Ай қанатты арғымақ



бет3/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

- Сәләмәт бол, Құдайберген. Бүгін бірінші болып өзің есік аштың, төрлет. Балалар, қысылмаңдар. Жоғары шығыңдар, - деді сыпайы, жұмсақ дауыспен.

Домбыра тартып отырған қызыл шырайлы бала қағылып орнын бере бастады.

- Қысылма, Әміре, тарта бер. Әрі шөлдеп, әрі сенің дауысыңды сағынып келдім. Және мына балаларды сусындатып алайын деп ойладым, - деген сөздерді Құдайберген неге екені белгісіз, Ақтамаққа көзін қадап отырып айтты.

- Бұлар қай балалар? – деп сұраған Ақтамақ сырлы тостағандарға тез-тез қымыз құя бастады. Екі бала жөн-жосығын айтқан соң: - Е, өзімнің бауырларым екенсіңдер ғой. Суық еттен жеңдер. Әбден шөлдеп қалыпсыңдар, - деп жылы қабақ білдірді.

Қонақтарының сусыны қанып, көңілдері жайлана бастағаннан кейін Ақтамақ ақырын күрсініп қойды:

- Е,Құдайберген, Ақтамақтың баяғы күні бар ма? Тасболат барымтада мерт болған соң, үш-төрт жыл қара жамылып, зар жұтіп, запыран құсып отырдым. Жара жазылмайды екен, өлген тірілмейді екен. Сірә, Тасболаттың күйігі менімен бірге өлетін шығар. Өзің білесің, Тасболаттың тірісінде ойын-күлкі, қуаныш-той бізде еді ғой. Қымыз сатып пайда көргенімізден, ер-азамат, өнерпаздармен дидарлас болғанымыз әлдеқайда мерей еді. Өзің талай көрдің, алды Мәди батырдан тартып, Әсетке дейін біздің үйдің қонағы еді ғой. Енді жесір қатын, жарым көңіл мен сорлы кімді мейман етпекпін? Тасболаттың аруағы тебіренсін деп осы жолы әдейі арнап келіп отырмын. Қымыз сатпаймын, кім келсе де есігім ашық. Тасболат жақсы көрген әндер айтылып, күйлер шертілсе, сол құлақ салған сөздер айтылса екен деп келдім. Анау Қояндының биігіне Тасболаттың көзімен қарағым келеді, Тасболат түскен Талдының өзеніне бетімді шаям. Менің бұл отырысым, бар сырым осы, Құдайберген, - деп Ақтамақ сөзінің аяғын көзі боталап аяқтады.

Түйіліп, түнеріп отырған Құдайберген мұңды дауыспен:

- Е, Ақтамақ, тіршілікте армансыз, қайғысыз, өкінішсіз пенде бар деймісің. Сабыр ет. Ендігі тілеуді Тасболаттың артында қалған күшіктеріне арна, - деді.

- Ол сорлының тұқымы қайбір өскен дейсің? Тіпті жаман да болса жалғыз тұяқ қалмады ғой. Мына жиені Әмірені құдай аман сақтасыг деп тілеймін. Осыны тіл-көзден, пәле-жаладан, тағдырдың қаһарынан сақтасын, тәңірім. Қой, мына Жұмат пен Бақтияр қайдағы жылауық албастының моласына келдік деп, шошып қалмасын. Келесі жолы бас сұқпай қояр. Мен не деп тантып кеттім. Қойдым енді. Қойдым. Кәні, қымыз ішіңдер. Ал, Әміре, мына ұлдарға, Құдайберген ағаңа бір-екі ауыз ән шырқап жіберші, - деп Ақтамақ көзіне келіп қалған жасын сүртті.

Қызыл шырайлы Әміренің жасы өздерінен үлкен болар деп шамалады Жұмат. Бақтияр секілді ұзын, толық емес, арық та емес, денесі төртбақ, шомбал біткен Әміре жауырыны қақпақтай, ерні салбыраған, басы үлкен көрінді. Шанағы сегіз қырлы домбырасының дауысы күңіреніп, күмбірлеп шығады екен. Жұмат өзінің нағашысы берген қызыл күрең домбырасына ұқсас үндерді тауып отыр. Кенет Әміре ащы дауыспен шырқап келіп жіберді. Аспанға зуылдаған жебе атылып шыққан секілді. Әлі кетіп барады. Заулап тартып барады. Жолындағы кедергі атаулыны жарып-тесіп өтіп барады.

- Мынау қайтеді-ай?! – деді Бақтияр.

- Айналайын, дауысың дауыс-ақ екен, - деді Құдайберген.

- Шерімді бір тарқаттың-ау, мың жаса, құлыным, - деді Ақтамақ.

Жұмат тіл қатқан жоқ. Көзі бақырайып, аузы ашылып, Әміреге қарап, телміріп сұқтанғандай болып, ұмсына берді. Біраздан кейін ғана:

- Ойпырмай, - деді.

Аспанға шырқап, бұлттан асып, өрлеп жәрмеңкедегі мың сан дыбыстан озып, ең биікке шығып тұрып алған тамаша дауыспен айтылған “Жанбота” әні аяқтала бергенде, әркім-әркім киіз үйдің есігін ашып қарай бастады. Сырттағы дабыр-дұбыр сан-саққа жүгіріп жатыр.


  • Кім екен өзі?

  • Қайдан келген әнші?

  • Сұмдық дауыс қой.

  • Тасболаттың жиені көрінеді. Шіркін, тұқым дегенді қойсайшы. Әйтеуір бір жерден бұрқ етіп шыға келеді.

- Қой, үйге кіріп тыңдайық...

Әміре Бақтияр мен Жұматқа “Көрдіңдер ме, мен осындаймын. Сендерде не қасиет бар?” дегендей көзінің астымен түйіліп қарап қояды. Саусақтарының жуандығымен домбыраны сұлу шертуі үйлеспейтін секілді. Үйге кірген үш кісінің қоңқақ мұрынды біреуі малдас құрып жайғасып отырған соң:

- Қымызшының үйі ме десек, балардың қосы екен ғой, - деді, қомсынғандай болып күле сөйледі.

- Тақымыңызға толмай тұр ма? Әзірге бала қонаққа мәзбіз. Мына екі ұлым Жұмат пен Бақтияр майлы аяқ па дедім. Осылар бастаған соң, қонақ келе бастады. Отағасы, ескертетінім біреу-ақ, бұйырған дәм, қымыз болады, бірақ бұл қымызшының үйі емес, - деп Ақтамақ әлгі кісі үстелге қойған сарқұлақ ақшаны өзіне қайтарды. – Жөн сұраса отырайық.

- Зайсан, Тарбағатай жағынанбыз.

- Жетісу өңіріненбіз.

- Жайық бойынанбыз.

Құдайберген үшеуіне де көз тоқтатып қарап:

- Үш арыстың баласы жиналған екен. Мен жөн айтайын. Мына Ақтамақтың күйеуі Тасболат деген батыр, әнші жігіт еді. Ел арасының кикілжің, тартысында бір барымта тұсында оқыстан мерт болған. Сол азамат осы жәрмеңкенің көп қызығын өзі бастап өткізуші еді. Қазбалап қайтейін, өткен нәрсе өтті. Мына Ақтамақ сол Тасболаттың, есіл ердің от жаққан ордасы дегізейін деп үй тіге келіпті. Бие сауып, мал сойып, қонақ күтем дейді. Әлгі қымызшы емеспін, пұлдарыңызды алмаймын деген сөздің мәнісі осы, - деп барып тоқтады.

Үш кісі қымызға тойған соң бөгелмей кетіп қалды.

Үй іргесінен шауып өткен тұяқ дүбірі, шіңкілдеген бала дауысы естілді.

- Құлағың сал, ағайын! Құлағың сал, жамағат! Ертең бәйге, төбе басында ат жарыс болады. Тай жарыс, құнан жарыс, ат жарыс! Қапы қалма, бәйгеге қос жүйрікті! Ертең – бәйге!

Бақтияр Жұматқа қарап қояды. Шөл қанды, ішіне ел қонды, - енді кеткісі де келіп отыр. Осы кезде толық екі беті нарттай, басында қара барқыттан тіккен қатырма тақиясы бар еңгезердей Құдайберген:

- Шіркін, жүйрік ат деген, сері Ақан айтпақшы, ер қайрағы ғой. Тегінде, ер-азаматтың бағы да, соры да аты мен қатынына байланысты. Мына балалардың құлағында қалсын. Ұлы жүз ішінде, өрдегі Албан жұртында болған бір әңгімені осы жәрмеңкеде естіп едім, соны айтып берейін, - деді де бір тостаған қымызды ішіп алып, сөзін жалғады:

- Сендерге қалай ұқтырсам, дұрыс болмақ? Қасиетінен айналайын, мына тұғырларды Қоянды, Тоқпан тау дейміз ғой. Алатау елі үшін бұл төбе, адыр. Енді ол Қояндыны бірінің үстіне бірін шығар, сонда Алатау болады, - Құдайберген үш балаға кезек-кезек қарап қойды.

“Қоянды, Тоқпан тау емес деп отырғаны алжығаны ма?” деп ойлады Бақтияр.

“Бұл аға кейбір дыбысты неге ащы айтады екен?” деп ойлады Әзиз.

Қанша қиялдаса да Жұмат бірінің үстіне бірі мінгескен он Қоянды тауын көз алдына келтіре алмай қойды. Олай болған күнде, жарты аспан жабылып, дүние қараңғыланып қалатын сияқтанды.

Құдайберген:

- Албан енді аспан зәулім, төбесі көк тіреген тауларды мекендейді. Биік-биік шыңды таулар көмкеріп тұрған дәл осы Қояндының жазығы секілді ғажап жайлаулары бар. Қысы-жазы ерімейтін мәңгі мұзының бауырынан жаратылған бұлақтары лақша секіріп отырып, біріне-бірі қосылып, өгізше өкірген өзендерге айналады. Ол өзендер ашуланған кезде, осы өзіміз отырған киіз үйдей тастарды оймақтай лақтырып, допша домалатады, - деген кезде үш бала пейілмен тыңдап отырды.

“Неткен бөспе, мақтаншақ едің” деді іштей Бақтияр.

Әміренің құлағына өгізше өкірген өзеннің дауысы келді.

Алпысбай нағашысы айтушы еді “Ақыр заман болғанда, таулар құлап құмға айналады, шөлдер төңкеріліп теңіз толқиды”. Мынау сондай сурет шығар деп топшылады Жұмат.

- Алты ай қыста қалың қар түсіп, асуларды жауып, жолдар кесіліп, ауыл мен ауылдың арасы қатынаса алмай қалады, - деді Құдайберген қымыздан тағы бір жұтып қойып. – Малды мал, адамды адам сағынады. Сонда жаз жайлауда шұрқырап қосылып қимай айрылысады. Ат жарыстарды, палуан күрестіреді. Жүйріктің аты, жігіттің даңқы шығады. Бір озған ат тағы озса, бір жыққан жігіт әмсе жықса деп тілейді. Аттың тұяғы тозады, батырдың буыны босайды, - өмір бір орнында тұрар ма? Бірақ пенде шіркіннің қанағат, тәубасы аз ғой. Болған үстіне бола берсін, және бәрі менікі болсын дейді ғой.

Хош, бәйге ат жөнінде әңгімені айтам деп отырып, басқа сарынға түсіп барамын.

Кім дәл айтсын, сірә, осыдан жүз жыл шамасы әріде Дәурен деген бай өтіпті. Дәулеті ылғи көк ала жылқы екен. Басқа түсті малды өзгеге беріп жібереді, не сойысқа салады. Айғырлары үйірінен шығын бермейді, азуын айға білеген көкжал қасқырларды тепкілеп отырып, қуып тастайды екен. Бақ қонғанда, оны күзететін ырыс, береке, бірлік қоса бітпей ме?

Сол Дәурен асарын асап, көрерін көріп, жасарын жасап, жасы тоқсанға іліккенде: “Бұл ғұмырда арманым жоқ. Тәңірім тілегімді қабыл алып, сұрадым – мал берді, сұрадым – нәсіл, ұрпақ берді, ұлым – Ұрымда, қызым – Қырымда отыр. Қыран құс, жүйрік тазы, бәйге ат – тіршіліктегі көз қуаныш, көңіл жұбанышым болып еді. Үш жүзге сауын айтып, хабар беріңдер! Биыл жазда Ақ саздың жайлауында тіршіліктегі соңғы қызығымды көрейін. Ат жарыссын, палуан күрессін”, - дейді.

Осы тұста Ақтамақ:

- Пой, жарықтық-ай, - деп қалды. Қашан қуырып үлгергені белгісіз, ащы, қара қуырдақ алып келді:

- Қаймаққа қуырғансыз ба, тіл үйіріп барады, - деді Бақтияр.

- Ас болсын, қарбытып алыңдар, - деген Ақтамақтың өңінде жадыраған, жылы шырай бар. - Өй, ұлдар, қысылмаңдар. Әңгімені тамаққа тойып алып, тыңдаған жөн болады.

Қуырдақты жеп, қымызды іше отырып, Құдайберген әңгімесін жалғастыра берді:

- Содан, жарықтықтың соңғы тілегін орындау қамына кіріседі. Бірталай өңірге хабар жеткен соң, Дәурен ақсақалдың екінші кесігін жариялап, тағы шапқыншы кетеді: “Жеті жүйрікке бәйге бар: бірінші келгенге – жүз жылқы; екіншіге – жетпіс бес жылқы; үшіншіге – елу жылқы; төртіншіге – отыз жылқы; бесіншіге – жиырма жылқы, алтыншыға – он бес жылқы; жетіншіге – он жылқы. Барлығы – жүлдеге үш жүз жылқы тігіледі. Бәйгеге үш жүз жүйрік қосуға ұрықсат”.

Дәурен ұрпағы өскен, немере-шөберелерінің өзі жеке-жеке ауыл болып кеткен, қордалы, жан-жақты тамырын тереңге жайған кісі екен. Мына хабар шар-тарапқа мәлім болғанда, кейбір балалары қабақ шытып: “Әкеміз қартайғанда ел-жұртқа, алты алаштың баласына күлкі болайын деді ме? Қасықтап жинаған дәулетін, о дүниеге аттанайын деп отырып, ұрпағы, нәсілі, мұрагері жоқ кісіше желге шашып жіберейін дегені не қылғаны екен”, - десіп ақырында іштеріңдегі бас көтере, сөз ұстаған үлкенін әкелеріне жіберіпті. Оның айтқаны: “Әке, сауын айтыңдар, бәйге берем дедің, айтқаныңа көндік. Келген-кеткен қонақты күту, ат-шапан, сойыс – бұлардың өзіне талай мал кетейін деп отыр. Оның үстіне өзімізден шығарып, қосатын қылқұйрық жоқ; ылғи сенімсіз, көздің үмітін ғана қытықтап жүрген, саасы беймәлім, санда ғана жүрген жүйріктермен үш жүздің басы қосылатын ұлы дүбірге барып, мәсқара боламыз, әке. Мынадай бұрын естіміген көп жүлде үшін кімнің көзі қызықпайды дейсіз. Табаны қызса тай озар, арқасы қызса, ат озар, тегіне тартса, тұлпар озар, небір сәйгүлік дүрілдеп шыққанда, масқара болып, жерге қарап қаламыз ғой, әке. Әйтпесе, тәйірі, үш жүз жылқыны бір боранда бір сайда бір ұялас қасқыр да қырып салушы еді ғой. Балаларыңның сәлемі осы”. Сонда Дәурен айтты дейді:

“Тоқ етері, сендерді қинайтын намыс па, мал ма? Аларда алман да жалман, берерде безгек пен түйнек боп отырсыңдар ма?


  • Айттым ғой, намыс деп.

  • Ендеше, Көкқасқа атты әкеліңдер жылқыдан.

  • Ойбай-ау, әке-ау, қартайды ғой, лақса-лақса.

  • Әкеліңдер дедім, әкеліңдер. Өзім жаратам. Екеуіміздің ең соңғы қызығымыз да, мазағымыз да осы шығар”.

Сөйтіп, сөз тамам болады.

Әкелерінің айтса бір бетінен қайтпайтыны белгілі. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры шешкендері: Көкқасқаны әкесінің қолына әкеп табыс етеді, өз беттерімен Дәурен ұрпағы болып жеті атты және жарата бастайды.

Ал Дәурен болса, қасына үзеңгілес ескі көз, үш досын ертіп, Алатаудың жан баспайтын терең сайына көшіп барып, Көкқасқаны баптаудың қамына кіріседі. Дәурен айтыпты:

- Көкқасқаның суып қалған қанын қыздырып, жақсы күндеріндегідей жүрегін соқтыру сенің мойныңдағы парыз, - депті қаршығадай ғана кішкентайлығы үшін Бармақ шал атанған досына.

Дәурен айтыпты:

- Көкқасқаның жарыла бастаған тұяғын қорғасын құйғандай бәйгелі күндеріндей етіп шығару сенің мойныңдағы парыз, - депті іліп түсер өткірлігі үшін Қармақ шал атанған досына.

Дәурен айтыпты:

- Көкқасқа шапқан кезде үстінде отырған бала соққан желден жаурап кететін болсын. Сол сенің мойныңда парыз, - депті қолды-аяққа тұрмайтын шапшаң жүрісі үшін Қаңбақ шал аталған досына.

Төртеулеп жүріп, Көкқасқаға тамыр шөп жегізіп, ақ биенің сүтін ішкізіп, тас бұлауға түсіріп жаратыпты. Бұл кездерде тамақ істеп беретін бақыршыдан өзге тірі жан бұларды көрмепті.

“Шіркін-ай, деп ойлады Жұмат. Желжиренге осыларды жасар ма еді. Тамыр шөп деген немене екен? Біздің жерде ол өсе ме? Құдайберген ағадан сұраса, әңгімені бөлдің деп ренжиді ғой. Неге ақ биенің сүтін береді? Белдері құяң болғанда кеншілер тасты қайнатып, пора-пора терлеуші еді. Атты да солай терлететін болған-ау, шамасы”.

Бақтияр ойлайды: “Барлық шабатыны үш жүз ат. Тігілген бәйге үш жүз ат. Жеті атқа дейін жүлде беріледі. Дәулеттің үш досы бар. Үш, жеті, үш жүз – басқа санды неге таңдамаған”.

“Үш жүз ат бірден шаба жөнелгенде қандай жолға сияды, қандай шаң көтеріледі, қандай дыбыс шығады”, - деп ойлады Әміре.

- Сонда, - деп дауысын кенеді Құдайберген, - айы, күні толып, уәделі мерзім жетеді. Ақсаздың жан-жағын мәңгі мұздан дулыға киген таулар қоршаған салқын жайлауында ұлы дүбір басталады. Дәл осы Қояндының жәрмеңкесі секілді болса керек. Жағалай тігілген ақшаңқан үй, тау-тау желінген ет, өзен болып аққан қымыз, гу-гу әңгіме. Жұлдызша аспанға қарап, зу етіп аға жөнелген жұлдызды нұсқап: “Кеңтанау озады деген осы”, - деп күбір-күбір етеді. Жауырыншы жаңа ғана сойылған қара қойдың жауырынына тіс тигізбей, етін сындырып алып, “Заулап келе жатқан Ақтабан сенікі ғой, тәңірім кесепаттан, қырсықтан сақтасын, жүлдеге ілінді”, - деп түсі бұзылып сарнап отыр.

Құмалақшы құмалақты шашып жіберіп, тесіле қарап “Айттым ғой, саған, алғашқы топта Шалқұйрығың. Мынау соның дәл өзі, алды ашық, құйысқаны берік, айылы тартулы. Тойға дайындала бер”, - деп төндіріп, сендіріп айтады.

Әр атыраптан келген неше түрлі дәмелі, атақты жүйріктерді көріп кел, сыншы атанған білгір адамдар сынап жатыр. Жылқының алды-артын бір айналып шығуы мұң, сөйлеп қоя береді. Жасы қаншада, неше рет бәйгеге шапты, қанша жүлде алды, неше шақырымға жарайды, кемістігі неде, қалай жаратылған, - осының бәрін қолмен сұтап, көзбен көргендей етіп айтып береді.

Кейбір аузы ауыр, тұңғиық кісілер екі-үш айналып шықса да тіс жармайды, бар болғаны не сәл қабақ шытады, не сәл қабақ шытады, не сәл жымияды. Жаратқаны қайсы, жаратпағаны қайсы – белгісіз. Тек өз ортасына барғанда ғана не “қауіпті екен, не одан қорықпаңдар” дейді. Бәсеке, ерегес ауылдар бұл сөздердің астарындағы мағынаны езбелемей-ақ түсіне қояды.

Бәйге аттарға жабу, кілем жауып, кекіліне, құйрығына қызыл байлап, алаңға шығара бастайды. Үстіндегі балалардың басын орамалмен тарта байлап, белдерін қынап қойған. Қаншырдай қатқан, мейіздей кепкен жүйріктер оқ жыландай сусылдап, ойқастап жүр.

Лапастың астында, көлеңкеде тұрған Көкқасқа аттың бәйгеге қосылатынын соңғы сәтке дейін Дәуреннің өзі үш досы, жеті ұлынан басқа ешкім білген жоқ. Жарысқа түсетін аттарды түгел көріп, бәрінің сырын алған, қайсысын не тосып тұрғанын сайратып бере алатын, бірақ ләм-мим деп, ешкімге тіл қатпаған Жауырыншы төменгі ерні салбырап, алқам-салқам болып тұрған Көкқасқа атты көргенде, көзі жайнап бетіне нұр ойнап шығып:

- А-а, мұнда тұр екенсің ғой, тұлпарым. Кәрілігіңнен басқа мінің жоқ. Мүсініңе болайын. Жаратушыңа болайын. Тіфа-тіфа, тілім тасқа, иеңді абыройға бөлеп, қарақшыдан өтіп барып, жығыларсың-ау, - дегенін байқамай қалды.

- Әй, сен не дедің? – Көкқасқаның жанында тұрған тоқсандағы Дәуреннің мына сөздері Жауырыншыға атқан оқтай қадалды. “Әлгі сөздер аузымнан қалай шығып кетті, мал иесін шошындырдым-ау, кием соғар ма екен”, - деп тіксініп қалды. Түк естімеген адамша кете бермек еді, Дәурен кес-кестеп, жолын бөгеді.

- Қырықтың бірі – Қызыр деген. Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесепат. Көзіңнен де, сөзіңнен де қорықтым ғой. Сен не дедің, бәтір-ау.

- Бөтен адам, көлденең көк атты құлағы шалған жоқ. Қамбар ата құлағыма не сыбырлады, соны іште бүгіп қалмай аузымнан шығарып алғаныма өзім де өкініштімін. Мал иесі сіз бе едіңіз? Айыпқа бұйырмаңыз.

- Құлағыңа Қамбар ата сыбырласа, тағдырдың сол жазуын көрерміз. Жақсы сөз – жарым ырыс. Көкқасқаның соңғы бәйгесінің құдай айдап келген адал тілеуқоры сен екенсің. Ат мініп, шапан киесің. Қазір үйге кіріп ет жеп, қымыз ішесің, - деп Дәурен ұлдарының біреуін айқайлап шақырып алды. – Мына кісіні бөлек, таза үйге түсір. Жақсылап күтіңдер. Бейсауат ешкім үстіне кірмейтін болсын.

Үнсіз ғана бас изесіп, екі қарт екі жаққа кетті.

Осынау ұлан-ғайыр той иесі Дәурен айтқаны қате кетіп көрмеген Сарыарқаның әйгілі жауырыншысы Жүгіней мына арық, ұзын қара екенін дәл сол сәтте білген жоқ.

Аттарды алпыс шақырым жерден жіберген екен дейді. Бағана айттым, үш жүз сәйгүлік. Алғашқыда атқан оқтай заулап, небір ұшқырлар суырылып алға шығады. Біреу - өрге жақсы, біреу – еңіске жақсы. Мың екі жүз тұяқтан шыққан дыбыс дүниені көшіріп жіберердей болады. Әбден тіс қаққан, неше түрлі қу балалар сан-алуан айла жасап, біріне-бірі бөгет қылып, кедергі келтіреді. Осы дәмелі деген аттарды ортаға алып, қамшылап өкпесін өшіреді. Кейбіреулер бәйге алу үшін емес, осындай қастандық, қиянат жасау үшін қосылған. Жиырма-тоғыз шақырымнан кейін талай мақтаулы аттардың төрт аяғы төрт жаққа кетіп, өне бойын тер басып, тезек теріп қалады. Түйдек-түйдек топтар енді шашылып, бесеу ара, үшеу ара тайталас, бірін-бірі титықтатып құрту бәсекесі шығады.

Алғашқыда бел ортада отырған Көкқасқа бірте-бірте үдей түсті. Екпінге екпін қосып, тынысы кеңейді. Өмірбақи шауып келе жатқан секілді көрінді өзіне-өзі. Мынау дөңгеленіп аяқ астында қалып жатқан төбелдер, атырап-жазықтар таусылмай созыла түсер ме еді дегендей. Алдында кімдер бар, артында қалғандары қайсы, бұларда ешқандай мән жоқ деп ойлады Көкқасқа. Қызық, рахат, ләззат – бір қалыппен, бір ырғақпен үдей түсіп, кең көсіліп шабу, Буын-буыны балқып, сүйек-сүйегі еріп, кең жойқын, шетсіз-шексіз дария-теңізде жүзіп келе жатқандай. Көкжиекте жібек шымылдықтай судырап тұрған сағымның ішіне енді бір ырғыса еніп кететін шығар. Ең алғаш бәйге алғаны есіне түсті.

Жылқышы тақымында жүрген кезінде ылғи көкпарға барып, ылғи қасқыр қуып, күн демей, түн демей, алқын-жұлқын тірлік кешті. Бесті жас болатын. Алатаудың қыр арқасында қазақтар Көкқайрак, қырғыздар Көкойрақ дейтін арыстандай гүрілдеп ағып жататын тау өзенінің екі жағасына екі ел жаз жайлауда қатар қонатын еді.

Күнде қонақ, күнде кәде. Ұлдың сүндеті, шілдехана, келін түсіру – осылардың бәрінде көкпар тартады, ат жарысады, палуан күреседі, мал сойылады, табақ тартылады. Адам түгіл, мал денесін тигізсе, шілденің күні айналып жерге түскен ыстық күнінде мұздай суы қарып түсетін Көкқайрақтың суын Көкқасқа емін-еркін кешіп жүрді. Жасында сезбепті, кейін аяғының сырқырағанын сол жүрістерден көреді.

Өңкей атан жілік, піл сауырлы жігіттер бірін-бірі ала алмай, тартысып келе жатып, өлерменге жеткенде, көкпардың лағын Көкқайрақтың тас жұтып, мұз түкіріп жатқан суына лақтырып жібереді. Басқалар батпай, шегініп-шегініп тұрып қалғанда, Көкқасқа ырғып түсіп кетуші еді ғой.

Көкпардан зәтте болған жоқ, Темірқұл деген намысты қырғыз жігіті талай жүлде алған астындағы әйгілі Шұбар атын нұсқап тұрып: “Әй, қазақ бауырларым. Дәл қазір қырық шақырымға жарысамыз. Сендер озсаңдар қырғыздан қосылған он бес ат басы Шұбар қылып әкете беріңдер. Біз озсақ, қазақтан қосылған он бес ат басы Көкқасқа қылып біздікі”.

Айтылған сөз – атылған оқ. Ерегеспен, сертпен айтылған сөз – улы жебе. Қолды-аяққа тұрғызбай шаба-шаба жөнелген. Алғашқы он шақырым Көкқасқа үшін ойыншық еді, қаңбақтай домалап кеткен. Жиырма шақырымға айналғанда, терге малшынып өкпесі өшіп, аяқтары дірілдеп, әбден берекесі қашты. Озып жүлде алмақ түгіл, ең артта қалып, мазаққа ұшырамаудың өзі мұң болды. Енді құладым-біттім, соңғы күшім сарқылды дегенде, қайдан келгенін кім білсін, жан дүниесіндегі тірі тамшылар ояна бастап, көзінің тері кеуіп, айнала қайтадан айқындалғандай болды. Тыпыр-тыпыр, арсыл-гүрсіл қолайсыз дыбыстар азайып, тұяқтың ырғақпен топ-топ өткізіп, жақсы әуен шертуге келіп қалғанын құлағы шалды. Шұбар атты басып озып, заулап өтіп кеткен кездегі рахат, мақтаныш әлі есінде. Көкқасқаның сол өнерін екі ел болып тамашалаған. Неше түрлі көрсеқызарлар келді: “айғыр үйіріне айырбаста”, “қыз ал, құда болайық”, “бәрібір саған бұйыртпаймыз” дегендер шықты.

Одан кейін де қанша жарысқа түсіп, не хикметті бастан кешірмеді, жаулас адамдар тұяғына, жауырына шеге қағып жіберді, құлақ шекеден таспен ұрды, у, дәрі ішкізді. Зорлық, қастандықпен нелер қиянат көрсетпеді, бәрібір жүйрік шіркін бұйрықты, көрешек дүниесін түгел өткізеді екен. Енді болды, бәрі бітті деп, шала ұйқы, шала ояудың арасында, ескі күндердің елесіне мас болып, тай-құнандардың жастық қызығын сырттай тамашалап жүргенде, қайтадан бәйге жүген кигізгенде “осылар мені басқамен шатастырған жоқ па?” – деп ойлаған. Бәйге ерді көргенде, Көкқасқа көзінен мөлт-мөлт жас ағызып жылаған. Ұмытқан нәрсені еске түсіру, қатып, семіп кеткен сүйекті қайта балқытып, жарату азабына көну - әй, Көкқасқаның қалай азап шегіп, қиналғанын білсе, жалғыз Дәурен білер.

Үш жүз атты мәрелі жерге қоналқаға айдап бара жатқанда да Көкқасқа шабатынына сенген жоқ, көп сапардың біріндей ғана көрді.

Үш жүз атты қатар тізіп ат айдаушы “Шабыңдар! Жолдарың болсын!” – деп қолын сілтеп қалғанда, жүрегі дүрсілдеп қоя берді, басына ыстық толқын қан атқып шыққандай көрінді. Бір сәт көзі қарауытып, аңырып тұрып қалып, жан-жағынан мылтық атылғандай, жүйріктер заулап өтіп жатқанда, өзі де суырыла жөнелді. Сондайлық жеңіл, тез қозғалды. Алағшқы шақырымдар түс пен өңнің арасы секілді нәрсе еді. Келе-келе жүйріктердің мүсінін, үстіндегі балаларды анық көрді, бірте-бірте қайсысының қаншалықты қауқары барлығын таныды, көсіле-көсіле бәйге алатын сәйгүліктерді анықтады.

Құр дабырамен, дақпырт үшін қосылған аттардың көздеріндегі өлермендік алысқа бармай сөнетіндігін бұрыннан біледі. Жаратуы әбден келіскен, бір қырым арам ет жоқ, бір тамшы артық тер жоқ, тарамыстай тартылған нелер жүйріктің табиғи бітіміндегі олқылық, тәңірі бермеген қасиет олардың таудай талабын зая кетіріп, есіл еңбекті құмға сіңген судай жұтып қояды. Шабыс үшін жаратылған, аламан бәсекеге түсетін өнерді табиғаттың өзінен еншілеп алған сәйгүліктердің бабы келіспей, қыстығып, азапқа түсіп келе жатқанын көріп Көкқасқаның іші удай ашыды. Әрі бапты, әрі текті тұлпарлардың бірталайы қартайып қалған, қанша есеппен, айламен шапса да, қарақшыға бұрын жете алмас. Озбайтын жерде озған, көрінбейтін жерде көрінген жас саңлақтар дәл бұл жарыста даңққа бөленбейді, қайта заулау үшін мол қайрат керек.

Елу шақырымды артқа тастап, соңғы белестер қалғанда Көкқасқа тебіреніп, толғанды дейді.

Әңгіменің осы тұсына келгенде, Құдайбергеннің дауысы да, өңі де өзгеріп, бейнебір Көкқасқа емес, аламан бәйгеде өзі шауып келе жатқандай болып көрінді.

Үш бала – Бақтияр, Жұмат, Әміре – ауыздарынан суы ағып, көздері бақырайып, дәмдерін ішіне тартып, басқа дүниені тегіс ұмытып, қызықтай қатып тыңдап қалған. Ақтамақ қана орнынан тез тұрып, ши ішінен тағы да суыған ет, бауырсақ әкеліп, қымызды еселеп асығыс сапырып:

- Шаршадың ғой Құдайберген. Ал, тамақ алшы, - деп құрақ ұшып жүр. Көбірек бөгелсе, Құдайберген суып, шабысынан айырылып қалатындай көрді ме, немене:

- Содан, иә, содан кейін не болды екен? – деп қолқа салғанда болды.

- Бәрінен оздым, екі жүз тоқсан тоғыз аттың алдына шықтым деп ойлаған Көкқасқа. Үстінде отырған бойы бір қарыс, мысқал салмағы бар бала да қуанып, жүрегі кеудесіне сыймай дүрсілдей бастаған. Тасты жолдар артта қалып, енді былқ-былқ еткен табанға жұмсақ, шымды беткеймен зырлап келе жатыр еді. Кәрі санасы қателескенін біліп, Көкқасқа санын бір-ақ соқты: маңдай алдында, садақ оғы жетер-жетпесте Сүйрікқара жұлдыздай ағып барады ғой. Шыққыр көзі нені көріп, алжыған миы нені санаған, Қамбар ием-ау. Барлық сәйгүліктің дәмелі-дәмелі дегенін ат айдаушы аяңдатып, желдіріп әкеле жатқанда есепке алмап па еді, ақырғы рет қатар тұрғызып қойып, дәрет сындыртып, айылдарын тартып, балаларға сусын бергенде, тағы да бәсекелестерін бір-бір көзден өткізіп, пысықтап шыққаны кәні.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет