Абай жолы. 1 кітап



бет2/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


I

Биыл Құнанбайдың өз ауылдары да, жақын ағайындары да күземдi елден ерекше ерте алды. Және бұрын күзеуден бiр қар жаудырмай көшпеушi едi. Қазiрде қарашаның ортасына жетер-жетпесте қыстауға қарай тартты.
Маңындағы Жiгiтек, Көтiбақ, Топай, Торғай сияқты сыбайлас отырған, аталас елдерге көшi-қон туралы жөн жосығын айтпады.
Сүйiндiк осыған қайран боп, Бөжейдiкiне түстене келiп отырып:
– Туысқаныңның бұл сырын ұқтың ба? Бұл неғып биыл дедектеп кеттi, ә? – деп едi.
Үйде Бөжей мен Сүйiндiктен басқа Түсiп бар. Кесек мұрынды, шоқша сақал, зор дауысты Түсiп, Жiгiтектiң Бөжейден соңғы басты адамының бiрi болатын. Ол:
– Бүйтпеушi едi. Бұл неғып жүр? Әлде, күзеуiнiң оты тозды ма екен? – дегенде, Бөжей бұған барлай қарады да, мырс еттi.
– Е, тәйiр, күзектiң шөбi бiтушi ме едi? Тұнып тұр, – деп Сүйiндiк, «Бөжейде бiр сыр бар-ау» деп соған бұрылды да: – Бәсе, тiптi мал тойыны да төтенше. Құлқын сәрiден қыстауға барып, қыстыгүнi несiн жейдi? Мұның күземдi ерте алғаны да осы көшi-қон есебi болды! – деп дағдарып қап, Бөжейге қарап: – Әлде сен бiлдiң бе? Айтсаңшы, – деп едi.
– Ақылдаспаса да соның көмген көмбесiн сен табасың. Күптi қылмай, мүлдем, айтсаңшы!
– Құнанбай көктемде ерте көшсе, Уақтың жерiн шаба торитын. Жайлауға ерте көшсе, Керейдiң қонысын көздейтiн. Бiрақ қысқа қарсы оның аты жетпес алыс жоқ. Әлде, Тiнейдiң сар құсындай өзiңе түсiп жүрмесе? – деп, Бөжей бiр қауiптiң шетiн шығарды да, тоқтап қалды. Сүйiндiк Бөжей сөзiнен тiксiнiп қап едi. Бiрақ, ешбiр жердiң қисыны жоқ.
– Жаным-ау, айрандай аптап, күбiдей күптен болды ғой. Жуантаяқты қуды. Әнеттен алатынын алды. Көкшенi де сырып салды. Ендi кiм қалды! Күзектегi Тақыртұмадан сонау жайлаудағы Байқошқарға шейiн отыз көш жерде ылғи соның көктемi, күзеуi, қыстауы мен жайлауы! Қоныс-қонысының арасында, тiптi, түйенiң қолтығы терлеп көшетiн жырағы жоқ қой! – дедi.
Ырғызбаймен салысса, Жiгiтекте де қоныс аз, өрiс тар. Ел ортасында өзге сөзi бiр төбе болғанда Түсiп үшiн осы жай өзi бiр төбе болатын. Сүйiндiк айтқан Құнанбайдың қоныстарын есiне алды.
– Тiптi қозы көш жер сайын бiр қоныс қой! – дедi. Сүйiндiк бұл жөнде Жiгiтекпен, әсiресе, мұңдас.
– Және қоныс болғанда қандай! Тұнып тұрған көкбастау, торғындай тұма, қасқа бұлақ, көк үйiрiм көл.
– Жайлауға барса ғой, өзге бiр ру ел бiр бұлаққа үйiлiп отырса, мұның әр ауылы ұзын аққан әлденеше өзеннен үлеседi.
– Осының бәрiн аз жылдың iшiнде басып отыр. Ендi тағы қай сыбаға!
– Бәсе, қай сыбаға десеңшi?
Бөжей мына екеуiн құр тыңдаумен отыр едi. Ендi ыза болғандай бұрыла бердi де:
– Е, е, сыбаға үлестiрушi сен екеуiң болсаң, айтарсың? – деп, қолын сiлiктi. Бұл сөздi тыңдағысы келмедi.
– Айта берсең, арман көп. Осы сары аурудан не таптың? – деп бiраз қабағын шытып, Түсiпке түйiлiп отырып: – Дәрменсiзде арман көп. Бiрақ арман азық боп па едi? Айла таппас болғанда, айттың не, айтпадың не! – дедi.
Түсiп ендi түйсiнiп отыр. «Арман» дегенi Бөжейдiң өз iшiн де жеп болған. Ши бойында осы Түсiп пен Бөжейдiң атақты атасы Кеңгiрбайдың бейiтi бар. Соның тұсындағы мол қорық – Жидебай, Барақ болатын. Құнанбай қыстау етем деп соны да алды. Бөжей сонда қатты қорланған. Өлiсiп те көрмек боп едi. Бiрақ, Құнанбай дәл осы Түсiптi шақырып ап, ебiн тапты. Түсiп Бөжейге кеп басу айтып, қолын бөгеп қалды. Соңғы жылдарда iште жүрген наразылығының көп себебi сол болатын. Со да өндiмедi. Кейiн Түсiпке талай рет зығыры қайнап, шынды атысқанда:
– Құнанбаймен сөз бiткен. Iстен басқа айла жоқ. Ер болсаң iске шыда! Ол болмаса дағдыңа бас, ұсына бер! – дей беретiн.
Мұны Сүйiндiкке де сездiретiн. Және Жiгiтек iшiндегi бiр таянышы Байдалыға да айта жүрушi едi. Әрқайсысына осындай оңашада көзбе-көзде ғана сездiретiн.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет