ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет18/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   45

Ботакөз

С.Мұқанов


Сәбит Мұқанұлы Мұқанов 1902 жылы 22 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ол бала кезінен өлең-жырға құмар әрі бейім болған. 1919-1922 жылдары болашақ жазушы әр түрлі әлеуметтік жұмыстарға ат салысты. Кеңес өкіметінің қалыптасу жолына еңбек сіңіргенін жасыру қажет емес. 1922-1926 жылдары Орынбор рабфагында, 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде, 1933-1935 жылдары Москвадағы Қызыл профессура институтында оқиды. Әр кездері “Қазақ әдебиеті” газетінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының председателі, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында профессор болған. С.Мұқанов – “Сұлушаш” дастанының, “Адасқандар” (“Мөлдір махаббат”), “Жұмбақ жалау” (“Ботагөз”), “Сырдария”, “Өмір мектебі” (трилогия), “Аққан жұлдыз” (трилогия) романдарының, “Балуан Шолақ” повесінің, “Шоқан Уәлиханов” драмасының, “Жарқын жұлдыздар”, “Қазақ қауымы” атты зерттеулердің, “Ақ аю” поэмасының, неше жүздеген өлең және мақалалардың авторы, ең өнімді қаламгерлердің бірі. Жазушы өзі өмір сүрген замана сыры мен тарихи шындық қатарларын бірдей ынта, жігермен шынайы бейнелей алды. С.Мұқанов 1973 жылы қайтыс болды.

“Ботакөз” романы сахара өңіріндегі алапат саяси қозғалыс қарсаңындағы халық өмірін өрнектеумен басталып, жалпы республика көлемінде Кеңестер билігінің орнығу мерзімін баяндаумен аяқталады. Романовтар әулетінің үш жүз жылдық династиясын тойлау алдындағы 1912-1913 жылдар “Тұңғиықта” атты бөлімнің сюжеттік арқауын тартады. Шығармадағы кеңістік аумағы оқиға барысының Итбай ауылы, Бурабай қаласы, Омбы, Петербург төңірегінде, одан кейін алтын өндіретін жердегі поселок, Ержан, Байтөбет ауылдары, Қызылжар, Минск, Н. Қалаларының, Меңіреу атты ну орманның қосылуы нәтижесінде мол мекендік өлшемде өтуі мезгіл рухын эпикалық тыныс, психологиялық нанымдылықпен сомдауға жол ашқан. Романдағы көркемдік уақыт Асқар, Ботакөз, Амантай, Кузнецов, Бүркітбай, Итбай, Кулаков, Мадияр сынды діңгек кейіпкерлердің характер қырларын, дүниетанымдық ізденістерін әрекеттік аяда мейлінше сенімді ашып көрсетуге жағдай тудырады. Заман әсері адамдардың мінез-құлық, ынта-аңсарын толық билеп, қоғамның әлеуметтік, моральдық-этикалық келбетін кескіндейді.

Негізгі фабуладан тыс элементтердің бірі – авторлық шегіністе Итбай болыстың мираскерлік тарихын: бабаларының патша айналасы, губернатормен жақын таныстығы, артық сый, пара арқылы біршама еркіндікке жету фактілерін келтіру үстем топ өкілінің мінездік этимологиясын дайындауға мүмкіндік жасаған. Кейбір уездік әкімдерден қорықпайтын, көршілес казак байлары арасында достары көп, ел билеушілеріне айбарлы Итбайдың уыздай және Ботакөзді екі әйелі үстіне алу ниеті сол уақыттағы қазақ тұрмысы, дәстүрі тұрғысынан, атқамінерлердің түсінігі бойынша ерсі қылық емес.

“Ботакөз” – С.Мұқанов қана емес, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің зор табысына кепіл. Шығармадағы символикалық мағынасы бар үш бөлім (“Тұңғиықта”, “Таң атарда”, “Күн күлімдегенде”) табиғи хронологияны сақтай отырып, даладағы зор өзгеріске дайындық пен әлеуметтік катаклизмнің ішкі себептерін көркем образдарға тән нанымды жағдайлар арқылы бейнелейді. Бүкіл әлемді толқытқан ғасыр оқиғасы сар селеу басқан қазақ жеріне де күтпеген жойқын жаңалықтар алып келеді. Оны әркім әр түрлі қарсы алады. Қуанғандар да, кейігендер де, қасірет кешіп, дағдарғандар да бар. Қыр халқы үшін, әрине, революция стихиялық құбылыс болатын. Романда замана айдынынан бір-ақ шыққан жандардың дауылмен бірге қозғалған жанкешті әрекеттері характер, дүниетаным табиғатын аша түсетін айшықты нәрімен бедер табады. Оған жазушының ойлау қуаты мен асау қиялы да, кестелі тілі де еркін жетеді.

Біз қазақ қызы Ботакөздің от басындағы күйкі тіршілік құрсауында қалып қоймай, замана қыспағымен ашық күреске шығуы, жеке тағдырындағы қиын түйіндердің күрмеуін өзі шешіп, әлеуметтік өмірдегі биік белестерге көтерілуін рухани ерлік, ұлттық ділімізде бар табиғи қасиеттердің өзгеше жаңғыруы деп санаймыз.

Көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары туындыдағы сюжеттік тартыс жүйелері көп салалы. Өзіне тән стильдік өрнекке әрқашан адал жазушы оқиға, әрекет ырғағын селкеу шығармай, тұтас арнамен дамытып отырған. Итбай болыс пен мұғалім Асқар Досанов, ұлт-азаттық көтерілісінің батыр көсеміне айналатын Амантай, урядник Кошкин, тілмаш Горбунов, социал-демократ Мадияр, алашорда басшысы Базархан Меделханов, қара шаруалар Балтабек, Кенжетай, Бүркітбай, революционерлер Кузнецов, Булатов, монархияшыл Алексей Кулаков сияқты әр түрлі мүдде, ынта, құштар көңіл мен саяси мақсаттар үшін сайысқа түсетін дара болмысы анық тұлғалар шығарманың образдар әлеміндегі сұлулық, романтика, натуралистік тілек көріністері іспетті сезімдер палитрасын терең қамтып, дәуірдің неғұрлым шынайы, толымды кескінін мүсіндейді. Роман қаһармандары уақытпен бірге өзгеру үстінде көрінеді. Пейзаж суреттері, психологиялық параллелизм, диалогтар нанымдылығы, метафоралық сөз өрнектері Сәбит Мұқанов талантының өрлеу барысындағы кесек сипатын танытады.

Тегінде фольклор жанрларын классификациялау едәуір жүзеге асқанмен, әр қайсысы бір-бір мұхит сияқты роман әлемін алақанға жайғандай өлшеп-пішіп шығу – шарттылығы мол, адастырар жері жеткілікті міндет. Біз “Ботакөзді” әлеуметтік роман деп, онда көтерілетін басты оқиғалар мазмұны мен жазушы дүниетанымының негізгі айшығын ескеріп сөйлейміз. Әйтпесе бұл туындыда қазір қолданып жүрген терминологияның жанрға қатысты бірталай бөлігіне жауап беретін қасиеттер баршылық.

Айналып келгенде барлық көркем дүниеден әлеуметтік сыр түйірін табуға болады. Тіпті саясат, орта, адамдарға көңіл аудармай, ой, сезім, түйсіктер әлемін қуалайтын шығармаларда да осы мақсаттың өзінен қоғамдық психологияға тән ұғым қыртыстарын көру қиын емес.

Ал “Жұмбақ жалау” өмірге келген тұста Еуразия кеңістігі бойынша тарихи-әлеуметтік уақыт факторын айналып өту мүмкіндігі жоқ еді. Демек, біз “Ботакөзді” әлеуметтік роман дегенде, ондағы суреттеу нысаны, заманның түрлі адамдарға тән көзқарастар бағдарына шаққандағы объективті кейіп-кескіні, автор аңсары, кейіпкерлер болмысы мен тағдыры, сан алуан оқиға, құбылыстардың сыртқы және ішкі себептермен астарластығы, нақты мезгілдің абсолютті уақытқа, нақты мекендік межелердің ғарыштық өлшемге қарым-қатынасы іспетті мәселелерді ойға аламыз.

Бұл тұрғыда алдымен назар аударатын нәрсе – “Ботакөзде” 1917 жылғы Қазан төңкерісі негізгі идеялық концепт құрайтын орталық құбылыс екендігі. Оқиға 1912 жылдан басталады да, эпилог кеңестік дәуір орнаған кезеңнің елесін символикалық түрде қамти суреттейді.

Романда контрастылық ойлау жүйесі басым. Оқырман кез келген жаңа дерек, әрекет, сөз, қиял, шешім астарынан бұдан бұрынғы заман сұлбасын сезіп, іштей екі мезгіл, бөлек сипатты мінез, жағдай өзгешеліктерін салыстырумен болады. Мәтінді қабылдаудағы іліктестік (ассоциация) заңдылықтары аяққа шырмалып отырады. Өткен мен қазіргі сәттің, белгісіз, бірақ топшыланатын болашақтың көзге көрінбес байланыстары, біршама қарама-қайшылықтары шығармадағы драматизм құрылымын айқындайды. Ол, сөз жоқ, туындының оқуға тартымдылығын арттырады. Мұндай объективті сипат романдағы негізгі қаһармандардың бәрінің басынан байқалады. Әсіресе, Итбай, Амантай, Ботакөз, Темірбек, Кулаков бейнелері арқылы құбылыстың образдық моделі түзілген. Кузнецов революция үшін өмірін арнаса, Алексей Кулаков монархия жолында жан бермек. Екеуі ашық жүздеспейді. Бірақ көркем туындыдағы кереғар дүниетанымдық күрес басқа тұлғалардың арман-тілегі, әр алуан тағдырлары, ашық сөз эфирі, іс-қимыл нобайлары арқылы тұжырымдамалық шешіміне жетеді.

Мадияр, Сарыбас, Меделханов кейпіндегі алашордалық идея шығарманың мазмұн аясын өсіреді. Ушаков, Кошкин, Горбунов, харизматикалық әсері зор патша ағзам – екінші бір саяси-әлеуметтік жүйенің, яғни Ресей самодержавиесінің байырғы тұрақтылығына кепілдік берушілер. Лиза, Бүркітбай – мейлінше либералдық сипаттағы кейіпкерлер. Амантай адам мінез-құлқына саяси орта әсерін дәлелдейтін, амалсыздықтан, жалтақса да жаңа жағдайға ішкі түйсікпен ұмтылатын, алайда үлкен харакеттік, “биоэнергетикалық” мүмкіндігі мол жан. Асқар – о бастан ауытқымас сана жемісі, догма. Ботакөз – ұлттық намыс пен жалпыәлемдік зорлықтың тайталасында дүниеге келген соны шешім, революцияның жалынан ұстаған қазақ қызы. Әдеттегі қалыпқа сыймайтын ұғым болғандықтан, кентавр сияқты таңырқатар эмоциясы мол, сонымен де – жаңашыл бейне немесе нақты хронотоп, яғни мекеншақ аясындағы диалектикалық кернеу. Диалектикалық парадигма Итбай, Итбайдың әкесі – Байсақал мен Бүркітбай болмысына қатысты да аңғарылады. Өткені сол заманда төсек жаңғырту арманы барша қазақ байларына хас мінез болатын. Итбай соншалық кәрі емес және соншалық зұлымдыққа да бармайды. Өзі керемет ырымшыл. Ондай адам обал-сауапқа қарай алады. Оның үстіне қорқақ әрі аңғал. Ботакөз батылдығына тұсау болмайтын – осы жағдайлар. Ал Итбайдың әкесі Байсақал – баласы мен мұғалім, оқыған жігіт Асқар Досанов арасында татулық орнауын тілеумен болатын жуас қария. Үстем таптың жуандығынан гөрі көңіліндегі тілек, сөзге ілесу басым. Бүркітбай кедей болса да, әншейіндегі, ел арасындағы қызық-думанның ойсыз перісі. Оған ақ та, қызыл да бәрібір. Бұл да тарихи шындық болатын.

Дегенмен, қантөгістер жүзеге асады. Дүние қопарылып түседі. Адамдар жауығады, атысады, бірін-бірі аямайды. Төңкерістер заңдылығы сол. Бұл шартты ақиқат шығармада шынайы көрініс табады. Оның символдық нышаны – Темірбек өлімі, бауыры үшін Ботакөздің ескі әлемге өшпендігілі артуы. Қоғамдық ахуалдар стихиясы жеке тұлғалардың жан түкпіріндегі терең рухани, дәйекті мән-мағыналармен тамырласып жатыр.

Қазіргі заман “Ботакөз” романын да қайталай оқып, жаңаша пайымдауға бастайды. Осы тұрғыдан алғанда Петербургтегі алаш көсемі Базархан Меделхановтың насыбай атқандағы сөзді бұрмалап сөйлегені, өз түсінігін алға ашық жайғаны болмаса, ересен жаманаты суреттелмеген. Соған қарап Асқарды теріс бағалау қажет емес. Ол да – тарихи қажеттілік тудырған бейне. Өткені теңдік, бауырластық, адамгершілік ұрандары, ізгілікті жан иелерінің шынайы мүддесіне қайшы соқпайтын қазіргі демократиялық идеялардың көрінісі сол дәуірде аса зор саяси қақтығыстар түрінде өмір сүрді. Уақыт толғағы Ақпан, Қазақ төңкерістерін дүниеге әкелді. Жер беті шыр айналып қоя берді. Біздің ұлттық ой-санамыз пролетарлық интернационализмнің қалың орманына сіңісіп кетуге мәжбүр күй кешті. Күрес аренасындағы жеңімпаз күштер қатарына Ботакөз, Асқар, Амантайлардың қосылуы-заңдылық. Тарихты кері шегере алмайсыз. Күйінсеңіз де, қуансаңыз да, мейлі. Бәрібір сіз өз қандастарыңызды жабайы санаған Алексей Кулаковты қуаттай алмайсыз. Өйткені ол монархияны, орыс империясының шексіз үстемдігін көксейді. Ал Кузнецов, Булатов, Смирновтар, Досановтар заманының келешегі белгісіз. Алдымен олардың өзі мерт кетуі мүмкін.

Жазушы кейінгі сұрапылдарға бармайды. Романдағы уақыт та, суреткер уақыты да алға жүгіруге мүдделі болмаған.

Сәбит Мұқанов шығармасындағы әлеуметтік сарындардың авторлық тұғырнамасы осы ыңғайда еді. Замана өзгеруде. Керуен көшуде. Бірақ қазіргі күні қинала, ойлана бағамдайтын ауыр кезең туралы жазылған “Ботакөз” романы ескірген жоқ. Ғажап емес пе?

Біздіңше бұл құбылыстың сыры: біріншіден, қаламгердің өзі суреттеген уақыт мазмұнын жанының нұрымен адал пайымдауында, саяси дақпырт пен ойнақылыққа бой алдырмауында; екіншіден, жазушының тартыс таңдау, оқиға құру, сөз жүйесін игеру саласындағы табиғи талантында; сезім шырғалаңдарының жадағай схема емес, шынайы ұлттық дүниетаным биігінен, қазақ қауымына тән ұғым-түсінік, ой ырғағымен, зергердің қолындай шеберлікпен бейнелеуінде. Ал ұлттық менталитет тез өзгере қоятын оңғақ әшекей емес. Яғни, бұл суреткер Сәбит Мұқанов қаламының күшімен өмірдің айдынында ақжал толқындар салып жүзіп берген белгілі “Ботакөз” әлі де сол “Ботакөз” деген сөз.

Біздің заманның Аязбиі

Ж.Шаштайұлы

1950 жылы 10 қазанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Жазушы 1979 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 1972-1973 жылдары Жамбыл аудандық “Екпінді еңбек” газетінде корректор, 1973-1974 жылдары туған ауылында шопан болып еңбек етті. 1975 жылдардан бастап Жамбыл облысы, Красногор ауданынан шығатын “Коммунизм жолы” газетінде әуелі бөлім меңгерушісі, ұзамай редактордың орынбасары (1980) қызметтерін атқарды. 1980-1983 жылдар аралығында “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінде, 1983-1987 жылдары “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде әдеби қызметкер, 1987-1990 жылдар арасында “Жалын” журналының бөлім меңгерушісі, 1990-1992 жылдары Алматы облыстық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасының орынбасары, 1992-1994 жылдары “Жас алаш” (бұрынғы “Лениншіл жас”), 1994-1996 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасайды. 1986 жылдан бастап еларалық “ZAMAN – Қазақстан” газетінің бас редакторы мынадай еңбектердің авторы: “Қызыл қар” (1984), “Жала мен нала” (1996), “Жыр жолбарыс” (1997), “Біздің заманның Аяз биі” жинақтарының авторы.

Жазушының “Қызыл қар” повесі туралы кезінде партиялық сын болды.

1982 жылы “Литературная газетада” және басқа бірсыпыра баспа орындарында шығармашылық әдістің былайғы даму жолдары хақында айтыс басталып кетті. Бара-бара бұл айтыс шығармашылық еркіндікке барып тірелді. Осы тұста социалистік реализмнің осал тұсы сезіліп қалды.

Шындықты жазатын шығармаға дүрсе қоя берушілік әдетке айналды. 1986 жылы Қазақстан Компартиясының ХҮІ съезінде жазушы Жұмабай Шаштайұлының “Қызыл қар” повесі қатты сынға алынды. Бұл повесте көзбояушылық салдарынан жұтқа ұшыраған, ферма қойын құтқару үшін жаппай-тұрмай күрескен шопандардың ерлік еңбегі суреттелген болатын. Бірақ сол кездегі бірінші басшы мұны шопандар еңбегін қаралағандық деп ұғынды. Съезде баспа орындарына алашордашыл ұлтшылдарды насихаттап отыр деген саяси айып тағылды. Бұл сол кездегі әкімшілдік-бюрократтық система стилінің көрінісі болатын.

Ал “Біздің заманның Аязбиі” романында жазушы осы идеяны ары қарай жалғастырып, өмірдегі шындықты, әділетсіздік пен көзбояушылықты сөз етеді.

“Біздің заманның Аязбиі” романы бұрынғы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Миятбек Ақпейілұлы Нұржановтың партия қатарынан шығарылып, жұмыстан босап қалған кезінен басталады. Бұрынғы хатшы бірнеше жылдар бойы әкесінің қарындасына баруға, хабарласуға да қолы босамай жүріп, енді сол әкесіне барып келе жатып, поезда отырып өткен өміріне көз жібереді. Бірінші есіне анасы және өзінің балалық шағының бір көрінісі романның өн бойында жиі-жиі еске алынады. Жиырмадан аса жесір қалған шешесі жалғыз баласы Миятбекті асыраймын деп, көп қиындық таңды басынан өткізеді. Соғыс жылдарындағы әйелдердің еңбегі, колхоз бастығы болған соқыр Жолбосынның шешесін қамшымен ұрған кездегі қиналысы, бала да болса сол соқырға қарсы “Әкеңнің... соқыр, өлтірем!” деп тұра ұмтылуы әр уақытта жадынан шықпайды. Сол кезде әкесінің қарындасының қорықпай колхоз бастығына қарсы шығуы, кейін Жолбосынның қыр соңына жүріп, әпкесін алыс темір жол бойына жұмысқа жіберуі, Дүрия әпкесінің сол кеткеннен мол кетіп, кейін Бел станциясындағы бір адамға күйеуге шығып, сонда қалып қойып, туыстардың араға отыз жылдай уақыт салып, бір-бірімен көрісуі суреттелінеді. Әпкесі інісіне бастық болып, көкірек пайда болған шығар, сондықтан іздеп келуге де шамаң жетпеді деп басына айтуы орынды.

Миятбек Нұржановтың балалығы кетпеген қазы Назерке мен томаға тұйық, үнемі қабағы ашылмай жүретін ұлы Таңат, үстіне елде жоқ киімді киіп, бет аузын әрлеп, опа-далап жағып, күтініп жүретін әйелі Сара ол қызметтен түскеннен кейін де баяғы молшылық дүниені аңсауы. Миятбек қиналған кезде ылғи шешесінің айтқан сөздерін есіне алады: “Сен жас емессің, бақандай қырыққа келдің. Қойныңда жатқан қатыныңның, бауырыңда жүрген балаларыңның ниеттері таза берілген бе, берілмеген бе, соны бір уақ ойлап қоймайсың, келімді-кетімді кісің қонақ қана. Жаның қысылғанда жақыныңды бәрі бір табасың. Қызметтің буына мастанып кетпе, балам”.

Бірінші хатшының ел басқарған уақытында айналасында ылғи жарамсақтар жүріпті. Соның бірі баяғы Жолбосынның баласы Арқабек пен оның әйелі жерлестігін пайдаланып Миятбектің бауырына кіріп алған. Миятбек оны қанша жақтырмаса да, Сара арқылы көңілін тапқан Арқабек партия қатарына өтіп, қызметін өсіріп алған, үнемі Сараның үйінде, аяқ-табағына көмектесіп, сол үйдің бір адамындай болып кеткен. Шофері Өмірсерік ауыр мінезді, артық сөзі жоқ, өз ісіне тыңғылықты. Романда кездесетін ауыл ақсақалы, өз туысы Байсерке. Ауыл адамының нағыз бейнесі Байсерке арқылы көрінеді. Нұржановтың шешесі қайтыс болар алдындағы Байсеркені іздеуі, сол келгеннен соң шешесінің өмірмен қоштасуы, Байсеркенің үйде жатқан шешесін күзетіп отыруы үлкен адамгершіліктің белгісі. Шешесі ауырып ауруханаға түскенде әйелі Сараның, енді балаларға қарайтын ешкім жоқ, балаларға қиын болды деп ойлауы, оның адамгершілік қасиетінің төмен екенін көрсетеді. Анасының қайтпас сапарға шығарып салу сәтіндегі оқиғалар романда жүйелей, толық суреттелген. Өлікке келген адамдардың мол дастарқан басында отырып, арақ ішуі, тос көтеруі осы кезеңді пайдаланып, бірінші хатшыға жағынып, пара берушілердің молдығы, дүниенің асып-төгіліп Сараның қолына түсуі – сол кездегі шындық еді. Партия қызметкері әрқашанда жұмысты ойлау керек деген ұйым әбден қалыптасқан Миятбек анасын жөнелту үстінде де жұмыс жайын ойлап тұрады. Қарамағындағы совхоздың директоры Тұрғынбеков 77 совхоз жылқысын жеп қойған, оны орнынан алып тастайын десе, оның тіреуші облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнекең. Ал Тұрғынбеков жайын бюрода қарамайын десе, жоғары жаққа жеткен арыз бар, комиссияның тексеру нәтижесі бар. Екі оттың арасына қалған Нұржанов не істерін білмей жүргенде шешесі қайтыс болады, сол екі арада облыс хатшысы Әнекең басқа облысқа хатшы болып кетеді де, оның орнына Байқадиев келеді. Бұл екі арада бірнеше эпизодтың кейіпкерлер де кездесіп қалады. Олар: аудандық тұтушылар одағының бастығы, дұңған Нұрділда Қауызов. Сара оны пайдаланып үнді шайы ма, лама пальто ма керекті заттарды тапқызып алады. Николай Павлович Гуржий – аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, кейін өзінің орнына қызметке тұрғанда жүрегі ауырып ауруханаға түскен Нұржановқа барып, жағдайын сұрамақ түгіл, туысы Арқабек екеуі Миятбекті көре тұра амандаспай кетеді.

Романда кездесетін облыстық, аудандық пария ұйымының басшы қызметкерлері Садықбеков, Поцелуев, Гуржий, Силаев, Қауызов, Көкенов, Бейсенбаев, Келгенбаев, Саяткереев, Филимонов, Айтмұхамбетов секілді кейіпкерлер арқылы халық құдайдай сеніп жүрген партия қызметкерлерінің бет бейнелері көрінеді.

Романда оқиғалар тарихи шындыққа негізделген. Сол кездегі өкімет басшысы Д.А.Қонаев пен облыс басшыларының іс-қимыл, әрекеттері суреттелінеді.

Романдағы оқиғалар сол кездегі социалистік өмірдің ащы шындығына құрылған да 1986 жылғы желтоқсан оқиғасымен аяқталады. Желтоқсан оқиғасына себеп болған жағдайлар ұлттық табыстың барлығы орталыққа кетіп, тауар өндіру, машина жасау, зауыт, фабрикалар салуға көңіл бөлмегендіктен еді. Одақтық үкімет Қазақстанның ішкі қажеттілік мақсаттарының өркендеуіне үнемі тежеу салды. Қазақтарға: “Мал бағыңдар, егін салыңдар” деумен болды. Қазақстанның көмірін, түсті металын, мұнай-газ өнімдерін ішкі қажеттілікке пайдалану қолға алынбады, өнеркәсіп өркендемеген соң ірі қалаларда өндірісте жұмыс істейтін қазақ саны өседі. Қазақстанда тың жерлерді игеріп егін егу мен қой санын 50 миллионға жеткізу жөнінде тапсырманы орындау өте қиын болды, сондықтан өтірік ақпар беру орын алды. Осы жағдайлардың барлығы осы романда айтылады.

Роман көркем тілмен жазылған, социалистік өмірді суреттеген, партия қызметкерлері мен желтоқсан оқиғасына дейінгі қазақ халқының бір ауданында болған шындық суреттелінеді.

Бұлтқа салған ұясын

Ә.Тарази

Ә.Таразидің “Бұлтқа салған ұясын” (“Тас жарған”) романындағы Омар ойының алғырлығы, дүниетанымының кеңдігі Кеңістікті еске түсіреді. “Мұхитта кейде бір қызық құбылыстар болады екен: судың беті тып-тыныш, жыбырлап қана момақан жатады, ал терең тұңғиықта жүздеген шақырымға созылған ағыстар ондаған айдаһар бір арада кездесіп майдан ашқандай айқасып, бұлқынысып, бірін-бірі буындырып, тозақ биін билеп жатады. Соңғы кезде тапқан Омардың жайдары, жадыраңқы қалпының тереңі де сондай еді: Ұлмекен”, - деп жазады Ш.Мұртаза.

Адам өлерінің алдында немесе басына қиын-қыстау күн туғанда, тіршіліктің қым-қуат қарекетімен сабылып жүрген замандастарындай емес, өзінің ең бір қимас асылын немесе балалық шақтағы сәбилік, күнәдан пәк, періштеден таза кезін, болмаса адамның санасына сәби кезінде сіңіп, мәңгі-бақи орын тепкен оқиғаларды, мифтерді немесе естіген ертегісін еске алатыны анық. Жазушы Тарази осы жайтты шебер меңгеріп, Уақыт пен Кеңістік проблемасына өзгеше үңіле білген. Романдағы Райгүлдің еске алатын ертегісі – “Ашыл тас”. Ертегі қаһармандары да, оқиға өтетін жер де, яғни, мезгіл мен мекен қамтыған мәселе – бәрі де кешегі уақытта өткен.

Ашыл тасым, ашыл-ай,



Мен қарағымды көрейін,

Дидарына тояйын-ай... (45, 437-б.).

Кешегі ертегі бүгінгі өзін-өзі өлімге қиып тұрған Райгүл қиялында сәл өзгеріске ұшыраған:

Ашыл тасым, ашыл-ай,

Мен Дадамды көрейін,

Нахақ жарығымның

Дидарына тояйын!

Дада-Аспанбай – көңілі таза, өзгеше жан. Жазушы оған ғарыш (космос) адамының сипатын дарытқан. Кешегі Уақыттың ертегісінде ағасы қарындасын, лаққа айналып кеткен мұңлық қызды іздеп, зарласа, бүгінгі Уақыттың ағымындағы Райгүл Аспанбайды сағынады, ет-жүрегі елжіреп, онымен қоштасады.

Романдағы көптеген кейіпкерлердің іс-әрекетіне, сөзіне, ойына философиялық тұрғыдан келген Әкім Тарази Омардай күрделі тұлғаға да өткенді еске алу, онда да жан әлемінде, санасында ірі өзгерістер тудыратын жайттарды сіңіре отырып, Уақыт пен Кеңістікке бүгінгі мезгіл мінбесінен үңілуге тырысады.

Неге ғана кешегі Уақыттағы бір сурет бүгінгі жігіт ағасы болып қалған Омардың мәңгі-бақи есінен кетпейді?

“Иә, құдай! Тірі болса Балапанның өзі разы болсын, өлген болса – аруағы разы болсын, қидым жас жанымды, мына жетімекті аман қалдыр, алар болсаң – ал мені, мені ал, мені ал! Қидым жанымды, қидым! Ал енді, айналдым, айналдым! Қидым жас өмірімді!

Сөйдеді де шашы жалбырап, ақырын жылжып, Омарды үш рет айналып шықты”.

Бір облыстың бірінші басшысы, тағдыр тауқыметін аз ғана уақыттың ішінде біршама бастан кешіп үлгерген Омардың мәңгі-бақи есінде қалғаны – шашы жалбырап, өзін айналып жүрген анасы. Жанындағы қыруар адамды таң қалдырып, вертолетті де сол кешегі Уақыттағы оқиға өткен жерге қондыруы – санада мәңгі-бақи сақталып қалған кешегі суреттің әсері. Кешегі сурет, кешегі Уақыт Омардың өле-өлгенше санасынан өшпек емес. Уақыт та, Кеңістік те шексіз болғанымен, Уақыт та еш уақытта тоқтауды білмегенімен Омар санасындағы сол сурет, сол оқиға бүгінгі Уақыттың өлшемі сияқты. Даналық пен надандықты, ізгілік пен зұлымдықты, жақсылық пен жамандықты, әсемдік пен көріксіздікті Уақыт пен Кеңістік сияқты аса күрделі философиялық категориялардан іздестірсек, солармен тығыз бірлікте, байланыста алып зерделесек, жоғарыдағы қарама-қарсылықтар бірінсіз-бірі өмір сүрмейтінін Гераклит осыдан, шамамен, екі жарым мың жылдай бұрын дәлелдеп кеткен. Жақсылықтың қарама-қарсы баламасы – Жамандық. Бұл қарама-қарсылықтардың, бірі жойылса, екіншісінің қажеті бола қояр ма екен?... Сірә, қандай құбылыс болсын, оны біртұтас бірлікте көрудің мән-маңызы айрықша болса керек.

“Тас жарғанның” бас қаһарманы Омар “қаршадай баланы атып өлтірді” деген жаланың тұсында жүнжіп, күйремейді. Керісінше, “қызмет”, “жұмыс” деп жүрген күнделікті тауқыметінен аз да болса босағандай, ендігі бос уақытын өзін-өзі сынауға, басқа уақытта уақыт жетпегендіктен түп-тамырына жете алмай жүрген қыруар сұрақтарына жауап іздеуге жұмсайды, өз мүмкіндіктерін, өзінің күш-жігерін барлауға бағыштайды. Омар – күрделі тұлға, депутат, басшы, жан-жақты жетілген, білімдар инженер, түр-тұлғасы да аса сымбатты азамат. Оның көп қылықтары коммунистік мораль, идеология рухында тәрбиеленген оқырман үшін оғаш көрінеді. Ұлмекенмен байланысы, купеде бейбас бұзақылармен төбелесуі, милиционер жігіттің зәресін алып, адамды ойланбай жұтатын өзен оппасына сүңгіп кетуі, аңшылықтың нәтижесінде опық жесе де, жақсы мылтыққа құмар болуы т.б. қылықтары бір түрлі әсер тудырады.

Ә.Таразидің стилі туралы сөз еткенде, “Тас жарғандағы” Аспанбай образының тиімді алынғанын айттық. Жер бетінде тіршілік етіп жатқан миллиондаған, миллиардтаған адамдар өз қылығына өздері есеп беріп жата ма? Адам деген жаратынды алдында не нәрсе күтіп тұрғанын біле ме? Немесе сол адам бақыт деген ұғымның өзін толықтай танып біле ме? Адам өмірінің мән-маңызы неде? Мүмкін, оның бұлтартпас қағидасы, заңдылығы, ережесі бар шығар? Адам сол қағидаларды орындамағандықтан бақытсыздыққа душар болып жүрген шығар?

Міне, Аспанбайдың ой-түсінігі, толғам-талпынысы – бәрі-бәрі жер бетіндегі адамдардан өзгешелеу көрінгендіктен бе, автордың стилі оның идеясымен шебер ұштасқан. Аспанбай бейнесі ғарыштық, басқа планетаның адамдарына көбірек келіңкірейді.

Жалпы, қыбырлап, жер басып жүрген адамдарға сын көзімен қарау, олар білмейтін, сезбейтін жайттарды алдын-ала біліп отыратын образды жасау, сондықтан да ғарыштық адамға, ғарыштың өзіне қол созу - Ә.Тарази стиліне тән қасиеттер.

Ұлмекеннің терең тербеністен, ұзақ толғаныстан соң туған мына сөздері және авторлық баяндау – осы ойларымыздың нақты дәлелі.

“... Ай өтер, жыл өтер, кәдімгі ет пен сүйектен жаралған қатын екеніме көзің жетер, жылатып кеткен жарыңды, зарлатып кеткен перзентіңді сонда ойларсың. Аһ ұрып ойларсың. Айтпасаң да ішіңде жатар. Ол өмір бола ма? Омаржан бүгінгі түніміз ақтық түн, ақырғы түн. Мен сенімен қоштасуға келдім. Сен де менімен қоштас. Қайда жүрсең де тілектесің боламын. Тек – тілектесің. Көмекшің болмаймын, бола алмаймын. Сүйемін, сүйемін, сүйемін. Сүйгендіктен енді сенімен қоштасамын. Мені енді жайыма қалдыр. Тірі мүгедек күйеуімді ая... от пен мұздың арасында енді мені күйдірме, азаптама, қалдыр, қалдырып, өз жөніңе кет, өтінемін. Жалынамын”. Бұл – Ұлмекеннің сөзі.

“... Енді мен көретін қызық қалмады дегендей Ғарыш та сығырайған жалғыз көзін жұмыпты”.

Бұл – авторлық баяндау, автор сөзі.

Асылы, шетінен романтик, бірдеңені іздеп жүретін, көп нәрсені білгісі кеп жүретін кейіпкерлерін бейнелегенде автор стилінде байқалатын ойнақылық, шымырлық, сол қаһармандардың “от пен мұздың арасында” тұрғанын суреттеу барысында, солардың толғанысын, тебіренісін, жүрек сөзін, сырын беру барысында үлкен салмаққа, ойлылыққа ие болады. Осынау екі сипат жазушыға өз кейіпкерлерінің ішкі әлеміне, жан дүниесіне үңілуде, “әр адамның жанында ашылмай жатқан кенді” жарқыратып көрсетуде ұтымды үйлесім тапқан.



Д

Даладағы дабыл

М.Қаратаев

М.Қаратаевтың “Даладағы дабыл” романы – құжаттарға негізделген тарихи-публицистикалық роман. Оның жалпы композициялық құрылысы мен адам характерлерінің ашылу, кемелдену жүйесі кәдімгі көз үйренген тарихи яки әлеуметтік-тұрмыс романдарынан басқашарақ. Мұнда бірінен-бірі туындап бастан-аяқ қабындап жатқан қым-қиғаш оқиғалар мен сүйіскен екі жастың міндетті түрде басынан кешіретін сан қилы махаббат машақаттары бір желіге өріліп жатпайды. Біз оқып жүрген көп романдарда композиция мен сюжет характердің тарихын құрап, адам образдары оқиға төңірегінен дамып отырса, бұл кітапта сюжет пен оқиға адам образдарының айналасында шешіліп, геройлардың іс-әрекеттеріне толық бағындырылған.

Романдағы барлық оқиғалардың таусылмас қайнар көзі, бастау секілді бір үлкен түйінді тақырып бар. Ол – ұлы орыс халқы мен қазақ еңбекшілерінің арасындағы тарихи қалыптасқан ізгі ынтымақ, достық мәселесі. Бұл достық езілген екі халықтың азаттық, бостандық алу жолындағы бірлескен қажырлы күрестері үстінде шыңдалып нығая түседі. Бүкіл әлемді таң қалдырған ғажап жетістіктердің мықты кілті – халықтар достығында екенін автор толып жатқан дәл, анық, нақты картиналармен суреттеген, көптеген көркем фактілермен дәлелдей алған.

Романда орыс халқының, орыс жұмысшы табының өкілі ретінде көрсетілген басты кейіпкер – Иван Васильевич Деев. Ол патша үкіметіне қарсы үгіт жүргізгені үшін айыпталып, 1913 жылы Қарсақпай, Байқоңыр даласына жер аударылған табанды революционер. Міне, сол жиырма тоғыз жастағы өмірдей жас жігіт Жосалы приставының рұқсатымен ағылшын акционерлік қоғамына фельдшер болып жалданып, құлақ естіп көз көрмеген қазақ сахарасына түйемен сапар шегіп келеді. Ұшы-қиыры жоқ меңіреу далада қаңтардың қақаған үскірігі мен аласапыран дүлей боранына кезіккен Деев пен оның жолбасшысы Жұмабай қанды ауыз аш бөрілердің қамауында қалады, бір түйесінен айырылып, ажал тұзағынан әрең дегенде құтылады. Деевті ажал аузынан, дала қорқауларының қанды шеңгелінен құтқарып қалушы қарапайым қазақ жігіті Жүсіп Жанбосынов болатын. Ұяла езу тартып, сенімді шыраймен сәлемдескен қазақтың қолын қатты қысып тұрып Деев оның жүзінен ізет – бауырластықтың, кіршіксіз достықтың нышанын таниды. Жүсіптің лашық үйіне келген Деевті ауылдың меймандос кәрі-жасы таза көңіл, жылы шыраймен қарсы алады. Сөйтіп, орыс пролетариатының өкілі Иван Васильевич пен қазақ еңбекшілерінің достасуы дәл осылай, романның алғашқы беттерінен-ақ басталады.

Деевтің Қарсақпайдағы ағылшын концессионер қоғамында қызмет істейтін большевик Прохор Иванович Холмецкиймен танысуы оның біріншіден революциялық қызметін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік берсе, екіншіден Қарсақпай, Байқоңыр кеніндегі астыртын ұйымның негізін қалауға, сондай-ақ оған қазақ шахетрлері Жүсіп Жанбосынов, Нұрмағамбет Саусақов, Қапланбек Бәтешев секілді кешегі жалшы жігіттерді тарту арқылы қазақ даласындағы тап күресіне де араласып, идеялық басшылық етуіне толық жағдай жасайды.

Романда Деев басқаратын большевиктік топ пен қазақтың ардақты азаматтары революционер Әліби Жанкелдин, Аманкелді Иманов, Сабыр Шарипов, Әділбек Майкөтовтардың тығыз байланыс жасап, оған саяси пікірлес болып отырғаны жарқын сипатталған.

Қазақ даласын дүр сілкіндірген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі де кітапта жаңа бір қызық қырларын тауыпты. Автор сол 1916 жылғы көтеріліс оқиғасын негізге ала отырып, Орталық Қазақстандағы Аманкелді Иманов басқарған халық-азаттық көтерілісіне Байқоңыр большевиктері мен жалпы орыс пролетариатының саяси ықпалын, жәрдем-көмегін тарихи шындық шеңберінде шебер суреттепті.

Шығармада бірін-бірі беріле сүйген Жүсіп пен Құралай оқиғасы қызық шешілген. Бұл жерде мәселенің түйіні Жүсіптің Есіркептей азуы алты қарыс байдың баласы – Ысмайылға атастырылған Құралайды бір түнде алып қашып, Байқоңыр жұмысшыларының көмегімен қарулы қуғыншылардан оп-оңай құтылуында емес, оның адамгершілік зор идеясында жатыр. Орыс, қазақ шахтерлері екі жасты құтқарумен қатар, орталарынан ақша жинап, Ысмайылдан өткен қалың малдың есесін де түгел қайырады, бәрі бірігіп олардың үйлену тойын жасап, шахтерлер коллективінің үлкен семьясына мүше етіп алады. Әрине, бұл – Ұлы Октябрь революциясы әлі орнамай тұрған кезеңнің өзінде-ақ жұмысшы табының бірлік-күшін, болашағын танытқан қимылы болатын.

Осыдан былай қарай Жүсіп Жанбосыновтың бүкіл өмірі мен күрес жолы жаңа бағыт алады.

“Даладағы дабыл” романында өзіне назар аударатын күрделі образдардың бірі – Шахмет. Ол жұрт аузында дін иесі – ишан деп аталған өзінің өмір тәжірибесінде қара қылды қақ жарған әділ, парасатты адам боп көрінеді. Сондықтан ол, заман ағымын, тарихтың бет-бағдарын өз қатарынан бұрын аңғарған көреген, сезімтал, адал кісі.

Әдебиетімізде осы бүгінге дейін үстем тап өкілдерінің бірыңғай жағымсыз тұлға ретінде бір ғана қара бояумен суреттеліп келгені мәлім. Ал, біз әңгімелеп отырған кітапта билеуші таптың кейбір өкілдерінің ұнамды тұлға болып көрінуі – тың құбылыс. Шахмет образы М.Горькийдің Фома Гордеевін еске түсіретін, өз ортасынан оқшау, дара тұлға. Мұндай күрделі образ тарихи шындыққа диалектикалық көзқараспен қарап өмір қиыншылықтарын шындықпен ашып бейнелеудің соны көрінісі.

Осы маңызды шараларды шешу үшін партия нұсқауымен Қарсақпай комбинатына директор болып бекітілген Деев сондағы жас маман, қазақтың талантты инженері Қаныш Сәтбаевпен тұңғыш рет танысып достасады. Екеуі Үлкен Жезқазған үшін ұзақ жылдар бойы қажымай-талмай күрес жүргізеді.

Сонымен қорыта келгенде, “Даладағы дабыл” романынан қазақ халқының өмір, күрес жолын Октябрь революциясына дейінгі шеккен азабы мен бүгінгі гүлденген бақытты өмірінің негізгі-негізгі кезеңдерін аңғаруға болады.

Данышпандық формуласы

Ш.Әлімбаев

Шоқан Әлімбаев Жамбыл облысы Аса елді мекенінде 1941 жылы дүниеге келіп, жастық шағы Дунгановка деген ауылда өткен. Әке-шешесі ауыл мұғалімдері, мұғалімнен гөрі ауыл зиялылары дегеніміз шындыққа бір табан жақын болар. Өйткені әке-шешесі көп оқыған адамдар, әсіресе әкесі кітапқұмар жан болған. Демек, Шоқан Әлімбаев көз ашқаннан-ақ дүниежүзі классикасы толық жиналған үй-ішінің бай кітапханасынан сусындап өсті.

Мектепте өте жақсы оқығанмен, жоғары оқу орнына бірден түсе алмай, өзінің туған ауылында бір жыл жұмыс істейді. 1960 жылы ғана С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетінің журналистика бөліміне түседі.

Шоқан Әлімбаев сол жылы оқуға түскен студенттердің арасындағы ең білімдісі еді десек, артық айтқандық емес. Ол университет қабырғасына әлем әдебиетінің інжу-маржандарын толық игеріп келіп түсті. Ол орыс, шетел әдебиеті лекцияларынан босатылып, өз бетінше оқуға мүмкіндік алды.

Міне, Шоқан Әлімбаев әдеби білімі, әдеби дайындығы жөнінен өз қатарларынан ілгері тұрды. Оны ұстаздар да мойындап әлгіндей жеңілдіктер жасаған.

Бірақ ол қанша білімді болғанмен, өмір сүруге мейілінше шорқақ адам еді. Жазушы болу үшін өмірді білу керек, ал ол таза кітаби жан болатын. Осы ретте ол құрдастарымен, яки орыс журналистика бөліміндегі әріптестерімен тіл табыса алмай, оқуын орысша оқығанмен, күнделікті өмірін филология факультетінің қазақ бөлімінің студенттерімен, атап айтсақ, Дүйсенбек Қанатбаев, Төлен Әбдіков, Қажығали Мұхамбетқалиев, Әнес Сарайлармен өткізді. Ол осы кезде қазақ әдебиетімен танысып, қазақ тілін әжептәуір меңгереді. Мұнысы оның кейінгі аудармашылық мамандығына елеулі әсерін тигізеді.

Шоқан Әлімбаев студент кезінен бастап, көркем әңгіме жазумен айналысады. Оның алғашқы әңгімесі америка кәсіби боксерлар өмірінен жазылған “Қара маржан” атты әңгіме. Бұл шығарма университеттің әдеби үйірмесінде талқыланып жоғары баға алғанмен, көп уақыт баспа бетін көрген жоқ. Ол кезде бізде кәсіби спорт дәріптелмейтін еді ғой.

Шоқан Әлімбаев төртінші-бесінші курстардан бастап генетика тақырыбымен, әсіресе данышпандық сыры мәселелерімен түбегейлі шұғылданды. Бұл да тың тақырып еді. Ондай мәселелер қазақ әдебиеті былай тұрсын, тіпті орыс әдебиетінде де сөз болған емес. Осы ізденістегі алғашқы жетістігі “Данышпандық субстанциясы” атты әңгімеден көрініс тапты. Ол кезде бұл әңгімені түсінген де, мән беріп мойындаған да жан баласы болмады. Дертті көңілдің сандырағы деп қабылдады.

Шоқан Әлімбаев бұл көзқарасқа онша мұқала қойған жоқ, данышпандық тақырыбын жалғастыра түсіп, 1966 жылы “Данышпандық альфасы” атты повесть жазды. “Данышпандық субстанциясы”, “Қара маржан”, “Данышпандық альфасы” 1967 жылы “Жазушы” баспасынан жеке кітап болып шықты.

Шоқан Әлімбаевтың қазақ әдебиетіне аты ауызға ілігуі – осы еңбегіне тікелей байланысты болды. Оны бірден-ақ қазақ фантастикасын бастаушы деп таныды. Бұған дейін де фантастика жанрында қалам тартушылар жоқ емес-ті. Бірақ Шоқан Әлімбаевтың қарымы бөлек еді. Ол қазақ фантастикасын бірден-ақ әлемдік өлшем деңгейіне көтерді. Жас қаламгердің жаңа туындысы Мәскеу мерзімдік баспасөзінде жоғары бағаланды.

Шоқан Әлімбаев данышпандық тақырыбын жалғастыра отырып “Данышпандық формуласы” атты роман жазды. Онысы 1982 жылы “Жазушы” баспасынан кітап болып шықты. Сүйікті, данышпандық тақырыбына арналған триптихтың соңғы нүктесі қойылды.

Шоқанның соңғы романы “Даналық формуласын” қатты науқас үстінде отырып, өзінің өмірі ұзақ еместігін білсе де, өмірлік тақырыбын соңғы нүктесіне жеткізуге тырысып бақты. Дегеніне жетті де. Бірақ романының қуаныш-қызығын көре алмады. Дей тұрғанмен, “Даналық формуласы” қазақ әдебиетінде өзінің лайықты бағасын алды.

Жарылқасын Нұсқабаев Шоқанның бар жазып-сызғанын жинақтап, қазақшаға аударып, бір томдық кітап етіп шығарып, үлкен азаматтық іс тындырды. Шоқан Әлімбаевтың шығармашылық мұрасы дегенде осы кітапты құрметпен ауызға аламыз.

Дауылдан кейін

Ғ.Мұстафин

Халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде жүргізілген жаңа экономика саясаты тұсындағы қилы-қилы оқиғалар мен әр алуан күрес-тартыстар, шын мәнінде, “Дауылдан кейін” романында көркемдік шешімін тауып, жазушы тарихи бір кезеңнің картинасын алға тартты. Көптеген әңгіме, очерк, бірлі-екілі роман, повесть бой көрсеткенімен жаңа экономика саясаты тұсындағы ел өмірі, көркем шығармада ашық алаң тәрізді болып көрінетін еді. Ғабиден Мұстафин “Дауылдан кейін” романында осы бір оқиғаны әр тараптан қамтыған да, революциядан кейінгі кезде болған күрес-тартыс, ұлы өзгеріс, зор жаңалықтар бір-бірімен жалғаса суреттеліп, тарих шежіресінен көркемдік түйіндеу жасаған.

Романдағы Жұмабек Ералин, Алексей Федорович осы бір игі істі өз қолдарына алған. Бұл жолда көлденең тұрған кедергі де, ер төзімін сынға саларлық небір қиыншылықтар да аз кездеспеген-ді. Ұлан-байтақ кең сахараны билеп, төстеп келген би, болыс, бай-феодалдар бас көтеріп, ырық бермеуге айналған. Міне, осыны жазушы Мақыш, Малқар, Шәкен төңірегінен көріп, сол бір кездің шындығын типтендіре суреттейді.

Осыған орай, романның сюжеттік желісі таптар тартысына құрылады да, ұнамды герой күрес, тартыс үстінде танылады.

Шығармада екі-ұдай, екі жар болып келетін, таптар тартысы типтік жағдайдың аясында алынады да, бір-біріне бетпе-бет келген шақтарда характерлер өзіндік өзгешелігі, өзіндік даралығымен айқындала түскен.

Осы салада романның оқиғасын қоюлап, бір эпизодтан екінші эпизод туындап отырады да, қаһармандар қақтығысы жиілеп, ұнамды, ұнамсыз бейнелер топ-топқа бөлініп, жеме-жемге келгенде бірін-бірі іздеп табады. Бұл бағдарда жазушының ұстаған позициясы ашық бояуын тауып, мүдде-мақсаттары жағынан қаһармандар әлеуметтік-таптық қайшылықтың ішкі сырын түйген.

Осы бір жайды терең бағдарлайтын суреткер ауыл ішінде қым-қуыт, қиян-кескі талас-тартыстарды өрбітіп, ушықтырып отыратын. Малқар мен Шәкендердің бір пердесін ашып, бірді-бірге соғып, ел тыныштығын бұзып жүретін Жақып пен Шөген әрекеттерін жіліктеп шағып, сендіре суреттейді.

Романның түйіні шындық. Кең сахараның қиян бір түкпірінде болып жатқан талас-тартыстан үлкен оқиға өрбіген. Малқар болыстың ел ішіне салған лаңы бүкіл ауылды қамтыған. Қос тазысын ертіп, ақбоз атпен таң сәріден аңға шығып өзімен өзі болып жүрген Аман да осы лаң-жанжалдан тысқары қалмайды.

Роман оқиғасының өзекті арқауы болып, басынан аяғына дейін қатысатын бас герой – Аман. Алғаш ол ел ішіндегі дау, жанжалдан бойын аулақ салып, аң аулаудың қызығымен ғана жүретін.

Аман аң аулаудың қызығына батып жүрген кездерде талай дүние өзгеріп, талай дүние жаңарып, ауыл кедейлікті қолға алып та үлгерген-ді. Аман, міне, осылардың бәрінен тыс, өз қызығы өзімен болып, жүріп жатқан бір жан.

Осы бір көріністерге байланысты сыншылар тарапынан Аман және оның қарсыластарының төңірегінде әр қилы пікірлер де болды. Оның бірінде Аман шықпаған образ десе, енді бірінде, осы романның басты геройы бар ма, бар болса ол кім деген сұрақтар да қойылды. Әрине, бұл ойланатын да, ойландыратын да жайлар.

Әдетте бас геройдың іс-әрекеті қоғамдық орта, әлеуметтік мәселелердің төңірегінен алынып, болып жатқан оқиғаға бірден қоян-қолтық араласса, ол сияқты геройдың тағдыры да күрес, тартысы да қауырт басталып кетеді де, өзінен көз жаздырмайды. “Дауылдан кейінде” Аман ондай емес, ұзақ уақыт ойланып, толғанумен жүреді де, өмір өзгерістерін жіті барлай алмайды. Өз геройын байтақ қазақ даласының аса бір алыс түкпіріндегі ауыл өмірінен алып суреттейтін жазушы шындықтан тыс кетпей, Аман характерінің қалыптасу заңдылықтарын эволюциялық жақтарынан алып дәлелдеп, біртіндеп жетілдірген.

Аман сыры тым тұңғиық, сол себепті де ауыл ортасында ол жөнінде әр түрлі болжам, әр қилы пікірлер тараған. Біреулер Аманды “жуас”, “момын” десе, енді біреулері “момын” дегенше жаман десейші деп өзара таласып жатады. Соның барлығы да Аманның жүріс-тұрысына риза емес. Ел болып, жұрт болып, жаңалыққа бет қойып, ендігі өмір тек біздікі ғана емес пе деп, белдерін бекем буып жатқанда Аман бәрінен де бейхабар тәрізді.

Романның алғашқы жартысында оқиға өте қою. Бір эпизодтан екінші эпизод өрбіп жатады да, характерлер қақтығысы ғұрып-дәстүр, тұрмыс, тіршілік таластарынан өрістеп, әлеуметтік үлкен күреске апарады. Бұл салада жазушы романның сюжеттік арқауын ширықтыра түскен де, композициялық құрылысы шашырап кетпей, характерлер тағдырына түйінделген.

Бетпе-бет келген ашық күрес, өзара қайшылық қат-қабаттанып, көркемдік компоненттер шебер қиюласқан.

Екі жақ та қауырт іске кіріскен. Аман ауылда жастар ұйымын құрып, тізімін Ералинге жіберіп те үлгерген. Малқар белгілі әдетіне басып, Аманды қаматқан. Істің артын баққан Шәкен осы тұста Малқардың еңсесін басуға күш салып, Аманды өз жағына қаратпақ. Міне осылардың барлығы шығарма сюжетінде тарам-тарам болып жатады да, әрбір деталь, штрих, мотивировка өз орнын тауып, кейіпкерлер қатары молыға түседі.

Осындай үлкен мұрат, озық идеяны алға тартатын бұл шығарма дәуір сипатын көркемдік шындыққа көтере отырып, әрбір кейіпкердің жан дүниесін, ой-сана, дүниетанымын шым бояулармен жарқырата ашып, өмірдің ақиқат шындығын небір шынайы көркем тіл өрнектерімен кестелеп, картинаға айқын түсірген.
Дәмелі

Ө.Қанахин


Өтебай Қанахин 1923 жылы 17 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Тәуіл дейтін жерде туған.

Жастайынан жетім қалған оны туыстары 1932 жылы балалар үйіне тапсырған. 1940 жылдары Ақтөбедегі педагогтік курсты бітірген соң, сондағы оқытушылар институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай оқуға түсіп, біраз туып-өскен ауданында ұстаздық еткен.

Өтебай Қанахин соғыс жылдарында майдан газеттеріне мақала, суреттеме жазып тұрған.

1954-1956 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, 1955-1956 жылдары «Ара» («Шмель») журналында бөлім меңгерушісі болып істеген. 1963-1966 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактор, 1969-1970 жылдары жаңа шыға бастаған «Жалын» альманағының Бас редакторы болған. Мұнан соң «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеген. 1957-1969 жылдар аралығында бірнеше повестер мен әңгімелер жинағы шыққан. 1961 жылы тұңғыш романы «Дәмелі», 1973 жылы «Жүрек қалауы», 1979 жылы «Құдірет» романдарын оқырман қауым жылы қабылдады.

Өтебай Қанахиннің “Дәмелі” романының алғашқы тарауынан бастап көрінетін Дәмелі, Медіғали, Кузнецова Вера Васильевна, Жүніс, Дәмір, Бағдагүл, Дүйсенбек, Рабиға Шынтасова, Асылбектер шығарма оқиғасынан бірде-бір тыс қалмайды.

Романдағы Дәмелі Сәрсенбина тағдыры Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ елінде болған бірқатар жайларды аңғартып, сол кездегі әйелдер басындағы жайттарға оқырман назарын аударып, аяныш сезімін тұтата суреттегенін көреміз. Дәмелі бейнесі арқылы жазушы әйелдер тағдырының әлеуметтік ішкі қайшылықтарын тереңірек ашуға мүмкіндік алған. Романдағы Дәмеліден басқа Вера Васильевна, Бағдагүл, Рабиға, Шүйке қыз, Томпақ тәрізді кейіпкерлердің соғыс кезіндегі әлеуметтік орны мен тағдыр-тартыстарын шығарманың өзекті арқауына айналдырып отырушылық басым. Бұл әйелдердің қоғамдағы орны әрқалай көріне отырып, бірі отбасы, ошақ қасында көрінсе, бірі ел басқару ісіне де белсене араласып жүргенін көреміз. Жоғарыдағы барлық әйелдер өз ерекшеліктерімен көзге көрінсе де, олардың өмірі, ортасы Дәмелі Дүйсенбинамен сабақтасып суреттеледі.

Дәмелі он бес жасына дейін жетімдер үйінде, кейіннен туыстарының үйінде жүріп, қалың малға күйеуге бермек болған туыстарымен келіспей, комсомол уәкілі Медіғалимен аудан орталығына қашып кетеді. Соғыс басталып, күйеуін әскерге аттандырған Дәмелі ұлы Еркінмен тіршілік қамымен жазмышқа біржола мойын ұсынған қазақ әйелінің басынан кешірген қиындықтарын елестетерліктей шыншыл бейнеленеді.

Романда Дәмелінің қиын кезең, сын сағаттарда сүрінбей ой-парасат, адамгершілік қасиеттерімен көрінетін тұстар көп-ақ. Өз күйеуімен бірге соғысқа аттанған Асылбектің кәрі шешесін, Балғаным қарияны үйіне кіргізіп алып, бас-көз болуы қазақ әйелдерінің психологиясына сіңісті болып қалған ұғым дәстүрін терең ашқан.

Романда көбіне үйде де, түзде де кейіпкерлер сөйлеген сөзінен, іс-әрекет пен ұғымдарынан өзіндік бағамын танытып отырады.

Шығармадағы Әлімгерей бейнесі мен жазушы елдің байлығын сорып, ауыл-аймақты уысынан шығармай отырған жемқордың былықтарын ашу арқылы жеке штрих, детальдар пайдалана отырып тартымды бейнелеген.

Өмірден қағажу көріп, жоқшылықтың тақсіретін тартқан Барлыбай бай болуды ғана армандап, Шүйке қыздың байлығына бола үйленіп, өз мақсатына жеткені де сенімді сомдалады. Соғысты сылтау етіп бар мүмкіншілікті өз жағына аударып, менмендікке салынған Әкімгерей, Барлыбайлардың зиянды іс-әрекеттері жан-жақты ашылған деуге болады.

Дәмелі заводқа алғаш келгенде браковщица болып өзін көпшілікке бірден танытып, шойын цехын қайта қалпына келтіруге атсалысып, жаңа бастамалардың басы-қасынан көріне біледі.

Шығармадағы әйелдермен қатар Әлімгерей, Барлыбай, Дәмір, Баранов сияқтылар да өндіріске өз үлестерін қосып, сол кездегі ақиқат шындығын танытатын бейнелер.

Романдағы “Орнығу”, “Бетбұрыс”, “Өрлеу”, “Медет” бөлімдеріндегі майдан мен тылда көрінетін жастар бейнесін суреттеуде жазушы, өзі жазған тақырыбын түбегейлі меңгергендігін көреміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   45




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет