұмысы болып саналады;
4) шығарма жазу процесінде анализ үнемі синтезден бұрын жүреді. Анализдің бұрын келуі синтезге жол ашады;
5) психология оқулықтарында (Темірбеков А., Балаубаев С. Психология, А., 1966) бастауыш мектеп жасындағы балалардың қабылдауы эмоциямен, сезіммен сабақтас жүретіні айтылады.
Сондықтан мазмұндамаға алынатын мәтіндер мен шығарма тақырыптары балаларда болатын көңілділік, сенгіштік, сезімталдық, қызығушылық, еліктегіштік сияқты қасиеттерге сай келетіндей болып іріктелуге тиіс. Алайда қандай әсерлі шығарма ұсынылғанымен, ол нақышына келтіріліп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, балаларда болатын жоғарыда аталған қасиеттерді дамытуға пайдасы тиіп жарымас еді. Өйткені мазмұндамаға ұсынылған мәтіндерді балаларға оқып беруде болсын, шығарма жаздыру үшін материал жинау барысында оқушыларға айтылатын әңгімеде болсын, мұғалімнің дауыс сазының әсерлі болып, сөздер мен сөйлемдерді анық айтуының маңызы зор. Бұл жөнінде К.Д.Ушинский: «...мүмкін егер де біз: бізде анық дауыстап, ырғағына келтіріп, әсерлі етіп оқи алатын төменгі сыныптың мұғалімін табу өте қиынға түседі десек, кейбіреулерге ерсі болып көрінер еді, бірақ зейіннің қабілеті жетілмеген балаларға мұндай мұғалім ерекше қажет», - дейді (Ушинский К.Д. Балаларды тәрбиелеу және оқыту жөнінде. Ал., 1951). Адам психологиясының нәзік сырларын бақылаған А.С.Макаренко да өзінің балалармен күнделікті сөйлеу барысында дауыс ырғағына ерекше көңіл бөлген. Ұлы педагог балалармен сөйлескенде оларға әсер ету үшін дауыста эмоция мен сезімнің басым болуы керек екенін айтады. Сондықтан бастауыш сыныптарда оқуда да, түсіндіруде де, әңгімеде де мұғалім дауыс ырғағын бірқалыпты сақтап, өзінің дикциясына қатты көңіл бөлгені жөн.
Мәнерлеп оқуға екі түрлі шарт қойылады, олап физикалық және психикалық. Біріншісіне оқыған кезде дұрыс тұру, демді еркін және терең алу, дауысты бірқалыпты сақтау сияқтылар, ал екіншіге дауыстың (оқудың ритмін сақтау, сөзді анық айту, бірқалыпты оқу, пауза жасау, дауыс ырғағын тыныс белгілеріне сәйкестендіру, т.б. жатады.
Сөйтіп, шығарма мен мазмұндама жазу процесінің психологиялық негізі жөнінде аздап болса да мағлұмат алу – оның жүйесін жасап, әдістемелік тәсілдердің қолайлысын таңдап алуда жол-жоба көрсетеді.
Оқушыларды мазмұндама мен шығарма жазуға үйретуде біз дидактиканың негізгі талаптарына сүйенеміз. Бастауыш мектептерде мазмұндама мен шығармаға үйрету жұмыстарында, басқа пәндердегі сияқты, оның ғылымилылығы, теорияның практикамен байланысы, көрнекілік, саналылық, оқушылардың белсенділігін арттыру және жүйелілік пен беріктік принципі ескеріледі.
Біз осы еңбектің кейінгі бөлімшелерінде психология, педагогика, тілі білімі және әдебиеттану ғылымдарының соңғы жетістіктерін басшылыққа ала отырып, шығарма мен мазмұндамаға қойылатын талапты белгіледік. Бұл талаптар ғылыми қорытындыларға негізделгендіктен, шығарма мен мазмұндаманың да ғылыми принципін шешеі деп ойлаймыз.
Шығарма мен мазмұндаманың жүйелілік және оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай келуі эксперименттен өткен жұмыстардың бірте-бірте күрделене беруінде, сондай-ақ балалардың бұрыннан бар білімдік қоры мен дағдыларын, шеберліктерін есепке алып, алдағы программалық талаптар ескеріліп жасалуында.
Оқытудың саналылығы мен оқушылардың белсенділігін арттыру принципін сақтау мақсатында балалардың өз ойының барысын байқауға, біреудің айтқанын тыңдай білуге, айналадағы өздерін қоршаған табиғаттағы өзгерістерді бақылай білуге, нәрселер мен құбылыстарды салыстырып, олардың арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды таба білуге үйрету жұмыстары мазмұндама мен шығарманың өн бойынан орын алады.
Оқушыларды мазмұндама мен шығарма жазу үйрету барысында оларға қандай білік, дағдылар берілетіні белгіленеді. Өйткені оқушының бойынша бар білік пен дағдыны қалайша пайдаланып, оларды жаңадан қандай дағдыларға төселдіріп, білікке үйрететінімізді біліп алмайынша, жұмыстан белгілі бір нәтиже күту қиын.
Балалар орфографиялық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік білік дағдыларға төселуде мазмұндама мен шығарма жұмыстары орасан зор көмек етеді. Мазмұндама мен шығарма жұмыстарынығ мақсатының өзі оқушылардың ой операцияларын (жалпылау, анализдеу, синтездеу, нақтылау, абстракциялау, даралау) жан-жақты дамыту болғандықтан, осы жұмысты іске асыру барысында кейбір процестер автоматтанып, дағдыға айналады.
Шығарма мен мазмұндама жұмыстарын жүргізу барысында жасалған қорытындылар мен әдістемелік әдебиеттерде айтылған пікірлерді салыстыра келіп, оқушылардың жазба жұмыстарында жіберген қателерін ескере отырып, тұжырымдағанда, бастауыш сынып оқушылары мазмұндама мен шығарма жазу барысында мынандай педагогикалық білік, дағдыларға үйренулері тиіс:
1) Мазмұндамадан оқушылар оқылған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғырта алуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құрау, сөйлем құрау шеберліктеріне жаттығады. Осы жұмыстың барысында бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер, бейнелі сөздер автоматталып, оқушының есінде қалады. Оқылған мәтінді қайта жазып беру үшін сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады. Мұндай процестерге жаттығу балаларды шығарма жазуға дайындайды.
2) Шығармада ұсынылатын тақырыпқа түсініп, оның жігін ажырата алу дағдысы мен шеберлігі қалыптасады. Мысалы, «Мен қалай кезекші болдым?» тақырыбына шығарма жазу тапсырылды делік. Мұнда оқушы кезекші болғанда жалпы не істеу керектігі, кезекшінің міндеті жөнінде емес, өзі кезекші болғанда не істегені жөнінде жазуға тиіс екенін білуі қажет. Немесе «Мен анама көмектесемін» тақырыбы берілсе, жалпы үй шаруасына балалардың қалай көмектесетіні, не істейтіні жөнінде емес, сол тақырып берілген кезде қандай шаруаға көмектескендігі туралы жазуы керектігін оқушы ажырататындай болуы қажет. «Ағашты қалай отырғызады?» тақырыбы бойынша жалпы ағаш отырғызу жөнінде білетіндерін жазатын болса, «Біз ағашты қалай отырғыздық» тақырыбы бойынша өздерінің ағаш отырғызғанда не істегенлерін әңгімелеу керектігін ажырататындай болуға тиіс.
3) Шығарма жазу үшін материал жинау дағдысы мен шеберлігі. Яғни материал жинау барысында бақылауың кейбір тәсілдеріне дағдылану, оны меңгере білуге үйрену . Мысалы, «Үй қалай салынды?» тақырыбы бойынша материал жинау барысында балалардың кейбіреуі үй ішінен сұрауы, енді біреулері кітап оқу арқылы, біреулері егер жақын жерде құрылыс болса, соның басына барып, көзбе-көз бақылау арқылы т.б. тәсілдермен бақылаулары мүмкін . Оқушылар қандай тәсілмен болса да берілген тақырып бойынша материал жинауға дағдылануы қажет. Егер оқушы материал жинау дағдысына жаттықтырылмаған болса, ол шығарма жұмысында талай-талай сәтсіздіктерге ұшырайды. Сондықтан бастауыш сыныптан бастап, балалар бақылай білуге, кітаппен жұмыс жасауға, суреттерді қарап қабылдай білуге, экскурсия материалдарын жинақтап, естерінде сақтай білуге жаттықтырылып, бірте-бірте бұл жаттығуларды дағдыға айналдыру біліктерін жетілдіруді іске асыра беру қажет.
4) Білетін, яғни жинаған материалдарын жүйелеу білігі мен дағдысы. Бұған бастауыш сынып оқушылары алғашқы кезде мазмұндама арқылы үйретіледі. Өйткені материалдың жүйесін белгілеу, оны бөлікке бөлу, ат қою және керісінше, әңгімеде айтылатын ой жүйесіне сәйкестендіре, әр бөлікті бір-бірімен жалғастыру немесе шығарма мен мазмұндаманың жоспарын жасау кішкене балаларға оңайға түспейді. Бұл қиындықты жеңу үшін балалар алдымен дайын мәтіннің жүйесін байқап дағдыланады, яғни қандай да болмасын, мәтіннің белгілі бір жүйемен құрастырылатынын ұғынады, сонан соң бірте-бірте өздері көрген білгендері жөнінде әңгіме құрастырғанда да, оны әуелі жүйелеп алуға дағдыланады. Егер оқушы бұған дағдыланбаса, жинаған материалдарын қалай жазуды білмей, білетіндерін айтып берудің ретін таба алмай, еш нәрсе жазбай отырып алады, ал кейбір жағдайда отырып-отырып, ызаланып жылап жіберетін балалар да кездеседі. Мұндай жағдайлар балаларды шығарма жазуға қызықтырудың орнына, керісінше әсер етеді де, олардың шығарма жазуға деген ынтасын кемітеді.
5) Оқушылардың өз ойын дұрыс және түсінікті білдіру дағдысы. Ойын дұрыс білдіру деген шығарма яки мазмұндама жазғанда белгілі тілдік норманы сақтау, әдеби тілдің ең шұрайлыларын пайдалану білігі, сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырып, жатық тілмен жеткізе алу шеберлігі, ал ойын түсінікті білдіру дегеніміз оқушы ойының дәл, анық көкейге қонымды болуы. Шығарма мен мазмұндама жазу барысында оқушылар көптеген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін үйренеді. Олар арқылы оқушылардың лексикалық қоры байып, тілдері ұстарады. Мұғалім оқушылардың түсінігіне қиындық келтіреді-ау деген сөздер мен сөз тіркестерін түсіндіріп, тіл дамыту жаттығуларын жүргізіп отырады. Мысалы, оқушылар қыс кезіндегі түрлі ойынды немесе табиғатты суреттеу т.с.с. тақырыпқа шығарма жазатын болса, қардың түсін бірнеше сөзбен білдіруге болатынын (аппақ қар: күміс қар, жалт-жұлт еткен қар, ақша немесе үлпілдек қар, жаңа жауған қар т.б.) көрсетеді. Мұндай дайындық жұмыстары көбінесе грамматикадан өтілетін тілдік материалға сай, грамматика, оқу сабақтарында жүргізіледі.
6) Жазғандарын тексеру, түзету, жақсарту білігі мен дағдысы. Бұл да біраз қиындық келтіретін күрделі жұмыс. Оқушылар мазмұндама, шығарма жазғанда көбінесе бұрын бітіріп, мұғалімге бірінші болып тапсыруға асығады да, жазғандарын қайта оқымайды, сөйтіп жазған жұмыстарының бірде-бір сөзін, не тыныс белгісін, не әріп қатесін түзетпестен тапсырады. Бұл жөнінде мұғалімнің ескерткен сөзі де оларға әсер етпейді. Мұғалім бұрын тапсырған балалардың жұмыстарын қайтарып беріп, «оқып шығып, қатеңді түзе» дегеннің өзінде де кейбір оқушы жұмыстарын алып, партаның үстіне қойып, біраз айналаға қарап отырады да (мұғалім қасына жақындаса, дәптеріне көзін салады, мұғалім алысырақ тұрса, айналаға қарап отырады), қайта тапсырады. Мұндай білік пен дағдыға оқушыларды үйрету қанша қиын болғанымен, жазғандарын сын көзімен қарап оқып шығып, жазу барысында түрлі себептермен (асығыстық, ойланбаушылық, ережені ұмытып қалушылық т.б.) жіберген қателерін батыл түзете алу білігі мен дағдысын бастауыш сыныптарда үйренуге тиіс.
7) Оқушы жазған әңгімесін белгілі бір тұлғада (бастауыш пен баяндауыштың белгілі бір жақта қиысып, бір шақтық тұлғада келуі) баяндай білуі мен дағдысы.
Осы біліктер мен дағдыларға оқушыларды қалай үйрету керек? Балаларды орфографиялық, пунктуациялық, морфологиялық, синтаксистік дағдыларға бірден үйрете алмайтынымыз сияқты, бұл көрсетілген дағдылардың барлығын бірден үйрете алмаймыз. Сондықтан бұл дағдыларды қалыптастыруда бірте-бірте бір дағдыдан екінші дағдыға сатылап көшіп отыру әдісін қолданған жөн. Мұнда тілдік дағдылар белгілі бір жүйемен грамматикалық сабақтарда қалыптасады, ал өзін жүйелі баяндау дағдысы – көбінесе оқу сабақтарында қалыптасады.
8) Қабылдаған таныс заттары мен құбылыстарын бір-бірімен байланыстырып, бір жүйеге келтіре алу дағдысы. Мұндай жаттығулардың мақсаты – заттардың жалпы және жеке белгілеріне қарай оларды топтауға, белгілеріне қарай атауға т.б. үйрету. Мысалы, кейбір оқушылар сөздердің арасында мәндік ұқсастықтар мен ерекшеліктерді айыра алмайды (пышақ, еттартқыш т.б. ыдысқа жатқызады).
Жұмыстың бұл түріне жаттығудың мына сияқтыларын ұсынуға болады:
а) Құбылыстар мен заттың суреттерін топтау (Құстардың суреттерін іріктеп шығар. Балықтың, үй жануарларының т.с.с. суреттерін іріктеп ал.). Жалпы бір топқа заттарды атату (мысалы, сауысқан, қарға, торғай, тауық. Осыларды бір сөзбен қалай атауға болады?).
ә) Заттарды екі немесе үш топқа бөлшектеу (үй жануарлары мен тағы жануарларын бөлек-бөлек ата.).
б) Көрсетілген белгілеріне қарай заттарды атау (Түсі ақ, өзі тәтті – бұл не? Түсі ақ, өзі суық – бұл не? т.б.).
в) Заттардың артығын шығарып таста: балта, ара, үстел, пышақ – қайсысы артық, қалғандарын бір сөзбен қалай атаймыз?.
г) Қарапайым атау (қасық – ыдыс).
д) Ұғымдарға бөлу: ыдыстың қандай түрлерін білесің? т.б.
е) Қарама-қарсылық арқылы жалпылату: пальто – киім, ал етік ше? Терек, қарағай – ағаш, ал өрік ше? т.с.с. Мұнда балалар тек нақты заттардың атын білдіретін сөздерді ғана бөлшектеп, топтап үйреніп қоймай, табиғат құбылыстарын білдіретін сөздерді (көктем, жаз, күз, қыс, күн, түн, іңір, таңсәрісі, жел, найзағай т.б.) де, дерексіз ұғымдарды да (мейірім, сарғыш, тереңдік, оқу, жазу, жүгіру т.б.) топтауға үйренулері қажет. Мұғалім, бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктеріне сай, педагогикалық талаптарды басшылыққа ала отырып, оларды шығарма мен мазмұндама жазуға үйретуде қандай лингвистикалық негіздерге сүйенеді?
Мазмұндама мен шығарма жұмыстарының әдістемесі үшін грамматиканың, әсіресе жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің синтаксисінің маңызы зор. Өйткені жай сөйлем синтаксисі жеке ұғымдарды білдіретін сөздердің тіркесін сөйлем болу жолдарын тексерсе, құрмалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесін құрмалас сөйлем болуын тексереді.
Сөйтіп бірінің объектісі сөз тіркесіне байланысты болса, екіншісінің объектісі сөйлемдердің өзара тіркесіне байланысты. Сондықтан сөз тіркесі мен сөйлемдер арқылы жүргізілетін жұмыстың әдістері де тіл білімінің осы бөлімінде белгіленеді, яғни сөздердің дұрыс қиысып, меңгеріліп, сөйлем құрауы, сөйлемдердің дұрыс байланысып, құрмаласуы, ойды анық, түсінікті түрде білдіруі үшін бірыңғай мүшелердің қолданылатыны сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі т.б. осы бөлімде қарастырылады.
Алайда мазмұндама мен шығарма жазуға үйрету үшін, жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің синтаксисін біліп қою жеткіліксіз. Өйткені жұмыстың бұл түрінде жеке-жеке сөйлемдер құрастырылып қана қоймайды, сонымен қатар, тұтас мәтін жасалады.
Мәтін белгілі бір оқиғаны баяндайды. Сондықтан ондағы әртүрлі жағдайларға, мақсатқа, айтушы яки жазушының көңіл күйіне қарай, әр сөйлемнің құрылысында сөз қолданылуында ерекшеліктер болады. Осыған орай, тұтас мәтін синтаксисі келіп шығады. Тұтас мәтін синтаксисі стилистика және әдебиеттану ғылымдарымен байланысты. Стилистика сөздердің қолданылу заңдылықтарын, сөздер мен сөз тіркестерін экспрессивтік тұрғыдан дұрыс пайдалану принциптерін зерттейді. Тіліміздегі бейнелегіш құралдарды топтастырып, олардың стильдік қызметін, қолданылу заңдылықтарын көрсетеді. Ойды мәнерлеп жеткізу үшін морфологиялық формаларды (тұлғаларды) қандай жағдайда, қалай қолдануға болатынын қарастырады, яғни сөздерді олардың нұсқаларының (синонимдердің) ішінен сөйлеу және жазу арқылы жеткізілетін ойдың эмоционалды, экспрессивті теңін білдіре алатындарын сұрыптап қолдану принциптерін зерттейді.
Сөйтіп тұтас мәтін құруда жүйелілік, сөйлемдер арасындағы грамматикалық мағыналық байланыстарды сақтау принциптерінің маңызы зор. Бұл айтылғаннан шығарма мен мазмұндама жаздыруда бастауыш мектеп оқушыларын ғылымның осы салаларының теориялық қағидаларымен таныстыру керек деген ұғым тумасқа тиіс.
Алайда шығарма мен мазмұндама жаздыру процесінде тұтас мәтін синтаксисінің талаптарын мұғалім өзі өте жаксы білуі қажет, өйткені ол оқушылардың жазу тіліндегі байланыстылықты, жинақтылық пен дәлдікті сақтауға көмектеседі.
Тілдің тұтас мәтін синтаксисі мен стилистика – тың сала. Бұлар мұғалімдердің көпшілігіне әлі таныс емес. Өйткені тұтас мәтін синтаксисін зерттеу тіл фактілеріне сүйеніп, талдау жасап түсіндіру әлі шешімін толық таба қойған жоқ. Дегенмен педагогикалық орта және жоғарғы оқу орындарына арналып жасалған соңғы бағдарламаларда (құрастырған С.Рахметова) бұл мәселелер бірсыпыра қамтылды. Сондықтан жаңа оқулықтар тұтас мәтін синтаксисі мен стилистика жөнінде материалдар беріледі.
Шығарма мәселесінде ең алдымен тақырыптың ішкі мағынасы мен оны қалай ашу ерекшелігіне түсініп алмай, жазуға кірісуден нәтиже шықпайтыны жөнінде жоғарғы сыныптарда шығарма жаздыру әдістемесін зерттеуші Е.Дайрабаев былай дейді: «Тақырып – талдап, талқыланатын мәселенің қысқаша атауы. Сырттай қарағанда осылай көрінгенімен оның ішкі мағынасы тереңде жатыр. Өйткені тақырып шығармада жан-жақты айқындалып, ашылуға тиісті пікірлер негізінде белгіленеді. Олай болса, тақырып бір басқа, талдап-талқылаған мәселе екінші басқа болып жүрмес үшін оқушыны шығарма жазуға үйрету кезінен бастап тақырып қойып отырған талап және сол талапқа байланысты негізгі пікір түйінін ажырата білуге дағдыландыру шарт. Тақырып қойып отырған талапты мейлінше ұғынып, оны әбден түсініп алмайынша шығарма жұмысына кірісуге болмайды. Тақырыптың әрбір сөзін саралап оны зердесіне әбден қондырмай тұрып, жазған шығармадан оқушы өз сыбағасын ала алмайды. Тіпті өзінің бойындағы бар мүмкіндігін пайдалануға да шамасы келмейді»1. Міне тақырыпты ашып көрсету оған автордың қалай түсінгеніне байланысты екен. Олай болса, оқушыларды шығарма жаздыруға үйретуде тақырып таңдап ұсыну, оны балалардың меңгеріп алуын қамтамасыз ету бірінші орында тұрады.
Қорытынды:
1) Мұғалім мазмұндама, шығарма жұмыстарын ұйымдастыру үшін грамматиканың жай сөйлем синтаксисі мен құрмалас сөйлем синтаксисін және тұтас мәтін синтаксисін, сондай-ақ стилистиканы жете білуі керек.
2) Тілдің тұтас мәтін синтаксисі мен стилистика салалары жөнінде оқулықтарда берілген мағлұматтарға сүйене отырып, шығарма жазу үшін ұсынылатын тақырыптарды оқушылардың жасына лайықты, нақты болу жағын қарастырып, іріктеп ала білу керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет