Абстракт Ғылыми жұмыстың мазмұны



бет1/3
Дата11.01.2017
өлшемі448,66 Kb.
#6865
  1   2   3
Абстракт
Ғылыми жұмыстың мазмұны: Ғылыми жұмыста Мұстафа Шоқайдың ұлағатты өмір жолы, Шоқай туралы ашылмаған деректер, түркі халықтары үшін атқарған еңбектері жайлы баяндалады. Жалпы алғанда, ғылыми жұмыс тек нақты фактілерді беріп қана қоймай, жаңашылдық ретінде әркездегі түрлі ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, Мұстафа Шоқайдың өмір деректеріндегі ашылмаған тағылымы мол ерліктерін ашып көресту.

Ғылыми жұмыстың өзектілігі: Көпке дейін бірпартия жүйесінен шыға алмай келген, шыңдығын айтқанда біржақты өгей идеологиямен кеңес одағының халқын тәрбиелеп келген КСРО-ның құлауы тарихта үлкен бетбұрыс болып, оның құрамындағы он бес одақтас Республикалар тәуелсіздікке ұмтылды. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы да бар еді.

Бүгінгі таңдағы енді зерттеушілердің алға қойған міндеті деректерді сыни тұрғыдан талдап, халыққа шыңдықтың бетін ашу. Бұл тұрғыда Мұстафа Шоқайға қатысты көптеген мәселелер, әсіресе біздің зерттеуіміздің нысанасына айналған – Мұстафа Шоқайдың ашылмаған деректерін талдаудан өтіп, баспасөз беттерінде жариялануда. Сондықтан осы тақырыптың өзектілігі әлі сан ғасырлар бойы қазақ халқы үшін жоғалмақ емес. Осы заманның тарихына әлі де талай жаңалықтар қосу – болашақтың ісі.



Ғылыми жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Біздің зерттеуіміздің мақсаты соңғы кездері кеңінен зерттеліп жатқан Шоқайдың ұлағаты еңбектерін ашып, қат-қабат мәселерін қазіргі зерттеп жатқан ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, жан-жақты саралап, сол заманға сай обьективті бағасын беру.  Осы мақсатты шешу барысында мынадай міндеттер қойылады:

- Мұстапа Шоқай кім еді? Деген сұрақты талқылау және зерделеу;

- 1891 -1941 жылдары өмір сүрген алаш зиалысының қазақ тарихында алатын рөлі жөнінде жалпы ақпарат беру;

-Жаңашылдық көзқарас ретінде қазіргі заман тарихшы – авторлардың еңбектеріне сүйене отырып, Мұстапа Шоқайдын белгісіз жағдайда дүниеден өтуі жайлы ой қозғау;

Ғылыми жұмыстың зерттелу обьектісі:Мұстафа Шоқай тағлымы және ашылмаған деректері

Ғылыми жұмыстың зерттеу методикасы:

Зерттеу объективтік, тарихилық, жүйелік, салыстырмашылық және талдау мен жинақтау, даму сияқты ғылыми таным принциптеріне негізделеді.



Ғылыми жұмыстың зерттелу деңгейі: Тарих қашанда жаңалықтарын болашағынан күттіретін ғылым. Әйтсе де, бүгінгі күнде халық назарына беріліп отырған фактілер мен тарихи ескерткіштер, сондай – ақ әдебиеттерге сүйене отырып, өз заманымызда өткенге тұжырымдар жасаймыз. Мұстафа Шоқай бейнесін ұлағатты жолын ашып көрсетіп, толық зерттеп білу бір ғылыми жұмыстың еншісіне тимейді. Сондықтан, тек бүгінгі күнгі қолданыстағы фактілер мен тарихшылардың зерттеулеріне сүйене отырып тақырыпты ашуға тырыстық.

Кіріспе

     Алаш алыптары шоғырына жататын арыс­тарымыздың әрқайсысының тарихтағы орны айрықша. Әйтсе де, Мұстафа Шоқайдың өзге қайраткерлерден, замандастарынан ерекшелігі неде дейтін болсақ, ең әуелі, Мұстафа Шоқай – Түркістанның тұтастығына толық сенген, сол жолда басын бәйгеге байлаған қабырғалы да сан қырлы қайраткер. Екіншіден, Алаш арысы - көреген көсем. Көптеген қайраткерлер большевиктермен ымы­раға келуге болады деп шешкенде, Шоқай жаңа биліктің алдамшы уәделеріне сенбеген. Тіпті Ташкентте билікті қолға алған большевиктер Шоқайдың Түркістан Халық комиссарлары кеңесінің (Үкімет) төрағасы болуын сұраған. Алайда, олардың түпкі пиғылын ерте аңғарған Шоқай бұл ұсыныстан бас тартқан. Кейінірек Тбилисиде, Ыстамбұл мен Еуропада жүргенде де большевиктерден арнайы шақыр­ту алғанына қарамастан, олармен ымыраға келмеген.


     Шоқайдың тағы бір қыры, ол – қазақтың, тіпті Түркістанның тарихында саяси эмиграция­ны алғаш бастаған тұлға. Оған дейін біздің тарихымызда шет елдерге шыққан адамдар бол­ғанымен, саналы түрде, күрес жүргізу үшін эмиграцияға кеткен.
     М.Шоқай қызметін жөнімен әділ бағалау тұрғысында, бұл тақырыпқа сонау кеңес зама­ны­ның өзінде-ақ алғаш түрен салған жазушы Әнуар Әлімжанов еді. Тәуелсіз заманда тарих ғылымдарының докторлары Мәмбет Қойгелді, Көшім Есмағамбетов, Дархан Қыдырәлі, Гүл­жауһар Көкебаева, академик Досмұхамед және Тимур Кішібековтер, жазушы-тарихшы Бейбіт Қойшыбаев, зерттеуші мұрағатшы Ғазиза Исахан, жазушылар Әкім Тарази, Оразбек Сәр­сенбай, ақын Қасымхан Бегманов, Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай, журналистер Жа­рыл­­­­қап Қалыбай, Әбдімүтәл Әлібеков және бас­­қалары Мұстафа Шоқай қызметінің әр қырынан келіп қалам тартты. Бұл орайдағы жұмыстарды тұжырымдай келе тарихшы Талас Омарбеков: ғылыми жұмыстар өзімізде де, шетелде де қорғалды. Бір адамның өмірін зерт­теу­ге қатысты біраз жұмыс жасалды. Орта Азия мұсылмандарын отаршылдықтан босатып, тәуелсіз ел – Түркістан   Республикасын орнатуға бел байлады. Яғни, мұстафатану саласы ғылыми тұрғыдан алғанда бір жүйеленді.
     Ең күрделі мәселе – «Мұстафа Шоқай гитлершілермен ауыз жаласқан, азиялық тұт­қындарды кеңес өкіметіне қарсы соғысуға үгіттеп, олардан «Түркістан легионы» деген жасақ құруға қатысқан, Отанын сатқан опасыз, дұшпан» деп кеңес өкіметі таққан айып. Бұл айып шындықты бұрмалау екендігі қазір дәлелденіп отыр. Жазушы, қоғам қайраткері Ә. Әлімжанов «Мұстафа Шоқай. Ол кім?!» деген мақаласында «Мұстафа Шоқайұлы ешкімнің ақтауына мұқтаж емес. Ол өзін-өзі шығар­маларымен, ерлігімен ақтап отыр. Оны тарих пен уақыт ақтады. Түркі тілінде сөйлейтін халықтар оның өзіне лайық бағасын беруде» деп жазған екен. Әнуардай көрнекті қайрат­кердің бұл тұжырымының дұрыстығын өмірдің өзі көрсетті. Енді Мұстафа атамыздың өмір жолын, қызметін талдайық.

Ғылыми жұмысының құрылымы: зерттеу жұмысы абстрактан кіріспеден, екі бөлім, бес тармақшадан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

      


ІІ.   Негізгі бөлім

    1. Алаш зиялысы Мұстафа Шоқайдың өмір деректері

Мұстафа Шоқай (1890-1941) — Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист. Қызылорда облысының Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында Сыр өңірі қазақтары арасындағы беделді кісі ? Шоқайдың отбасында дүниеге келген. Шоқайдың әкесі Торғай Сыр қазақтары Ресей патшалығының қоластына кірмей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі, ал нағашылары Хиуа хандығын орыстардан қорғауда ерекше көзге түскен әйгілі әскербасылар болған. Мұстафа Шоқай жазу-сызуды өз анасынан жасы беске толмай жатып үйренген.Сұлутөбе станциясындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді. Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. Балқан соғысына байланысты 1912 жылы Санкт-Петербордағы қазақ, татар, өзбек, башқұрт және әзірбайжан студент-жастары арасында Түркияны қолдау қозғалысы өріс алған кезде оның арасында Мұстафа Шоқай да болады. Ол 1915 жылы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысына іріткі салу мақсатында орталық билік орындары құрған «Сират-ул-мустақим» («Тура жол») партиясына алғаш қарсылық танытқандар қатарында болып, студент жастар тобымен бірлесе отырып, зиялы қауым өкілдеріне «Сират-ул-мустақим» партиясын қолдамау жөнінде үндеу тастады. Бұл үндеу сол кезде татар тілінде жарық көріп тұрған «Сөз» газетінде жарияланды. 1916 жылы Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы жанындағы бюроға мүше болып, онда хатшылық қызмет атқарды. Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Мемлекеттік дума Ташкентке арнайы комиссия аттандырғанда, оның құрамында депутаттар А.Керенский, Тевкелевтермен бірге Мұсылман фракциясы жанындағы бюро мүшелері Ш.Мұхамедияров пен Мұстафа Шоқай болды. Жергілікті халықтың жағдайымен терең танысу мақсатында Мұстафа Шоқай Ташкентпен ғана шектелмей, Самарқанд пен Әндіжанда болып, жергілікті жағдаймен танысты. Петроградқа оралғаннан кейін өзі жинаған материалдар негізінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны туралы Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясы атынан жасалатын мәлімдеме мәтінін әзірледі. 1917 жылы Ақпан революциясы нәтижесінде патша өкіметінің құлауын зор қуанышпен қарсы алып, қалыптасқан саяси ахуал Ресей империясында ұлттық езгінің тауқыметін тартқан түркі-мұсылман халықтарының бостандыққа жетуіне мүмкіндіктер туғызады деп үміттенді. 1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-ші съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, қарашаның 15-22-інде өткен кеңестердің 3-ші съезі қабылдаған «өлкедегі барлық билік еуропалық нәсіл өкілдерінен кұралған Түркістан Халық комиссарлар кеңесіне көшеді» деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына байланысты Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қоқанға көшіп, онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісін қолға алды. 1917 жылы қарашаның 28-інде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің төралқасына басшылық етті. Осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланды. Ол сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру мәселесін қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады. Онда: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айрылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз делінген еді. Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады. Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы мамырда зайыбы Мария Горина ? Шоқаймен бірге Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге келді. Мұстафа Шоқай онда 1921 жылғы ақпанның 25-іне дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде істеді. 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды. Сонымен бірге ол «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысып, «Туркестан милли бирлиги» («Түркістан ұлттық бірлігі») ұйымына жетекшілік етті. Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топчибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді. 1929 жылдан «Яш Туркестан» («Жас Түркістан») журналын шығаруды қолға алды. Бұл журналдың алдына қойған міндетін Мұстафа Шоқай: «Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән-мағынасын сол күйінде әлсіретпей «Яш Туркестан» беттерінде бере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік», деп сипаттады. Ол «Яш Туркестанда» Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және 2-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар, т.б. тақырыптағы қоғамдық-саяси мәні өткір зерттеу мақалаларын жариялады. Оның атсалысуымен жарық көрген басылымдарда тек Түркістан өлкесі ғана емес, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық бойы, Қырым халықтары жөнінде қоғамдық-саяси мәні бар материалдар басылып тұрды. Мұстафа Шоқай Орталық Азия кеңістігінде ұлттық-аумақтық межелеу негізінде бірнеше кеңестік республикалардың өмірге келуін құптаған жоқ. Ол большевиктер бұл өлкеде бөле отырып билеу саясатын ұстанып отыр деп түсінді. Ал республикаларды «ұлттық» емес, «ұлыстық» республикалар ретінде қабылдады. Түркістанда кеңестік биліктің орнауы және оның қызметі, іске асырылған жер-су реформасы, мемлекеттік мекемелерді жергіліктендіру, байлар меншігін тәркілеу, көшпелілерді отырықшы тұрмысқа көшіру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселелерін талдауда нақтылы мәліметтерге жүгіне отырып, тоталитарлық жүйені сынға алды және оның солақай саясатын әлем жұртшылығына паш етті. Кеңес өкіметі басшылығына Мұстафа Шоқай сыны өте жайсыз тиді. Сондықтан да кеңес өкіметінің үгіт-насихаты Мұстафа Шоқай сынына қарсы мақсатты түрде жұмыс істей бастады, ал бұл істің басында И.Сталиннің өзі тұрды. Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде фактілік материал ретінде пайдаланылған түркістандық қазақ және орыс тіліндегі басылымдарды кеңестік билік орындары қатаң бақылауға алды. 1925 жылы мамырдың 29-ында И.Сталин РК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған хатында «Ақ жол» мен ақ гвардияшыл эмигрант Мұстафа Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын жазды. Мұстафа Шоқай қайда және қандай ауыр жағдайда жүрсе де бүкіл түркі-мұсылман халықтарының қамқоршысы болуға тырысты. Түркі-мұсылман халықтарын «Батыс Түркістан», «Шығыс Түркістан» немесе «Орыс Түркістаны», «Қытай Түркістаны» деп бөле қарауға қарсылық танытты. «Тұтас Түркістан» идеясын, түркі халықтарының бірлікте болуын насихаттады. Ұлттық езгідегі түркі-мұсылман халықтарының азаттыққа қол жеткізуі мен өзіндік құндылықтарын сақтап қалуы олардың өзара ынтымақтастығы мен бірлігіне байланысты екендігін дәріптеді. Эмиграциядағы түркі-мұсылман қайраткерлері арасындағы ұлттық мүддені жалпы түркілік мүддеден жоғары қоюшылармен қызу пікірталасқа түсті. 1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Түрмеден босаған оны неміс-фашистері түркістандық соғыс тұтқындарынан құрылуға тиіс Түркістан легионын ұйымдастыруға тартпақ болды. Мұстафа Шоқай бұл ұсынысты соғыс тұтқындарының жағдайын жақсарту үшін пайдалану жолдарын қарастырып, нақтылы әрекеттерге барды. Бірақ көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді. Мұстафа Шоқай Түркістандағы кеңестік биліктің отаршылдық сипатын алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған, түркі халықтары тарихында жаңа интеллектуалды көкжиекке көтерілген қайраткер болды. Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескерткіші қойылған.

 


    1. Танымал саяси дода ортасында

Шоқайдың саяси күресінің ең маңызды құралдарының бірі – баспасөз болып табылады. Ол саяси идеяларын тарату құралы ретінде газет-журналдарға әрдайым үлкен мән беріп, күрес жылдарының кезеңінде мақала жазып отырған. Шоқай мақала жазумен ғана шектелмей, Түркістанға қатысты жеке газет немесе журнал шығаруға да күш жұмсады. Әйтеуір, Шоқайдың баспасөз саласынан сырт қалған кезеңі жоқ десе де болғандай.

Шоқай студент кезінен-ақ баспасөздің қоғамның саяси және мәдени өміріне тигізер ықпалы мол, пәрмені күшті екендігін байқаған еді. Сол себепті ол кейінгі кезеңдерде баспасөз тірлігінен қол үзбеген. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Түркістанда атқарған қауырт саяси жұмыстары кезінде де мақала жазуға уақыт бөлді. Ол Ташкентте Ұлттық орталықтың төрағалығымен қатар «Бірлік туы» газетін басқарып жүрді. Большевиктер Түркістанға өз биліктерін орнатқаннан кейін Тбилиси мен Бакуге барып уақытша тұрақтағанда баспасөзге мақала жазумен қатар журналдар да шығарды. Тбилисиде біреуі түрік тілінде және екіншісі орыс тілінде екі газеттің шығуына мұрындық болды. Тбилиси большевиктердің қолына өткеннен соң, Стамбулға кетіп бара жатып жолшыбай біраз күн Батумиге аялдады. Бір жергілікті газетке Тбилисидегі саяси жағдайға байланысты бірнеше мақала жазып үлгерді. Содан ағылшындардың қол астындағы Стамбулға өтіп, бірнеше апта «Таймс» газетіне мақалалар беріп тұрды.

Шетелдердегі өмірінің соңғы аялдамасы – Париж қаласында Шоқайдың саяси шығармашылық тәжірибесінің шырқау шегіне жеткені байқалады. Оның мақалалары орыс, француз, түрік және ағылшын тілдерінде шығатын әр түрлі газет-журналдарда басылды. Сондай-ақ, екі журналдың жарыққа шығуына жетекшілік етті. Стамбулда «Йени Түркістан» атты журналды З.У.Тоғанмен бірге ТҰО-ның баспасөз органы ретінде жариялады. Кейіннен Түркістан мәселесі тақырыбын терең әрі батыл қамыттаған «Яш Түркістан» журналын жарыққа шығарды. Журнал шет елдердегі ресейлік түркі халықтары өкілдерінің II дүниежүзілік соғыстан бұрын ұзақ уақыт шығып тұрған және ең ықпалды баспасөз органдарының бірі ретінде тарихта із қалдырды. Бұл жетістікке кездейсоқ қол жеткізілген жоқ. Ол Шоқайдың студенттік жылдарынын бастап баспасөз саласында жинақтаған тәжірибесінің бір жемісі еді. Шоқай мақала жазу әдетін II дүниежүзілік соғыстың ең қызып тұрған күндерінің өзінде де тастамады. Шоқай өз өмірінің ең қасіретті, ауыр күндерін бастан өткерген тұтқын лагерьлеріндегі жұмыстары кезінде де естеліктері мен алған әсерлерін қағазға түсіре білді. Міне, тап осы кезеңде, немістерге Түркістанның мәдени және философиялық қырын таныстыру үшін «Түркістан» атты мақала жазды. Бірақ Шоқай бұл мақалаларын басып үлгерместен қайтыс болды. Осы екі қолжазба мақала оның соңғы мақалалары болды. Мария жұбайының баспасөзге ынта-ықыласын жақсы білгендіктен, кейіннен бұл мақалаларды жариялады. Сөйтіп, Мария әрі Шоқайдың мұрасына құрметпен қарап, оның қиын-қыстау кезеңдердегі ой-сезімдерінің із-түссіз жоғалып кетуіне жол бермеді.

Шоқайдың баспасөз саласындағы қызметі туралы осы жалпы мәліметтерден кейін, оның алғашқы атсалысқан газеттері «Бірлік туы» мен «Улуғ Түркістаннан» бастап шығармаларына шолу жасауымызға болады.



 

«Бірлік туы» – «Улуғ Түркістан» (Ташкент)

Ташкентте 1917 жылдың маусымында шыға бастаған «Бірлік туы» газеті Шоқайдың алғашқы газет басқару тәжірибесі болып табылады. Газет Ташкентте тұратын қазақтар құрған «Ықтият одағының» баспасөз органы еді. Аптасына бір рет шығып тұрған газеттің баспасөз саясаты – Түркістан халқының ынтымақтастығын қамтамасыз ете отырып, саяси таным-түсінігін толықтыру, осылайша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына дайындалу еді. Газет осы орайда Бөкейхановтың жетекшілігіндегі «Алашорда» қозғалысының баспасөз органы «Қазақ» газетімен үйлесімді әрекет етті. «Алаш» қозғалысына қарсылардың бірі – Сәкен Сейфуллин Түркістандағы қазақ зиялыларының Ташкенттегі «Бірлік туы» газеті арқылы «Алаш» қозғалысына қолдау көрсетіп, кеңес өкіметінің саясатын сынағандықтарын айтады.

«Бірлік туы» жарыққа шықпас бұрын Ташкент қазақтары үшін 1916 жылдың 26 қарашасынан бері «Алаш» деген газет шығып тұрған еді. Оны Көлбай Төгісов басқарды. Бірақ газет Ташкенттегі қазақтардың талап-тілектерін тілге тиек етуде табысты бола алмады. Бұл жағдай уақыт өте келе Ташкенттегі қазақ зиялыларының наразылығын туғызды. Олардың кейбіреулері наразы бола тұра, газет басшылығына қол ұшын беруді ұсыныс етті. Бірақ бұл ұсынысты Тоғысов қабылдамады. Сондықтан, ташкенттік қазақ зиялылары Мқстафа Шоқай мен Сұлтанбек Қожановтың төңірегіне топтасып, «Ықтият одағын» құрып, ұйымның баспасөз органы ретінде «Бірлік туы» газетін шығаруға шешім қабылдады. Сөйтіп, «Алаш» газетінің шығарушысы Тоғысовтың зиялылардың жәрдем ұсынысын қабылдамай тастауы «Бірлік туы» газетінің дүниеге келуіне себеп болды. Газет басшылығына Шоқай сайланды. Шоқай Ташкенттен кеткеннен кейін газетті басқаруды Қожанов мойнына алды. 1918 жылдың орта шеніне дейін отыз шақты саны жарық көрген газет Түркістан большевиктер қолына өткен соң жабылды.

Түркістан өлкесі мұсылмандары Ұлттық орталығының баспасөз органы ретінде 1917 жылдың сәуір айынан шыға бастаған «Улуғ Түркістан» газетіне қазан татары Фатих Керими басшылық етті. Шоқай бұл газеттің редакция алқасының құрметті мүшесі болды әрі мақалалары басылып тұрды. Редакция алқасында Шоқайдан басқа Молла Гази Юнус Мұхаммедұлы. Нуреддин Сейфүлмүліков, Лүтфи Әбубәкір, Мұхтар Бәкір және Халеф Толак бар еді. Алты мың тиражбен шығатын «Улуғ Түркістан» сол кездегі әжептәуір ықпалды газет екенін айтуға болады. Газет 1918 жылдың көктемінде кеңес органдары тарапынан жабылды. Шоқай бұл газеттің 1917 жылғы 30 сәуір күнгі санында шыққан мақаласында Түркістан халқының татар, сарт және қазақ болып жіктелмей, түркілік және мұсылмандық шаңырағы астында бір жеінен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақтасу қажеттігін баса көрсетеді.

«Улуғ Түркістан» мен «Бірлік туы» газеттерінің ұстанған саясаты бір-біріне үйлесетін еді. Екі газеттің арасында әрғандай бір келіспеушіліктің болуы да мүмкін емес еді. Өйткені «Бірлік туын» басқарып тұрған Шоқай, сонвмен қатар, «Улуғ Түркістан» қарайтын Ұлттық орталықтың да төрағасы қызметін қоса атқарды. Олай болса, екі газеттің де баспасөз саясатының белгіленуінде Шоқайдың маңызды рөл атқарғандығын айта кету керек.

 

«На рубеже» – «Шафик» (Тбилиси)

         1919 жылдың сәуір айында Тбилисиге келіп, 1921 жылы ақпан айының ортасына дейін осы жерде тұрған Шоқай осы мерзім ішінде орыс тілінде «На рубеже», «Шафик» атымен түрік тілінде екі газет шығарды. Бірақ бұл екі газеттің де өмірлері қысқа болды. Шоқай бұл газеттерді Тбилисиде болған күндерінің соңғы алты айында шығара бастаған еді. Ол бұдан бұрын Тбилисиде шығып тұрған дағыстандық Ахмет Салиховтың «Вольный горец» және «Борьба» газеттеріне мақала жазуын жалғастырды.

Сонымен қатар, «Шафак» газетінде түріктердің армяндарды қырып салғаны туралы өзінің тұжырымдарын қорытып, мақалалар да жазды. Әсіресе, Тбилисиде белең алған әсіре сілтеушіліктерге қарсы түрік жағы берген мәліметтер арқылы жауап беруге тырысты.

«Шафак» газеті 1920 жылдың желтоқсан айынан бастап шыға бастады. Шоқайдың мақалалары жүйелі түрде жарияланып тұрған «Вольный горец» газеті 1920 жылы 31 желтоқсан күні «Шафак» газетінің алғашқы саны жарық көргендігін оқырмандарына хабарлады. Аталмыш газеттің хабары бойынша, «Шафак» газеті Тбилисидегі мұсылмандардың жаңа бір басылымға деген қажеттілігінен туды. Хабарда, сондай-ақ, газеттің ешқандай партияға тәуелді емес екені, бейтарап демократиялық бағыттағы газет екені және оның басты тақырыбын ұлттық мәдениеттің құрайтындығы баса көрсетілді.

«Шафак» пен «На рубеже» газеттерінің жұмыстары большевиктердің Кавказды жаулап алуынан кейін тоқтап қалды. Алты-ақ саны жарық көрген «На рубеже» Грузия өкіметінің материалдық көмегі арқылы шығып тұрды. Түрік тілінде шыққан «Шафак» Тбилисидегі түрік қоғамының жәрдемімен жарияланды. Шоқай «На рубеже» газеті арқылы Грузия өкіметі кеңес билігінің қарсы ұлт-азаттық күресін қолдаса, «Шафак» газеті арқылы Анатольяда Мұстафа Кемалдың жетекшілігінде одақтас мемлекеттерге қарсы жүргізіліп жатқан ұлт-азаттық күреске қолдау көрсетті. Бұл мәселеде ұлт-азаттық күштерінің Тбилисидегі өкілі Қазым «Дирик» пашамен жақын қарым-қатынаста болды. Қазым пашадан Анадолыдағы күрес туралы алған мағлұматтарын «Анатолья хаттары» деген атпен жариялады. Бұл мақалалар оқырмандар арасында үлкен қызығушылық туғызды.


Каталог: uploads -> doc -> 0d22
doc -> Сабақ тақырыбы: Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романы Сабақ мақсаты: ҚР «Білім туралы»
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0d22 -> Сабақтың мақсаты Есту мүшесі құлақтың маңызы, қызметі және құрылысы жайлы мағлұмат беру. Сабақтың түрі: ашық сабақ
0d22 -> Тақырыбы: «Жұртына білім сыйлаған»


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет