Боранды бекет



бет3/8
Дата27.05.2018
өлшемі4,86 Mb.
#40964
1   2   3   4   5   6   7   8
– Онда екеуміздің түсінісуіміз қиын екен. Тек айтарым, айналайын, менде басқа амал қалмап еді.

– Бәрібір сіз бұйрықты орындауыңыз керек еді.

– Әй, сен немене тиісе бересің? – деп басқа бір оқушы орнынан атып түрегелді. – Біздің ағай югослав партизандарымен бірге соғысты ғой. Тағы не керек саған?

– Бәрібір ол жоғары жақтың бұйрығын орындауы керек еді! – деп әлгі қайқы иек қасарысып тұрып алды.

Сол-сол екен, тылсым тыныштық тарс кетіп, кластың іші гулеп ала жөнелді “Керек!”, “Керек емес!”, “Тиісті!”, “Тиісті емес!”, “Дұрыс!”, “Дұрыс емес!” Мұғалім үстелді қойып кеп қалды:

– Тоқтат сөзді! Бұл география сабағы! Менің қалай соғысқанымды, кім болғанымды керек жерінде тиісті адамдар өздері тексереді! Ал қазір картаға қайта оралайық!

Тағы да сол карта. Бір бүйірден тағы да автомат тырылдап, карта алдында таяқша ұстап тұрған мұғалім қиялдан баяу ғана құлап бара жатып, Европаның көк, жасыл, қоңыр түсті картасын қаны жуып кеткен сол бір көзге ілінбес нүктені кластағылардың ешқайсысы тағы байқай алмай қалды ғой... Бірнеше күннен кейін мұғалімді аудандық оқу бөліміне шақыртты. Ондағылар артық ауыз сөз айтпастан, оған: ың-жың- сыз арыз бер де, өз еркіңмен жұмыстан шық; тұтқында болған адамның жас ұрпаққа сабақ беруге моральдық құқы жоқ, – деді. Сонымен Әбутәліп Құттыбаев Зәрипа екеуі тұңғыш ұлы Дауылды құшақтап, облыс орталығынан шалғай жатқан басқа бір ауданға ауысуға мәжбүр болсын. Бір ауылға мұғалім болып орналассын. Елдің аты ел ғой, сіңісіп кеткен сияқты еді, баспана да табылған, қабілетті жас мұғалім Зәрипа оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. “Аузың аққа тигенде тұмсығың қанасын” деп біреу қарғап қойған ба, сол екі арада Югославияға байланысты қырық сегізінші жылдың шатағы шарт-шұрт ете қалсын. Ендігі жерде Әбутәліп Құттыбаевқа жұрт тек бұрын немістердің тұтқынында болған деп қана білмей, ұзақ уақыт шетелде жүрген адам ретінде күдіктене қарайтын болды. Ол өзінің тек югослав партизандарымен бірге фашистерге қарсы соғысқанын дәлелдеп бақса да, мұнысы ілтипатқа алынбады. Оның адал екенін бәрі де біле тұра, тіпті жандары аши тұра, оны қорғап қалуға ешкімнің батылы бармады, бәрі де ондай жауапкершіліктен қашты. Тағы да аудандық оқу бөліміне шақыртылды, тағы да өз ықтиярымен жұмыстан босану босқыны қайталанды.

Осылайша ана жерден де, мына жерден де көше-көше, Әбутәліп Құттыбаевтың отбасы елу бірінші жылдың аяғында қыстың қақаған ортасында Сарыөзектің Боранды разъезінен бір-ақ шыққан ғой.

Елу екінші жылдың жазы ерекше ыстық болды. Жердің тандыры кеуіп, ысып кеткені сонша, Сарыөзектің кесірткелері қайда тығыларын білмей, адамдардан да қорыққанды қойып, алқымдары атқақтай бүлкілдеп, ауыздарын арандай ашып, үйдің табалдырығына дейін жүгіріп келетінді шығарды; әйтеуір, шыжғырған күннің қызуынан құтылса болғаны. Ал құзғын қара құстар салқындамақ болып, көкке әуелеп кеткені сонша, жай көзге көрінбес еді. Тек анда-санда жанталаса қаңқ етіп, сонан соң көпке дейін үні өшіп, ыстықтан шалқыған мұнар ауаға сіңіп кетеді.

Бірақ жұмыстың аты жұмыс. Пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай ағылып жатады. Борандыда неше пойыз тоқайласып, неше пойыз ажыраспады десеңші. Мемлекеттің ұлы күре тамыр жолындағы транспорттың жүруіне ешқандай ыстық кедергі бола алмас.

Жұмыс сөйтіп өз жөн-жүйесімен жүріп жатты. Жол бойында шілденің шықылдаған күнінде қолға қолғап киіп істеуге тура келді. Өйткені жалаң қолмен тас ұстап болмайды, ал темір дегенің қарып түседі. Тас төбеден күн жарықтық көрікше күйдіріп тұрады. Суды ғой, әдеттегідей, цистернамен тасиды, ол разъезге жеткенше қайнап кетеді десе де болады. Иініңе ілген киім екі күннің ішінде күнге күйіп, оңып шыға келеді. Шілдедегі мұндай аптаптан гөрі, қысты күнгі сақылдаған ең қатты сары аяздың өзінде жұмыс істеген әлдеқайда иман-таразы. Мұндай аптапта Боранды Едіге Әбутәліпке әл-қуат  беріп, шыдамын шыңдайды:

– Е, мұндай жаз бізде жылда бола бермейді. Биыл ғана ғой осындай болып тұрғаны,– дейді ол құдды бір күннің ыстығына өзі кінәлі адамдай.– Енді он бес күн, әрі кетсе жиырма күннен кейін ыстық қайтады. Әй өзі де титықтатып болды-ау, құрысын, құрығыр. Бұл Сарыөзекте кей жылдары шілде шыға ауа райы күрт өзгереді. Ондайда сонау қысқа дейін мамыражай күз болады, қоңыр салқында мал қоңданып, адамдардың арқа-басы жазылады. Байқаймын, нышанына қарағанда, биыл сондай қоңыржай күз келеді. Сәл-сәл шыдасаңдар, ақжарылқап күн туады.

– Кепілдік бересің ғой, әйтеуір,– ден жымиды Әбутәліп. Едігенің ниетін біліп-ақ тұр.

– Беруге де болады.

– Жақсы сөз – жарым ырыс. Мұныңа да рахмет. Міне менің түріме қарашы: моншада отырған сияқтымын. Мені қойшы, өзегімді өртейтін өз қамым емес. Зәрипа екеуіміз шыдармыз-ау. Екеуіміз бұдан да зорды көргенбіз. Балаларды айтсаңшы... Олардың қиналғанын көргенде, жаным шырқырайды...

Борандының балалары жағаға лақтырып тастаған балықтай мең- зең: оларды шыжыған ыстық пен қапырықтан құтқарар жер жоқ. Айнала төңіректе не бір түп тал, не бір ағып жатқан бір қасық жылға да жоқ. Балаға ең қызығы сол емес пе. Көктем шығып, Сарыөзектің сай-саласы, ойы мен қыры аз ғана күн жасыл зүмірет жамылғанда, бала-шаға бір жасап қалады. Доп ойнап, жасырынбақ ойнап, ен далада асыр салып, сарышұнақ қуалап, мәз-мейрам болады. Олардың қиырға кеткен қиқу даусын естігенде адамның ет-жүрегі елжірейді. Жаз бәрін жайрата келеді. Тынышсыз, тынжылы балалардың өзін алапат аптап бей-жай етіп езіп тастайды. Олар кірерге жер таппай, үй-үйдің ығындағы келте көлеңкеге келіп тығылады; ары- бері пойыздар өткенде ғана тасадан бойлап-бойлап қарап қояды. Олардың бар ермегі осы пойыздар: мына жаққа қанша пойыз, ана жаққа қанша пойыз өткенін, қаншауы жүк тасығыш, қаншауы жолаушы таситын вагондар екенін санайды. Жолаушы таситын пойыз разъездің тұсынан өтіп бара жатып, жүрісін сәл бәсеңдеткен кезде, балалар: әй, енді осы пойыз тоқтайтын шығар-ау, деп дәмеленіп қалады да, қолдарымен күнді қалқалап, жүріп бара жатқан пойыздың соңынан алқынып алып ұшып жүгіре жөнеледі. Кім біледі, сонда, бәлкім, олар мына тозақтан құтылғысы келіп, пойызға ілініп, алыс жаққа кетіп қалғысы келетін шығар. Бала шіркіннің аңғал дәмесі не демейді. Сонда Борандының балалары зымырап бара жатқан вагондардың соңынан қызыға да зарыға қарап қалғанын көргенде, жүрегіңді әлденендей күш жұлқып бара жатқандай болады. Әлгі есік- терезелері айқара ашылған вагондардағы жолаушылардың да күні күн емес: қапырық пен қоңырсық иістен, құжынаған шыбыннан запыста болып, жынданып кете жаздайды. Бірақ олар, әйтеуір, енді екі тәуліктен кейін азап жолынан құтылып, айдын сулы, жасыл нулы жерлерге баратынына көздері жетеді ғой.

Сол жазда ересек біткен, ерлер мен әйелдер жас нәрестелердің обалын ойлап қатты күйзелді. Ал Әбутәліптің ерекше күйзелгенін тек Зәрипа, тағы біреу болса, сірә, Едіге ғана білді. Бұл туралы Зәрипа мен Едіге екеуінің арасында әңгіме де болды. Сол әңгімеде бұл ерлі-зайыптылар тағдырының тағы бір сыры ашылып еді.

Бұлар сол күні темір жолдың қапталына қиыршық тас төсеп жатқан. Ары-бері өткен пойыздардың салмағынан селкілдеп, шпалдардың астындағы қиыршық тас ысырылып түсе береді. Бұлар соны бекемдеп, шпалдардың, рельстің табанын бекітті. Бұл жұмысты арғы-бергі пойыздар өтіп кеткенде ғана істей алады. Мынандай ыссыда бұл бір өнбейтін, азап жұмыс болатын. Түс әлетінде Әбутәліп бос бидонды қолына ұстап, тұйықта тұрған цистернадан ыстық су алып келмек болды. Жолай балаларға да көз қырын сала келейін деді. Күн күйіп тұрғанына қарамай, ол шпал аттап, жылдамдата басып бара жатты. Өз қамын ойлар ол жоқ, баларына асығып, ентелей түседі. Түр-түсі белгісіз болып, оңып кеткен майка сойдиған сүйекті иығына ілініп тұр. Басында мыжырайған қамыс қалпақ, арықтағаны сонша, шалбары салбырап, мықынынан түсіп қалайын деп тұр. Аяғында баусыз, ескі “рабочий” бәтіңке. Ол ештеңеге назар салмай, бәтіңкесінің табаны салпылдай, шпалдармен адымдап барады. Артынан пойыз таянып қалғанда да, бұрылмады.

– Әй, Әбутәліп, жолдан былай шық! Құлағың бітіп қалған ба, ей?! – деп айқай салды Едіге.

Бірақ Әбутәліп естімеді. Тек паровоз гудок бергенде ғана, жолдан шығып, еңіске түсті, сонда да арқырап бара жатқан пойызға бұрылып көз салмады. Паровоз есігінен машинист бұған жұдырық білегенін де көрген жоқ.

Соғыста жүргенде де, тұтқынға түскенде де шашы ағармаған. Әрине, онда жасырақ еді, майданға он тоғыз жасында, кіші лейтенант шенімен аттанып еді. Ал енді сол бір Сарыөзектің жазында шашын қырау шала бастады. Күтпеген қырау қоп-қою шаштың о жер, бұ жерінен бұрқ-бұрқ ете қалып, самайын тұтас ақ шалды. Заман түзу, көңілі тоқ кезде, нағыз бозым жігіттің өзі-ақ болар еді. Жазық маңдай, қыран тұмсық, ат жақты, қой көзді Әбутәліп сұңғақ бойлы, әсем жігіт еді. Зәрипа шындыққа бергісіздей қалжыңдап: “Әй, Әбу, жолың болмаған жігітсің ғой, әйтпесе сахнада Отелло ролін ойнайтын адамсың”, – деп еді. Әбутәліп те мырс етіп: “Онда мен сені нағыз нақұрыс  болып буындырып өлтірер едім. Оның керегі не саған!” – деп қоятын.

Әбутәліптің арттан келіп қалған пойызды байқамағаны Едігені кәдімгідей абыржытты.

– Сен оған айтып қойсаңшы, онысы несі, – деп Зәрипаны күстәналағандай болды. – Темір жолмен жүруге болмайды. Ол үшін машинист жауап бермейді. Мәселе онда да емес. Көпе-көрнеу қатерге бас тігіп не керек?

Зәрипа көнтерілеу тартып бара жатқан алау бетін жеңімен сүртіп тұрып, күрсініп салды:

– Оның осынысынынан қорқамын, қайдам… – Не деп?

– Қорқамын, Едіге. Сенен жасыратын не бар. Ол балалардың, мына менің обалымызға қалдым деп қайғырады. Мен бұған күйеуге шығарда, туған-туысқандарымның тілін алмай, кетіп қалдым ғой. Үлкен ағам тағы тарс кетіп: “Өле-өлгеніңше пұшайман боласың ақымақ! Сен күйеуге тиіп бара жатқан жоқсың, бақытсыздыққа басыңды тігіп бара жатырсың. Сенің балаларыңның балалары әлі тумай жатып бақытсыздыққа ұшырайды. Ал сенің сол ғашық жарың, егер басында миы болса, үйленіп отбасы құруы керек емес, асылып өлуі керек. Оның тығырықтан шығар жолы сол ғана!” – деп еді. Бірақ біз өз дегенімізден қайтпадық. Ақыры соғыс бітті, енді тірілер мен өлілердің есеп айырысатын не жөні бар деп үміттендік. Біз Әбутәліптің де, менің де туыстарымыздан аулағырақ болуға тырыстық. Мына сұмдықты көрмейсің бе, соңғы рет әлгі ағам өз қолымен арыз жазып: “Мен қарындасымның Әбутәліп Құттыбаевқа күйеуге шығуына қарсы болғанмын. Мен қарындасымнан бездім, көп жылдар бойы шетелде болған Әбутәліп Құттыбаев дегенді мен білмеймін, білгім де келмейді”, – депті. Сол сол екен, тағы да сүргін басталды. Қайда барсақ та маңдайымыз тасқа тиеді, енді міне ақыры Борандыдан бір-ақ шықтық. Басқа барар жер, басар тау жоқ.

Зәрипа шақпақ тасты шпалдың астына жұлқына тыққылап, үн- түнсіз қалды. Алдыдан тағы да пойыз көрінді. Едіге екеуі күрек, зембілдерін сүйретіп қапталға түсіп кетті.

Едіге мүшкіл халге түскен осы жандарға, әйтеуір, бір қолы ұшын беру керек екенін сезді. Бірақ оның қолынан не келеді, бәленің бастауы Сарыөзектің сар даласынан да алыста болатын. Біздің мұнда күн көріп жатқанымызға көп жыл болды. Сендер де әлі-ақ үйреніп, жерсініп кетесіңдер. Тіршілік керек қой, әйтеуір, деп Зәрипаның жүзіне қарады. Өзі іштей ойлайды: “Е, Сарыөзектің наны кермек татиды. Қыстың күні алғаш келгенде ғой, осы Зәрипа аппақ еді, енді жер-татырындай болыпты, – деп есіл сұлудың көз алдыңда семіп бара жатқанына іші удай ашыды. – Шашы қандай қолаң еді, енді шөлдегі көдедей болып күйіп кетіпті, тіпті ащы күн кірпігіне дейін үйітіп жіберіпті. Ерні қақ-қақ айырылыпты. Әй, бейшара-ай, мұндай өмірге жаралмаған сормаңдай.  Сөйтсе  де кеудесін сүйретіп, қайсар-ақ, қиындықтан қайтпайды. Қайтқанда қайда барады? Екі баланы қайтеді? Әй, әйтсе де жарамды әйел...” Сөйткенше қайнап тұрған ауаның шәт-шәлекейін шығарып, автоматтың балқыма оғындай тарсылдап, тағы бір пойыз өте шықты. Бұл екеуі асай-мүсейін көтеріп, жолға шығып, тағы да жұмысқа кірісті.

– Былай ғой, Зәрипа,– деді Едіге сәл де болса оның көңілін көтеріп, амалсызға айла жоқ екендігін білдірмек болып. – Балалардың мұнда халі мүшкіл екеніне дау жоқ. Өз балаларымды көргенде де жүрегім сыздап қоя береді. Оу, бірақ осындай тозақы ыстық қаққан қазықтай болып тұра бермес те. Әлі-ақ қайтады. Ал, енді ақылға салып қарасаң, бұл Сарыөзекте тұрып жатқан жалғыз сендер емессіңдер ғой. Айнала ел бар, ең құрыса, мына біз бармыз. Болар іс болған екен, енді езіле беретін не бар?

– Едеке-ау, Әбуге мен де соны айтамын ғой ылғи. Артық ауыз қыңқ деп бөтен сөз айтқан емеспін. Оның уайым-қайғысын мен әбден білемін ғой.

– Оның жүдә жөн екен, Зәрипа. Титығына тие берме деп айтайын деп едім саған. Реті келмей жүр еді. Өзің де бәрін білесің де. Жай, әншейін сөздің реті келіп қалды да. Кешір.

– Кейде тіпті қатты қиналамыз. Өзімді де аяймын, оны да аяймын, балаларымды да аяғанда жаным шырқырайды. Әбу түк те кінәлі емес қой, бірақ бізді осында көшіріп алып келгеніне өзін-өзі кінәлап, іштей үгіле береді. Құтқаруға құдіретсіз. Несін айтайын, біздің жақта, Алатаудың аясында, өзен-судың жағасында жағдай мүлде басқа ғой, ауа райы да бөлекше. Балаларды тым құрыса жазда сол жаққа жіберіп алсақ па дейміз. Бірақ кіміміз бар біздің? Кемпір- шалдар жоқ, бәрі де ерте қайтқан. Аға-іні, әпке-сіңлі ағайын дейтін... Оларды да кінәлап болмайды. Бізге бола шатасып қайтеді. Бізден бұрын да қашқақтайтын, енді ғой мүлде ат құйрығы кесілген. Оларға біздің балаларымыз не керек? Сөйтіп-сөйтіп, осыны ойлап, ақылымыз айран болады. Бір-бірімізге айтпасақта, осы арада сүйегіміз шіриді-ау деп қорқамыз. Әбутәліптің мүжілгенін көріп, өзегім өртенеді... Енді бізді қандай күн күтіп тұр, бір құдайдың өзі біледі... Осыдан соң екеуі де тіл қатпады. Әлгі әңгімені енді қайтып қозғамады да. Жолға тас төсеп, пойыз келе жатса өткізіп жіберіп, жұмыстарына қайта кіріседі. Қолдан басқа не келеді? Басына іс түскен пенделерге бұдан артық не көмек бере алады, не деп жұбатады? “Әлбетте, мойындарына дорба іліп, қайыршы болып кетпес-ау, – дейді Едіге ішінен, – бір күн көрісі болар. Екеуі де жұмыс істейді. Бұларды ешкім мұнда зорлап айдап әкелмеген де сияқты, бірақ енді құтылар жолы да жоқ. Ертең де, бүрсігүні де бұл тығырықтан шыға алмас...”

Осы бір отбасының тағдырын дәл өзінің тағдырындай көріп, соларға бола неге күйіп-пісіп, неге қамығатынын Едіге өзі де білмей таң болады. Олар кімі еді оның? “Е, бұларда менің шаруам не? Басымды қатырып қайтемін”, – деуіне де болады ғой. Біреудің жөн- жосығын жоқтап, ақ-қарасын айыратындай кім еді бұл Едіге? Жер бетінде кім көп, бұл сияқты жұмыскер, дала перзенті көп. Бұл өмірде әділет қайсы, қиянат қайсы деп, ұяты маза бермей, әлек-шәлегі шығып, бұл қалай деп ашу-ызаға мінетін не жөні бар Едігенің? Осы оқиғалардың бастау-көзінде отырғандар істің мән-жайын Боранды Едігеден гөрі мың есе артық білмей ме? Сары-өзекте отырған бұдан гөрі сол бастау-көзде отырғандар, әрине, алыстан көреді. Едігенің неге басы қатады? Едіге бәрібір мазасыз ойдан айыға алмады. Неге екені белгісіз, әсіресе Зәрипаның халіне бола жаны ауырып, жүрегі сыздады. Осы әйелдің адалдығы, шыдамдылығы, тауқыметпен арпалысып, жанталасқан тірмізіктігі Едігені таңғалдырып, тәнті қылды. Бұл әйел қара дауылдан ұясын қанатымен қақпайлап, шырылдаған бейкүнә құс сияқты болып көрінді. Басқа біреу болса – жылай- жылай омырылып, әлгі арызқой ағасының айтқанына көніп, айдауына түсер еді да. Ал бұл болса  өткен соғыстың зардап- запыранын өзінің ерімен бірге бірдей бөлісіп келеді. Әсіресе осы бір әділетсіздік Едігенің жанын жегідей жеп, санасын сарсаңға салды да қойды: қолдан келер қайран жоқ, бұл Зәрипаның балаларын да, күйеуін де қорғай алмайды... Осы бір отбасын тағдыр шіркін жел айдаған қаңбақтай Борандыға әкеліп тастағанына кейін- кейін Едіге әбден өкінген кезі де болды. Соншама азапқа қалып несі бар еді? Ештеңені сезбестен, білместен, сары уайым сарсаңға қалмастан бәз баяғыша жүре бермес пе еді...

VI

Түс ауа Алеуттер аралының оңтүстігін ала Тынық Мұхитта толқындар қозғалаңдай бастады. Америка құрлығының ылдиынан оянған оңтүстік шығыстың желі бірте-бірте қатайып, өзінің бағыт- бағдарын түзеп, күшіне мініп алған. Телегей айдын теңіздің беті теңселіп барып, ыңырана ырғалып барып, десте-десте ырғалаң бірте- бірте қат-қат толқындарға айнала берді. Сірә, бұл дәл сұрапылдың өзі болмаса да, көпке дейін толастамас топалаң толқын болар-ды.



“Конвенция” авианосеці үшін жалаң мұхиттағы мұндай толқындар қауіпті де емес. Басқа бір кез болса, ол өзінің орнынан қозғала да қоймас еді. Бірақ өздерінің жоғарғы өкіметтерімен кеңесіп алып, жедел қайтып келе жатқан ерекше өкілетті комиссиялардың самолеттері енді-енді келіп қона бастайтын болған соң, қаптал желдің қаһарынан сескеніп, авианосец бұрылып барып, тұмсығын желге қаратып қойды. Бәрі де ойдағыдай болды. Алдымен Сан-Франциско самолеті, соңынан Владивосток самолеті келіп қонды.

Комиссиялар толық кұрамда екен. Бәрі бірдей сұсты, бәрі бірдей үн-түнсіз, әбігерлі сыңай танытады. Он бес минуттан кейін олар жабық мәжіліске жиналды. Мәжіліс жұмысы басталғаннан он бес минут өткенде Құдірет галактикасындағы 1–2 және 2–1 паритет- космонавтарға арналып, “Паритет” орбиталық станциясының бортына шифрлі радиограмма жіберілді.

“Паритет” орбиталы станциясындағы 1–2 және 2–1 бақылаушы- космонавтарға: Күн системасынан тысқарыда жүрген 1–2 және 2– 1 паритет-космонавтарға ескертілсін: олар ешқандай әрекет жасамасын. Бірбасордан ерекше нұсқау болмайынша, орындарынан қозғалмасын.

Осыдан соң ерекше өкілетті комиссиялар бір минут уақыттарын бос жібермей, космос кризис-қасатын шешу бағытында пікір алысып, әркім өз позициясы мен ұсыныстарын ортаға салды...

“Конвенция” авианосеці  тұмсығын желге қаратып, Тынық Мұхиттың түмен толқындарының ортасында тұра берді. Бұл кезде оның үстінде Жер планетасының ең толғақты мәселесі – талай- тағдыры шешіліп жатқанын әлем жүзінде бірде-бір жан білген жоқ.

Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай заулап жатады.

Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады.

Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.

Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...

Ана-Бейітке дейін енді екі сағаттай жол қалған. Қаралы керуен Сарыөзекпен сол бұрынғы сарында келе жатқан. Жол басында түйе мінген сол Боранды Едіге, астындағы Қаранар сол сау желген қалпынан әлі танбаған. Ізінше тың жолмен жылжып трактор келе жатыр, тіркемедегі Қазанғаптың сүйегімен қатар тырп етпестен Айзаданың күйеуі отыр, ең соңында “Беларусь” экскаваторы жортақтайды. Бір бүйірлеп, біресе озып кетіп, біресе артта қалып, енді бірде түбіртек түбіне сарып, апайтөс сары төбет Жолбарыс бар ынта-шынтысымен салып ұрып ол келеді. Күн тас төбеге таянып, қыза түскен. Артта созалаңдап талай жер қалды. Ал Сарыөзектің бір белінен өтіп, енді бір беліне шыға келсең, алдыңда көкжиекке дейін көсіліп, тағы да тағы қиырсыз, тұлдырсыз ту дала көлбеңдей береді. Даланың дарқан кеңдігінде шек жоқ. Баяғы бір заманда бұл өлкені, Сарыөзектің даласын түгелдей дерлік жаулап алған жауыз келімсек жуан-жуан дегендер көпке дейін жайлаған. Бұл жерлерде басқа да көшпелі халықтар болған. Жайылымға бола, құдыққа бола олардың арасында ылғи да қақтығыс жүріп жататын. Біресе анаусы, біресе мынаусы жеңетін. Бірақ жеңімпаздар да, жеңілгендер де бәрібір осы арадан кетпейтін. Көп болғанда біреуінің жері тарылып, біреуінің жері кеңейетін. Елизаров айтады ғой, бұл өлке ондай қан төгіске татитын деп. Өйткені күнкөріс керек, күн көріс үшін осындай нулы жер керек. Ол кезде бұл араға әсіресе көктем мен күзде жауын көп жауады екен де, ірі қараға да, майда малға да шүйгін шөп молынан жетер екен. Сол заманда бұл жерлермен саудагерлер жиі жүріп, сауда- саттық қызады екен. Бірақ кейіннен ауа райы күрт өзгеріп, жаңбыр тамбай, құдықтар құрғап, өрістің шөбі қурап, жердің тандыры тартылыпты. Содан соң келімсек халықтар, түрлі тайпалар Сарыөзекті тастап, басы ауған жақтарына кете бастапты. Ал жуандар болса мүлде жоғалып кетсе керек. Еділге қарай жөңкіле көшіп, сол ақ Еділ бойларында құмға сіңген жауындай зым-зия болыпты. Қайдан келіп, қайда кеткені ешкімнің есінде қалмапты. Қыстың күні Еділдің үстімен опыр-топыр өтіп бара жатқанда қарғыс атып, мұз ойылып кетіп, бүкіл мал-мүлкімен, тұқым- тұқиянымен су жұтып жіберген деседі...



Сарыөзектің түпқазық халқы – шаруа қазақ – қанша қиыншылық көрсе де ешқайда аумай сол баяғы жерінде қалды. Жаңадан құдық қазып, су шығарып өз күнін көріп жатты. Заманнан заман өтіп, Сарыөзектің бойы жандана бастаған кез соғыстан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келіп еді. Машина шығып, су тасығыш көліктер пайда болды. Егер шофері жер танығыш болса, бір су тасығыш машинаның өзі үш-төрт малды мекенді сумен қамтамасыз ете алады. Сарыөзекпен шектес жатқан облыстардың колхоз- совхоздары бұл даланың жайылымын кеңірек пайдалану қамымен, осы Сарыөзек мал өрісінің тұрақты баздарын салмақшы да болып жүрген. Ондай құрылыстар қаншаға түседі, қаржыны қайдан аламыз десіп қалған. Асықпағандары қандай жақсы болған. Әсте- әсте, бірте-бірте білдірместен, сездірместен Ана-Бейіт айналасында атсыз қала пайда болды. Оны тек Пошта Жәшік деп атайтын. Жұрт- тың бәрі де: Пошта Жәшікке бардық, Пошта Жәшікте болдық, Пошта Жәшіктен сатып алдық, Пошта Жәшікте көрдік... десетін болды. Сөйткен Пошта Жәшік құрылыстанып, құлашын жайып, өзінің шебіне бейсеубет адамдарды кіргізбейтін болып алды. Асфальт жол оны бір жағынан космодроммен жалғастырып, бір жағынан темір жол станциясымен байланыстыратын болды. Сарыөзекте сөйтіп жаңа дәуір орнап, өндірісті өлке шыға келді. Бұрынғының жұрнағынан қос өркешті  Егіз-Төбенің арасында жатқан Ана-Бейіт қана қалған. Бұл Сарыөзек атырабының ең ардақты зираты болатын. Баяғы заманда жұрт өлген адамын осы бейітке әкеліп қою үшін араға бір түнеп, түу қиырдан келетін болған. Оның есесіне сол Ана-Бейітке қойылған кісінің үрім-бұтағы: біздің бабамыз Ана-Бейіттің өзінде жатыр, деп мақтанады екен. Әдетте Ана-Бейітке көп жасаған, көпті көрген, ісімен де, сөзімен де халқына қамқор болған аса білгір даналар, елі үшін еңіреген ерлер жерленеді екен. Сұңғыла Елизаров бұл араны Сарыөзектің пантеоны дейтұғын.

Сол бір күні сол Ана-Бейітке ит ілескен түйелі-тракторлы қаралы керуен сояудай состиып Боранды разъезінен шығып, тырнадай тізіліп осы қасиетті мекенге таяп келе жатыр еді ғой... Ана-Бейіттің өз тарихы бар-ды. Атадан қалған аңыз бойынша, әңгіме өткен ғасырларда жуан-жуандардың Сарыөзек даласын басып алуынан басталады. Олар қолға түскен тұтқындарды адам айтқысыз азапқа салатын болған. Реті келсе, жуан-жуандар өз тұтқындарын көрші елдерге құлдыққа сатады екен, ал ондай тұтқындар жолы болған пенделер көрінеді, өйткені олар, әйтеуір, бір қашып шығып, сәті түссе, туған еліне оралады екен. Ал енді жуан-жуандардың қолында құлдықта қалған тұтқындардың күнін құдай көрсетпесін. Жуан-жуандар ондай құрбан құлдардың басына кепеш кигізіп, айуан азаппен ақыл-есінен айырады екен. Әдетте мұндай азапқа қолға түскен жас жауынгерлер ұшырайтын. Ең әуелі олардың шашын бір қылшық қалдырмай тақырлап тұрып ұстарамен қырып алады. Шашын алып бола берген тұста, жуан- жуанның жалаңдаған қасапшылары таяу жерде ең сыйдаң-саяқ түйені сойып тастайды, Түйенің терісін сыпырын жатып, ең қалың деген төстік көнтерісін бөлек кесіп алады. Сол көнді кесіп-кесіп, әлі жып-жылы буы бұрқыраған қалпында тұтқынның жап-жаңа шашы алынған тақыр басына қаптай қойған кезде осы  өзіміздің қазіргі   заманда суға жүзгіштердің басына киіп алатын резинка шәпке сияқты сып-сығыр желімдей жабыса қалады. Басқа көн қаптау деген осы екен. Мұндай сықпытқа ұшыраған пенде не өліп кетеді, не бұл азапқа шыдай алмай ақылынан адасып, өткен-кеткенін мүлде ұмытып,  өмір-бақи мәңгүрт-құлға айналады. Бір түйенің төс терісінен бес-алты кепеш шығады екен. Басына кепеш қапталған сорлының мойнына ағаш мойынтұрық кигізіп қояды. Ондағы амал: тұтқын пенде басын жерге жеткізе алмауы керек. Осы бір кейіпте әлгі тұтқынды жуан-жуандар аяқ-қолын тырыстырып байлап, шақшиған күннің астына, ассыз-сусыз, айдалаға апарып тастайды. Өйткені  әлгі тұтқын, жаны қысылғанда құлындай шырқырап, өлердегі даусы шығып, жуан-жуандар ауыл-аймағының тынышын алады. Бұл тозақ бірнеше тәулікке созылатын  болған. Кепеш бас жатқан жердің ұрымтал тұстарында тұтқынды руластары келіп құтқарып алып кетпесін деп қарулы қарауылдар тұрады. Бірақ қыбыр еткен құрт-құмырсқа көрінетін жазықта ондай әрекет, сірә, некен-саяқ кездескен. Алда-жалда, солай да солай, бәленше жуан- жуандардың қолына түсіп, мәңгүртке айналып кетіпті деген қауесет шыға қалған күннің өзінде әлгі сорлының ең жақын туыстары оны құтқарып, не барымта беріп алуға ынтыға қоймаған. Өйткені бәрібір, енді елге бұрынғы ер-азамат емес, құр сүлде қайтарын олар білген. Тек ел есінде Найман-Ана атанып кеткен найманның бір әйелі ғана өз ұлының әлгіндей халге ұшырағанына шыдамаған. Ол туралы Сарыөзекте сақталған аңыз да бар. Ана-Бейіт атты зират содан қалған. Айдалада азап кепеш кигендердің, Сарыөзек аптабынан тірі қалғандары аз болыпты. Әлгі мәңгүрттердің бесеу-алтауынан тек бір-екеуі ғана тірі қалатын көрінеді. Өлгендері аштықтан да емес, тіпті сусамыр шөлден де емес, күнге кеуіп тырысқан көн терінің басты шығыршықтай қысып, жан шыдатпас талқысына шыдай алмай өледі екен. Тақыр шекедегі шикі көн шыжыған күннің ыстығымен құрысып, тырысқан кезде тұтқын-құлдың басына темір құрсау салып бұрағандай сықырлата сығады. Күн екінші тәулікке айналғанда-ақ азапкердің тақыр басына шаш шыға бастайды. Азиялықтың тікендей қайсар шашы кей-кейде көн теріні тесіп кіріп кетеді екен де, көбінесе шығарға тесік таппай, кері қарай иіліп барып, бастың өзін бұрғылай бастайды. Ондайды құдай дұшпанына да салмай-ақ қойсын. Сол азаптың ақыры ақыл-естің айнуына ұласады. Тек бесінші тәулік дегенде жуан-жуандар келіп, тұтқындардың қайсысы тірі қалды деп тексереді. Егер азапкерлердің біреуі тірі қалса да, мақсат орындалды деп есептейді. Ондай бейбаққа сусын беріп, құрсаудан босатып, бірте-бірте әлдендіріп, аяғына тұрғызады. Енді бұл зорақыдан ақыл-естен айырылған мәңгүрт – құл деген сөз. Сондықтан да мұндай мәңгүрт басқа он сау құлға татырлық, аса құнды құл саналады. Тіпті көшпелілер арасында мынадай шарт та болған: егер өзара қақтығыс қантөгісте мәңгүрт-құл өлсе, ол үлкен шығын, оның құны өзге азат адамның құнынан үш есе қымбат төленген. Мәңгүрт өзінің кім екенін, ел-жұрты, руының кім екенін, өз атының кім екенін білмес. Балалық шағы, әке-шешесі де мүлде есте қалмас. Бір сөзбен айтқанда, мәңгүрт өзінің адам екенін аңғармас. Өзінің кім екенін білмейтін, сезбейтін мәңгүрттің шаруашылық тұрғыдан келгенде толып жатқан артықшылығы болған. О да бір, тілсіз мақұлық мал да бір, сондықтан ол қауіпсіз де, иесіне шексіз бағынған құлақ кесті құл. Қашып құтылып кету деген ұғым оның ойына мүлде келмес. Қайбір құл иеленушіге болмасын ең қауіптісі құлдың көтерілісі. Қай құлды алмаңыз, ішінде нағыз бүлікбас бұғып жатады. Мәңгүрттің басқа құлдардан өзгешелігі сол – онда ешқашан бүлік шығару, бағынбау деген сезім оянбас. Ондай пиғылдан ол ада. Сондықтан да оны қадағалап, қарауылдаудың қажеті жоқ, жаман пиғылы бар-ау деп сезіктенудің де керегі жоқ. Мәңгүрт те ит сияқты иесіне ғана пейіл. Басқа ешкіммен ол сұхбаттаспас. Бар ойлағаны қу қарынның қамы – қарны тоқ болса болды. Ал енді тапсырылған іске жан-тәнімен кірісіп, пәруана беріліп, мүлтіксіз орындайды. Әдетте мәңгүрттерді ең лас, қиямет жұмысқа салар еді, көнтері біреу болмаса басқа адам төзбейтін, жылбысқыдай жалықтыратын ең мезі жаман мехнатқа жегетін. Сарыөзектің меңіреу даласындағы елсізде түйе келелерінің соңынан қалмай жападан-жалғыз мал жаю үшін мәңгүрттен басқа жан баласы шыдамас еді. Ондай ит өлген жерде бір мәңгүрт бәленбай адамның жұмысын атқара алады. Тек атауын берсең болды – мал соңында қысы-жазы жалғыз өзі бел шешпей тағдырға налып қыңқ етпей жүре береді. Қожасының пәрмені мәңгүрт үшін бұлжымас заң. Бар тілері қу тамақ, далада үсіп өлмес үшін ескі-құсқы қомыт киім, басқа ештеңенің керегі жоқ...

Тұтқынның басын кесіп алу немесе оның зәресін зәр түбіне жіберу үшін басқа бір кез келген жаза деген құдайдың рақаты ғой. Дүниедегі жаза біткеннің сұмдығы адамды ақыл-есінен айыру да. Ақыл-ой – адам өле-өлгенше өзімен бірге болатын жалғыз қазына ғой. Біреудің қолында бар байлық басқа біреуде де бар болар, ал ақыл-ой тек саған ғана тән, басқалардікінен бөлек жалғыз асылың. Біреудің ақылы біреуге қазына болмайды. Өзінің түнек тарихынан тағылықтың ең сұмдық, қатыгез түрін мирас қылған көшпенді жуан- жуандар адамның әлгі ең асыл қазынасына қорқаулық жасаған. Олар құлдарды сап-сау күйінде ақыл-есінен таза адастыру амалын тауып, сол арқылы адам баласының болмысына дүниедегі зұлымдық біткеннің ең бір сорақы-зорақысын қолданған ғой. Мәңгүртке айналған тірі өлік баласын жоқтап тұрып, қара күйік пен қасірет- қайғының запыранын жұтып тұрып, Найман-Ана былай деп бекер айтпаған да: “О, құлыным, сенің басыңа көн қаптап, темір қысқышпен жаңғақ шаққандай етіп, шығыр салып бұрап, ақыл-есіңнен айырғанда, басыңды құрсаулап қойып қысқанда, үрейлі көзің шарасынан шыға қанды су аққанда, Сарыөзектің түтінсіз жалынында қақталып, ажал аузында ындының құрып жатқаныңда, кезерген ерніңе аспаннан бір тамшы тамбағанда, о, құлыным, саған сонда күллі әлемге тіршілік беруші Күнді сен қарғаған жоқ па екенсің? Сонда саған жарық Күн Дүние-Әлемдегі шамшырақ жұлдыздардың ішіндегі ең қап-қара дүлейі, көзсіз соқыры болып көрінген жоқ па екен?

Айдала сенің ащы айқайыңнан жаңғырығып, азапқа шыдай алмай, күндіз-түні жанталасып, өкіре өксігіп, безбүйрек аспанға қарап, көк тәңіріден араша күткен сәтіңде, жан азабы мен тән азабына төзе алмай, тұла бойың бұлқына бұралып, жұлқына берген соң аузыңнан құсық, артыңнан нәжіс кетіп, сол сасықтан тұншығып киіздей тұтасқан шыбын-шіркей бет-аузыңа үймелеп, ес-түсіңнен айырылып бара жатып, соңғы дәрмен қуатпен бар даусыңмен бақырып, мына дүниені жаратып алып, оны өзі тастап кеткен қу құдайды қарғадың ба екен, құлыным?

Адам айтқысыз азаптан айныған ақыл-ойыңды біржолата қараңғылық басып, зорақыдан алжасқан зерде тұманданып, анаңның дидарын, өзің жазда жағасында жүгіріп ойнап жүретін тау бұлақтың сылдырын мәңгі ұмытып бара жатқаныңда; өз атың, әкеңнің аты, ағайын-туғандарыңның түр-түсі, өзіңе қарап ұялып жымиятын қыздың аты жау жапырған жадыңнан мүлде шығып бара жатқанда, ақыл-ессіз тұңғиыққа мәңгі-бақи батып бара жатқаныңда, сен сонда, құлыным, сені жарық дүниеге әкелгенім үшін, сені туғаным үшін мына бейбақ анаңды қаһарлана қарғамадың ба екен?” Бұл оқиға көшпелі Азиядан ысырылған жуан-жуандар солтүстікке қарай лап қойғанда болып еді. Жуан-жуандар Сарыөзекті көпке дейін жаулап алып, онымен де қоймай жер көлемін ұлғайтпақ болып әрі десе қолға құлдар түсірмек болып, жан-жағындағы елдермен үздіксіз жауласа берді. Ә дегенде тұтқиылдан шабуылдап, Сарыөзекке жақын жатқан тайпалардың талай-талай ер-азаматын, тіпті қатын-баласын да қолға түсірді. Бәрін де құлдыққа салды. Бірақ басқа тайпалар бірте-бірте есін жиып, бас көтере бастады. Жуан-жуандар Сарыөзектен кетпек былай тұрсын, қайта малға құт осы кең далаға біржолата қазық қаққысы келіп жанталасты. Ал жергілікті халық болса, басқыншыларды қуып шығып өз жерін ерте ме, кеш пе, әйтеуір қайтарып алуды өздеріне парыз санап, бұл қиянатқа көнгісі келмеді. Қалай дегенде де, ірілі- ұсақты ұрыстарда, біресе анау жеңіп, біресе мынау жеңіп, соғыс созыла берді. Бірақ сол созалаң соғыстың өзінде де ара-тұра тыныштық орнаушы еді.

Сондай бейбітшіліктің бірінде мүлік артқан, керуен тартқан саудагерлер найман еліне келіп, дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып, өздерінің Сарыөзектен кедергісіз өткенін айтады. Жуан- жуандар құдықтан су алуға аса тыйым салған жоқ дейді. Әңгіме арасында Сарыөзекте мыңғырған келе-келе түйе бағып жүрген бір жас түйешіні көргендерін еске алады. Саудагерлер әлгі түйешімен сөйлескісі келген екен, сөйтсе ол мәңгүрт екен. Былай қарасаң сап- сау сияқты, тіпті ақыл-есі жоқ деп ойламайсың. Бір кезде ол да шешен, зерек болған шығар, өзі әлі жап-жас, мұрты енді-енді тебіндеп келеді, түр-тұлғасы да тәп-тәуір. Ал сөйлесе кетсең – кеше туған бала сияқты. Байғұс не өзінің атын, не әке-шешесінің атын білмейді. Өзіне жуан-жуандардың не бәле  істегенін  де сезбейді. Өзінің туған ел-жұртын, руын да білмейді. Не сұрасаң да үндемей тұрып-тұрып: “иә” немесе “жоқ” дейді, бар айтары сол. Басындағы кепештен қолын бір алмайды-ау, алмайды. Күнә болса да, адамдар кейде кемістікке де күледі. Осы әңгімені айтып отырып, саудагерлер кейбір мәңгүрттердің басына түйенің терісі мәңгі қатып қалатынын да еске алды. Ондай мәңгүрттерді: “Кәне, басыңдағы түйенің терісін сыпырып алып тастайық”, – деп қорқытсаң, ол үшін бұдан асқан азап жоқ, жабайы жылқыдай жұлқынып, басына ешкімді жолатпайды. Ондайлар өмірі басынан кепешті алмайды. Ұйықтаса да сол бас киіммен жатып ұйықтайды... Бірақ десті саудагерлер, ақымақты ақымақ дерсің-ау, ал әлгі мәңгүрт өз шаруасына тас-түйін, керуен әбден ұзап кеткенше қалың түйе келелерін қас қақпай күзетіп, қалшиды да тұрды. Бір керуенші әлгі мәңгүртті алдамақ болып: – Ал біздің жолымыз алыс. Кімге сәлем айтасың? Сұлу қызың бар шығар, ол қай жақта? – дейді. – Жасырмай айта ғой. Естимісің- ей? Сол қызға сенен сәлемдеме деп орамал апарып берсек қайтеді?

Мәңгүрт керуеншіге қарап-қарап тұрып, ақырында:

– Мен түнде ылғи айға қараймын, ай маған қарайды. Бірақ бір- бірімізді естімейміз... Айда біреу отыр... – деп міңгірлейді.

Осы әңгіме үстінде саудагерлерге шай құйып беріп бір әйел отырған. Ол Найман-Ана еді. Найман-Ана деген атпен Сарыөзекте аңыз болып қалған.



Найман-Ана жолаушылардың көзінше сыр берген жоқ. Әлгі хабарды естігенде шай құйып отырған әйелдің түрі өзгеріп, өзегі өртеніп кеткенін ешкім байқамай да қалды. Саудагерлерден әйел әлгі мәңгүрт туралы егжей-тегжейлі сұрап көрмекші болды да, сол естігеннен артық хабар білудің өзінен қорқып кетіп, тілін тістей қойды. Кеудесінде бір күдік жаралы құстай шар етіп еді, өзін-өзі әрең тежеп, тіл қатпады... Бірте-бірте сорлы мәңгүрт мүлде ұмытылып, әңгіме ауаны басқа жаққа көшті. Дүниеде не болмайды, соның бірі де, тәйірі. Ал Найман-Ана тұла бойын билеп алған үрейді, қолының дірілін білдірмеуге тырысып, кеудесіндегі шар еткен жаралы құстың үнін өшіргендей болып, тек бурыл басынан көптен бері түспей келе жатқан қаралы жаулықпен бетін бүркемелей берді. Саудагерлер көп ұзамай өз жолымен кете барды. Сол бір ұйқысыз өткен түнде Найман-Ана Сарыөзекке барып, әлгі мәңгүрт түйешіні іздеп тауып, өз баласы емес екеніне көзі жеткенінше жаны жай таппайтынын ұқты. Ұлының соғыс даласында мерт болғанына бұрыннан да ана жүрегі түскір бір түрлі шүбәлана беретін сияқты еді, сол бір зілмәуір зымиян күдік көкейінен қайта көтерілген… Соңырасыз сол күдікпен жүрегі мәңгі сыздап, ұдайы үрей меңдеп жүргенше, өлі-тірісіне біржолата көз жеткізіп қайту керек болды. Сарыөзек жағындағы жуан-жуандармен бір соғыста мұның ұлы шейіт болып кетіп еді. Оның алдындағы шайқаста күйеуі өлген. Ол наймандардың ішінде әйгілі даңқты кісі еді. Кейін әкесінің кегін алмаққа келесі жорыққа ұлы аттанды. Өлгендерді соғыс даласында қалдырып кетуге болмайды. Жорықтас ағайын өлген жауынгердің сүйегін елге қалайда алып қайтуға тиіс. Бірақ бұл жолы амал болмай қалды. Сол бір сойқан қоян-қолтық соғыста Найман-Ананың ұлы аттың жалын құша құлағанын көбі көрген. Ұрыстың дабылынан үріккен асау ат бір шетке ытырыла жөнелген. Үстіндегі жауынгер ерден құлап түсіп, үзеңгіден аяғы шықпай қалған кезде, әлгі аты түскір бұрынғыдан бетер үркіп, ақилана шауып, айдалаға әлгі өлі денені сүйретіп алды да кетті. Сұмдық болғанда, ақикөз ат жау жағына қарай зымырасын. Әрбір жауынгер жанталаса жағаласып, ұрыстың нағыз қызған шағында шашау кету қиын, сонда да болса әлгі иесін сүйреткен аттың алдын кес-кестеп ұстап алмақ болып, екі ағайын тұра ұмтылған. Бірақ та сайда жасырынып жатқан жуан- жуандардың тыл әскерінен бірнеше бұрымшаштылар қиқулай шауып, әлгі екеуді атойлады. Наймандардың бірі ә дегенде-ақ садақтың жебесі тиіп мұрттай ұшты, екіншісі қатты жараланып, атының басын бұрып, өз тобына әрең жетіп, гүрс етіп жерге құлап түсті. Жамандық көрмей, жақсылық жоқ, дегенмен осы жағдай арқылы наймандар жуан-жуандардың жасырынып жатқан тың жасағы бар екенін біліп қалды да, сол жасақтың нағыз шешуші сәтте бір бүйірден лап қоюынан сақтанып, етек-жеңді қайта жинап, қайта атой саларға, көп шығын шығармай тез шегіністеді. Әлгі жас жауынгерді – Найман-Ананың ұлын іздеу енді, әрине, ешкімнің ойына да келмей ес шыққан кез еді... Өз тобына қайта жетіп үлгерген жаралы найманның айтуы бойынша, жас жауынгерді сүйреткен ат белгісіз жаққа лезде батып, көзден ғайып болып кеткен...

Наймандар өлікті бірнеше күн қатарынан шарқ ұрып іздеді. Бірақ не өлікті, не оның атын, не қару-жарағын таба алмады. Бір белгі жоқ, із-түзсіз кетті. Оның өлгеніне ешкімнің күмәні қалмаған. Тіпті жарадар болғанның өзінде, осыншама уақыт ішінде ол мына мидай далада шөлдеп, не  қансырап өледі. Жас жауынгердің туыстары бауырымыз Сарыөзектің шөлінде көмусіз қалып кетті деп, жоқтау айтып, ұлардай шулап көп жылады. Көмусіз қалғаны – сүйекке таңба. Найман-Ананың үйінде жоқтау айтып жылаған әйелдер өз байлары мен бауырларын күстаналап:

– Есіл ерді қарға-құзғын шоқыды-ау, ит-құсқа шіркін жем болды- ау! Оны жалғыз тастап кетіп, бастарыңа бөрік киіп, қайтіп еркек болып жүрсіңдер-ау! – деп күңіренді.

Сөйтіп Найман-Ана басына құлазыған дүниеде құлазыған жалғыздық күн орнады. Соғыс болған соң адам құрбан болмай тұрмасын ол біледі, әрине. Бірақ өз ұлының айдалада жападан- жалғыз, жүзі жасырусыз, көмусіз қалғаны сорлы ананың жанын жегідей жеп барады. Қайғының қалың нуында аңырап қалды. Қатпар-қатпар қайғыны бөлісетін ешкім жоқ, бір құдайдан басқаға арыз айтып, шағынар да пенде жоқ...

– Біржолата күдер үзерге, жайраған жалғыз ұлдың жұлыны жұлынғанын өз көзімен көру керек. Өлген екен, әне сонда тағдырдың салғанына кім таласпақ? Ана жүрегін бәрінен де күпті қылған жайт ұлының ереуіл атының ұшты-күйлі жоғалып кетуі еді. Үйірде өскен жылқы баласы ерте ме, кеш пе, әйтеуір, өзі от оттаған жерге бір оралып, үзеңгіге аяғы ілініп қалған өлікті сүйретіп ала келуі керек еді. Әне сонда ана сорлы қанша үрейлі болса да, өліктің үстіне құлап түсіп, ойбайын салып, өз бетін өзі тырнағымен орып жіберіп, құдай қарғап қойған сормаңдай сорлымын мен деп, ай бір аңырар еді; сонда соқыр құдайдың құлағы керең болып қалмаса, сол аңырақай жоқтаудан жаны шошыр еді. Әне сонда сорлы ана баласынан біржолата күдер үзіп, ақ мамасы қара тасқа айналып, ендігі жерде өлімнен де қорықпай, ажал қашан келсе де аялдамай, алаңдамай, артына қарайламай, сол зұлматты қарсы алар еді. Қырсыққанда, ұлының өлігі табылмады, аты қайтып келмеді. Басқа жамағайын мұның баласын бірте-бірте ұмыта бастады, дүния халі солай ғой, шығын қанша ауыр болса да, жара шіркін бірте-бірте жазылар да... мәңгі ұмытылар. Бірақ жалғыз ана жүрегін күдігі түскір кеміре берер. Бәрі-бәрі ұмытар, тек ана ғана тағат таппас, ұмыта алмас. Ана байғұс баладан басқаны ойламас. Ереуіл атқа не болды, ер-тұрманы, қару-жарағы қайда қалды – ең құрыса, солардың бірі табылса, ұлының қандай халге ұшырағанын шамалауға болар еді-ау. Сарыөзектің бір бұлымында әбден қалжырап, тұралаған тұл атты жуан-жуандар ұстап алуы да ықтимал ғой. Әбзелді ат та олжа емес пе. Олай бола қалған заманда, үзеңгіге аяғы ілініп сүйретілген ұлдың күні не болды? Жуан- жуандар оның жүзін топырақпен жасырды ма, жоқ әлде ит-құсқа жем болсын деп тастап кетті ме? Ау, егер ол әлі кеудесінде жаны бар болса ше, ғажайыптан шыбын жаны шықпаса ше? Сонда жаулар оны азаптан біржолата құтқарып, өлтіре салып, айдалаға тастап кетті ме екен, әлде? Әлде? А, кенеттен?.. А, бәлкім?..

Күдік-шүбәда шек жоқ. Осынау кезбе саудагерлер шай ішіп отырып, Сарыөзекте кездескен жас мәңгүрт туралы әңгіме айтқанда, олар Найман-Ананың өзі өртенгелі тұрған өзегіне шоқ салып жібергендерін сезбей де қалды. Ана-жүрек әлдеқалай сезіктен аласұрып, атқақтап ала жөнелген. Әлгі жас мәңгүрт менің бейбағым емес пе екен деген ой жатса-тұрса мазалап, бүкіл санасын шырмап алды. Ақыры өз көзімен көріп, бөтен біреу болса, оны анықта, күдер үзбейінше, көңілі тыншымайтынын ақиқат сезді. Наймандардың жазғы жайлауы болған ойлы-қырлы осы өңірде тастақ бұлақтар ағып жатады. Түні бойы Найман-Ана сол бұлақтың сылдырын сарыла тыңдайды. Оның алқынған жүрегіне үндес емес сылдыр бұлақ не дейді? Соны тыңдап сорлы жүрек тыншығысы келеді. Сарыөзектің тылсым даласына аттанар алдында мына жәудір бұлақтың сыбдыр үніне әбден қанып, қуаттанып алғысы келеді. Сарыөзекке жалғыз аттанудың қаншалықты қатерлі, қауіпті екенін ана шіркін біледі, бірақ өзі тәуекел еткен тіршілігін жан баласына тіс жарып айтқысы жоқ. Бәрібір оның жан дүниесін ешкім түсінбес еді. Оның бұл әрекетін ең жанашыр дегендердің өзі құптамас. Әлдеқашан сүйегі қурап қалған ұлын да адам іздей ме екен? Әйтеуір, бір себеппен тірі қалғанның өзінде де, мәңгүрт болып кеткен ұлдан не қайыр, оны іздеп не азап, құр бекерге жүрегіңді жұлмалап не керек? Мәңгүрт дегенің бір кездегі сау адамның қарақшыдай болып қалған қаңқасы емес пе? Оны көргеннен не береке?..

Жолға аттанар сол бір түн. Найман-Ана үйден бір шығып, бір кірді. Түн сықпытына тесіле қарап, тың тыңдап, бағдар бағамдап, ойран болған ойын жинақтап, ұзақ тұрады. Аспан ашық, сүттей жарық жер бетіне әлжуаз нұрын себелейді. Дөң-дөңестерді бауырлай шоғыр-шоғыр тігілген ақ үйлер мына шылдырақ бұлақтарды жағалай қонақтап қалған аққу құстар сияқты. Ауыл іргесіндегі қой қотан мен одан әрі жылқы жайылып жатқан жылға сай жақтан иттердің үрген үні, адамдардың күбір-сыбыр даусы естіледі. Ауыл сыртында қыздар қосылып ән салып жүр. Бәрінен де Найман-Ана жүрегін осы ән елжіретеді. Өзі де бір кезде осылайша айлы түнде ән салған... Ес біліп, осы елге келін болып түскелі бері бұл ауыл жылда осы жерлерге жайлауға шығады. Бар өмірі осы өлкеде өтіп келеді. Кезінде керегесі кең, үйі толы адам еді, төрт үй қатар тігілетін. Біреуі – ас үй, біреуі – қонақ үй, екеуі – жатын үй еді. Жуан-жуандардың шапқыншылығынан кейін жалғыз... Иә, ол енді жалғыз үйді тастап кетіп барады... Жолға кеш бата- ақ жиналған. Ас-су дайындалған. Суды көбірек алды. Сарыөзекке жеткенде бірден құдық табыла ма, жоқ па деп, екі мес су құйып алды... Күн батар-батпастан Ақ інгенді мама ағашқа байлап қойды. Бар үміт артар жалғыз жолдасы сол. Ақ інгеннің күші мен жүйріктігіне сенбесе, Найман-Ана Сарыөзектің меңіреу даласына тәуекел деп аттанбас та еді. Екі рет боталаған Ақ інген сол жылы қысыр болғандықтан мініске берік, жарау күйінде-тін. Ұзын тірсек, бедеу інгеннің табаны серіппелі еді де жас малдың табаны мұқала қоймаған, қос өркеші тіп-тік, әдемі иір мойын, қырым етсіз келісті бас, сау желгенде екі танауы көбелектің қанатындай желпілдеп, ауаны қомағайлана тартатын Ақ інгеннің құны тұтас бір келеге пара-пар еді. Мұндай жел жануардан ұрық алып қалар үшін ондаған тайлақты матап тұрып берер еді. Мыңғырған малдан Найман- Ананың қолында қалған жалғыз алтын қазынасы осы Ақ інген-ді. Басқа байлық сабындап жуған қолдың кіріндей ғайып болды. Бәрі де өлі аруақтардың сыбағасы болып, қырқына сойылды, жыл толған асына ысырап болды... Қазір әлдебір үмітпен өзі іздеп бара жатқан ұлына да осы  таяуда жуық жерлердегі исі найман баласын шақырып, қарақұрымдай жұртты жиып, ақырғы асын беріп таратқан.

Таң қылаңда Найман-Ана жиынып-терініп үйден шықты. Табалдырықтан аттай  бере, босағаға  сүйеніп, ұйықтап жатқан ауылды мұңлы көзбен тағы да бір шолып алды. Әлі де сыны таймаған сымбатты Найман-Ана алыс сапардың салты бойынша белді бекем буынған. Аяғында етік, шалбарланып алған. Көйлек сыртынан қысқа жеңді қамзол, оның сыртынан желбегей шекпен жамылған. Басын ақ жаулықпен орап, желке тұсын түйіп қойыпты. Түні бойы ойлап- ойлап, ақыры ұлыммен кездесу сапарына бара  жатсам, қара жамылып керегі не деген. Әгәрім үміті ақталмаса, әлі де қара жамылып үлгірер. Алагеуім сәтінде шашының ағарғаны, қасіреттің таңбасындай жүзін айғыздаған әжімдері білінбейді екен. Сол бір шақта жанарына үйіріліп жас келді де, көкірегі қарс айырылып күрсініп салды. Осындай хал кешемін деп ойлап па еді... Лезде қайратқа мініп, бойын жинады. Босағадан аттай беріп: “Би-исми- л-лаһи-р-рахмани-р-рахим” – қайырымды, шапағатты Алла атынан” деп Ақ інгенге қарай адымдап ала жөнелді. Інгенді шөк-шөк деп шөгергенде, Ақ інген жарықтық әдеті бойынша ыңырана бақ-бақ етіп, төсін жерге төсеп, тізесін бүге берді. Аша үстіне қоржынды артып болып, Найман-Ана інгенге мініп, шу-шулегенде жануар тізесін жазып, үстіндегі иесін аспандата түрегелді. Алыс сапар тұрғанын Ақ інген сонда сезді...

Найман-Ананың аттанғанын үйдегі қызметші қайын сіңлісінен басқа ешкім сезген жоқ. Ұйқысыраған қайын сіңлісі есінеп тұрып, жеңгесін жалғыз шығарып салды. Найман-Ана қайын сіңлісіне: “Ертең төркіндеріме аттанамын, біраз күн қонақтап, егер жолсерік табылса, Қыпшақ еліне асып, Түркістан барып, қасиетті Әзіреті- сұлтан Қожа Ахмет Яссауи мешітіне тағзым етемін”, – деп кеше ескерткен... Әркім-әркім жөн сұрап әуре етер деп, жолға таң бозынан аттанды. Ауылдан қашықтап барып, тылсым түнек түкпірінен әрең- мәрең көлбеп жатқан Сарыөзектің даласына қарай бет алған…

Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай ағылып жатады.

Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сахара сар даланыңкіндіктұсы– Сарыөзектіңұлан-ғайыржазығы көсіліпжатады. Бұл өлкеде, қашықтық атаулы уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.

Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады.

“Конвенция” авианосецінің бортынан “Паритет” орбиталық станциясындағы бақылаушы космонавтардың атына тағы бір шифрлі радиограмма жөнелтілді. Бұл радиограммада да: Күн Галактика- сынан тысқары жақта жүрген 1–2 және 2–1 паритет-космонавтармен олардың қайта оралу мәселесі жөнінде ешқандай келісім болмасын, радиобайланыс жасамаңдар деп қатыбас қатаң түрде ескертілді! Бұдан былай да Бірбасордың нұсқауын күтіңдер делінді.

Мұхитдауылы сәлбәсеңсіген. Авианосецті толқындаредәуір тербеп тұрған. Алып кеменің құйрық жағын ала Тынық Мұхиттың суы сапырылып, асыр салып, асып-тасып жатты. Теңіз айдынында толқынменойнағансансыз ақкөбікжалдардымыңқұбылтыпжалтырата жайнап қақ төбеде күн жарқырап тұр. Бір сарынмен жел еседі.

“Конвенциядағы” жан біткен –  авиаторлар да, мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері де – бәрі-бәрі сауысқандай сақ қалпында, сақадай сай күйінде… Сарыөзектің ой-қыры мен жазирасын қусырып Ақ інген жарықтық тынбай ыңырана боздап, сау желіп келе жатқалы да бірнеше күн өтті. Иесі болса тыным бермей, Ақ інгенді сауырлап, аптап атыраппен аңыратып келеді. Тек түнде ғана сирек кездесетін саяқ құдықтың басына түнеп шығады. Ал таң ата Сарыөзектің сансыз қатпар-жықпылынан мыңғырған түйе табынды іздеп тағы жолға шығады. Күні кеше көрген кезде, саудагерлердің айтуы бойынша, олар мәңгүрт түйешіге пәленбай шақырымға созылып жатқан осы Құмдышаптың тұсында кездескен. Найман-Ана енді сол мәңгүртті іздеп, шарқ ұрып жүр. Жуан-жуандарға тосыннан түйісіп қаламын ба деп қорқа-қорқа Құмдышапты айнала шарлағанына да екінші күн. Бірақ қанша шарқ ұрғанмен қу дала мен сары сағымнан басқа ештеңе көзге ілікпейді. Бірде тіпті алыс күмбездері көкке өрлеген ғажайып қала көрінгендей болды да, Найман-Ана соған жетпек болып, ит өлген жер жүріп, арам терге малынды. Ондағы ойы: “Балам сол шаһарда құлдар сататын базарда жүрген шығар” деген дәме еді. Құлдыққа сатылайын деп тұрған жерінен баласын құтқарып, Ақ інгенге мінгестіріп алып қашса, оны ешкім де қуып жете алмас еді... Сөйтсе, бұл алдамшы сағым екен, алданғанына қатты күйінді.

Сарыөзектен адам іздеп табу деген оңай ма екен: адам да бір, бір түйіршік құм да бір. Ал енді кең өрісте жайылып, мыңғырған мал жүрсе, оны әйтеуір ерте ме, кеш пе, табасың. Соны тапсаң, бақташысы да табылады. Найман-Ананың есебі солай еді. Бірақ еш жерден тірі жан кездеспеді. Жуан-жуандар қалың малын басқа өріске ауыстырып әкетті ме, әлде толайым күйінде Хиуа мен Бұхардың базарына айдап кетті ме деп те сескенді. Олай болса, түйеші мәңгүрт ит арқасы қияннан қайтып орала ма, жоқ па?.. Ана шіркін көкірегін қайғы мен күдік кернеп, ауылдан аттанарда жаратқаннан бір-ақ тілек тілеген: мейлі мәңгүрт болсын, мейлі ессіз, ақылсыз пенде болсын, кім болса, ол болсын, әйтеуір, менің балам болып шықса екен, әйтеуір, тірі көрсем екен... Бір көрсем – арманым жоқ! – деген. Бірақ та жуырда кезбе саудагерлер керуені әлгі мәңгүртті кездестірген жерге жақындаған сайын ана жүрегі ақыл-ессіз мәңгүрт ұлды көруден сескеніп, тұла бойын үрей билей берді. Енді құдайға: “Е, жасаған, балам тірі болмаса болмай- ақ қойсын, бірақ әлгі мәңгүрт сол болып шықпаса екен, бақытсыз басқа біреу болып шықса екен”,– деп жалбарынды. Ал алыстан сарылып, сансырап келе жатқандағы мақсаты – әлгі мәңгүртті өз көзімен көріп, өзінің ұлы емес екеніне әбден сеніп, біржолата күдер үзу. Күдер үзіп, елге қайтып, қалған ғұмырында тағдырдың салғанын көріп жүрер еді де... Енді бірде бұл райдан қайтып: “Е, құдая, сол бейшара мәңгүрт басқа біреу емес, тек менің ұлым болса екен деп зарыға, зарлана тіледі. Мәңгүрт тұрмақ, тағы бір бәле болып кетсе де, тек менің ұлым болса екен...”

Ойлар сайысының осындай ойранында келе жатып, енді бір қырқадан аса бергенде, кең алқапта жайбарақат жайылып жатқан түмен түйе табыны көзіне оттай басылды. Өркештерін май тұтқан қоңыр түйелер маңғаздана маң-маң басып, әр қараған, шеңгелдің басын бір шалып, жайыл-ы-ып жүр. Іздегенім ақыры табылды-ау деп Найман-Ана ә дегенде қуанғаннан Ақ інгенді сауырлап, өріске қарай салып ұрып келе жатты да, кенет қазір мәңгүрт ұлымен көрісетіні есіне түсіп, есі шығып, тұла бойы қалшылдап, үрей-үркек болды да қалды. Тағы  бірде қуаныш бойын қайта билеп, не болғанын білмей, жүрегі түскір алып-ұшты.

Мыңғырған мал мынау, ау, мұның бақташысы қайда? Осы маңда болса керек еді. Өзектің арғы бетінен бір адам көрінді. Аулақтан кім екенін айыру қиын. Қолында ұзын таяғы бар, үстіне қоржын, торсық артқан мініс түйесі жетегінде, әлгі бақташы сабалақ тұмағын баса киіп, жақындап келе жатқан жолаушыға бей-жай қарап, қозғалмастан тұра берді.

Таяп келіп, Найман-Ана өз ұлын танығанда, түйе үстінен қалай аунап түскенін өзі де білмей қалды. Ақ інгеннен құлап түскендей болып еді, оны елер шама жоқ!

– О, ұлым менің, құлыным! Мен сені іздеп шарқ ұрдым! – Ол киіздей тұтасқан баялышты кеше-меше ұмтылды. – Мен сенің анаңмын! Жүрегі түскір су-у-у ете қалды. Аяғымен жер тепкілеп, аузы- басы кемсеңдеп, өзін-өзі тежей алмай, ал кеп бір аңырасын, боздасын сорлы ана. Буын-буыны дірілдеп, құлап түспекке томардай қақайып тебіренбей тұрған ұлының иығынан қос-қолдап құшақтап алған. Төбесінен ұдайы төніп тұрған қара қайғы зілмәуір салмақпен енді келіп үстіне құлағанда, амалсыздан аңырап, азалы бір, үрейлі бір үнге басқан. Жылап тұрып, жас жуған ақ шашының арасынан, бетіндегі шаң-тозаңды көзден аққан жас лайланып, соны сүртпек болып, діріл қаққан саусақтарының арасынан әлі де үміткер көңіл өз ұлының таныс дидарына қадалады. Мені таныр ма екен деген ынтызар үмітпен ұлының жанарына жалбарына көз тігеді. Өз анасын тану деген сонша қиын емес қой, құдай-ау!..

Бірақ анау бұл әйелді осы даладан күнде көріп, әбден көзі үйреніп кеткендей-ақ, бұл жолаушының  алыстан арып-ашып келгеніне титтей де мән берген жоқ. Қасында біреу бар ма, жоқ па, неге жылайды-ау, неге күйзеледі-ау деген не, жо-жоқ, селт етпеді- ау сабазың. “Ау, неге жылап тұрсыз?” – деп те сұрамады. Ол-ол ма, бір сәтте анасының қолын өз иығынан ысырып тастап, жанынан бір сәт ажырамайтын қомдаулы түйесін жетектеп, тасыраңдаған жас табын алыстап кетпеді ме екен деп, түйелер жаққа қарай аяңдап кете барды.

Жападан-жалғыз қалған Найман-Ана жүресінен отыра кетті де, өксігін баса алмай, қос қолымен бетін мыжып, басы салбырап, сансырады да қалды. Ақыры әл-дәрменге келіп, сабыр сақтауға тырысып, баласының артынан барды. Мәңгүрт ұлы сабалақ бөркін баса киіп, бұған зердесіз, мәнсіз ғана көз қиығын тастағанда жел қағып, қайыстай қарайып, өлі беттеніп кеткен жүзінде болар-болмас жымиыс елесі шалықтап өткендей болды. Ал көзі... көзі дүниеде не бар, не жоғынан бейхабар, бейтарап, сол баяғы адасқақ, сезім- сезіксіз күйінде қала берді.

– Отыр, сөйлесейік, – деді сорлы ана аһ ұрып күрсініп алып. Екеуі жерге отырды.

– Сен мені танисың ба?– деді анасы. Мәңгүрт басын шайқады.

– Сенің атың кім?

– Мәңгүрт. – Мәңгүрт деп сені қазір атайды. Ал бұрынғы атың есіңде ме?

Есіңе түсірші шын атыңды.

Мәңгүрт үнсіз. Бірдеңені есіне түсіргісі келіп, ышқынып-ақ отыр, тіпті қиналғаннан кеңсірігі терлеп те кетті, бірақ көз алдын дір-дір еткен тұнжыр тұман тұтты да тұрды. Сірә, көз алдын ештеңе көрсетпес қалың қапас қаптап алса керек, ештеңені есіне түсіре де алмады, елестете де алмады...

– Әкеңнің атын білесің бе? Әкеңнің аты кім? Өзіңнің елің қайда, руың кім? Тым құрыса, туған жеріңді білесің бе?

Жоқ, тұтасқан тұңғиық тұман. Ол еш нәрсе білмейді.

– Құдай-ау, қандай күйге душар қылған сені! – деп сыбырлап, ана мұңлық қайтадан еріксіз аузы кемсеңдеп, ыза мен қайғыға булығып, өзін-өзі баса алмай, өксіп-өксіп, үзіліп-үзіліп боздай берді. Ана қайғысы мәңгүртке шыбын шаққан ғұрлы көрінген жоқ.

– Ау, жерді, суды тартып алса мейлі, байлығыңды тартып алса мейлі, тіпті жаныңды алса да мейлі, – дейді ана үнін шығарып. – Ау, адамның ақыл-ойын тартып алуды қандай қаражүрек ойлап тапты, құдай-ау?! О, құдай, бар екенің шын болса, мұндай сұмдықты жұртқа қалай дарыттың? Жер бетінде басқа сұмдық аз ба еді?

Сонда мәңгүрт ұлына қарап тұрып Найман-Ана ай мен күн, күллі әлем туралы, өзі туралы атақты жоқтау жырын айтты дейді. Сарыөзек жөнінде сөз болғанда осы жырды жаттап айтатын білгіштер әлі де бар.

– Мен ботасы өлген боз мая, Тұлыбын келіп иіскеген...

Осылайша күйініп, Сарыөзектің қиырсыз меңіреу даласын жұбанышсыз, шексіз жоқтау жырымен күңіренткен екен...

Бірақ мәңгүрт ұл селт етпеген.

Сонда Найман-Ана сұрақты тыйып, енді әлгі бейбақ ұлына жөн- жосықты сөзбен жеткізбек болған ғой. – Сенің атың – Жоламан. Естимісің сен? Сен – Жоламансың. Әкеңнің аты Дөненбай. Әкеңді ұмытып қалдың ба, құлыным? Ол саған титтейіңнен садақ атуды үйретіп еді ғой. Мен сенің анаңмын. Сен менің баламсың. Сен найман руынан боласың, ұқтың ба? Наймансың сен...

Айтуын айтты-ау байғұс ана. Бірақ баласы меңіреу қара тастай мелшиіп тұра берді. Не айттың, не қойдың демеді. Оған ана әзіздің зары да, шөп арасындағы шегірткенің шырылы да бір сияқты.

Тіпті болмаған соң Найман-Ана мәңгүрт ұлдан:

– Сен мұнда келгенге дейін не болды, білесің бе? – деп сұрады.

– Ештеңе де болған жоқ.

– Мұнда келгеніңде күндіз бе еді, түн бе еді?

– Ештеңе де.

– Кіммен сөйлескің келеді?

– Аймен. Бірақ біз бір-бірімізді естімейміз. Айда біреу отыр.

– Тағы не қалар едің?

– Басымда қожамның басындағыдай бұрым болса.

– Келші бері, басыңа олар не істеді екен, көрейін,– деп Найман- Ана қолын соза беріп еді, мәңгүрт шоқ басқандай, ыршып түсті. Шегініп кетіп, қос қолымен тұмағын баса қалып, енді қайтып апасына қарамай қойды. Баласының басы туралы еш уақытта тырс етіп тіс жармау керек екенін шешесі сонда түсінді.

Осы кезде алыстан түйелі адам көрінді. Түйе мінген осылай беттеп келеді екен.

– Анау кім? – деп сұрады Найман-Ана.

– Маған ауқат алып келе жатыр, – деді баласы.

Найман-Ана шошып қалды. Кенеттен келе жатқан жуан-жуан көріп қалмай тұрғанда, тез жасырыну керек-ті. Ол інгенді ылдым- жылдым шөгеріп, үстіне міне берді.

– Сен ештеңе айтпа... Мен кешікпей келемін, – деді Найман-Ана. Баласы үндеген жоқ. Оған бәрібір.

Жайылып жатқан түйелердің ара-арасымен інген мініп өткеніне өкінді. Енді болары – болды. Табынға таяп қалған жуан-жуан ақ інген мінген адамды, әрине, көріп қойды. Інгенді жетектеп түйелердің ара-арасымен жаяу кету керек-ақ еді. Табыннан едәуір ұзап барып Найман-Ана жағасына қалың жусан өскен терең жыраға түсіп кетті. Ол осы жерге інгенін шөгеріп, жасырынып жатып, әлгі жуан-жуанды бақылайды. Айтса-айтқандай, жау оны байқап қалған екен. Сәлден соң-ақ сол жуан-жуан түйесін желдіріп отырып жортып келеді. Қолында найза, мойнында садақ. Әлгі алыстан шалынған ақ түйелі адам қайда ғайып болды дегендей жан-жағына алақ-жұлақ қарап, жуан-жуан аң-таң. Қалай қарай жүрерін өзі де білмейді. Жыраны, жағаны жағалап былай бір өтті, олай бір өтті. Соңғы рет тіпті таяп қалып, заулап өте шықты. Найман- Ана Ақ інгеннің тұмсығын жаулықпен буып тастағаны мұндай жақсы болар ма, әйтпесе хайуан неме үні шықса – бітті ғой. Жағадағы жусанның арасынан сығалап жатып, Найман-Ана жуан-жуанды анық көрді. Мінгені барақ түйе екен, жан-жағына алақ-жұлақ қарайды. Боржық беті сіресіп қалыпты. Басында қайық сияқты қайқы қара қалпақ. Желкесінде екі айырық өрген бұрым күнге қурап, оңып кеткен сияқты. Жуан-жуан үзеңгіге аяғын шірене тіреп, түйенің үстінде түрегеліп тұрып, найзасын серт ұстап, көздері аларып, айналаны тінте шолады. Бұл Сарыөзекті басып алып, талай халықты қан жылатып, құлдыққа айдап қор қылған қатыгез жаулардың бірі еді. Найман-Ананың сүттей ұйып отырған ұясын да бұзған осылар. Қару-жарақсыз жалғыз әйел мына жалмауыздай жойпат жауға не қауқар көрсете алмақ? Біреудің жерін, малып тартып алғаны бірсәрі, ал адамдарын құл етіп, оны мәңгүртке айналдырып ақыл-есінен айыруға бұл жойпат жабайы жауыздарды қандай ахуал, нендей жағдай итермеледі екен... деп ойлады сонда Найман-Ана.

Ары-бері алқын-жұлқын шапқылай жүріп-жүріп,  жуан-жуан ақыры табынға қарай тартып отырды.

Күн кешкірген. Күн батып кетсе де, оның алау шапағы мидай даланың үстінде қызарып тұрып алды. Сәлден соң бірден ымырт үйіріліп, түн түнегі түсті.

Найман-Ана сол түнді өзінің соры қайнаған мәңгүрт ұлының маңайында жападан-жалғыз өткерді. Ұлының жанына жақындап баруға сескенді. Әлгі жуан-жуан табында түнеп қалуы да мүмкін ғой. Содан сорлы ана ұлымды мұнда қор етіп қалдырмай, неде болса алып қашайын деп түйді. Мейлі мәңгүрт-ақ болсын, мейлі ақыл-естен ада ауыш болсын. Сарыөзектің қуарған даласында пенде халін кешкенше, неде болса өз үйінде жүрсін. Ана-жүрек осылай деп зар иледі. Басқалар көндіккен сұмдыққа бұл көндіге алмады. Өзінің өзегінен шыққан жалғызды жаутаңдатып жау қолында қалдыруға жанытөзбеді. Кім біледі, сәтінсалып, туғанжерінкөргенсоңбаласының есі кірер, кім біледі, балалық шағы есіне түсер, миы оянар...

Таң ата Найман-Ана Ақ інгенге мініп жолға шықты. Түні бойы едәуір ұзап кеткен түйе табынға алыстан орағытып, байқап-байқап, ақыры таяп келеді. Жайылып жүрген малдың төңірегін ары-бері әбден шолып, жуан-жуандардың жоғына көзі жеткен соң:

Жоламан! А, Жоламан! Амансыңба, құлыным! – деп дауыстады. Баласы жалт қарағанда, қайран ана қуанғаннан үні оқыс шығып, үміттеніп қалып еді, сөйтсе ұлы тек дауысқа ғана бұрылған екен.

Анасы сонда тағы да баласының ақыл-ойын оятпақ болып жанталасты:

– Ойланшы, балам, атыңды айтшы, атың кім сенің? – деп жалына, жалбарына жан ұшырды ана-мұңлық.– Сенің әкең Дөненбай ғой, ұмытып қалдың ба? Сенің атың Мәңгүрт емес, ойбай, Жоламан. Наймандардың ұлы көшінде жолда келе жатқанда туғансың. Содан атыңды Жоламан қойғанбыз. Сен туғанда жолда тоқтап, үш күн бойы той тойлағанбыз.

Бұл зар-әңгіме баласына шыбын шаққан ғұрлы әсер етпесе де, ана шіркін әйтеуір бірі болмаса, бірі есіне түсер, саңлаусыз санасына бір сәулелі сызат түсер деген үмітпен ынтызар сөзін қор қылып сөйлей берді, айта берді:

– Есіңе түсірші, атың кім сенің? Сенің әкең – Дөненбай!   Содан қоржындағы жол азығынан алып баласын тамақтандырды.

Баласы ауқаттанып отырғанда, анасы ыңылдап бесік жырын айтты. Бесік жыры мәңгүртке өте ұнап кетті. Ана жыры жанына жағып бара жатса керек, көнектей қап-қара боп сірескен бет-жүзіне иненің жасуындай жылу пайда болып, жібігендей көрінді. Сол-сол екен, үміткер ана: “Құлыным, кетейік бұл қарғыс атқан жуан-жуандардан, туған еліңе қайт”, – деп жат та кеп жабысты. Мәңгүрт бұған көнбеді. Ау, малды кім бағады? Малды тастап, басқа бір жаққа кетіп қалу деген ол үшін миға кірмейтін сұмдық. Қожасы: “Малды тастап бір елі аулақ кетуші болма”,– деп бұйырған. Қожасының айтқаны – айтқан: ол табынды тастап ешқайда да бармайды...

Найман-Ана қара жартас қақпаны құр бекерге қаққандай, бір айтқан сөзін мың айтып:

– Ойланшы, балам, кімнің ұлысың? Атың кім? Әкең сенің Дөненбай! – деп жағы сембей зарлады.

Өлген ботасын тірілтпек боп боздаған інгендей зарлай-зарлай, жазған ана ұзақ уақыт отырып қалғанын байқамай, тек кешегі жуан- жуан тағы да табынға таяп қалғанын бір-ақ көріп, шошып кетті. Бұл жолы жау түйесін желдірте түсіп, тым жақын келіп қалған екен. Найман-Ана оқтай атылып, Ақ інгенге қарғып мінді де, аулаққа зымырап ала жөнелді. Сөйтсе қарсы жақтан бұған қарай тағы бір жуан-жуан тұра шапты. Сонда Найман-Ана тәуекел деп тас жұтып, екі жуан-жуанның ортасынан Ақ інгенін ағызып өте шықты. Жел аяқ Ақ інген оқ бойы алға озып кетті, арт жақтан найзаларын жарқылдатып жуан-жуандар қиқу салып қуып келеді. Бірақ Ақ інгенге жету қайда-а-а. Барақ жүнді түйелері титықтап, қара үзіп қала берді, ал Ақ інген болса, жұлдыздай жүйткіп, Найман-Ананы анық ажалдан аман алып шығып, Сарыөзектің танабын қусырып, құстай ұшты.

Ызадан жын буған жуан-жуандар қайтып барып бас салып мәңгүртті сабағанын ана-зарлық білген жоқ. Мәңгүртті ұр не, ұрма не. Тек айтары:

– Ол маған шешеңмін дейді, – дей береді.

– Қайдағы шешең ол сенің! Шешең жоқ сенің! Ол қатынның неге келгенін сен білесің бе, ақымақ? Білесің бе-ей? Ол қатын сенің басыңдағы кепешіңді жұлып алып, анау ақымақ басыңнан көн теріңді сыдырып тастамақшы! – деп жуан-жуандар мәңгүрттің жанын түршіктірді. Сонда мәңгүрттің қап-қара жүзі қаны қашып, шүберектей ағарып, құп-қу болып кетті. Мойнын ішіне тартып, бас салып кепеш-тымағын қос қолдап ұстап қолға түскен аңдай, жан- жағына үрейлене қарады.

– Әй, сен қорықпа! Мә, мынаны ұста! – деп жуан-жуандардың үлкені мәңгүрттің қолына жебелі садақты қармата берді.

– Ал, көзде! – деп кіші жуан-жуан өзінің қалпағын аспанға лақтырып жіберіп еді, қалпақты жебе лезде тесіп өтті. – Ойбой, мынаны қара! – деп қалпақтың иесі аң-таң қалды. – Мынау да бір белгі болды-ау!

Найман-Ана Сарыөзектің жайықдаласында ұясы бұзылған құстай шырылдап, айналып жүрді де қойды. Енді не істерін, не күтерін де білмейді. Жуан-жуандар қалың малын енді өз Ордасына қарай жақындатып айдап кете ме, жоқ әлде Найман-Ананы ұстап алудың амалын ойлап, аңдуға көше ме – белгісіз. Ойы он саққа кетіп, таса- тасаны сағалап, әлгілерді алыстан көздеп жүріп, екі жуан-жуан табыннан алыстап, ауылдарына қайтып бара жатқанын көріп, қатты қуаныпқалды. Әлгі екеуі артына қарайламай, қатарласып кетіп барады. Олар әбден алыстап кеткенше Найман-Ана көз алмай аңдып тұрып, ақыры ұлына оралуға бекінді. Бұл жолы баласын қалайда алып кетуге бел байлады. Мәңгүрт те болса – өз перзенті, мәңгүрт болғаны баласының кінәсі емес, тағдырдың салғаны, жойпат жаудың қатыбас қаражүректілігі; ал бірақ ана өз балапанын жау қолында құлдықта қалдыра алмас. Көрсін наймандар! Қолға түскен найман жігіттерін тас жүрек жалмауыр жау қалай азаптайтынын, қалай қорлайтынын, ақыл-есінен қалай айыратынын көрсін. Көрсін де ыза мен кек кернеп, қару-жарағын алып, намыстың тұлпарына мінсін. Жуан-жуандар наймандардың жерін тартып алды. Мәселе жерде ғана ма екен. Жер жарықтық бәріне де жетеді. Қорлығын айтсайшы, қорлығын. Бұл қорлық тіпті алыста жатсаң да жаныңа батар, жай таптырмас...

Осыны ойлап Найман-Ана ұлына оралды, не деп иландырарын, қалай көндірерін күні бұрын ойлап, осы түнде оны қалайда алып қашуға бекінген. Іңір қараңғысы еді. Сарыөзектің сайын сар даласын қызғылтым реңге малып, сайы мен саласынан сусып өтіп, тағы бір түн таянды. Бұған дейін де дәл осындай сансыз түн түскен, бұдан кейін де сансыз түнкеле бермек. Желмен жарысқан Ақ інген Найман-Ананысау желіп отырып, жуан-жуандардың түйе табынына да алып келді. Байыған күннің жетім сәулесі қос өркештің ортасында отырған ана тұлғасын айқындап, айбаттандырып жіберді. Жан-жағына сақ қарап, уайым буған Найман-Ана дидары боп-боз әм сесті еді. Шашының ағы да, бетінің әжімі де, жүзі мен көзіндегі мұңлы уайым да мына Сарыөзектің іңір қараңғылығындай қайғылы, қанаты қайырылған құстай қасіретті еді... Табынға да еніп, түйелердің ара-арасымен келе жатып, жан-жағына қарайды, ал баласы еш жерден көрінбейді. Үстінде қоржыны бар мініс түйесі бұйда-шылбырын шұбатып, қаннен-қаперсіз жайылып жүр, бала жоқ...

– Жоламан! Құлыным менің, Жоламан, қайдасың? – деп шақырды Найман-Ана.

Ешкім көрінбейді, тырс еткен дыбыс та жоқ.

– Жоламан! Қайдасың? Мен анаңмын ғой! Қайдасың?

Жан ұшыра жан-жағына қарап тұрып, түйе тасасында өзіне қарай адырнасын тарта садақ көздеп, тізерлен отырған мәңгүрт ұлын байқамай да қалды. Мәңгүрт ұл атайын десе күннің соңғы сәулесі көзіне шағылысып, енді ол оңтайлы сәтті күтіп отыр еді.

– Жоламан! Ұлым менің! – деп дауыстады, оған әлдене болып қалды деп абыржыған анасы. Түйе үстінен бұрыла беріп, көріп қалды: – Атпа! – деп Ақ інгеннің басын бұра бергенше болмады, садақтың өткір жебелі оғы зың-ң-ң етті де, сол жақ тарқолтықтың астынан келіп кірш ете қалды.

Аяусыз ажал оғы солай тиді. Найман-Ана інгеннің мойнын құша жайлап барып құлап түсті. Құлап түсерден бұрын басындағы ақ жаулығы ұшып кетті де, лезде құсқа айналып, аспанды шарқ ұра шырылдап: “Ойланшы, кімнің баласысың? Атың кім? Атың кім? Сенің әкең Дөненбай! Дөненбай! Дөненбай!..” – деп зар қақсады. Найман-Ана сүйегі қойылған жер Сарыөзектің Ана-Бейіт мазары деп аталып кетті...

Ақ інгеннен көп ұрпақ тарады. Ұрғашылары енесіне тартып, ақбас болып туып, шартарапқа даңқы кетті, ал еркектері қазіргі Боранды Қаранар сияқты қара реңді келіп, зор болып туар еді.

Қазір сүйегін Ана-Бейітке алып келе жатқан Қазанғап марқұм: “Қаранар тегін тектен емес, Найман-Ананың атақты Ақ інгенінен қалған тұқым”, – деп ылғи да дәлелдеп бағатын.

– Едіге Қазанғаптыңосы айтқанына кәмілсенер еді. Неге сенбеске?.. Боранды Қаранар Қазанғаптың сөзін растап тұрған жоқ па... Бастан өтіп жатқан неше алуан сын-сынақ, жақсы да, жаман да күндер бар соның бәрінде де жансерігі, тірегі осы Қаранар болып келеді... Тек бураның жараған шағын құдай көрсетпесін. Және де қыстың нағыз бір қақаған кезінде жарайтынын қайте-сің. Қыс та сақылдайды, бура да сақылдайды, қос қыс қатарынан қаһарланған кезде – тозақтан да жаман... Бір мәрте Қаранар Едігені қатты қажытты. Егер де түйе адам болмай-ақ қойсын, әйтеуір, ақылды мақұлық болса, Едіге оның сол қылығын ешқашан кешпес еді... Бірақ жарау шағында жындана құтырған түйеден не сұрайсың... Амал не... Тіпті мәселе онда да емес. Бұл тек реті келгенде айтыла салған әңгіме ғой, әйтпесе хайуан баласына өкпелеп бола ма, әшейін тағдырдың салғаны осылай бір шырғалаң шықты да. Оған Қаранардың не қатысы бар? Бұл шырғалаңды Қазанғап жақсы білер еді, әділ үкімін айтқан да сол, болмаса Едігенің қандай-қандай хал кешерін кім білген.



VII 1952 жылдың сарша-тамыз бен сүмбіле шағын Едіге бастан кешкен бақытты бір күндер санап, аса бір аяулы сезіммен еске алатын. Сиқыры бардай, Едігенің көріпкелдігі келді де қойды. Кесіртке екеш кесірткенің өзі жанын қоярға жер таппай, шақшиған күннен жан сауғалап босағаға тығылған аптап ыстықтан кейін тамыздың орта тұсында ауа райы кенет өзгеріп сала берді. Алаулаған аптап лезде сап-сап тыйылып, бірте-бірте салқын түсе бастады, адамдардың тым құрыса түнгі ұйқысы тыныш болатын болды. Жылма-жыл демей-ақ қояйық, бірақ кей-кей жылдары Сарыөзекке де рисалат нұры жауып, қадыр түндер орнайтын кез болады. Қысқа дауа жоқ. Қыс қашанда қатал. Ал кейбір жаз көңілі түскенде осылай бір жадырайтыны бар. Мұндай шақ, бір жолы Елизаров айтқандай, аспанның жоғарғы қабаттарында әуе толқындары өз бағыттарын өзгертіп, орасан аласапыран, ұлы көшкін жүргенде туады екен. Елизаров осындай бір әңгімелерді айтуға құмар еді. Оның айтуынша, аспанның биігінде көзге көрінбес орасан алып өзендер ағып жатады. Тынбай аққан сол өзендер Жер шарын шайып тұрады-мыс. Сол бір желдер желпіген Жер жарықтық өз жолымен айналып жүре береді, уақыт ағымы дегеніміз сол көрінеді. Елизаровтың әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет. Мұндай адамдар некен-саяқ, жаны жайсаң кісі еді. Боранды Едіге Елизаровты қатты құрметтейтін, ол да Едіге десе ішкен асын жерге қоятын. Иә, сонымен, Сарыөзекте анда-санда жан сауғалап салқын самал алып келетін әлгі әуе өзендері әлдеқалай өз биігінен төмендейді екен де, Гималайдың биік шыңдарына барып тіреледі екен. Ал Гималай дегеніңіз, құдай-ау, итарқасы қиянда емес пе. Бірақ бәрібір Жер шарының ауқымымен алғанда ол сонша алыста да емес көрінеді. Сонымен тұмсығы Гималайға барып тірелген әлгі өзендер амалсыз кері бұрылады ғой. Сөйтіп ол Үндістан мен Пәкістанға өте алмайды. Олардағы аптап аптап күйінде қала береді. Ал оның есесіне әлгі өзендеркері оралып, Сарыөзектің үстіне бір емін-еркін жайылады ғой. Өйткені Сарыөзектің даласы мұхит-дариядай далиып жатқан кең дүние, тосқауыл-кедергі деген мұнда жоқ... Осылайша сол өзен бұл дарқан далаға Гималайдың салқынын алып жетсе керек... Не десе о десін, сол жылы сарша-тамыз бен сүмбіленің арасы бір жұмақ жаз сияқтанды. Сарыөзекте жаңбыр дегеніңіз тәбәрік. Әрбір жаңбыр есте ұзақ сақталар. Ал, мына жаңбыр Едігенің есінде мәңгілікке қалып қойды. Әуелі аспанды бұлт торлады. Үнемі үңірейіп, аптаптан қуаң тартып, міз бақпай сұстанып тұратын аспанды бұлт торлағанының өзі көзге бір түрлі тосаң көрінді. Ауа буланып, адам айтқысыз қапырық қаптады да кетті. Сол күні Едіге тіркеуші еді. Разъездің тұйық жолында шағыл тас пен қарағай шпалдардан босаған үш платформа тұрған, жүк соның алдында түсірілген. Әдеттегідей, бастықтар әуелі бол-болдың астына алған, сөйтсе алып-жұлып бара жатқан дәнеңе де жоқ: жүгін жұмысшылар алқын-жұлқын түсіріп болған соң да әлгі платформалар тұйық жолда жарты тәулік бостан-босқа қаңқиып қарап тұрды. Ал жүгін түсірерде бекет басындағы іске жарардың бәрі түгел жабылды: Қазанғап, Әбутәліп, Зәрипа, Үкібала, Бөкей – әйтеуір, не керек, тікелей темір жолдың өзінде жұмыс істейтіндерден басқаның бәрі жүк түсіруге түгел жегіліп еді. Ол кезде жұмыстың бәрі қолмен атқарылады. Техника жоқ. Күн болса – қапырық! Буын-дырып барады. Қасақана осындай дүниенің өзі тұншығып тұрғанда келе қалғанын көрмейсің бе платформаның. Амал нешік, жұмыстың аты жұмыс, тоқтатып қоюға болмайды. Ақ тер, көк тер болып, арпалысқан адамдар. Үкібала басы айналып, шыдамастан, құсып жіберді. Ыстықта қара май сасыған шпалдардың иісін иттің етінен жек көрер еді, шыдамады. Амал жоқ, үйіне қайтты. Онан соң үйлерінде ыстықтан ауыздарын бақадай ашып отырған балаларына барсын деп барлық әйелдерді босатып жіберді. Тек еркек кіндік қалды да, тарамыстай тартылып тауқыметке түсті-ақ, бірақ бәрібір жұмысты да тындырды... Ал ертеңіне, дәл жаңбыр жауатын күні, бос платформалар өткінші товарнякқа тіркетіліп, Құмбелге қайтарылатын болды. Паровоз ырғалып-жырғалып, жолдан-жолға түсіп, вагондар тіркеліпболғанша, Едіге солдат моншасындай қапырықтан қан құса жаздады. Мынандай тұншыққан қапырықтан гөрі, күннің өзі шыжып тұрғаны жақсы еді. Паровоздың машинисі де бір мырың неме екен, мимырттап, ыбылжып жүрді де алды. Ал сен болсаң вагон-вагонның астынан бүктетіліп жер бауырлап, еңбектеп жүргенің. Едіге сонда жаны төзбей әлгі машинисті әке-шешеден жіберді дейсің. Анау да аяған жоқ. Пеші лапылдаған паровоздың ішінде машинист байғұстың да көрген күні күн емес. Ыстықтан адамдар ақылынан адасқандай бір заман. Ақырында товарняк та кетті-ау, әйтеуір. Бос платформаларды алып кетті. Сол-сол екен, нөсер де төпеп берсін. Шелектеп құйды дейсің. Нөсердің беті дүр етіп, көпіршіктер шеңбірек атып, лезде шұқыр- шұқырға қақ тұрып ісініп ала жөнелді. Рас болса, Гималайдың қарлы шыңдарынан қор жинаған әлгі жаңбыр әйда бір жауды дейсің, алай- түлей аямай жауды. Мәссаған, Гималай! Құдірет деп осыны айт! Едіге үйге қарай тұра кеп жүгірді. Неге жүгіргенін өзі де білмейді. Жай әдет шығар. Жаңбыр жауғанда адамдар үйге қарай, немесе бір ықтасынға қарай тұра жүгіретін әдеті ғой. Әдет. Әйтпесе мұндай жаңбырдан жасырынып несі бар? Едіге соны соңыра сезіп, Құттыбаевтар отбасы түгел – Әбутәліп, Зәрипа, қос ұлы Дауыл мен Ермек – бәрі де қол ұстасып, жаңбырдың астында, барақ-үйдің қасында секіріп ойнап жүргендерін көріп, тоқтай қалды. Едіге жағасын ұстады. Жоқ, жаңбырға бола қуанып, билеп жүргендеріне таңғалған жоқ. Жаңбыр жауардың алдында ғана Әбутәліп пен Зәрипа үйлеріне қарай апыл-ғұпыл асыға жөнеліп еді. Оның себебін енді түсініп, сүйсінгеннен таңғалып тұр. Олар жауын астында балаларымен бірге болғысы келіп асыққан екен ғой. Мұндай ой Едігенің басына өмірі келмес еді. Енді міне, Құттыбаевтар Аралдың айдынына қонып, асыр салған қайтқан қаздар құсап, нөсеріне қарамай, мәз-мейрам болып, у-да шу, шат-шадыман! Олар үшін аспаннан ақ жарылқап нұр жауған мейрам еді. Сарыөзектің шөлінде жаңбырды аңсап, аусал болған байғұстар. Борандының бекетінде бір сәттік сәулелі шақтың жалына жармасқан теперішті жандардың осы қылығын көргенде, Едіге біресе қуанып, біресе күлкі көріп, әсіресе әлгі теперіштерді аяп, көңілін мұң шалып қалды.

– Ей, Едіге! Кел бері!– деп шелектеп тұрған жауынның арасымен малтып келе жатқандай Әбутәліп қолын бұлғады.

– Едіге ағай! – деп оған қарай балақайлар да тұра жүгірді.

Кенжесі Ермек екіге толып, үшке аяқ басып еді. Едіге оны жанындай жақсы көретін. Сол Ермек жаңбырдан тұншығып, аузын аңқайта ашып, Едігеге құшағын жая ұмтылған. Сәбидің көздерінде ауызбен айтып болмас қуаныштың, сотқарлықтың, аламан ерліктің оты ойнайды. Едіге оны жерден көтеріп алып, шыр айналдырды. Оданәрі не істерінбілмейақтарылып қалды. Осыбір ұяластаройынына араласа кетейін деген қаперіне де кірмеген. Сөйтіп тұрғанда үйдің бір бұрышынаншыңғыра айқайлап, Едігеніңқыздары Сәуле мен Шарапат шыға келді. Олар Құттыбаевтардың айқай-шуын естіп шыққан екен. Екеуі де есі кете қуанып жүр. “Папа, кел, жүгірейікші!” – деп әкелерін қолынантартқылайбастады. Едіге енді аңтарылғанды қойды. Енді бәрі бірігіп, толассыз нөсер жауында әй бір асыр салып берді дейсіз.

Едіге: “Бала неме қарбаласта құлапқалып, қақ су жұтып, шашалып жүре ме”, деп Ермекті қолынан түсірген жоқ. Әбутәліп Едігенің кенже қызы Шарапатты арқалап алды. Сөйтіп екі еркек жарыса жүгірді, бұған балалар мәз-мейрам болады. Едігенің қолындағы Ермек секіріп-секіріп айқайлайды. Жаңбырға шашалып қалғанда су- су бетін Едігенің мойнына тыға қойып, қатты қысып қатып қалады. Сәбидің бұл қылығы адамның жанын жібітіп жібергендей, кенжелерінің Едігеге бауыр басып, алақайлап қуанғанын көріп, Әбутәліп пен Зәрипа дән риза. Олардың бұл райын Едіге әлденеше байқапқалды. Құттыбаевтар отбасы бастаған осы бір жаңбырлы ойын- тамашаға Едіге мен оның қыздары да әбден қуанып, риза болған. Зәрипаның соншама сұлу екенін Едіге сонда тосыннан байқады. Нөсер жауын Зәрипаның қолаңшашынбетіне, мойнына, иығына шашыратып жіберіп, төбесінен табанына дейін саулап аққанда, әйелдің жап-жас балғын тәні – мойны да, білегі де, мықыны да, жалаң аяғының топ- толық балтырлары да мүсінделіп, шаң-тозаңнан шайылған асыл тастай жарқырап шыға келді. Көздерінде ерке наз бен қуаныштың шоғы жанып, тістері ақ маржандай жарқ-жұрқ етеді.

Сарыөзекке жаңбыр қанша жауғанмен жұмырына жұқ та болмас. Қар болса бірсәрі – ол, әйтеуір, бірте-бірте еріп жерге сіңеді. Ал жаңбыр, мейлің шелектеп жау, алақаныңдағы сынап сияқты, жер бетіне тоқтамай сай-салаға қарай сарқырай ағып, ісініп-кеуіп қампияды да – жоқ болады. Жаңбыр нөсерлеткен бірнеше минуттан соң көбік жалданып, кәдімгідей долданып, жыра-жырамен тасқын жүріп кетті. Су сағынған борандылықтар әлгі тасқынды қызық көріп, жыра-жыраны жағалай жүгіріп, ағынға шылапшын, астауларын қайық қылып ағызып ойнады. Ересектеу Дауыл мен Сәуле тіпті шылапшынға отырып, жүзіп те көрді. Кенжелерді де астауға мінгізуге тура келді, сөйтіп ағын сумен олар да жүзді...

Жаңбыр толастар емес. Шылапшынға мініп жүзуді қызық көрген борандылықтар тіпті темір жол бойындағы үймекке жақындағандарын да байқамай қалыпты. Дәл осы кезде Боранды бекет тұсынан жолаушылар пойызы өтіп бара жатыр екен. Жолаушылар пойыздың есік, терезелерінен белдеріне дейін сұғына шығып, шөл даланың бейшара әпенділеріне қарап қалыпты. Олар сынап суға жүзіп жүргендерге күліп, кейбірі ысқырып, кейбірі: “Ей, батып кетіп жүрмеңдер!” – деп айқайлайды. Борандылықтар оларға тым қызық көрінсе керек. Жаңбыр жуған пойыз зу етіп өте шықты. Үстіндегі адамдар бір күн, бәлкім, екі күннен соң діттеген жерлеріне жетіп, Боранды деген бекеттің тұсында көрген қызық-тарын жыр қылып айтып отырар.

Зәрипа жылап тұрған сияқты көрінбесе, Едіге дәл осылай ойламас па еді, кім біледі. Бетіңнен су шүмектеп ағып тұрғанда, кісі жылаулы ма, жоқ па – айыру қиын. Десе де, Зәрипа жылап тұр еді. Ол жылағанын білдіргісі келмей, өтірік күлген болады, өксігін басуға тырысып, айқайлап, сақ-сақ күледі, кереметтей көңілді көрінгісі келеді. Абыржыған Әбутәліп оны білегінен ұстай алып:

– Саған не болды? Басың айналды ма? Жүр, үйге кетейік, – деді.

– Жоға-а, ықылық тиіп қалды, – деді Зәрипа. Шалықтап келген жаңбырдың қызығына әбден батып қалғысы келіп, асығып, үлкендер балаларды тағы да тағы ойната берді. Едігенің көңілі бұзылды. Бұлар ғой, бір қасық суға, бір тамшы жаңбырға зар. Ал басқа бір жерлерде жұртқа жаңбыр таңсық емес, олар тап-таза мөлдір суға қалағанынша шомылады; балаларға қамқорлығы, тұрмыс-жағдайлары мүлде басқа... Солардың бәрінен сен құр қалып, сол қызықтың бірін де көрмей шет қалғаның қандай қиын. Әрі-беріден кейін оны ойлаудың өзі азап. Балаларға бола бір қызықты бастаған Әбутәліп пен Зәрипаны ыңғайсыздандырмауға тырысып, Едіге мына ойыннан шықпай жүре берді...

Балалар да, ересектер де әбден сілесі қатқанша ойнап-күлген. Жаңбыр әлі жауып түр. Енді үйді-үйіне тарап, жүгіре жөнелген. Құттыбаевтар қаздай тізіліп, қол ұстасып кетіп бара жатқанда Едіге олардың соңынан қарап қалып, аяп кетті, әрі сүйсінді. Сарыөзекте бір күн де болса бақыт дәмін татты олар...

Кіші қызын көтеріп алып, үлкен қызын қолынан жетектеп Едіге табалдырықтан аттаған. Олардың түрін көріп Үкібала шошып кеткендей:

– Ойбу, мыналарың не сұмдық? Түрлерің қандай, құдай-ау! – деп алақанымен санын салып қалды.

– Бәйбіше, шошыма,– деп күлді Едіге.– Бура құтырса, тайлақпен ойнайды.

– Бәсе-бәсе, өзің де ұқсап тұрсың,– деп Үкібала күстәналай күлген болды. – Суға түскен тауық құсамай, шешініңдер енді!

Жаңбыр басылған. Бірақ таң атқанша күннің күркірегені алыстан- алыстан талып естіліп тұрды, соған қарағанда Сарыөзектің қиырларында жаңбыр әлі де жауып жатса керек. Түн ішінде күннің күркірегенінен Едіге әлденеше рет оянып кетті. Ғажап.  Арал жағасында ғой дәл тас төбеден күн күркіреп, гүрсілдеп жатса да ұйқыдан оянбаушы еді. Әрине, Аралдың жөні бір басқа – онда күн жиі күркірейді. Оянып кеткен Едіге алыста, аулақта даланың әр тұсынан жарқ-жұрқ еткен найзағай отының сәулесі терезеге дір-дір етіп шағылысқанын жұмулы көзбен-ақ сезіп жатты. Сол түні Едіге түс көрді. Тағы майдан төрінде, төпеген снарядтың астында жатыр екен. Бірақ снарядтар ың-жыңсыз түседі. Жарылған жердің топырағы ың-жыңсыз аспанға ұшып, қап-қара болып, қалықтап тұрады да, зілмауыр тартып, баяулап қайта құлайды. Сондай бір қопарылыс оны зау биікке лақтырып жіберіп еді, жүрегі суылдап, үрейлі бір түпсіз үңгірге қарай тым ұзақ құлады. Содан соң ол шабуылға шығып, жүгіріп келе жатты. Шабуылға шыққан сұр шинельді солдаттар тым көп еді, бірақ ешқайсысының бет-жүздері көрінбейді. Тек автомат ұстаған сұр шинельдер өздерінен-өздері алға қарай андыздап барады. Сол шинельдер “ура!” деп атойлаған кезде, Едігенің алдынан үсті-басы су-су, сақ-сақ күлген Зәрипа шыға келді. О, ғажап! Үстіне шыт көйлек, шашы жайылып кеткен. Бет-аузынан су шүмектеп ағады, бір тынбай сақ-сақ күле береді, күле береді. Едіге тоқтарға дәрмен жоқ, шабуылға шығып бара жатқаны есінде. “Бұл күлісің – қай күліс, Зәрипа? Мынауың жамандыққа көрінер” – дейді Едіге. “Мен күліп тұрған жоқпын, жылап тұрмын”, – дейді Зәрипа, сөйтеді де жауын астында тұрып, тағы да тоқтаусыз күле береді...

Едіге ертеңіне осы түсін Әбутәліп пен Зәрипаға айтпақшы еді, айтпады. Нышаны жаман түс сияқты көрінді. Жаман түсті айтып, оларды қапаландырып қайтеді...

Сол бір ұлы жауыннан кейін Сарыөзектің аптабы аунап сала берді. Қазанғап айтқандай, “шілденің ақысы” бітті. Рас, әлі күн ысыды, бірақ бұрынғыдай зәрі ащы емес еді. Сол сол екен Сарыөзектің қоңыржай қыркүйегі басталды. Борандының балалары да тотияйындай ыстықтан құтылды. Өздеріне жан бітіп, дауыстары қоңыраудай сыңғырлайтынды шығарды. Осы екі ортада Құмбелден хабар келді. Станцияға Қызылорданың қауын-қарбызы түсті. Борандылықтардың үлесін пойызға салып жіберейік, немесе өздері келіп алып кетсін, еріктері білсін депті. Едіге соны сылтау етіп, пайдаланып қалды. Разъездің бастығын: “Оу, өзіміз барып алмасақ, қалған-құтқан, ірік-шірігін жібереді де”,– деп көндірді. Бастық ықтияр берді. “Жарайды, Құттыбаев екеуің барып, ең тәуірін таңдап алыңдар”,– деді. Едігеге керегі де сол еді. Әбутәліп пен Зәрипаны балаларымен бірге тым болмаса бір күнге Борандыдан алып кеткісі келді. Өз үй іші де қыдырып қайтқаны жөн. Сөйтіп қос отбасы ауыл- аймағы, бота-тайлағымен таңертең өткінші пойызға отырып, Құмбелге тартып кетті. Үстеріне бар тәуір киімдерін ілген. Әй, өздері де бір жасап қалды-ау. Балалар ертегілер еліне аттанып бара жатқандай жағалары жайлау. Жол бойы жүректері алып ұшып, тыным таппай ананы бір, мынаны бір сұрайды:

– Ол жақта ағаш өсе ме?




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет