Ажал үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?



бет1/15
Дата14.04.2017
өлшемі3,54 Mb.
#13765
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15





БІРІНШІ БӨЛІМ

І

Ажал — үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?



Бабасы Шыңғысхан бүкіл әлемді осы ажал арқылы бағындырмақ болған жоқ па еді?

Қара бұқараны өліммен әлдилеуден Шыңғыс ұрпағынан шыққан қай хан тартынған?»

Әбілқайыр ірбіз терісінің үстінде аунап түсті.

«Иә, өлім себу — Шыңғыс бабаның ұлы саясаты. Ол өзінің бүкіл әлемді жаулап алам деп жинаған жау жүрек ератын да осы өліммен қорқытып ұстаған жоқ па?.. Иә, иә, сөйткен еді ғой. Қалай делінген еді сол бір тәртіп Ясысында?»

Әбілқайыр көзін жұмды. Жақында ғана фарсы тіліне аударылған. Шыңғыс бабасының әмірі жүріп тұрған кезінде Қарақұрымда болған италиялық бір жиһанкез жолаушының жазған кітабының әрбір әрпі бақандай боп көз алдында тұра қалды. Әбілқайыр ернін жыбырлатып оқи бастады: «Монғол әскері жайында. Шыңғысхан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырған (біздіңше оны онбасы дейді), ал ол онбасы бір жүзбасыға бас иген. Он жүзбасының үстінен бір адам қараған. Оны мыңбасы деген. Бар әскерінің басына үш ноян қойған. Бұл үш ноян барып бір қолбасшыға тізе бүккен». Әбілқайыр сәл көзін ашты. Ең қызығы ар жағы... Ол қайтадан оқи түсті:

«Егер ұрыс кезінде осы он адамның біреуі, не екеуі, үшеуі, тіпті одан көбі кейін қашар болса, олар өлтіріледі, ал жүздіктің өзгелері қозғалмай, әлгі он адам бәрі бірдей кейін шегінсе бәрі де жойылады: қысқасын айтқанда, бәрі бірге шегінбесе, өз бетімен шегінгеннің бәрі тегіс өлтіріледі. Осы айтқандай, он адамның бір-екеуі жауға қарсы ұмтылып, өзгелері тұрып қалса, тұрып қалғандар тегіс құртылады. Ал, осы онның біреуі, не одан көбі тұтқынға түсіп, өзге жолдастары, оларды құтқармаса, құтқармағандардың бәрі де өлтіріледі». Әбілқайыр қайтадан ойға кетті. «Шыңғыстың қай ұрпағын ойлаған мақсатынан басқаның тағдыры тоқтатқаны бар? Тоқтатып көрген емес. Ондай оқиға панднамада да келтірілмейді. Тақтағы хан да, алтын табақтағы жылан да бір. Тием дегенді шағып алуға тиісті. Бабамыз салған қанды-жосықты жол бар. Сол жолдың сүреңі емес пе біз келе жатқан? Қара қазақ түгіл, әлем қожасы Шыңғысханның ұрпағы бірін-бірі аяп көрмеген. Мөңке ханның бір өзінің істегені неге тұрады?».

Шыңғысханның төрт ұлы болған. Жошы, Жағатай, Үгедей, Төле. Төртеуі әлем қожасы Шыңғысхан жаулап алған жерді төрт ұлысқа бөліп, әрқайсысы бір-бір ұлыстан басқарған.

Шыңғысхан өлісімен әлем қожасының төрт ұлының арасында жанжал басталған. Жанжал Шыңғыс ордасы — Қарақұрым Ұлы тағын кім иеленедіден шығды да, аяғы ұлыс арасындағы жер, атақ, бақ тартысына айналады. Жошы мен Төле ұрпағы бір жақ, Үгедей мен Жағатай ұрпағы екінші жақ. Шыңғысхан өлгеннен кейін Қарақұрым тағына Үгедей отырады. Үгедейден кейін ұлы хан оның баласы Күйік болады. Күйіктен кейін Жошының екінші ұлы — Алтын Орданың алғашқы ханы, атақты Батудың арқасында қазақтар Мөңке деп атап кеткен, Төленің үлкен баласы Меңгу Қарақұрымға хан сайланады. Мөңкені хан сайларда, өздерінің күшінің жетпейтінін білген Үгедей мен Жағатайдың балалары толып жатқан сылтау тауып, ұлы құрылтайға келмей қалады.

Тек бір жыл өткеннен кейін, Мөңкенің ызбарынан сескеніп, Үгедей, Жағатайдан тараған бір топ сұлтандар хан тағына құтты болсын айтқалы келеді. Хан оларды үлкен қошаметпен қарсы алады, атағат көрсетеді, бірақ түбінде менің ұрпақтарыммен хан тағына таласатын осылар болар деп, барлығын бір түнде қырғызып тастайды.

Бір мың үш жүз қырық екінші жылы Батудың ұрпағы Алтын Орданы ісләм дініне бағындырған Өзбек хан өлді. Содан кейін Дәшті Қыпшақ жеріндегі осы ханның атымен атала бастаған Өзбек ордасының тағына бір мың төрт жүз жиырма жетінші жылы Әбілқайыр ие болды. Бұл Жошының бесінші ұлы Сайбаннан тараған Дәулет-Шайхы сұлтанның баласы. Қазір оның Мөңке жолы деп отырғаны жоғарғы айтылған Мөңке ханның қанды оқиғасы. Расында да бұл қанды оқиға Шыңғыс ұрпақтарына белгілі сара жолға айналған.

Әбілқайыр теріс бұрылып түсті. «Мөңкеден кейін де бұл қанды жанжал өршелене түскен жоқ па еді? Иә, сөйтті ғой».

Мөңке өлгеннен кейін Шыңғыстан туған төрт ұл ұрпағы төрт дара болып кетеді. «Талас тек Шыңғыстан туған төрт ұл ұрпақтарының арасында болып қойды ма? Жошыдан туған балаларының арасының өзі де сан алуан қанды оқиғаларға айналған жоқ па?» Әбілқайыр ауыр күрсінді. «Иә, Шыңғысханнан кейін бүкіл әлемге аты шыққан Жошының ұлы Батухан мен Төленің балалары Құбылай мен Құлағу болды...

Батухан мен Құлағу бірігіп, Үгедей мен Жағатайдың ұрпақтарына қарсы шықты. Бірақ өздерінің арасы немен бітті? Екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма? Егер әлем тоқты болса, бұл екеуі көкжал қасқырлар еді ғой, таласпай-тартыспай қос арлан қалай қисын орталарындағы жылы-жұмсақ бағланды? Түбі екеуінің жолы екі бөлінуге тура келді емес пе...»

Әбілқайыр тағы күрсінді. Кенет оның көз алдында, дәл бүгінгідей, сонау бір бабалар жыр қылған қанды оқиғалар елестей жөнелді.

Бір мың екі жүз отыз бесінші жылы, яғни Мешін жылы, Қарақұрымға бағынышты елге жар салып Үгедей бүкіл Шыңғыс ұрпағын жиды. Осы құрылтайда бүкіл Батысты жаулап алу мәселесі шешілді.

Міне, Батысқа қарай лек-лек боп монғол әскері аттанып бара жатыр. Бұны елу жылдық жаугершілік өмірінде жеңілуді білмеген Сүбітай баһадур мен жиырма сегіз жасар Батухан басқарып келеді... Бұлардың мінгендері кәкір-шүкір тай-тұяқ емес, он күн желіске шыдай алар аласа бойлы, тоқпақ жалды, құшақ құйрықты, кілең сайгүлік шабысты жылқы. Үстерінде сауытты, жалпақ бет, сығыр көз ноян, баһадурлар. Аттарына да тізелеріне дейін сауыт жабылған. Екі жағында жебеге толған екі-үш қорамса, белдерінде қисық жүзді қылыш пен ұзын сапты айбалта, қамал бұзатын тас атқыштарды сүйреу үшін ер қасына байлап алған жуандығы білектей қыл арқан. Әрқайсысында кем дегенде екі садақтан. Кейбір көрікті киінгендердің тақымдарында бір жақ ұшы пышақтай өткір найза. Жеберлерінің ұшы екі жүзді қанжардай өткір, сүйір. Ысылдап келіп қадалса, егер тәнің тастан жаралмаса, ар жағынан бір-ақ өтері хақ. Белге байланған қорамсалар, қазақ батырларыныкіндей емес, талдан иіп тоқылған. Жауынгерлерінің басына киген темір, қола дулығалары анадайдан күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді.

Лек-лек боп, борт-борт желген қалың қосынның будақтатқан шаңы алыстан жер бетінен көтерілген бұлт тәрізді.

Батысты алуға бұл жолы аттанған әскер үш жүз мың! Үш лек қол! Айбарлы да, сұсты да! Кім, оған шыдай алар! Иә, шыдай алған жоқ.

Сол бір жыл күн тұтылған бір мың екі жүз отыз алтыншы жылы еді ғой. Батухан бастаған қалың қол жаздың аяқ кезінде Еділ бойындағы бұлғарлардың астанасын алды. Үш жылдың ішінде Бату әскері Рязань, Владимир, Суздаль, Киевті шауып Батысқа жол ашылды. Қан судай ақты. Жанған қала, жылаған бала. «Шыңғысхан!», «Батухан!», «Сүбітай баһадур!» аттары әлемді түршіктірді. Бату әскерінің алдында Европа мемлекеттерінің бай өлкелері қалды. Монғолдың ақтангер тапал жылқысының тұяғы енді Польша, чехтар мен мадиярлардың жерін басты. Алдарынан Адриат теңізінің жағасын жайлаған тағы славян елдері көрінді.

Батухан ол араларға да жетер ме еді, қайтер еді, дәл осы кезде яғни бір мың екі жүз қырық бірінші, Доңыз жылы ұлы хан Үгедей өлді деген хабар келді. Бату кейін қайтты. Бөтен елдерді алу қуанышынан Қарақұрымдағы Шыңғыс тағына кімнің отыру қаупі күшті болды.

Ұлы таққа Күйік отырды. Енді біріне-бірі қас қос бөрінің арасы алыстай берді. Бірі «Ұлы Орданың ханымын» деп көкірек көрсеткісі келсе, екіншісі туы аспанда желбіреген Алтын Орданың айбынын алдынан кес-кестей тартты. Батухан Күйіктің бұйрықтарын жалпы тыңдағанмен, кейде сылтау тауып орындамай қоюды да шығарған.

Бұндай жағдайда үш жыл шыдаған Күйік төртінші жылы қалың қосынмен Тарбағатай тауынан түсіп, Алтын Ордаға қарай бет алған. Осындай жанжалды күтіп отырған Бату да су жүректік көрсетпеген.

Еділ өзенінің сағасындағы Алтын Орда астанасы Сарай қаласынан «Сары-

арқадағы елімді көремін» деген сылтаумен он түмен қолмен Күйікке қарсы жүрген.

Қалың қол екі жақтан таяй берді. Күйік пен Бату алыстан айбат көрсетіп, аяқтарымен жер қопарып сүзісуге келе жатқан екі бұқа тәрізді. «Қайсысының мүйізі сынбақ? Ал сынбаса қайсысының мүйізі мұқалып, намысқа шыдай алмай қан қақсап сырқырамақ?».

Бүкіл Шыңғыс әулеті болып демін ішіне тарта күтті. Бірақ заңғар мүйіздер сарт-сұрт ұрысқан жоқ. Күтпеген жерден жол-жөнекей Күйік екі күн ауырып қаза тапты...

Әбілқайыр езу тартып күлімсіреді. «Иә, Күйік жоқ жерден о дүниеге сапар салды. Бірақ қандай аурудан кеткенін әлі күнге дейін тірі жан айта алмайды. Әлде... О да ғажап емес. Егерде жауыңды жеңер найзаның ұшынан басқа да жол таба алсаң, несі айып? Жоқ, жоқ, Шыңғыс бөрілері кісі өлімінен сескеніп көрген емес. Ал сонда өзінікі не? Бір қара қазақты өлім жазасына қия салуға неге осыншама қиналады? Бұл не, қорқақтығы ма, әлде кәріліктің алды боп, табанының бүрі кете бастағаны ма? Жоқ, жоқ, екеуі де емес, бұл жағдайды оңай шешуге болмайды. Мұнда ойланатын кәп көп...»

«Өлім! Керек жерінде, Жошы тұқымы да екі қолын қанға бояп шыға келері хақ. Оған сонау Бату ұрпағының істері куә».

«Иә, иә, Күйік өлгеннен төрт жылдан кейін, Батуханның өзі де дүние салды. Бірақ Ұлы Орда ханы етіп Төленің үлкен ұлы, өзінің үзеңгілес серігі Мөңкені отырғызып кетті. Ал Бату өлгеннің ертеңіне-ақ Алтын Орда тағына талас басталған жоқ па еді... Бұл талас та қандай қанды оқиғаларға апарып соқпады! Ақыры қайыңды құртқан түнгі ағаш жегі көбелектей Батудың бар ұрпағын жойып тынды».

Шыңғысхан заңы бойынша хан өлсе оның орнын үлкен ұлы басуы керек. Батудың төрт ұлы болған-ды. Сартақ, Тұхухан, Аюхан, Ұлақшы. Алтын Ордаға Сартақ ие болуға тиісті еді. Насрани дініне кіргені болмаса, өткір, от жүректі жас екен. Және оны Мөңке хан да ұнатқан көрінеді. Бірақ Алтын Орданы оған Жошының үшінші баласы Берке қиғысы келмейді. Берке Батудың тірі күнінде көзге түскен хан ұрпағы. Мұсылман дініне кіріп, Бағдаттағы Аббасид халифатының осы кездегі халифы Мµстасимнан шапан киіп, тартуға құран алған адам. Мөңкеден Алтын Орда тағына отыруға рұқсат алуға Сартақ Қарақұрымға жүріп кеткенде, осы Берке мойнына бұршақ салып «Уә, алла, бар болсаң Сартақты Қарақұрымға жеткізбей ал!» деп көзінен жасы сорғалап, нәр татпай, екі күн бойы құдайдан тілейді. Сартақ сұлтан жол үстінде іш ауруға ұшырап, қаза табады. Сартаққа келген құдай жіберген ажал ма, әлде Беркенің тапсыруымен сұлтанды күзетіп бара жатқан кісілердің біреуінің берген уы ма, бұны да осы күнге дейін білген жан жоқ...

Әбілқайыр миығынан күлді. Жайшылықта шыбын өлімі құрлы көрмейтін әлгі бір қара қазаққа айтылмақ өлім үкімі миынан шықпай қойғанына күлді. «Жошы ұрпағына адам тағдыры қашан хан шеше алмас жұмбақ болған? Жоқ, бір ғана Жошы ұрпағы емес, бір әке, бір шешеден туған сұлтандар да бірін-бірі бауыздап жатпайтын ба еді?»

Иә, Берке хан болды... Ал бір мың екі жүз алпыс алтыншы жылы Берке дүние салысыменен Алтын Орда тағы қайтадан Батуханның ұрпағына қайтқан. Бірақ Бату ұрпағы Алтын Ордаға жеті атасынан асып хан бола алмады. Бір мың екі жүз тоқсан бесінші жылдан бір мың үш жүз он екінші жылға дейін тақта отырған Тоқтағудан кейін Батудың немересі, Аюханнан туған Өзбек хан өлгеннен соң Алтын Орда тағына Өзбектің баласы Жәнібек отырды. Осы әз Жәнібек ханды қараңғы түнде туған баласы Бердібек өз қолынан бауыздап, хан тағына жетті. Бірақ Бердібек құр әкесін өлтіріп қана қоймады. Алтын Орда тағынан дәметер деп, бір жазда ат жалын тартып мінер аға-інісін тегіс өлтірді. Абат елді ала айран етті. Әйтсе де меншіктенген алтын тақ оған да құтты болмады. Таққа отырғанына екі жыл өтер-өтпестен, қастасқан туыстары оның өзін бауыздап өлтірді. Халық арасына тарап кеткен «Нар мойны кесілген, Бердібек хан өлген кез» деген мәтелдің аңысы содан. Міне, осы Бердібек ханның өлуімен бірге Бату ұрпағының Алтын Ордаға хан болуы да біткен

Әбілқайыр осы оқиғаларды біраз ойлап отырды да, орнынан түрегеліп терезе алдына барды. Бірақ бірінен соң бірі тізбектелген ауыр ойлар, соңынан ерген жетім күшіктей, қалмай қойды.

«Алтын Орда хандығына талас Батухан ұрпақтарының арасында біткенмен, Жошының өзге балаларының үрім-бұтақтарының ішінде бітті ме?» Дәшті Қыпшақ ханы тағы да ауыр күрсінді.

«Жошыдан қырық ұл, он жеті қыз туған екен. Әрқайсысы бір ұлыс, әттең ауыз бірліктері болмады. Алтын Орда ханы боламыз деп қырық пышақ боп қырылысты ғой бәрі. Соның ішінде тек Бату ұрпағы ғана үстем болып келді. Егерде Жошының үлкен баласы Орда Батудай азулы жаратылғанда көкек әні басқа түрде айтылар еді. Әйткенмен Орда ұрпағының бозөкпе болғаны теріс тимеді. Міне енді, Бердібек сұмның қанды қолы арқылы Бату ұрпағынан бақ құсы ұшып еді, Алтын Орда өзгемізге қалған жоқ па?

Рас, Алтын Ордадағы Сайбан ұрпағы кешірек хан бола бастады. Ал, Жошының он үшінші баласы Тоқай Темір ұрпағы бесінші буынында, Ақсақ Темір көрегенмен алысып өткен Орыс ханның кезінен-ақ бауыр басты.

Игіліктің ерте-кеші жоқ, тек арты қайырлы болсын.

Әбілқайыр қабағы қарс жабылып кетті. Оның сұлу мұртты ағайраң түрінде бір орасан қобалжу сезілді. Ханның бүйтіп жан-жағына үрке қарап, көңіл күйінің өзгере қалуының аужайы көп еді.

Қос қолы қызыл қанға боялғанына қарамай, он жеті жасар Әбілқайырды азулы тілектестері Дәшті Қыпшаққа хан етіп ақ кигізге көтерді. Бақ құсы басына қонып, ақ түйенің қарны жарылды. Бірақ адамның бағы көтерілген сайын, жауы да көбейеді. Бұған Жошының өзге ұрпақтарының арасындағы көкіректерін ежелден жегідей жеп келе жатқан бақ күндестік, ел билеуліктен туған талас кеселдерінен басқа бөтен де себептер қосылған.

Біз әңгіме етіп отырған бір мың төрт жүз елу алтыншы жылы осы талас жарға тіреліп тасығалы тұрған өзендей шеңберіне әбден жеткен кезі еді. Әбілқайырдың сескенетін жауы екеу: бірі — Орыс ханнан туған Құйыршық ханның баласы Барақ ұлы Жәнібек пен оның үш аталас туысы Керей. Екіншісі өзінің аталасы Мақмүдек ханнан туған Ходжа Мұхамед ханның баласы Абақ. Бұл да құр сұлтан емес, Алтын Орда мен Ақ Ордаға ие болған хан тұқымдары. Әсіресе Орыс ханның ұрпақтары қауіпті. Жәнібек пен Керейдің құр өздері ғана емес, арттарында әрқайсысы бір түменге қолбасшы бола алар қасқырдың бөлтірігіндей сегізден ұлдары тұр. Әсіресе жас болса да Жәнібектің ұлы Қасымның, Керейдің баласы Бұрындықтың аяқ алыстары бөлек. Бұлары да ештеңе емес, Жәнібек пен Керейден сескенер басқа да қаупі бар. Көк Орда тірегі, Әбілқайырдың оң қолы Қыпшақ болса, Жәнібек пен Керейдің сүйенері Арғын. Арғын жүрген жерде Қоңырат, Найман, Керей, Уақ, Тарақты да үзеңгілесе кетеді.

Ал, ақиқатына келсек жанжал түбі әріде жатыр. Бұл мезгіл сонау Соғды жері мен Еділ өзенінің жағасына дейін Ұлы Дәшті Қыпшақ даласын жайлаған түркі тұқымдас елдердің екіге бөліне бастаған шағы еді. Шаруашылығына қарай, Мауреннахр деп аталатын Жейхұн мен Сейхұн дарияларының ортасында тұратын түркі руларының көбі Күншығыс — Оңтүстігіндегі, түбі көшпелі ирандықтар, өзі тәрізді егіншілікпен шұғылданған отырықшы Соғды елімен қауымдасып, өзбек халқының іргесін қалай бастаған. Ал Сейхұн дарияның орта шенінен төмен қарай сонау Еділ, Жайықтың арғы бетіне дейін көшіп жүрген түркі тұқымдас рулар өзі тәрізді мал бағатын, Жетісу бойындағы көне заманнан келе жат-

қан Үйсін, Дулат, Жалайыр, Қаңлы тәрізді көптеген салты мен дәстүрі бір рулармен бірігіп, қазақ деген ел болсақ деп талпынған-ды. Осы кездегі бүкіл Дәшті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр өз ордасын қазақ даласына тіксе де, жаулап алған жерлері сол Мауреннахр, Соғды, Қорасан жағы болғандықтан көңілін көбіне осы тұсқа аударған. Солардан қыз алып, Орда салтын да көбіне Мауреннахр елінің әдет-ғұрпына қарай көшіре бастаған.

Қарамағындағы көшпелі елдерге алым-салықты көп салып, оны тек бөтен жұртты шабатын әскерге жұмсап, халықтың күйін нашарлатып жіберген. Және өзі Дәшті Қыпшақтың даласынан көрі Мауреннахр шаһарларының бірін хан Ордасы етуді дұрыс көрген. Бұның бәрі көшпелі Дәшті Қыпшақтың асау жыл-

қы тәрізді, арда руларын ханнан шошытуға айналған. Өзінің шаруашылығын, дәстүрін, салт-ғұрпын, бәрін түбі Мауреннахр тұрғын елінің дегеніне қарай айналдырғысы келетінін сезген Дәшті Қыпшақ тайпалары енді Әбілқайырдан іргесін әрі салуды ойлаған. Осы тілектің туын көтерген басты адам — Жәнібек сұлтан. Әрине, Жәнібектің бұл қылығы Әбілқайырға ұнамайтын. Орыс ханның ұрпақтарының ел арасын былай қобалжыта бастауы тек өздері хан болғылары келуден деп қана түсінетін Дәшті Қыпшақ әміршісі алдымен Жәнібекті құртуды көксеген. Ал бұл көкейкесті арманның түбі халықта жатқанын ол аңғармаған. Халыққа тек импрам деп қарайтын Әбілқайыр, сонау апай төс, жүнді балақ батырлардың артында рулары барын, ал ел деген мағына осы руларда екенін есепке алмайтын. Ханның ұғымы бойынша бұл импрамдарды сұлтандар басқарады. Тек сол сұлтандармен тіл тапса болғаны. Сондықтан Әбілқайыр Орда маңына қазақтың Қаптағай, Бөрібай, Қарақожа секілді ерлігі үшін әр ру аттарын ұран ғып көтерген аңғал батырлардан көрі, өзі тәрізді, дәулеті шалқыған сұлтан, әмір, хакімдерді жинайтын.

Әбілқайырдың ойынша осылармен тіл тапса, болғаны. Ал, тіл табу үшін хан қандай тәсіл қолданса да, Жәнібек пен Керей көнбей-ақ қойған. Бұл сұлтандар күннен-күнге араларын ханнан алыстатып бара жатқан. Арғын мен Қыпшақтың да қазір екі бөлінуінің түп себебі де осы екеуінің хан Ордасына деген ала көздігінен туған.

Ел билеу! Бұл — мансапқор жанның ұлы тілегі. Кенет Әбілқайырдың есіне Шыңғыстың ел билеу жөнінде балаларына айтыпты-мыс деген қағидасы түсті. Ұлы хан жаулап алған жерін төрт ұлысқа бөліп, төрт баласына беріпті. Сол мәжілісте әкесінен өсиет естігісі келген үлкен ұлы Жошы: «Ұлы мәртебелі, әлем әміршісі, хан қандай болу керек?» — деп сұрапты. Шыңғыс: «Хан халқының көңілін табу үшін ақылды, ал халқы оның көңілін табу үшін тақымды болуы керек», — деп жауап беріпті.

Шыңғыстың екінші баласы Жағатай: «Ханды қайткенде халқы сыйлайды?» — деп сұрапты. Шыңғысхан: «Халқың сыйласын десең тағыңнан түспе», — деп жауап беріпті.

Шыңғысханның үшінші баласы Үгедей: «Хан қайткенде тағынан түспейді?» — деп сұрапты. Шыңғысхан: «Маңына өзінен ақылы төмен, бірақ құлқы өзіндей адамдарды жинай білсе, сол хан тағында ұзақ отырады», — деп жауап беріпті.

Шыңғыстың төртінші баласы Төле: «Қандай хан абыройлы болады?» — деп сұрапты. Шыңғысхан: «Ойынан шықпаған туған баласын да бауыздай алар хан әрқашанда абыройлы болады», — деп жауап береді.

Шыңғысханның осы төрт ақылын алған төрт баласы өле-өлгенше абыройлы хан болып өтіпті-міс.

Әбілқайыр да осы төрт өсиетке бас иген адам. Сондықтан да ол маңайына тек Сайбан ұрпағы емес, Шыңғысханның өзге балаларының да, Жошының өзге бұтағын да жинаған. Тек бұлардың бірде-бірі өзінен ақылды болуға тиісті емес және үнемі оның ойынан шығып отыруы керек. Солай болып та келген. Тек соңғы кезде ғана Орда маңындағы сұлтандар арасындағы дау-жанжал күшейе түскен. Әсіресе, бұл алауыздыққа дем беріп жүрген — ақыл-айлалы Жәнібек сұлтан. Серіксіз жау болмайды, оған шөбере ағасы Керей қосылған. Бұлардың бергі өкпесі Әбілқайырдың қазақ пен өзбек арасындағы саясаты болғанмен, хан ойынша түпкі армандары бақ күндестік. Көк Орданы екіге бөліп, қазақ хандығын құрмақ. Өздері соны билемек. Ал Әбілқайыр бауыр басып қалған Дәшті Қыпшаққа, ешкімді ортақ етпек емес. Ортақ етпек түгіл, осынау қарамағындағы Мауреннахр, Дәшті Қыпшақ, Қорасан жеріне шектес елдерді, әсіресе Моғолстан хандығын түгелдей қосып алмақ.

Барлық елді жеке өз басыңа табындыру қасіреті — о да бір іштен жеген жегі құрт. Мұндай кеселге душар болған адам тек өз мерейім өсе берсін дейді. Ол мұндай арманның, әр нәрсеге дұрыс баға беріп, дұрыс қарайтын ақылын іштей жеп жатқан жегі құрт екенін аңғармайды. Кесел бүкіл денесін қаулай алып болып, бір күні тек қауқиған сыртының өзінен өзі опырылып түсетінін күні бұрын байқатпайды. Бұл кеселдің күші де, қауіптілігі де осында.

Көк Орда ел-жұртын жеке билеп келген Әбілқайыр мен қазақ Ордасын бөліп алам деген Жәнібек сұлтанның таласы әлдеқашан-ақ басталған. Бұлар бір-бірін жан алқымнан ала түсер көкжал қасқыр мен арлан тазы теңдес. Араларында бітім болуға тиісті емес. Бірақ әлі қарсы шабар күн туған жоқ, тек қазір сол күнді күтіп жүрген жағдайлары бар.

Әбілқайыр бір рет Жәнібекті мүлдем құртып жібере де жаздады. Әттең, әттең, ойлаған жеріне жете алмай қалды. Хан сол бір сәтті кез есіне түссе-ақ әлі күнге дейін бармағын шайнайды. Шыңғысханның «ойынан шықпаған туған баласын да аямаған хан — хан бола алады» деген қағидасын жақсы ұққан Әбілқайыр, әрине Жәнібекті аяйын деген жоқ, бірақ бұл жалғанда жазмыштан күшті не бар? Ажалсыз — аждаһаның аузынан құтылады.

Оқиға былай болған еді. Әбілқайырдың Маңғыт руынан алған бәйбішесінен туған он жеті жасар, аппақ жұмыртқадай, жастық желікті ерте бастаған жеңіл мінезді, ерке қызы Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімнің сұлу жүзді, арыс тұлғалы Жәнібекке көңілі кеткен. Хан қызына қолы жете алмай өліп жүрген өзге батыр, сұлтандарға көзі түспей, төрт әйелі бар Жәнібекке неге сонша құмар бол-

ғанын кім білсін, әйтеуір қыздың өзі ортаға жеңгелерін салып, ұзатылғанша сұлтанмен көңіл қосуға тілек білдірген. Бұл кезде Әбілқайырмен арасы іштей әбден суып болған Жәнібек: «әкесінің кеудесіне міне алмасам да, қызын тоят етсем, о да ханнан бір өшімді қайтарғаным емес пе» деп, алдымен хан қызымен жақындасады да, артынан қыздың оңашадағы сан түрлі назды қылықтары ұнап, оған үйленбекші болады. Ханға қызын берсін деп, шөбере ағасы Керейді салады. Жайшылықта қастарымен татуласу үшін қыз алып, қыз беруге оңай баратын Шыңғыс тұқымы, бұл жолы қасара қалады. Жәнібекпен, түбі бірге от жағып, түтін түтете алмайтынын сезген хан, қызын беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ жауабын тікелей айтуға, Тоқай Темір ұрпағын біржолата шамдандырып алармын деп ойлайды да, «Жақсы, ойланып көрелік, шешімін күз қыстауға қайтқанда естірсіңдер» дейді Керейге. Ханның бергісі келмей отырғанын түсінген Керей намысқа шауып, Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімнің бетінің ашылып қалғанын алыстан тұспалдап сездіреді. Енді қызының абыройы үшін Жәнібекке бергенің дұрыс деген сыңай білдіреді. Қызының мұндай күйге ұшырағанына намыстанып қалған хан, сырттай сыр бермей:

— Жақсы, жауабын күз қыстауға барған соң аларсыңдар, — дейді жаңағы сөзін қайталап, сазарған қалпында, Керей кеткеннен кейін, дәйекші Инелікті жіберіп, шымшып алар еті жоқ, қан-сөлсіз сұп-сұр боп қатып қалған Құрыбай жан алғышты шақыртып алады.

— Менің қызым Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім бабалары заңы бойынша «қан төгілмей» өлуге тиісті! — деді оған.

«Қан төкпей» өлтіру — ақ кигізге орап, екі жағынан бұрап тұншықтырып, не аяғы мен басын артына қайырып, бел омыртқасын сындырып өлтіру. Көне монғол ғұрпында бұл жеңіл өлім.

Ертеңіне Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімді бабасы Жошы ажал тапқан көне монғол әдісімен емес, басқа тәсілмен: жүрегіне қанжар салып өлтіріп кетеді. Бұлай өлтіру кімнің ісі екенін білсе де жұрт үндемейді. Хан жарлығы екенін сезіп, жұмған ауыздарын ашпайды.

Қызын құрметтеп қойып, жетісін бергеннен кейін, хан тағы Құрыбайды шақыртып алып:

— Ертең аңға шығамыз. Жаныңа екі-үш сенімді адамыңды ерт. Жәнібек сұлтан да Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім ажалымен өлуге тиісті, — деп бұйы-рады.

Бұл жолы Құрыбай жан алғыш жалт береді. Жәнібекті өлтірсе жауапсыз кетпейтінінен қорқады.

— Менің қай уақытта аңға шығатынымды білетін сұлтандар сезіктеніп қалулары мүмкін, — деген ол, — бұ жолы аңға шықпауға, хан ием рұқсат етіңіз... Менің орныма туған інім Сарыбай барсын...

Өз басын пәледен аман алып қалғысы кеп, туған інісін қауіпке қиып тұрған қасқыр мінездес Құрыбайдың қылығына Әбілқайыр хан езу тартып күлген. Иә, хан маңайына өзіне керек адамдарды тарта білген. Бабасы Шыңғысханның Жағатайға айтқан ақылын құрандай бекер жаттап алмаған екен. Хан тағының амандығы, міне, осындай құлқы өзі тектес жандармен сақталады. Бұлар барда, Әбілқайыр да бар.

— Болсын, — деген ол, — тек не істейтінін Сарыбайға дұрыстап түсіндір.

Ал Жәнібек ханның мезгілсіз кезде, қызының мынандай жан түршігерлік айуандық әдіспен қаза тапқан шағында, аңға шығуының болашақ бір қанды оқиғамен байланысты екенін айтпай-ақ түсінген. Оның үстіне Әбілқайыр Жәнібек пен Керей сұлтанға «Менімен бірге аңға шықпай ма екен?» — деп арнаулы кісі салған.

Хан аңға шығарда Орда маңындағы сұлтан, әмір, батыр, билерге хабар беру ежелгі салт. Жәнібек бұдан күдіктенген жоқ. Оның күдіктенгені ханның аңға мезгілсіз уақытта шығуы мен басқа бір себеп еді. Сұлтан астыртын тіл алып көрсе, соңғы кезде Әбілқайырға қырғи қабақтана бастаған бекзадалардан ешкім хабарландырылмапты. Бұл жолғы шақырылғандар кілең Әбілқайырдың өзіне дос адамдары және Жәнібек пен Керей ғана екен.

Хандардың аңға шығуы ежелден бір үлкен мереке. Жұрттың жақсы ат, қыран құс, салтанатты қару-жарақ, ер-тұрмандарын көрсететіні осы жер. Ердің ерлігі, ептілігі, мергендігі де байқалатын осы жер... Жайшылықта мардамсып жүретін өр көңіл батырсымақтардың күтпеген жерден, қамыс арасынан өзіне қарсы атыл-

ған ірбіз, барыс, арыстандардан үрейі ұшып кетіп, қолындағы алдаспанын көтеруге де жарамай, жайрап қалатыны да осы ара. Той-думан, жарыста жамбыны бір атқаннан жарқ еткізіп жерге түсіретін мергендердің, аяқ астынан зу етіп тұра қашқан қыр қоянынан сасып қалып, қолындағы садақ жебесін құла жон-

ға жіберіп күлкі болатыны да осы ара... Бұрынды-соңды жұрт көзіне түспеген жас жігіттің, қанжардай қос азу тісін жалақтатып, қылшық жалын тікірейтіп, тайшадай қара доңыз қарсы ұмтылғанда, үзеңгісіне шірене тұрып сауыт бұзар жебесін қақ маңдайдан қарыс сүйем кіргізіп, омақата құлатып, атаққа ілінетіні де, тағы сол саят базарында.

Жәнібек Керей сұлтанмен іштей жер танысып, ақылдасып алғаннан кейін, ханмен бірге аңға шықпақ болды. «Тағдырдың жазғанын көріп алармын, — деді ол, — егер ажалың келсе, алтын сандық ішінде тығылып жатсаң да табады. Ал ажалың жоқ болса, жаңбырдай жауған оқтан да адам тірі қалады». Керей де бұны мақұлдады, тек «сақ болайық және қасымызға сенімді жігіттерді көбірек ертелік, — деді ол, — егер біз аңға шықпай қалсақ, Әбілқайыр хан ойын сезгенімізді бірден ұғады. Ондай жағдайда тастай түйініп алған хан, шешінген судан тайынбас дегендей, ойлаған мақсатына жету үшін басқа шара қолданады. Ажал қашан да болса ерте, егер дәміміз сол күні бітер болса, оған да тәуекел!»

Жәнібек енді аңға шығуға қамдана бастады. Сұлтанның жалғанда жақсы көрері жүйрік ат, қыран құс. Ол Дәшті Қыпшақтағы атақты құсбегінің бірі болатын. Ақ Ордасының жанында бүркіт, қаршыға, лашын, тұйғын, ителгілерге арнап тігілген қараша үйлері іргелес тұратын. Өзге құсбегідей бүркітті ол балапан күнінен емес, әбден қанды балақ болған кезінде торға түсіретін. Сосын үйрететін. Далада өскен қыран алғыр келеді дейтін. Тағы бүркіт көпке дейін көндікпейтін, сөйтсе де әбден жыртқыш құсты баулуға машық болған сұлтан еркіне қоймайтын. Кереге қанат қыранға томаға кигізіп, алтыбақанда әткеншек тепкізіп, ат үстіндегі қимылға үйрететін. Содан кейін суға салып, ақ жем ғып ет беретін. Алғашқы кезде көндіге алмаса да, ашыққан қыран бірте-бірте бұл ақ жемге де үйренетін. Осылай бірте-бірте асау бүркіт жуасып, иесіне мойынсұна бастайтын. Содан кейін барып, бүркіттің томағасын алып, қызыл жегізеді. Қанды көз жыртқыш қызыл етті көргенде, жанын қоярға жер таба алмай асығады. Ием қашан жем береді деп шыдамсыздана күтеді. Қыранын мұндай жағдайға жеткізген Жәнібек енді құсын қолға қондырып, атқа мініп, ұшырып байқайтын. Алыстап бара жатса кейін шақырады. Иесінің даусына әбден үйренген құс, жаны сүйер қызылға қарайлап қайта оралады. Осылай түз қыранын бірте-бірте сыннан өткізіп қолға мейлінше үйретіп болғаннан кейін, бір күні оны алып шығып, қызыл түлкіге салатын. Қыран құс тұтқында боп, қанша қолға үйренсе де, кенет өзінің ата салтына бағып сол баяғы тағы қалпына тез көшетін. Көктен шүйіле түсіп қызыл түлкіні іледі. Ыстық етке тұмсығы тиіп дәніккен бүркіт, ием тағы түлкіге салса екен деп шабыттана түседі.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет