Абай болмысы



Дата07.02.2022
өлшемі15,89 Kb.
#95094
Байланысты:
5 апта 2


Абай болмысы


Абай – кез келген алаш баласының жақсы өмірінің жан азығы. Рухани нәр алатын таусылмас бұлағы. Өз басымыз ұлы ақынның ғибратты сөздері мен даналық ұйыған ойларынан қажетті тұжырымдарды ғылыми-зерттеу жұмысымызда ғана емес, күнделікті тіршілік қалыбында да жиі қолданамыз. Мұның себебі Абай сөздерінің өзі айтқандай «туғанда дүние есігін ашқаннан» «біреудің кісісі өлсе, қаралы олға» дейінгі ғұмыр философиясының мұқым болмысын тұтас қамтығандығында жатыр. Шындық – үлкен ұғым, Абай таныған шындық жазаның өтеуі. Алдына келген айыпты сұрайтыны –шындық, жазасы – ақиқатын айтқан адамды сол шындығы үшін айыптамау, жазадан босату. Ақынның «Адамның кейбір кездері» өлеңі мен үшін айрықша ыстық, сөз өнерін қастерлеген шығармашыл тұлғаның көркем образы кестеленген. «Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тіл, Не жазып кетсе жайы сол, Жек көрсеңдер өзің біл!» деген ақын өлеңін өмірімізде де, өнерімізде де ұстаным етіп келеміз.
Абай сөзі – әдебиет өлшемі. Абай мен Алаш қайраткерлерінің мұрасы – қазақ руханиятының баға жетпес сом байлығы. Абай шығармашылығы – тілдік қорымның молаюына, әдеби тілде сөйлеуіме көп әсер етті. Ал хәкімнің өмір жолынан үйренгенім көп: қанша жерден дәулетті, ауқатты болса да дүние-мүлікке қызықпағаны, қаламнан өзгені байлық деп санамағаны һәм қандай жағдай болса да тура сөйлеп, сөздің әділін айтқаны. Тағылымы да сол осындай турашылдығы деп ойлаймын. «Пайда ойлама, ар ойла!» деген сөзін ұстанымым деп білемін.
Ол Алланы тануға, арлы болуға, адам болуға, білім жиюға үндейді, еңбектің қандай ғажап құндылық екенін түсіндіреді. Бұдан артық ақылман жанға не қажет? Санагердің сан алуан қыры бар, әр кісі өзін масаша мазалаған сауалға жауап алады.
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап».
Шүкір, бүгінгі таңда Абай болмысы, Абай тұғыры қоғамдық ортаға әбден таныс, орныққан бейне. Бірақ та, кейінгі өскен буын, жаңа ғасырдың құрдастары Абай атамызды толық біледі, бойларына сіңірген деп айтуға болмас. Мектеп оқушыларының көбі Абайды жақсы біледі дегенге күмәнім бар. Анығында, Абай – кез келген жастағы оқырманның жүрегіне жол табатын тұлға. Ақын Абай да, хәкім Абай да қалың қазаққа ортақ тұлға. Десе де, Абайды бір рет оқудан ештеңе шықпайды. Мәселен, біз жылына кемі екі-үш рет Абайдың екі томдық шығармалар жинағын оқып шығуды ғадетке айналдырдық. Өзімізді тану үшін, білгенімізді тексеру үшін, Абай ғақлиясынан тәлім алу үшін үнемі бос уақытта оқуымыз керек .
Абайдың «толық адам» тұжырымын әр адам әрқалай қарастырады. Тіпті, әр ғылым өкілдерінің бұл тұжырымға қатысты өзіндік пайымдаулары мен көзқарастары бар. Бұлай болуы заңдылық та. Менің танымымда Абай аңсаған «толық адам» өркениетке ұмтылған, білім мен ғылымға құлаш ұрған, ел мүддесін биік қоятын, халқын соңынан ерте алатын, жаңашыл зиялылар шоғыры еді. Бұл ақынның шығармашылығынан анық байқалады. Тіпті қара сөздің ішінде де ғылым мен білімге үндеу, адал еңбек ету, зиялылық сынды қалыптасқан тұлға болмысы аңқып тұр. Яғни, Абай аңсаған, көргісі келген «толық адам» – «алаштық буын» екендігі даусыз. ХХ ғасырдың басында сапалық өзгерістерге толы ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа кезеңін тудырған Алаш қайраткерлері хәкім Абайдың асқақ тұлғасына бас иді. Абай армандаған тұлғалар шоғыры Алаш қайраткерлері болса, Алаш қозғалысының темірқазығы – Абай. Бұл мызғымас, ғылыми һәм әдеби кеңістікте берік орнаған қағида.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет