Қабдеш Жұмаділовтің «Қозыкүрең» әңгімесін оқыту Талдықорған қаласы «Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы»



Дата31.12.2019
өлшемі156.79 Kb.
Қабдеш Жұмаділовтің «Қозыкүрең» әңгімесін оқыту


Талдықорған қаласы

«Абай атындағы №1

орта мектеп-гимназиясы» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні

мұғалімі

Сүйгенбаева Ботагөз Қалмұхамбетқызы


Филология ғылымдарының докторы М. Хамзиннің мынадай сөзі бар: «Өткен ғасырдың сол алпысыншы-жетпісінші жылдары әдеби үдеріске имене, жасқаншақтай келген Қабдеш Жұмаділов бүгінде сарабдал қаламгер,  салмақты жазушыға айналды. Пешенесіне Қытай мен КСРО сияқты сол тұстағы қос империяның күңгейі мен көлеңкесін көру,  көріп қана қоймай, өзі бел ортасында жүрген алапат оқиғаларды жан жүрегімен түйсіну, зардабын шегу, тағдыр атты жазмыштың пендесінің маңдайына жазар азды-көпті теперішін көру – бәрі де оның қаламгер ретінде қалыптасуына алғышарттар жасады. Өзі куә болған, көзбен көріп, бастан кешкен оқиға, құбылыстар Жұмаділовтің адами болмысынан берік орын алды. Ол өз қаһармандарын қиял әлемінен іздеген жоқ, жұмыр жерді шарлап,  ғаламат оқиғаларды тізіп, өз туындыларына арқау етуге тырысқан жоқ. Оған өмірдің өзі мектеп болды, мынау пәни жалғандағы адамның іс-әрекеті, пиғылы мен ықыласынан туындайтын небір жайттар оның туындыларының өзегіне айналды». Қабдеш Жұмаділовтің 24 сәуірде 1936 жылы  ҚХР, Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында дүниеге келгендігін білеміз. Тағдырдың тар жолында елінен жыраққа кетіп дүниеге келген, бірақ елі деп соққан жүрегі бәрібір туған жеріне жетелеп алып келген жазушы «өзі куә болған, көзбен көріп, бастан кешкен» өмір туралы жазды. Жазушының шығармасын оқи отырып, басына небір «тар жол, тайғақ кешу» түскен қазақтың өмірі туралы көркем фильм көріп отырғандай боласың. Шығармаларын оқы- өткен ғасырдың басынан бергі теперіш көрген қазақтың өмірін танисың, әңгімесін оқы- тағы да жан сауғалап қашқан қазақты танисың, кейіпкерлерімен таныс-өзіңнің атаң мен апаң көп айтқан оқиғаны көргендей боласың. Туған жерден еріксіз алысқа кетіп, еліне жете алмай жүрген боздақтардың жүрек сырын, көз жасын түсіне аламын десем артық емес шығар. Менің әкем ескіше ғана сауаты бар, бірақ өте білімді жан еді. Менің әкем де (шын аты Қалмұхамбет, алғашында жеңгелері еркелетіп, содан барлығы Қалақай деп кеткен екен) Қабдеш Жұмаділов дүниеге келген жылы туылыпты. Қаны қазақ болса да, ҚХР жерінде дүниеге келген. Әкемнің туған жері жайлы талай әңгімесін естіп өстім, өз ата-бабасының туған жерден еріксіз қашып кету себебін білдім. Бала кезімде талай әңгіме айтылған еді. Соның бірі Шаяхмет деген жеті жасар баланың үдере көшкен жұртпен бірге шығып, тар шатқалда әскерлер бөліп алып қалғанда, әке-шешесінен адасып, жалғыз Қытай жеріне өтіп кеткені туралы әңгіме еді. Бір жылдан кейін тағы да қашқан ауыл жұртымен бірге әке-шешесі өтіп кеткен баласы Шаяхметті бір жылдан кейін барып аман-есен тауып алыпты. Сол Шаяхмет менің әкемнің үлкен бауыры еді. Қабдеш Жұмаділовтің әңгімелерін әдебиет сабағында өткен сайын менің есіме осы әңгіме түседі.

Қаламгер өзі туралы былай дейді: «Шынымен, менің шығармашылығым ұлтпен байланысты». Шынында да, Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларының барлығы - тек қазақ ұлтының басынан кешкен тауқыметті, тарихын сөз ететін шыншыл реализм туындылары. Жазушының шығармаларын қалың көпшілік сүйсіне оқиды. Оның шығармалары қазақтың өзі туралы, қазақы мінезді танытады, қазақы мәрттікті танытады.

Сондықтан Қабдеш Жұмаділовті оқу, оның шығармалары арқылы оқушыларға қазақтың тарихын таныстыру, қазақтың бойына сіңген мінезбен таныстыру бүгінгі күні үшін өзекті болып табылады.

Тарих ғылымдарының кандидаты Ж.А. Шаукенов: «Алаш арыстары негізін қалаған, ұлы Әуезовтер бастаған кейінгі толқын ұлт жазушылары жалғастырған қазақ әдебиетінің ұлы салқар көші жиырма бірінші ғасырда да қазіргі өркениетті әлемнің ең озық әдебиеттерімен қара таласып, болашаққа бұйда созып барады. Көш басында - қазақтың дарабоз жазушысы Қабдеш Жұмаділов»,- дейді. Ендеше, қазақтың дарабоз жазушысы атанған Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығымен танысу да біз үшін міндет.
Бір үзік сыр
Әдебиетте әр ақын, жазушыны өткенде оның өмір жолы туралы қысқаша да , толығырақ та мәлімет беріледі (әр сыныптың деңгейіне қарай). Мен өзімнің тәжірибемде ақын немесе жазушы туралы естіген, көрген әңгімелерімді, тапқан қосымша мәліметтерімді оқушыға айта жүруді әдетке айналдырғанмын. Мысалы, Сәкен Сейфуллин туралы Шара Жиенқұлованың естелігінде талай қызықты әңгімелер айтылады («Өмірім-менің өнерім» атты естелігі). Ілиястың ұлы Болатқа айтқан сөзі немесе Ілиястың қыздарының әкелері туралы естеліктері, Амангелдінің портретінің салыну тарихы мен өлтірілуі туралы тарихи деректер және т.б. оқушыны сабаққа тарту үшін жазушының өмірінен қызықты бір хикая айта білсең, бір үзік сыр таба білсең оқушыларды соғұрлым сабаққа тартуға болады. Қабдеш Жұмаділов туралы жазылған дүниелер мынадай сыр шертеді.

Қабдеш Жұмаділов 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Қазақстанға оқуға келеді. Содан кейін екі елдің арасына сызат түсіп, кейін шақырылып алынады да Қытай елі оны қуғындауға жібереді. Қуғындауда жазушы төрт жылын өткізеді. 1962 жылы қуғындаудан кейін атажұртқа қайта оралады. Қуғындауда жүрген төрт жылы жазушының өмірінде босқа өткен жылдар сияқты болып көрінеді. Бірақ, жазушы ол жақтан үлкен олжамен оралады. Ол жақтан атажұртқа жазушы «Соңғы көш» романының алғашқы екі томдығының материалдарын жинап, зерттеп, зерделеп қайтады. Екінші бір үлкен жеңісі 1962 жылы атажұртқа оралған көштің бұйдасын ұстап келуі. Әрине, көшке жетекшілік еткен адамдар көп, алайда, сол көшке дем беруші, яғни, идеологы болды. Ол кезде Қабдеш Жұмаділов жүздеген адамдардың қолы қойылған хаттарды жазып, оны тұп-тура кремльге жіберіп отырды. Ал көшірмесін Қонаевқа салатын. Осы хаттардың бәрін жазушы өз қолымен жазып, жіберіп отырды. Өйткені жазушы Алматыда оқығанда кириллицаны жақсы біледі, орысша сауаты бар. Сондықтан жұртшылық жазушыға қатты сенетін .

1962 жылы 10 сәуірде көптен күткен көш басталып кетті. Бұл көш бар болғаны 20 күнге созылды. Совет жағы Тарбағатайдың төрт жерінен бір-бір шақырымдай қашықтақта шекараны ашып тастады. Сонда негізінен Шәуешек қаласы мен осы аттас аудан, Шағантоғай мен Дөрбілжін ауданынан барлығы 200 мыңдай адам өтіп үлгерді. Алайда, Қытай жағынан қатты ультиматум қойылып, мамырдың 1 күні шекара қайта жабылды. Қаншама қандастарымыз өтіп үлгере алмай қапыда қалды. Дегенмен, мұның өзі де ұлтжанды азаматтардың қолы жеткен үлкен шаруа болды. Кітаптары мен жазған дүниелерін есепке алмағанда, осы көштің басы-қасында жүргеннің өзі азаматтық қызметінің шыңы деп есептеуге болады.

Сол ұлы көшті бастап атажұртқа өткеннен кейін ұйымдастырушы жеті адамның бірі деп, жазушыны ұстауға үкімет қаулы шығарды. Қабдеш Жұмаділовтің өзінің айтуы бойынша Қытай сақшылары үйінің қорасын қоршап алған кезде, артқы жақтағы дуалдан секіріп түсіп, қараңғыда түнімен жүріп отырып шекараға жетеді. Қасында қазіргі белгілі сатирик Қажытай Ілиясов бар. Екі империяның шекарасын бұзып өту оңайға түспеген екен.

Тағы да бір айта кететін жайт- Қабдеш Жұмаділовтің атсалысуымен Қажығұмар Шабданұлы (Қытайдағы белгілі қазақ жазушысы) түрмеден босап шығады. Қытай оны түрмеде отырғансың деп Қазақстанға жібермей қояды. Бұл игі шарада да белсенді жұмыстарды атқарғандардың бірі Қабдеш Жұмаділов болды.

Қабдеш Жұмаділовтің «Қозыкүрең» («Сәйгүліктер» повесінен үзінді) тақырыбын меңгерту бойынша әдіс-тәсілдерді іріктеу
Әр мұғалім өзінің шеберлігін байланысты сабақты әр қилы жоспарлайды. Әңгімені игерту, талдау үшін қажетті деген стратегияларды оқушының қызығушылығы мен қажеттілігін ескере отырып, таңдап, іріктеп алады. Оқушыларды топтық талқылауға тарту арқылы бірін-бірі оқытуға мүмкіндік бере отырып, топтық жұмыстың түрлерін ұйымдастыруға болады. Мәтіннің оқиға желісін үйден оқып танысып келуге де, сыныпта отырып игертуге де болады. Егер әңгіменің мазмұнын үйден танысып келуге берілсе, әңгіменің композициялық-сюжеттік желісіне талдаудың түрлерін түрлендіре отырып жасатуға болады. Оны жасату үшін , алдымен, оқушыларды топқа бөліп, постерле таратылады. Содан кейін белгілі уақыт ішінде «Пирамида» стратегиясы арқылы талдатуға болады. «Пирамида» стратегиясы арқылы жұмыс түрлері мынадай: 1.Мәтіндегі негізгі кейіпкерді бір сөзбен жазу. 2.Кейіпкерді суреттейтін 2 сөз жазу. 3.Оқиға болып жатқан жерді үш сөзбен суреттеу.4.Шығармаға төрт сөзден тұратын сұрақ қою. 5.Шығармадағы бірінші оқиғаны бес сөзбен сипаттап жазу . 6.Шығармадағы екінші оқиғаны мәселені алты сөзбен сипаттау. 7.Шығармадағы үшінші оқиғаны жеті сөзбен сипаттау. 8.Әңгіменің шешімін сегіз сөзбен шешуге, көрсету. Әр топ өзінің жасаған жұмысы топ алдына қорғайды.

Мәтінді сыныпта меңгерткен жағдайда әңгіменің ішіне әңгіме кіріп кеткенін ескеру қажет. «Болжау» стратегиясы арқылы аялдамалар арқылы оқытқан тиімді болар еді деп санаймын. Болжам жасаған сайын оқушы мәтінге құныға кіріседі. Әр аялдамадан кейін үзіліс жасап, жетелеу сұрақтары арқылы оқушымен ой бөлісіп отырған абзал. Мысалы , бірінші аялдаманы (әңгімені Төреқұлдың әңгімесінен бастаған абзал) Қозыкүреңді алып кеткеннен кейінгі оның бойындағы өзгерістер жөнінде айтылатын абзацпен аяқтату керек.

«... Арамызда Саяқбай дейтін көпті көрген, қу мүйіз қарт жылқышы бар еді, Қозыкүреңдегі өзгерісті алдымен сол байқапты».

Осы аялдамадан кейін білу, түсіну сұрақтарынан басқа оқушыларды жоғарғы ойлау деңгейіне жетелейтін сұрақтарды беруге болады:



  • Қозыкүреңнің бойында қандай өзгеріс болды (болады) деп ойлайсың?

  • Неге олай ойладың?

  • Жылқы адам сияқты ойлай алады дегенге қалай қарайсың?

...

Осылай мәтінді екі-үш аялдамаға бөліп оқытса, оқушыны сабаққа қызықтыратынымыз , тартатынымыз кәміл.

Жоғарыда келтірілген жылқыға байланысты мәліметтерді де оқушылардың қызығушылықтарына сай етіп қолдана білсе, ол жұмыс та оқушылар үшін қызықты болар еді.

Әңгіменің оқиға желісіне байланысты сұрақтарды «Жеті неге?» стратегиясын қолдану арқылы құрса, оқушыны алған білімдерін тек түсініп қана қоймай, талдау мен бағалауға дейін жеткізуге болады. Ол үшін оқушы бойында осы тапсырманы орындау машығы мен дағдысы қалыптасқан болуы керек.

Қосымша мәліметтерді пайдалана отырып, қазақтың жылқы туралы түсінігі мен ырым, мақалдарын топтастыруға да, сол арқылы басқа да тапсырмаларды орындауға болады.

Сол сияқты әртүрлі ойлауды қажет ететін сұрақтар, проблемалар, ситуациялар төңірегінде ой қорыту, өздерінің “ойларын пісіру» мақсатында стратегиясын қолдануға да болады. Мұны жүргізгенде әр түстің өзінің беретін, білдіретін мағынасын есепке алу қажет:

Ақ қалпақ – ақпараттар, фактілер

Қызыл қалпақ – ішкі сезім

Қара қалпақ – логикалық негативті ойлау

Сары қалпақ – логикалық позитивті ойлау

Жасыл қалпақ – шығармашылық ойлау

Көк қалпақ – ойлау процесін басқару. Осыған байланысты тапсырмаларды әр топқа түсіне байланысты іріктеп береміз.“Ақ қалпақты“ топқа әңгіменің желісіне жоспар жасауға немесе талдау беруге болады. „Қызық қалпақтарға“ әңгімені оқығандағы жағымды жақтары, сезімдер туралы, „Қара қалпақтыларға“ оқиғадағы жағымсыз жақтарын саралауға, „Жасыл қалпақтағыларға“ оқиғаны аяқтатуға немес болжам жасату тапсырмаларын беруге болады. „Көк қалпақтыларға“ өлең немесе кейіпкерге хат жазуға болады. Осындай жолмен әңгімені бір тапсырма аясында бірнеше топ жұмыс арқылы талдатуға болады.

Сонымен сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер мұғалім шеберлігіне байланысты түрлендіріле береді. Әр мұғалім өзінің шеберлігіне байланысты сабақта керекті стратегияларды іріктеп алып, сабақтың мақсатына жету үшін тиімді деп санағанын таңдап қолдануына болады.
"Менің өмірбаянымды қайтесің, өлеңдерімді оқысаң, бәрі де сонда тұр” деген екен бір ақын. Өз туындылары арқылы қаламгер Жұмаділов қара ормандай қалың қазағын биікке көтерді, тағдыр-талайын, адами келбетін өзгеге паш етуге талпынды, яғни жазушы халқын өсірді, халқы жазушысын өсірді.

Қ.Жұмаділов – халық азабы мен кегін, қуанышы мен қайғысын тарихи тұрғыдан жырлай отырып, оны тұлға ретінде  шабыттың шаңқай биігіне көтерген қаламгер. Ол халық болмысының күллі арналары мен тамырларын сәтті ұштастыра білді»,- дейді М.Хамзин «Мұраты биік суреткер» атты еңбегінде.

Ғылымда тарихи тамырластық, тарихи сабақтастық деген ұғымдар бар. Егер "қай дәуір туралы қалам сілтемесін, жазушы – қашанда тарихшы. Әдебиеттің басты парызы – адамзат естелігінің үзік-үзік болмауына күш салу. Шежіре арқауы жалғанбаған жерде, адамзат санасынан ғасырлар ғайып болып,  тіпті мыңжылдық жеңістер мен жеңілістер трагедиясы ұмыт қалады. Ал, жазушы адамзат зердесінің бірден-бір жоқтаушысы болғандықтан да тарихтың әлгіндей жыртықтарын романмен,  поэмамен жамайды”,- деген О.Сүлейменов пікіріне назар аудара отырып қарасақ,   Қ.Жұмаділовтің бүкіл романдары тарихи немесе тарихи сипаттағы туындылар деп кесіп-пішіп айтуға болатын сияқты

Бір қарағанда, күнделікті өмірде жиі кездесіп жататын, ұсақ, күйкі тірлікке жататын қарапайым ғана жайттар қаламгер шеберлігі арқасында аса өзекті, жалпы адамзат баласына тән ортақ мәселелерге айналған. Сол арқылы біз Қабдешті танимыз, жазушының шығармаларын танимыз.



 
Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет