Болмыс және материя. Болмыстың негізгі түрлері Болмыс ұғымының тарихи сипаттамасы және философиялық мәні Болмыстың негізгі түрлері



бет4/8
Дата07.02.2022
өлшемі48,88 Kb.
#83170
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
aaa8064c-dd48-4862-a135-5385c0e9c465

1) табиғат болмысы немесе заттар (денелер) және процестер болмысы, ол өз кезегінде табиғат заттары мен процестері және адамдар жасаған заттар, процестер болмысына болінеді;
2) адам болмысы, ол заттар дүниесіндегі адам болмысына және адамның өзіндік болмысына жіктеледі;
3) рухани (идеялық) болмыс;
4)әлеуметтік болмыс, бұл да өз алдына қоғамдағы және тарихи процестегі жекелеген адам болмысына және қоғам болмысына бөлінеді.
Әлеуметтік өмірге қатысты болмыс түрі кейінгі арналуы тарауларда тереңірек қарастыры-латындықтан, біз болмыстың алғашқы үш түріне тоқталайық.Адамзаттың, қоғамның пайда болып, қалыптасуы қоршаған табиғи ортаның, қажетті алғышарттардың, жағдайлардың болуына байланысты екені белгілі. Басқаша айтқанда, тарихи тұрғыдан бағдарласақ, адамның өмір тіршілігінің, қызмет-әрекетінің негізі – табиғат заттары мен табиғи процестер. Олар адамзаттан әлдеқайда бұрын пайда болған, адам санасынан тыс және тәуелсіз өмір сүреді. Қоршаған табиғи ортаны танып-білу, игеру барысында адам табиғатдүниесіне қуатты және ауқымды ықпал ете алатын құдіретті өзгертуші күшке айналды. Бұрын табиғатта дәл сондай дайын күйінде болмаған, адамдар өз қолы мен ақыл-ой күші арқылы жасап шығарған, өндірген жаңа заттар мен процестердің, жағдайлардың тұтас дүниесі пайда болды. Ғылымда мұны «екінші табиғат» деп те атайды.Бірінші табиғаттың ерекшелігі неде? Табиғат адам атаулы пайда болғанға дейін болды, өмір сүрді. Адам мен оның санасы пайда болғаннан кейін де ол өз болмысының тәуелсіздігін сақтайды. Әлбетте, табиғатты, оның заттарын, процестерін құбылыстарын, өзгеріске түсу және даму заңдылықтарын санасына қабылдап, ой елегінен өткізуші, айтушы – адамдар. Табиғаттың өзінен тәуелсіз, санасынан тысқары, дербес өмір сүретінін, оның өзінен көп бұрын пайда болғанын толық мойындап, сенімді тұжырым жасаған да – адамдар. Бұл тұжырымға олар бүкіл адамзаттық әлеуметтік-тарихи тәжірибе негізінде, өмірлік фактілерді саралау, ғылыми-зерттеулер мен жүйелі дәлелдемелер нәтижесінде келді.Сөйтіп, болмыстың негізгі әрі айрықша түрі есебіндегі төл табиғаттың, яғни бірінші табиғаттың басты ерекшелігі – оның адамнан бұрын пайда болып, адам санасынан үнемі тыс әрі одан мүлдем тәуелсіз өмір сүре алатындығы болып табылады. Табиғат тұтас алғанда кеңістік пен уақыт тұрғысынан шексіз – ол әрқашан және қайда болсы да болған, бар және бола береді. Бұл табиғаттың жекелеген нақты заттарына, процестеріне, құбылыстары мен жай-күйлеріне тән емес, бірегей ерекшелік. Өйткені олар нақты бір жерде өмір сүреді, бар болып табылады, екінші бір кезде оларжоқ, өмір сүрмейді: олар бірде бар, енді бірде жоқ бір кезде пайда болады, тағы бір мезгілде дәл сол күйіндегі өмір сүруін тоқтатады. Жерге түскен ұрықтан немесе тамырдан ағаш көктеп шығады, толысып өседі, мезгіл жеткенде қурап қалуы мүмкін, т.б. Демек, табиғат заттарының, процестерінің, құбылыстары мен жай-күйлерінің болмысы өткінші, өшпелі. Олардың болмысы не не болмыссыздығы, ауыспалы, қалыптасу даму, өзгеру процесі кезектесіп отырады. Олардың болмысы сақталатын да, жоғалатын да болмыс. Гераклит пен Гегель сияқты ойшылдар өтпелі, ауыспалы заттар болмысының диалектикасын айқын ашып берген болатын. Гегель қалыптасу процесін саралай отырып, оны жоғалатын болмыс немесе болмыстың жоғалуы деп дәл көрсеткен. Мәселен, әр адам дүниеге үлкен үміт, асқақ арманмен келеді. Қоғамдық қатынастарға араласып, тіршілік жасайды, өмірдің ащы-тұщысын татады, шама-шарқынша із қалдырады. Сөйтіп жүргенде қас-қағым сәттей болып бұл жарық дүниеденөтіп кеткенін білмей де қалады. Үлкендердің «сағым дүние, жалған дүние» деп ой толғап отыратындығы да сондықтан. Өйткені заттың болмысы оның болмыссыздығына орын босатады. «Аумалы-төкпелі дүние» деген ұғым, бір жағынан, осыны білдірсе керек. Алайда мұның бәрі тұтасынан алғандағы табиғат болмысының тоқталуын білдірмейді. Жоғарыдағы мысалдарда көрсетілгендей, зат қиратылады, адам өледі бірақ олар дүние болмысының тұтастығынан жоғалып кеткен жоқ, олар болмыстың басқаша материалдық жай-күйлеріне ауысып кетті. Сонымен, табиғат болмысының тағы бір ерекшелігі бар. Бұл ерекшелік тұтастық ретіндегі табиғат дүниесінің тұрақты әрі түпкілікті болмысындағы жекелеген мәндердің өтпелі және тұрақты болмысының диалектикасын танытады.
, «болу»-адам санасымен (немесе қандай бір ақыл иесімен) қабылданатын құбылыс болу дегенді әсте білдірмейді. Әлем дүниесінің шексіз зор кеңістіктері адам пайда болғанға дейін ешкімнің санасымен ешқашан қабылданған емес. Бүгінгі таңда да адам табиғат дүниесінің барлық қатпарын санасымен түгел қабылдап, игере алатын қабілетке жеткен жоқ. Ол мүмкін де емес. Адам тіпті ой-қиялымен шарласа да, күллі толассыздық пен шексіздіктегі табиғат құбылыстарын қамти алмайды.Табиғат – объективті шындық, ол алғашқы, онсыз адамзаттың өмірі мен қызметі де мүмкін емес. Табиғатсыз адам жасап шығарған заттар мен процестер, яғни «екінші табиғат» та пайда бола алмас еді.Шынында да, бізді қоршаған заттар мен құбылыстардың көпшілігі – адамның табиғат дүниесін өзгертуінің нәтижесі. «Екінші табиғат» қатаң түрде біріншісіне, шынайы, төл табиғатқа тәуелді және соның туындысы. Болмысының тұрпаты жағынан адам жасаған заттар мен құбылыстар табиғат дүниесіне ұқсас, олардың ортақ қасиеттері мен даму, өзгеру заңдылықтары айтарлықтай жеткілікті. Дегенмен, «екінші табиғаттың» өзіндік мәнді ерекшеліктері де бар. Сонда екінші жасанды табиғат дүниесінің шынайы төл табиғаттан айырмашылығы неде? Ең әуелі, оны жасап дүниеге келтіру барысында адам табиғат байлығын, табиғи материалдарды пайдаланып, өңдеуі. Екіншіден, «екінші табиғат» дүниесін жасауда адамның еңбегі, іс-тәжірибесі, білімі пайдаланылады.Үшіншіден, «екінші табиғат» бұйымы ермек үшін жасалмайды. Оны дүниеге келтіру адамдардың әлеуметтік өмірдегі белгілі мұқтаждықтарынан, иақсат-мүдделерінен туындайды. Яғни оның қоғамдық-әлеуметтік маңызы, атқарар міндеті, алар орны бар деген сөз. Айталық, бүгінгі өмірдің қай саласында болсын электронды аспаптар мен приборлар, түрлі қондырғылар мен машиналар еркін қолданылады. Оған тіпті бойымыз да, ойымыз да әбден үйренген. Олар табиғат қойнауынан алынып, адам қолымен өңделген түрлі металл, пластмасса, т.б. материалдардан жасалған. Сонда оларды өмірге келтіру ғылыми жетістіктердің, ақыл-ойдың, білім мен тәжірибенің нәтижесі екеніне дау жоқ. Оларды пайдаланып, іске қосу да адамдардан үлкен білімді, қабілетті, материалдық мүмкіндіктерді талап етеді. Ал оларды қолданудың қажеттігі де өмір талабынан туған заңдылық. Сөйтіп, екінші табиғат бірінші табиғаттың заңдылықтарына бағынатын төл туындысы, оның материалдарынан адамның білімі, еңбегі, тәжірибесі және дағдысы негізінде қоғамдық сұраныстарды қанағаттандыру мақсатында жасалады. Яғни «екінші табиғат» болмысы – табиғи – рухани-әлеуметтік тұтастық құрайтын нақтылы ақиқат. Ол мәні жөнінен әлеуметтік-тарихи сипатқа и, адамзат қоғамының құрамдас бөлігі, төл табиғат пен қоғамды жалғастырушы басты дәнекер. Сондықтан да, бір жағынан, қоғам мен «екінші табиғаттың» үнемі үйлесім тауып отыру қажеттігі еш уақытта маңызын жоймайды, екінші жағынан, «бірінші табиғат» пен «екінші табиғаттың» ортақ заңдылығын, біртұтастығын, бірегей болмысына қатысты олардың өзара байланысын сақтап, реттеп отыру да заманымыздың көкейтесті жалпы адамзаттық мәселесі болып табылады.
Енді жекелеген адам жәнетұтасымен адамзат болмысының елеулі принципті өзгешелігі, өзіндік сапалық мәні неде деген мәселеге келейік. Әрине, бұл болмыстың да табиғаттың көшпелі заттармен ортақ болып келетін маңызы өмір сүру белгілері бар. Бұл тұрғыдан алғанда адамды заттардың арасында зат, денелердің арасында дене деп қараудың еш себептігі жоқ. Кезінде кейбір материалистер мен жаратылыстанушылардың да осындай пікірде болғаны белгілі. Тек ескертетін жай, бұл көзқарас адамды «затқа», «объектіге» теңестірушілікке, оны қалай болса солай қуыршаққа айналдырғысы келген, адамгершілікке кереғар пиғылдан аулақ болса ғана өзін ақтамақ. Бірақ болмыс туралы жалпы философиялық ілім үшін ең алдымен адам қалай өмір сүреді деген сұрақ төңірегінде ойлану әлдеқайда маңызды. Адам ең әуелі тіршілік иесі, нақты кісі ретінде, былайша айтқанда, «сүйек пен еттен жаралған пенде» есебінде өмір сүреді. Оның тәні, денесі – табиғаттың бөлшегі. Ол дүниеге келеді, тіршілік иесі есебінде іс-әрекет жасайды, мезгілі жеткенде өледі. Адам өмірі шектеулі, ол өйткені болмыс иесі. Табиғаттың бөлшегі ретінде адамның бүкіл тіршілік әрекеті оның заңдылықтарын бұзбайды. Оған тамақтану, киім-кешек, жай-күйі үшін өзіне жағдай жасау, ыстық-суықтан қорғану, табиғаттың түрлі өмірге қауіпті күштерінен сақтану, т.б., қысқасы, тіршілігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ол табиғи түрде тұқым қуалаушылық заңдарына бағына отырып, жаңа ұрпақтың өсіп-өрлеуіне себепкер болуға тиіс.
Бұдан шығатын қорытынды мынадай: адам болмысының алғышарттары–оның денесінің табиғат бөлшегі ретінде, организм ретінде өмір сүру. Алайда адам болмысының басты ерекшелігі – ақыл-ой иесі, санасы бар, яғни тек тәннің ғана емес, жанның, рухани дүниенің иесі екендігінде. Адам табиғаттың бөлшегі, төл баласы, өркені, сонымен бірге ол әрі тарихты, әлеуметтік өмірді жасаушы, әрі тарихи-қоғамдық дамудың туындысы. Адамдар дүниеде тек өмір сүріп қана қоймайды, сондай-ақ дүниеге, қоршаған табиғи және әлеуметтік ортаға және өздері өздеріне әсер етуге, өзгеріп, түрлендіруге қабілетті. Осыған қоса олар өз болмысын және жалпы болмысты танып-біледі, «болмыстың тағдыры» үшін дабыл көтере алады. Осыдан келіп әрбір адамныңадамзат тағдыры үшін, табиғатты, тұтас жер планетасын қорғау үшін жауапкершілігі туындайды.
Адамдар болмысы жекелеген адамдар санасы тұрғысынан алғанда нақтылы, объективті. Адамдар жекелеген адамның санасынан тысқары, тәуелсіз болмайды. Себебі адам болмысы – заттың, табиғилық пен руханилықтың, дербестік пен қауымдастықтың, жеке кісі мен қоғамның өзара қайшылықта тұратын ажырамас бірлігі.
Енді рухани болмысқа тоқталайық. Руханилық – өзінің өмір сүруі мен көрінісінің нақты түрлері жөніннен сан алуан болып келетін сана мен санасыздық процестерін қамтитын көп түрліліктің біртұтастығы. Оның құрамына табиғи тіл мен таңбалық (символдық) жүйелер түрінде іс жүзіне асырылған, материалдандырылған білім кіреді. Сондай-ақ адамдар арасындағы қатынастар – ізгілік, шығармашылық, құқылық өлшемдер мен процестер де рухани өнімдер қатарына жатады. Рухани болмысты шартты түрде үлкен топқа – жеке адамдардың тіршілігінен ажыратып қарауға болмайтын дербестенген руханилыққа және дара адамнан тысқары өмір сүре алатын объективтендірілген руханилыққа бөлуге болады. Бірінші – басқаша айтқанда, дараланған адамның ссанасы. Ол нақты адаммен бірге пайда болып, бірге өмір сүреді, сыртқы дүниені бейнелейді. Сана арқылы адам табиғи және әлеуметтік ортадағы өз орнын, басқа адамдармен қарым-қатынасын анықтап, өз ойлары мен сезімдерін аңғарып, бағдарлайды. Бұл тұрғыдан келгенде жеке адамның санасы өзіндік сана деп қарастыруға болады. Адамның ізі атқарған істерінен көрініс тауып жатады. Дербес рухани болмыстың ерекшелігі осында. Ең бастысы – сана бар, ол өмір сүреді, ақиқат. Оның процестерінің тікелей болмысы көрер көзден, сырттай бақылаудан жасырын жатқанымен, адамдардың іс-әрекетінен, тауып аңғарылады. Сана процестері белгілі бір кеңістік және уақыт аумағымен шектелмейді, оларға идеалдық құрылым тән. Адамның ойлау қызметі барлық жылдамдықтардан жүйрік, кез келген кеңістік және уақыт өлшемдерін асып түсіп, ілгері кетіп жатады. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» деген халық мәтелі осыны жақсы білдіретін тәрізді.Адамның рухани тұтастығы, бүкіл психикалық әрекеті санамен қоса санасыздық процестерін де қамтиды. Санасыздық та сана сияқты нақтылы, ақиқат, дербес рухани болмыстың ажырамас бөлігі. Адамның тыныс-тіршілігі, қимыл-әрекеті, ісі түгелімен сананың толық қатысуы арқылы жасалмайтыны белгілі. Олардың көбі әбден дағдыға айналып кеткен, ой елегінен, санадан өтпей-ақ істеле берді.Санасыздықтың мән-мағынасын зерттеген ғалымдар (сана туралы арнаулы тарауда бұл мәселе тереңірек қарастырылады) оның түрлі деңгейін көрсетеді. Мәселен, санасыздықтың бірінші деңгейі-адамның өз денесінің өмір сүруін санасыз түрде бақылауы, екінші деңгейі -санасыздық негізінде саналы процестің бастау алуы. «Маған бір ой келіп тұр», «меніңше, өйткен дұрыс сияқты» дегендей пікірлер айтылып жатады ғой. Осы мысал екінші деңгейді жақсы көрсетеді. Санасыздықтың үшінші деңгейінде сана мен санасыздық қат-қабат қабысып, бірін-бірі толықтырып тұрады. Бұл деңгей шығармашылық шабыт келгенде, философиялық, ғылыми интуициялық сәттерде өз көрінісін білдіреді. Қысқасы, дербес рухани болмыс – сана мен санасыздықтың қайшылықты ажырамас тұтастығы.
Объективтендірілген рухани болмыс жеке адамдардың санасынан тысқары өмір сүреді және міндетті түрде материалдық құбылыстардын көрініс табады. Материалданған рухани өнімдер мен процестер, сөздер, дыбыстар табиғи және жасанды тілдер арқылы іс жүзіне асады (кітаптар, сызбалар мен формулалар, жобалар, суреттер, ескерткіштер, музыкалық шығармалардың ноталары, т.б.) Мәселен, тіл дербес және объективтендірілген рухани болмыстардың бірлігі болып табылады. Тіл мен сананың, тіл мен ойдың байланысы өте тығыз. Тіл арқылы сана қызыметінің сыртқы, объективтендірілген нәтижелері көрініс табады. Тілдің таңбалары, әріптері, дыбыстары, сөздері, сөйлемдері, оның құрылымдары, ережелері-бәрі нақты ақиқат. Олар-жеке адамдардың санасынан оқшауланған ақиқат. Тіл-қоғамдық дамудағы тарихты жалғастырушы, байланыстырушы, мәдениеттің сақтаушысы, ақыл-ойы. Тіл-ұлттық болмыстың басты белгісі. Қазақ өз тілін ана тілі деп атайды. Ол ананың сүтімен бойға сіңіп, өмірге нәр береді. Тілді ерекше бағалап, қастерлеген қазақ «Өнер алды – қызыл тіл» дейді.
Рухани болмыстың объективтендірілуі қалай жүзеге асады дейтін болсақ, ең әуелі белгілі бір ой, идея, пікір жеке адамның санасында дербес пайда болады. Одан кейін адам өмір тәжірибесіне, біліміне, қабілетіне, мүмкіндіктеріне сүйене отырып, ой-пікіріне, идеясына материалдық сипат береді: тіл арқылы өрнектейді, жоба жасайды, нотаға түсіреді, сурет салады, материалды бұйым жасайды, т.б. Содан кейін оны қоғамдық практиканың ағымына қосады, мысалы, санау қажеттігіне байланысты ертедегі адамдар саусақтарын, одан кейінгі уақытта тастарды, таяқшаларды, т.б. пайдаланды, келе-келе есепшот дүниеге келді. Есепшоттың бүгінгі заманғы жалғасы-электронды есептеу машиналары. Немесе қазақтың халық әндерін алайық: «Шилі өзен қамыс-ай», «Назқоңыр», «Жиырма бес», т.б. Осы әндерді, сөз жоқ, кезінде нақты адамдар шығарған. Олар халықтың жүрегңне ұялап, санасына сіңе берген, уақыт өте келе ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халықтық атанып кеткен. Осы мысалдардын көріп отырғанымыздай, жеке адамның санасында әуелде пайда болған идея оның аумағынан, ырқынан мүлде алшақтап, бүкіл адамзаттың рухани байлығының құрамдас бөлігіне айналып кетті. Сөйтіп, объективтендірілген рухани құбылыстардың басты ерекшелігі-олар әлеуметтік кеңістікте және тарихи уақыт шеңберінде сақталады, жетілдіріледі және емін-еркін қозғалыста болады.Болмыстың жоғарыда қарастырылған негізгі өмір сүруі, көрініс табу түрлерінің әрқайсысының өзіне тән заңдылықтары бар-олар физика, биология, антропология, т.б. сияқты сан алуан ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады. Сондай-ақ олар белсенді түрде өзара қарым – қатынасқа түсіп, тұтас байланыс құрайды, бір – біріне өтіп отырады. Ең бастысы, дүние болмысы тұтас, тұрақты, үйлесімді, сөйте тұра, үнемі қозғалыста, өзгермелі, құбылмалы. Оның ашылмаған құпиясы, ақтарылмаған сыры әлі де көп. Адам оны игеру жолында, игілікке пайдалану ниетінде іздене бермек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет