Қазақстан тарихы дәрістер жинағы №1 дәріс. Кіріспе


дәріс. XX ғасырдың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-саяси дамуы



бет5/8
Дата11.12.2022
өлшемі187,84 Kb.
#162350
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Қазақстан тарихы лек жинағы
1,2-Практикалық жұмыс, Сил Филос Пед 2к 5кр рус (1), Ішкі ауру 4срс Толықбай Н, open-file, Кәсіпорын экономикасы (1), эссе Азиза, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ, 6-klass-sor-1-dt, Жасыл экономика-WPS Office
8 дәріс. XX ғасырдың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-саяси дамуы
Дәрістің мазмұны: XX ғ. басында Қазақстандағы әлеуметтік-саяси даму мәселесі қаралады.
Дәрістің мақсаты: Қазақстандағы бірінші орыс революциясы және Ақпан төңкерісінен кейінгі қалыптасқан саяси дамудың мәнін ашу.
1. Ресей империясындағы 1905 жылғы бірінші Орыс революциясы қазақ халқының азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді. 1905 ж. саяси оқиғалар туралы алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен, Ә.Бөкейханов атап көрсеткендей, "бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді". Сол кезеңдегі әкімшілік орындарына түскен мәліметтердің бірінде: "Патша үкімдерінің жариялануынан бері қарай қырғыз жұрты мерзімді басылымдарға қызығушылықпен зер сала қарай бастады. Сауаты барларының көпшілігі астаналық газеттерді жаздырып алуда. Қырғыздар арасында бұрын-сонды болмаған құбылыстар байқалуда" - делінген. Қазақ даласында байқалған мұндай құбылыстардың бірі өлкенің барлық елді мекендерінде қазақтардың үлкенді-кішілі жиылыстарының өткізіле бастауы еді. Мұндай жиылыстарда қазақ жұртының көкейтесті мұктаждықтары талқыланып, ол жөнінде орталық үкімет орындарына тапсыруға петициялар әзірленді.
1905 жылы Семей облысы Қарақаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясына Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың қатысы болды.
Қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіндегі белсенділігі де арта түсті. Олар 1905 жылдың желтоқсанында Оралда бес облыстың қазақ халқы делегаттарының съезін өткізіп, өз партиясын - Ресей конституциялық-демократиялық (кадет) партиясының бөлімшесін құруға әрекет жасаған болатын. Ондағы мақсат - 17 қазанда жарияланған патша Манифесі берген бостандықтар шеңберінде қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау еді. Осыған байланысты 1906 жылдың ақпанында Семейде қазақтардың екінші съезі өткізілді. Ол кадеттерге жақын бағдарламаны мақұлдады. Сонымен қатар, оған өлкеге шаруалардың қоныс аударуын тоқтату, Қазақстанның барлық жерін байырғы халықтың меншігі деп тану, ұлттық мектептер ашу, тағы басқа да талаптар енгізілді.
1905 жылдың 6 тамызында Мемлекеттік Дума жөніндегі патша Манифесі қазақ еліне де депутат сайлау құқығын берген болатын. Нәтижесінде, қазақ халқы Мемлекеттік Думаға әр облыстан бір депутаттан ғана сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп, Қазақстаннан бірінші Мемлекеттік Думаға барлығы 9 депутат, оның ішінен 4 миллион қазақ халқынан 4 депутат: Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов және Б.Құлманов сайланды. Олар Дума жұмысына мұсылман депутаттары фракциясы құрамында қатынасты. Бұл фракцияның заң жобасы ретінде дайындаған ең басты құжаты аграрлық мәселеге байланысты еді. Мұсылмандар фракциясы жер мәселесіндегі аграрлық тұжырымдаманы мұсылмандар партиясының бағдарламасы негізінде ұсынды.
1905 жылдың 6 тамызындағы және 11 желтоқсанындағы сайлау заңдары негізінде ІІ Думаға Қазақстаннан 14 депутат, олардың 6-ы қазақ ұлтының өкілдері: молда Ш.Қосшығұлов - Ақмола облысынан, би Х.Нұрекенов - Семей облысынан, адвокат Б.Қаратаев - Орал облысынан, сот тергеушісі А.Бірімжанов - Торғай облысынан, Т.Алдабергенов -Сырдария облысынан, қатынас жолдары инженері М.Тынышпаев -Жетісу облысынан сайланды. ІІ Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау жағынан болсын бірінші Думаға қарағанда солшыл бағытта болған-ды. Негізгі пікір тартысын тудырған мәселелердің бастысы аграрлық және қоныс аудару мәселесі болды. Әсіресе, депутаттар Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ш.Қосшығұлов, Х.Нұрекенов өте белсенді түрде, заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қайткенде бір ықпал етуге тырысты.
Ізгі мақсатқа қол жеткізу үшін, ендігі жерде қазақ зиялылары саяси күрестің басты құралдары ретінде "Айқап" сияқты журнал мен "Қазақ" сияқты бұқаралық газет шығарып, өздерінің ғасыр басындағы белсенді басталған қоғамдық-саяси қызметін одан әрі жалғастыра түсті.
"Айқап" журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның шығарушысы және редакторы Мұхамеджан Сералин (1871-1929) болды. Журнал Қазақстандағы сол кезеңнің идеялық-саяси ой-пікірдің аграрлық-демократиялық бағыттарын білдірді. Оған Б.Қаратаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ж.Сейдалин және басқалар қатысып түрды. Журнал беттерінде негізгі мәселелер қатарында оқу-ағарту ісі мен аграрлық мәселе, яғни жер қатынастары, көшпенділердің дәстүрлі мал шаруашылығы және олардың отырықшылыққа көшуі туралы мақалалар көптеп жазылды. Сондай-ақ, журналда патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленіп отырды.
Сонымен қатар, Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары А.Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған ресми "Қазақ" газеті болды. Ол либерал-демократиялық бағыт идеяларын ұстанды. Газет редакциясында сол кездегі қазақ конституциялық-демократиялық партиясының және қазақ халқының жалпы ұлттық қозғалысының жетекшісі, экономист-ғалым Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқалар қызмет істеді. Олар ең күрделі аграрлық мәселеде жерге Ресей патшалығының тарапынан мемлекеттік меншіктің күшін жою және оны қазақтардың меншігіне беру, жер сатуға тыйым салу талаптарын қойды.
Тұтас алғанда, қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуы туралы әртүрлі көзқарастарда болғанына қарамастан, XX ғасырдың алғашқы ширегінде шығып тұрған "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті өз беттерінде ұлттық идеялар мен қазақ халқының мүдделерін ақиқат жолымен жан-жақты көрсете білді.
2. Ұлттық демократияшыл зиялылар ұлттың азаттық идеясын таратушы, қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятушы, отаршылдыққа қарсы күреске дем беруші болды. Оны либералды - демократиялық қозғалысының жоғарғы білімді қайраткері, бұрын кадет партиясы Орталық Комитетінің мүшесі болған Ә.Бөкейханов басқарды. Көрнекті ағартушылар мен демократтар, революциялық қозғалысқа белсене қатысушылар А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтар, Ж.Ақбаев және басқа көптеген адамдар оның пікірлестері мен серіктеріне айналды. Алаш қозғалысының әлеуметтік негізінің ауқымдылығын азаттық қозғалысының жалпы ұлттық көлемімен, оның демократиялық, ағартушылық және отаршылдыққа қарсы сипатымен түсіндіруге болады. Қазақ халқын отарлық езгіден азат етуавтономиялық ұлттық мемлекет құру идеясы қозғалыстың негізгі өзегіне айналды.
1917 жылғы шілденің 21-26-сында Орынборда Жалпықазақ съезі болып, оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферған облыстары мен Ішкі Бөкей Ордасынан өкілдері қатысты. І Бүкілқазақтық съезд қазақтың ұлттық саяси партиясы «Алаш» съезі болып айқындалды. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Е.Омаров, М.Шоқай және буржуазиялық-демократиялық бағыттағы қазақ интеллигенциясының басқа да өкілдері «Алаш» партиясының жетекшілері болды. Съезд мемлекеттік басқару формасын, қазақ облыстары автономиясын, жер мәселесін, халықтық милиция ұйымдастыру, земство, халыққа білім беру, сот, рухани-дін мәселелерін және т.б. қарады. Съезд қазақтың «Алаш» саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, оның бағдарламасын жасау қажет деп тапты. «Мемлекеттік басқару формасы» мәселесі бойынша съезд «Ресей демократияшыл федерациялық парламенттік республика болуға тиіс»,-деп жазды; қазақ облыстары «облыстық ұлттық-аймақтық автономия алуға тиіс» деп тапты. Съезд Қытайдағы 83 мың қазақ босқындары және 1916 жылғы оқиғаларға қатысып, Жетісу казактары мен Уақытша үкімет органдары тарапынан кемсітушілік пен қуғындауға ұшырағандар жөнінде өз көзқарасын білдірді. 1917ж. күзінде Қазақстанда тағы бір ұлттық-саяси ұйым - өзін «қазақтың социалистік партиясы» деп атаған «Үш жүз» партиясы пайда болды. Оның жетекшісі К.Төгісов болды. Бұл партия большевиктік бағыт ұстап, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің көптеген мәселелері бойынша «Алаш» партиясының негізгі оппоненті тұрғысында оған қарсы шығып отырды.
3. Ақпан революциясынан кейін Ресейдің ұлт аймақтарында мұсылмандар қозғалысы жандана түсті. 1917 ж. сәуірде Түркістан, Башқұртстан, Татарстан, Кавказ мұсылмандарының съездері болып өтті. Ақпаннан қазанға дейінгі кезеңде ұлттық демократия идеясы қалыптасты. Қыркүйекте мұсылман ұйымдарының съезі тұңғыш мұсылман партиясын – Түркістан федералистер партиясын құрды. Съезд Ферғана, Сырдария, Каспий сырты, Жетісу облыстары құрамындағы Түркістан өлкесін «Ресей республикасымен федерациялық байланыстағы автономиялы ел» деп жариялайтын тұғырнама қабылдады. Түркістан және қазақ мұсылмандарының Түркістан, Орал және Торғай облыстарының өкілдері қатысқан съезі (1917 ж., 17-20 қыркүйек) «Иттифок-и -муслимин» партиясы Ресей республикасы құрамындағы аймақтық автономия идеясын ұсынды. Діни сипатына қарамастан, бұл саяси ағымдар Түркістан мен Қазақстан жерінде тұратын халықтардың жалпы ұлттық мүдделерін де білдірді.
Өлкеде социал-демократиялық топтардың ескілері жанданып, жаңалары құрыла бастады. 1917 ж. наурыз айында облыстар мен өлкелердің орталықтарында: Омбыда, Орынборда, Оралда, Ташкент пен Верныйда социал-демократиялық ұйымдар құрылды. Қазақ халқының таңдаулы өкілдері: А. Асылбеков, Б. Серікбаев, С. Меңдешев, Т. Бокин, М. Жәнібеков, С. Арғыншиев, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, Ә. Майкөтов және т.б. танымал саяси басшылар болды. Әулиетата мен Меркеде «Қазақ жастарының революцияшыл одағы» құрылды, Ақмолада «Жас қазақ» ұйымы жұмыс істеді. Ірі қалаларда, уездерде эсерлер ұйымдары пайда болды. Осы ұсақ буржуазиялық партияның «жерді оны өңдейтіндерге беру керек», «жер – бүкіл халықтың меншігі» деген ұрандары, Түркістандағы съезде патша өкіметінің отарлау саясатын айыптауы оның уақытша табысқа жетуін қамтамасыз етті. 1917 ж. жазына қарай барлық Кеңестер (Черняев Кеңесінен басқалары) солардың қолында болып шықты. Сонымен қоса Оралда, Атырауда, Петропавлда, Павлодарда, Көкшетауда, Семейде казак партиясының бөлімшелері жұмыс істеді.
Сөйтіп, Ресейдегі сияқты, оның ұлттық аймағы – Қазақстанда да көп партиялы жүйе қалыптасты. Қазақстанда ұлттық, діни, таптық, сословиелік негізде пайда болған әр түрлі партиялар мен топтар көптеген реттерде келісімге немесе ымыраға келе алмай, бір-бірімен шиеленіскен айтыс жүргізді. Сонымен бірге 1916 ж., оның ізінше болған 1917 ж. Ақпан революциясы Қазақстанның халық бұқарасының орасан көпшілігін дүр сілкіндіріп, тарихи процестің дамуын жеделдетуге себепші болды.
9 дәріс. 1920-1940 жж. Кеңестік Қазақстан
Дәрістің мазмұны: Кеңес дәуіріндегі тоталитарлық жүйенің қалыптасуы барысындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалады.
Дәрістің мақсаты: Кеңестік индустрияландыру, ұжымдастыру мәселесін қарастырып, қуғын-сүргіннің көлемі мен Қазақстанда орын алған зардаптарын ашу.
1. Социалистік индустрияландыру саясаты өзінің мазмұны жағынан ірі машиналы өнеркәсіпті, ең алдымен ауыр индустрияны бүкіл халық шаруашылығының салаларын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз ететіндей дәрежеде дамытуға бағытталды. Социалистік индустрияландырудың капиталистік индустрияландырудан ерекшелігі болды. Капиталистік мемлекеттер өздерінің индустриялды дамуын, әдетте, пайда тез түсетін жеңіл өнеркәсіп салаларын дамытудан бастайды. Осы салаларға тән болып келетін кәспорындардың шағындылығы мен оған жұмсалатын қаржының (капиталдың) айналымдылығы әуелгі кезде жеңіл өнеркәсіпті өте тиімді салаға айналдырады. Тек уақыт өткен соң ғана жинақталған қаржы біртіндеп ауыр өнеркәсіпке ауысуына байланысты ауыр индустрия салалары дамиды.
Большевиктер партиясының басшылығымен жүзеге асырылған елді индустрияландыру саясаты шеткері орналасқан ұлттық аймақтар, оның ішінде әсіресе Қазақстан үшін отаршыл бағытта болды. Мәселен, көрнекті қайраткер, экономист С.Садуақасов шикізат қоры көздеріне өнеркәсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Ол қазақ өлкесінен шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан дайын өнімді қайта алып келуге кететін шексіз транспорттық қаржы жұмсауға, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды.
Қазақстанда өнеркәсіп, өндіріс қазақ қоғамының табиғи қалыптасқан жағдайына жат деп есептегендер болды. Елімізде 1920 ж. өнеркәсіп өндірісінің жалпы даму деңгейі өте төмен болды. Қазақстанның өнеркәсіп өндірісін Орал-Эмбі ауданындағы бірнеше мұнай кеніштері, Орталық Қазақстандағы көмір шахталары және Алтайдағы қуаты төмен түрлі-түсті металлургия кәсіпорындары ғана құрады. Елдің экономикасында ауыл шаруашылығы басым болды, яғни барлық өнімнің 84,4 проценті ауыл-шаруашылық өнімдері болды. Халықтың 90 пайызы ауылдық жерде тұрды. Жұмысшылар саны 1926 жылы бүкіл елде халықтың бар болғаны 10,7 пайызын құрады.
Осындай қиындықтарға қарамай большевиктер Казақстанды бүкіл одақтық көлемдегі елді индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы Түркістан-Сібір темір жолы болды. КСРО Еңбек және Қорғаныс кеңесі 1926 жылы 3 желтоқсанда ұзындығы 1500 километр Түркістан-Сібір темір жолын салу туралы шешім қабылдады. Индустрияландыру жылдарында Карағанды-Балқаш, Гурьев — Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жолдары салынды.
Өлкені индустрияландыру барысында кеңес үкіметі түсті металлургия, көмір және мұнай өндіріс орындары мен теміржол саласын одан әрі өркеңдету міндеттерін қойды. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын салу және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қайта құру үшін тек 1933-34 жылдары 566,6 млн. сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрияны дамытуға жұмсалды. Олардың ішінде Қарағанды шахталары, Шымкент қорғасын және Балхаш мыс қорыту зауыттары, Ақтөбе химия комбинаты болды.
Қазақстанды индустриаландыру барысында Текелі полиметалл және Жезқазған мыс қорыту комбинаттарыӨскемен қорғасын-мырыш зауыттары салына бастады. 1933 жылы ақпан айында Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші жұмыс істеді. Бұлар Қазақстанда ғана емес бүкіл ел көлеміндегі түсті металдарды өндіруші өте ірі өндіріс орындары болды. 1939 жылы Шымкент зауыты бүкіл Одақтағы қорытылған қорғасынның 73,9 процентін берді. Балқаш мыс қорыту зауыты республикадағы қорытылған мыстың 51 процентін берді. Осының бәрі Қазақстанды түсті металдар шығарудан одақ көлемінде 2-ші орынға шығарды.
Мұнай өндірісінен де Қазақстан алдыңғы орынға шықты. 1940 жылы мұнай өндірудің көлемі 700 мың тоннаға жетті. Мұнай өндіруден Қазақстан Одақ көлемінде 3-ші орынға шықты. Эмбі мұнай орны игерілді. Сағыз және Құлсары мұнай орындары ашылды.
Қазақстанда химия өндірісі қалыптасты. 1933 жылы қарашада Ақтөбе химия комбинаты мен Аралсульфат комбинаты да іске қосылды.
Темір жол саласын дамыту Қазақстанды индустрияландырудың бір бағыты болып есептелінді. Индустрияландыру кезінде өлкеде темір жолдар салынып, жүк және жолаушыларды тасымалдау кең дамыды. 1928-1940 жылдары темір жолдардың өсуі 50 процентке артып, оның ұзындығы 6581 км. жетті.
Қазақстан 20 жылдардың аяғы мен 30 жылдары, өте қысқа мерізімде аграрлы елден индустриялы елге айналды. Алайда Қазақстанда өндірілген бұл шикізаттарды өндейтін өндіріс орындары салынбады. Өлкені индустрияландыру барысында өнеркәсіп өндірісінің жүрегі болып саналатын машина жасау бағыты, оның мынадай жетекші салалары станок жасау, автомобиль шығару, трактор жасау, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау салалары мүлде қамтылмады. Республиканы индустрияландыру тек шикізаттық бағытта болды.
2. Қазақстанда большевиктер 1926-1927 жылдары бай-кулактардан алынған 1250 мың десятина жайылымдық және 1360 мың десятина шабындық жерлерді бөлді. Бөлінген шабындық жердің 61,6%-ін кедейлер, 8,8%-ін ауқаттылар алды. Ал жайылымдық жердің 59,3% кедейлерге, 31,7% орташаларға және 9% ауқатты қожалықтарға берілді. 1928 жылы өткен қазақ байларын тәркілеу кезіндегі қазақ қоғамындағы бай-феодалдар саны 696 шаруашылық болған.
Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда баяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин мүлде қосылмады. Ол «Кіші Қазан» идеясын жүзеге асыру барысында Қазақстандағы ұжымдастырудың жоғары қарқынын мақтаныш етті.
Елімізде 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65 проценті ұжымдастырылды, яғни сол жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100 процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды. Ұжымдастыру қарқыны күштеу, зорлық-зомбылық көрсету арқылы жүзеге асырылды. Күштеп ұжымдастырушылар қазақ қоғамындағы дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігін мүлде еске алмады. "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын", "Қайдан тапсаң онан тап, қаптың түбін қақ", "Социализмде сотқа тартылмаған адам болмайды" деген ұр да жық ұрандар елдің түбіне жетті.
Осы жылдары шаруа кожалықтарынан бай-кулактарды бөліп алып, оларды тап ретінде жою жүзеге асырылды. 1928-1929 жылдарда бай-кулактар есебіне алынып жазаға тартылғандар, яғни қудаланғандар есебі 54 625 болды. 1931 жылы 5500 шаруа бай-кулак ретінде аласталды.
Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. 1929-1933 жж. өлкеде барлығы 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңдай адам қатысты. Большевиктер бұл наразылықтардың негізгі себебін байлар мен дін басыларының кеңес үкіметіне қарсы халықты ұйымдастыруынан деп көрсетті. Кеңес үкіметі бұл көтерілістерді әскери күшпен басып жаншыды.
Большевиктер жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы болды. Әсіресе, мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. 1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болғанын, содан 1933 жылы 4 млн. ғана мал қалғанын билік мойындауға мәжбүр болды.
Нәтижесінде 1932-33 жылдары халық аштыққа ұшырады. Зерттеушілер 1930-1932 жылдары шетелге кеткен қазақтар санын, қайтып келгендерді шығарып тастағанда аштықтан қырылғандар санын 1,3 млн. адамға жеткізеді.
Аштықтың зардаптарын баяндап РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов Сталинге хат жазды. Аштыққа байланысты жоғарғы партия мен үкімет басшыларына жазылған хаттар қатарын О. Исаевтің және "Бесеудің хаты" толықтырады.
1932 жылы 17 қыркүйекте "Ауыл шаруашылығы туралы" қаулы қабылданып, Қазақстан мал шаруашылығындағы "кемшіліктерді түзеу" бағыты белгіленеді. Алайда қаулы өлкелік комитеттің жүргізген саясатын айыптамады, тіпті, ол қаулыда аштық туралы бір сөз жоқ. Қаулы егіншілік аудандарында жеке меншікте 2-3 бас сиыр, 10-20 бас қой, ал мал шаруашылығы аудандарында 100 бас қой, 8-10 бас ірі қара, 3-5 түйе, 8-10 жылқыға дейін ұстауға рұқсат берді. Сөйтіп, 1933 жылдың наурызында Қазақ Өлкеком хатшысы болып Л.Мирзоянның келуімен ғана аштықтың ауыр зардаптарын жою шаралары жүйелі түрде жүзеге асырыла бастады. 
3. Кеңес дәуіріндегі қазақ зиялыларына қарсы бағытталған айыптаулардың ішінде большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы бағытталған күресі ең қатал және ымырасыз болды. 1920 жылдардың орта кезінде большевиктер Алаш зиялыларына қарсы күресте айыптаулармен ғана шектелсе, одан кейінгі кезеңде ол өте-мөте қатал жаппай саяси қуғынға ұласты.
Алаш зиялыларына қарсы күрестің жандануына 1925 жылы 29 мамырда Сталиннің Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына өлкелік "Ақ жол" газетінің ұстанған бағытын айыптап арнайы жазған хаты себеп болды. Ол хатта газет бетіндегі жарияланған мақалалардың бұл кезде шет елде эммиграцияда жүрген М. Шоқайдың ойымен "үндес және пікірлес екенін, яғни алашордашыл, ұлтшыл идеяларды жаңғыртатыны" атап көрсетілді. Көп кешікпей-ақ, 1926 жылы болған партия конференциясында Ф.Голощекин басында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сияқты қазақ зиялылары тұрған ұлттық қозғалысты "реакцияшыл, тіптен, контрреволюцияшыл" деп бағалады.
1928 жылдың аяғында қазақтың ірі ағартушылары, әдебиетшілері, әртүрлі саладағы зиялылары және Алашорда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, X.Ғаббасов және т.б., барлығы 44 адам қуғындалып, тұтқындалды.
1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында ұлттық интеллигенцияның екінші бір тобы (40-қа жуық адам), құрамында X. және Ж.Досмұхамедовтер, М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, Ә.Ермеков және өзге де зиялы қауым өкілдері бар, тұтқындалды. Көп кешікпей олардың 15-і (X. және Ж.Досмұхамедовтер, М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, К.Кемеңгеров және басқалары) Ресейдің Орталық қара топырақты ауданына жер аударылды. Мұндай іс-әрекеттердің барлығы большевиктердің өздеріне идеялық жағынан қарсылық көрсете алатын зиялылардан құтылу жолы екенін байқатады.
1937-38 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін қарсаңындағы ең алғашқы іс Қарағандыдағы сот ісі болды. Ондағы айыпталушылар тізімінде округтік партия ұйымының хатшысы М.Гатауллин, мүшелері А.Асылбеков, Н.Нұрсейітов т.б. болды. Олардың негізгі кінәсі — батылдылығы мен принципшілдігі. Олар 1937 жылы қарашада өткен сот процесіңде өздерінің "Мәскеудегі "троцкистік орталықпен" қалай байланыс орнатып, олардың тапсырмасын Қазақстанда қалай жүзеге асырғандарын мойындады".
Кейін халық жауларын түсті металлургиядан, темір жол транспортынан, жерхалкомынан, байланысхалкомынан және т. б. жерлерден анықтап, жауапқа тарта бастады. Партия кеңес қайраткерлерінің тізімін Н.Нұрмақов (БОАК президиумының жауапты кызметкері), Т.Рысқұлов (РКФСР ХКК төрағасының орынбасары) Мәскеуде ұсталып бастаса, кейін ол тізімді еліміздегі көрнекті қайраткерлер: К.Сарымолдаев, Ұ.Құлымбетов, Ғ.Тоғжанов, Ә.Лекеров, А.Розыбакиев, Ж.Сәдуақасов, І.Құрамысов және т.б. ұсталып ату жазасына, немесе лагерлерге ұзақ мерізімге айдалды.
Контрреволюциялық іс-әрекет жүргізушілерге қарсы күрес науқаны мыңдаған жазықсыз адамдардың басына қасірет әкелді. Елде құқықты одан ары дөрекі бұрмалау күшейе түсті. Саяси кінә тағылғандар ісі Кагановичтің ұсынысымен сотсыз қаралып, ату жазасына кесілетін болды. Кейін ондай істердің өте көптігіне байланысты Молотовтың ұсынысымен жазалау тізіммен жүзеге асырылды. Ерекше Кеңес заңда көрсетілгеңдей толық құрамымен іс-әрекет етпеді. Олар алғаш "үштік" болып, кейін тіпті "екілік" болып әрекет етті.
Осы 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде күштеу аппараты сотқа тартылатындарды тізіммен беретін болды және де оларға көбінесе ату жазасын талап етіп отырды. Кей деректерде 1937-1938 жылдары Қазақстандықтардың 44 мыңы түрмелерге түсіп, 22 мыңы атылды десе, басқа деректер 1930-50 жылдары 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады, оның ішінде 20 мыңнан астамы атылғанын айтады. Р.Конквест мәліметі бойынша Одақ көлемінде 1937 жылы түрмеде қамалғандар 5 млн., ал 1938 жылы тағы да 7 млн. қамалғандар болды. Ал А.Солженицын 1939 жылдың 1 қаңтарына дейін Одақ бойынша атылғандар санын 1 млн. 70.000 адам деп көрсетеді.
Қорытып айтқанда, 30 жылдарда тоталитарлық жүйе Қазақстанның қоғамдық саяси өмірінің барлық саласында бекіді. Ол елде күшпен ұжымдастыру және 1937-1938 жылдардағы саяси жазалау дәуірінің қайғылы оқиғаларымен ұштасты. Республикадағы әлеуметтік-экономикалық өзге-рістер, Қазақстанға Одақтас республика дәрежесін беру, мәдени құрылыстағы, халық ағарту ісіндегі және ғылымдағы табыстар сталиндік әміршіл-әкімшіл жүйенің тек қатаң идеологиялық қыспағында іске асты.
10 дәріс. Қазақстан қайта құру жылдарында
Дәрістің мазмұны: Қазақстан тәуелсіздігінің алғышарттарын тудырған 1980 жылдың екінші жартысындағы әлеуметтік-экономикалық қайшылықтар баяндалады.
Дәрістің мақсаты: КСРО-ның ыдырау себеп-салдарын ашып, Қазақстандағы қоғамдық саяси жаңғыруларды талқылау.
1. 1980 жылдардың аяғында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі мен ұлттық тәуелсіздік мәселелері алдыңғы қатарға шыға бастады. Өйткені Кеңестер Одағындағы қайта құру процестері халықтар арасындағы ұлттық қатынастардың өте күрделі екендігін көрсетті. Одақтас республикалар Кеңес Одағын егеменді мемлекеттердің одағына айналдыру реформасын дайындай бастады. Оған КСРО-ның құрамында болып келген ұлт республикаларының Одақтан бөлініп шығып, өздерінің егеменді мемлекет болуы жөніндегі талаптарының әсері тиді. Осының нәтижесінде 1988 жылдың қараша-1989 жылдың мамыр айлары аралығында Балтық жағалауындағы Эстония, Литва, Латвия республикалары өздерінің егемендігі туралы алғашқы құжаттарын қабылдады. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі де «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылдады. Бұл кезде Кеңестер Одағының одан әрі дамуы жөніндегі әр түрлі үлгілері пайда болған еді. Қазақ КСР-і соңғы кезге дейін Одақты сақтап қалуға күш салды. Алайда, жаңа Одақтық шартқа қол қояр алдында 1991 жылы 19 тамызда бұрынғы Кеңес Одағының басшылары Янаев, Павлов, Пуго, Язов, Крючков қатысқан мемлекеттік төңкерістің болуымен және орталықтың ешқандай ымыраға келмеуімен байланысты одақтас республикалардың жетекшілері бұған дейін жүргізіліп келген келіссөз талаптарынан бас тартуға мәжбүр болды. Бұл жағдайлар Кеңес Одағының ыдырауын тездетіп, оны реформалаудың 20 тамызға белгіленген Новоогарево келісімін болдырмай тастады. «Тамыз бүлігі» Коммунистік партияның тарауына әкелді.
1991 жылы 8 желтоқсанда Минскіде (Беловеж) Белорусь, Ресей және Украин президенттері «Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы» Беловеж келісіміне қол қойды. Онда жоғарыда аталған мемлекеттер 1922 жылы Одақтық келісімге қол қойып, КСРО-ны құраушылар болғандықтан: «КСРО халықаралық құқықтың субъектісі ретінде өмір сүруін тоқтатады және геосаяси мәнін жоғалтады» - деп мәлімдеді. Одан әрі: «Біздің халықтардың тарихи бірлігіне, қалыптасқан қатынастарға сүйене және екі жақты келісімдерді ескере отырып, демократиялық құқықтық мемлекет құру үшін жоғарғы келісім жасаушы тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрады», - деп атап көрсетілді. Сөйтіп бұл келісім 1922 жылы Кеңес Одағының құрылуы туралы шарттың күшін жойып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрды.
Бұдан кейін Орта Азия және Қазақстан мемлекет басшылары Ашхабадттағы кездесуде «Беловеж келісімін» талқылап, тең құқықтық дәрежеде жаңа мемлекеттер достастығын құруға әзір екендіктерін білдірді.
Осылайша, 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы 11 тәуелсіз мемлекет арасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісім хаттамасына қол қойылды. Олардың арасындағы қарым – қатынастар әрбір елдің мемлекеттігін тану және құрметтеу, өзін-өзі билеу құқығының бұлжымастығы, тең құқылық және ішкі істеріне қол сұқпау ұстанымы, күш қолдану мен күшпен қоқан-лоққы жасаудан, экономикалық және қысым жасау әдістерінен бас тарту, дауларды шешу адам құқы мен еркіндігін, соның ішінде аз ұлттардың да құқығын құрметтеу, халықаралық құқық нормалары мен міндеттерді адал орындау негізінде дамиды - деп мәлімдеді. Сөйтіп, 1991 жылғы желтоқсандағы Алматы қаласында бас қосқан тәуелсіз елдер басшыларының келісімі КСРО-ның әмір сүруін тоқтатумен аяқталды.
2. XX ғасырдың 80 жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын сезіле бастады. 1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев сайланды. Ол сол жылдың сәуір айында өзінің "қайта құру" бағытын айқындайды. Кеңестер Одағының жаңа басшылығының жариялаған әлеуметтік-экономикалық қайта құруға бағытталған бағыт, кейін уақыт көрсеткендей, оның алдындағы өкімет басшылары сияқты өзін демократиялық реформатор етіп көрсетуге бағытталған талпыныс еді. Жеделдетудің басты қадамы ретінде өндірістік құрылымды, құрал-жабдықтарды техникалық жүйелерді жаңарту идеясы ұсынылды. Бұл идеяны ұсынушылар - академик-экономист А.Г.Аганбегян және т.б. тұтыну жабдықтарын сатып алуға бөлінетін валютаны азайтып, үнемделген қаржыны сырттан машина жасау өнімін сатып алуға жұмсауды ұсынды. Жоба авторлары бұл шара 1990 ж. қарай кұрал-жабдық және машина жасаудың азаматтық салаларының құрал-саймандарының 90% әлемдік стандарт деңгейіне жеткізуге мүмкіндік әперіп, еңбек өнімділігін күрт өсіріп, жеделдетуге алып барады деп сенді. Аграрлық салада да ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ендіру ауыл шаруашылық өндірісін жеделдетеді деп есептеді.
Бірақ та, іс жүзінде, жеке меншіктің нарықтық қатынастың толыққанды өндірілмеуі жеделдету тұжырымдамасын қиялға айналдырып жіберді. Өндіріс өнімінің тапшылығы заводтар мен фабрикаларды өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталандырмады. Өйткені товардың жетіспеушілігі оның сапасына деген сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да заводтар мен фабрикалар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге бағытталған партиялық бағытты барынша орындамауға тырысты. Шет елдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар іске асырылмай, заводтар мен фабрикалар алаңында темір жол станциялары мен қоймаларда қар мен жаңбыр астында жатты.
Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауыл шаруашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі меншікке байланысты болды. Мемлекеттік колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дәрменсіз болды. Арендалық әдістерді енгізу еңбеккерлердің каржы мен еңбек нәтижелерін иемдену, табылған табысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс кұрал-жабдықтары мен еңбек нәтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға кұлқы болмады.
Табиғи ресурстарды пайдаланудагы ведомствалық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегуші аудандарға айналды. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялык өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті.
3. Алматыдағы желтоқсан окиғасынан кейін Г.В. Колбиннің саясатының қатаң және валюнтаристік бағытына жол берілді. Басшылық жүйесінде үлкен кадрлық тазалау жүзеге асырылды, мәдениет пен баспасөзге бақылау күшейді, жоғары оқу орындарына студенттер Қазақстандағы ұлттардың алатын пайыздық үлесіне сай қабылдана бастады. Орталыққа жіберілетін фондыларды азайту нәтижесінде қол жеткен өзгерістерге жалған сипаттама берілді.
1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 30-40 жылдары және 50жылдардың бас кезінде сотталған және жазаға ұшыраған халқымыздың даңқты өкілдерінің есімі халқына қайтарылды. Әсіресе Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық арасында зор қолдауға ие болды. Сөйтіп, қазақ халқының аталған бес арысы 1988 жылы ресми ақталды.
Саяси өмірде болған өзгерістер ұлттық сананың оянуын туғызды. Мұның айқын көріністерінің бірі ядролық қаруға қарсы халықтық қозғалыс болды. 1989 ж. ақпанда «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы салынды. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын О.Сүлейменов басқарды. Бұл қозғалыс бүкіл Қазақстан халқы тарапынан қолдау тауып, осы жылдың 6 тамызында Семей облысы Қарауыл ауылында өткен жиында КСРО мен АҚШ-тың халықтары мен Президенттеріне ядролық сынауға бірлесіп мораторий жариялау қажеттігі жөнінде үндеу қабылдады.
1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен етті. Республика парламентінің қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесін берген "Қазақ КСР-нің тіл туралы заңын" 1989 ж. қыркүйекте қабылдауы маңызы зор оқиға болды.
Елде жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістер бұқара халық арасында әртүрлі көзқарастардың, түрлі қоғамдық пікірлердің ашық айтылуына және бірқатар саяси партиялар құрылып, олардың еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Мысалы, 1990 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды. Бұл партияның алдына қойған басты мақсаты - республикалық парламент сайлауына қатынасып, оның құрамына өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу еді. 1990 жылы "Азат" азаматтық қозғалысы қалыптасты. Басты мақсаты - Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін, заң алдында барлық азаматтардың тең құқықтылығын, әлеуметтік әділеттілікті қорғау болды. Одан басқа республикада "Алаш", "Желтоқсан". т.б. саяси қозғалыстар пайда болды. Мұның өзі Қазақстанда көппартиялық жүйенің қалыптаса бастағанын көрсетті.
Қорыта келгенде, XX ғасырдын 70 – 80 жылдары қоғамдық-саяси өмірдегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейлінше шиеленісе түсті. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық өмірді қайта кұру, горбачевтік социализмді "жаңарту" әрекеттері ешқандай оң нәтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Керісінше кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе тоқырауға ұшырап, коғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан әрі тереңдей түсті.
11 дәріс. Егеменді Қазақстан Республикасының құрылуы
Дәрістің мазмұны: Қазақстанның тәуелсіздігінің қалыптасуы барысындағы саяси-экономикалық дамуы баяндалады.
Дәрістің мақсаты: Қазақстан Республикасының егеменділігінің мәнін талдап, дүниежүзілік қауымдастықта алатын орны белгілеу.
1. Қазақ КСР-нің 1990 жылы 25 қазанда егемендік туралы Декларация қабылдаған күнінен шынайы тәуелсіздікке қадам басты. 1991 ж. 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ы атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет