Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ



бет15/18
Дата04.11.2016
өлшемі5,75 Mb.
#97
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

Қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдеріне келгенде, ғалым оның: жар-жар, қоштасу-танысу, бет ашар т.б. үлгілеріне арнайы көңіл бөлген [376, 46-55 б.]. Ғалым бұларды елдің ескіден келе жатқан салтымен байланыстырады және де қуаныш, қызық үстіндегі өлең деп дұрыс қарастырады. Одан әрі олардың әрқайсысын тудырған белгілі себептермен бірге, бұлардың әрқайсысында арнаулы терең мағына, көздейтін арнаулы мақсаты бар дегенді де ескертеді. Мәселен, жар-жарды екі жақтың айтысынан құралады десе, бір жағын күйеу, не еркектер тобы, екінші жағын қалыңдық, не әйел тобы құрайтыны айтылады: «Адам баласының екі ру болған қауымының бұл жерде екіге бөлінген жігі ашылады»,- деуінен, біз ғалымның фольклор бойынан адамзат тарихының іздерін тарихи тұрғыдан қарастырғанын көреміз [376, 50 б.].


Ал, қоштасу-танысу үлгісіне зерттеуші мынадай анықтама береді: «Қыз ұзатқанда айтылатын өлеңнің бірі- қоштасу өлеңі. Ұзатылатын қыз көңіліндегі шын қайғыны білдіру керек. Туған ел, өскен жермен ақырғы айырылысу сағатында көздегі жасы, көңілдегі қайғымен арыздасқан, қоштасқан сөзін айтады»,- дейді [376, 51 б.]. Демек, ғалым фольклорды халықты танудың құралы деп те қарағанын көреміз.

«Батырлар әңгімесі» деп ғалым ол кезде эпостық жырлады атаған. Эпостың ішінде батырлар жыры, ғашықтық пен тарихи жыр қарастырылған [376, 56-106 б.]. Мұндағы ғашықтық жыр ұғымы тек Х.Досмұхамедұлы еңбегінде (Қазақ халық әдебиеті. 1928.) кейінірек тұрмыстық жыр үлгісінде берілген. Мұнда алдымен «Едіге», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Нәрікұлы Шора батыр», «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр» тәрізді жырлардың қысқаша қарасөзбен мазмұны берілген. Одан әрі ғалым олардың әрқайсысының мән-маңызына жеке-жеке тоқталады. Мұндағы ғалымның қазіргі қолданыстағы батырлар жыры ұғымын «әңгіме» жанры ретінде қарастырады. Бұл зерттеушінің фольклорды әдебиеттану тұрғысынан қарастырғанын танытады. Сондай-ақ мұнда: «батырлар әңгімесі» ескі заманнан басталатыны, жалпы оның түрік жұртына ортақ мұра болып табылатыны дұрыс айтылған. Көшпелі елдердің шабынгерлік, жауынгерлік кезіндегі, яғни құба қалмақ заманындағы т.б. батырлар арқасында ол кездегі тыныштық, амандық ылғи найзаның ұшы, білектің күшімен алынатыны мәлім. Елдің сүйеніші қол бастаған батыры, ел бастаған ханы мен биі ел қиялында жоғары бағаланған. Болашақ батырдың дүниеге келуі әдеттегі адам тууынан өзгеше екені, олардың жаратылысына табиғаттың тылсым күш иелері, әулие, пері т.б. сияқтылар араласатын ерекшеліктері батырлар жырына тән екені жан-жақты қарастырылған. Жыр үлгілерін дәйектеуде ізденуші, көбінесе бұрыннан сақталған дәстүр үлгісі мен бергі заманда қосылған қосындының, яғни жамаудың аражігін ажырату үшін тарихи зерттеу әдісін көп қолданады. Кейбір жырларда, мәселен, «Едіге батыр» үлгісінде араб, парсы ертегілерінде кездесетін сюжет ұқсастықтары бар деуі [376, 6 б.] т.б.- бәрі де ғалымның мәтіндердегі кездесетін сюжет сабақтастығын ажырату үшін типологиялық зерттеу әдісіне сүйенгені байқалады. Сонымен қатар жырда кездесетін басты қаһарман бейнелеріне, олардың сүйген жары, мінген аты- тұлпары, тіпті жыр оқиғасына, жер-су аттарына қатысты аңыз деректерді т.с.с. жан-жақты тарихи тұрғыдан сараптау жұмыстарын жүргізген.


Демек сол заманның өзінде фольклордан тарихтың ізін, тарихи оқиғаны, ондағы жер-су, қала аттарын, тарихи тұлғаларды көп іздегені аңғарылады. Бұл сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымына орыс тарихи мектептің әсері басым болғанын көрсетеді. Дегенмен қазіргі кездегі зерттеушілер фольклордан тарихи оқиғаны іздеу дұрыс еместігі сөз болғанда, негізінен, тарихи оқиғаның ізі тек тарихи жырда ғана сақталады деген қорытындыға келіп отыр.

Мұндағы Едіге батыр бейнесі талданғанда ғалым оларды әдеби образ деп қараған. Мәселен: «Едіге бұл әңгімеде түрік жұртының жақсысы, мінезді жақсы. Бұдан көрінеу жаулыққа, көрінеу қастыққа тез көрсететін қарсылық жоқ. Қуаныш пен қорқыныш, сүю мен жирену сияқты сезім билеген мінез жоқ. Ақылына билеткен, ішінде сыр сақтай білетін, кең сабырлы, қалталы батыр»,- деген [376, 60 б.]. Әдеби бейнені талдаудағы тура мінездеу үлгісін қолданған. Бұдан кейінгі талданған жырлар («Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» т.б.) кейіпкерлерін ұнамды, ұнамсыз деп бөліп қарастырғанда, көбінесе олардың жағымды сипаттарына ғана тоқталады.

М.Әуезов өзінің «Әдебиет тарихы» (Қызылорда, 1927) атты монографиясында «Ер Сайын» жырын « батырлар әңгімесі» ұғымында алып, негізгі қаһарманы- Ер Сайынның өзіндік ерекшеліктеріне: пірдің батасы, тілеуімен туып, пірдің қорғауымен тіршілік ететініне т.б. баса назар аудартады. Одан әрі жырдың қысқаша қара сөзбен баяндалған мазмұны беріледі [376, 85-87 б.]. Жалпы мұнда қысқа да болсын (2 бет көлемінде) жырдың негізгі сюжеттері толық баяндалған. Ғалым кітабының «Ер Сайын әңгімесінің мәнісі» атты бөлімінде бас қаһарманның жеке өз басына, жырдың шамамен шығу тарихына, жырдың мезгілдік-мекендік ерекшеліктеріне т.б. тоқталады. Сонымен қатар М.Әуезов Сайын бейнесіне ерекше назар аударғаны: баласыздық зарынан бастап батырдың ерекше тууы, пірлердің араласуы, жебеуі, түске кіріп аян беруі, тіпті дүниеге әлі келе қоймаған қаһарман есімдерін де түс арқылы нақты белгілеп атауы т.б. Сайынның қиындық көру себептері де біршама сөз болған: бірі-қолдаушы ата пірін ұмытқандығы себепті деп талданса; екіншісі- көнеден келе жатқан салт- дәстүрді орындамауы, яғни жауырыншының айтқан ақылына тоқтамауы; үшіншісі- ел батыры Қобыланды сияқты ағасына қарсы шығуы деп қарастырылады. Мұнда Сайын батырдың бас кемшілігі- батырлығы, ерлігінде т.б. емес, керісінше, өзінің мінез, бітім болмысында екендігін ғалым М.Әуезов былай түсіндіреді: «...Батыр құр ғана қол батыры емес, ақылға шалымды, мінезге тартымды, тоқтаулы болсын дейді. Ақылға шолақ, мінезсіз болса, оның өрісі ұзақ болмайды. Сайынның әңгімесінде ел қиялы сондай шолақ батырды жазалағандай болады. Батырға қоятын үлкен шарттар бар екенін білдіреді» [376, 88-89 б.]. Демек халықтың солай болса деген арманы жыр негізінде жатқанына баса назар аударылады.

1953 жылы Алматыда, қазақ эпосы туралы пікірталас өткені белгілі (Қазақ эпосы жайындағы дискуссияның қорытындысы. // Әдебиет және искусство.-8.-1953.-Б.109-114; Об итогах дискуссии по вопросам казахского эпоса. Постановление Президиума АН Каз ССР и Президиума Союза писателей Казахстана. // Советский Казахстан.-8.-1953.-Б.113-115). Дискуссия қорытындысы бойынша: қазақтың эпостық жырлары арасында «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Шора батыр», «Ер Есім» жырларымен бірге «Ер Сайын» атты жырдың да әрі атын атауға, әрі зерттеуге т.б. тыйым салынғаны белгілі. Мұның бәрі бір кездерде оқулықта тек қана «Қамбар батыр» жырының сақталуына ғана әкелгені тарихымыздан белгілі. Ал, бұл тыйым салынған қаулыларды: «тап тартысы», «кеңестік идеология», «әдебиеттің партиялылығы» т.б. тәрізді адамзат тарихындағы зиянды теорияларды тоталитарлық жүйеге қызмет еткен заман тудырғанын білеміз.

Белгілі эпостанушы ғалым Ш.Ыбыраев өзінің «Эпос әлемі» монографиясында (Алматы: Ғылым. 1993) қазақ эпосының зерттелу тарихы, қазақ эпосын жанрлық түрлерге жіктеуде, қазақ эпосының поэтикасы мен типологиясының мәселелерінде де т.с.с.- бәрінде дерлік басқа да эпостық нұсқалармен қатар А.Байтұрсынов жазбасын да («Ер Сайын» жыры), әрі осы үлгідегі В.В.Радлов нұсқасын жан-жақты сараптағаны белгілі.

Мәселен, белгілі ғалым Т.Сыдықов өзінің «Қазақтың тарихи жырлары және бүгінгі ғылым» атты еңбегінде («Қазақ фольклорының тарихилығы» ішінде .-А:Ғылым.1993.-Б.130-177) «Ер Сайын» жырын ескі батырлық жырына жатқызады. Сонымен бірге ғалым осы еңбегінде «Ер Сайын» жырының ХІІІ-XV ғасырлардағы Алтын Орда тарихымен байланысты туған ноғайлы циклімен тектес дегенді де айтады.

Кітапта «Ел поэмалары» деп [376, 106-139 б.] зерттеуші лиро- эпикалық жырлар «Қозы Көрпеш-Баян», «Қыз Жібек» нұсқаларын атаған. Қазақ фольклортану ғылымында бұлардың лиро-эпостық, немесе ғашықтық эпос түріне жататыны белгілі. Ал, ғалымның бұл жырларды ел поэмалары үлгісінде қарастыруы т.с.с.- бәрі Кеңес өкіметі заманында фольклорды, көбінесе әдебиеттану тұрғысынан қарастыру әдісі басым болғанын көрсетеді.

Зерттеуші ғашықтық жырларға да анықтама береді: «Батырлар әңгімесінен кейін қазақ ескілігіндегі әңгімелі өлеңдердің бір түрі- ел поэмасы болады. Бұған қосылатын «Қозы Көрпеш-Баян», «Қыз Жібек». Бұл өлеңдер алдыңғыларша батыр жорығын жырламайды, белгілі дәуірде қазақ елінің салт-санасы, кәсібі, елдігі қандай жайда болғанын білдіретін сөздер. Бұның екеуінде де көшпелі кәсіппен ру жігіне бөлінген, елдің ортасында өскен жастардың махаббат, достық бағасын түсінуі көрінеді. Екеуі де сол көшпелі елдің салт, ғұрпымен байланысқан махаббат жыры болады»,- деп, тұңғыш рет шығарманың жанрлық ерекшелігіне тоқталады [376, 111 б.].

Ғалым бұл жырлардың әлі де толық жиналмағандығына да т.б. баса назар аудартады. Сонымен қатар зерттеуші әр үлгінің бірнеше нұсқасы бар екеніне көңіл бөле отырып, олардың өзара мазмұндық ұқсастығымен қатар сюжетінде де кейбір сәйкестік, өзгешеліктердің кездесетінін ескертеді. Ал, көп нұсқалылық себебі: көп айтушының аузынан өткен үлгі болғандықтан ара-тұра ұмытылып, жаңылып, байқалмай, ойсыз кіргізген өзгерістердің, яғни ықтиярсыз кірген жаңалық ықпалы десе, сондай-ақ тыңдаушының тілегін, ақынның ұнатқан ыңғайына қарай бейімделіп кеткен өзгерістердің, яғни ықтиярлы өзгерістердің әсері екенін дұрыс айқындап береді. Одан әрі мәтін ішінде кездесетін бейнелер фольклорлық үлгіде көтерілген тақырыпқа орай, яғни махаббат мәселесі тұрғысынан талданады. Мәселен, талдауға түскен «Қозы Көрпеш-Баян» жырының үш нұсқасын (бірі-Семей жерінен алынған туынды, екіншісі- В.В.Радлов нұсқасы, үшіншісі- Жетісу жерінен жиналған Колпаковский үлгісі) өзара салыстырады. Олардың сюжетінде, кейіпкерлерінде, кейіпкер іс-әрекетінде өзгерістердің бар екенін ғалым дұрыс анықтайды. Міне, мұнда зерттеуші нұсқаларды өзара ажыратудың әлемдік фольклортануда қалыптасқан талаптарын орындағанын танытады. Жырда кездесетін ұнамды бейнелермен қатар, ұнамсыз образ Қодар, Қарабай да әдеби талдауға түскен. Сөйтіп, ғалым М.Әуезов фольклорлық шығармаларды әдеби образдар жиынтығы деп қарастырғанын көреміз.

Тарихи жырларды ғалым М. Әуезов «тарихи өлең» деп атаған [376, 140-167 б.]. Мұндағы тарихи өлең деген атау орнына қазіргі фольклортану ғылымында не тарихи жыр, не тарихи эпос деген ұғымдарды пайдаланады.



Тарихи жырға ғалым: «Тарихи өлеңдер ең алдымен ел тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады... Сол дәуірде арнаулы оқиғаның қақ ортасында болған атақты адамдардың басынан кешкен өмір, қолымен істеген істің жыры болады. Тарихи өлеңдердің ішіндегі адамдар жалпақ елге аты белгілі қадірлі, сүйікті адамдар. Сол адамдардың істеген ісі, беттеген мақсаты, көптің өміріне қозғау салған әсері, көптің аузында неше алуан әңгіме болып қалады. Бұл әңгімелердің көбі сол оқиғалардың ішінде болған, көзі көргеннің әңгімесі. Сондықтан сөзі мен суреттерінің шындығы көбінесе даусыз»,- деген анықтама береді [376, 140-141 б.]. Тарихи жырлар қатарында «Кенесары-Наурызбай», «Исатай-Махамбет», «Бекет батыр» үлгілері әдеби тұрғыдан талдауға түседі. Олардың барлығы әлі жиналып болмағаны; нағыз «тарихи өлеңдер» басталатын кезі Абылай заманынан бері қарай екендігі; бұларды ел тіршілігінің тарихы тарихта орын алған ұлы оқиғалар тудырғаны сөз болады. Сондай-ақ осында қарастырылған тарихи кезеңге байланысты: «Халел Досмұхамбетовтың «Исатай-Махамбет» жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгеровтың «Қазақ тарихынан» деген еңбектерін қарап өтсін дейміз»,- деген [376, 143 б.] ғалым пікірі беріледі. Демек бұл кезеңдегі тарихтан көбірек мағлұмат алу үшін аталған еңбектерді қарап шығу қажеттілігі ескертілуі ғалым пікірінің маңыздылығын арттырады.

Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар
buuk -> Мамандық «Аспаптық орындау» мамандығы бойынша күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлердің тәжірибе жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау Павлодар бекітемін


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет