Абай жолы. 1 кітап



бет4/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


I

Бейуақ едi. Кеш қараңғылығы қоюланып келедi. Үлкен үйдiң бұрыш-бұрышынан қарауытып түн туып, тұтасып келе жатқан тәрiздi.
Жидебайдағы қыстаудың ең үлкен бөлмесi осы. Кiлемдi, текеметтi, алашалы, көрпелi, меймандос, мол үй.
Абайдың кәрi әжесiмен, өз шешесiмен бiрге тұратын үйi осы едi.
Әлi шам жағылған жоқ, жұрттың көбi тыста мал жайлап жүр. Шыңғыс жаққа қараған терезенiң алдында қос тiзерлеп, екi шынтағын терезенiң алдына салып, иегiн қолдарының үстiне қойып Абай отыр. Бұдан басқа оң жақта, жер төсектiң үстiнде бала уатқан Зере бар. Тiзесiмен тербетiп отырғаны – Айғыздан туған немере қызы – үш жасар Кәмшат. Кәрi әже күндегi машығы бойынша бесiк жырын айтады. Өте бiр өзгеше, ескi жыр. Абайдың өз әжесiнен басқа ешкiмнен естiмеген жыры. Бiрақ кәрi әжесiнiң өзiндей соншалық жақын, ыстық, сүйiктi жыры. Кiшкентай күнiнде Абай өзi де кеш сайын осы жырдың тербеуiмен ұйықтайтын. Сол күндерден бiр ырғағы ауыспаған, бiр сөзi де өзгермеген, ана жүрегiндей айнымас жыр. Осындай қоңыр кештiң қоңыр күйi. Бейуағына жеткен әженiң өмiрлiк көй-гөйi. Сырт қарап отырған Абай әженiң кейде шерлi, кейде мейiрбан рақым күйiн өзiн тербетiп отырғандай сезедi. Аяқталмай созыла түссе екен дейдi.
Осы қыстауға қонғаннан берi кеш сайын Абай ешкiмге бiлдiрмей, елеусiз ғана әжесiмен оңаша қалады.
Неге қалатынын әжесiне де айтпайды. Жалғыз-ақ кеш батып, қораға мал келетiн уақыт тақалғанда, кiшi шешесi Айғыздың үйiне барып, мына кiшкене қарындасы Кәмшатты көтерiп, еркелетiп ойнап жүредi де, ақырында әжесiне әкеп бередi.
Кәмшат тез ұйқтамайды. Қазiрде де, ала көлеңкеде кәрi әжесi байқап отыр: ән тоқтай қалса, кiшкентай қыз қарақаттай қап-қара көздерiн ашып алады. Ұзын кiрпiгiн ұйқылы-ояу қағып, «тағы айт» дегендей қыңқылдай бастайды.
О да құнығып алған. Осындайлық бейуақ шағын Абай әрқашан үнсiз, жым-жырт қана өткередi. Өзiмен-өзi ғана болуын сүйiп, саяқ қалады. Егер ол кей күндер бұл шақта тыста болса, жапа-жалғыз төбе басына шығып кетедi. Қыр кешi бұның бiр ұғымсыз әмiршiсi, сүйсiндiре мүлгiткен зор мұңдасы тәрiздi.
Құлағы әжесiнде, екi көзi сонау алыс көк тау, қатпарлы қалың Шыңғыс жотасын қыдырады.
Жидебайдан жиырма шақырымдай жердегi Шыңғыс кешкi шақта ымырт жабыла, көкшiлденiп, суық тартып алыстай бередi. Жайын күштiң жотасы тәрiзденген қалың ауыр жоталар мен қатаң суық серек тастар болсын, баршасы да жым-жырт қана сiлейiп, түнге бейiм ұсынып барады.
Соңғы күндер ол тауларда не хал болып жатыр. Бұл ауылға әзiр мәлiм емес.
Бiрақ Борсақ, Бөкеншiнiң Қарашоқыдан қуылғаны, күңiрене көшiп кеткенi анық. Қалың Шыңғыс, қатпарлы бөктер бұл күндерде пәлелi бөктер екенi анық. Абай соны ғана бiледi.
Таудан соққан салқын ызғар, қатал мiнездердiң ызғары тәрiздi. Ызылдаған суық лептiң қарсысына ана жыры, мейiр-шапқат жыры үн қосады. Құшағына тартқан өзгеше күш, бар дүниенi өзiне бағындырар орны бар, баяу да болса, басым саз. Абай бiр түрлi сейiлiп, iштей серпiлiп алып, тау жотасынан биiктеп, аспанға қарады. Толық ай ашық көктi қалқып, сызып келiп, бiр топ шоғыр қара бұлтқа кiрдi. Кiрдi де қызық күйге түстi. Абай соған қарап өзге жайдың бәрiн ұмытып, аңырып телмiрiп қалды.
Қара қошқыл кiлегей бұлттың жоғары шетiн ала кiрген ай, бiр көрiнiп, бiр сүңгiп, машығынан тыс жылдам жүрiп, дәл жасырынбақ ойнағандай құбылды. Кейде бiржолата бiлiнбей батып кетiп, артынан тез жарқ етiп, күлiп шыға келед те, лезде барып тағы шомады.
Келесi сәтте көзiн қысып, сығырайтып, әдейi ойнағандай боп, бiр жақ шетiн ғана көрсетiп, сызып қалқып отырады да, тағы да сөне қалады. Абай дәл мұндай болып құбылған ойнақы айды ең алғаш байқағаны осы едi. Тағы бiр рет ай шетi қылдырықтай боп көрiне түсiп, сөне қалғанда, ерiксiз күлiп жiбердi. Мынау ай дәл бiр құлдыраған жас бала тәрiздендi. «Қу шұнақ, тәттi қылығы бар бала».
Бiр сәтте есiк артында тасырлатып, салдыр-гүлдiр асығып келе жатқан аяқ дыбыстарын естiдi. Сақылдап тұрып, күле қашып, жүгiрiп келе жатқан Оспан екен. Артында бiреу өкшелеп қуып келедi. Қуғыншы бақыра жылап, өлердей күйiп келе жатқан Смағұл. О да Абайдың iнiсi. Айғыздан туған. Смағұл Оспанмен түйдей құрдас.
Абай терезе алдынан атып тұрып, Оспанның анаған бiр зорлық қылып келе жатқанын сезiп, алдынан шығып ұстай алды. Смағұл да кеп Оспанға жабыса түстi. Өз үйiне жетiп алған Оспан ендi төбелеске әзiрленiп, қарсы айналып:
– Ал, қайтесiң? – деп, Смағұлды жағадан ала бергенде, Абай екеуiн айырып жiберiп, Смағұлға қарады.
– Немене, не қылды? – деп едi, Смағұл қорсылдап, жылап қоя бердi:
– Құлжамды, қызыл құлжамды ұрлап мынау...
– Қашан? Әй, жылауық! – деп Оспан әуелi күлiп алып, артынан өтiрiк қорс-қорс етiп жылаған боп: "кiжiл күлжәм" деп, Смағұлды мазақ қыла бастады.
Абай Оспанға тап берiп зекiп:
– Бер құлжасын! – дедi.
Оспан:
Алғам жоқ, өтiрiк! – деп, тана бердi.
Бiрақ Абай ырық бермедi. Тiнте бастады. Оспанның тiнту бермек ойы жоқ. Барынша бұлқынып, Абайдан сытыла қашып, пеш қасына барды. Екi қолын артына ұстап, бұрышқа кептеле тығылып тұрып алды. Дәл жанында үлкен биiк шелекке ашытып қойған түйенiң қымызы бар.
Ұлжанның күз уақытында Зере мен балаларға әзiрлеп отыратын ағы осы.
Оспан әдейi сол араға тығылып тұр. Абай қыспаққа ала берсе, сол шелектiң бiр септiгiн көрмек. Тiптi болмаса шелектi құлатып, Абайдың өзiн де шатаққа ұрындырмақ. Өзiнен қайраты артық ағаға содан басқа мұның iстер дәрменi жоқ. Оспанның шатақ iздеп тұрғанын таныған Абай ендi оны сүйреген жоқ. Бiрақ қатты ыза боп, Смағұлға болысып кеп:
– Шығар шапшаң құлжаны! Көрсет қолыңды!- деп тұрып Оспанның құлағынан алып, аямастан жұлқып бұрай бастады. Оспан айғай салып шыңғыра берiп, күбi шелектiң бетiндегi асжаулықты аяғымен бiр сыдырып түсiрдi. Шелектiң өзiн қағайын дегенiне Абай жiбермедi. Сонымен келесi бiр сәтте Оспан айғайын зорайта берiп, қолындағы қызыл құлжаны қымыз iшiне «шөп» дегiзiп тастап жiберiп, екi қолын көтерiп, Абайға:
– Мiне! Ойбай! Мiне, түк жоқ! – деп, зарлап қоя бердi. Абай мұның не қылғанын байқаған жоқ едi. Бiрақ Оспанның қимылын бағып тұрған Смағұл құлжаның қымыз шелекке түскенiн байқап қалды. Ол тап берiп шелекке жеттi де, бiлегiн сыбана берiп, кiр-кiр қолын қолтығына шейiн бойлата қымыздың iшiне салып жiбердi. Жеңi де малынып, бiрге жүзiп жүр. Қымыздың iшiн салдырлатып сүзiп жатыр. Абай ендi Смағұлдың ақымақтығына ыза боп, Оспанды қоя берiп, ананы тартайын деп едi. Оспан дәл осы кезде Абайдан босай сала қымыз бетiне үңiлiп тұрған Смағұлды желкесiнен түйiп-түйiп қалып, қымыздың iшiне бет-аузы мен құлағына шейiн батырып жiбердi. Өзi және сақылдап кеп күле бастады. Смағұл құлжаны таба алмай, аузы-мұрнына қымыз кетiп, шашалып, ықылық атып, тағы бақыра тұрды. Барынша күйiп қайнаған қалпында, Оспанға жұдырық ала ұмтыла бердi.
– Әй, қуарған-ай! – деп, соған қосып аса қатты, сұмдық бiр боқтықты айтып қалды. Оспанға ұрысам деп Ұлжанды боқтаған едi. Оспан қалт етiп аңырып тұра қалды. Сасқанынан Смағұл сөзiн анықтап аңғара да алмады. Бiрақ Абай өз анасы үшiн қатты күйiп кетiп:
– Өй ақымақ! Ол оның шешесi болса, сенiң де шешең. Бұны кiм үйреттi, доңыз? – деп кеп, Смағұлды жақтан тартып-тартып жiбердi.
Осы бәленi шығарғаны үшiн Оспанды да аямай ұрды. Сонымен екi iнiсi екi жаққа бақыра-бақыра жөнелiстi. Оспан барып әжесiнiң қасына құлап түскенде, Смағұл өз үйiне, өз шешесiн iздей жүгiрдi. Оспан мен Смағұл алысу мен төбелесуден көз ашпайтын. Татулықтары сәл болса, ұрыс-таластары күн ұзын айықпайды. Бүгiн Оспан кеш батарда Смағұлға барып, екеуi бiр түрлi тату бола қалып едi.
Өйткенi, Смағұл өзiнiң барлық асықтарын төгiп, Оспанға жаңа боялған бiр арқар асығы қызыл құлжасын көрсеткен болатын.
Оспан осыны көргеннен-ақ Смағұл қасынан кете алмаған. Кеш бата үлкендердiң бәрi мал жайлағалы тысқа кеткенде, екеуi сол үйде оңаша қалған. Оспан үй iшiнiң ала көлеңке болуын тосқан екен. Жаңа iңiр қараңғысы бола берген кезде, көп асықтың iшiнен қызыл құлжаны қымқырып алып, өз үйiне қарай жөнеле берген болатын. Смағұлдың байқап қалып, iле қуғаны әлгi екен.
Абайдың көңiлiне Смағұлдың жаман сөзi зiлдей тидi. Өз анасына жаны бiр түрлi қатты ашып, үлкен бөлменiң тап ортасында тапжылмай қатып, тұрып қалыпты.
Бiр сәтте Смағұлдың бақырауық даусы қайта жақындап келе жатқанын байқады. Сол дауыспен қатар шаптығып қатты ұрсып, асығып келе жатқан кiшi шешесi Айғызды таныды. Айғыз үлкен үйдiң есiгiн сарт еткiзiп шалқасынан ашып, табалдырықтан аттай бере, Смағұлды жұлқып ұшырып, үйге кiргiзiп:
– Мә, жеңдер! Талап түтiп жеңдершi бұл қуарғанды! Жабылыңдар, мә дейiм! – деп, Абайға қатты төнiп жетiп келдi.
Абай:
– Кiшi апа! – дей берiп едi, Айғыз оны сөйлетпестен қаптап кеп:
– Әлiм жеттiк қыласың ғой! Сендер бiр шешеден төртеусiңдер, көпсiң.
– Кiшi апа деймiн! Не дегенiн сұрашы тым құрмаса!
– Керегi жоқ! Ер жеткенде бiлгенiң сол ғой! Сен де күндестiң баласы деп тұрсың ғой.
– Құдай-ай, не дейсiз? Ұрған жақсы болса, ертең оқудан келер Қалел де. Сенiң сыбағаңды берер! – деп, орысша оқуда жүрген өзiнiң үлкен баласы Қалелдi де есiне алды. Жасақтасып, төбелескелi тұрған екi күндес ауылдай.
– Ойпырм-ай, ана болғандағы ақылыңыз осы ма, кiшi апа?
– Жағаласпа, шығарма тiлiңдi! Бұлар бәйбiше, бiз тоқал ғой... Тепкi көрмекпiз ғой.
Абай өз үйiнде өз анасынан көрген мынадай әдiлетсiз зорлыққа жаман күйдi. Сұп-сұр болып, булығып, дiр-дiр еттi. Бiрақ жылаған пiшiнiн бiлдiрген жоқ.
– Түу, қойыңызшы, сiз қалай едiңiз? – деп қатты түңiлiп терезе жаққа қарай бұрылып кеттi. Сөз қатар мұршасы жоқ. Зере бұл жанжалдың бәрiн естiмесе де, Айғыздың шаптығып келген түрiне қатты ашуланған екен. Абайдың күйген ажарын да танып едi. Ендi Кәмшатты жатқызып қойып, түрегелiп келiнiне жақындап кеп, қатты ақырып:
– Жоғал әрмен, балаларымның арасына кiрiп, iрткi салып не шатып тұрсың! Шық жаның барында! – дедi. Айғыз кәрi әжеден жасқанып, кейiн серпiле бердi де:
– Тоқал демексiң, мүйiздемексiң ғой бiрiгiп ап. Көрермiн... Келсiн ертең, – дедi. Ескерткенi Құнанбай. Сұлу тоқал байына ыстық. Бел қылғаны сонысы. Бұл сөздерiн Зереге естiрте айтпаса да, Абай естiсiн деген сияқты.
Дәл осы кезде Айғыздың сырт жағынан, өте бiр сабырлы және соншалық салқын үн шықты. Ол сөйлеген Ұлжан едi. Үйге кiргелi бiрталай болса да, Ұлжан үндемей ғана барды тыңдап тұр екен.
– Қой, жарықтығым, жеттi ендi! Сақтағаным балалар едi. Олар екеш, оларды да аямағаның ба? – дедi.
– Өл де маған.
– Тоқтат, жаным! Бар! Айтқаныңды қумаймын. Тек ашуыңды аулақ әкет! Болды. Бар! – деп, жай ғана бiтiрдi. Айғыз Смағұлды қолынан ұстап, Ұлжанға бiраз қадалып тұрды да, үндей алмай шығып кеттi.
Ұлжан ақырын күрсiнiп, Айғыздың артынан қарап, бiраз жым-жырт тұрып барып, сырт киiмдерiн шештi. Қалтасынан шақпақ алып тұтатып, пеш қырында тұрған тас шамды жақты. Үй iшiн әлсiз қызғылт сәуле жарық қылған уақытта шешесi Абайдың аса жүдеп, қабағын шытып, қиналып отырған қалпын байқады.
– Абайжан, немене, балам?
– Апа-ай! Осы бiр кеселдi мiнез кiшi апамнан неге көп шыға бередi? – деп, шешесiнiң қасына келдi.
Баласы үлкен кiсiдей сыр сұрап тұр. Ұлжан өзгеден бүксе де, Абайдан iрiккiсi келмедi. Бұл баласына айта алады.
– Балам-ай, күндестiң аты күндес те! Қу жараны жалап жазған боламыз да. Әйтпесе менiң де қай сырымды бiлiпсiн! – дедi.
Абай шеше сырын iштен танығанмен айтар жауап таба алмады. Үндемей сырт айналып кеттi.
Осы кезде тыстан дабырлап, күле сөйлесiп, Абайдың үлкен ағасы Тәкежан мен Ғабитхан молла кiрiп келдi. Бұлар үйге көңiлдi, көтерiңкi шырай ала кiргендей.
Тәкежан Абайдан екi жас ұлкен. Қалжыңбас, әзiлқой болатын. Ғабитхан одан едәуiр үлкен болса да, Тәкежан тату құрбысындай күлiп, соқтығып ойнай бередi. Молданың тiлiн қылжақ қылып, мазақтап келедi екен. Ғабитхан татар жасы. Осыдан бiрнеше жыл бұрын солдаттан қашып, қазақ iшiне, Қарқаралы қазағының iшiне, келген Бертiс iшiндегi Ырғызбайдың сүйек-шатыс бiр ауылына келген-дi. Олар сол жылы Өскембайдың асы болғанда, бұл жiгiтке:
– Сен бiр мықты адамның ығында болсаң, жақсы болар, – деп Құнанбайға әкеп, таныс етiп, табыс қылған.
Ғабитхан жас та болса, молдалығы жетiк кiсi саналып, Құнанбай қолында тұрып қалған.
Мiнезi аңқау, тiлi қызық, өзi майда, сүйкiмдi адам. Бұл ауылдың үлкен-кiшiсi аса бiр ғазиз адам санап жақсы көретiн. Қылжақтай беретiн жалғыз Тәкежан.
Ғабитхан соңғы күндерде әрбiр кеште үй iшiне «Мыңбiр түн» хикаяларын айтуды машық қып алған.
Бүгiн де кешкi шайдан соң, Ұлжанның қозғауы бойынша, кеше бiтпей қалған бiр қызық әңгiмесiне «Үшсоқыр» хикаясына кiрiстi.
Бiрақ бұл кеште ол әңгiме аяқталмай барып, үзiлiп қалды. Өйткенi терезе түбiнен дүбiрлетiп, қатты жүрiп келген салт аттының дыбысы естiлiп едi. Үй iшi:
– Бұ кiм екен?
– О кiм өзi! Қатты келдi ғой? – десiп аңырып отырғанда, Жұмағұл атшабар кеп кiрдi.
Бұл амандасып болар-болмастан, кеше Тоқпамбет үстiнде болған төбелестi айтуға кiрiстi. Өзiнiң оң жақ бетiнде жара да бар екен. Онысын да және барлық кеше таңертеңнен бастап болған бастан-аяқ халдi де түгел айтты.
Зере естiсiн деп даңғырлап сөйлеп, қатты айтады. Бөжейге дүре соққан жердi құшырланып, әсiресе, сүйсiнiп айтқан тәрiздi.
Зере Бөжейге соққы тигенiн естiгенде Жұмағұлға қадалып, ызғарменен қайта сұрап, анықтап ап:
– Жанашырлық жақсының арты едi. Ардан кеткен екенсiң, түгi. Қуарған неме, оның несiн қақсап отырсын, бала-шағаның көзiнше? – деп, Жұмағұлды зекiп, тыйып қойды.
Үй iшiндегi өзгенiң бәрi де Бөжейдi соншалық үлкен, жақын санағандықтан ба, болмаса кәрi әженiң сөзiнен бе, әйтеуiр бiр түрлi тiксiнгендей боп, үндемей қалды.
Әке мiнезiн сүйсiнiп қостаған жалғыз Тәкежан болатын. Ол:
– Е, аяқтан алмасын, бiлсiн, әнеки! – дедi.
Ұлжан бұған суық қарап:
– Бықсымай, қой әрман! Өзгенiң қылғаны да жетер! – дедi. Бұл әңгiменi Жұмағұлмен бiрге кеп кiрген мосқал қойшы Сатай да тыңдаған едi.
Аздан соң ол күндiз қой жайып жүрiп өзi көрген жайды айтты. Бүгiн түс кезiнде Бөжей, Байсал, Байдалы бар он шақты кiсi Кеңгiрбай бейiтiне әдейi бұрылып кеп құран оқып, көп уақыт үйiлiп тұрысып, содан кейiн күнбатысқа – Шұнайға қарай сапар тартып кетiптi.
Атқосшыларының бiреуiмен Сатай тiлдескен екен:
– Бөжейлер Құнанбайдың үстiнен арыз айтқалы дуанға – Қарқаралыға кетiп барады. Мына атасының басына әдейi кеп, құран оқып аттанды, – дептi.
Жұмағұл мұны ести сала өз шаруасын айтты. Құнанбай Абайды шақырта жiберiптi.
Ертең ол да Қарқаралыға жүрмек. Абайды қасына ере жүрсiн дептi. Бұл хабарды үй iшi үн қатпай тыңдады да, тегiс томсарып қалды.
Ертеңiне түске жақын Абайды ұзақ жолға аттандырғалы жақындары тегiс тысқа шықты. Семiз құла жирен атты күмiс ертоқыммен ерттеп, Абайды соған аттандырғалы Жұмағұл ұстап тұр екен. Абай ең алдымен кәрі әжесімен қоштасып:
– Қош, әже! – деп келіп, екі қолымен әжесiнiң кiшкене кәрi қолын қысты. Әжесi Абайдың маңдайынан иiскеп тұрып:
– Әруақ қолдасын, жолың болсын, Абайжаным!– дедi.
Өзгелермен алыстан ғана "қош-қош" десiп, Абай атына қарай жүре бердi. Шешесi Жұмағұлдың қолынан құла жирен аттың тiзгiнiн алып, Абайды:
– Кел!– деп шақырып ап, – пiсмiлдә, –деп өзi аттандырды.
Баласы атқа қонып, жүруге ыңғайланып, тiзесiн қымтай бергенде Ұлжан өзiнiң үлкен ақ саусақтарын жирен аттың жалына салды. Бiр нәрсе айтатын сияқты. Абай осыны аңғарып, анасының жүзiне қарағанда, Ұлжан бұған бiраз көз салып тұрып:
– Балам, үлкендер бiрде тату, бiрде араз бола беретiн. "Күндестiң күлi күндес" дегендi сен бiлмей-ақ қой. Бөжекеңдi көрген жерде сәлемiңдi түзу бер. Бiр кезде жақсы жақының едi. Кiм тентек, кiм мақұл? Қайдан бiлдiң? Әкең дұшпан десе, сен әдiл бол! Жамандыққа кiм табылмайды дейсiн, жан ашырдан айрылма!– дедi.
Абай жүрiп кеттi. Артына бiрнеше бұрылып қарағанда, аналары үйге кiрмей, ұзақ қарап тұр екен. Шешесiнiң соңғы сөзi Абайдың құлағына әлi естiлiп тұрған секiлдi. Қазiрде бұның жаны ашыған тiлеулесi Бөжей.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет