2013 жылғы №3 басылым 19 беттің сі


Өзін-өзі бақылауға сұрақтар



бет2/4
Дата21.07.2017
өлшемі0,74 Mb.
#21463
1   2   3   4

Өзін-өзі бақылауға сұрақтар:

1. Курстың мақсаты неге бағытталған?

2. Курстың міндеттерін атаңыз.

3. Ғылымның даму заңдылықтарын атаңыз.

4. Кәсіптік білім беру мәселелерін нақтылаңыз және шешілу жолдарын қарастырыңыз.

Әдебиеттер:

1. Пошаев Д.Қ. Ғылыми-педагогикалық зерттеу негіздері. Шымкент, 2003, 112б.

2. Загвязинский В.И. Исследовательская деятельность педагога.-М.,2008.

3. Асқаров, Е.С. Ғылыми зерттеулердің негіздері :оқу-әдістемелік құрал .-Алматы,2005.

4.ҚоянбаевМ.,Қоянбаева Г.Р. Педагогика әдіснамасы және педагогикалық зерттеулетін әдістері. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2007,32б.

5. Аканов Б., Карамзин Н.Основы научных исследований.- Алматы,1989-136с.

6. Новые исследования в педагогических науках Вып 2.-М.,1991.

8.Личность и профессия: психологическая поддержка и сопровождение . - М.,2005.

9. Общая и профессиональная педагогика/Под ред. В.Д. Симоновича.-М.,2005.

10. Педагогика профессионального образования/Под ред. Сластенина.-М.,2004.

11. Профильное обучение:спецвыпуск. - Новосибирск,2002.
Тақырып 2. Кәсіби педагогикада ғылыми зерттеулерді

ұйымдастыру

Негізгі ұғымдар: ғылыми тақырып, тақырыптың көкейкестілігі, тақырыптың көкейкестілігі, ғылыми пән, ғылыми дерек, зерттеу объектісі, зерттеу пәні, зерттеу болжамы, ғылыми жаңалығы.

Ғылыми проблема. Ғылыми зерттеу бағытын таңдау негізі. Кәсіби педагогикадағы ғылыми зерттеулердің өзіндік ерекшеліктері. Педагогикалық зерттеудің ғылыми аппаратының мазмұны. Тәжірибелі эксперимент жұмыстары және оларды ұйымдастыру. Ғылыми зерттеу кезеңдері.



1.Ғылыми проблема. Ғылыми зерттеу бағытын таңдау негізі. Кәсіби педагогикадағы ғылыми зерттеулердің өзіндік ерекшеліктері.

Ғылым – адамдардың табиғат, қоғам, ойлау туралы білімдерінің жүйесі. Осы үш саланың әрқайсысына қатысты ғылымдардың жеке салалары және олардың даму заңдылықтары бар.

Қазіргі заманғы ғылым – жаңа білім өндіру және мақсатқа сай оны беріп отыру жөніндегі әлеуметтік бағдарлы қызмет, қоғамдық өндірістің өзіндік түрі, жиынтығында дүниенің ғылыми бейнесін құрайтын білімдер жүйесі, аса маңызды әлеуметтік қару.



Ғылыми проблема – берілген саладағы әрі қарай ғылыми зерттеуді немесе техникалық прогрессті қамтамасыз етуге бағытталған нақты теориялық немесе тәжірибелік міндеттерді шешуді көздейтін бүкіл ғылыми- зерттеу жұмысын немесе оның бөлігін қамтитын тақырыптар жиынтығы.

Ғылыми жұмыстың мақсаты – іргелі және қолданбалы міндеттерді шешу. Іргелі ғылым табиғат пен қоршаған әлемнің ғалами мәселелерін қарастырады, оның зерттеу пәні ретінде әлем мен бүкіл жаратылыс құрылымының жалпы заңы мен ортақ заңдылықтары табылады. Бұл ғылымның маңызы ешқандай критерийлермен өлшенбейді, одан алынған нәтижелерді жақын уақытта қолдану мәселелері қойылмайды.

Қолданбалы ғылым іргелі ғылымның жетістіктеріне сүйене отырып, өмірге жақын түсінікті міндеттерді қарастырады. Мұнда ғылыми нәтижелерді іс жүзінде пайдалану негізгі міндет болып саналады, сондықтан бұл салаға жататын зерттеулерді бастар алдында «бұл кімге қажет ?» деген сұрақтар қойылады. Іргелі және қолданбалы ғылымның арасында айқын шекара жүргізу мүмкін емес, себебі қолданбалы ғылым өзінің даму барысында және жетістіктерін қорытындылай келе бірте – бірте зерттеудің іргелі түріне айналады. Ал керісінше, іргелі ғылым тапқан жаңалықтарды пайдалана отырып, қолданбалы ғылым өндіріс пен шаруашылықтың ірі мәселелерін шешуге көп ықпал жасайды. Жүргізіліп отырған жұмыстың түріне қарай қолданбалы ғылым теориялық немесе эмпирикалық (тәжірибе) сипат алады.

Теория сипатына ие ғылыми жұмыс жүргізу барысында соңғы нәтижеге жету үшін әдебиет көздерінен ақпарат жинақталады, талданып қорытылады, өңделеді, есептеледі, жаңа ой-пікір ұсынылып, болжау жасалады. Ғылыми жұмыстың мұндай сипаты дедуктивті әдіс деп аталады. Ғылыми іс - әрекеттің бұл түрінде зерттеушінің шығармашылық қабілеті, оның ақпараттық толықтығы, ақпараттың зор ағымынан тиісті қажет бөлігін дер кезінде табу қабілеті аса маңызды.

Зерттеу тақырыпты таңдау мен проблеманы анықтаудан басталады. Зерттеудің неғұрлым ретті түрде, терең негізделіп және қатаң құрылымдалған түрде жүргізу оның нәтижелі болуына мүмкіндіктер ашады.

Алғашқы қадам пәндік саланы таңдаудан басталады. Ол үшін «блоктік» тәсіл қолдану тиімді.

Бірінші блок – байланыс: тақырып – проблема. Жас зерттеушіге даяр тақырыпты ұсыну мүлде дұрыс емес. Зерттеуші бірнеше тақырыптардың ішінен өзін және ұжымын қызықтыратын, өзіне жақын тақырыптың бірін таңдауына болады. Бірақ, ең дұрысы, өзін толғандырып жүрген тақырыпты өзінің ұсынғаны. Осылай еткеннің өзінде тақырыпты нақтылау, түзету, акцент жасау, тұжырымдарды қарапайымдау және нақтылау қажет.

Зерттеу тақырыбын негіздеу.

Тақырыпты таңдау және нақтылау – ұзақ уақытқа созылатын қиын жұмыс. Тақырып көздері тәжірибе немесе теория жазықтығында болуы мүмкін. Алғашқы кездерде қарама – қайшылықтар, іс жүзінде ұнамсыз болуы сияқты кедергілер болуы мүмкін.

Тақырып – проблема: тақырыпты таңдауға қойылатын талаптар:



  • Өзектілігі, көкейкестілігі (өткірлігі, шешілудің пісіп жетілуі).

  • Теория және тәжірибе үшін маңыздылығы (аса маңызды ғылыми және практикалық міндеттерді шешуге қолдануға болатындығы).

  • Перспективалы (болашағы) болуы (қарастырылып отырған кезең үшін өзекті және маңызды болуы);

  • Проблемалылығы (шешілуінің белгісіз болуы, теориядан іздеу қажеттігі, тәжірибеде қиындықтарды шешу).

  • Адам мен қоғамның даму концепцияларымен үндес болуы (ізгілікті – тұлғалық немесе әлеуметтік тұлғалық бағдар).

  • Ізденушінің тәрбиесі мен мүдделі болуы (бастан кешіру, қатысы болуы).

Аталған талаптардың бәрі де маңызды, бірақ өзектілік, проблемалық және осы заманғы тұжырымға сәйкес келуі сияқты бөліктер айрықша түсіндіруді қажет етеді. Өзекті (көкейкесті) тақырыпқа «мәңгі жасмыл», «ұзаққа кететін» деп аталатын тақырыптар жатады. Тақырыпта проблема анық немесе жабық түрде болуы тиіс. Оның көздері іс жүзіндегі қиындықтардан көрінеді. Егер теориялық білімде сәйкес түсіндірмелер мен шешімдер болмаған жағдайда проблема туындайды. Міне, осы кезде ғылыми проблема пайда болып қалыптасуы жүреді де, «білмегенді білу», «белгісіздің белгілі болуы».

Тақырыпты шектеу және нақтылау, оған жақын тақырыптардан жігін ашу, оның зерттеу аясын және жағдайларын дәл көрсету де аса маңызды.

Тәжірибенің көпқырлылығын, жұмыстың барлық бағытындағы педагог, психолог немесе басшы маңызды оқиғалар мен фактілерді әрдайым есте ұстау қажет. Зерттеу үнемі шектеліп отыруы тиіс, себебі солай өткенде ғана зертеліп отырған үрдіске терең бойлау мүмкіндігіне ие болуға, ақырына дейін жетуге болады.

Сондықтан зерттеудің проблемалық алаңы көлемі және шешілетін нақты міндеттері бойынша шектеліп отыруы тиіс. Тақырыптың аталуы проблеманы, ізденіс пәнін, әсіресе бағытын, ізденістің жетекші аспектісін білдіреді. Кейбір жағдайларда негізгі тақырыптың аталуы қосымша сөздер арқылы нақтыланып беріледі. (жақша ішінде немесе жақшасыз).



2.Педагогикалық зерттеудің ғылыми аппаратының мазмұны.Тәжірибелі эксперимент жұмыстары және оларды ұйымдастыру. Ғылыми зерттеу кезеңдері.

Зерттеудің ғылыми аппаратының құрылымы:

1. Ғылыми жұмыстың тақырыбын таңдау.

2. Зерттеудің көкейкестілігіне негіздеме беру.

3. Зерттеу объектісін нақтылау.

4. Зерттеу пәнін анықтау.

5. Зерттеу мақсаты мен міндеттерін қою.

6. Зерттеу әдістерін таңдау.

7. Болжам жорамалдау.

8. Зерттеу жоспарын құру.

9. Тәжірибеде жүзеге асыру.

10. Болжамды тексеру.



Зерттеу жұмысының мұқабасы деп белгілі бір ережелерге сәйкес толтырылатын зерттеу жұмысының 1-беті аталады.

Жұмысқа кіріспеде тандап алынған тақырыптың көкейкестілігін, мақсат және қойылған міндеттер, мазмұны негізделеді, зерттеу объектісі мен пәні айқындалады, зерттеудің таңдап алынған әдісі (әдістері) көрсетіледі, теориялық мәнділігі және алынған нәтижелердің қолданбалы құндылығы сараланады және қорғауға шығарылатын ұсыныстар белгіленеді. Көкейкестілігі. Кез келген зерттеу жұмысының міндетті талаптарының бірі – көкейкестілік.

Объект дегеніміз – бұл процесс немесе құбылыс. Ол зерттеу үшін таңдап алынған проблема және проблемалық ситуацияны тудыратын нәрсе.

Пәні – ол объектінің шеңберінде болатын нәрсе.

Зерттеу жұмысының кіріспесінің негізгі элементі зерттеу әдістерін көрсету болып табылады. Зерттеу әдістері жұмыстағы қойылған мақсатқа жетудың қажетті шарты болып табылады, құралы болып саналады.

Кіріспеде ғылыми процестің басқа да элементтері сипатталады, жұмыстың қандай нақты материалдар арқылы орындарғандығы көрсетіледі. Бұл жерде хабарламаны алудың негіздері:


  • ресми (ғылыми);

  • әдебиеттік;

  • библиографиялық;

  • жүргізілген әдіснамалық.

Ғылыми жиналығы – зерттеу жүргізу барысында зерттеу нәтижелерін сипаттауға «алғаш рет» деген ұғымды зерттеушінің қолдануына құқық беретін белгісі. «Алғаш рет» деген ғылыми ұғым осындай нәтижелердің бұрын алынбағандығы туралы деректі білдіреді.

Зерттеу көкейкестілігін негіздеудің мәні – оқу мен тәрбиенің теориясы және практикасын бұдан былай да дамыту үшін тиісті проблемалардың қажеттігін, дер кезінде зерттеліп, шешімін табудың маңыздылығын түсіндіру. Көкейкесті зерттеулер белгілі кезеңдегі аса күрделі де қажет мәселелердің жауабын береді, педагогикалық ғылымға қойылатын қоғамның әлеуметтік тапсырысын бейнелейді, практикада орын алған келелі қайшылықтарды ашады. Көкейкестілік тиегі өзгермелі, қозғалысты, уақыт пен нақты әрі ерекше жағдайларға тәуелді. Жалпыланған күйде көкейкестілік ғылыми идеялар мен практикалық ұсыныстарға болатын сұраныс пен дер кезіңдегі ғылым мен практиканың мүмкіндігі арасындағы айырмашылық деңгейін сипаттайды.

Зертттеу тақырыбы шешімі қалтқысыз табылуы қажет, өте күрделі де қоғамдық маңызға ие болған проблемалармен ұштасқан әлеуметтік тапсырыс нақты тақырыптың негіздеме дәйегін талап етеді. Ал бұл, өз кезегінде, қойылған мәселенің ғылым аймағында зерттелу дәрежесінен туындайды.

Егер әлеуметтік тапсырыс педагогикалық практиканы талдаудың нәтижесінде ұсынылатын болса, ғылыми проблеманың өз негізі басқаша. Оның міндеті ғылым құрал-жабдықтарын пайдалана отырып, негізгі қарама-қарсылықтарды баяндап беру. Әдетте, проблема шешімі зерттеу мақсатын құрайды. Мақсатқайта түзіліп, өрнектелетін проблема.

Проблема нақтыланып, өрнектелгеннен соң, зерттеу нысанын таңдау кезегі келеді. Нысанға педагогикалық процесс, педагогикалық болмыстың бір саласы немесе қайшылықтарымен жүз берген қандай да педагогикалық қатынас алынуы мүмкін. Басқаша айтсақ, өз ішінде нақты не әлі де күмәнді қайшылықтарды қамтып, проблемдік ситуацияларды туындатқан жағдайлардың баршасы нысан есептелінеді. Танымдық процесс бағытталғанның бірі – нысан. Зерттеу дені – нысан бөлшегі, бір тарапты, яғни бұл түбегейлі зерттеуді қажет еткен нысанның теориялық не практикалық тұрғыдан өте маңызды сапа – қасиеттері, қырлары мен сырлары.

Зерттеу мақсаты, объекті және деніне сәйкес, әдетте, болжамды (гипотезаны) тексеру мен дәйектеуге арналған зерттеу міндеттері белгіленеді. Гипотеза – бұл шынайлылығы әлі дәлелденуі қажет теориялық негізі бар болжамдар жиынтығы.



Ғылыми жаңалық тиегі аяқталған зерттеулердің сапасын бағалау үшін қолданылады. Ол қазіргі кезеңде әлі белгісіз, педагогикалық әдебиеттер тобына енбеген білім заңдылықтары, олардың құрылымы мен механизмдері, мазмұны, принциптері мен технологиясын сипаттаушы теориялық және практикалық қорытындылардың мазмұнын өрнектейді.

Зерттеу жаңалығы қаншалықты теориялық маңызға ие болса, соншалықты практикалық қажеттілікке ие. Зерттеулер нәтижесінде түзілген тұжырымдамалар, алынған гипотезалар, ашылған заңдылықтар, әдістер, бағыттар, көзқарастар, проблеманы айқындау моделі орындалған ғылыми істердің теориялық маңызын танытады. Ал зерттеудің практикалық маңызы жаңа ұсыныстар, нұсқаулар және т.б. дайындауға арқау болуында.

Жаңалық тиектері, теориялық және практикалық маңыздылық зерттеу типтеріне орай бір – бірімен ауысып барады, сондай – ақ жаңа білімдердің пайда болу уақытына тәуелді келеді.

Зерттеулердің негізгі кезеңдері (этаптары).

Зерттеу ізденістерінің логикасы мен қозғалысты өзгермелілігі бірнеше сатылық – эмпирикалық, гипотетикалық, эксперименталды – теориялық немесе теориялық, прогностикалық – жұмыстар орындауды қажет етеді.

Зерттеудің эмпирикалық сатысында зерттеу нысанының қызметтік бағамы алынады, шынайы оқу – білім тәжірибесі, ғылыми білімдер деңгейі мен құбылыс мәнін түсіну қажеттігі арасындағы қарама – қарсылықтар көрінеді, ғылыми проблема өрнектеледі. Эмпирикалық талдаудың басты нәтижесі – зерттеудің алғашқы тұжырымдамалары ретінде қабылданған, бірақ әлі тұтастығы тексеріліп, бекуі қажет болжамдар мен шамалаулар жүйесінен түзілетін зерттеу гипотезасынан көрінеді.

Гипотетикалық сатыдағы ізденіс жұмыстарының мәнін зерттеу объекті жөніндегі деректік болжамдар мен олардың мәнін айқындап алу қажеттігі арасындағы қарама – қарсылықтарды шешіп алу, содан соң зерттеудің эмпирикалық деңгейінен оның теориялық деңгейіне өтудің дайындық жағдайларын жасау.

Теориялық саты зерттеулерінде назарға алынған нысан жөніндегі функционалдық және гипотетикалық болжамдар мен ол туралы жүйелі шамалаулар қажеттігі арасындағы қайшылықтарды үйлестіру жұмыстары орындалады.

Теорияның белгілі қалыпқа келуі прогностикалық сатыға жол ашады, осының нәтижесінде тұтастай құрылым болып танылған зерттеу нысаны жөніндегі соңғы алынған идеялық ақпараттар мен олардың ендігі, жаңа жағдайларда даму мүмкіндіктерін көрегендікпен алдын – ала жобалау қажеттігі арасындағы текетіресті шешу талабы қойылады. Теорияның міндеті – осы сан қилы талаптардың объектив шешіміне негіз болу.



Өзін-өзі бақылауға сұрақтар:

1. Проблема ұғымының мағынасын ашыңыз.

2. Ғылыми зерттеу бағыттарын көрсетіңіз.

3.Кәсіби педагогикадағы зерттеулердің басқа салалардағы зерттеулерден ерекшелігін ашыңыз.

4. Ғылыми аппараттың құрылымын сипаттаңыз.

5. Тәжірибелік жұмыстарды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды атаңыз.



Әдебиеттер:

1. Пошаев Д.Қ. Ғылыми-педагогикалық зерттеу негіздері. Шымкент, 2003, 112б.

2. Загвязинский В.И. Исследовательская деятельность педагога.-М.,2008.

3. Асқаров, Е.С. Ғылыми зерттеулердің негіздері :оқу-әдістемелік құрал .-Алматы,2005.

4.ҚоянбаевМ.,Қоянбаева Г.Р. Педагогика әдіснамасы және педагогикалық зерттеулетін әдістері. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2007,32б.

5. Аканов Б., Карамзин Н.Основы научных исследований.- Алматы,1989-136с.

6. Новые исследования в педагогических науках Вып 2.-М.,1991.

7. Ержанова, А.Е. Философия науки.-Алматы,2008.

8. Общая и профессиональная педагогика/Под ред. В.Д. Симоновича.-М.,2005.

9. Педагогика профессионального образования/Под ред. Сластенина.-М.,2004.

12. Кринецкий Н.И. Основы научных исследований. - Киев,1991,218с.

14. Пошаев Д.Қ, Пошаев М.Д. Педагогикалық зерттеулер және ғылыми әдіснамасы.//ХХІ ғасыр бастауындағы мамандықтандырудың жалпы кәсіби дайындығының проблемалары. - Алматы, РИК, 2000, Б49-52.



Тақырып 3. Кәсіби педагогикадағы зерттеу әдістері

Негізгі ұғымдар: әдіснама, әдіс, педагогика әдіснамасы, зерттеу әдістері, эмпирикалық әдістер ғылыми танымның әдіснамасы.

Кәсіби білім беру педагогикасының әдіснамасы. Ғылыми зерттеу әдістерінің мәні және жіктелуі: педагогикалық бақылау, эксперименттік бағалау әдістері, модельдеу әдістері, сауалнама, анкета, әлеуметтік әдістер.



Әдіснама белгілі ғылымда қолданылатын танымдық құралдардың, әдістердің, тәсілдердің жиынтығы(философиялық сөздік. Москва, 1982).

Әдіснама – белгілі бір ғылыми зерттеу мақсатына жетудің негізгі жолын белгілеп, анықтайды.

Педагогика әдіснамасы – педагогикалық шындықты бейнелейтін педагогика теориясы мен құрылымы жөніндегі білімдер жүйесі, принциптері және білімдерді алудың тәсілдері, осы білімдерді алудағы және бағдарламаларды, логикасы мен әдістерін негіздеудегі, арнай педагогикалық зерттеулер сапасын бағалаудағы іс-әрекет жүйесі.

Педагогикалық зерттеулерді ұйымдастырудың әдіснамалық талаптары, педагогикалық құбылыстардың ішкі заңдылықтары мен қозғаушы күштері бірқатар ғалымдардың еңбектерінде дәлелденген: Ю.К.Бабанский, С.А.Баранов, М.А.Данилов, В.И.Журавлев, Н.В.Кузьмина, М.Н.Скаткин, И.Т.Огородников, т.б.

Әдіснаманың деңгейлері:

Бірінші деңгей – философиялық ілімдер.

Екінші деңгей – жалпы ғылымдық әдіснама (жүйелік, іс-әрекеттік тұрғыдан қарау, ғылыми зерттеулердің түрлі типтерінің сипаттамасы: зерттеудің болжамы, объектісі, пәні, мақсаты, міндеттері, т.б.).

Үшінші деңгейнақты ғылымдық әдіснама, яғни белгілі бір арнайы ғылыми пәнде қолданылатын әдістердің, принциптердің жиынтығы. Мысалы, педагогиканың өзінің әдіснамасы бар, т.б.

Ғылыми-зерттеу жұмысының түрлері:



  • конспект;

  • реферат;

  • курстық жұмыс;

  • дипломдық жұмыс;

  • ғылыми баяндама, т.б.


2. Ғылыми зерттеу әдістерінің мәні және жіктелуі: педагогикалық бақылау, эксперименттік бағалау әдістері, модельдеу әдістері, сауалнама, анкета, әлеуметтік әдістер.

Зерттеу әдістеріобъективті дүние құбылыстарының заңдылықты байланыстарын ашуға, ақиқатты танып-білуге көмектесетін зерттеу міндеттерін шешу амалдары, тәсілдері.

Зерттеу әдістері:



  • эмпирикалық әдістер: бақылау, эксперименттік бағалау, сауалнама, сұхбат (интервью), анкета, іс-тәжірибелерді зерттеу, құжаттарды зерделеу;

  • теориялық әдістер: модельдеу әдісі, әдебиет көздерін зерттеу, статистикалық әдістер.

Педагогика ғылымында  педагогикалық зерттеу әдістерінің  жүйесінің көлемі кең. Таным процесінде белгілі бір, нақты ғылымдарды зерттеудің жекелеген, арнайы әдістері бар. Нақты ғылымдардың әдістерімен қатар жалпы ғылыми сипаттағы әдістер де кездеседі, олар барлық дерлік ғылымдарда қолданылады: байқап-бақылау, теңеу, анализ және синтез, эксперимент, абстрактіден нақтыға қарай өрлеу, индукция мен дедукция; бұлардың әрқайсысы жеке ғылымдарда нақтылана түседі. Сонымен қатар, ғылыми әдістер ғылыми танымның эмпирикалық және теориялық әдістері болып екіге бөлінеді.

Зерттеу әдісі дегеніміз - күрделі таным тәртіптері, ал олар болса зерттеудің таным операцияларының іске асуының белгілі бір тәртібін белгілейтін әр түрлі әдіс-тәсілдердің жиынтығынан тұрады. Зерттеу әдістері педогогикалық ғылым дамуының басты құрамды бөлігі болып табылады. Педогогикалық ғылым мен тұтас педогогикалық білімнің дамуы педогогикалық зерттеу әдістерінің даму деңгейіне байланысты. Ғылыми нәтижелердің анықтығы алғашқы ақпараттарды алудың жолдары мен тәсілдеріне және зерттеу әдістерінің сенімділігіне байланысты. Кез-келген педогогикалық зерттеу белгілі бір ғылыми білімдерді дәлелдеу емес, ол-жаңа білімдерді табу процесі. Ол адамның зерттеу объектісі, заттары мен құбылысытарының мәнін ашуға бағыталған жан-жақты танымдық іс-әрекеттің бір түрі.

Педогогикада зерттеудің үш деңгейі бар: эмпирикалық, теориялық, әдіснамалық. Эксперименталды-эмпирикалық деңгей әдістерінің тұтас бір тобы бар:

- Бақылау;

- Интервью;

- педагогикалық эксперимент;

- Сұрақ – жауап әдістері: әңгіме – сұхбат, сауалнама,

       - Мұғалімдердің, жаңашыл-педагогтардың тәжірибесін зерттеу;           - Оқушылардың жазбаша, графикалық және шығармашылық жұмыстарын зерттеу;



- Педогогикалық құжаттарды зерттеу.

 Бақылау заттар мен құбылыстарды мақсатты байқау, мағлұматтарды іріктеп жинау, көзбен көргенді сезім мүшелерімен қабылдау және санада бұл ақпаратқа талдау жасау; зерттеу объектісінің сыртқы жақтары, қасиеттері мен белгілері туралы мәлімет алу. Бақылауды жүзеге асыру үшін  зерттеу объектісі, бақылап-зерттеу шарттары, сондай-ақ бақылап-зерттеу құралдары – видеоаспаптар, аспан-құралдар мен өлшеу құрал-саймандары анықталыну керек.

Зерттеу барысындағы бақылап-зерттеу түрлері:

тікелей бақылау - мұғалім-зерттеуші оқу-тәрбие жұмысының тікелей басшысы; сонымен қатар ол тікелей куәгер бола тұра бейтарап адам; мұғалім зерттеу мүшесі ретінде зерттеушілер тобына кіргізілуі. Оның рөліне байланысты эмпирикалық фактілерді жинақтаудың техникасы мен әдісі таңдалып алынады;

жанама бақылау - ол тікелей бақылап-зерттеуді толықтырады және ол зерттеушімен бірге және оның бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін өкілдер арқылы жүзеге асады. Зерттеуші біреу туралы немесе бір нәрсе туралы жанама деректер алады;

жасырын немесе елеусіз бақылау - тұйық теледидар желісі және сынып бөлмелерінде телекамералары бар мектептерде жүргізіледі. Сабақты жасырын бақылап зерттеу оқушылардың танымдық іс-әрекетінің және мұғаліммен ара қатынасы туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді. Жасырын бақылап-зерттеу зерттеушіге құнды мәліметтер береді, егер оқушылар өздерін бақылап отырғанын көрсе өздерін басқаша ұстайды. Оқушылар мен мұғалімдердің бір бірімен оңаша кезіндегі мінез-құлқы оларды бөтен біреулер бақылап отырған кездегі мінез-құлқынан әлдеқайда өзгеше болады;

үздіксіз бақылау оқыту процесін, екі-үш оқушыны сабақтағы, ойындағы, сыныптан тыс, мектептен тыс-оқу-тәрбие процесі физикалық  қолайлы уақыттағы мінез-құлқын зерттеу үшін қолданылады;

дискретті (үзік-үзік) бақылау - объектіні ұзақ уақыт бақылайтын кезде қолданылады. Бақылып-зерттеу ұзақ уақытқа созылуы мүмкін – жарты жыл немесе бір жыл. Бақылап-зерттеу белгілі бір уақытта үзіліп, кейін қайтадан жалғастырылады;

монографиялық бақылау - бір адамды немесе бір затты бақылау кезінде қолданылады;

бір бағытты бақылау -  жалпы тұтастықтан бақылап-зерттеу мақсатына сай бір құбылысты немесе деректі бақылау кезінде қолданылады;

бақылау - көп деректер арасынан зерттеуші өзіне керек деректер мен құбылыстарды іздеген кезде қолданылады. Мұндай бақылап-зерттеу үшін біршама уақыт пен зерттеушінің аналитикалық жұмыс жасауы қажет.

Педагогикалық эксперимент танымның эмпирикалық деңгейіндегі зерттеудің негізгі әдісі болып табылады, ол құбылыстардың өту барысының нақты тіркелген жағдайларын зерттеуге бағытталған. Эксперимент ғылыми зерттеудің теориялық және эмпирикалық деңгейлері арасындағы байланыстырушы буын болып табылады. Оның мақсаты ғылыми теория немесе болжамды растау немесе жоққа шығару, сондай-ақ эмпирикалық заңдылықтардың мәніне жету мен  қалыптастыру.

Педагогикада эксперименттің бірнеше түрі бар: қалыпты, оқыту мен тәрбиенің күнделікті жағдайларында жүзеге асады; лабороториялық - оқушылардың белгілі бір топтарын бөлу арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, эксперименттің белгілеп-анықтайтын түрі бар, ол зерттеу объектісінің педогогикалық жүйесінің бастапқы күйін белгілеп, көрсетеді; қалыптастырушы түрі – зерттеу объектісін қайта құруға бағытталған.

Эксперимент жаңа зерттеу материалына қол жеткізуге бағытталған. Ол тәжірибе арқылы теориялық болжамдарды тексеріп,  болжамдарды растауы немесе жоққа шығаруы мүмкін. Эксперименттік жұмыстың жоспары, мақсаты болуы қажет, эксперимент түрі таңдалып, оның мүмкін нәтижелері де ойластырылуы қажет.



Сұрақ-жауап әдістері. Олардың ерекшелігі педагогикалық жағдайлардың элементтерінің объективті қасиеттерімен қоса, өзара байланысты «субъект – субъект» жүйесінің қасиеттері танытып, есепке алуға мүмкіндік жасайды.

Сұрақ-жауап әдісінің мынандай түрлері бар:



- интервью. Бұл ұйымдастырылу мен мазмұны жағынан еркін диалог, әңгімелесушілер арасында бейресми және еркін қатынастар орын алады. Интервью алдын-ала дайындалуы мүмкін, зерттеуші оның жоспарын құрып, өзіне қажет мәселелерді бөліп алады, әңгіме-сұқбатты тіркейтін құралдарды дайындайды (бейне таспа, аудио таспа, стенография), бұлар көбінесе әңгімелесушіні ашық әңгімеге тартуға кедергі жасауы мүмкін. Зерттеушінің кәсіби білімі және үлкен сыпайылық сезімі болуы қажет, сол арқылы ғана ол әңгімелесушіні ашық әңгімеге тарта алады.

Интервью әңгімелесушілердің әртүрлі шеңберлерінде жүргізіледі (мектеп директоры, оның орынбасарлары, ата-аналар, оқушылар, білім-берудің әртүрлі деңгейдегі басшылары). Олардың білім беру саласының жағдайы мен ондағы өзгерістерге кәсіби баға беруі басқа әдістер арқылы алынған ақпараттарға маңызды қосымша болып табылады.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет