Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа



Pdf көрінісі
бет2/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

ӘОЖ 821.512.122.0 
КБЖ 83.3(5Қаз) 
 
© Ш.Есенов атындағы Каспий  
мемлекеттік технологиялар және 
 инжиниринг университеті, 2019 
  
ISBN 978-601-308-220-2 
 
 



 
КОНГРЕСТІҢ ПЛЕНАРЛЫҚ МӘЖІЛІСІ  
 
 
 
КИЕЛІ ТОПЫРАҚТЫҢ ТҮЛЕГІ 
 
Әнес Сарай 
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері 
 
Аңдатпа.
  Мақалада  жазушы  Ә.Кекілбаевтың  шығармашылық  таланты,  оның  рухани 
қайнар көзі туралы баяндалады. Автор осы мақалада жазушының қазақ әдебиетіне қосқан екі 
қайталанбайтын  жаңалығын  алғаш  рет  талдап  көрсеткен.  Ол  –  проза  жазудағы 
концептуалдылық  және  «сана  ағымы»  тәсілі,  яғни  бүкіл  бір  дәуірді  қамтитын  оқиғаларды 
кейіпкер санасында жаңғырту арқылы сипаттау.  
Түйінді  сөздер:
  романист-эпик  қаламгер,  кино  өнерін  ұйымдастырушы,  Адай  елінің 
ежелгі тарихы, Тұмар ханым, концептуалды үрдіс, «сана ағымы» тәсілі, еуропа әдебиеті. 
 
Біз  өзі  артық  пішіп,  асыра  сөйлеуге  бейім    халықпыз  ғой.  Көңіл  құлаған  кісіге 
«Абызым!», «Әулием!», «Пайғамбарым!» дей салу түк те емес. «Сүйген құлдың аты көп» деп 
көзі  тірісінде  Әбішті  «Заманымыздың  заңғары»,  «Титан!»,  «Феномен!»,  «Әулие!»,  «Ұлы 
қаламгер!» деп  таласа айтып, таласа жзғандар аз болмады. Әлбетте, осынау қолтыққа дым 
бүркіген  қыздырма  теңеулердің  Әбішке  артықтығы  жоқ,  керісінше  шақ  киімдей  бойына 
жараса кетіп тұр. Алайда дабыралап айтқанның соңында  бұлтартпас дәлелі, дәйегі болмаса, 
ол да су шайған суреттей, қазір бар да қазір жоқ, сары белдің  толқымалы сағымына ұқсас 
құбылыс  та.    Өкінішке  қарай,  Әбіш  туралы  өңеш  жырта  айтқандардың  көпшілігі  тиянағы 
жетпеген, жел ұшырған шелектің қаңғырындай бос даңғыра боп қалды. 
Әбіштің  ұзын-қысқа  өмірін,  жүріп  өткен  жолдарын,  атқарған  істері  мен  артында 
қалған мол мұрасын ғылыми сараптан  өткізіп, әділ бағасын берер кез келді. 
Әбіш  шығармашылығы  –  шеті-шегі  жоқ  ұшан  теңіз  телегей.  Оның  қыр-сырын    бір 
кездесу, бір баяндама үстінде айқара ашып, алдарыңызға жайып салуға менің де, басқаның 
да шама-шарқы келуі  екталай. Ол жылдар бойы сарыла зерттейтін нысана. Ал мен болсам, 
осынау  көл  дария  Әбіштің  қаламгерік  табиғатының  бір-жар  қырын  ашуға  жарасам  өзімді  
бақытты сезінер едім. 
Әбіш әдебиет, мәдениет саласы мен өнерінің барша жанрына бірдей қалам тартты. Ол 
әдебиеттің шағын үрдісі – әңгіме-повест жанрларын шырқау шыңға шарықтатқан прозашы, 
романист-эпик  қаламгер,  ақын,  дараматург,  аудармашы,  тарихшы,  әдебиет  сыншысы, 
публицист, кино өнерін ұймдастырушы, саясат-қоғам қайраткері. Ол осы салалардың бәрінде 
қызмет  атқарды,  сөз  сөйлеп,  қалам  тартты.  Оның  қаламының  қуаты  мен  қажырын  үдере 
соққан  желдей,  қалың  нөсер  селдей  десек  артық  емес,  қай  тақырыпта  да    оза  шауып,  оза 
келіп  тұрды..  «Талантты  кісі  қай  істеде  де  талантты»  деген  сөзді  Әбішке  қарата    айтса 
болады.  
Әбіштің жас шағындағы бастау шығармаларында романтикалық сарын басым болды, 
жас  Әбішті  романтикалық  реалист  десе  де  болғандай.  «Күйші»  повесіндегі  Сүйінқара 
бейнесінде,  «Ханша  дария    хикаясы»,  «Аңыздың  ақыры»,  «Құс  қанаты»  шығармаларында 
бұл сарын анық байқалады. 
Сондай-ақ Әбіштің өмірді көру, көргендерін баяндау, бейнелеу әдістері де ерекше. Әр 
қаламгердің өмірді көру ракурсы бар.Оны фотографтың суреті сияқты «алыс план», «орташа 
план», «жақын план» деп бөлуге болады. Әуезов өмірді орташа планда көріп, орташа планда 
жазған, Бейімбет Майлин өмірді жақын планда көріп, ондағы ұсақ-түйек құбылыстың бірін 
қалдырмай тізіп, таратып жазумен  ерекшеленді, ал Әбіш болса – өмірді «құс ұшар биіктен» 
көріп,  сол  биіктен  суреттеді.  Сондықтан  оның  шығармаларында  өмірдің  ұсақ-түйектері 



 
көзден  қағыс  қалады,  кесек  көріністрмен  ірі  турап  жазады:  оның  кейіпкерлері  кесек, 
оқиғалары ірі, оқиға өтіп жатқан фон мен табиғат суреттері де ауқымды, панарамалы. Оның 
қолтаңбасында  эпик  қаламгердің  тынысы  анық  байқалады.  Оның  өмірді  көру  машығы  – 
жазу, суреттеу әдісін қалыптастырған. 
Әдебиет аспанына самғатып шығарып, шырқау биікте қалықтатып тұрған Әбіштің бір 
қанаты  –  туа  біткен  таланты  да,  екінші  қанаты  –  әлем  әдебиеті  мен  мәдениетінің  інжу-
маржандарынан ғана сусындаған білімдарлығы. 
Талант ата қуалайды. Ол ұрпақ бойына әкенің қаны, ананың сүтімен сіңеді. Болмаса 
туған  топырағынан  жұғады.  Әбіштің  бойында  осы  екеуі  де  бар.  Маңғыстау  топырағының 
негізгі  иелерінің  бірі    Тобыштың  Жаңайы  ықылым  замандардан  бері  осы  елдің  ат  байлар  
қазығы ретіндегі әулет боп танылған. Әбіштің түп атасы  Қожаназар – байлығымен, ел қамын 
жеген көсемдігімен, кем-тарларға қарасқан қайырым, мейірімен әзделген тұлға.Оның тікелей 
ұрпақтары – Сәркен, Шомақ, Таған, Қошандар да ел жадындағы аяулы есімдер. Маңғыстау 
түрікмендері  мен  Адай  арасына  араздық  еніп,  екі  ара  шаңдатқан  бір  тұста,  басқа    емес, 
Әбіштің кәрі аталарының бірі сегіз жасар Қошанның шыбын жаны кепілдікке тігілгені тіптен 
де  тегін  емес.  Осынау  жалғыз  ғана  жалқы  деректің  өзі  Әбіштің  ата-бабаларының  Адай 
қауымының  әлеуметтік  өмірінде  орындары  қай  дәрежеде  болғанына айғақ  бола  алады.  Сол 
себепті  Әбіштің  табиғи болмысы Маңғыстаудың өткенімен де, кешегі, бүгінгі, ертеңімен де 
тығыз  байланысты.  Әбіш  –  Маңғыстаудың  аш  өзегінен,  қантамыр-қанасынан  қақырата 
жарып шыққан төл перзенті. 
Сарқырап аққан өзені жоқ, сырт пошымы сұсты, ойы таулы-тасты, қыры шөл дала боп 
келетін  Маңғыстау  өңірінің  өткені  тарихи  оқғаларға  бай,  рухани  өмірі  таңқаларлықтай  
ғажап  екенін  атап  өткеніміз  жөн.  Мұнда  ешкімге    бас  имеген,  күштінің  өктемдігін 
мойындамаған таза табиғи халық тұрды. Б.д. б. VII ғасырдан бастап осы өңірдің автохонды 
жұртына  айналған  дай-массагеттер,  б.з.б.  630  жылы  Үстірттің  оңтүстік  құлай  берісіндегі 
Дариялық (Узбой) бойында 200 мың парсы әскерін қырғынға салып, парсы  патшасы Кирдің 
басын қаққан Қайсар қызы Тұмар патшайымның өжет  елі  – кейінгі Адайлар екенінің басы 
ашық.  Маңғыстау  жұрты  ат-заты  тарихта  хатталған,  ақиқаты  анық-қанық  алғашқы 
патшалары  Томирис  екенін  мақтан  етулеріне  болады.  Маңғыстауға  «жеті  жұрт  келіп,  жеті 
жұрт кеткенде», осы топырақтың төл жұрты  Адайлардың өзі «үш рет келіп, үш рет кетті». 
Осындай  аумалы-төкпелі  ауыс-түйіс  әбігерінде  Адайлар  тұңғыш  патшалары  Тұмар  
ханымның  есімін  жадтарынан  түсіріп  алды.  Алайда  өздерінің  әйел  патшадан  тарағанын 
ұмытпады.  Сондықтан  да,  Маңғыстау  жұрты  өздерін  Ханбибі    анадан  дүредік  дегенде, 
Ханбибі  астарында  –    Тұмар    ханым  тұр  деп  түсінгеніміз  жөн.  Ал  Тұмар  болса,  Шайыр 
жеріндегі  Сырлытамда  жатыр.  1999  жылғы  археологиялық  қазба  жұмыстары  нәтжесінде 
«Маңғыстаулық  амазонка»  аталған  жерленім    жәдегерліктерінің  Тұмар  ханым  өмір 
детальдарымен ұқсастығы, оны Тұмар  ханым қабірі деуге мүмкіндік береді. 
Маңғыстау  топырағын  жайлаған  Адай  елінің  ежелгі  тарихы  –  Жеменей    Жомарт 
(Аталық),  Шылым,  Ақпан  батыр,  түрікпенадай  Есенбет,  Есенқұл,  Жұлдыз,  Есек,  Мұңал 
Жаулы  батырлар  есімдерімен  әріден  беріге  жалғаса  келіп,  1739  жылы  60  үйлі  Адайдың 
Түрікпен арасы Қызыладырға көшіп келуімен Маңғыстаудың жаңа тарихы басталады. Бұған 
дейін  байларымен,  батырларымен  аты  шыққан  айналасына  мазасыз  басасау,  жортуылшыл 
жауынгер  халық  Маңғыстау  топырағында  жаңа  қырымен  танылады.  Олар  рухани  өмірге 
шұғыл  бет  бұрады.  Бұған  дейін  сөз  өнері  беймәлім  боп  келген  Адайлар  осында  өзінің 
тайпалық  поэзиясын  дүниеге  әкелді.  Бір-бірінің  ізін  басып,  лек-лек  боп  келген  Өгізбай, 
Абыл,  Қалнияз,  Нұрым,  Қашаған,  Ақтан,  Аралбай,  Зәкәрия  –  шайырлық  өнерді  шырқау 
биікке самғатты. Абыл күйші – жанрлық табиғаты, қағыс-соғысы бөлектеу, ырғақ, иірімдері 
ерекше  Адай  күй  өнерінің  бұлақ-бастауына  айналды.  «Адайдың  жеті  қайқысымен» 
маңғыстаулық ән өнері қалыптасты. Маңғыстау шеберлері  сәулет өнерінің ғажап үлгілерін 
көрсетті.  Өнердің  осындай    салаларымен  бірге  Маңғыстау  жұртының  жан  дүниесінде  де  
сапалық  өзгерістер  орын  алды.  Қиқуға  еліккіш,  қашты-қудыға  әуес  олар  сабырлы  мінезге, 
ұстамдылыққа,  ойшылдыққа,  имандылыққа,  діншілдікке  бой  алдырып,  ауыл-ауылға  мешіт-



 
медіресе  салдырып,  бала  оқытып,  емшілік,  сынықшылық,  көріпкелдік,  сәуегейшілік, 
зергерлік өнерлерге  әуестенді. Осынау үлкен өзгерістердің түпкі астары Маңғыстаудың ой-
қырында  360  әулиенің жатқанында  еді.  Әр  шатқал,  биік  жартас,  құлама  сайларда  үн-түнсіз 
бұғып  жатқан  әулиелі  орындар  өзінің  үнсіз,  тілсіз,  бірақ  топырақтан,  ауадан  анық 
бұрқыраған қуатты аурасымен Маңғыстау  жұртының жан дүниесіне жаңа импульстер берді. 
Баяғы Адай жаңа Адай болып қалыптасқанын өздері де сезбей қалды. 
 Имандылықтың,  ойшылдықтың,  Алла  нұрының  мол  қуаты  шоғырланған  бұл  өлке 
талантты  ұл-қыздар  тудырмай  тұра  алмайды,  күнде  тудырмағанмен,  әйтеуір  тудырмай 
тұрмайды. Әбіш солардың бірі де бірегейі. Мистикалық әуендерге бой алдырмай, қазақтың 
қара тілімен айтсақ, Әбіш осынау Маңғыстау  халқы жабылып туған, өзінің жан дүниесінен 
ащы  тердей  сығымдап  шығарған  аяулы  бір  перзенті  еді.  Ол  –  осы  өлкенің  шешендік, 
ойшылдық,  имандылық, ақын-жыраулық өнерінің жанартаудай бұрқ еткен бір көрінісі. 
 Әбішті  бүгінгі  әдебиетіміздің,  қоғамдық  ойымыздың  самғау  биігіне  көтерген  екінші 
қанаты  –  білімдарлығы.  Әбіш  орыс  әдебиетін  жатқа,  дүние  жүзі  әдебиеті  мен  мәдениетін 
терең білді. Міне, осы  білімдарлық  – Әбіштің қазақ әдебиетіне жаңалық әкелуіне  септесті. 
Ол  жаңалықтың  аты  –  концептуалдық  еді.  Яки  шығарма  белгілі  бір  концепуалдық  идеяға, 
философиялық түйінге негізделіп жазылуға тиісті еді. Мұндай үрдісті қазақ әдебиеті бұрын 
білмеді.  Әбіштің  алғашқы  әңгімелері  осы  бағытта  жазылған.  Ал  концептуалды 
шығармаларының  анық  үлгілері  «Күйші»  хикаясы,  «Аңыздың  ақыры»  романы,  «Ханша 
дария  хикаясы».  Міне,  сүйтіп,  Әбіш  қазақ  әдебиетіне  концептуалды  әңгіме,  повест,  роман 
үлгілерін бірінші болып әкелді. Ол көп ұзамай халық өмірін шежірелеуге, өткенін тірілтуге, 
құм  көмген  тарихының  бетін  ашуға,  халықтың  мұңын  мұңдап,  жоғын  жоқтауға  алдын  ала 
белгілі бір идеяларға құрылған үрдістің тарлық еткенін тез түсініп, концепциялық бағыттан 
бас  тартты.  Қазақ  топырағына  өзі    әкелген  концептуалдық  идеясынан  Әбіш  бас  тартқанда, 
жыл  құсындай  ол  жаңалықты  Шыңғыс  Айтматов  іліп  алып  әрі  жалғастырды.  «Боранды 
бекет»,  «  Екі  дүние»,  «Касандра  тамғасы»,  «Жар  жағалай  жүгірген  тарғыл  төбет»  түгелдей 
концептуалды  туындылар.  Бұл  ретте  Шыңғысты  Әбіштің  шәкірті  десе  де  болғандай. 
Шыңғыс  концептуалды  романдардың  идеясын  Әбіштен  үйренумен  ғана  шектелмей,  оның  
«мәңгүрттік» туралы философиясын да түп-түгел көшіріп алды. Шыңғыстай ірі тұлғаның бұл 
әрекеті маған түсініксіз күйінде қалып келеді. 
 Әбіш  концептуалды  үрдістен  бас  тартып,  халық  тұрмысын  кең  қамтыған  саяси-
әлеуметтік  орны  бөлек  «Үркер»,  «Елең-алаң»  романдарына  кіріскенде  де,  қазақ  не  орыс  
әдебиетіндегі озық үлгілерді қайталамай, тағы да жаңа үрдістерге бой ұрды. Бұл жолы Әбіш 
Кекілбай  батыс  еуропа  әдебиетінде  жаңадан  басталып,  әлі  орныға  алмай  жатқан  «поток 
сознания»  тәсілін  қолданды.  Оны  түсінген  бар,  түсінбеген  одан  да  көп.  Роман  Әбілхайыр 
ханның  өткен-кеткенді  еске  алуларымен  басталады.  Ол  тым  ұзақ  әрі    шұбалаңқы  көрінеді. 
Оқиға қуған реалистік суреттерге үйренген оқырманға солай. Осы жаңа тәсіл арқылы Әбіш 
романның  шеңберін  кеңейтіп,  қазақ  даласындағы  ірі  маңызды  оқиғаларды  түгел  қамту 
мүкіндігіне  қол  жеткізді.  Романның  бас  қаһарманы  Әбілхайыр  туралы  етек  алған  жөнсіз 
даулар романның көркем шығарма ретінде бағасын алуына кедергі келтірді. 
Сөйтіп,  біз  қазақ  әдебиетіне  үнемі  олжа  салумен  келген  жаңашыл  Әбіштің  қазақ 
әдебиетіне  қосқан  жаңалықтарының  бір-жар  қатпарының  ғана  бетін  аштық.  Ал  ондай 
қазыналы қатпарлар Әбіште өте көп. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет