6 саяси режимдер



Дата01.12.2016
өлшемі145,12 Kb.
6 САЯСИ РЕЖИМДЕР
Саяси жүйе қоғам, мемлекет және тұлға арасындағы байланысты жүзеге асырады. Осы байланыстың әлеуметтік өмірдің басты субъектілерінің арасында қалай және қандай тәсілдердің, құралдардың, күштердің көмегімен қандай ұйымдасқан формада жүзеге асатыны - өте маңызды мәселе. Бұл жағдай қоғамды, мемлекетті, тұлғаны өзара әрекеттесуші субъектілердің жүйесі ретінде көрсетеді. Мұндағы субъектілер дербес элементтер және олардың арасындағы өзара әрекеттесудің өзіндік тәсілі «саяси режим» ұғымымен белгіленеді.

Қоғамның пайда болу кезеңінен бастап адамдарды қауымдастыққа қалай біріктіруге болады, жеке адамдардың мүдделері мен тұтастай қоғамның мүдеделерін қалай біріктіруге болады деген әлеуметтік проблемалар «мәңгілік» болып қала берді. Осы проблеманы шешудің шынайы тәжірибесі зерделенген саяси ойлар тарихында оларды біріктірудің авторитарлық және демократиялық деп аталатын екі тәсілі бар. Демократиялық және антидемократиялық режимнің өзінің ішкі бөлінуі (дифференциясы) және нақты түрі(модификациясы) бар.

Демократиялық режим дегеніміз - мемлекеттік биліктің халық алдында есеп беру мен сайлау негізінде қалыптасқан саяси құрылым болып табылады.Сондай ақ барлық азаматтардың заң алдында тең праволық фактілеріне сүйенеді.

Саяси биліктің демократиялық режиіміне мыналар жатады:

1.Баламалы және белгілі мерзімде өткізілетін ашық сайлаулар .Үкімет сайлау нәтижесінде қалыптасады және көпшіліктің үкіметі болып табылады;

2.Жеке адамның құқығы мен еркіндігі заң жүзінде қорғалады;

3.Азшылық құқы жүзінде қорғалады.

Демократиялық емес тәртіп тоталитарлық және авторитарлық болып екіге бөлінеді. Демократиялық емес тәртіп түрлеріне мыналар жатады:

1.Мемлекеттік биліктің ел азаматтарынан толық тәуелсіз болу;

2.Заң орындарына атқару билігінің есеп бермеуі;

3.Жеке адамның мемлекеттік аппарат алдындағы дәрменсіздігі;

4.Жеке адам мен азшылық құқының аяқ асты болуы.

Демократиялық емес тәртіптің неғұрлым оспадарсыз түрі тоталитарлық тәртіп болып табылады.Оның негізгі белгілері мынадай:

1.Бүкіл қоғамның саяси өміріне ықпал жүргізетін бірден-бір бұқаралық парияның болуы;

2.Қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып отырған идеологияға мемлекеттің қожалықтың болуы;

3.Экономия мен саясаттың бірігуі,экономиканың саясаттануы;

4.Адам өмірінің барлық саласына аппарат тарапынан жаппай бақылаудың болуы;

5.Азаматтық қоғамның болмауы,жеке адамға террор мен зорлықтың қолдануы.

Тоталитарлық қоғамның тарихи мысалы ретінде фашизм мен сталинизмді атауға болады.

Сонымен, тоталитарлық жүйе дегеніміз – үстем билеуші элитаның күштеуге негізделген ұйымдасқан саяси үкіметі. Билеуші элита біртұтас бюрократиялық аппарат болып қалыптасқан және оны белгілі бір көсем басқарады.

Авторитарлық тәртіптің негізгі белгілері:

1.Саяси және жеке тәртіпті бұзбау және өкіметке қарсы шықпау негізінде кейбір еркіндіктерге мақсат етілу;

2.Көппартиялықтың болуы;

3.Диктатураның идеологиялық болмауы.

Авторитарлық режинің мәні, діндік немесе саяси ұйымның шексіз билігі. Авторитарлық билік заңдастырылған әлеуметтік құқықты және легитімді болу мүмкіндігі(Сауд Аравиясы,Иордания т.б). Қазіргі кезде авторитарлық тәртіптің мынадай нақты түрлері бар:


  • теократиялық тәртіп, яғни діндік элитаның абсолюттік билігі(Иран);

  • әскери басқару - әскери жоғарғы шендегілердің билігі (Чили, Аргентина, Греция т.б елдерде болды)

  • авторитарлық монархия - самодержавиенің монархтық трүрі(Сауд аравиясы, Иордания);

  • жеке адам өктемдігі(тирания)-жеке адамның билікті басып алып уысынан шығармауы.

Авторитарлық режим айтарлықтай кең негіздерге ие. Өйткені, бедел – билік пен билік құрудың қажетті құрылымдық элементі. Оны биліктің атрибутивтік белгісі деп есептеуге болады. Сондықтанбилік, билік құрушы субъекті өз беделінің сақталуы мен өсуіне үнемі қамқорлық көрсетеді. Бедел биліктің және оның шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығын қамтамасыз етеді. Билік құру тек қана зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу емес, оны бағынушынығ келісімі негізінде басқару болып табылады. Бедел билік құрушы субъектіні бағынушылардың үстінен қарайтын және олардың тіршілік әрекеттеріне бағдар беретін күшке айналдырады. Билік жеке бағынушылардың шамасы келмейтін ерекше құндылықтарды жоспарлап, жүзеге асыратындықтан беделді. Сондықтан бедел адамдардың ассациативтік бірлестігінің бастапқы кезеңдерінен бастап адамдар қауымдастығының барлығында қызмет етті. Бедел биліктің әлеуметтік, моральдық-психологиялық негізі болып саналады. Авторитет, авториторизм, авторитарлық – тек біртүбірлі сөздер емес, олар мемлекеттік биліктің жүргізілуінің өзіндік ерекшеліктерін білдіреді.

Авториторизм, авторитарлық саяси режим – билік құрушы элитаның бөлініп шығуы, жеке бостандықтар мен саяси бәсекелестіктің шектелуі, адамдарды саяси қауымдастыққа біріктіретін тіршілікке қажетті әлеуметтік-саяси факторлар тән ерекше саяси режим. Сол себепті авторитарлық режим өз бетінше қызмет етеді, онда билік үшін ашық бәсекелестік күрес жоқ. Билік үшін күрес, көп жағдайда, саяси тартыстар түрінде билік құрушы элитаның ішінде жүреді. Қоғам құрылымданған, саяси рөлдер айқындалған, саяси жинақылық төмен.

Адамзаттың тарихи тәжірибесінде авторитарлық режимнің дамуының әртүрлі формалары көрініс тапқан. Бұл формалардың ерекшелігі қауымдастықтың дамуының әлеуметтік-мәдени деңгейімен анықталынады.

1. Дәстүрлі авторитарлық режим.

Табиғи-тарихи дамудың негізінде барлығы осы баспалдақ арқылы өтті. Мұндай авторитарлық режимдер саяси тұйықтық пен оқшаулану жағдайында қалыптасып, қызмет етеді. Дәстүрлі авторитарлық режимді жабық қоғамға тән кесел – саяси оқшаулану жағдайына бейімделу деп есептеуге болады. Осы саяси жүйенің тұрақтылығын тұйықтық, сыртқы әсерлердің өте төмен деңгейі қамтамасыз етеді. Бұл режимдер пайда болудың әр түрлі негіздеріне ие және әртүрлі кезеңдерде өмір сүруі мүмкін.

Көптеген партиархалды-феодалдық, феодалдық мемлекеттердің дамуының бастапқы кезеңдері үшін дәстүрлі саяси режим ғана тән болды. Құқықтық мәдениет мүлдем болмады. Билік құрушы субъект өз ережелеріне сүйеніп басқарды, билік күшпен тартылып алынды, кейіннен тақты біртіндеп мұраға қалдыру қалыптаса бастады. Мұндай режимдер салыстырмалы тұрақтылығымен ерекшеленеді, себебі олар модернизацияға жеңіл ұшырайды.

2. Этатистік-идеократтық авторитарлық режим.

Мемлекеттің экономикалық рөлінің күшеюі мен қоғамдық сананы манипуляциялау мүмкіндігінің арқасында пайда болатын ерекше режим. Белгілі себептерге байланысты ол тоталитарлық режимге айналуы мүмкін. Бұл режим фашистік Германияға, КСРО-ға, Қытайға, Солтүстік Кореяға, Кубаға тән және басты ағым ретінде социалистік жүйенің көптеген елдерінде болды.

Мұндай режимге мемлекеттің экономикалық рөлінің басымдылығы, адамдарды біріктіретін идеологияның күштілігі, өзгеше ойлауды қудалау, қоғамның жабықтығы тән.

3. Бәсекелесуші олигархияның автократиялық режимі.

Бұл режимнің өзіне тән басты ерекшелігі – билік үшін өз арасында бір-бірімен күрес жүргізетін олигархиялық топтардың болуы.

Қоғам үшін ашықтықтың белгілі бір дәрежесі мен саяси бәсекелестіктің болуы тән. Саясат элитарлық әрекет деп танылып, саяси элита топтарының арасында ашық, заңдастырылған саяси күрес жүреді. Бәсекелесуші олигархияның автократиялық режимінде қатаң әлеуметтік қарсы тұру жоқ болғандықтан, бұл режим біртіндеп либералдық демократия режиміне өзгеруі мүмкін.

4. Авторитарлық-бюрократиялық режим.

Мұндай режим саяси дағдарыс жағдайында пайда болады. Ол, әсіресе саяси өзгерістерді басынан кешіріп отырған өтпелі қоғамдарға тән. Режимнің ең басты саяси міндеті – қоғамдағы саяси тұрақтылықты сақтау мен әлеуметтік дағдарыстың, таптардың, этникалық, әлеуметтік топтардың ашық теке-тіресіне ұласып кетпеуін қадағалау. Сондықтан да үстемдік етуші саяси элита өзінің ептілігімен ерекшеленеді, ол қарсы тұрушы күштердің үстінде тұруға ұмтылады, әлеуметтік демогогияға, кеңтаралымды үндеулерге жүгінеді, популистік бағдарламаларды ұсынады.

Режимнің міндеті – бұқараны тыныштандыру, олардың саяси процеске қатысуын шектеу. Мұндағы негізгі ұран: саясатпен айналысу қажет емес, тек қана еңбек ету керек. Режим белгілі бір лидерге харизма жасай отырып, оның танымалдығын пайдалануы мүмкін. Режимде үстем партияны, халықты біріктіретін идеологияны қалыптастыруға деген тенденция пайда болады.

5. Авторитарлық-әскери режим.

Әскери төңкеріс нәтижесінде билікке келген әскерилер қалыптастырғанрежим. Оған дағдарыстан шығудың жолдын іздеу және төтенше, әскери тәртіптерді орнатуға ұмтылу тән. Бұл режим кезінде халықтың саяси белсенділігі айтарлықтай жоғары болмайды, қоғамда төтенше заңдар әрекет етеді. Жеке адамның бостандығы, құқығы шектелінеді, жаппай күш көрсетудің ашық шараларын қолдану заңды деп танылады. Әскерилер экономиканы тиімді басқара және әлеуметтік мәселелерді жемісті шеше алмайтындықтан, әскери режим өз танымалдығын тез жоғалтып алады.



6. Тоталитаризм.

Авторитаризммен органикалық байланыстағы және одан тек тоталдығымен, яғни акциялардың, әрекеттердің бәрін қамтып, жекелікті жоққа шығарушылығымен ерекшеленетін ерекше саяси режим. Саяси өмірде тоталдық идеясы ежелден белгілі. Адамдардың тіршілік әрекеттерін жаппай қадағалау мен оны толықтай реттеудің қажеттілігін ежелгі грек философы Платон (б.д.д. 428-348 жж.) ұсынып, талдаған болатын. Ол идеалды мемлекетте адамдардың барлық өмірі қатаң ережелерге бағынуы керек деп есептеді. Тек мемлекет қана жеке мүдделерге бағындырып, заңдарды қолдану арқылы қоғамда тәртіп орнатуға міндетті.

Қытай императоры Цинь Ши-Хуанди (б.д.д. 259-210 жж.) Фацзы (легистер) мектебінің идеяларына сүйене отырып, билікті орталықтандыру мен бірпікірлікті қалыптастыру арқылы тоталитарлық идеяларды жүзеге асыруға талпынды. Ол ұлы Қытай ойшылы Конфуцийдің еңбектерін еркін ойлаудың уағыздаушысы ретінде отқа жақты.

Дегенмен тоталитаризм ХХ ғ. жемісі болып саналады. Ғасырдың саяси процесінде өзіндік қолтаңбаларын қалдырған ірі тоталитарлық мемлекеттер осы ХХ ғ. пайда болды.

Италяндық фашистердің лидері Бенито Муссолини өзінің 1932 ж. жарыққа шыққан «Фашизм доктринасы» аты еңбегінде тоталитаризмнің бір түрі фашизмнің идеологиялық концепциясын нақты және айқын түрде баяндап берді. Онда ол ең алдымен мемлекетшіл ретінде көрінеді. Ол: «Мемлекет халықтың ұжданы мен еркінің білдірушісі болды. Либерализм Мемлекеттік индивид үшін жоққа шығарды; фашизм индивидтің нағыз мәнінің жоқтаушысы ретінде Мемлекет құқығына көңіл аударады» деп есептеді.

Муссолинидың доктринасында күш көрсету факторы неміс национал-социализмі мен кеңес коммунизмі доктриналарындағыдай айқын көрінбейтіндігін байқауға болады.

Адольф Гитлердің атышулы «Менің күресім» атты кітабында герман национал-социализмнің болашақ саяси практикасы ашық түрде баяндалған. Онда бірінші орында – национал-социалистік мемлекеттің мүдделері, нәсілшілдікғ сонымен қатар антисемиттік, антикоммунистік идеологиямен қаруланған неміс ұлтының этникалық үстемдігі баяндалған.

Тоталитарлық жүйе ретіндегі коммунизм идеологиясы тапсыз қоғам құрудың кеңестік тәжірибесінің негізінде құрылды. Әрине, оның бастапқы принциптерін К. Маркс берген болатын, ол пролетариаттың таптық диктатурасының ерекше креативтік рөлі туралы ережелерінде еуропалық елдердегі революциялық тәжірибені зерттеу негізінде осы диктатураның тарихи болмай қалмайтындығы мен қажеттілігін баса атап өтті. К. Маркстің іліміндегі пролетариат диктатурасын орнату қажеттілігі идеясын мойындай отырып, В.И. Ленин бұл диктатураның орнауы таптық күрестің тарихи кезеңіне, азамат соғысына, мемлекетаралық қайшылықтарға алып келеді деп көрсетті. Аталған саяси процесте күш көрсету факторы шығармашылық рөл атқарады. Тек күш қолданудың негізінде ғана жаңа қоғамның пайда болуы және дамуы мүмкін.

Яғни, «сталинизм» ерекше ілім болып саналмайды, өйткені ол өзінің мазмұны бойынша Лениннің тоталитарлық идеясын іс жүзінде толықтай жүзеге асырған тоталитарлық практика еді.

Тоталитарлық режимдер демократиялық дәстүрлері әлсіз әлемнің көптеген елдерінде қалыптасты, олар; азаматтық соғыстың нәтижесінде демократиясы күйреген Испания, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, Румыния, Албания, Югославия, Чехословакия, Венгрия, Польша, ГДР секілді социалистік бағыттағы Еуропаның бірқатар елдерінде КСРО-ның қысымымен тоталитарлық тенденциялар қалыптасты.

Тоталитарлық режимдер үшін тән үрдістер:

1. «Этатистік» тенденцияның болуы. Этатизм барлық экономикалық маңызды меншіктердің мемлекетке берілуі формасы ретінде, сондай-ақ мемлекеттің экономиканы, экоомикалық дамуды, экономикалық мүдделерді қатаң бақылауы формасында жүзеге асуы мүмкін.

2. Экономика мен қоғамның барлық өмірінің милитарлануы. Өйткені тоталитарлық режим – ерекше, өзінің идеологиясы бойынша агрессивті, өз бейнесін басқа елдерге таңуға ұмтылады.

3. Бірпартиялық саяси жүйе. Қоғамды үстемдік етуші жалғыз партия басқаратындықтан, саяси өмір тоқырауғаұшырайды. Саяси өмірді жанжандыратын, саяси ойлар мен саяси мәдениеттің дамуының себепкері болатын саяси бәсекелестік болмайды. Саясат негізінен бұқараға ықпал ету, оны идеологияландыру; бұқараны басқару ретінде түсіндіріледі.

Тоталитарлық режим жағдайында қоғамды, мемлекетті бір партия басқарады, бірақ басқарушы партияның халыққа ықпалын тарататын сателлит-партиялар да болуы мүмкін. Бірпартиялық жүйеде қиратушы, қоғамға іріткі салатын, басқарушы партия ұсынып отырған түпкілікті мәселелердің шешілуіне кедергі келдіретін күш ретінде саяси оппозицияға тыйым салынады. Сол себептен де оппозиция заңсыз деп танылып, қатаң қудалануға ұшырайды.



4. Бір ғана партияның үстемдік құруы бұқаралық күшке ие моноидеологияның қалыптасуына әкеліп соғады, себебі ол мемлекеттік қолдауымен жасақталынып, басқарушы партия мен бұқаралық санаға ендіріледі. Барлық мәдени өмір жоғары рухани құндылық болып жарияланып, осы моноидеологиямен уландырылады, ал мәдениеттің барлық рухани құндылықтары тиісінше оның принциптеріне қайшы келмеуі тиіс.

5. Тәртіп культі. Режимнің тәртіпті орнату қабілеттілігі жоғары бағаланады. Режим үшін заңның қаталдығы, тәртіп орнату үшін бұқараны жаппай идеологиялық және ұйымдастырушылық жұмылдыру тән.

6. Қоғам өмірінде күштік құрылымдардың, арнайы бақылау органдарының рөлі күшейеді және ол өз кезегінде саяси процеске олардың әдістерінің «қудалау, цензура, күш көрсету) белсенді енуіне алып келеді.



7. Биліктің қатаң вертикалдық жүргізілуі қалыптасады. Қағида бойынша, билік функциясы жеке адамдардың қолында болады. Билік құрушы тұлғаларға мессиялардың, көсемдердің харизматикалық қасиеттері таңылады.

Негізгі саяси процестерге айтарлықтай таңбаларын қалдырған тоталитарлық режимдердің ХХ ғ. пайда болғанына айтып өттік, осы кезде саясат сахнасына халық бұқарасы көтерілген еді. Халық сословиелік құрсаудан арылып, адамдар құқықтық теңдікке қол жеткізді. Бостандық, тәуелсіздік халықтың білім деңгейінің көтерілуімен қатар халық бұқарасының әлеуметтік қуатын нығайтып, олардың суггестийлігін көтерді. Бұқара әлеуметтік драманың басты актерлеріне, өздігінен іс шеше алатын әлеуметтік күшке айналды. Бұқараны біріктіру, ұйымдастыру, еліктіру, манипуляциялау арқылы кең көлемдегі әлеуметтік мәселелерді, нағыз утопиялық жобаларды шешуге талаптануға болады. Бұқара елдегі туындаған дағдарыстық жағдайлардың әсерінен әлеуметтік тұрақтылығын жоғалтып алғандығына және люмпенделуіне орай манипуляцияға жеңіл ұшырайды. Дәл осы әлеуметтік жағдай тоталитарлық режимдердің пайда болуына әкеліп соқтырады.



Демократиялық режим. Мұндай режимде ел халқының кең әлеуметтік жіктері, халық, демос қоғамды, қоғамдық істерді басқарып, билікті жүзеге асырады. Демократия - әлеуметтік өмір агенттері өздері құрған билік құрылымында шешімдердің қабылдануына тең дәрежеде қатыса алатын басқару формасы болып саналады.

Демократияны ерекше әлеуметтік құндылық дей отырып, ежелгі грек ойшылы Демокрит былай деген: «Демократиядағы кедейшілік патша кезіндегі молшылықтан (азаматтардың) қанша артық болса, еріктілік құлдыққа қарағанда соншалықты жақсы».

Демократия өз тамырын алғашқы басқару құрылымдары мен шешімдерді әлеуметтік өмірдің қатысушылары тікелей өздері қабылдаған қоғамның мемлекетке дейінгі кезеңінен алады. Тарихи әдебиетте, саяси ойлар тарихында, негізі Афины қала-мемлекетінің ерікті ата-анадан туған азаматтары болған ежелгі гректік афины демократиясы толықтай сипатталған. Алайда Афины қала-мемлекетінің ересек тұрғындарының барлығының бірдей биліктік мәселелерді шешуге қатысу құқығы болмады. Қатысу құқығына құлдар, өте ірі қала-порт, экономикалық өмірдің орталығы Афиныға сауда, қолөнер, экономикалық пайда үшін келген әр түрлі тектегі келімсектер ие бола алмады. Афинылық демократия туыстық және сословиелік құрылымдардан шыққандықтан, ондағы демократиялық режимді қалыптастыратын әлеуметтік өмірдің агенті Афины азаматы, яғни ата-анадан туған, жынысы ер, жасы кәмелетке толған афинылық болатын.

Қоғамдық істерді шешу мен шешімдерді қабылдауға мүдделі адамдардың барлығының демократиялық жолмен қатысуы көптеген елдердің тарихында болды. Мысалы орыс тарихи әдебиетінде, Ресейдің саяси ойлар тарихында новгород вечесі, казактар алқасы, боярлар думасы, дворяндар жиналысы, земство ерекше орын алады.

Шыңғыс ұрпақтарының және оған жақн адамдардың ортасынан жоғары билеушіні – ханды сайлауы, жерлерде жергілікті билеушілер – билердің сайлануы, ашық пікір алысудың негізінде жайылым бөлісу, сыртқы басқыншылардан қорғану және т.б. өмірлік маңызды шешімдердің қабылдануы Қазақ хандығының тарихында да орын алған.

Мемлекеттік билікті ұйымдастыру формасы мен саяси жүйе ретіндегі қазіргі кездегі демократия өкілдік демократия түрінде қызмет етіп, дамиды.

Әлеуметтік ұтастықты қамтамасыз ететін саяси режим ретіндегі демократияның басты ерекшеліктері мыналар:

1. Еркіндік принципі. Бұл принциптің салтанат құруы саяси режимнің креативті әлеуетін көтереді. Адамның қоғамдық істерді басқаруға қатысу мүмкіншілігі кеңейе түседі. Тұлға өз ойын айтуға және өзін танытуға кең мүмкіндік алады және ол тек құқықтық нормалармен ғана шектеледі.

2. Саяси бәсекелестік. Қоғамның саяси элитасы декларациялар жариялау, уәделер беру, қоғамдық өмірдің маңызды проблемаларыныңшешімдері берілген әлеуметтік бағдарламаларды жасақтау арқылы халықтың назарын өздеріне аударып, қолдауына ие болу үшін ашық күрес жүргізетін бәсекелес саяси күштерге бөлінеді.

3. Билікті, оның шешімдері мен акцияларын, олардың салдарын үнемі сыни тұрғыда бағалайтын және жариялы, ашық сынау жолымен қоғамдық көзқарасты қалыптастыратын оппозициялық саяси элитаның көмегімен жүзеге асатын билік құрушы элитаның қызметін бақылауды қамтамасыз ету мүмкіндігі.

4. Биліктің белдеулік тұрғыдан атқарушы, заң шығарушы және сот билігі болып бөлінуіне, сондай-ақ оның құрылысы түрлеріне (унитарлық, федеративті, конфедеративті) жергілікті жердегі өзін-өзі басқару органдарының күшею мүмкіндігіне (билікті тікелей жергілікті жерлерде жүзеге асыратын биліктің төменгі тармақтарындағы билік өкілеттілігі) байланысты жүзеге асатын мемлекеттік биліктің құрылымдық икемділігі.



5. Демократиялық режимнің саяси жаңалықтарды қабылдай білу қабілеті. Ол демократияның саяси жүйе ретінде беріктіктің, тұрақтылықтың қажетті қорына ие бола отырып, сыртқы әсерлерді белсенді қабылдауы мүмкіндігімен, оларға лайықты жауап бере алуымен, тіпті қажет болған жағдайда бейімделуімен, өзін-өзі жетілдіруімен анықталынады.

6. Саяси қатынастар субъектілерінің іс-әрекеті мен қызметі үшін саяси кеңстік жасау. Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның өзара бірлесіп қызмет етуін, сондай-ақ олардың әртүрлі ұйымдастыру формаларын, әдістерін, күштері мен құралдарын қамтитын терең тізбектелген саяси жүйе қалыптасады. Саяси режим ретіндегі демократияның және қызмет атқарып отырған мәдениеттің басты белгісі – тұлғаның құқықтық қорғалуы. Демократиялық режим – конституциялық режим. Конституция баптарында тұлғаның негізгі құқықтары мен олардың кепілдіктері жазылған.

7. Демократиялық қоғамдағы саяси және идеологиялық плюрализм оны әрқилы саяси тенденциялар мен олардың ұйымдық қалыптасуы, саяси ойлары, әрекеттері пайда болатын көпсубъектілі қоғам ретінде сипаттайды.

Азаматтардың саяси белсенділігі азаматтық қоғам институттарын ұйыидастыруға алып келеді, онда азаматтардың мемлекеттік билік құрылымдарынан тәуелсіз саяси өмірге қатысуға ынтасы өзін-өзі ұйымдастыру, өз қайраткерлігі мен өзін-өзі басқару жолымен жүзеге асады. Бірақ азаматтық қоғам құрылымдары Конституция мен мемлекет заңдары белгілеген шеңберде ұйымдасып, қызмет етуі тиіс. Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның бірлесіп қызмет етуі конституциялық нормалармен және мемлекет заңдарымен анықталынады.

Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның құрылымдары қоғамның тәуелсіз элементтері ретінде қызмет етуі тиіс. Мемлекеттік билік азаматтық қоғам институттарының бақылауында болады, себебі олар мемлекеттік биліктің қалыптасуына, онң саясатын түзеп, жүзеге асуына белсенді түрде ат салысады.

Демократиялық қоғам – ашық қоғам. Ол басқа қоғамдармен, мемлекеттермен жан-жақты байланыстарды жүзеге асырады. Бұл байланыстар экономикалық пайда, рухани баю, теңқұқықты айырбастар жасау мен ынтымақтастық өмір сүру тәрізді бірнеше мақсатты көздейді. Ашық қоғамда мемлекеттік биліктің реттеушілік рөлі құқықтық нормалармен қатаң анықталған төменгі деңгейге дейін шектелінген.



Жоғарыда қарастырылған саяси режимдердің авториторизм, тоталитаризм, демократия тәрізді ұғымдары – белгілі бір дәнежеде шынайылықтан тыс жатқан идеалды конструкция. Шынайы саяси өмір қай режимнің болмасы маңызды белгілері сақталатын өтпелі кезеңдерге толы.
Каталог: files -> DistanceEducation -> Resource
Resource -> Мазмұны кіріспе 1 Саясаттану пәнінің әдістемелік негізі
Resource -> Лекциялар курсы Редакциясын басцарган mapux гылымдарының докторы
Resource -> Рабочая учебная программа Барлық мамандықтардың студенттеріне арналған Өскемен Усть-Каменогорск 2014
Resource -> Семинар сабақтарының жоспары политология планы семинарских занятий
Resource -> Лекция №6 саяси режимдер
Resource -> Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуы
Resource -> Берілген сөйлемдердің ішінен септеулік шылауды табыңыз
Resource -> Көркем әдебиет стилі


Достарыңызбен бөлісу:


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет