Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары



бет23/34
Дата21.07.2017
өлшемі5,93 Mb.
#21827
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   34

Оларды қойып, дана қазақтың баласына еншісін бөліп беріп тұрып, «Ал, ұлым, келінім, енді өз қотырларыңды өздерің қасыңдар»- деген сөзінің қарапайым да терең мағынасының ұшығына шықсақ, қане.

* * *

1994 жылы мен Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне бас редактор болып тағайындалғанымда редакцияны қаржы тапшылығы қажытып-ақ тұр еді.



Облыстың сол кездегі басшысы Өмірбек Байгелдиевке бір кіргенімде демеушілік жөнінде сөз айтып қалдым.

Өмекең:


- Қажеті жоқ. Демеуші іздеу - мәдени қайыршылық. Қаржы тауып береміз,
газет шығады,- деді.

Мен Өмекеңнің осы сөзін он жылдан астам уақыт бас редактор болған кезімде берік ұстандым. Ешкімге қол жайғаным жоқ. «Ақ жол» жазылымнан, жарнамадан түскен және бюджеттен бөлінген қаржыға уақтылы шығып тұрды.

«Бас білетін өгізге «өк» деген - өлім». Шіркін-ай, қалай тауып айтқан атам қазақ. «Түйелі байдың қызы болмасақ та, ешкілі байдың қызы едік»- демекші, өмірдің ұңғыл-шұңғылына түгел қанық болмасақ та, анау-мынауды түсінеміз ғой, Өмекеңнің бұл айтқаны газетті ешкімге тәуелді етпеу, беделін түсірмеу болатын.

Сөз реті келіп қалған соң айтайын, Өмекеңнің адамгершілікті тағы бір сөзі бар.

Газетте сын жазылып, проблема көтерілмесе, сүренсіздік жайлайды. Осы тұрғыда біз орынды сын, толғақты проблема жариялап жүрдік. Газет журналистерінің көбі - кешегі коммунистік баспасөздің сардарлары мен сарбаздары еді. Ол кезде газет сынына сергек қарайтын. Газет сыны облыстық партия комитетінің бюросының күн тәртібіне қойылған кез де болған. Облыстық атқару комитетінің отырыстарында газет сыны үнемі сөз болатын. Бір сөзбен айтқанда, баспасөздің ықпалдылығы бірінші кезекке қойылатын.

Біз сын, проблема жазу екпінімізді бәсеңдеткен жоқпыз. Алайда, жазғанымызға ешкім тырс демейді, атқан оғымыз айдалаға кетіп жатқандай болдық.

Менің осы жайға облыстың бірінші басшысының назарын аударуыма тура келді.

Өмекең әдеттегісінше салмақты, ақылды сөз айтты:

- Қазір меншік түрі өзгерген. Кімді сынайсыңдар, бизнесменге, ілкімдіге
ешкімнің ақылының керегі жоқ. Олар өз шаруасын өздері біледі. Оларды
сынасаңдар, өз қызметтестерінен, қатын-баласынан, ағайын-туғанынан ұялады.
Оларға сол да жетеді. Мемлекеттік мекеме, ұйымдар туралы сынды, облыс
экономикасын көтеру тұрғысындағы проблемаларды біз ешуақыт аяқсыз
қалдырмаймыз.

Мен бүгінгі күнге дейін облыстың маңдайына біткен бес әкімнің де тұсында бас редактор болдым. Өмекеңнің өзі ғана емес, кейінгі төртеуі де газетке осылай қарайтын, мен болсам, газетті солардың көңілінен шығарлық етіп шығаруға тырысатынмын, әлбетте, оқырмандардың талап-тілегі де тасада қалмайтын.

Жә, ойлардың осы тұсын ойға келіп қалған соң ірке алмай айтып отырмын. Негізгі әңгіме демеушілік - қайыршылық туралы еді ғой, енді соған оралайын.

Жұрттың демеушілікке ден қойып бара жатқаны ойға қалдырады. Қолы қысқа адам бақуаттыдан бір тірлігіне көмек көрсет деп сұраса, қайыр сұрау емей, немене. Соны енді ұялмай алып, жомартты мақтап отыратындар көбейіп барады. Мейлі, мұны жеке адамның бір болмаған тірлігі делік, ал, аудан әкімдері өстіп жүрсе, не демекпіз?!

Бір әкімдер бар, өзі басқарып отырған ауданнан шыққан қалталы азаматты майлы ішекше айналдырады. Қалталы азамат ешуақыт ештеңе істемейді. Бір айтқанын орындап, қолын байлап қою үш әкімнің сұрағанына келісе кетеді, мектеп, балабақша, кітапхана салып береді. Әкім де, қалталы да екі асап, биге шығады, алдымен, екеуі достасады, содан соң, халыққа қажетті игі іс атқарылады. Кешіріңіздер, олар үш асайды екен. Біткен нысанның алқызыл лентасын қадірлі қонақтарға қиғызып, айдарларынан жел еседі. Жиналған жұрт алдында аруағы асады. Аңғал адамдар мұндай әкімді іскер деп бағалайды.

Пайымдап қарағанға әкімдікі - мәдени қайыршылық. Алысқа бармай-ақ, барлық аудандардың әкімдері өздері қақ ортасында шіреп отырған ақшаңқан ғимараттардың партиялық жарнаға немесе мемлекеттің қаржысына салынғанын білсе қайтеді. Қазіргі ел игілігіндегі нысандардың барлығын да, жекешеленіп кеткенін де, қайтарылып алынып жатқанын да мемлекет салған.

Меншік түрі өзгерді, қоғамдық құрылыс басқаша болды деп сылтауратудың еш қисыны жоқ, барлық жерде билік бар. Халық қамын ойлау соларға жүктелген. Бір тиын деп әсірелемей-ак қояйық, әйтеуір өнім өндіргеннің бәрі салық төлейді, қазынаның қалтасын қампайтады. Әкімдердің барлық білім, білігі, міне, осыған, яғни аудандарында өнім өндірушіге жақсы жағдай жасауға бағытталуы керек. Сонда аудан табысты болады, ілкімділерге кіріптар болмай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады мәдени-тұрмыстық құрылыстар етегін кеңге жаяды. Оның бер жағында облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы қаншама, тек ұқсату керек.

Менің мақсатым әкімдерге ақыл айту емес, олардың бәрі өздерінің функционалдық міндеттерін жақсы білсе керек.

Дегенде, мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге тиісті, бірақ өздері тәртіп бұзатын лауазым иелерімен күресті күшейту, мемлекеттік қызметшілердің ас та төк той жасап, онымен қоймай, жиын-тойдың төрін бермейтін жаман әдетін тыю жөніндегі батыл қадамдары барша халықпен бірге мені де қуантты. Шынында, бұл шара бір-бірімен тығыз байланысты. Сыбайластық жемқорлыққа белшесінен батқан, параға бөккен шенеуніктер сауық-сайран құрмағанда не істемек.

Адамның өз сөзінен өзі мысал келтіргенін қалай десе болады, мақтанды дерсіздер, мейлі. Коммунистік биліктің қыз-қыз қайнап тұрған кезінде облыстық сот коллегиясының бір мүшесіне, атап айтқанда Құдайберген Көшековке қызды-қызды әңгіме кезінде былай дегенім бар:

- Ұсталмайтын екі түрлі парақор бар, бірі - аудандық буыннан жоғары қарайғы партия комитеттерінің хатшылары, екіншісі - барлық деңгейдегі құқық қорғау қызметкерлері.

Осы айтқаным айтқан, қазір де сол, тек формасы өзгерді, мазмұны қалды. Хатшылардың орнын әкім басты, ал, құқық қорғау органдары сол күйінде, өзгерген жоқ.

«Еңбексіз табылған мал есепсіз кетеді» деген лұғаттың шындығы - әкімдердің ел жағасын ұстаған тойлары, құкық қорғаушылардың желден жүйрік машиналары, зәулім сарайлары.

Әуелім, той - әкім-қаралар үшін қалтасын қампайтудың қайнар көзі. Әкімнің тойына шақырылғандардың тойханасын есептеп көрген адам жоқ, әй, көп қой, көп! Тырақы, дараң, ұпай алғысы келген алаяқ, өскісі келіп жүрген өлермен - бәр-бәрі төгеді. Бұл - өз тойы, өзгенің тойы да әкімге кіріс көрінеді.

Ана бір жылы іс сапармен бір ауданға бардым. Әкімдікте топ-топ адам жүр. Бәрі - Ауданның түрлі құрылымдарының басшылары.

- Бұл не, жиналыс бар ма?- дедім бір таныс жігітке.

- Ой, аға бұл - топжияр. Әкім көрші ауданның алпыс жылдық мерейтойына барады екен, соған бәрімізді жинап алып, салық салып жатыр. Сондағы апаратыны - құттықтау хат, шапан. Жинайтыны - мың-мыңдап доллар.

Таңданғаннан басқа қолыңнан не келеді. Күресерге дәрмен де, пәрмен де жоқ. Пәрмені жоқ адамға әкімдер пысқырып та қарамайды.

Осындай әңгімелер облыс әкімінің құлағына жете ме, жетсе, желкесін неге үзбейді бетімен кеткендердің? Мұндай сұрақ көп, жауап жоқ.

Нұрекең елдің берекесін қашырып жүрген келеңсіздіктердің кесірін дереу сылып тастайтын мерездің тамырын дәл басып отыр. Осы кезде қимылдамағанда қашан қимылдамақ бұл жұрт?

* * *

Басшы іске терең, сөзге шешен болуы керек, ақылға зерек, хатқа жүйрік, яғни жазуға ерен болса, өте жақсы.



Қағаз жаза білген қашан да ақылдыға баланған.

Өзімнің өмір тәжірибемде бұған менің көзім әбден жеткен.

Коммунистік партия билік құрған тұста оның аудандық, облыстық, Орталық комитеттері болатын. Сол комитеттердің біріншіден бастап хатшылары, бөлім меңгерушілері, нұсқаушылары, одан да төмен қызметкерлері болатын. Хатшы-хан, бөлім меңгерушісі – уәзір, нұсқаушы - құл іспетті еді. Хатшы-ханды «піскен асқа тік қасық» шіреншек, уәзірлерді әлекедей жаланған сайыпқырандар, құлдарды барлық ауыр жұмыс мойнына артылған тесік өкпелер десе болар-ды.

Әлбетте, хатшы-ханның да көсіліп сөйлейтін көсемдері, құлақ құрышын қандыратын шешендері болады. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, өзіміздің облыстың басшысы болған Асанбай Асқаровты-ақ алайық. Асекеңнің ақылдың кені, шешендіктің шегі екенін қазақ елі ғана емес, бүкіл Одақ білген. Ұлттың ұлылары мен асылдарының мойнына қылтұзақ салуға әбден кәніккен орталықтың Асанбай ағамызды орға жығуының басты бір себебі де ол кісінің асқан ақылдылығы, зор беделі болатын. Алайда, «Асыл кездік қап түбінде жатпайдының» кері келіп, Асекең зорлап қамаған қапастан абыройы асып, Мұса Жәлел тәрізденіп, жан тебірентерлік өлеңдер жазып шықты. Кейін үлкен-үлкен кітаптар жазды.

Бұл күнде арамызда жоқ ағалар Әзімбек Смайылов, Жапар Түйебеков, Айтбай Назарбековтер осындай еді. Олар тиісінше Меркі, Шу, Мойынқұм аудандарын ұшпаққа шығарып қана қойған жоқ, «Әзекең, Жапекең, Айтекең айтты» деген тәлімді сөздер қалдырды артында.

Өкінерлігі, құлдар жазып, уәзірлер өңдеген сөзді, баяндаманы бас алмай оқитындар да аз болған жоқ. Олар кәдімгі бір диктор іспетті болушы еді. Шынында, бірде сондай оқиға болып, бүкіл Одаққа әйгіленгені бар. СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Л.И.Брежневтің жағы түсіп қартайғаны әмбеге аян. СОКП Орталық Комитетінің бір пленумында оның ұзақ сөйлеуге, яғни қағаз оқуға иегі икемге келмей, жағы қарысып, баяндама мәтінін диктор оқығаны бар. Кеңестер Одағының коммунистеріне Брежнев - диктор оқыды не, кәдімгі диктор оқыды не бәрібір екен, тебірене тыңдады. Ертеңіне бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары «СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің баяндамасы» - деп дүркіретіп ала жөнелді. Баяндаманы дәл бір Брежневтің өзі жасағандай болды да шықты. Компартияның «Ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс» дегенге бұдан артық қандай мысал айтарсың!

Дегенмен, дана халық мұндай өресіз басшыларды сынап-мінеп отыруды естен шығармаған. Оның өз жанры бар, ол - анекдот. Түсіндірме сөздікте анекдотқа мынадай анықтама берілген: белгілі бір адамның өміріне байланысты, көбіне ойдан шығарылған, м ы с қ ы л ғ а құрылған қысқа әңгіме.

Өте әдемі айтылған, ал, мен анекдот - бұралқы сөз, дер едім. Бұралқы сөз айтып әжуалау, күлдірудің тіптен сарказмге ұласып кететін кезі де бар.

Қазақстанда қой көп, олардың тегін, тағы басқа жарарын одақтық қорға алып кетіп, өзімізге басын ғана қалдыратын Б р е ж н е в заманында мынандай бір анекдот айтылып жүрді.

Бір кісі дүкенге бас алуға келеді. Қарап тұрса, бір бас 50 тиын, екіншісі 40 тиын, үшіншісі 30 тиын екен.

- Бұл қалай, бастың бағасы неге әртүрлі?- дейді әлгі кісі сатушыға.

- Бұл солай. 50 тиындық - Сталиннің басы, (Сталин заманындағы қойдың басын мегзегені де) онда ми да бар, тіл де бар. 40 тиындық - Хрущевтің басы, онда ми жоқ, тіл бар. 30 тиындық - Брежневтің басы, онда ми да жоқ, тіл де жоқ, - дейді сатушы шімірікпей.

Қолында бұйрығы мен жарлығы бар басшылар осы анеқдоттың айтарын білсе екен. Әйтпесе, шөжіп бара жатқан сыңай байқалады.

* * *


Біраздан бері Таразда бір талас жүріп келеді. Ол - аруаққа сыйыну керек пе, жоқ па?

Діндарлар айтады: жоқ.

Дүбәралар айтады: сыйыну керек.

Облыста аруақты асқақтатып жүрген бір адам бар, ол - Айдархан Сихаев. Айдархан - білімді жігіт, тамаша сәулетші, бірбеткей. Мен оған бұдан әрі мінездеме бермей-ақ қояйын, белгілі азамат. Қоғамдар, қорлар саңырауқұлақтай қаптап құрылған тұста Айдархан да «Аруақтар» қауымдастығы тәрізді бірдеңе құрып, аруақты насихаттауға кіріскен.

Ол кезде мен облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы едім, бірлі-жарым мақалаларын жарияладым. Аруақ туралы түрлі түсінік бар екен, әңгімені дауға айналдырмай, тоқтатуға тура келді. Менің ақылдастарым: «Мұсылман баласы, адам бір ғана Құдайға сыйынады, қалғанының бәрі дұрыс емес» - десті. Олардың айтқандарын теріс деуге тіл бармайды.

Құранның сөзінде: «Ла ілаһә іллаллаһу Мұхаммадүн расулулаллаһ» - делінген.

Тәржімасы - Алладан басқа ешбір тәңір жоқ, Мұхаммед (ғ.с.) - Алланың елшісі.

Мұсылман баласының Тәңірден басқаға табынуы -күнә.

Аруақтың өзі - Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті.

Сонда қалай, аруақка сыйынбауымыз, аруақты сыйламауымыз керек пе? Иә, аруаққа сыйынбауымыз керек, сыйлауымыз қажет.

Мен теолог ғалым емеспін, кезінде атеист болғанмын, қазір мұсылманмын.

Мен аруақты атеист болып жүргенде де сыйлағанмын, қазір де сыйлаймын. Ол кезде де, қазір де мен аруақ өмірден бұрын және кейінгі өткен ата-бабаларым деп білдім, алдағы уақытта да сөйтемін. Күні кеше өмірден өткен әкем де бүгін маған аруақ.

Құдай, оңда, аруақ, қолда!

Ата-бабамыз осылай деген, мен де осылай деймін.

Бейсенбі, жұма күндері аруаққа арнап бауырсақ пісіріп, құран оқып шай ішпейтін қазақ отбасы мүлдем аз бұл күнде. Құран сүрелерін оқып болып, бата беретін тұсқа назар аударыңызшы, қолын жайған әр мұсылман, алдымен Құдайға жалынып-жалбарынады, тілеуін айтады, содан соң барып, аруаққа ауысады, Құдайдан олардың біліп, білмей жасаған күнәсін кешіруді, алды пейіш, арты кеніш, жатқан жерлерін жайлы, топырақтарын торқа етуді сұрайды, содан кейін барып, аруақтардың артында қалған ұрпақтарын желеп-жебеуін тілек етеді.

Дін мұсылман Құдайға ешкімді теңгермейді.

Алайда, аруақтан жәрдем, демеу сұрау - Құдайға күнәһар болу емес.

Біздің қазақ, айта берсеңіз, өзін аруаққа қарыздар санаған.

Әкем айтар еді, бейсенбі және жұма күндері аруақтар, яғни о дүниелік болған ата-бабаларымыз көрден шығып, қара шанырағына, кейінгі үрім-бұтағының үйіне келеді. Сонда келген үйі оған арнап дастархан жайып, құран оқып, ас жесе, аруақ тойып, разы болып қайтады, егер келген үйі оны есіне де алмай, өз тірлігімен болса, аруақ салы суға кетіп, аштықтан бұралып мәңгілік мекеніне әзер жетеді. Балаларым, кейін өсіп, өздерінше түтін түтеткенде бейсенбі, жұма күндері аруақтарды далаға келгендей қылмаңдар, бір жапырақ нан, бір кесе шай болса да соларға арнап, құран оқып ішіңдер.

Бала кезде естіген бұл әңгіме маған ұрпағы сыйламаған аруаққа керемет аяныш сезімін ұялатып еді, әлі сол, аруақтарға бағыштап құран оқып отыруды парызым санаймын. Жарықтықтар жабырқамасын!

Құдайға қараған адам аруақты сыйлайды.

Аруақты сыйлаған адам азбайды.

* * *

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,



Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Біз - етек-жеңі кең халықпыз. Екінің бірі, жоқ, үштің екісі - сенгішпіз, аңқаумыз, әй-шәйсіз илана кетеміз. Тәуір адам болам десеңіз, бұлардан арылу керек.

Абай өстіп дүрс дегізсе, түлей болар еді, соны біліп, өлеңмен әдемі өрнектеген ғой ақын. Адамды алданудан сақтандыру, жігерлілікке үндеуді тәтті тілмен сәтті жырға айналдырған Абай талантына таңданбасқа әддің жоқ.

Осындағы Абайдың өзі шошып, сөз ұғарлық адамды шошындырып отырған пәле - қулық.

Біздің бір ағамыз біреуден түңіліп кеткенде кейіп:

«Әй, бір қу екенсің-ау!»- деуші еді.

Қулық - қу адамның өмір сүру нормасы.

Ойлаймын күндіз-түні ақыл-айла,

Ойлаған ақыл-айла жанға пайда.

Төлегенді мерт қылған Бекежан өстіп өзіне-өзі разы болып, қарқ-қарқ күлмей ме. Өзінің айлакер, яғни қу екенін мақтан қылады.

Айла мен қулық - ағайынды, екеуінің де бітіретіні -алдау, амалы - өтірік айту.

Құстың қуы сауысқан да, аңның қуы түлкі де, адамның қуы Алдар да қулықтарын алдау арқылы жүзеге асырған.

«Өтірікшінің құйрығы - бір-ақ тұтам»- деген сөз бар. Өте дәл айтылған. Қулық-сұмдық - бір сәттік. Ол ешуақыт әшкереленбей қалмайды. Сөйте тұра ол қолданыстан шығып көрген емес. Өйткені қулық жасаған адам аз уақытқа болса да ойлағанын жүзеге асырады. Қуға осы да жетіп жатыр. Тайқы маңдай, шақшақ бас қу - «іс бітті, қу кеттінің» адамы. Жоқ, ештеңе, ешқашан із-түзсіз қалмайды. Қулық та сол, әшкереленеді. Сол кезде бетіне бір көн жамап алған адам болмаса, жер басып жүруі мұң болады. Сондықтан ғой атам қазақтың: «Біреудің ала жібін аттама»- дейтіні. Ал, Абай ақын: «Ақырын жүріп, анық бас,»- деген.

Бірақ, амал қанша, бүгінде қулықтың жүрмейтін жері қалмады. Қоғамдық құрылыс қарапайым, адамдар аңқау кезде бір-бірінен ғана қулығын асыратын. Қазір билік басындағылардың қулығы құзыры жүретін жердің бәрін, мемлекет басшыларының қулығы әлемді қамтитын болды. Сөйтіп қулық түбі - қауіп, дегеннен басқаға амал қалмады.

Айталық, КСРО кезіндегі конституцияда одақтас республикалардың одақтан бөлініп шыға алатындығы жазылған болатын. Шын мәнінде, ешқандай республиканың мұндай еркі жоқ-ты, сөйте тұра бізге «Ерікті елдердің мызғымас одағы»-дегізіп ән шырқатып қойған. Одақ тараған соң мұның әшейін қулық екеніне көзіміз анық жетті. Сол кезде де мұның бос сөз, қулық екенін білгендер аз болмаған, бірақ айта алмаған, қорыққан.

Қазіргі күндері де мемлекет деңгейіндегі қулық аз емес. Мәселен, Ресейдің Чешенстанға, АҚШ-тың Иракқа зорлық көрсетіп жатқанын әлем көріп, біліп отыр. Бірақ, Ресей өз федерациясының біртұтастығын, АҚШ Ирактың әлемге қауіп төндіретін ядролық қаруы барлығын сылтау етіп, қулықтарын бүркемелеп бағуда. Қулыктың қаңқасы - өтірік, ол өрге баспайды, шындық - өткір кездік, ол қап түбінде жатпайды. Қазірдің өзінде бұл екі ұлы мемлекеттің де қулығы белгілі бола бастады, әлі-ақ шындық салтанат құрар.

Жарайды, бұл - әлемдік қауымдастық шаруасы.

Біз жерге түсейік, өз қотырымызды қасиық. Жеке адамның қулығы - оның өз басына қорлық, әкім-қараның кулығы - халқына зорлық. Алаяқ біреуді алдаған екен, әшкереленіп, жазасын тартады. Ал әкім-қара біреуді емес, мыңды алдайды, құйрығын да ұстатпайды. Оның классикалық үлгісі - оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктестерін өлтіргендерді алдымен тергеу, енді жүріп жатқан сот процесі кезіндегі қулык-сұмдық. Жапа шеккен жақтың соттың әділ өтетініне үміті қазірдің өзінде үзіліп отыр. Өйткені қолында билігі бардың қулығына найза бойламайды.

Әлімсақтан жәбірленуші - аш бала, жәбірлеуші - тоқ бала. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды».

Қулық түбі - қиянат,

Жақсылықты қия алад.

Адал жүрген әз адам,

Жамандықты тия алад.
Жақсылардың кеудесі - алтын сандық

Еш қулық жоқ, келіскен салқынқандық.

Жамандардың кеудесі - қуыс құбыр,

Желдей ескен өң қулық, сыбыр-жыбыр.

Қулық түбі - зауал

Боларсың сенсең, жау ал.

* * *

Еліміз еркіндік алып, тәуелсіз тірлік кешкелі бергі он бес жыл ішінде көп нәрсеге қолымыз жетті, тарихымызды қайта танып, тіліміз, дініміз өз сабасына түсе бастады.



Осыларды орнықтыруда, әрине, қоғамдық пікірдің атқарар рөлі ерекше. Бұл ретте, әсіресе, тіл жөнінде айтылып келген, қазір де айтылып жатқан пікірлердің ұшан-теңіз көп әрі қуатты екенін атап өту ләзім. Ауызша үгіт-насихат жұмысы азайған бұл шақта қоғамдық пікірді жариялауға және қалыптастыруға бұқаралық ақпарат құралдарының өлшеусіз үлес қосып отырғаны әмбеге аян.

Мен бас редактор болған жылдары облыстық «Ақ жол» газеті де бұл тақырыпты аз қаузаған жоқ. Оқырмандар байқады ма, жоқ па, білмеймін, кейін мен екпінімізді саябырсыттым. Неге? Себебі бір сөзді езгілеп айта беру құтын қашырады.

Шынында, қазақ тілін қайта түлетіп, оған қоғамдық-саяси, экономикалық өмірімізде кең өріс беру жөнінде айтылмаған сөз қалды ма, меніңше, қалған жоқ. Бірақ іс алға баспайды. Себебі профессор Мекемтас Мырзахметұлы анықтап берген шала қазақ пен ада қазақ қанша айт, жалын, қазақша сөйлемейді, орысқа қазақ тілін үйретем деу қазіргі мемлекеттік саясат тұсында құры қиял. Мұны таратып айтсам, талайдың бетін жыртам, қоя-ақ қояйын.

Ұлтқа айтар бір-ақ сөз бар, ол - балаңды қазақша оқыт. Бітті. Әйтпесе, уәлі сөзінің – баяндамасының беташары мен шымылдық жабарын ғана қазақша айтып, ең сүбелі орта тұсын орысша көсілтетін басшылардың қазақ тілін оңдырары дүдәмал болып барады. Соның салдарынан қазақ тілі деп зарлап жүргендерден басқалар қазақ тілін қажетсінуді қойды. Осы жерде Қазақстанды дүрліктірген Геннадий Колбиннің қазақ тілін үйренбек болғаны, оның да баяндамасының басында «Қазақша» бірдеңелерді шүлдірлегені көзден бұлбұл ұшты. Қазір Қазақстанда Колбиннің жолын қуған жалғыз орыс бар, ол - қазақтың күйеу баласы Виктор Храпунов. Басқа бір басшы орыс қазақ тіліне пысқырып та қарамайды. Мысалы, біздің облыста В.Храпуновқа жетеқабыл жұмыс істеп жүрген орыстар бар. Бірақ олар өмірінде бір де бір казақ сөзін айтып көрмеген. Қазақ тілінің оларға керегі де жоқ, жиналыс, кеңес атаулының барлығы ресми тілде - орыс тілінде өтеді, алдарына орыс тілін білмейтін адам келмей-ақ қойсын, оған олардың қылы да қисаймайды. Қысқасы, осы кісілер қазақша сөйлемей, біздің облыс қазақша сөйлемейді. Мұндай кежегемізден кейін тартып отырған орыс ағайындар басқа әкімшілік құрылымдарында да бар. Олар өздері отын оттап, суын ішіп отырған елдің ең асылы - тілін өзі біліп сыйламайды екен, бетіне, айтатын кез әлдеқашан келген, қазақ тілін білмеген адамды басшылық қызметке жолатпау керек. Бұл - бір менің ғана емес, көптің пікірі. Алайда, бұлай етуге біздің жалтақ мінезіміз, асқан интернационалдық сезіміміз жібермейді. Біз - барлық мәселені дау-дамайсыз, бейбіт жолмен шешуге құмбыл халықпыз. «Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынады,»- деп қол жайып қарап отырғанды жөн көреміз. Тіл мәселесінде де солай болып отырмыз. Ендеше, жоғарыда айтқанымдай, қазақ атаулы баласын қазақша оқытсын. Сонда ешкімнің бетін жыртпай, аяғынан шалмай, арманымызға жетеміз.

Менің негізгі айтпағым ұлттық киім туралы еді, сөз екпінімен талай жерге кетіп қалғанымды қарашы. Жә, белгілі бір ұлттың өзіне ғана тән нәрсені ұлттық десек керек. Осы ретте ұлттық киім жетекші рөл атқарады. Көзі қарақты адам үстіндегі киімін көрген бойда кісінің қай ұлттың өкілі екенін айнытпай ажыратады.

Кешегі кеңестік кезеңдегі мерекелерде одақтас он алты республикалар ұлттарының киімдерін киіп сахнаға шыға келген әртістер мен көркемөнерпаздардың қай ұлттың өкілі болып өнер көрсететінін бірден білетінбіз. Қазір де Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы жасақтап, киіндіріп сахнаға немесе алаңға алып шыққандардың қай диаспора екенін ешкім айтпай-ақ танимыз.

Бір айтарлығы, ұлттық киімдерді күнделікті киіп жүрген ешқандай ұлт жоқ. Ұлттық киімдер тек декорациялық қызмет атқарып келеді. Меніңше, бұл - заңды. Ұлттық киімге қайта оралу - өркениеттің жеткен жерінен кері шегіну. Менің бұл сөзіме кейбіреулердің тыз ете қалуы мүмкін. Сол қызбалық жасаған адамның үстінде бір де бір ұлттық киім жоқ екеніне мен шәк келтірмеймін. Ұлттық киім - архаизм, оны адамдар өсіп-өркендеуіміздің белгілі бір кезеңінде киген. Бір кезде адамдар ұятын жабар лыпа ғана киетін болған, одан кеп шәркейге, тері шалбарға, ақ қалпақ пен түйе жүн шекпенге ауысты. Кезінде олардың бәрі де ұлттық киім болған, қоғамдық құрылыстың, өркениеттің дамуымен бірге киім де жетіліп отырған, сөйтіп бүгінгі жарастығын тапқан. Мыналар ұлттық киім болатын деп адамдарға қайтадан лыпа, шәркей, қалпақ, шекпен кигізу оларды машинадан түсіріп, арбаға отырғызумен бірдей болар еді.

Рас, кейбір модельерлер ұлттық киімдерді жетілдірген болып жүр, бірақ олары көпшілік сұранысқа ие болған емес.

«Ағаш көркі - жапырақ,

Адам көркі - шүберек».

«Бала иығына қарап өседі».

Мына екі мақалдың да айтары - киімнің адам өміріндегі зор маңызға ие екендігі. Алғашқы мақалдағы «шүберек» те, екіншісіндегі «иық» та - киім.

Шіркін-ай, қалай шендестірген атам қазақ, неткен тапқырлық.

Киімге қатысты бұдан асырып сөз айту мүмкін емес.

Біздің қарабайыр тілімізбен айтқанда, әркім өзіне жарасқан киімді киюі керек. Ол ұлттық бола ма, басқа бола ма, бәрі бір, жұрт көзіне ұялмайтындай болып көрінсең, жетіп жатыр.

* * *


Журналистік қызметке адам үш түрлі жолмен келеді. Атап айтар болсақ, алғашқысы - арнаулы оқу орнын бітірген мамандар, екіншілері - қаламгер болуды жасынан армандағандар, алайда, оқуға бірден түсе алмай, редакцияларды жағалағандар, үшіншілері жолдан қосылған басқа мамандық иелері, онда да көбіне қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері.

Осылардың ішінде журналистиканың ең ауыр жүгін көтеретіндер - екіншілері. Олар міндетті түрде еңбек жолын газеттің зіл батпан қызметі - корректорлықтан бастайды. Корректор дегеніңіз аты дардай, қауқары жоқтан бар жұмыс. Бұл - болашақ журналистің жаттығу алаңы. Осында келешегін, қаламын ақ қағаздың үстінде өмір бойы сырғытуға бекінген жас үйрену, шыңдалу жолынан өтеді. Апыл-ғұпыл жазған кішкентай хабарының баспасөз бетінен көріну бақытын сезінеді. Біртін-біртін күрделі дүниелер жазуға кәнігеді.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   34




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет