Бағдарламасы және оның маңызы Орындаған: Бөленбай А. М тобы: тпп 20-16



Дата07.02.2022
өлшемі18,51 Kb.
#89245
түріБағдарламасы
Байланысты:
Бөленбай Айша ТПП20-16 ОБӨЖ


АЛМАТЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ОБӨЖ
9

Тақырыбы: Бірінші Президенттің «Интеллектуалды ұлт-2020» бағдарламасы және оның маңызы


Орындаған: Бөленбай А.М
Тобы: ТПП 20-16
Тексерген: Досекеева К.А

Алматы 2020
Бірінші Президенттің «Интеллектуалды ұлт-2020»
бағдарламасы және оның маңызы
Дуалы ауыз сарапшылардың пікірінше, ХІХ ғасырға дейін мемлекет негізі қара күшке тәуелді болса, ХХ ғасырда ақша үстемдік құрған, ал ХХІ ғасыр білім мен интеллект ғасыры болмақ. Яғни, біз өмір сүріп отырған ғасырда мемлекетіміздің экономикасын, әлеуметтік әлеуетін және саясатын, бір сөзбен айтқанда, болашақ дамуын интеллектуалды адам капиталы айқындайды. Жаппай жаһандану дәуірі қоғам дамуының жаңа талаптары мен міндеттерін алға тартуда. Ғылыми-техникалық жетістіктердің жылдам қарқынмен дамуы қоғамдық сананы өзгертті, жаңа құндылықтар пайда болуда. Білім мен ғылымның қоғаммен байланысы мүлде жаңа арнаға ауысты. Міне, сондықтан ақпарат тасқынына шайылып кетпей, бәсекелестік бәйгесіне ілесу үшін интеллектуалды әлеуетті арттырудың маңызы зор. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасының атқарар рөлі өлшеусіз. «Мен «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық жобасы идеясымен бөліскім келеді. Оның негізгі мақсаты – қазақстандықтарды жаңа формацияға тәрбиелеу. Қазақстанды бәсекелестікке қабілетті адам капиталына бай елге айналдыру», деген еді Елбасы. Жобаның басым бағыттары ретінде негізгі үш бағыт айқындалды. Интеллектуалды адам капиталын қалыптастырудың бірінші алғышарты ретінде Мемлекет басшысы білім беру сапасын өскелең талаптарға сай дамытуды атап көрсетті. «Интеллектуалды ұлт» жобасының екінші басым бағыты ретінде ғылымды дамыту және еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жобаның үшінші бағыты ретінде инновациялық даму жүйесіне басымдық берілуде. Енді осы үш басым бағыттың қазіргі таңдағы ахуалын саралап көрейік. Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде еліміздің білім саласы реформадан кенде болып көрген емес. Бір кездері әлемдегі ең озық үлгі ретінде танылған кеңестік білім беру жүйесінен ауылымызды аулақ салып, архивке аттандырдық. Ол заңды да шығар. Ақпараттық технология ғарыштап дамыған жаһандану жағдайында көненің көзіндей болған кеңестік білім беру жүйесінің заман сұранысына жауап бере алмағаны анық. Алайда, ең өкініштісі, ұзақ жылдар бойы халқымызды ағарту саласының өзегі болып келген сол кеңестік білім беру жүйесінің орнын алмастыратын тиімді де озық үлгіні әлі де таба алмай келе жатырмыз. Соңғы кезеңде Білім және ғылым министрлері екі-үш жылда бір ауысады. Жаңадан тағайындалған министр білім саласында өзінің реформаларын жүргізе бастайды. Келесі келген министр бұл бастамаларды жылы жауып қойып, өзінің көңіліне қонған өзгерістерді енгізеді. Сөйтіп, «апам да аң-таң, мен де аң-таңмын» дегендей, жүздеген мың мұғалім жаңа министр енгізген өзгерістердің қыры мен сырын түсінуге ден қояды. Міне, дәл қазіргі күні де еліміздің 300 мыңдық мұғалімдер корпусы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев енгізген білім берудің жаңартылған мазмұнын жүзеге асыруға жұмылған. Әлемдік өркениет шоғырында ат төбеліндей ең дамыған отыз елдің қатарына ұмтылған Тәуелсіз Қазақстанның бағдарға алған шоқ жұлдызы – «білім – ғылым – инновация». Осы жылдар ішінде еліміздің білім саласында жетістіктер болмады деп ауызды құр шөппен сүрткен де жарамас. Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің бүкіл мектеп жасына дейінгі тәрбие мекемелерін қамтыған «Балапан» бағдарламасы, интеллектуалды ұлт қалыптастырудың негізі болып табылатын 20 Назарбаев зияткерлік мектептерін ашу бастамасы білім саласындағы бірегей жетістіктер екендігі даусыз. Әлемдік сапа дәрежесі мен инновациялық білім беруге негізделген жаңа үлгідегі интеллектуалды мектептердің мақсаты экономикалық және әлеуметтік өмірдің барлық саласына бәсекеге қабілетті болашақ кадрларын тәрбиелеу болып табылады. Мемлекеттің интеллектуалды әлеуетінің негізі, бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші – сапалы білім, сындарлы ғылым. Жоғары оқу орындары (ЖОО) жүйесі – қазақстандық білікті кадрларды қалыптастыратын және еліміздің интеллектуалды әлеуетін дамытатын орта. Бұл жүйе қаншалықты тиімді жұмыс істесе, елдің экономикасы да соншалықты дәрежеде дамитын болады. Бүгінде Қазақстандағы ЖОО-лар 200-ден астам мамандық түрі бойынша кадрлар даярлайды екен. 1990 жылдан бері елімізде ЖОО-ларда оқитындар саны үш есе артты. Сөйтіп Қазақстан ЖОО-лар саны жағынан әрбір миллион тұрғынға шаққанда Ұлыбритания, Германия, Жапония сияқты көшбасшы елдердің өзін басып озыпты. Ең өкініштісі, ЖОО жүйесіндегі сандық көрсеткішке сапалық дәреже мүлде сәйкес келмейді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде ЖОО бітіргендердің 50 пайызы ғана алған мамандықтары бойынша еңбек етеді. Қазақстанда тек педагог кадрларын даярлайтын 89 ЖОО (оның 33-і мемлекеттік, 56-сы жекеменшік) бар екен. Жыл сайын осы оқу орындарын бітіретін 34 мың түлектің тек 10 мыңы ғана мектепке келіп, мұғалім болады. Ал заңгерлер мен экономистерді даярлайтын ЖОО-лар қанша, бұл оқу орындарынан «мүйізі қарағайдай» диплом алып шығатын «мамандар» қанша десеңізші?! Қазір еліміздің ЖОО-лары даярлап жатқан бакалаврлар мен магистрларды еңбек рыногы жұмыспен қамтамасыз ете ала ма? Біздің экономикамыз үшін жыл сайын ЖОО-ларды тәмәмдайтын мыңдаған экономистер мен қаржыгерлер қажет пе? Жыл сайын Үкімет бюджеттен бөлетін миллиардтаған теңге гранттардың өтемі қайда? Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды, бүгінгі күнге дейін еліміздің білім беру саласы мен еңбек рыногының арасында ешқандай байланыс болмай отыр. Еліміздің жоғары оқу орындары еңбек рыногының сұранысын зерттеп, экономикамыздың қажетін өтеуге толық дәрежесінде қызмет атқарып отырған жоқ. Бұл мәселелер төңірегінде біз Батыстың дамыған елдерінен әлі де көп нәрсені үйренуіміз керек-ақ. Мәселен, өркениетті Еуропа елдерінде мектеп түлектерінің тек 20 пайызы ғана жоғары білім алуға ден қояды. Жоғары білімсіз де қоғамға қажетті нағыз кәсіби мамандық иесі болуға болады. Білікті мишинист, іскер шаштараз да қоғамның қозғаушы күші болуға лайық. Жалпы, білім мен біліктілік ұштасқанда ғана экономика жемісті болмақ. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы бойынша елімізде өскелең технологияларға негізделген жаңа өндіріс орындары ашылып, бұрынғы зауыт-фабрикалар жаңғыртылуда. Міне, осыған байланысты елімізде жұмысшы кадрларының тапшылығы айқын көріне бастады. Бұрынғы жұмысшылар басқа жаққа қоныс аударған немесе зейнет жасына жеткен. Ал жергілікті жастар қатарынан зауыт-фабрикаларға келіп, аға буынның ісін жалғастырар жұмысшы кадрлар жоқтың қасы. «Біздің металл өңдеу зауыты жаңа технология бойынша қайта жаңғыртылды. Құрал-жабдықтардың бәрі бар, техникалық кадрларға деген тапшылық қолбайлау болып отыр. Электрмен дәнекерлеушілер де, білікті токарьлар да жоқ. Тіпті, қарапайым слесарьлардың өзі жетіспейді», дейді жақында іске қосылған зауыт басшысының бірі. Еңбекпен қамту орталықтарының деректері бойынша, бүгінде біздің елімізде кәсіптік-техникалық оқу орындарын бітірген маман жұмысшыларды қажет ететін 20 мың жұмыс орны бос тұрған көрінеді. Күні кеше, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі аталып өтілген кезеңде елімізде озық заманауи технологияларға негізделген ондаған өндіріс орындары ашылды. Экономикамыздың әлеуетін еселеп, еліміздің әлемдік рынокта бәсекеге қабілетті болуы үшін бұл жаңа өндіріс ошақтарының қосар үлесі зор. Осы заманауи өндіріс ошақтарын білікті инженер-техниктермен, кәсіби жұмысшы мамандармен қамтамасыз ету ел Үкіметінің алдында тұрған кешенді міндет. Ендеше, интеллектуалды ұлт белгісі – жаппай білімді ғалым болу емес, әркім өзінің лайықты орнын тапқан кәсіби білікті маман болу. Интеллектуалды ұлт жобасының тұғырлы басым бағыттарының бірі – еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру және ғылымды дамыту болып табылады. соңғы жылдарда қазақстандық ғылымның терең тоқырауға ұшырағаны, ащы да болса ақиқат. Қазақстан ғылымы экономикадан мүлде қол үзіп қалған. ҮИИД бағдарламасы шеңберінде елімізде іске қосылған зауыттарда, жаңа өндіріс орындарындағы озық технологиялар да отандық ғылымының ешқандай қолтаңбасы жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттеріне арналған «Қазақстан дағдарыстан кейінгі әлемде: болашаққа қарай интеллектуалды серпіліс» атты лекциясында Елбасы, орта есеппен алғанда 100 қазақстандық ғалымға шетелдерден жарияланған бір ғылыми мақаладан келеді, 15 ғалымның ішінде бір-екеуі ғана халықаралық патент алады, деген деректер келтірді. Отандық бизнес саласының өзіміздің ғалымдардың ашқан жаңалығына деген сұранысы жоқ. Дамыған елдердің тәжірибесін таразыласақ, ғылым мен экономика құстың қос қанатындай бірге дамып, өндіріс саласындағы биіктерді бірге бағындырады. Мәселен, бүкіл әлем бойынша ғылымды дамытуға жұмсалатын қаржының 34 пайызы АҚШ үлесінде болса, 26 пайызы Еуропалық одақтың, 14 пайызы Жапонияның үлесіне тиеді екен. Соңғы жылдары Қытай мен Үндістан жыл сайын ғылымға ІЖӨ-нің 2 пайыздан астамын бөлу арқылы инновациялық дамудың жаңа деңгейіне шықты. Осы уақытқа дейін Қазақстан жыл сайын ғылымды дамытуға ІЖӨ-нің 0,2 пайызы көлемінде ғана қаржы жұмсап келді. Қазақстан ғылымын тоқыраудан шығару тек қаржыға тіреліп тұрған жоқ. Өзі таңдаған ғылыми тақырыбына саналы ғұмырын арнап ізденетін жас та білімді, нағыз ғалымдар (фанатиктер) жетіспейді. Бұл жерде елімізде ғалымдар аз екен деген ұғым тумаса керек. Ғылыми атақтарынан ат үркетін «ғалымдардан» көз сүрінеді. Шенеунік атаулының көбі ғылым докторы, кемінде ғылым кандидаты. Тіпті ғылыми зерттеулердің иісі мұрынына бармайтын «академиктер» киелі атақты иемденіп жүр. Қоғамдық ұйым санатындағы Ұлттық ғылым академиясының мұндай келеңсіздіктерге тосқауыл қоюға да, отандық ғылымның беделін көтеруге де қауқары жоқ. Отандық ғылымның дамуына жол ашатын тың серпіліс Елбасының бастамасымен өмірге келген индустриялық-инновациялық даму және «жасыл экономика» болмақ. Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында, алдағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасауымыз керектігін, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмайтынымызды, мұны тек дамыған ғылым арқылы шешуге болатындығын атап айтқан. Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Сондықтан Мемлекет басшысы қазақстандық экономиканың жоғары технологиялық салаларын құруға және ғылымды дамытуға ІЖӨ-нің 3 пайызы деңгейінде қаржы бөлуді күн тәртібіне қойып отыр. Бүгінгі экономика интеллектуалды еңбекке негізделген экономика болып табылады. Ал интеллектуалды еңбектің қозғаушы күші – жастар. Интеллектуалды ұлт қалыптастырудың негізі де ақпарат заманында өзіне қажетті дүниеге тез қол жеткізе алатын, коммуникативті, ізденгіш те тапқыр жастар екені анық. Өркениетті дамыған елдерде білім мен ғылымнан, яғни интеллектуалды болашақтан қаржы үнемдемейді. Тәуелсіз Қазақстан да интеллектуалды болашағына игілікті инвестиция салуға басымдық беруі керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет