3 І тарау. ҚҰҚЫҚ БҰзатын жасөспірімдердің мінез-қҰЛҚын теориялық талдау



бет2/5
Дата03.04.2020
өлшемі0,65 Mb.
#61534
1   2   3   4   5
Байланысты:
Дипломдық жұмыс




1.2 Жасөспірімдердің қоғамдық құқық бұзуының себептері және оған әсер ететін жағдайлар
Жасөспірім кезеңі – балалық шақтан ересектікке өткір өтетін, үнемі қиын, критикалық қақтығыстық деп сипатталатын адам онтогенезінің күрделі периоды.

Л. Ф. Обухова психологиялық зерттеулерінде жасөспірім тұлғасының ерекшелігі психологиялық жаңа құрылымдардың түп тамыры, жеткіншек жаста қалыптасып қойған туындысы болып табылады. Өзіндік жеке тұлғасына деген қызығушылықтың күшейуі, сыншылдықтың көрінуі – бұлардың барлығы ерте жеткіншек жаста сақталады, бірақ, олар мәнді өзгерістерге ұшырап, саналы түрде бейнеленеді. Ең негізгі мәнді өзгеріс тұлғаның өзіндік дамуында болады. Оның айрықша ерекшелігі болып, өзіндік рефлексиясының күштілігі табылады [24].

Қазіргі заманда жасөспірім психодинамикалық теорияның басталуы өкілі танымал американ психологы Э. Эриксон философия-методологиялық ұстамын Фрейдтік психоанализ дамуының жалғасын жасаған. З. Фрейд ойынша дамудың ең негізгі қозғалыс күші тұлғаның биологиялық жыныстың қызығушылығы (либидо) дәлірек айтқанда психосексуалды қақтығыстың тууы.

Өтпелі кезеңнің психологиялық ерекшеліктері мінез-құлық модельдерін анықтайды. Кіші жасөспірімдік кезеңде балаларға тән мінез-құлықтың жағдайлық бұзылуы кездеседі. Ол психикалық инфантилизм құбылысы және мидың резидуалды-органикалық бұзылуы тән жасөспірімдерге де қатысты. Мінез-құлықтың арнайы және жасөспірімдік формалары бөлінеді.

Адам өмірінде өзгермелі кезеңдері болады. Соның бірі, ең бастысы мен ауыр болып келетіні – ересектік кезеңі. Бұл уақытта адам 13-17 жаста аралығында болады, бала емес, бірақ әлі ересек адам болмайды. Бұл жас-«қоғамдық импритинг» кезеңі – барлық нәрселер адамдарға ерекше әсерлі болып келеді. Бұл адамға есеюге мүмкіндік береді. Жасөспірімдердің қылмысы деген термин, жасөспірімдердің заңды бұзуына қатысты іс-әрекеттер жасауы дегенді білдіреді. Бұл терминді, ересек адамдар жасаған қылмыстан бөліп алып қарастыру, олармен салыстыру үшін енгізген. Қылмыс жасаған жасөспірімдерді, арнайы сотта, арнайы судья соттап, әрқашан жеңілірек үкім шығаруға тырысады.

М. И. Еникеев сипаттамасы бойынша жасөпірімге заңды бұзған көптеген қылмысты артуға болады. Олар, сабақтан қашу, бармаудан бастап - адам өліміне дейінгі қылмыстар.

Бұл жасында жасөспірімдердің бойында кездестін келесідей мінездер тән:

1. Қарсыластық реакциясы.

Жасөспірімнің іс-әрекетіне, тәртібіне үлкендер тарапынан шек қоюына қарсылықты білдіреді. Бұл іс-әрекеттер ­– үйден қашумен, шулы серуендермен сипатталады.

2. Имитация реакциясы.

Нақты образға, жеке дамға еліктеу. Кейде бұл белгілі “кейіпкер” болуы мүмкін. Мысалы, жасөспірімдерге “қылмыскер-суперменнің ”үлкен ықпалды екені белгілі. Соңғы кездегі детективті әдебиеттер кейіпкерлерге еліктеу жасөспірімдердің өзін-өзі бағалауына кері әсерін тигізеді.

3. Компенсация реакциясы.

Бір саладағы сәтсіздік енді бір салада дұрыс берілуі. (Мысалы, мектепте сәтсіздік болса, «батыл» іс-әректтермен орын толтыру).

4. Гиперкомпенсация реакциясы.

Жасөспірімге қиын түсетін салада табандылықпен талпынып, жетістіктерге жетуге тырысу. Көбінде өз-өзіне сенімсіз, ұялшақ жасөспірім, ерекше спорт түрлерін таңдайды (Мысалы, бокс, карате, т. б. ).

5. Топтасу реакциясы.

Бірдей жастағы жасөспірімдердің топтасауы. Жасөспірімдік топтар, ортақ мақсаттылығымен, жинақылықтармен, ортақ бағыттылықтармен ерекшеленеді [25].

Жасөспірімдердің арасында қылмыстың көптеп таралуы зерттеушілердің көңілін алаңдатып отыр. Бұл қылмыстың таралуының себептерін анықтау мақсатында арнайы зерттеу жұмысын жүргізуге итермеледі. Негізгі себептерін үлкен үш топқа бөлуге болады:



- Социологиялық фактор: Қоғам және мәдениет құрылымдарына байланысты.

- Психологиялық фактор бойынша: Белгілі адамның мінезінің ерекшелігімен қарым-қатынас ерекшелігіне байланысты.

- Биологиялық фактор: Физикалық және органикалык элементтерінің әсерінен.

- Социологиялық фактор: Қылмысқа әсер ететін, социологиялық факторлардың ішінде, зерттеу нәтижесінде, келесі себептер көп кездескен:

- Төменгі экономикалық – қоғамдық статус;

- Мәдениеттегі зорлық және бұқаралық ақпарат құралдары;

- Алкоголь және наркотикалық заттар;

- Құрдастарының әсері;

- Отбасындағы психологиялық және атмосфералық жағдай [26].

Төменгі экономикалық-қоғамдық деңгей және кедейшілік әсер етеді. Көбінде қылмысқа, жұмыс және білім алатын жағдайлары жоқ, өз өміріндегі жағдайларға көңілі толмайтындар барады. Сонымен қатар қылмысты жоғарғы өкілдердің (бизнесмен, бай адамдардың) балалары жасайды. Себебі, олар материалды жағдайдан қиыншылық көрмейді. Тек орташа тұратындардың жасөспірім балалары қылмысқа сирек барады. Бай өкілдердің балаларын көбінде айып төлеп босатса, кедей балалардың ата-аналары айып төлеп, шығара алмағандықтан, олады тұтқынға алып жазалайды.

Байлық, мәдени құндылықтар, өмір стилі:

Қазіргі жасөспірімдердің көбінде автокөлігі, қалталы ақшасы болады. Яғни, осы ақшаға жасөспірім шылым,алкоголь,наркотикалық заттар сатып алуына мүмкіндігі бар. Олардың өмірі біршама белсенді өтеді – кездесулер; ойын-сауық, би кештері; рок-концерттер; достарымен көкке, табиғатқа барады. Бірақ, бұлардың көбі кешке, түнде болып тұрады. Бұл кезде көшеде көп адам кездеспегендіктен, оларды бақылаушылар аз болғандықтан, жеткіншектер бұзақылық жасап, кейде ойын-сауық үшін қылмыс жасауға шейін барады.

Жасөспірімнің жан дүниесі нәзік,сезімтал болып келеді. Үлкендердің айтқан сөздерін, іс-әрекеттерін, бұқаралық ақпарат құралдарынан (теледидар, газет, журналдардан т.б.) көргенінің барлығын тез қабылдап, шындық көреді. Міне, сондықтан да лас ақпарат көздері мен телехабарларда үнемі беріліп отыратын қылмыс хроникасындағы жағымсыз мәлеметтер жастардың нәзік көңіліне, жан дүниесіне қатыгездікпен жүгенсіздік ұрығын себуде. Ақпарат құралдары қатігез қылмыскердің іс-әрекетінің егжей - тегжейін жазып, жасөспірімдерге сабақ болар десе, кейбір жасөспірімдер, осы қылмысты жасаған қылмыскер қандай сезімде болды екен деп, сол қылмысты қайталайтыны кездесіп жатады.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары, қандай-да бір қылмыс түріне қатыстықтары болмаса да, айғай – шулы әрекеттерімен түнгі тыныштықты бұзатындары үшін үлкендерді жиі дүркілендіретін ”хипперлер”, “металистер”, “мотоциклистер” сияқты бейресми топтардың жағымсыз қылықтары баспа сөз беттерінде әртүрлі пікірталастарын туғызып, олар туралы белгілі бір қоғамдық пікірді қалыптастырып жататын. Яғни, жағымсыз қылықтарына жасөспірімдердің тәртібі, мінез-құлқы, тұлға ретінде қалыптасу мәселелері көпшілікті ойландыратын. Көп болып, олардың жаман жолға салынып кетпеуіне ат салысатын [27].

Қылмысты ішімдік және наркотикалық заттар әсерінен жасайтындар көптеп кездестіндіктен, арнайы зерттеу жұмысын жүргізген. Олардың біреуінің нәтижесі бойынша, егер жасөспірім бұрын тұтқынға алынса, наркоман адамдармен қарым-қатнаста болса, қылмысты ішімдік, есірткі ықпалын жасайды. Яғни, есірткі қабылдау мен қылмыстық іс-әрекеттер бір-бірімен тығыз байланыста болады.

Құрбы-құрдастарының әсері. Жасөспірімдерді заң бұзуға, қылмыс жолына итермелейтін фактордың бірі. Заң бұзу мен есірткі қабылдау кезінде, жасөспірімнің антиқоғамдық тәрбиесімен құрдастарының арасында тығыз байланыс байқалады. Социализациялану үрдісі кезінде жеткіншектер арасында қылмыстық іс-әректке даярлану басталады. Жеткіншектерге құрбы – құрдастарының айтқан ойы, әсері үлкен, себебі бұл кезде олар бір-біріне еліктегіш болып келеді.

Әсер етуші келесі фактор – тұрғылықты специфика әсері. Арнайы территорияларда, белгілі бір аудандарда, қылмыскерлердің деңгейі ерекше жоғары болады. Бірақ сол жерде өскен жасөспірімдердің барлығы қылмыскер болмаса да, бұл жердегі жас балалардың заңды бұзу, қылмыс жасау пайызы басқа аудандарға қарағанда бірнеше есе жоғары болады.

Жасөспірімдер қазіргі кезеңде тез өзгермелі мәдениетте, хаос және тұрақсыз, құбылмалы ортада өмір сүреді. Мұның өзі қылмыстың жоғарылауына әсер етеді. Бұрынғы баға жетпес құндылықтар күмәндану, сенімсіздік сезімдерін тудыра бастады. Мысалы, отбасы ертеректе, сенімді, қауіпсіз ошақ болса, қазіргі кезде, жанұядағы келіспеушілік, түсініспеушілік әсерінен үлкен мәселелерге (өз-өзіне қол жұмсау, қылмысқа бару, т.б.), итермелуші себептерінің біріне айналып отыр. Көптеген экономикалық – саяси мәселелердің пайда болуы, сенімсіздіктің тууына, көптеген наразылықтарға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Мектептегі үлгерім заң бұзуға, қылмыс жасауға итермелейтін фактордың бірі болып табылады. Данхем және Алперт мектепті тастап кеткен жүз отыз жеті жасөспірімді зерттей келе, мектепті тастаудың он төрт себебін көрсеткен. Бұларға, мектептегі баланың тәртібінің нашарлығы, оқуға деген ынтаның болмауы, сынаптастарының кері әсері және ата-анасымен қарым-қатынасының нашарлығы, түсініспеушіліктің болуы, мектептегі жетістіктерінің төмендігі, нашар бағалар, сыныптағы тәртібінің жамандығы,мектеп программасын алып жүре алмауы, мұғалімдермен және ата-анасымен ортақ тіл табыса алмауы - бұның барлығы осындай оқушылардың қылмысқа, заң бұзушылығына итермелейтін факторлар. Бұлар оқушылардың психикасына кері әсер етеді. Осы кезде бұл жасөспірімдерді “тыныштық бұзушылар” болып табылады. Мұғалімдер мен әкімшіліктің кері әсері, жасөспірімнің жаман тәрбиесін әрі қарай шиеленістере түсіп, жеткіншектің сабақ босатуының жиіленуіне, алкоголь мен есірткінің қабылдауына итермелейді.

Жасөспірімнің тұлға ретінде дамуына, қоғамда жүруіне – жанұядағы психологиялық жағдай және атмосфераның әсері үлкен. Ажырасқан отбасылардағы жанұя мүшелерінің бір-бірімен аддекватты емес қарым-қатынаста болуы жасөспірімді қылмыс жолына итермелейді.

Қылмыстың психологиялық факторы:

Қылмыс жасауға итермелейтін себептердің бірі – ажырасқан отбасылардың көптеп кездесуі. Яғни, осындай жанұядан шыққан жасөспірімдердің қылмысы. Бірақ айырылыспай әрқашан ұрсыс-керісте болатын жанұя жасөспірімдеріде қылмыс жасауға жақын болып келеді. Сондықтан, басты болып, жанұядағы атмосфера болып табылады. Жасөспірімдер ата-анасының қамқорлығы мен қадағалауынан тыс қалады. Көп жағдайда екі түрлі жынысты жасөспірімдер анасына жақын болып келеді. Бірақ, әкесі жағынан жақындықтын аз болуынан қылмыстық іс-әрекетке барады, әсіресе ұл балалар. Бұл мәселеге байланысты жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, сексуалды қылмыс жасаған жасөспірімдердің отбасы тату емес, аралары ыстық болмағанын көрсеткен.

Сонымен қатар ата-анасының тәрбиелеу моделі де өз ықпалын тигізеді. Мысалы, әке-шешесі бір-бірімен ұрсысып, қарсыласып жүрген отбасынан екі жасөспірім қыз балалар өздерінің агрессивтілігмен және салмақсыздығымен өз құрдастарынан ерекшеленген. Қыздар өз ата-анасының іс-әрекетін қайталаған [28].

Сонымен қатар, қылмыс жасауға тұлғалық факторларда әсер ете ала ма деген сұраққа жауап іздеген. Арнайы жүргізілген зерттеу бойынша қылмыс жасағандар:өздеріне сенімді, құқық қорғау органдарына ұнатпаушылықпен қарау, тез ренжігіштігімен, өзін басқара алмаушылығымен, жаушылық қаситтерімен ерекшеленген. Алайда, кейбіреулерінде, өзі туралы бағасының төмен болуы, өзін жек көру сияқты қасиеттері кездеседі. Осындай адамдар тобы өз істеген іс-әрекетін мойындамай, барлығын қоршаған орта мен адамдардан көріп, кінәлайды. Кей жағдайда заң бұзу невроз симптомы, қорқыныш, мазасыздық жемісі болып келуі мүмкін. Сондай-ақ әртүрлі формадағы және деңгейдегі психопотологиядан зардап шегеді. Кейбіреулері жүйке бұзылуымен ауырады, оны психиаторлар “іс-әрекетіндегі салмақсыздық“ деп атайды.

Зерттеу нәтижесіндегі себептердің бірі – балалық шағынан бастап қамқорлық, мейірімділіктің жетіспеушілігі. Кей жағдайларда заң бұзушылық іс-әрекетке эмоционалды жағынан сау балалар; тек кері, қате тәрбиеленгендер баратыны да кездеседі.

Қылмыстың биологиялық факторы:

Қылмыстардың көбі сыртқы себеп бойынша жасалады. Бірақ, кей жағдайлар да органикалық және биологиялық факторлары тікелей және жанама әсер етуі кездеседі. Мысалы, қылмыс жасаған жасөспірімдер арасында бас миының маңдай жазығының дамымай артта қалуы жиі кездесетінін көрсеткен. Бұның өзі нейрофизиологиялық бұзылыстарына, өз іс-әрекетіне жауап бермеуіне әкеледі. Бірақ, бұл танымдық процестің бұзылуы дегенді білдірмейді, тек бұндай жасөспірім өзіндегі білімді пайдаланып қана іс-әрекет жасай алмайтындығын білдіреді.

Биологиялық фактордың қылмыс жасауға қандай рөлі бар екенін зерттей келе, ұрпақтан ұрпаққа берілуі мүмкін екендігін анықтаған. Сондықтан, жанұяның комплексті әсері өзіне қоршаған орта факторымен гентикалық факторды қоса көрсетеді.

Заң бұзушы адамның анатомия-жүйелік жүйенің бұзылысы заң қызметкерлеріне қарағанда ақырын қалпына келеді. Сондықтан да жазалаудан кейін өз тәрбиелерін өзгерте алмайды [29].

Н. Ф. Кудряцева, В. Е. Эминова еңбектерінде бұл себеп, біз білетіндей әрбір адамда өзіне тән темпераменті болады. Сондықтан да бұл кейбір жағдайда тұқым қуалаушылық фактор және де бала туа сала жаман тәрбиеге жақын болуы мүмкін. Егер бұны ата-анасы қалай жеңуді білмесе, жөндемесе, жасөспірімдік кезеңде әртүрлі психикалық бұзылыстарға ұшырауы мүмкін.

Шеппард көзқарасы бойынша органикалық себептер әр қылмыскердің 25% құрайды. Мысалы, ол 10-15 жасар қыз бала туралы айтады. Ол инсулиннің жетіспеушілігінен зардап шеккен, яғни қанының құрамында қанттың мөлшері өте аз болған. Жасөспірім құбылмалы көңіл күйімен, импульсивтілігімен, агрессивтілігімен ерекшеленген. Дұрыс емделу мен диета толық емделуге мүмкіндік берді. Ол басқа да адамдар туралы әңгімелеген. Мысалы, заң бұзушылар кереңдікмен, көзі дұрыс көрмеушіліктен зардап шеккендер. Органикалық себептер сонымен қатар босануға дейінгі және кейінгі асқынулардан болуы мүмкін.

Зерттеу сауалнама, сұхбат, салыстырмалы талдаулар сияқты тәсілдерді қолданды. Бұл зерттеулердің статистикалық мәнділіктеріне сүйенсек Қазақстанның оңтүстік аймағында заң бұзушы жасөспірімдер 1,5 ұрлықты наркотикалық зат әсерінен істеген. Барлық ұрлықты 2/3 топталып жасалған. Барлық тартылған жас қылмыстың 30,6% бір рет ұрлық жасап жауапқа тартылса, қалғандары, яғни 1/3-і бұрын бірнеше рет қылмыс жасап, жазаларын өтеп үлгергендер болып келеді. Егер бір аптаның ішінде 3-4 ұрлық жасалса, оның 17% жасөспірімдер. Ал, үш айда он ұрлық жасалса, оның 20,7% жасөспірімдер үлесінде. Жасөспірімдерден тұратын қылмыстық топтардың көбеюі барлық Дүние жүзі адамдарын алаңдатуда. Ақпараттар жүйесінде біз жиі-жиі қатаңдықпен жасөспірімдер топтарының адамды өлтіруі туралы оқимыз [30].

Х. С. Жадбаев бойынша бұл топтардың өкілдері болып 16-17 жасар ұл балалалар саналады. Бұл балалалардың осы топтарға енуіне бірнеше себептері бар. Мысалы, жолдастарына деген еліктеушілік, қорғаныш іздеумен, гереосексуалды және ерекше сезімдерді сезіну мақсатында. Жасөспірімдердің қылмыстық топтарына кіруіне итермелейтін себептерінің бірі – жанұядағы түсініспеушілік мәселесі. Егер жасөспірімдер өздерінің эмоционалды және жанұядағы социалды қажеттіліктерін қанағаттандыра алмаса, ол қылмыстық топтардың құрамына еніп, өзін сол жерден табуға тырысады. Қылмыстық топқа енген соң, жасөспірім жалғыз өзі жүрсе ешқашан қолы бармайтын қылмыстарды жасайды. Бұл топтар барлық қоғамға қорқыныш, қауіп тудырып отыр [31].

Алдын алу үшін жасалатын шаралар:

- Жасөспірімді қоғам жағынан қадағалау қажет. Отбасы жасөспірімдік қылмыстың алдын алуға мүмкіндік беретінін естен шығармау қажет. Себебі, көбінде жанұя қоғамдық қадағалауды жүзеге асырады. Қадағалаудың екі түрі бар. Біріншісі, тікелей қадағалау – бұл сыртқы болып табылады, оған шектеулер және жазалаулар жатады. Ата - аналары баланың уақытында сабақтан келуін, жолдастарымен қарым-қатынасқа түсетін кіші топтарды қадағалап, тексеруі жатады. Сонымен қоса уақытында баланы жазалап, көмектеседі. Екінші түрі, көмекші қадағалау – бұл сыйластық және махаббат. Жасөспірім ата- анасына және басқа да адамдарға осы сезімдерді сезінеді. Олардың тәрбиесі мен іс-әрекетін махаббат басқарады. Ата-анасына және басқа адамдарға махаббат, сыйластықпен қараған бала көп жағдайда қылмысқа бармайды. Себебі, жасөспірімдерге үміт артып,сенетін адамдарды ренжітіп, көңілін қалдырғысы келмейді.

- Жасөспірімдердің көбі, зерттеу жүргізгенде жасалатын қылмыс үшін қандай жазалар өтейтінін білмегендігін айтады. Сондықтан, жасөспірімдерге қылмыс жазалары туралы семинарлар жүргізу керек.

- Жасөспірімдер сабақтан тыс өте көп уақыттары бар. Сондықтан қазіргі кездегі “дворлық клубтарды” әрі қарай дамыту керек. Бос уақытын босқа жібермей спортпен шұғылданып, пайдалы іс- әрекеттермен айналысу керек.

Құқық бұзуға бейім мінез-құлыққа әсер ететін келеңсіз әлеуметтік жағдайларды экономикалық, саяси, идеологиялық, мәдени-тәрбие салаларында, сондай-ақ әлеуметтік қатынастар саласында көруге болады. Мысалы, экономика саласында ол: жұмыссыздық, дағдарыс, өндіру мен тұтыну арасындағы қайшылық, еңбек түрлері, нысандары және жағдайлары арасындағы айырмашылықтар, материалдық қамтамасыз ету деңгейінің әртүрлілігі және т.б. 
Әлеуметтік қатынастар саласында: отбасы табыстарының әртүрлілігі; ең төменгі күнкөріс мөлшерінің аздығы; жастардың қоғамдық еңбекке толық қамтылмауы; әртүрлі елді мекендердегі (қала-ауыл, орталық-шалғай) тұрмыс жағдайының бірдей еместігі және т.б. 
Идеологиялық салада: білім беру және тәрбиені ұйымдастыру жұмыстарындағы қайшылықтар; қоғамдық сана мен жеке адам санасы арасындағы қайшылықтар; қоғам мүшелерінде өнеге деңгейінің төмендігі; әртүрлі діндер арасындағы алшақтық және т.б. 
Мәдени-тәрбие саласында: білімділіктің, ғылымның, кәсіби іскерліктің беделінің түсуі; құндылық бағдарының өзгеруі; мемлекеттен қолдау таппаған мәдениеттің, ғылымның, өнердің коммерциялануы; қылмыстық әрекетке, маскүнемдікке, нашақорлыққа, жезөкшелікке тарту, кейде оларға жағдай тудыру; қасақана қылмыс үшін жауапқа тартылуды, соттылықты ұятқа санамау және т.б. 
Осы аталғандарға орай бүгінгі жағдайға автор бүгінгі жағдайға тоқтала келе, елдің экономикалық жағдайының жалпы нашарлауы, нәтижесінде соңғы кездері әлеуметтік және экономикалық сипаттағы келеңсіз процестер орын алды, әлеуметтік институт болып табылатын отбасының керегесі босады, балалардың өмірі мен денсаулығына дұрыс қамқорлық болмағандығы, реформа кезінде Қазақстан халқының өмір деңгейі 30%-қа төмендеді (бұрын да онша жоғары емес еді), табысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен аз отбасылар саны көбейді. Қазіргі кезде балалардың 10%-на жуығы кедей отбасыларында тұратындығы айтылады. Бұл мән-жайлар жасөспірімдердің мінез-құлқының дұрыс қалыптаспауына, ақыл-естерінің ауытқуларының пайда болуына әсер етіп отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне қарасақ, 2012 жылдың өзінде жүйке-психикалық ауру балалардың саны артып, 45% құраған болса, қазірде көрсеткіш жоғары. Ал, экономикалық жағдайдың нашарлауынан отбасыларына әлеуметтік қызмет көрсетудің көлемі ұдайы азаюда. Төлемақының көтерілуінен ондай қызмет көрсетуді пайдалану қиынға түсті. Жұпыны отбасыларының балалары (олар көпшілік) өздері қызығатын клубтарға, спорт секцияларына бару, сауықтыру лагерьлерінде демалу, сауықтыру орындарында емделу мүмкіндігінен айырылды. Нәтижесінде олардың қолы бос уақыты қылмыстық сипат ала бастады, тіптен, криминологиялық әдебиетте «бос уақыттағы қылмыстылық» термині пайда болды.

Криминологиялық зерттеулерге сүйенсек, барлық «бос уақыттағы» құқық бұзушылықтың 80%-нан астамы 16 сағат пен 24 сағат аралығында жасалады екен. Ата-ананың әлеуметтік қауқарсыздығы, әдепсіз өмір салты, маскүнемдік, әсіресе әйелдердің ішімдікке салынуы балалардың қауіпті ортаға түсу мүмкіндігін арттырды. Соттар жылына ата-ана құқығынан айыру туралы 23 мыңдай іс қарайды екен. Қамқоршы органдарға да соншалық іс түседі. Қазақстан Республикасы ІІМ есебіне жүгінсек, соңғы 6 жыл көлемінде Республика аумағында қылмыстың 42%-ын жасөспірімдер жасап отыр. Отбасыларында, сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелерде, оқу орындарында, балалар үйлері мен интернаттарда, жабық арнайы оқу-тәрбиелеу мекемелерінде балаларға қатыгездік көрсету, ар-намысын таптау, психикалық және тәндік зорлық-зомбылық жасау жиі кездеседі (барлық балалар жарақатының 70%-ы отбасында, тұрмыста болған). Қатыгездікке шыдай алмай жылына 2 мыңдай бала өзіне өзі қол жұмсаған, 30 мыңға жуығы өз үйінен, 6 мыңдайы балалар үйінен және мектеп-интернаттардан кетіп қалады. Шамамен 5-7 мың жасөспірім қылмыстық озбырлықтың құрбанына айналады. Ішкі істер органдары жыл сайын 5 мыңнан аса балаға іздеу жариялайды. Балалардың жүріс-тұрысын ата-аналардың бақыламауы, оларды өз бетімен жіберуі, нені қызықтайтынын, қалай оқитындығын білмеу және т.б. немқұрайдылық педагогика тұрғысынан алғанда «қиын» баланың қалыптасуына жағдай тудырады, ол алғашында ұсақтан бастап (карта ойнау, ішімдіктің, есірткінің дәмін тату, ұрлық және т.б.), кейін елеулі құқық бұзушылыққа барады. Ішкі істер органдарының әсіресе, бұрын жастар арасындағы қылмыстылықтың алдын алу міндеті жүктелген бөлімшелердің жұмысындағы кемшіліктер мен қателіктер. Бұл, ең алдымен, ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшелердің құқық бұзушы жасөспірімдерді, қолайсыз отбасыларын дер кезінде анықтау жұмыстарын ұйымдастырудағы кемшіліктер; криминалдық полицияның жедел тобының кәмелетке толмағандардың қылмыстарын тез ашып, жастардың қылмыстық тобын ыдырату жөніндегі жұмысында орын алып отырған кемшіліктер; кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығын ерте бастан болдырмауға бағытталған іс-шараларды жоспарлаудағы кемшіліктер; ішкі істер органдарының мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара байланысының нашарлығы. Беделі бар қылмыскерлерге еліктеу, солардай болуға ұмтылу, олардың өмір салтына қызығу кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына қалайда теріс ықпалын тигізетіндіндігі жұмыста ашық айтылады [32]. 


Сонымен қатар, статистика бойынша кәмелетке толмағандар арасында қылмыс ауылды жерге қарағанда қалалық жерлерде 2 есе көп жасалынады екендігі, оған мынадай жағдайлар әсер ететіндігі көрсетілген: 1) отбасындағы байланыстың нашарлауы, күнұзақ жұмыста болғандықтан ата-аналардың баланың жүріс-тұрысын бақылай алмауы; 2) қылмыстық элементтердің қалаларда шоғырлануы, ал олардың бір мақсаты – жастарды қылмыстық әрекетке тарту; 3) қалаларда мінез-құлқы қоғамға жат адамдардың өзара байланысу, топқа бірігу мүмкіндіктері зор; 4) кәмелетке толмағандардың ересектердің көзінен таса жерде уақыт өткізуге мүмкіндік табуы; 5) тұрған жерді тез ауыстырып, сол қала аумағында басқа жерге оңай жинала салу мүмкіндігі; 6) тұрған жері мен бос уақытын өткізетін жер аралығының алшақтығы, мұндай жағдай әсіресе отбасылар бір жерден екінші орынға жаппай көшкенде болады, балалар бос уақытын бұрынғы тұрған жерде өткізуге ұмтылады; 7) қалада материалдық қаражатты қылмыстық жолмен табу оңай; 8) қалада жастарды өзіне тартатын «бұзылған» жерлер жеткілікті; 9) ауыл жастары сияқты табиғатқа жақын емес, оларда мейірімділік, басқаларды аяушылық сезімі жақсы қалыптаспайды; 10) ауылдағы сияқты емес, төңірегіндегілердің пікірімен онша санаспайды; 11) ауылға қарағанда қалада кәмелетке толмағандардың бос уақытты өткізуі көп шығынды керек етеді және жастарға арналған демалу орындарының болмауы құқыққа қарсы мінез-құлықтың асқындауына алып келеді. 
Осыған байланысты, бүгінгі таңда елімізде әлеуметтік жағдайды арттыру басты мақсат екендігі, қоғам өміріндегі келеңсіз әлеуметтік мән-жайлар мен адамның жеке басының әлеуметтік жағдайы (жұмыссыздық, кедейшілік және т.б.) психикаға тікелей әсер етеді (ашу, ыза, кек пайда болады). Бұл нақты мән-жайлар адамға теріс ықпал еткенмен, қылмысқа себеп болмайтындығы, сондықтан, кез-келген іс-әрекет адамның жеке басымен тығыз байланыстылығы дәлелденген.

Болашақ өмірі мен тағдырын бейтарап қалдырмайтын кез-келген адамның осы сұраққа жауап іздеуі белгілі.

Құқық бұзатын жасөспірімдердiң есейе келе, өздерiнiң жасаған қылмыстық әрекеттері үшiн үлкен өкінішпен қарау жағдайы көп болып тұрады. Құқық бұзатын жасөспірімдердің қылмыстық әрекеті өмірде болып жатқан нақты жағдайларына тікелей байланысты емес. Ол белгілі бір ортаға кездейсоқ немесе жоспарланған түрде тамырлануы. Жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерді көбінесе қалада жасауы, әлеуметтік тұрғыдан көптеген себептермен түсіндіріледі. Жасөспірімнің өзіне, қоғамда пайдалы іспен айналыспауынан уақыттың көптігі, ауылдық клубтың жабылуы, күні бойғы бос сандалыс, көше кезулер, қылмыстық әрекеттің алғы шарты бола алады. Осындай толып жатқан себептер жасөспірімнің таңғажайып оқиға жасауға ұмтылуына, керемет көрінуге, болашақта істейтін қылмыстық әрекетқе жоспар құруына немесе топтасып қылмыс істеуге жол ашады. Көбінесе жасөспірімдер бойынан, санасынан мықты орын алған қиялы ойша жетіліп арманын іске асыратын не асыруға асығатын жасөспірімдер айналасындағыларды таң қалдыратындай етiп істеуге талпынады.

Жанұядағы тәрбие жұмыстарынан кеткен қателіктер, кемшіліктер, жинақталып келіп қоғамдық тәрбиедегі қателіктерімен байланысып, жасөспірімдердің тәртібін одан әрі шиленістіре береді. Жасөспірімнің қылмыс жасауын болдырмау үшiн қазақ отбасына тән өзiндiк ерекшелiктерiнiң маңызы зор: отбасы мүшелерi арасындағы iзгiлiк қатынастар; үлкенге деген құрмет; кiшiге деген iлтипат; жасөспірімнің тұлғалық дамуына олардың жас ерекшелiктерiне байланысты қатынас; әулеттегi жақсы дәстүрдi үлгi ету арқылы бала қасиетiн аша бiлу; күнделiктi тұрмыс-тiршiлiкке бейiмдеу және т.б.

Қылмысқа барған жасөспірімдер қылмысының сан-салалығы олардың күнделікті қылмысынан өз көрінісін табуда. Қазіргі кезде әлеуметтік-психолог және құқық қорғау органдарының зерттеулері бойынша, жасөспірімдердің мүліктік қылмысқа баруы 7,8 пайызды, ал жеке адамның затын ұрлау 49,4 пайызды, мемлекет және қоғам мүлкін ұрлау 1,7 пайызды, тонау мен шабуыл 11,2 пайызды көрсетіп, қылмыс санының көбеюіне әсер етіп отыр [33].

Мысалға, А.Ф.Парницевтің мәліметтері бойынша жасөспірімдер тобында қызғушылық пен еліктеудің жоғары деңгейі, топ мүшелерінің өз дегеніне көндіруі, көңілкүйдің өзгеруі, қылмыстық акт барысында өзге топ мүшелеріне берілуі байқалады, жасөспірімдердің кез-келген тобында қандай да мөлшер болатыны бәрімізге белгілі [34]. Бұл жағдайда адамдардың, әсіресе, жасөспірімдердің бірдей еместігін, психофизиологиялық-психологиялык қасиеттері тұрғысынан (ерік, ақыл-ой) әр түрлі болуымен түсіндіріледі. Қылмысқа барған жасөспірімдердің психикасының жас балалар мен ерсектердің психикасымен салыстырғанда өзгешелік бар. Бұндай өзгешеліктер импульсивтік, жоғары әсерленгіштік, қызбалыққа тез түсушілік, көңілкүйінің тұрақсыздығы, өз-өзіне сенімсіздік бiлдiруі, өз әрекетінің дұрыстығына жиі күмәндануы болып табылады. Олардың бойындағы психикалық қасиетер мәселен, мақсаттылық пен табандылыққа, тұрақсыздық пен өзiн-өзі сыйламаушылыққа, сенімсіздік пен жабырқаушылыққа жиі алмасып отырады. Жасөспірім бойындағы осы қасиеттер олардың құбылмалылығын көрсетеді. Бұл сияқты құбылмалы,тұрақсыз психикалық қасиеттер-қылмысқа барған жасөспірімдердің қылмыстық жолға оңай түсіп кетуіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Қылмыстық әрекеттің басты себебі – жасөспірімнің пайдалы iспен айналыспауы десек, жоғарғыда айтып кеткендей, оның бос сандалыстан көп өкінішті жағдайларға ұрындырып жататыны айтпаса да түсінікті.

Осы орайда В.М. Бехтеревтiң «Баланы тәй-тәй басып қолына затты мықтап ұстай бастағаннан бастап-ақ үнемі еңбекке үйрету керек» – деген пікірімен келісуге болады [35]. Белгілі іспен айналысатын жасөспірімнің қылмыстық әрекетке тек қана кездейсоқ жолмен баратыны да белгілі. Мектептен тыс уақытта кітап оқу, үйірмеге қатысу, көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысу, не болмаса спорттың көптеген түрлерімен айналысу – қазіргі кезде жасөспірімдердің әрекетінен қалып бара жатқан құбылыс, әрине бұл жерде бір жасөспірім өзіне пайдалы іспен айналыспай, бос сандалыспен күй кешеді деген жаңсақ пікірді айтпайды.

Уақыт тілін сәл шегеріп, 1920-40 жылдары зерттеген ( П.П. Блонскиий, В.И. Куфаев, П.И. Любинский) авторларға жүгінер болсақ, олар қылмыс жасаған жасөспірімдер - заң жағынан да зерттеуді де қажет ететін басты объект, екенін алғаш рет атап көрсеткен. Бұл авторлардың пікірінше, жасөспірімнің қылмыстық әрекетке қадам басуына басты себеп - әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсер етуі деген.

Жасөспірімдік шақ жасөспірімнің сана сезімінің жан-жақты толысып дүниеге көзқарасының өзгеріп, үлкен өмірге дайындығының аяқталатын кезеңiмен тығыз байланысты. Жасөспірімдердің өтпелі кезеңі оның өміріне көп өзгерістер әкелері хақ. Сондықтан да осы өтпелі кезеңінде жасөспірімдердің «қиын жасөспірім» болып қалыптасуы болады,ал бұл олардың қылмысқа баруының бірден-бір себебі. Жалпы жасөспірімнің өтпелі кезеңін бірнеше топқа бөлуге болады:

1. Талап, тілек.

2. Қызығушылық.

3. Өмірге жоспар мен көзқарастар.

4. Жалпы сипаттама [36].

Өтпелі кезеңде жасөспірімнің еліктегіш келетіні, жақсыға ұмтылу, ұқсағысы келетіні, қайталағысы келетіні белгілі. Өтпелі кезеңнің «құйын» сияқты өткінші елестерге толы болуы жасөспірім өміріне қауіп төндірері де сондықтан. Жасөспірімдердің жағымсыз еліктеуінің салдары, қылмыстық әрекеті, қызғушылығының әсерінен «қылмыс» істеуі, көбінесе осы шақта жүзеге асады .

Жасөспірімнің алып-ұшпа саналатын өтпелі кезеңінде не нәрсеге болсын еліктегіш келетінін жан –жақты зерттеген ғалым Т.М. Якобсон болатын.Ол бұл жаста жасөспірімдердің қылмыстық әрекетке тез еріп кетуі оның еліктеу деңгейімен байланысты деп айтады.

Ересек қылмыскерлерге қарағанда, қылмыскер жасөспірімдер қоршаған әлеуметтік ортамен тығыз байланыста болады. А.И.Долгова және В.Д. Ерланова секілді ғалымдардың пікірінше, қылмысқа барған жасөспірімдер үшін ортаның рөлі өте зор болады деп көрсеткен [37, 283-285 б.].

Жасөспірімдерді жамандықтан үнемі қорғаштап отыру, өмірде кездесіп отыратын қиындықтар жөнінде сөз қозғамау, олардан жекелеген адамдар тарапынан жасалатын бейморальдық және қоғамқа қарсы әрекеттерді, әділетсіздік пен жалғандықты жасыру, мұндай құбылыстар кездескен жағдайда оған төтеп беріп, қажет болған жерлерде шыдамдылық білдіруге, қастандық әрекеттермен күрес жүргізуге тәрбиелемеу олардың тұлғасының әлсіздігіне, қиындыққа шыдай алмай теріс жолға оңай түрде түсуіне қиындықпен бетпе-бет кездескен кезде, олардың бойында өмірден түңілу сезімі қалыптасып, армандары мен сенімдерінің күйреуіне әкеп соғады.

Қылмысқа барған жасөспірімің стихиялы түрде өзін-өзі тәрбиелеуі, сана-сезімнің төмендеуін тудырады, сөйтіп белгілі бір деңгейде қылмыскер тұлғасының қалыптасуына себепші болады және оны түзеуге бөгет жасайды.

Ал, қылмысқа барған жасөспірімнің саналы позитивті түрде өзін-өзі тәрбиелеуі дегеніміз - өмірде алға қойған мақсатына қол жеткізу, әрі жоғары деңгейде әрекет етуге дайын болу қабілеттігі мен қасиеттерін, моральдық және физикалық күштерін, ақыл-ойын дамыту үшін ерікті, белсенді түрде әрекет ету процесі болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет