Батыс қазақстан ауыл шаруашылығЫ 1946-2000 жылдарда



бет1/11
Дата05.11.2016
өлшемі2,58 Mb.
#752
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

1946-2000 ЖЫЛДАРДА

ББК 63.3 (2К)+4

Б94

УДК 631(574)
Бақтығұл Бірімжаров - тарих ғылымдарының докторы, профессор
Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы 1946-2000 жылдарда (Оқу-әдістемелік құрал). Орал, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің баспа орталығы, 2005. – 244 бет.
ISBN 9965-553-64-5

Жауапты редактор - Л.Р.Хайретдинов, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі Батыс Қазақстан облыстық аумақтық басқармасының бастығы
Пікір жазғандар: Ш.Ермекқалиев, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент (М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті)

К.Ахметов, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор (Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан агралы-техникалық университеті)
М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғылыми кеңесі басылымға ұсынған.
Еңбекте автордың ұзақ жылдар бойғы Батыс Қазақстан аймағы бойынша мұрағаттардан жинақтаған материалдары, республикалық, облыстық басылымдарда жарияланған статистикалық мәліметтер және осы сала бойынша белгілі тарихшы ғалымдар мен экономистердің, жас ізденушілердің ғылыми және әдістемелік еңбектері негізінде Батыс Қазақстан екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы жарты ғасырлық ауыл шаруашылығының даму тарихы жан-жақты сараланған.

Еңбек жас ғылыми ізденушілерге, аспиранттарға, аграрлық тарихпен айналысушы кәсіби тарихшыларға, студенттерге, көпшілік бұқара қауымға арналған.


ISBN 9965-553-64-5 © Бірімжаров Б.Қ.,2005ж.

Мазмұны
Кіріспе.......................................................................................5
Батыс Қазақстан соғыстан кейін: Қоғамдық өмір, ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі,

әлеуметтік-мәдени дамуы

Аймақтағы ұйымдастырылған қоғамдық-бұқаралық қызметтердің негізгі бағыттары..................................................8

Ауыл шаруашылығы..................................................................60

Өнеркәсіп....................................................................................69

Әлеуметтік-мәдени дамуы ........................................................77
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТАРЫ 60-80 ЖЫЛДАРДА

60-80 жылдардағы Қазақстандағы аграрлық саясат:

мақсаты, бағыттар мен нәтижелер..........................................105

70 жылдардың екінші және 80 жылдардың

бірінші жартысындағы ауылдардың экономикалық

саясатын жасау.........................................................................113

Жат құбылыстар мен қиыншылықтардың өрістеуі

Кедергі тетіктердің қалыптасуы.............................................118



Республиканың аграрлық экономикалық дамуының негізгі бағыттары 60-80 жылдар

Ауылшаруашылық өндірісінің жинақталған

көрсеткіштері............................................................................126

Қазақстан ауылшаруашылығының интенсивті

факторларға бейімділігі...........................................................137

Ауылшаруашылығы өндірісін ұйымдастыру, тәжірибе

және проблемалар....................................................................155

70-80 жылдардағы Батыс Қазақстан ауылдары мен селоларының әлеуметтік-таптық құрылымы

Қазақстан ауыл тұрғындарының мәдени-техникалық

дәрежесі және әлеуметтік-таптық өзгеруі мен

кәсіби – біліктілік құрылымы.................................................169

Республикада ауылшаруашылық кадрларын даярлау

және бекіту................................................................................174

Ауыл-село тұрғындарының әлеуметтік және

еңбек белсенділігі.....................................................................183



Ауылдардың әлеуметтік дамуы: проблемалар

мен қиындықтар

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі

экологиялық проблемалар.......................................................189

Республика ауылшаруашылығы

еңбеккерлерінің материалдық тұрмыс халі мен

мәдени-дәрежесі.......................................................................193

Қазақстанның қазіргі ауылдары мен

селоларының әлеуметтік-экономикалық даму

проблемалары...........................................................................198

Батыс Қазақстан облысы тәуелсіздік жылдарда

Облыс өнеркәсібін нарықтық экономикаға бейімдеу

және оны ілгері дамыту...........................................................204

Облыс ауыл шаруашылығына нарықтық

қатынастардың енуі: жетістіктері және қиындықтары ........221

Қорытынды.........................................................................238

Пайдаланған әдебиеттер...........................................240


Кіріспе
Халық шаруашылығында ауыл шаруашылығы тарихи да күрделі орындардың біріне ие. Өйткені ол екі өзара сабақтас міндеттерді шешеді: бір жағынан, халықты азық-түлікпен, екінші жағынан өндіріс кәсіпорындарын ауыл шаруашылығы дақылдары шикізатымен қамтамасыз жасайды. Ауыл шаруашылығының қоғамдағы осындай маңызды ролі Қазақстан Республикасы тарихына тән жағдай болып саналады. Қазақстан патшалық Ресейдің отарлау саясаты кезінде де, кейінгі жиырмасыншы ғасырдағы кеңестік дәуірде де ауыл шаруашылығы дамыған аграрлы елдің бірінен саналды. Алайда, Қазақстанның ХХ ғасырдағы ауыл шаруашылығы дамуының жетістіктері маңызды, әрі қарама-қайшылыққа толы күрделі процестердің бірі болып есептеледі. Егер, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қазақ өлкесінде социалистік меншікке негізделген ұжымдастыру саясатын жүргізу қолға алынып, колхоз, совхоз құрылысының негізі қаланып, екінші дүние жүзілік соғысқа дейін жаңа сипатқа ие болса, ал соғыстан кейінгі жылдарда бұл аграрлық саясат одан әрі жалғасып, республикада елуінші жылдардың аяғына қарай совхоз, колхоз құрылысы толық жеңіске жетіп, 60-80 жылдарда бұл саясат одан әрі тереңдеп, Қазақстанда ірі экономикалық жағынан қуатты энергетикалық техникалық жағынан жоғары еңбекті ұйымдастыру тұрғысында сол кезеңге сай тиімді ірі аграрлық ұжымшарлар мен кеңшарлар барынша қызмет етті. Сөйтіп, Қазақстан КСРО-ның шығыстағы ірі аграрлық-экономикалық аймағына айналды. Тіпті, 80 жылдардың басында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өзара жақындасуы барысында ірі аграрлық-өнеркәсіптік кешендердің дүниеге келуіне жол ашылды. Алайда, 80 жылдардың бірінші жартысында жалпы КСРО секілді Қазақстанда да ауыл шаруашылығының дамуында жетістіктер мен қатар күрделі қиындықтар, қарама-қайшылықтар, тежелу процесі тән болды.

Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуында Батыс аймағы (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстай облыстары) өзінше үлес қосты. Оның айқын дәлелі Батыс Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда мал саны өсіп, жоғары егіншілік дамып, нәтижесінде бұл өлке ірі аграрлық-экономикалық аймақ дәрежесіне көтерілді. Сөйтіп, 70 жылдардың аяғы - 80 жылдардың басында Батыс Қазақстан аймағы жалпы республикалық ауыл шаруашылығы жиынтық өнімін өндіруде астық дақылдары бойынша 10 пайыз, ет өндіру 15, жүн 24 пайыз, сүт өндіру 10 пайыз үлеске ие болды. Ірі ұжымшарлар мен кеңшарлар, агро өнеркәсіптік кешендер, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдейтін құрылыстар салу жүзеге асырылды.

Әрине, республика жағдайындағы ауыл шаруашылығына қатынасты жетістіктер мен күрделі қарама-қайшылықтар, тежелу процестері Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылығына да тән еді. Қазіргі егемендік және тәуелсіздік жағдайында бұл ауыл шаруашылығының дамуына сәйкес, тарихи күрделі процестерді, қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани және әлеуметтік-демографиялық өзгерістерді шынайы тұрғыда зерделеу, оның оң және теріс ықпалдарын жан-жақты ашып көрсету, жас ұрпақтарды отан сүйгіштікке, сол кезеңде еңбек еткен ата бабалардың салт дәстүрлері рухына тәрбиелеу мәселелерін зерттеу тарих ғылымының алдында тұрған үлкен міндеттердің біріне саналады. Осы тұрғыда көпшілік назарына ұсынылып отырған ғылыми еңбектің алдына қойған міндеттеріне екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы Батыс Қазақстан еңбекшілерінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлестерін оның ішінде, 1946-1953 жылдардағы әміршіл-әкімшіл жүйесінің шарықтауы барысында аймақта ауыл шаруашылығының дамуын қалпына келтіру, 1953-1954 жылдардағы КОКП ОК қыркүйек және ақпан-наурыз пленумдары шешімдеріне сәйкес жүргізілген түбегейлі бетбұрыс пен тың және тыңайған жерлерді игеру, сонымен қатар КОКП ОК 1965 жылғы наурыз пленумы шешіміне сай қабылданған жаңа аграрлық саясатты жүзеге асыру барысында жетістіктер мен күрделі қиындықтарын ашып көрсету болып саналады.

Сол сияқты, 80 жылдардың ортасында басталған қайта құру саясаты кезінде жүргізілген реформалар және тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі ауыл шаруашылығын нарыққа көшіру мәселелері де жан-жақты қарастырылады.

Әрине, ауыл шаруашылығы тарихын зерттеу күрделі де қиын міндеттердің қатарынан саналады. Бұл салада кезінде Кеңестер Одағында, Қазақстанда көптеген тарихшы-ғалымдар өздерінің іргелі еңбектерін жазып, атсалысқан. Бұл тұрғыда тарих ғылымдарының докторлары Х.Арыстанбековтың, Ж.Жұмабековтың, К.Нүрпейісов, М.Қозыбаев, П.Михайлов, В.Савосько мен И. Шамшатовтардың еңбектерін атасақ жеткілікті. Біз еңбекті жазу барысында осы іргелі тарихи зерттеулерді пайдалану мен қатар өз өлкемізде 50-80 жылдары басылымнан шыққан тарихшы және экономистердің еңбектерін кең пайдаланғанымызды атауды жөн санаймыз. Олардың қатарында экономистер К.Ахметов, Б.Жұмағалиев, А.Қарасаев, Б.Ғұмаров, Е.Сатқановтар мен тарихшы-ғалымдар Т.Рысбеков, М.Сыдықов, Б.Аяғанов, А.Алтаев, Х.Абжанов, Б. Бірімжаровтың т.б. еңбектерін жатқызуға болады.

Еңбектің деректік негізіне республикалық, орталық, Батыс Қазақстан облыстарының мемлекеттік мұрағаттарының қорлары, республикалық, облыстық деңгейдегі статистикалық мәліметтер жинақтары, бұқаралық басылым көздері және ғылыми басылымдарда жарияланған тақырыпқа қатынасты мақалалар алынған. Сол сияқты, еңбекті жазу барысында М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқитын аспирант, магистрант, диплом жұмыстарын орындаушылардың аймақтың ауыл шаруашылығына қатынасты жазған материалдары пайдаланылған.

Еңбек мазмұны жағынан кіріспеден, үш тараудан, қортындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН СОҒЫСТАН КЕЙІН: Қоғамдық өмір, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ӨНЕРКӘСІБІ, МӘДЕНИ-ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫ
Аймақтағы ұйымдастырылған қоғамдық бұқаралық қызметтердің негізгі бағыттары
Аграрлық сектордың рыноктық қатынастарға енуі тарих ғылымының алдына жауапкершілігі мол, білімділікпен талдауға лайық жаңа талаптар қойды. Республика агроөндірісі кешенінің соғыстан кейінгі жартығасырлық дамуы оң және теріс тенденцияларға толы. Бұл кезеңді дәл талдап, дәл саралау оңайға түспейді. Бұл орайда бірінші кезекте еліміздің экономикалық-әлеуметтік өмірінде, саяси-мәдени дамуында ілгеріге, өркениетке қарай ойдағыдай қадам жасауға қандай тежегіш күштердің бөгет болғанын зерттеп білудің, оларды жою жолдарын табудың мәні зор.

Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан аумағы республиканың ауыл шаруашылығы едәуір дамыған үлкен аймағы болып табылады. Ол 790 мың шаршы километр жерді немесе еліміздің 27 пайыз аумағын алып жатыр, мұнда республика халқының 12 пайызы тұрады. 1946-1953 жылдарда біздің өлкедегі қоғамдық-саяси жүйе БК (б) партиясының ірі бөлімі – Қазақстан К(б) партиясы Батыс Қазақстан облыстық комитетінің жетекшілігімен қалыптасты.

Жасыратыны жоқ, біздің облыстағы қоғамдық-саяси өмір бағыттары адамның бас-бостандығын шектеу, қарапайым адам құқығын елемеу, оларды саясат пен мемлекеттік басқарудан әрі ұстау сияқты теріс құбылыстармен жүрді. Әкімшілік-әміршіл жүйе облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінде бұлардың бастауыш буындарында, совет органдарында, кәсіподақ, комсомол ұйымдарында өктем де үстем біржақты билікпен жұмыс істеді. Бір адамның – Сталиннің жеке басына табыну орын алды. Барлық табыс, барлық жеңіс соның басқару қабілетіне байланысты дәріптеліп, өрескел қателіктерге көз жұма қаралды. Міне бұл үрдіс аса ауыр зардаптарға апарып соқтырды. Дегенмен де халықшаруашылығын қалпына келтірудің, экономикалық-мәдени өмірді сауықтырудың, социализмді одан әрі дамытудың күрделі мәселелері Коммунистік партиядан басқарудың стилі мен әдісін түбегейлі (радикалды) өзгертуді талап етті.

Қазақстан К (б) П облыстық комитетінде тұрақты сайланып отырылған партиялық органдар қызмет істеді. Партиялық, шаруашылық актив жиналыстарында тәжірибе бөлісу жүріп жатты. Бастауыш ұйымдар жұмыстары жаңғыртылды, олардың сапалық құрамы жақсарды. Барлық экономикалық-әлеуметтік, мәдени салаларға әміршіл-әкімшіл әдіспен басшылық еткен облыстық партия комитетінің соғыстан кейінгі жылдардағы құрылымы алдында тұрған мәселелердің мазмұнына сәйкес құрылып отырды. Оны төмендегі кестеден көре аламыз.

Облыстық партия комитеті

Б Ю Р О

Бөлімдер Бөлімдер


Партиялық, кәсіподақтық және комсомолдық органдар



Мектептер және жоғары оқу орындары

Ауыл шаруашылық


Насихат және үгіт

Өнеркәсіптік-транспорттық

Әйелдер арасындағы жұмыс бойынша

Ерекше сектор

Жоспарлы-қаржы саудалық

Партия коллегиясы


Әкімшілік

Қаржы-шаруашылық сектор

Бұл кестеден, облыстық партия комитетінің бюро арқылы барлық шаруашылық, мәдени-тұрмыстық бөлімдерді басқарып отырғандығын көреміз.

Облыстық, қалалық және аудандық партия комитетінің жоғарғы органы-облыстық партия конференциясы болды. 1947 жылдың желтоқсанында ҮІІ, 1949 жылдың ақпанында ҮІІІ-ші, 1951 жылдың маусымында ІХ-шы, 1952 жылдың қыркүйегінде Х-шы конференциялар өтті. Партия конференцияларында Қазақстан К (б) П облыстық комитетінің есебі, Қазақстан К(б) П облыстық комитетінің тексеру комиссиясының есебі, Қазақстан К (б) П облыстық комитетінің мандаттық комиссиясының есебі тыңдалды.

Бұл шаралар халықшаруашылығы мен мәдениетінің дамуына партиялық басшылықтың дәрежесін көтеруге көмектесті. Сонымен бірге партиялық басшылықтағы өзекті мәселелерді шешуде Қазақстан К (б) П облыстық комитетінің пленумдары да маңызды болды.

Қазақстан К(б) П облыстық комитетінің 1946 жылдың 1-4 желтоқсанындағы ХҮІІІ-ші пленумында қарастырылған «Облыстық партия ұйымдарының өсу жағдайы мен жас коммунистерді тәрбиелеудегі жұмыстар туралы» мәселелері партия құрамын өсіру және оның сапасын көтеруде едәуір роль атқарды.

Қазақстан К (б) партиясы Батыс Қазақстан облыстық комитетінің ХҮІІІ-ші пленумының хаттамасындағы мәліметтерден облыстық партия ұйымдарының жұмыстарын талдағанда партия ұйымы қатарының өскендігін көруге болады. 1941-46 жылдар аралығында партия ұйымы өз қатарына 7026 адамды қабылдаса, 1946 жылдың он айында-ақ 8438 адам қабылдаған, оның ішінде мүшелікте 3910-ы және 4528-і кандидат қатарында болған.

Алайда партияның өсуімен байланысты көптеген мәселелер аудандық партия комитеттерінің және бастауыш партия ұйымдарының назарынан тыс қалып отырған. Оған 1946 жылдың он айы ішінде Приурал ауданының – 28, Жәнібек ауданының – 23, Жаңақала ауданының – 22, Зеленов ауданының – 12, Шыңғырлау ауданының – 19 бастауыш партия ұйымында өсім болмағандығы дәлел бола алады.

Осы уақыт ішінде облыстық партия ұйымы өз қатарына партиялық мүшелікке 1883 әйелді, 919 кандидат-әйелдерді қосқан, барлығы 2802 әйел. Сонымен бірге 1946 жылдың оныншы айында алдыңғы қатарлы жұмысшы-колхозшылар есебінен облыста БК(б) П мүшелігіне 224 әйелді партия кандидаттығына – 279 әйел қабылдаған. Бұл мәліметтер соғыстың тылдағы ауыр зардаптарын көтерген еңбек етуші әйелдер бұқарасының саяси іске тартыла бастағандығын көрсетеді.

Дегенмен әлі де болса партия ұйымдарындағы әйелдер санының өсуі мәз емес еді. Оған кандидаттық мерзімі асып кеткен әйелдердің бар болуы дәлел. Бұл олармен уақытында дұрыс жұмыстанбаудың нәтижесі еді. Мысалы, Теректі аудандық партиялық ұйымындағы 24 әйел адамдарының кандидаттық мерзімі өтіп кеткен.

Олардың ішінде Хулапина, Яковлевская және Сүндетбаева секілді 5-7 жылдық кандидаттық стаждары барлар кездеседі.

1952 жылы облыстық партия ұйымында 12592 адам болған, оның 11094-і партия мүшелері де, 1498-і кандидаттар. Ал 1954 жылы бірінші қаңтарда облыстық партия ұйымы қатарында 12225 адам, олардың 11489-ы партия мүшелері де, 766-сы кандидаттар болған.

1945 жылмен салыстырғанда 1946 жылы жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар мамандар саны екі есеге, орта білімділер 50%-ке, ал бастапқы білімі бар жұмысшылар саны екі есеге дерлік қысқарған, олар және барлық құрамының 29%-ін алады.

Іскер мамандарды анықтау мен оларды алға тарту істері жақсартылған, 1946 жыл бойынша облыстық комитеттің, қалалық комитеттің және аудандық комитеттің партиялық номенклатурасына 670 адам тартылған, оның 40%-і - жоғары және орта білімі барлар. Ал 1949 жылдың өн бойында Қазақстан К (б)П облыстық комитетінде жоғары және аяқталмаған жоғары білімдері бар жұмысшылардың ара салмағы 20%-тен 26%-ке дейін өскен. Басшы жұмысшылар арасында әйелдердің арасалмағы 1948 жылы 8%-тен 15%-ке дейін өскен, соның ішінде қазақ әйелдерінің арасалмағы 40%-ке жеткен. 1951-1952 жылдары басшы мамандардың сапасы одан әрі өскен. Басшы кадрлардың 31,6%-ті - жоғары және аяқталмаған жоғары білімділер, 61,4%-ті - орта және аяқталмаған орта білімділер және тек 7%-і ғана төменгі дәрежелі білім деңгейі барлар.

Іскер мамандарды анықтаумен оларды жұмысқа тартуда басқарушы жұмысшыларды партиялық органдардың бекітуінсіз тағайындау әрекеттері белең алған. Мысалы, 1946 жылы Шыңғырлау ауданы жұмысшылар номенклатурасының 40%-ін, Казталовка ауданы жұмысшылар номенклатурасының 30%-ін, Теректі ауданы жұмысшылар номенклатурасының 17%-ін аудандық комитет бекітпеген. Осы жылы сонымен бірге қолда бар іскер мамандарды пайдалану ісі де дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы, 155 агрокомитеттердің басшы мамандарының жартысы орталықта орнығып қалған, ал агроучасткілерде тек 28-і, 165 зоотехниктердің участкіде тек 39-ы ғана, 157 ветеринарлардың тек 35-і ғана участкілерде қызмет еткен. Бұл басшылықтың жағдайы осындай еді.

Батыс Қазақстан облыстық ұйымы қарастырып отырған кезеңде көп ұлттанды. 1949 жылы қазақтар саны – 6732 немесе 51,1%, орыстар саны – 4843 немесе 36,7%, басқа ұлт өкілдері – 1617 немесе 12,2%-ті құрады. 1951 жылы қазақтар саны – 6487 адамды, орыстар – 4709 адамды, басқа ұлт өкілдері – 1589 адамды құрады. 1952 жылы қазақтар саны – 6287 адам немесе 50,9%, орыстар – 4775 адам немесе 37,1% басқа ұлт өкілдерінің саны – 1530 адам немесе 12% болды. Ал 1954 жылы 1-ші қаңтарда қазақтар – 6053 адам, орыстар – 4693 адам, басқа ұлт өкілдері – 1509 адамды құраған.

Соғыстан кейінгі кезеңде Батыс Қазақстан партия ұйымдарының басты назары идеологиялық жұмыстарға, соның ішінде ең бірінші коммунистерді саяси жағынан дайындау деңгейіне, теориялық оқытуды жақсарту мәселелеріне аударылды. Оның дәрежесі мен пәрменділігін арттыру мәселелері Қазақстан К (б) П Орталық Комитетінің ХІХ-шы пленумында «Қазақстан партиялық ұйымының идеологиялық жұмыс деңгейі туралы» қабылдаған қаулысын жүзеге асыруға бағытталған шаралар жөніндегі Қазақстан облыстық комитетінің 1948 жылдың 1-3 сәуірінде өткен ІІ-ші пленумында, 1950 жылдың 28-29 наурызындағы «Облыстық партия ұйымдарының мамандарына большевиктік тәрбие туралы» ІҮ пленумында, Қазақстан К(б) П Орталық Комитетінің ІҮ-шы Пленумының шешімін орындау шеңберінде 1951 жылдың 20-21 наурызындағы «Облыстық партия ұйымдарының партиялық-ұйымдастырушылық және партиялық-саяси жұмыстарын жақсарту жағдайы мен шаралары туралы» ҮІІ-ші пленумдарында талқыланды.

Облыста өз құрамында саяси мектептерді, партия тарихы, философия мен саяси экономиканы оқып-үйрететін үйірмелерді, аудандық партия мектептерін, теориялық семинарларды қамтитын партия оқуының кең тармақты жүйесі құрылды.

1948 жылы 205 адамды қамтыған 19 аудандық партия мектептері, 3596 адамды қамтыған «БК(б)П тарихының қысқаша курсын» оқытатын 190 үйірмелер, 4430 адамды қамтыған 250 саяси мектептері, 8343 адамды қамтыған 445 көсемдер Ленин мен Сталин өмірбаяндарын оқытатын үйірмелер жұмыс істеді. 1949 жылы 242 коммунисті қамтыған 1 кешкі марксизм-ленинизм университеті, 559 коммунисті қамтыған 17 кешкі аудандық партия мектептері, 3235 коммунисті қамтыған БК(б)П тарихының қысқаша курсын оқытатын» 259 үйірмелер, 1145 коммунисті қамтыған көсемдер Ленин мен Сталин өмірбаяндарын оқытатын 1551 үйірмелер, 3351 коммунисті қамтыған «БК (б)П тарихының қысқаша курсын оқытатын 342 үйірмелер, 2446 коммунисті қамтыған 295 саяси мектептер жұмыс істеді.

Соғыстан кейінгі жылдары облыстық партия комитеті қоғамдық-бұқаралық ұйымдар арқылы өлкенің экономикасы мен мәдени – тұрмысын қалпына келтіру мен әрі қарай дамытуға бағытталған шараларын жүзеге асырып отырды. Бұқаралық ұйымдар халықшаруашылық, әлеуметтік міндеттерді шешуде маңызды рөл атқарды. Коммунистік партияның негізі, оның саясатын жүргізуші, бұқараны ұйымдастырушы – бастауыш партия ұйымы шаруашылық пен мәдени құрылысқа басшылық жасап отырды. Бастауыш партия ұйымдары барлық өнеркәсіп және транспорт кәсіпорындарында, МТС-та, совхоздар мен колхоздарда құрылды. 1949 жылы қайтадан 38 бастауыш партия ұйымдары құрылған болса, 1952 жылдың 1-ші қыркүйегінде 12592 коммунистерді қамтыған 763 бастауыш партия ұйымдары есептелінген, ал 1953 жылы облыстың барлық колхоздарында 3226 партия мүшелері мен кандидаттарын қамтыған колхоздың бастауыш партия ұйымы, 549 коммунистерді қамтыған 39 МТС, МЖС және ММС-тың бастауыш партия ұйымы, 1503 коммунистерді қамтыған 34 совхоздың бастауыш партия ұйымдары қызмет еткен.

БК(Б)П Уставына сәйкес күнбе-күнгі жұмысты жүргізіп отыру үшін бастауыш партия ұйымы бір жылға бюро немесе секретар сайлап отырған. Бюро басшылығының немесе секретарлардың сапалық құрамына үлкен көңіл бөлінді. Нәтижесінде бастауыш партия ұйымдарының секретарларының сапалық құрамы біркелкі жақсарды. Мысалы, 1948 жылы бастауыш партия секретарларының құрамында орта және аяқталмаған орта білімі барлар 444 адамға жеткен болса, 1949 жылы олар 556 адамды құраған және бастапқы білімі бар секретарлар саны 461-ден 378-ге дейін азайған. 1951 жылы да біршама жоғары көрсеткіштер байқалған. Егер 1948 жылы ҮІІІ-ші партконференцияға дейін бастауыш партия ұйымдарының секретарлары құрамында жоғары және аяқталмаған жоғары білімділер 4% болған болса, 1951 жылы 8,4%-ке жеткен, орта білімі барлар және толық емес орта білімділер 56,8%-тен 63,1-ке дейін көтерілген.

Саяси және шаруашылық шараларды деревняларда жүргізуде селолық бастауыш партия ұйымдары жетекші рөл атқарды. Мысалы, 1952 жылы колхоздардың көпшілігінде бастауыш партия ұйымдары қоғамдық мал шаруашылығын өркендетіп, оның өнімділігін арттыру, басқа да саяси шаруашылық міндеттерді орындауда зор рөл атқарған, колхозшыларды бұл міндеттерді орындауға жаппай жұмылдыра алған. Жаңақала, Казталовка аудандарындағы колхоздардың бастауыш партия ұйымдары дәл осылай жұмысты жақсы жүргізіп отырған. Жаңақала ауданындағы «Новый путь» колхозының бастауыш партия ұйымы партиялық ұйымдастыру, үгіт-бұқаралық жұмысты шаруашылық міндеттемелерге шебер ұштастыра жүргізудің нәтижесінде колхоздың қоғамдық шаруашылығының өркендеуін қамтамасыз еткен. Казталовка ауданындағы Энгельс, Орда ауданындағы Чапаев атындағы колхоз бастауыш партия ұйымдары да коммунистердің барлығын дерлік колхоз өндірісінің жауапты участоктеріне тартқан. Коммунистер үгіт жұмысын жүргізе отырып, партия жиналыстарын уақтылы өткізіп отырған. Онда колхоз өндірісінің маңызды мәселелері, коммунистерге берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланған.

Облыстағы колхоз және совхоз жеке өндіріс участкелеріне партиялық басшылықты жақсарту мақсатында фермалар мен бригадаларда 1953 жылы 261 бастауыш партия тобы ұйымдастырылған. Оның ішінде колхозда колхоздық бастауыш партия ұйымы жанынан 578 коммунисті қамтыған 137 партия тобы жұмыс істеген. Колхоздық бастауыш партия ұйымдарында коммунист-колхозшылар саны төмендеп кеткен. Мысалы, 1948 жылдың 1-ші қаңтарында коммунист-колхозшылар саны 3305 адамға жетсе, 1953 жылдың қаңтарында небәрі 2597 адамды құраған немесе колхозшылар саны 708 адамға азайған.

Қоғамдық-бұқаралық ұйымдардың ішінде жергілікті Советтердің маңызы зор. Жергілікті жерлердегі мемлекеттік орган, еңбекшілердің мейлінше бұқарашыл қоғамдық ұйымы болған жергілікті Советтер өмір тудырған мәселелерді түгел қамту үшін бар күш-жігерін салды.

Соғыстан кейінгі жылдары Советтердің жұмыстарын қайта құруда еңбекші депутаттардың жергілікті Советтерінің сайлаулары маңызды рөл атқарды. Бұл партия мен үкіметтің жергілікті жерлерге басшылығын жақындата түсуге көп көмегін тигізді. Мысалы, 1950 жылғы еңбекшілер депутаттарының жергілікті Советтеріне сайлау науқаны бірінші рет депутаттардың сайлаушылар алдында белгілі бір атқарған жұмысы мен тапсырыстарды орындау деңгейі жөнінде есеп беру арқылы жүзеге асты. Ал бұл шаралар жергілікті Советтер мен бұқараның арасындағы байланысты күшейтті, сәйкесінше партиялық басшылықты жақындата түсті. Сайлау нәтижесі төмендегідей болды: облыстық Советке – 60 адам, қалалық Советке – 238 адам, аудандық Советке – 375 адам және ауыл-селолық Советке – 260 адам, жалпы барлығы – 3269 адам депутат болып сайланған. Ал 1951 жылы өткен жергілікті Советке сайлау партия саясатын жүзеге асыратын Советтер басшылығына жаңа, тексерілген, іскер мамандардың келуіне септегін тигізді. Сайлау нәтижесінде жергілікті Советтеріне 3289 депутаттар сайланған, олардың 50%-і БК(б)П мүшелері мен кандидаттары болған. Бұл сайлауда әйелдердің рөлі өскен. Олар жалпы депутаттар санының 35,4%-ін алған немесе 1159 әйел сайланған.

Құрылған ауылдық советтер ауыл шаруашылығын, ауыл-село мәдениетін көтеру, еңбекшілердің тұрмыстық жағдайларын жақсарту бағытында аз жұмыстанбады. Әсіресе осы жолда социалистік жарыстың рөлі зор болды.

Социалистік жарыстар әрбір бесжылдық жоспарды орындау барысында, бүкілхалықтық мерекелер кезінде, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сайлауы күндері өрістетіліп отырылды. Мысалы, республиканың Жоғары Советінің сайлауына әзірліктің алғашқы кезеңінде Қазақ ССР Министрлер Советі мен ҚК(б) П Орталық Комитеті қабылдаған «1954 жылы республиканың ауыл шаруашылығын онан сайын өркендету жолындағы социалистік жарысты өрістету туралы» қаулысын облыстың көптеген аудандық, ауылдық, селолық Советтері басшылыққа ала отырып, ауыл шаруашылығындағы еңбекшілердің сайлау құрметіндегі социалистік жарысын ойдағыдай ұйымдастырған. Мұны Теректі ауданындағы Ново-Павловка, Фурманов ауданындағы Фурманов ауылдық Советтерінің жұмысынан көруге болады. Бұл Советтердің депутаттары мен активтері бұқараны ұйымдастырушы мен бастаушы болды. Мысалы, Ново-Павловка селолық Советінің депутаты, Калинин атындағы іріленген колхоздың председателі Пивень жолдас колхоздағы мал қыстауды үлгілі ұйымдастырды. Қоғамдық мал жылы қорамен және қыс маусымына жеткілікті азықпен толық қамтамасыз етіліп, колхоздың колхозшылары сайлау құрметіндегі социалистік жарыста қабылдаған міндеттемелерін ойдағыдай орындаған. Сол сияқты Фурманов атындағы колхозды ауылдық Советтің депутаты, Социалистік Еңбек Ері Ақсыйқов жолдас «Жас» колхозын ауылдық Советтің депутаты Байтеменов жолдас басқарған. Олар бұқараға сүйеніп жұмыс істеуінің арқасында колхоздың қоғамдық шаруашылығын өркендету жолындағы күреске бүкіл артель мүшелерін жұмылдыра алды.

Еңбекшілердің өскен тілегіне сай жұмыс істей отырып, ауыл-село мәдениетін көтеру, еңбекшілердің тұрмыс жағдайларының жақсаруына үнемі қамқорлық жасау – жергілікті Советтердің төл ісі. Бұл тұрғыда Шыңғырлау поселкілік Советі (председателі Қазиев жолдас) және Жәнібек ауданы Ақоба ауылдық Советі (председателі Мұқанова жолдас) біркелкі жұмыстар атқарған.

1952 жылы Шыңғырлау поселкілік Советі поселкіні көркейтуге, пәтер-үйлер салуға ерекше көңіл бөлген. Осының нәтижесінде аудан орталығында еңбекшілер үшін 35-тен астам жаңа тұрғын үйлер салынған. Орталық клубтың жанына 1,5 гектар бақ және көптеген үйлердің іргелеріне ағаш көшеттері отырғызылған. Поселкілік Совет бойынша мемлекеттік мал шаруашылық өнім тапсыру жоспарын 101% орындап, мемлекетке 67500 литр сүт, бірнеше килограмм жүн тапсырған. Сондай-ақ Советтің қаржы жинау жоспары 105% болып орындалған.

Ал Жәнібек ауданы Ақоба ауылдық Советіне келер болсақ, мұнда ауылдық Советтің 9 депутаты және ондаған активі жұмыс істеген. Осы ауылдық Советтің депутаттары мен автиві бұқарамен тығыз байланыста бола отырып, саяси шаруашылық міндеттерді ойдағыдай орындап отырған. Бұған мысалға ауылдық Советтің 1951 жылғы жұмыстарының қорытындысын айтуға болады. Ауылдық Советтің қамтуындағы екі колхоз да қоғамдық мал шаруашылығын өркендетудің үшжылдық жоспарын малдың барлық түлегі бойынша орындап шыққан. Мемлекетке астық, ет, сүт, жүн тапсыру жоспарын ойдағыдай атқарған.

Сонымен бірге Советтің автивтері мен депутаттары оқу үйінің жұмысын да үнемі қадағалап отырған. Газет, журнал, саяси-шаруашылық және әдеби кітаптарды колхозшылар арасында тарата отырып, жеті жылдық мектеп, 22 балалық бюджеттік, 17 балалық қоғамдық интернат ұйымдастырған. Ауылдық Советтің қарауында жетіжылдық мектеп, емхана, бір оқу үйі жұмыс істеген.

Жергілікті Совет халықты медициналық қамту ісінің жайымен де шұғылданып отырған, оны жақсартуға көп тер төккен.

Облыстағы өндіріс, қызмет көрсету және мәдени саласындағы өздерінің жұмыс сипатына ортақ мүдделері арқылы барлық еңбекшілерді біріктірген келесі бұқаралық қоғамдық ұйымының бірі-кәсіподақтар болды. Кәсіптік одақтардың халықшаруашылық міндеттерді шешудегі ролін арттыруда БК(б) П Орталық Комитеті мен ВЦСПС ХІХ пленумының қаулылары негізінде облыста 1948 жылдың 10-шы қарашасында кәсіптік одақтардың облыстық советтерінің құрылуы маңызды болды. Облыста 710 фабрика-зауыт комитеттері және жергілікті комитеттері, 11 облыстық комитеттер одағы және оған теңестірілген райпрофсож одағы, өзендердің бассейіндік комитеттері жұмыс істеді. Олар одақтың 10350 мүшесін қамтыған. Ал 1948 жылдан 1951 жылдың қаңтарына дейінгі мерзімде кәсіподақ ұйымдарының мүшелігіне 18 мыңнан астам адам қабылданған.

Қарастырылып отырылған кезеңде өндірістік жоспарларды орындау, еңбекшілерге тұрмыстық және мәдени қызмет көрсетуді жақсарту бағытында кәсіподақ ұйымы көп жетістіктерге жетті. Осы мақсатта социалистік жарыстарды ұйымдастырып, жаңашылдар қозғалысын қолдап, кәсіпорын әкімшіліктермен шарттар жасап отырды.

Өнеркәсіптің барлық салаларын құру мен дамытудағы кәсіподақ ұйымдарының игі істерін Ворошилов атындағы заводтың завод комитетінің, Красновский ет совхозының жұмысшы комитетінің «Ур-1» Земмашина кеме комитетінің ұйымдастырушылық-практикалық жұмысынан көруге болады.

Алайда өнеркәсіп тетіктерінде кәсіподақ ұйымдарының жұмыстарында кемшіліктер де жіберіліп отырылған. Мұндай кемшіліктер Шыңғырлау ауданының қаржы органдарының жанындағы кәсіподақ ұйымының жұмысында, облыстық мал азығын дайындаудың төменгі ұйымдарының және жергілікті кәсіпшілік кәсіподақ жұмыстарынан көрінген. Сайлау науқаны кезінде 1948 жылы Шыңғырлау ауданының қаржы органдарының жанындағы кәсіподақ ұйымының жағдайы өте нашар сипатта болған. Мысалы, Шыңғырлау аудандық жинақ кассасының 8 жұмысшысының тек үшеуі ғана, аудандық қаржы бөлімінің 11 жұмысшысының тек 5-уі ғана, ал Мемлекеттік банктің 18 жұмысшысының тек 8-і ғана одақ мүшелігіне тартылған.

Облыстық мал азығын дайындаудың төменгі буындағы ұйымдары мен жергілікті кәсіпшілік одағының жағдайы да осындай сипатта болған. Есепті-сайлаушылық жиналыс алдында көптеген аудандық ұйымдар жанында Май кәсіпшілік одағы мен Мал азығын даярлаудың жергілікті комитеттері тіпті өмір сүрмейтіндігі тексеру барысында анықталған, тек қағаз жүзінде ғана тіркеліп отырылған.

Облыстық кәсіподақ ұйымдарының мәдени-тұрмыстық жұмыстары 1948-51 жылдар аралығында біркелкі жақсарған. Облыстың кәсіподақ ұйымдары бұл кезде еңбекшілерге коммунистік тәрбие беру ісіне көп көңіл бөлген. 1948 жылдың қарашасынан 1951 жылдың қаңтарына дейін кәсіподақтардың облыстық советі президиумының председателі Таушев жолдастың басшылығымен бұл мақсатта игі істер аз атқарылмады. Екі жылдың ішінде кәсіпорындар мен мекемелерде 8 мыңға жуық лекциялар мен баяндамалар өткізген. Кәсіподақтардың 10 мыңнан астам мүшесі саяси оқудың түрлеріне тартылып, 1300-ден астам жас жұмысшылар мен қызметшілер жастардың кешкі мектептерінде оқыған.

Қарастырылып отырған кезеңде қоғамдық-бұқаралық ұйымның бірі - комсомол болды. Облыстық комсомол ұйымы өз қатарына 1952 жылы 5250 жігіт мен қызды, 1953 жылы 3900 жігіттер мен қыздарды қабылдады. Ал 1951 жылы 947 бастауыш комсомол ұйымдары өмір сүріп, онда 23 мыңнан жоғары комсомол есептелінсе, 1954 жылдың 1-ші қаңтарында комсомолдар саны – 28 мыңнан астамға жеткен. Олар өнеркәсіпте, көлікте, құрылыста, ауыл шаруашылығында көптеп қызмет етті. Оны мына көрсеткіштерден көруге болады: 1947 жылы ауыл шаруашылығында ауыл шаруашылық машиналарды жөндеуде 262 комсомол-жастар бригадасы, 58 комсомол-жастардың трактористер бригадасы жұмыс істесе, 1951 жылы 5 мыңнан астам комсомол колхоздарда, 3190 комсомол кәсіпорындар мен МТС-та жұмыс істеген. Сондықтан да комсомолдар партиялық саяси оқуға кеңінен тартылып отырылды. Мысалы, 1948 жылы 3742 комсомол үйірмелер мен саяси мектептерде, 273 комсомол өздігінен оқып, білімдерін көтерген болса, 1951 жылы 14 мыңға жуық комсомол үйірмелер мен саяси мектептерде, 520 комсомол өздігінен оқыса, 1952 жылы 4 мыңнан астам комсомол партиялық ағартуға тартылған.

Партияның халықшаруашылығын көтеруге арналған қарар-қаулыларын орындауда комсомолдар ұйымы қажырлы еңбек етіп отырды. Мысалы, БК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы ақпан пленумының «Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығын өрге бастыру шаралары туралы» қаулысын және осыған сәйкес шақырылған Қазақстан К (б)П-ның Батыс Қазақстан облыстық комитетінің ХІХ-шы пленумындағы шешімдерді орындауда Теректі ауданындағы колхоздық комсомол ұйымы іскерлік танытты. Нақты тоқталар болсақ, Теректі ауданындағы «Красный Путиловец» колхозының комсомол ұйымы ақпан пленумы» қаулыларын орындау бағытында колхоздың барлық еңбекшілерімен бірігіп көктемгі егісті 12 күнде аяқтауға, орташа әр гектардан 10 центнерден кем болмайтын өнім жинауға, қысқа әр бас малға 30 центнерден мал азығын даярлауға, малдың түсіміне жол бермеуге міндеттеме қабылдаса, «Социализм» колхозындағы комсомол ұйымы колхозшыларға белсенді көмектесу, көктемгі егісті 15 күнде аяқтау, әр гектардан 12 центнерден өнім жинау міндеттемелерін қабылдаған. Ал бұл міндеттемелер уақытында орындалды да.

Соғыстан кейінгі жылдары Совет үкіметі, жергілікті өкімет органына басшылық жасаған облыстық партия комитеті еңбекшілердің материалдық жағдайын, халықтың мәдени өмірін көтеруге жан-жақты шаралар қабылдап отырды. Бұл жұмыс халық шаруашылығын көтерумен, ең алдымен ауыл шаруашылық, жеңіл өнеркәсіп өнімін шығарудың өсуімен күшейді. Қоғамдық-бұқаралық ұйымдар жұмыстары қайта жаңғыртылды, өмірдегі барлық сферадағы олардың қызметі кеңейді. Облыстық партия конференцияларында, облыстық, қалалық, аудандық партия жиналыстарында, Совет сессияларында т.б. халықтық маңызы бар мәселелер қаралып, талқыланып отырылды. Алайда идеологияландырылған догматикалық ойлау шырмауы, әміршіл-әкімшілік басшылық елдің қоғамдық-саяси өміріне аз зиян әкелмеді.


* * *
1954-1964 жылдардағы қоғамдық-саяси жүйенің демократияландырылуы «Хрущевтік жылымықпен» жүрді. Жеке тұлғаны шектен тыс дәріптеуден туған зардаптардың бетін ашуда КОКП Орталық Комитетінің ХХ съезінде біршама батыл қадам жасалды. 1953 жылы маусымда КОКП Орталық Комитеті «Жеке адамға табыну және оның салдары туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда атап көрсетілген өрескел қателіктер мен лениндік нормаларды бұрмалаушылықтар барлық жерде кеңес өміріне кері әсер еткенімен, олар социалистік құрылыстың іргетасын шайқалта алмады, КСРО – да социалистік қоғамның негізі сақталынып қалды.

1953 жылғы 13 шілдеде Қазақстан К (б)П Батыс Қазақстан облыстық, Орал қалалық комитеттерінің біріккен пленумында КОКП Орталық комитетінде қабылданған «Берияның антипартиялық және антимемлекеттік әрекеттері туралы» қаулысы талқыланды. Осыған байланысты облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Шахиннің баяндамасы және «Г.М.Маленковтың, Л.М.Кагановичтің, В.М.Молотовтың антипартиялық тобы туралы» КОКП Орталық Комитетінің шешімдерін талқылаған 1957 жылдың шілдесіндегі облыстық, қалалық партия комитеттерінің пленумдарында сөйлеген С.Б.Ниязбековтың сөздері сол тұстағы әміршіл-әкімшіл жүйені, оның сүйеніші Коммунистік партияны ақтауға толы болды.

Бұл кезде өлкеде жүргізілген демократиялық сипаттағы саяси реформалар әкімшілік жүйенің негізін өзгертпек түгілі оны шайқалта да алған жоқ, демократиялық қозғалыс кең құлаш жая алмады. Осыған қарамастан партияның ХХІІ съезінде КСРО-да коммунизмді 20 жылдық мерзімде орнатамыз деген КОКП-ның үшінші Бағдарламасындағы теориялық тұжырымдама кең етек алды. Бұл тұжырымдамада «КОКП Бағдарламасының жобасы туралы» 1961 жылдың қыркүйегіндегі ХҮІ-шы облыстық партия конференциясында қабылданған қаулысында кеңінен қолпашталды.

Міне, өлкеде осындай теория мен практиканың бір-бірімен ұштаспау аясында «демократияланған» іспеттес қоғам өмір сүрді. Дегенмен қоғамдық-саяси өмірді демократияландыруға деген ұмтылыстардың қоғам үшін прогрессивті жақтары болмады десек қателікке ұрынар едік.

Қоғамды демократияландыруға бағытталған ХХ съезд ұйымдық-партиялық жұмысты, партия қатарын нығайту, оның бұқаралық ұйымдардағы кәсіподақ пен комсомолдағы басшылық ролін күшейту мәселелеріне көп көңіл бөлді. Облыстық партия ұйымдарының қатары бұл кезеңде біршама өсіп, сапасы жақсарды. 1955 жылдың 1-ші желтоқсанында облыстық партия ұйымында 13506 адам соның ішінде 12705 КОКП мүшесі және 801 КОК П мүшелігіне кандидат есептелінген, олар 733 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген. 1957 жылы облыстық партия ұйымының қатарында 14655 адам, соның ішінде 13617 КОКП мүшесі және 1048 кандидаты, оларды біріктірген 693 бастауыш партия ұйымдары болса, 1959 жылдың 1-ші желтоқсанында облыстық партия ұйымында 16618 адам, соның ішінде 15208 КОКП мүшесі және 1410 КОКП мүшелігіне кандидат, оларды біріктірген 636 бастауыш партия ұйымдары болды. Ал 1961 жылы облыстық партия ұйымы 19142 адамнан соның ішінде 17135 КОКП мүшесінен және 2007 КОКП мүшелігіне кандидаттан тұрды, олар 618 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілді.

Коммунистердің әлеуметтік аясы да біркелкі өзгерістерге ұшырады. 1955 жылы жұмысшылар саны – 3759 немесе 27,7%, крестьяндар саны – 3824 немесе 28,3% қызметкерлер саны – 5927 немесе 44,0% болған. 1957 жылы жұмысшылар саны – 4220 немесе 30%, крестьяндар саны – 3876 немесе 27%, қызметкерлер саны – 6569 немесе 43% болған болса, 1959 жылы 5147 немесе 31% жұмысшылардан, 4296 немесе 26% крестьяндардан, 7175 немесе 43% қызметкерлерден тұрған. Бұл көрсеткіштерді талдар болсақ, коммунистердің әлеуметтік құрамының жұмысшылар көп бөлігін 1959 жылы, крестьяндар 1955 жылы құраған.

Облыстық партия ұйымы қатарындағы коммунистердің ұлттық құрамына келер болсақ, партия қатарында қазақтар мен орыстар басым болған. Дегенмен басқа ұлт өкілдері де жыл санап өсіп отырған. Мысалы, 1955 жылы қазақтар – 6297, орыстар – 5328, басқа ұлт өкілдері – 1919, 1959 жылы қазақтар – 7772, орыстар – 6752, басқа ұлт өкілдері – 2094 болған.

Осындай құрылысы бар облыстық партия ұйымдарының 1954 жылдың қаңтарындағы ХІ-ші, 1955 жылдың желтоқсанындағы ХІІ-ші, 1957 жылдың желтоқсанындағы ХІІІ-ші, 1958 жылдың желтоқсанындағы кезектен тыс ХІҮ-ші, 1959 жылдың желтоқсанындағы ХҮ-ші, 1961 жылдың қыркүйегіндегі ХҮІ-ші, 1964 жылдың желтоқсанындағы ХҮІІ-ші шақырылған Орал облыстық партия конференцияларында халықтық маңызы бар мәселелер және КОКП Орталық Комитетінің ХХ, ХХІ, ХХІІ съездерінің қаулылары талқыланып, оларды шешуге бағытталған шаралар туралы есеп беріліп отырылды. Бұл облыстық комитеттің барлық жұмыстарына жауапкершілікті бірін-бірі ауыстырған Орал облыстық комитетінің І-ші хатшылары – М.Шахшинге (1952-1954ж.ж.), С.Тоқтамысовқа (1954-56 ж.ж.), С.Б.Ниязбековке (1956-60ж.ж.), Ш.Қ.Қоспановқа (1961-75ж.ж.) жүктелді.

Жалпы коммунистер өнеркәсіп орындарына, ауыл шаруашылығына кеңінен тартылды. Мысалы, 1955 жылы өнеркәсіп кәсіпорындарында, транспортта, байланыста коммунистердің 30%-і, ауыл шаруашылығының маңызды участоктарында коммунистердің 79,6%-і, мал шаруашылығында коммунистердің 59,2%-і еңбек еткен болса, 1957 жылы өнеркәсіп кәсіпорындарында, транспортта, байланыста 2698 коммунист, ауыл шаруашылығының маңызды участоктарында 6000 коммунист, мал шаруашылығының маңызды участоктарында 7168 коммунист, мал шаруашылығында 3278 коммунист, 1961 жылы өнеркәсіп орындарында, транспортта, байланыста 4099 коммунист, ауыл шаруашылығының маңызды участоктерінде 9060 коммунист, мал шаруашылығында 3016 коммунист еңбек еткен.

Орал облыстық партия ұйымы мал шаруашылығында еңбек етуге көптеген коммунистерді жіберді. Мысалы, Жаңақала мен Фурманов аудандарында 1955 жылы колхоздық және совхоздық коммунистердің 80%-і мал шаруашылығында жұмыс істеген.

Облыстық партия ұйымы ХХ съезд шешімін орындауда насихаттың идеялық дәрежесін арттыруға, бүкіл идеологиялық жұмысты жақсартуға мүмкіндік беретін шараларды жүзеге асырды. Насихаттың өмірден алшақтығын жою, оны шаруашылық және мәдени құрылыстың міндеттерімен тығыз байланыстыру мақсатында догматизм мен жаттампаздыққа қарсы батыл күрес жүргізілді, партия оқуының жүйесі қайта құрылды, марксизм-ленинизмді творчестволықпен неғұрлым терең оқып-үйрену үшін жағдайлар жасалды. Облыста саяси мектептердің, ағымдағы саясатты оқып үйренетін үйірмелердің, маркстік-лениндік теорияның негіздерін, КОКП тарихын оқып-үйрену жөніндегі семинарлар мен үйірмелердің жүйесі кеңейтілді. Мысалы, 1955 жылы кешкі марксизм-ленинизм университетінде 203 коммунист, В.И.Ленин өмірбаянын 112 коммунист, саяси мектептерде 1284 коммунист, КОКП тарихын 5901 коммунист, саяси – экономиканы түрлі семинарлар мен экономикалық мектептерде 1709 коммунист оқып-үйренген және 3442 коммунист өз бетімен оқу формасын таңдаған. 1957 жылы партиялық ағартуда экономикалық ғылымды зерттеуге 4818 коммунист тартылған.

Қарастырылып отырған кезеңде облыстық партиялық басшылықтың құрамы мен сапасын жақсартуда біркелкі жұмыстар жүзеге асқан. Мысалы, 1955 жылы партия ұйымдарының секретарлары біркелкі өскен. Олардың саны – 733-ке жеткен, соның ішінде жоғары және аяқталмаған жоғары білімі барлар – 273, бастапқы білімі барлар – 120 адам болған. Осымен қатар облыстық партия комитеті КОКП Орталық Комитетінің нұсқауларын орындай отырып аудандық звеноның, колхоздар мен совхоздардың басшылығын күшейту мақсатында оларды дайын сапалы кадрлармен қаруландыру, олардың көпшілігін ауыл шаруашылық мамандарынан тағайындау жұмыстарын жүргізген. Бұны келесі көрсеткіштерден көруге болады:

1. Аудандық партия комитеттерінің

секретарларының: 1957 жыл 1959 жыл.

1. жоғары білімі барлар: 25% 66%

2. ауыл шаруашылық мамандығы 8% 42%

барлар

ІІ. Аудандық атқарушы комитеттерінің председательдерінің:



1. жоғары білімі барлар: 28% 50%

2. ауыл шаруашылық мамандығы 7% 30%

барлар:

ІІІ. Колхоздар мен совхоздардың бастауыш партия ұйымдарының секретарларының:



1. жоғары білімі барлар: 6% 10%

2. ауыл шаруашылық мамандығы барлар: 19% 27%


ІҮ. Сохоздар директорлары мен колхоздар председательдерінің:

  1. жоғары және аяқталмаған жоғары

білімі барлар: 19% 25%

  1. орта білімі барлар: 41% 51%

  2. ауыл шаруашылық мамандығы

барлар: 32% 59%

Осындай мамандармен маңызды участоктерді қаруландырудың нәтижесінде ауыл шаруашылығын басқару мен ұйымдастыру жұмыстары біркелкі жақсарған.

Советтердің жұмыс деңгейін көтеруге маңызды рөлді КОКП Орталық Комитетінің 1957 жылғы 22 қаңтардағы «Еңбекшілер депутаттары Советтерінің қызметін жақсарту және олардың бұқарамен байланысын күшейту туралы» қаулысы атқарды.Осының нәтижесінде Советтік органдардың жұмысында инициативалар мен жауапкершілік жоғарылады, шаруашылық және мәдени құрылыстағы міндеттерді шешуде олардың рөлі өсті, бұқарамен байланысы күшейді. Олардың сессиялары үнемі шақырылып, шаруашылық және мәдени-тұрмыстық маңызды мәселелері талқыланатын болды. Жергілікті Советтердің тұрақты комиссияларының қызметі едәуір жанданды. 1957 жылы облыста 440 тұрақты комиссия құрылып, олардың құрамына 2003 депутаттар енген. Ал 1961 жылы құрамы 3008 депутаттар мен 1300-дей активтерден тұратын 640 тұрақты комиссиялар ұйымдастырылған. Олар билік жүргізуші органдардың қызметіне бақылау жасаған, тексерулер жүргізген, Советтердің сессияларына қойылатын мәселені әзірлейді, Советтердің қабылдаған шешімдерін жүзеге асырады.

Жергілікті Советтер еңбекшілердің талаптары мен қажеттіліктерін біршама толық қанағаттандыру үшін көп жұмыс істеген. Ең алдымен, олар еңбекшілерді тұрғын үйлермен, мәдени-тұрмыстық орындармен қамтуға көңіл бөлді. 1958-59-шы жылдар аралығында еңбекшілерге 125 мың шаршыметр тұрғын үйлер пайдалануға берілген, 11 тұрмыстық қамту комбинатының құрылысы аяқталған. Ал 1964 жылы облыста 6400 орынды 36 мектеп, 1540 орынды 42 класс бөлмелері салынған, 8 оқу өндірістік мастерскойы пайдалануға берілген. Мұнан басқа 8 әкімшілік үйі мектепке берілген, ал мұғалімдерге 6 мың шаршы метр пәтер салынып берілген.

Халықты тұрмыстық және сауда жағынан қамту да біркелкі жақсарған Село халқын тұрмыстық қамту жоспары 1964 жылдың үстіндегі тоғыз айында 125,3% орындалған. 1963 жылмен салыстырғанда бұл жылы тұрмыстық қызмет көрсету мөлшері 237 мың сомға немесе екі есеге артқан. Ал саудамен қамту жұмысына келетін болсақ, 1964 жылы селолық жерлерде 1124 магазин, 27 дүкен, 105 автолавка, 66 асхана мен шайхана және 86 наубайхана жұмыс істеген. 1958 жылмен салыстырғанда 1963 жылы товар айналымының көлемі 39% артса, 1964 жылы 104,5 миллион сомға жеткен. 1964 жылдың тоғыз айы ішінде қоғамдық тамақ кәсіпорындарында товар айналымының жоспары 104,3%-ке және комиссиялық сауда – 110,3%-ке орындалған.

Жергілікті Советтер сонымен бірге денсаулық сақтау жұмыстарын өрге бастыруда да аз үлес қоспады. 1960 жылы ауруханалардағы төсек орын саны 2730 болған, әр 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігер саны 13,3-ке жетсе, төсек саны 72,4 құраған. Ал 1964 жылы 75 койкалық Жымпиты аудандық ауруханасы, 50 койкалық Қаратөбе ауруханасы, 15 койкалық 5 селолық ауруханасы, 33 фельдшерлік – акушерлік пункттер жұмыс істеген. Онда жоғары дәрежелі білімді 15 дәрігер, арнайы орта білімді 165 дәрігер қызмет еткен.

КОКП Орталық Комитетінің ақпан Пленумының қаулысына сәйкес кәсіподақтардың жұмыстарын қайта құру мен жақсарту бойынша бірнеше шаралар жүзеге асты. «Кеңестік кәсіподақтар туралы» жаңа ережеге сәйкес облыстағы кәсіподақтар іріленді, облыстық кәсіподақтар Кеңесінде шаруашылық салалар бойынша нұсқаушы топтар мен техникалық инспекциялар қалыптасты.

Қайта құрудан соң облыстағы кәсіподақтар құрылысында өз қатарына одақтың 74109 мүшесін, яғни барлық жұмысшылар мен қызметшілердің 87%-ін біріктірген 8 облыстық комитеттер кеңестері, райпрофсож, өзеншілердің топтық комитеттері, құрылыс комитеттері және 1030 бастауыш ұйымдар болып қайта құрылды.

Кәсіподақ ұйымдарының құрамындағы мүшелер саны да өсті. 940 бастауыш ұйымдарға біріктірілген 81169 мүшелері кәсіподақ ұйымдарының қатарында есептелген.

1960 жылдан бастап кәсіподақтар құзырына барлық шипажайлар мен демалыс үйлерін басқару берілді. Мысалы, 1960-61 жылдары кәсіподақ ұйымдары жолдамасы бойынша 7500 жұмысшылар мен қызметкерлер шипажайларда демалды және емделді, 8000 балалар өз демалыстарын пионер лагерлерінде өткізді.

Еңбекшілерді өндірісті басқару ісіне қатыстырудың маңызды түрі болған - өндірістік кеңестердің аясы кеңейе түсті. 1961 жылы 7 мың адамды қамтыған 135 кәсіпорындар мен совхоздарда тұрақты өндірістік кеңестер жұмыс істесе. 1964 жылы облыста өнеркәсіп орындарда, құрылыста, транспортта және ауылшаруашылығында 187 тұрақты өндірістік кеңестер жұмыс істеген. Тұрақты өндірістік кеңестерде жұмысшылар мен қызметкерлер өз ұсыныстары арқылы өндірісті басқаруға ат салысып отырды. Мысалы, 1964 жылдың бірінші жартысында тұрақты өндірістік кеңестердің үш жүзден астам мәжілістері өткізіліп, онда кәсіпорындардың жұмысын жақсартуға бағытталған 688 ұсыныс түсіріліп, 476 ұсыныс өндіріске енгізілген. Жеке тоқталып кетер болсақ, құрамында 90 адам болған, оның 68-і жұмысшылардан тұрған Орал ет-консерві комбинатындағы өндірістік кеңестің алты ай ішінде 4 мәжілісі өткізіліп, онда еңбекті нормалау және жұмысшыларға еңбек ақы төлеу, шығаратын темір-бетон бұйымдарының сапасы туралы және басқа өндірістік маңызы бар мәселелер талқыланған. Кеңесте 15 рационализаторлық ұсыныс қабылдап, оның 9-ын өндіріске енгізген. Сонымен бірге осы мезгіл ішінде мемлекеттік сауда жүйесіндегі 5 тұрақты өндірістік кеңестердің өткізген 23 мәжілісінде 82 ұсыныс қабылданып, оның 60-ы өндіріске енгізілген.

Дегенмен, кәсіподақ ұйымдарының жұмыстарында прогрессивтік бастамалармен қатар регрессивтік жақтары да болды. Мысалы, 1957 жылы өндіріспен байланысты 500 қайғылы оқиғалар тіркелген және он мыңдаған жұмысшылар күні босқа өткізілген, сырқаттанғандардың анықтама қағаздарына төленетін ақыға мемлекеттік қаржының миллион сомы жұмсалған, Ворошилов атындағы заводта, Землячка атындағы заводта және тағы басқа кәсіпорындарда еңбек қорғанысы мен техникалық қауіпсіздіктер дұрыс сақталмаған. Ал 1961 жылы мұндай келеңсіз жағдайлар көбінесе өндірістік кеңестерді қамтыған. Олар өндірістік маңызы бар мәселелерді сирек қарап, жұмыстарында басыбайлық әрекеттер жіберген. Нәтижесінде өндірістік кеңестерде ұсынылған рационализаторлық ұсыныстардың 20%-тейі өндіріске енгізілмей қалған.

Облыстық партия ұйымдарының келесі сенімді көмекшілері – комсомолдар болды. Олар облыстық партия ұйымдары алдында тұрған міндеттерді шешуге көмектесе отырып, шаруашылық, салаларын дамытуға өз үлестерін қосты. 1955 жылы өндірісте 17 мыңдай, мал шаруашылығында 1139 жігіттер мен қыздар еңбек етсе, 1957 жылы өнеркәсіп кәсіпорындарында 3000-нан жоғары комсомол жұмыс істеп, оның 2 мыңнан астамы өздерінің өндірістік жоспарларын асыра орындаған.

1961 жыл 36 мыңдық комсомол отрядының құрамындағы 21 мың комсомол өнеркәсіпте, құрылыста, транспортта және ауылшаруашылығында жұмыс істеген.

Комсомол комитеттері 660 жігіт пен қызды ауыл шаруашылық механизаторлар курсына, 1661 адамды тракторшылар курсына оқуға жіберсе, мектеп жанынан ашылған үйірмелерде 358 жоғары класс оқушылары механизаторлар мамандығын игерген. Нәтижесінде маңызды учаскілердегі техникалық мамандар саны да, сапасы да біркелкі жақсарған. Жалпы 1958 жылы облыста 149 комсомол-жастар фермалар, 605 комсомол-жастардың бақташы бригадалары жұмыс істесе, колхоздар мен совхоздарда 3800 комсомол-тракторшы, 922 комбайыншы еңбек еткен. Олар коммунистік еңбекшілер деген атаққа ие болу үшін жарыстарға кеңінен тартылып отырған.

Комсомолдар ұйымының жұмыстарында жетістіктермен қатар кемшіліктер де орын алған. Мысалы, 1953 жылдың 1-ші қаңтарынан 1955 жылдың желтоқсанына дейін комсомол-колхозшылар саны 1212 адамға қысқарған, облыстағы 19 совхозда мал шаруашылығында жұмыс істеген бірде-бір комсомол болмаған, ал 12 совхозда комсомол-сауыншы болмаған.

Облыстық комитеттің соңғы пленумында мал шаруашылығына 3000 комсомол мен жастарды жіберуді шешкенімен, бұл шешім тек қағаз жүзінде қалған. Ал 1957 жылы ішкіодақтық жұмыстар бос жіберілген. Комсомолдық жиналыстар уақытымен өткізілмеген, мүшелік жарналар дұрыс жиналмаған. Мысалы, Бөрлі ауданындағы Буденный атындағы колхозда, 40 лет Октября атындағы колхозда осы жылдың 8 айында тек бір жиналыстан өткізілген. Ленин атындағы, Киров атындағы колхоздарда және Пугачев атындағы совхозда 4-5 ай бойы мүшелік жарналар жиналмаған.

Жалпы ХХ съезд бағыты белгілеген лениндік норма өзін ақтай алмады, оның терең деформациясы өзінің негізін сақтап қалды. Ішкі партиялық демократияның тереңдей түсуіне мүмкіндік берген жағдайлар толық пайдаланылмады. Партиялық басшылықта субъективизм мен валюнтаризм басым түсті. Мұның нәтижесі қоғамдық дамудың объективті заңдылығының бұзылуына әкелді, саясат реалды жағдайдан тыс қалды. Ал ХХІІ съезде қабылданған КОКП Бағдарламасы негізсіз кең көлемді эксперимент қана еді. Бұл эксперимент те тарих беттері көрсеткендей күткен үмітті ақтай алмады.


* * *
60-80 жылдардың арасында бүкіл елімізде қоғамдық-саяси өмір кереғар, қайшылықты сипаттарымен ерекшеленеді. Ол алғашқыда қоғамда саяси және экономикалық жағынан ұйымдастыруды жетілдіруге бағытталған бағалы бастамалармен көрініп, ілезде-ақ реформалық дүрбелеңге ұласты. Кейіннен жүйесіздік, «жартыкеш жаңашыл» үрдістер өрістеп, социализм құрудың негізгі принциптері мен формалары көрер көзге бұрмаланды, 60-жылдардың аяғында «кемелденген социализм» тұжырымдамасының саяси және ғылыми айырмашылығы оның социалистік құрылыстың тым ұзаққа созылып кеткендігін мойындауы еді.

Осы тұрғыдан алғанда «коммунизмге қарай алып адыммен секіруден» бас тарта тұруға тура келді. Мұның өзі жағдайға байыпты баға берудің бір көрінісі болғандығы шүбәсіз. Тұжырымдамада 30-40 жылдары мерейі үстем болған «өтпелі кезеңнің проблемалары шешіліп бітті, социалистік мұраттар негізінен жүзеге асты» делінген пайымдама орын тепті. Осыған арқа сүйеп, социализмді жетілдіру жолдарын іздестірген әрекеттер ескірген түсініктер аясында қанат жайды. Жаңа қоғамның іркіліссіз, қайшылықсыз дамуы көріне-көзге шамадан тыс мадақталды, экономикалық-әлеуметтік зерттеулер зорайтылып көрсетілді, шындық боямаланып жеткізілді. Тоқыраушылықтың, төрешілдіктің асқыну себептері ашылмады, «жабулы қазан жабулы» күйінде қалды. Кереғар, қарама-қайшы үрдістерді (процестерді) талдауға, сынауға жол берілмеді. Мұндай жағдай теориядан алшақтап, басқару практикасына кері әсер етті.

Қабылданған шешімдер дамудың барлық қиындығын және қайшылығын жиі есепке алмады, жарым-жарты, шектеулі сипатта болды, ал дәл осы уақытта қоғамды, халық шаруашылығын басқару жүйесі мен тәртібі мұқтаж болып отырған актуалды және терең жаңартулар туралы пікірлер тіпті туындамады.

Облыстық партия комитеті ХХІІ съезд шешемдерін, 1964 жылғы қазан және келесі КОКП Орталық Комитетінің Пленумдарын басшылыққа ала отырып, партиялық ұйымдарды нығайтуға, шаруашылық және мәдени құрылыстағы саяси басшылықты ұйымдастырушылар ретінде олардың ролін көтеруге үнемі назар аударып отырған.

Қарастырылып отырылған кезеңде облыстық партия ұйымы біркелкі өскен және партиялық ұйымдардың ұйымдастырушылық құрылысы жақсарған. Мысалы, 1966 жылдың ақпан айында облыстық партия ұйымы 1449 адамға өскен және өз қатарына 23598 адамды біріктірген, оның 21846-сы партия мүшелері және 1752-сі КОКП мүшелігіне кандидаттар болған болса, 1968 жылдың қаңтарында облыстық партия ұйымы 1595 коммунистке өскен және өз қатарына 25190 коммунисті біріктірген, ал 1971 жылдың ақпанында облыстық партия ұйымы 2810 коммуниске өскен және өз қатарына 28003 адамды біріктірген. Ал облыстық партия ұйымының ұйымдастырушылық құрылысына келер болсақ, бастауыш партия ұйымдарында 1966 жылдың ақпанында 114 партиялық комитеттер, 279 партиялық бюро және бөлімшелерде, фермаларда, цехтарда және басқа өндірістік участкелерде 713 цехтық партиялық ұйымдар жұмыс істеген болса, 1968 жылдың қаңтарында 713 бастауыш ұйым есептелінген және маңызды өндірістік учаскелерде 730 цехтық партия ұйымы мен 503 партиялық топ қызмет еткен, ал 1971 жылдың ақпанында облыста 780 бастауыш партия ұйымы, 749 цехтық партия ұйымы және 559 партиялық топ шешуші өндірістік участкелерде қызмет еткен. Бұл жағдай шешуші барлық өндірістік участкелерде партиялық әсердің кең қанат жаюына мүмкіндік берді.

Облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттері бүкіл шаруашылық және мәдени өмірге партия басшылығын жақсартуға мейлінше жәрдемдесуі үшін олардың құрылымына ерекше назар аударды. Барлық буындарда кадрларды іріктеу мен орналастыруға мұқият қарауға зор маңыз берілген. Бұл жұмыстар қатал түрде лениндік принциптерге, КОКП уставына сәйкестендіріліп жүзеге асқан.

Облыстық қалалық және аудандық партия комитеттері партиялық жұмыстардың стилін, формасын, әдістерін үнемі жетілдірумен, ұйымдастырушылық және саяси жұмыстардағы партиялық комитеттердің ролі мен жауапкершілігін арттырумен және партия мен үкіметтің нұсқауларын орындауға жұмысшыларды жұмылдырумен жан-жақты шұғылдана отырып, партиялық басшылықты жақсартуда біркелкі жетістіктерге қол жеткізген. Партия ұйымының ағымындағы жұмыстарына басшылық жасайтын атқарушы орган – бюрода ауыл шаруашылығын, өнеркәсіп пен құрылысты басқару бойынша, ұйымдастырушылық-партиялық жұмыс, партиялық-мемлекеттік тәртіптілікті күшейту мен басшы жұмысшылардың жауапкершілігін көтеру мәселелері бойынша Чапаев, Жәнібек, Фурманов, Зеленов аудандық партия комитеттері және қалалық партия комитеті 1966 жылы 1965-ші жыл үшін есеп берген. Берілген есептерге қарағанда, партияның Орталық Комитетінің шешімдерін орындауға коллективтерді жұмылдыруда Зеленов ауданының «Пермь» совхозындағы бастауыш партия ұйымының жүргізген үлкен ұйымдастырушылық және саяси жұмыстары назар аудартады. Мұнда партиялық комитет коммунистерді шешуші өндірістік участкелерде дұрыс орналастырып, еңбекке жұмылдыра алған. Атап айтсақ, партияның 126 мүшесі мен кандидаттарының – 109-ы шешуші участкелерде – трактористер, комбайнерлер, шоферлер, малшылар болып еңбек еткен және олардың көпшілігі еңбекке деген үлгілі қатынасымен көзге түскен.

КОКП Орталық Комитетінің қазан және қараша Пленумдарының талаптарын орындауда Фурманов аудандық партия комитетінің жұмыстарындағы жетістіктері де назар аударарлық.

Ал Бөрлі аудандық партия комитеті, керісінше, жұмыстарын жүргізу стилі мен әдістеріндегі елеулі кемшіліктерінен көп зиян шеккен. Аудандық партия комитеті бастауыш партия ұйымдарының және шаруашылықты басқарушылардың ролі мен жауапкершілігін көтеруде аз жұмыстанған, дұрыс басшылық жүргізбеген. Нәтижесінде колхоздар мен совхоздардағы көптеген партиялық ұйымдар коллективтерде ұйымдастырушылық және тәрбиелік жұмыстарды әлсіз жүргізген, өндіріске қажетті партиялық көңіл бөлінбеген, көптеген коммунистер қосалқы участкелерде қызмет еткен, соның кесірінен олар өндірісте авангардтық рөлге ие болмай, партиялық әсер әлсіреген. Сонымен бірге басшылықтың ескі әдістерінің бой алуынан басыбайлық, өз бетімен кетушілік, жазалау әдістері жайлаған. Мысалы, бір жыл ішінде, яғни 1965 жылдың өзінде ауданда – 88 коммунист партиялық жазалауға ұшыраған, оның 17-сі партиядан қуылған.

Лениндік партияның негізі, оның шешімдерін, саяси бағыттарын тікелей жүзеге асырушылар – бастауыш партия ұйымдары облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің жан-жақты қолдауымен жауынгерлік қабілеттерін арттырып, бұқарамен байланысын күшейту арқылы өндірістік, мәдени-тұрмыстық салаларда көп жетістіктерге қол жеткізген. Бұл жетістіктер бастауыш партия ұйымының партияның ХХІІІ-ші, ХХІҮ-ші, ХХҮ-ші, ХХҮІ-шы съезд талаптарын орындау барысындағы жұмыстарының жемісінде көрінеді.

Партияның ХХІҮ-ші съезі белгіленген экономикалық және әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыру жолындағы күресте бастауыш партия ұйымдарының авангардтық рөлі артқан. Бұл жөнінде «Правда» газеті атындағы совхозында бастауыш партия ұйымының 1971 жылы атқарған бірсыпыра игі істерін атауға болады.

Совхоз коллективі мемлекетке астық тапсырудың бесжылдық жоспарын төртжылда атқарып, одан үкіметке таза 7,2 миллион сом ақша пайда түсірген. Еңбек өнімділігі 28%-ке өскен. Осындай бастамаларымен Орал қалалық партия ұйымдары көзге түседі. Қала партия ұйымында 8,9 мыңға жуық коммунист болған, олардың 252-сі бастауыш партия ұйымдарының есебінде тұрған. Бастауыш партия ұйымдарының құрылымын жетілдіру, коммунистерді дұрыс орналастыру мәселелерін шешуде қалалық партия комитеті көп жұмыс жүргізген. Нәтижесінде 105 цехтық партия ұйымдары және 50-ден астам партия топтары құрылып, қала коммунистерінің 60%-ке жуығы материалдық игілікті өндірісте жұмыс істеген. Қаладағы Ворошилов атындағы машина жасау заводының, локомотив депосының, ет-консерві комбинатының, Ленин орденді Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы заводтың «Уральскпромстрой» тресінің және басқа да бірқатар кәсіпорындардың бастауыш партия ұйымдары коммунистерді, бүкіл коллективті өндірістің ішкі резервтерін ашуға және оны пайдалануды жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыруға жұмылдыра алған.

Цехтық ұйымдар мен партиялық топтардан тұратын кең жүйелі бастауыш партия ұйымдары өндірістік участкелерінде де жауапты қызметтер атқарған. Әсіресе, цехтық партия ұйымдары өнеркәсіп және ауыл шаруашылық өндірісінің негізгі участоктеріне партиялық ықпалды күшейтіп, коллективті еңбекке жұмылдыруға көп еңбек сіңірген. Нақты тоқталар болсақ, 1965 жылы облыстық партия ұйымдарында, өндіріс участкелерінде – цехтарда, бөлімшелерде, фермаларда, мастерскойларда т.б. жерлерде 713 цехтық бастауыш партия ұйымдары құрылған, оның ішінде 656-сы бастауыш партия ұйымдарының правосын толық пайдалана алған. Олар көптеген маңызды учаскелерді қамти отырып, өндірістің барлық тетіктерінде тікелей партиялық басшылықты жақсартқан.

Сонымен бірге цехтық партия жүйесі коллективке жүктелген міндеттемелерді жүзеге асыруда шын мәнісіндегі ұйытқы болған. Бұл жөнінде Фурманов ауданының «Жұлдыз» совхозының бірінші фермасының партия ұйымының жұмысы өнеге боларлықтай. Секретары Г.Нұрмақов жолдастың басшылығымен партия ұйымы адамдар арасындағы ұйымдастыру және бұқаралық саяси жұмыстарының сан алуан түрлері мен әдістерін қолдана отырып, коллективті мал шаруашылығын өрге бастыруға жұмылдырып отырған. Мұнда коммунистер жаңа, игі істердің бастаушылары болған. Мысалы, коммунистер С.Ерешев, Б.Әбишев, И.Досқалиев, М.Сәрсенбаев әр жүз саулықтан 118-128 қозы алып, әр қойдан 2,5-3,9 килограмм жүн қырыққан.

«Фурманов» совхозының 4-ші бөлімшесінің партия ұйымы да біркелкі тәуір жұмыс істеп келген. Мұнда март Пленумының шешімдеріне байланысты мәселелерге назар аударып, оны орындауда бірсыпыра игі істерді жүзеге асырған. Жұмыстар барысында коммунистер өнеге істермен көрінген. 12 коммунистің 9-ы мал шаруашылығында еңбек етіп, жақсы көрсеткіштерге ие болған. Бөлімше бойынша әрбір жүз аналықтан 99 бұзау, 107 қозы алып отырған. Оларға мал шаруашылығындағы жақсы көрсеткіштер көрсеткені үшін ауыспалы Қызыл ту тапсырылған.

Дегенмен, бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарында әлі де болса кемшіліктер орын алып отырған. Кейбір бастауыш партия ұйымдары өндірістің резервін толықтай пайдалану үшін күнделікті және мақсатқа бағытталған жұмыстар жүргізбеген, партиялық және мемлекеттік тәртіптілікті нығайтумен, әрбір коммунистің тапсырылған тапсырманы орындауға деген жауапкершілігін қадағалаумен айналыспаған. Мысалы, Приурал ауданының Панфилов атындағы колхозының (секретары жолдас Старцев П.М.) партия ұйымының цехтық партия ұйымдарының жұмысына әсері әлсіз болған, көптеген коммунистер партиялық тәртіптілікті бұзған, қоғамдық ұйымдардың жұмысы бетімен кеткен. Нәтижесінде колхоз мемлекетке ет және сүт сатудың бесжылдық жоспарын орындамаған. Мұнда әр жүз сиырдан бұзау алу көрсеткіші төмен болған. Атап айтсақ, 1968 жылы – 70 бас, 1969 жылы – 62 бас, 1970 жылы – 61 бас болған, яғни малдың түсімі байқалған. Бұл шаруашылықты дұрыс ұйымдастыра алмаудың көрінісі.

Сонымен бірге өндіріске жете ықпал жасай алмау, адамдар арасындағы саяси-тәрбие жұмыстарын жеткіліксіз жүргізу секілді олқылықтар 1967 жылы «Талдықұдық» совхозының партия комитетінің қызметінде, «Еңбек» совхозының №3 бөлімшесі, «Ілбішін» совхозының жөндеу мастерскойы, «Восход» совхозының орталығындағы цехтық партия ұйымдарының жұмыстарында көрінген. Бұл мәліметтер бізге партияның негізі-бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарының қаншалықты іскерлік және инициативті сипатта болғандығын көрсетеді.

Облыстық партия ұйымдары саяси оқудың жаңа жүйесін енгізу барысында коммунистер мен партияда жоқ активтердің даярлықтарын ескере отырып, марксизм-ленинизмді неғұрлым терең оқып-үйренуді жолға қоюға жәрдемдесті. Нәтижесінде, 1965 жылы облыста 586 бастауыш саяси мектептері, 241 орта буындық марксизм-ленинизм мектептері жұмыс істеген. 170 теориялық семинарларда және басқа партиялық оқыту формаларында 25 мың адам оқыған, оның 19 мыңы коммунистер болған. 1967 жылы облыста 297 бастауыш саяси мектептер, 559 марксизм-ленинизм негіздері мектептері жұмыс істеген. Саяси білім берудің ең жоғарғы сатысы – 1 кешкі марксизм-ленинизм университеті, 248 теориялық семинарларда, жалпы саяси оқыту жүйесінде 26 мың адам оқыған, оның 20 мыңы коммунистер болған. Ал 1970 жылы 17 мыңдай жігіттер мен қыздар марксизм-ленинизм теориясын меңгерсе, 35 мың адам халық университеттерінде, дәрістерде, мектептерде марксизм-ленинизм ілімін меңгерген.

Қарастырылып отырылған кезеңде КОКП Орталық Комитетінің 1967 жылғы 8 марттағы «Еңбекшілер депутаттары селолық және поселкілік Советтерінің жұмысын жақсарту туралы» қаулысынан кейін Советтердің шаруашылық және мәдени құрылыс саласындағы бұқараны ұйымдастырушылық рөлі артты. Ең алдымен советтердің сессияларын ұйымдастыру жұмыстарын біркелкі жақсартты.

Қарастырылып отырылған кезеңде Советтердің сессиялар мен атқару комитеттерінің мәжілістерін мерзімді өткізуге басты назарын аударуының арқасында бірсыпыра кемшіліктерді жоюға қол жеткізген. Бұны жылма-жылғы көрсеткіштерден көруге болады. Мысалы, 1966 жылы 7 селолық Совет сессияларын мерзімін өткізбеген болса, 1967 жылы Камень ауданының 2 селолық Советінде сессия уақтылы өткізілмеген.

Жергілікті Советтер сессияларында тәжірибе бөлісу арқылы сессияларды әзірлеу мен өткізу әдістерін жетілдіруге тиімді деп тапқан әдіс-тәсілдерін практикаға енгізу кең етек алған. Мұндай игі бастамаларды Чапаев, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарының Советтері өз сессияларында жүзеге асырған. Бұл жүргізілген жұмыстардың маңызы зор. Себебі Совет сессияларында өмір тудырған барлық маңызды мәселелер талқыланып, күрделі шешімдер қабылданды.

Социалистік міндеттемелерді орындауда жоғары көрсеткіштерді Жымпиты, Шыңғырлау аудандары көрсеткен. Аудандар өздерінің ресурстары мен мүмкіншіліктерін пайдаланып, міндеттемелерден тыс 1 монша, 4 магазин, 1 асхана, 4 клуб, 3 кітапхана, 5 мектеп және жалпы көлемі 108 шаршы метр тұрғын үйлер салған. Мәдени-тұрмыстық мекемелермен қатар бұл аудандар осы жылы 12141 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп, 420 пәтерді радиоландырған, 290 үйге көгілдір от жандырып, 7 елді пунктті электірлендірген.

Жергілікті Совет еңбекшілердің әл-ауқатын көтеруге көп көңіл бөлді. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау мәселелерін Совет өз қамқорлығына алды. 1965 жылы облыста 14 аудандық, 45 учаскелік аурухана, 4 туберкулез диспансері және 252 медициналық пункт жұмыс істеген. Бұл медициналық пункттер халыққа қызмет етіп, медицина саласын дамытуға азды-көпті өз үлестерін қосқан.

Көптеген селолық Советтер мал қыстатуға әзірлік және оны өткізу мәселесіне ерекше назар аударған. Селолық Советтер отарларды, табындарды қыстақтарға орналастыру, оларды кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін партия ұйымымен, шаруашылық басшыларымен бірлесе отырып шешу арқылы көп игі істерді жүзеге асырған. Мәселен, 1967 жылы Шыңғырлау ауданындағы «Полтава» совхозының аға малшысы, селолық Советтің депутаты коммунист Төлеуіш Бектұрғанқызы қажырлы еңбегінің нәтижесінде бір жылда 97 сиырдан 107 бұзау алып өсіруге жетіскен. Болмаса «Шежін» совхозы №4 фермасының меңгерушісі селолық Советтің депутаты К.Төрегелдиевтің жетістіктерін атауға болады. Ол басқарған коллектив малды қыстық жем-шөппен қамтамасыз етуде бар мүмкіншілікті пайдалана отырып, өз күштерімен 8235 центнер пішен, 3760 центнер жем дайындаған. Осының арқасында коллектив қыстан малды аман-есен алып шыққан. Ал осындай маусымдық жұмыстар кезінде 1980 жылы Тайпақ ауданында мал өнімділігі мен сапасын қадағалайтын 18 депутаттық топ құрылып, осы бағытта көптеген жұмыстарды жүзеге асырған.

Жергілікті Советтердің негізгі бұқаралық ұйымы болған тұрақты комиссиялар мәдени-ағарту, денсаулық сақтау мекемелерінің, сауда орындарының шаруашылық қызметтерін тексеріп, зерттей отырып, жіберілген кемшіліктерді түзетуге өз ұсыныстарын ұсыну арқылы Советтердің жұмыстарына оң ықпал жасап отырған. Мұндай игі істер әсіресе 1967 жылы байқалған. Облыста аудандық, селолық Советтің 48 тұрақты комиссиялары қажырлы еңбек еткен. Олар Советтердің тапсырысы бойынша жергілікті орындарда болып, шаруашылық мекемелер мен ұйымдардың қызметімен танысып, тексеру, бақылау жұмыс қорытындыларын Совет пен оның атқару комитеттеріне жолдап, кемшіліктерді түзету жөніндегі өздерінің ұсыныстарын түсіріп отырған. Осындай жұмыстарымен Приурал ауданындағы Январцев, Краснов, Красносвет, Жданов, Красноармейск селолық Советтерінің тұрақты комиссиялары көзге түседі.

Нақты тоқталар болсақ, Красноармейск селолық Советтің ауыл шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясы (председателі депутат Каренский С.И.) қарауындағы колхоз экономикасына терең үңіліп, шаруашылықтың басты мәселелерін Совет сессиясы мен атқару комитет мәжілісінде талқылауға ұсыныстар түсіріп тұрған. Осы комиссияның ұсынысымен және әзірлеуімен атқару комитет мәжілісінде машина-трактор паркінің көктемгі егіске, №1 фермасының төл алуға әзірлігі, қой қырқуға әзірлік, жемшөп дайындау жайлы мәселелер талқыланып, бұл саладағы орын алған кемшіліктерді түзетуге бағытталған нақты шаралар алынған.

Ауыл-селоны көркейту және сауда жөніндегі тұрақты комиссия (пердседателі депутат П.И.Липатова) магазин комиссияларымен бірлесіп товарлардың әкелінуі мен тұтынушыларға сатылуын, магазиндердің қысқа әзірлігін тексерген. Красноармейск кітапханасының жұмысымен танысып, оны атқару комитетте тыңдауға ұсыныс түсірген.

Сондай-ақ осы Советтің депутаты П.А.Кузнецов басқарған мәдениет, тұрмыстық қамту жөніндегі тұрақты комиссияның жұмысы да айтарлықтай болған. Комиссияның бақылау жүргізу, сессияға мәселе әзірлеу, бұқарамен байланыс жасау жұмыстарын былай қойғанда, оның ұсынысы бойынша Красноармейскіде село жұртшылығына арналып стадион салынған.

Дегенмен, жергілікті Советтердің ұйымдастырушылық жұмыстарында кемшіліктер кезігіп отырды. Атап айтсақ, 1965 жылы халыққа медициналық жәрдем көрсету дұрыс жолға қойылмаған. Мәселен, әйелдердің босанатын үйлерінің жағдайы өте-мөте нашар болған. Біріншіден, олардың саны өте аз, екіншіден, жағдайы мүлде төзгісіз болған. Мұндай кемшіліктер, әсіресе, Тайпақ, Казталовка, Жымпиты аударында белең алған. Тайпақ ауданының «Орал», «Өлеңті», «Құрайлысай» учаскелік ауруханаларының жағдайы да мәз болмаған. Санитарлық тазалық онда төменгі жағдайда жүргізілген, туберкулезге қарсы күрес тіпті мүлдем жүргізілмеген. Облыста дәрігерлер жетіспеген. Үш жылдың өзінде жағдай болмағанның әсерінен облыстан басқа облысқа жүзге жуық дәрігерлер кетіп қалған.

Мал қыстау мәселелерін шешуде де Советтер кемшіліктерге жол берген. Нақты тоқталсақ, Фурманов ауданының «Бірлік», «Ақкөл», Чапаев ауданының «Алғабас», Жәнібек ауданының Мәншүк Маметова атындағы совхозында 1967 жылы малшылар үйінің жөнделмеуі, жылы киімдер мен көпшілік қолды товарлармен малшылардың толық қамтамасыз етілмеуі секілді кемшіліктер бел алған.

Тұрақты комиссиялар жұмыстарында біркелкі олқылықтар байқалған. Балабанов, Трекин, Дарьинск селолық Советтерінің тұрақты комиссияларының жұмыстары 1967 жылы қанағаттанғысыз болған. Оларда еңбекшілер арасындағы ұйымдастырушылық-бұқаралық жұмыстар пәрменді жүргізілмеген, қаулы-қарарлардың орындалуына бақылау жасалынбаған.

Облыстың кәсіподақ комитеттері мен бастауыш ұйымдары КОКП Орталық Комитетінің «Социалистік жарысты ұйымдастыруды одан әрі жақсарту туралы» қаулысын басшылыққа ала отырып, еңбекшілердің ауыл шаруашылығындағы творчестволық белсенділігін дамытуда да социалистік жарыстарды кең қолданған, жарыстың нәтижелігін арттыруға ықпалын күшейткен. Атап айтсақ ауыл шаруашылығында жұмыс істеген жұмысшылар мен қызметшілердің 93%-ті жарысқа қосылған. 95 шаруашылық, 137 бөлімше және 450-ден астам бригада, 7 совхоз бен колхоз егіншілік мәдениеті жоғары коллектив деген атақ алған. 200-ге жуық адамға таңдаулы механизатор, сауыншы, шопан атағы, 1680 малшыға мал шаруашылығының шебері деген атақ берілген. Олардың жетістіктері кеңінен таратылып отырылған. Мысалы, Бөрлі ауданындағы «Миргород» совхозы малшыларының, Шыңғырлау ауданындағы «Ащысай» совхозынан әр жүз саулықтан 150 қозы алып, шығынсыз өсірген аға шопан Т.Нұрғалиевтың, «Ульянов» совхозының №10 бригадасының кәсіподақ тобының, «Пермь» совхозындағы Құрмашев жолдас басқаратын бригаданың және Ленин орденді, Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы жөндеу заводы коллективінің социалистік жарысты ұйымдастыру жөніндегі тәжірибе зерттеліп, таратылған.

Кәсіподақ ұйымдарының шаруашылық және мәдени – тұрмыстық салаларды ұйымдастыруда, басшылық жасауда, қоғамға пайда тигізуде жасаған бұқаралық – ұйымдастырушылық игі істерімен қатар кемшілік жақтары да болған. 1965 жылы жекелеген кәсіподақтар ұйымдары шаруашылықта көрінген бюрократизммен тиісті күрес жүргізбеген, тіпті олардың кейбіреулерінің өздері осы жолға түскен. Мысалы, «Шежін» совхозының жұмысшылар комитетіне түскен 106 арыздың бірде-біреуі қаралмаған болса, Қазақ ССР 40 жылдығы атындағы совхозда – 35, «Степной» совхозында – 15, Краснагор совхозының жұмысшылар комитетінде алты ай бойы тіпті бірде-бір арыз шешімін таппаған.

Кәсіподақтар еңбекті ұйымдастыруда елеулі кемшіліктер жіберген, жұмыс уақытын дұрыс, өнімді пайдаланбаған. Мысалы, мех комбинатында 1965 жылдың он айында 11828 адам сағат пайдаланылмай, босқа өткен.

Ауыл шаруашылығында техниканы пайдалану мен жөндеуді ұйымдастыруда да кәсіподақтардың жұмыстарында кейбір олқылықтар байқалған. Мысалы, 1971 жылы Қаратөбе мен Казталовка аудандарының көптеген шаруашылықтарының 15 атты күші бар трактордың күнделікті атқарған жұмысы мәз болмаған. Онымен атқарған жұмысты күніне жұмсақ жерге есептегенде бір гектардан аспаған, оның өзіндік құны болса, небәрлығы – 5-6 сомнан аспаған. Облыста осы жылы мал қыстатуға әзірліксіз кіріскен шаруашылықтар да жоқ болмаған. Мысалы, «Краснояр», «Котельников», «Мәштексай», «Жаңаталап», «Жаңақала», «Ұзынкөл», Т.Жароков атындағы совхоздар қоғамдық малды жем шөппен толық қамтамасыз етпеген.

Партия съездерінің шешімдерін және КОКП Орталық Комитетінің нұсқауларын басшылыққа алып, облыс партия ұйымдары облыс комсомолының жауынгерлік қабілетін одан әрі арттыруға күш салған, оның қатарындағы партиялық ұйытқыны нығайтуға зор көңіл бөлген. Егер 1968 жылдың 28-ші ақпанында облыстық БЛКЖО-ның 700 мүшесі коммунистер қатарына қосылса, 1970 жылы КОКП мүшелігіне 767 БЛКЖО мүшелері ұсынылып, оның 617-сі коммунистер қатарына қосылған. Облыстық комсомолдар қатарына келетін болсақ, олардың қатары біркелкі өскен, сапасы жақсарған. Егер облыс комсомол ұйымдарының қатарында 43 мың жас жігіттер мен қыздар болған болса, 1970 жылы оның қатарында 54647 жас жігіттер мен қыздар есептелінген. Комсомол ұйымдарының жас белсенділері партиялық оқуға кеңінен тартылған. 1965 жылы 20 мыңға жуық жас комсомолшылар оқуға тартылған болса, 1967 жылы облыста құрылған және жұмыс істеген 500-ден астам үйірмелерде, семинарларда және саяси клубтарда 20 мыңнан астам жігіт пен қыз оқыған.

1970 жылы жастарды техникалық творчестволыққа тарту жақсы жолға қойылған. ВОИР мен НТО ұйымдарымен біріге отырып комсомол ұйымдары жастардың техникалық творчествосын көтеруде көп еңбек еткен. Нәтижесінде облыста жас рационализаторлар 1272 өнертапқыштық ұсыныстар өңдеген, оның 380-і ауыл шаруашылығына қатысты болған. Бұл өнертапқыштық ұсыныстар өндірістің, ауыл шаруашылығының жұмысын ұтымды етіп ұйымдастыруда маңызды рөл атқарған. Мұндай игі істер нәтижесін Ленин орденді Октябрь революциясының 50-жылдығы атындағы жөндеу заводынан көруге болады. Заводта әрбір алтыншы дерлік жас өндірісші рационализатор болған. Мұнда жаңа техникалық жаңалықты енгізу бойынша 11 творчестволық бригада жұмыс істеген.

Осы жылы Клара Цеткин атындағы фабриканың комсомолдары мен жастары еңбек өнімділігін 45%-ке көтеруге мүмкіндік берген кешенді-механизацияланған техникалық жетістіктерді игеру мен енгізуде өздерінің үлесін қосқан. Мұндай жағдайдан экономикалық эффект 46 мың сомды құраған.

Социалистік жарысты өрістетуде де комсомол-жастар белсене ат салысқан. 1980 жылы облыста 720-дан астам комсомол-жастар бригадасы коммунистік еңбек бригадасы деген атақты жеңіп алған. Сонымен қатар жастар социалистік жарыстардың нәтижесінде даңқты атақтардың иегерлері атанған. Мысалы, Қаратөбе ауданындағы «Егіндікөл» совхозының механизаторы Дина Баубековаға, Орал арматура заводының токары Иван Каллинге және «Шілік» совхозының механизаторы Александр Шурихинге Ленин комсомолы сыйлығының лауреаттары деген атақ берілген.

Комсомол ұйымдары мал шаруашылығын қамқорлыққа алуға аса назар аударған, әсіресе 1969-70 жылдарды атап өткен жөн. Осы екі жылдың ішінде облыста комсомолдық жолдамамен 18000 жігіттер мен қыздар мал шаруашылығында еңбек етуге жіберілген. Бұл жұмыс Жәнібек ауданында жақсы жолға қойылған. Мұнда 1970 жылдың өзінде 75 комсомол мал шаруашылығының участкесіне жіберілген. Оның ішінде 7 қыз-қойшылар «Қой бағудың озық әдістері бойынша» жүргізілген облыстық жарыстың жүлдегерлері болған. Сонымен бірге осы жылы Қарасу орта мектебінің түлектері «Жұлдыз» совхозында комсомол-жастардың механизацияланған шопан бригадасын құрған.

Жалпы қарастырылған кезеңде қоғамды басқарудың жетекші күші болған облыстық партия комитетінің ішкі өмірі үшін валюнтаристік тенденция мен қателіктерді жеңу курсын ұстанған КОКП Орталық Комитетінің 1964 жылғы қазан Пленумының маңызы зор болды. Коммунистік қоғам құрылысына басшылықтың дәрежесін арттыруға, партия және шаруашылық құрылысындағы басшылықтың кемшіліктерін шапшаң жоюға, барлық партия ұйымдарының авангардтық ролі мен жауынгерлік қабілетін күшейтуге бағытталған бірсыпыра игі жұмыстар жүзеге асты. Тиянақсыз болса да өмірде шаруашылық реформа, жаңа аудандарды игеруге, өндірістік күшті дамытуға байланысты ірі жоспарлар жүргізілді. Бірақ сонымен бір мезгілде қозғалыс шапшаңдығынан және өсіңкілігінен айырыла бастады. Қоғамда, экономикада қиыншылықтар мен шешілмеген проблемалар жинақтала түсті.
* * *

80-жылдардың ортасында КСРО құрамындағы барлық республикалар іс жүзінде дағдарысты жағдайдың алдында тұрды. Қиыншылықтар, келеңсіз жайлар, іркілістер, жат құбылыстар жаппай өріс алып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер шешімін таппады.

Партиялық басшылық, оның орталықтағы және жергілікті жердегі аппараттары дұрыс жұмыс стилінен жаңылып, бар мүмкіндігін сарқыды. Саяси-ұйымдық құрылым ескіріп, экономикалық формалар тозығы жеткен әдістердің кесірінен жаңармай, сірескен күй кешті. М.С.Горбачевтің басшылығымен партия совет қоғамын «түзеуді қолға алды, алайда ол түзеу емес, күзеу» болып шықты. Ғылыми-техникалық серпінділікті жеделдету арқылы жүргізу белгіленді. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзінше бір жаңа «әмбебап» тұжырымдамасы болды да шықты. Жаңа бағыт 1986 жылғы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында өткен КОКП ХХҮІІІ съезінің құжаттарынан көрініс тапты.

Жеделдету серпілісі республиканың басқа жерлеріндегідей Батыс Қазақстан облысында да табыстары мен кемшіліктері кезектескен, проблемалары шиеленіскен жолмен баяу ілгері басты. Қоғамды жаңарту, демократияландыру, жариялылық негізінде құру саяси жүйені облыстық партия ұйымдарының ішкі өмірін қайта құрудан басталды. Қарастырылып отырған кезеңде облыстық партия комитетінің қызметінде партия, совет, кәсіподақ, комсомол ұйымдарымен, қоғамдық-бұқаралық ұйымдар өкілдерімен жұмыс тәсілін жетілдіру, жариялылықты басшылыққа алу, қоғамды демократияландыруды жүзеге асыру көзделді.

КОКП Орталық Комитетінің Ташкент облысы партия ұйымдарына қатысты қабылдаған қаулысындағы талаптарды орындауды қараған облыстық партия комитетінің ХІІ пленумының шешімдері біршама көкейге қонымды болды. Онда демократиялылық пен жариялылыққа сүйенген әдіс арқылы партия қатарына кісі қабылдау, әсіресе КОКП қатарын еңбекшілердің қалың бұқарасы-жұмысшылармен, колхозшы шаруалармен, зиялы қауым өкілдерімен толықтыруға айрықша назар аударылды. Мұнда қаламен село тұрғындары арасындағы дәрігерлерді, мұғалімдерді, халықшаруашылығы мамандарын көптеп тарту керектігі атап көрсетілді.

Партиялық басшылықтың қайта құрылуы, оның экономикалық және әлеуметтік процестерге саяси әсер ету әдістерінің жетілдірілуі ұйымдастырушылық кезеңдегі облыстық партия комитетінің қызметіндегі маңызды бетбұрыс болды. Облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің номенклатурасы сандық және сапалық жақсы көрсеткіштерге ие болған. Мысалы, 1985-1986 жылдары облыстық комитеттің номенклатурасында жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар жұмысшылар 3%-ке, сонымен бірге әйелдер саны 2,4%-ке өскен болса, 1987-88 жылдары қалалық, аудандық партия ұйымдарының басшылығына болашағы бар жас жұмысшылар келген. Екі жыл ішінде қалалық партия комитетінің секретарларының 40%-ті, аудандық партия комитеттері секретарларының 56%-ті орташа есеппен 39 жасты құраған жас мамандармен ауыстырылған, партия басшылығы жас та жалынды күшпен нығайтылған. Ал 1990 жылы практикада басшылықты сайлау формасы кеңінен таралған. Бұл жылы аудандық партия комитетіне 2 секретар, аудандық атқарушы комитетке және облыстық атқарушы комитетке 3 председатель осындай жолмен келген.

Дегенмен, партия басшылығының адамдарды партия қатарына қабылдау, ұйымдастырушылық-саяси жұмыстарды жүргізу әдіс-тәсілдерінде кемшілікті жақтары да байқалған. 1985 жылы кейбір жекелеген комитеттер КОКП қатарына іріктеу және қабылдау мәселелерінде қателіктер жіберіп отырған, еңбекшілердің маңызды мамандықтарының арасында партиялық әсердің кең таралуына мақсатты бағытталған жұмыстар жүргізілмеген. Мысалы, Бөрлі ауданының – 29, Теректі ауданының – 25, Приурал ауданының – 11 мал шаруашылық фермаларында КОКП мүшелері тіпті 3-ке де жетпеген жағдай болған. Облыста сауыншылар, бұзаушылар, малшылар арасында партиялықтар аз болған. Ал 1987 жылы материалдық қызметте жүрген КОКП мүшелері Чапаев аудандық партия ұйымында – 2,7%-ке, Шыңғырлау аудандық партия ұйымында – 2,4%-ке, Казталовка аудандық партия ұйымында – 1,4%-ке, жалпы облыс бойынша – 1,4%-ке азайған.

Облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің номенклатурасында беделсіз, өзіне қойылған міндеттемелерді орындай алмайды деген, тағы басқа толып жатқан себептермен басшыларды қызметтен босату әрекеттері аз байқалмаған. Мысалы, 1985 жылы облыстық партия комитетінің номенклатурасында 53, қалалық және аудандық партия комитеттерінде 31 басшы өз қызметінен босатылса, 1989 жылы өз беделін түсірген деп тапқан 12 басшы қызметтен кеткен. Оның ішінде облыстық партия комитеті бюросының 2 мүшесі – облыстық атқару комитетінің председателі Н.В.Рогожников және оның бірінші орынбасары В.В.Полюхов болған. Мұндай келеңсіз жағдайлар партиялық басшылықтың жіберген кемшіліктерін жекелеген тұлғалардан іздестірудің нәтижесі еді.

90-жылдары облыста әлеуметтік-экономикалық дамытудағы басшылықтың саяси әдіс-тәсілдері бірсыпыра жетілген, басшылықтың ұйымдастырушылық құрылымын қайта құру аяқталған. Атап айтсақ, облыстық деңгейдегі 17 өндірістік бөлімшелер, 2 қалалық деңгейдегі және 1 аудандық деңгейдегі өндірістік бөлімшелер таратылған. Олардың орнына өнеркәсіпте, құрылыста, транспортта, әлеуметтік қамсыздандыруда бірнеше жаңа формалы өндірістік бірлестіктер құрылған.

Шаруашылықты жүргізудің жаңа формалары мен әдіс-тәсілдері экономикадағы біріншілік маңызы бар тиімді жекелеген бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берген: «Иентенсификация-90», «Азық-түліктік», сонымен бірге 1986-90 жылдарға арналған шағын бағдарламалар, «Жилье-91», халықтық шаруашылық тұтыныс тауарларды шығару мен ақшаға қызмет көрсету бойынша шағын бағдарламалар, «Здоровье», «Норма-Белок» және тағы басқалары.

КОКП ХХҮІІ съезінің материалдарынан лекция оқып, бастауыш «Білім» қоғамы ұйымына көмек көрсетуге инициатива көтерген Орал педагогика институтының оқытушылары бұл бағытта белсенділік танытқан. Жоғарғы оқу орнының профессор-оқытушылары – ғылым докторлары Р.Абузяров, С.Сатыбалдин, М.Тілеужанов, ғылым кандидаттары – Т.Рысбеков, З.Аманғалиев және басқа да оқытушылар облыстың селолық аудандарында болып, еңбекшілер арасында лекциялар оқыған.

Лекциялық насихат Теректі, Чапаев, Жаңақала және Фурманов ауданында да кең көлемде жүргізілген. Облыста съезден кейін өткен бірыңғай саяси күндердің беделі де одан әрі жақсара түскен. Оған партия, совет, шаруашылық органдарының қызметкерлерімен қатар «Білім» қоғамы ұйымының мүшелері де белсенділікпен қатысып жүрген.

Облыстық Советтердің жұмыстарын жақсартуға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «КОКП Орталық Комитетінің 1984 жылғы апрель Пленумының шешімдеріне сәйкес халық депутаттары Советтерінің қызметтеріне басшылықты әрі қарай жетілдіру бойынша Орал облыстық партия комитетінің жұмыстары туралы» қаулысы септігін тигізген. Нәтижесінде қатарына 7 мың халықтық депутаттарды біріктірген жергілікті Советтер әр түрлі шаруашылық және мәдени құрылыстың мәселелерін шешуде белсенділік танытқан.

1985 жылы өткен жергілікті Советтердің сайлауында аудандық Советке – 75, селолық Советке – 235 депутат сайланған болса, ХІХ сайланған Қазақ ССР Жергілікті Советтерінің сайлауы кезінде облыс бойынша 6975 депутат сайланған. Оларға халық өздерінің тілектері мен ұсыныстарын білдіре отырып, өндірісті жеделдете дамыту, мәдениет пен құрылысты ілгері бастырту, тұрмыстық қызметті, сауданы жақсарта түсу жөнінде жүздеген аманаттар жүктеген. Аудандық Совет депутаттарына – 66, селолық Советтерге – 139, жалпы облыстық Советтің депутаттарына – 295 аманаттар түскен. Осы аманаттар есебінен Жымпиты селосында 100 кереуеттік орталық аудандық аурухана, Орал қаласында акушерлік-гинекологиялық корпус, Орда ауданының «Орда» совхозында 400 орындық клуб, жаңа үлгі жобадағы мектеп, Бөрлі ауданының Киров атындағы колхозында медицина қызметіне арналған 5 тұрғын үй және ондаған объектілер салынып, қатарға қосылған.

Советтердің тұрақты комиссияларының, депутаттардың және депутат топтарының белсене араласуы арқасында 1980-85 жылдардағы бесжылдықта халыққа қызмет көрсету түрі 640-қа жеткен. Жергілікті Совет еңбекшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлген. Тұрғын үй құрылысының нәтижесінде 1985 жылы облыс еңбекшілері 19 мың пәтер алған, 37 жалпы білім беретін мектеп, 26 мектеп жасына дейінгі балалар мекмелерін, 5 аурухана және басқа да көптеген әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық мақсаттағы объектілер іске қосылған.

Әлеуметтік мәселені жүзеге асыру барысында халыққа білім беру жүйесінің материалдық базасын кеңінен дамыту арқылы 1986-87 жылдары бұған 29,4 миллион сом қаржы жұмсалған, 9484 оқушылық 15 мектеп тұрғызылған. Бұл жұмыстардың барлығы жергілікті Совтеттердің еңбекшілерді жұмысқа ұйымдастыра алу шеберлігінің арқасында көздеген мақсатына жетті.

Сонымен бірге облыстық Совтеттердің жұмыстарында олқылықтар да байқалған. Нақты тоқталар болсақ, 1987 жылы жергілікті Советтердің тұрмыстық қамту жұмыстарында өскелең талабына сай келмеген жағдайлар кездескен. Мысалы, Ақжайық, Зеленов, Теректі аудандарында тұрмыстық қызмет үйлері мен кешенді қабылдау пункттерін салу тапсырмасы орындалмаған. Бөрлі, Жаңақала, Казталовка, Приурал, Фурманов аудандарында тұрмыстық қызмет кадрларын даярлауда кемшіліктер жіберілген. Бұл аудандарда кадр даярлау тапсырмасы 10-12% қана орындалған. Ал 1990 жылы мал шаруашылығын дамытуда Советтер жұмыстарының көрсеткіш деңгейлері біршама түскен. Атап айтсақ мемлекетке ет сату небарлығы 6,5-ті құраған, ал сүт тапсыру көрсеткіші 5%-ке түсіп кеткен.

Кәсіподаққа партиялық басшылықтың стилі мен әдістерінің өзгеруі, ұсақ қамқоршылдықтан, жарлық беруден бас тарту кәсіподақтардың барлық жұмыстарына игі ықпал етті. Еңбек коллективіндегі істің жағдайы үшін кәсіподақтарға талап күшейтілді.

1988 жылы облыстық кәсіподақтар советі көптеген әлеуметтік мәселелер бойынша сан алуан тексерулер жүргізген, ашылған кемшіліктер бойынша 30 қызметкерге әкімшілік айып салынып, 311 адам кәсіодақ мүшелігінен шығарылған.

Кәсіподақтар жұмыстарын қайта құру үшін облыстық кәсіподақтар советі үш негізгі бағыт анықтаған:

Бірінші – облыстық кәсіподақтар советі аппараты мен кәсіподақтардың облыстық комитеттерінің жұмыс стилі мен әдістерін қайта құру. Облыстық партия комитеті әртүрлі анықтамалар, информациялар, есептер сұрауды тоқтатқан, шақыртуларды азайтқан. Ал облыстық кәсіподақтар советі өз кезегінде қағаз тасқынын қысқартып, назарын істің орындалуын бақылауға, адамдармен жанды ұйымдастырушылық жұмыстарын жүзеге асыратын бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төменгі буындарына аударған. Облыстық кәсіподақтар советінің төрт бөлімі қайта құрылған. Кәсіподақтардың 12 облыстық комитетінің тек жетеуі ғана қалған.

Алайда қайта құру теп-тегіс жүріп отырған деуге болмайды. Облыс кәсіподақтары барлық уақытта бірдей инициатива танытпаған, жұмыстың озық тәжірибесін енгізу әлсіз болған. Нәтижесінде 1988 жылы 40 мыңдай адам – күн жоғалтып отырған, бұл көрсеткіш, әсіресе агроөнеркәсіп комплексінде жоғары болған. Облыста уақытша еңбекке жарамсыздықтан жұмыс уақытының жоғалуы 1987 жылы 2 миллион 220 мың адам күн құраған. Басқалай айтқанда жыл бойы 7200 адам күн сайын жұмысқа шықпаған деген сөз.

Келесі шаруашылық, мәдени-тұрмыстық құрылысты жақсарту бағытында көп еңбек сіңірген бұқаралық-қоғамдық ұйым-комсомолдар.

Қарастырылып отырған кезеңде социалистік жарыстардың инициаторларының көрсеткен жетістіктерінің жолын қууға шақырған партияның үндеуіне жауап ретінде 20 мың жас еңбекшілер 1986 жылы социалистік міндеткерліктер алған, оларды орындауда қажырлы еңбек еткен. Облыстық комсомол комитеті әрбір комсомол ұйымдарының жеке, нақты іспен айналысуына қол жеткізді. Сондай істердің бірі – ғылыми-техникалық прогресті жетілдіруге комсомолдарды барынша тарту болып отыр. Жас жұмысшылар және мамандар белсенді түрде автоматтандырылған өндірістік процестерді өндіріске енгізуге, жұмысшы орындарды аттестациялау мен рационализациялауға қатысып отырған. Мысалы, осындай бағытта Орал жөндеу заводында творчестволық топтар құрылған. Бұл топтар осы жылы технологиялық жетістіктердің 20-дан астам бірлігін өңдеп шығарып, өндіріске енгізген.

ХХҮІІ съезде қабылданған әлеуметтік-экономикалық және саяси шаралардың нәтижесі регрессивті болды. Қайта құрулар төніп келе жатқан терең дағдарыстан өлкені құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Себебі жеделдету бағыты терең ұғынылған ғылыми концепциясыз, айқын да, анық бағдарламасыз жүргізілді. Қоғамдық өмірде адам факторының есепке алынбауы, қоғамдық-бұқаралық ұйымдардың дәрменсіздігі, әділдігін айтып, қандай іске болса да араласа алмайтындығы, партия аппараттарының шектен тыс билік алуы, әлеуметтік көкейтесті мәселелердің шешілмеуі қарапайым халықты қажытты. Осының барлығы халықтың партияға, басшы органдардың саясатына деген сенімінің біртіндеп жойылуына әкеп соқты.

Батыс Қазақстан облысының ішкі саяси өмірінде «Жеке адамға табынушылықты және оның зардаптарын жою туралы мәселені қараған ХХ съезд, КОКП-ның үшінші бағдарламасын жариялаған ХХІІ съезд, партиялық басшылықты жетілдіруге ұмтылған 1964 жылдың қазан Пленумының шешімдері, КОКП Орталық Комитетінің 1977 жылғы мамыр пленумы мақұлдаған Конституция жобасы, КОКП Орталық Комитетінің «Қайта құру және партияның кадр саясаты туралы» мәселені талқылаған 1987 жылдың қаңтарындағы пленум қаулысы маңызды рөл атқарды. Себебі қоғамдық өмірдің барлық жақтарын басқару жоғарыдан жоспарланып отырылған, ал ол жергілікті жерлерде бұлжытпай орындалған.

Ұйымдастырушылық-саяси жұмыстар өлкенің әлеуметтік-экономикалық өмірінде мемлекеттік монополистік меншік үстем еткен, қатаң орталықтандырылған жоспарлау, материалдық игіліктерді бөлудегі теңгермешілік тағы басқа толып жатқан әміршіл-әкімшіл жүйенің саясаты аясында жүзеге асты. Мұндай жағдай әрине өз кезегінде қоғам алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге кері әсерін тигізді.

Шын мәнінде, жетпіс жыл бойы жүргізілген идеологиялық жұмысқа зер салып қарасақ, оның дүниежүзілік ой-пікірден соншалықты алшақ жатқанына, нақты өмірден ада-күде қол үзіп кеткеніне әбден-ақ көз жеткізуге болады. Сондықтан да коммунистік идеология өзін қолдап келген күштеу құралдарымен бірге күл талқан болды. Не себепті социализм өз мүмкіндіктерін жойды? Себебі социализмнің негізін КОКП Орталық Комитеті қалыптастырды. Олар социализм құрылысының барлық міндеттерін және мақсаттарын анықтады. Ал мұндай жағдайда адамның өз бетімен дамуының ішкі көзі – адамның өзін-өзі басқару, билеу механизмі болмады. Басқаша айтқанда адам факторы аяқ асты етілді. Ол тек КОКП талап-тілектерін орындаушы ғана болды.






Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет