Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет15/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   28

Содан соң сәл бұрылып, арт жақта жүк көтеріп келе жатқан Жомартбек екеумізге қараған. Мен оның аппақ аяқтарының қаздиып осы кірпіштің қасында тұрғанын өз көзіммен көрге-мін. Енді міне, сол жерде де оның ізі жоқ. Мен ернімді тістедім. Сүйген жаныңның ізі кез алдында неге сайрап жатпайды екен деп наза болдым. Тоқтап, асфальтқа еңкейіп, қызыл кірпіштің сынығын қолыма алдым, үңіліп оған да қарадым, онда да еш белгі жоқ. Сонда да оны қолымнан тастамадым. Біресе бұл Меңтайдың танкеткасы болса деп ойладым. Біресе оның аяғын өстіп сипасам-ау дедім. Алақанымдағы кесекті қайта-қайта қысып қойдым. Бірақ ол бұрышты, қатты, икемсіз күйінде қалды. Жатақхананың сыртқы есігінің маңдайшасына орнатқан жаппаның тіреу ағашына қыстырып, ішке кірдім. Алақаныма қызыл кірпіштің қып-қызыл ұнтағы жосадай жұғып қалыпты. Ғашықтық ізі осы болғаны ма деп ойладым езу тартып, өзімді-өзім мысқылдап.

Жоқ, мен өзімді-өзім бекерге мысқылдаппын. Ғашықтын ізі болады екен. Бірақ ол топыраққа, тасқа түспейді екен. Мен оны жүрген жолдан бекер іздеппін. Асфальтқа орынсыз үңіліп, жан-жағыма босқа жалтақтаппын. Ол із өзге жерге түспепті, менің жүрегімде, ойымда қалыпты. Оны мен екінші қабатқа көтеріліп, дәлізбен сүйретіліп, Меңтай белмесінің алдына барғанда білдім. Оны мен өз бөлмеме кіріп, жастығымның астында жатқан қойын дәптерімді қолыма алғанда көрдім.

Неге екенін білмеймін, өз болмемнің алдынан өтіп, Меңтай белмесінің есігіне бардым. Сол жерден қайырылғым келді. Сол жерде Меңтайдың осы бөлмеден шығып бара жатқанда соңғы айтқан сөзі ойыма оралды. Қыздар топырлап бөлмеден сыртқа қарай беттеген еді. Олармен ілесе Жомартбек шығып бара жатты, Зайкүл мен Меңтай есікке қарай аяндады. Ең соңында жүкті алып, мен шыққалы жатыр едім. Есікке бара беріп, Зайкүл жалт бұрылды.

— Ойбу, мен айнаға қарамаппын ғой, - деп жүгіріп барып бұрыштағы шифоньердің есігін ашты. Оның қақпағының ішкі жағындағы шар айнаға итініп, тыртысқан мандайын, ұйпаланған қасын сипады. - Тұра тұр, Меңтай, мен бетіме опа жағып алайын.

Меңтай қайырылып оның қасына келді. Зайкүл жалма-жан сумкасын ашып, диірменшідей бұрқыратып, бетіне ұн жаға бастады. Мен жүкті алып, дәлізге шығып, босағада қыздарды тосып тұрдым.

— Меңтай, осы сен неге боянбайсың? - деген Зайкүлдің үні естілді.Меңтай сәл бөгеліп (тегі ол әдеті бойынша ақырын бір жымиып алған болуы тиіс) барып жауап қатты.

— Мен табиғатпен таласуды жөнсіздік деп білемін.

— Ол не деген сөзің?

— Адамға табиғат берген бояудың өзі жетіп жатыр. Оның үстіне бетіңе баттастырып бірдеңе жағу... - Меңтай үні үзіліп қалды. Мен есікке қарай құлағымды тоса түстім, оның сөзінің аяғын естуге құмарттым. - Не десем екен саған? Иә, табиғат берген бояудың үстіне баттастырып бірдеңе жағу Рафаэльдің немесе Репиннің ғажап картиналарын жаңа бояу сүйкеп жақсартамын деп әуре болумен пара-пар. Мен сондықган боянбаймын, Зайкүл.

Мен бұл сөзді өзім айтқандай қуандым. Меңтай жауабының тапқырлығына да, оның өзге қыздар сияқты ешқашан боянбайтындығына да сүйсіндім. «Сол керек саған, Зайкүл» дедім ішімнен. Бірақ бұған Зайкүл қысылмады.

— Қойшы, сен де қайдағыны соғады екенсің, - деді Зайкүл өз-өзінен сықылықтай күліп. - Бояуға не жетсін, шіркін! Ерінді қып-қызыл, қасты қап-қара етіп боянып шыға келгенінде жігіттердің жаны жәннәмға кетпей ме? Сенің бетің ақ қой, опа жақпасаң да болар. Бірақ ерін мен екі беттің ұшын қызартуың керек. Сонда сен үріп ауызға салғандай болар едің.

— Жоқ, Зайкүл, мен сенің орныңда болсам опа да үстамас едім, жосаға да жоламас едім. Ойға емес, опаға, бойға емес, бояуға қызыққан жігіттен не барқадар шығар дейсің.

Туфли өкшесінің тықыры шықты. Екі қыз ашық тұрған есіктің табалдырығынан аттады. Зайкүлдің қоңырқай беті айран жаққандай ала қожалақ бола қалыпты. Сонысын сұлулық санап, кішкентай ешкі басын кекжите ұстап, қасымнан өтті. Мен дереу есікті қайырып, кілтін сала бастадым. Кілтті бұрап жатып, Меңтайдың Зайкүлге айтқан сөздерін есімде қалдыруға тырыстым. Екі қыздың соңынан жүгіре аяңдап, баспалдақпен төмен түсіп келе жатсам, төменгі қатарда қыздар күтіп тұр екен.

— Сен үшеуің оңаша қоштасып шыққаннан саумысындар? - деді Қанипа көзін ойнақшыта, мойнын қиқандатып.

— Жо-о-ға, - деді Меңтай даусын созып. - Мына Зайкүл айнаға қарап аламын деп.

Мен Берлин қақпасының кілтін ұстағандай масаттанып қолымдағы кілтті жоғары көтердім.

Қыздар бөлмесінің алдына барғанымда кенеттен сол сөздер ойыма түсті. Ұмытып қалмау үшін жазып қояйын деп, өз бөлмеме келіп, дәптеріме үңілдім. Түні бойы отырып көшірген

жазуларым көзіме оттай болып және басылды. Бұл да Меңтай сөздері, соның ойлары. Ендеше ғашықтық ізі деген осы емес пе? Ақ қарға түскен қызыл түлкінің ізіндей сайрап ол көңілде, көкіректе, ойда қалады екен ғой. Ғашықтың ізін тек қана жүректен іздеу керек екен ғой.

Мен осылай деп түйдім.

Бұл кезде мен жұмыс істейтінмін. Жазуымды жазып болдым да, жұмысқа барғанша аздап тынығып алайын деп төсегіме жантайдым. Ұйықтап қап, жұмыстан кешігіп жүрмейін деп және ойладым. Олай деп ойламай қайтейін, бұл менің әрең қолым жеткен қызметім ғой. Төсекте шалқамнан жатып, бұл жұмысқа қалай орналасқанымды есіме түсірдім.

... Оған дейін мен жексенбі сайын жатақхана маңында көрінбей, жоқ боп кететінмін. Қайда кетіп, не тындыратыным-ды бір бөлмеде жататын Жомартбек те, Пернеш те, Төлеубек те білмейтін. Олар білмеген соң қыздар мүлде сезбейді. Жұртқа сездірмей мен жексенбі күні таңертең ерте Фурманов көшесіне түсіп алып, төмен қарай заулаймын. Көше мен темір жолдың түйіскен жерінде сексеуіл базасы бар. Жексенбі сайын оған отын тиеген эшелон келеді. Оны түсіру үшін базаға қосымша жұмыс қолы қажет. Мен база жұмыскерлерімен жалғасып, платформадан жерге сексеуіл құлатысамын. Темір жол жиегіне біз құлатқан сексеуіл тау болып үйіліп қалады. Қала тұрғындары оны бірнеше күн бойы біреу есек арбамен, біреу ат арбамен, қолы ұзындаулар машинамен алып кетіп жатады. Әркімге қолындағы талонына қарай отын беріледі. Кімнің қанша отын алатынында менің шаруам жоқ. Мен кешке еңбегім үшін қолыма тиген 250 килограмм сексеуілдін талонын білемін. Соны сатып, ақшасын стипендияма жалғап, бір апта бойы талшық етемін. Кешке қарай жатақханаға қайтқанда екі аяғыма екі пұт темір байланып қалғандай боп әрең қозғаламын. Ертеңінде де өне бойым ауырып, жайсыз күйде боламын. Әсіресе қолым қалтырап, лекцияны зорға жазамын. Содан кейін бірте-бірте құрыс-тырысым жазылып, келесі демалысқа дейін денемнің ауырғанын мүлде ұмытып кетемін.

Қыс пен көктемді осылай өткіздім. Тек жазғы емтихан басталғаннан бергі жексенбілер ғана сабққа әзірлікке кетіп жатты. Бірақ бүгін тағы да әкемнің үйіне бара жатқандай асы-ғып, сексеуіл базасына қарай бет қоюыма тура келді. Себебі сен емтиханға әзірленіп жатыр екен деп өз-өзінен қалтаңа көк тиын келіп түспейді ғой. Ал, қалтадан ақша кетсе, қарынның құт-берекесі кетеді. Ақшан барда тойған қозыдай томпайып үнсіз жататын моп-момақан қарның қалтаң қағылса, ішіне қоралы қасқыр кіріп кеткендей боп, ұлып шыға келетіні бар емес пе. Шұрылдап, шуылдап, құрылдап, қорылдап мазаңды алатынын қайтерсің. Әсіресе, қыздардың қасында отырғанда қинайтынын айтсаңшы оның. Ішегің шұрылдап, қарның күндей күркіреп жонелгенде шекеңнен тер шып-шып шығып, қысыла бастайсың. Сол кезде Қанипанын: «Ербол, ішіңе ит қамап қойғанбысың? Қоя берсеңші ол байғұсты» деп әзілдеген боп өз-өзінен сақылдап кеп күлетінін айтсаңшы. Қыз күлкісі деген бір жерінен от тисе, барлық тұсы бірден лап ете қалатын ашық ыдыста тұрған бензин іспетті емес пе? Олардың бір тұтанған күлкісін сөндіру қандай қиын. Тек Меңтай ғана олармен қосыла күлмейді. Бәлкім ол мені аяғандықтан сөйтетін шығар. Күлкінің неден туғанын аңғармаған болып, дайындалып отырған пәнімізге қажетті аса бір керекті датаны іздегендей, дәптер бетін парақтай береді.

Бүғін мен, Канипа айтқандай, ішімдеғі «қамаулы итті» бо-сатып коя беру үшін келе жатырмын. Келе жатып Жомартбектің бір қылығы ойыма түсіп кетеді де, ақырын мырс етіп күліп аламын.

Бір бөлмеде мен, Жомартбек, Пернеш, Төлеубек төртеуміз тұрамыз. Солардың менен басқа үшеуініңде үйінен азық келеді. Жомартбек үйінен келгеннің бәрін қаладағы жақындарынікіне алдырады. Пернешке бірдеңе келсе, жұртпен бөліп жеп, тез тауысуға құмартады. Алғаш дәм татқаннан кейін қалғанын өзі жесін деп, біз үнемі шегіншектей береміз. Сабақтан келе сала, оны-мұныны сылтауратып, бөлмеден шығып кетеміз. Ондайда Пернеш дәлізден бізді іздеп, соңымыздан қуып жүреді. «Қайда қашып кеттіндер? Келсендерші, мынаны бөліп жейік» деп шыр-пыры шығады. Кейде екеуміз оңаша қалсақ, ол маған: «Ағай, мынадан бір алып жіберіңізші, жалғыз менің тамағымнан өтпей отыр» деп жалынады. Ал Төлеубектің тамағынан өте береді. Ол ешкімге дәм де татырмайды, жұрттың көзінше теріс қарап алып, үйінен келген сары май мен жентті қара нанға жағып, күйсетеді де отырады. Күн сайын сөйтеді. Бір күні Төлеубек төсегінің алдында теріс қарап жайланып алып, қарыннан шыққан сап-сары майды нанға жағып, жаңа аузына тыға бергенде жанына Жомартбек жүгіріп барды.

- Төке, мынаған да жағып жіберіңізші, жүрегімді жалғайын, - деп қалжың-шыны аралас қолындағы бір жапырақ нанын тосты.

— Жоқ, бітті, - деп Төлеубек дереу төсек астындағы қара чемоданға құлыпты салды да тастады.

Осыдан кейін Төлеубек күндіз жұрт көзінше қара чемоданға жоламайтын болды. Сөйтсек ол түнде, біз ұйықтағаннан кейін, өз тамағын өзі ұрлап жеуге көшіпті. Оның бәрін Жо-мартбек қу біліп жүріпті. Бір күні түнде мені біреу төсегімнен жұлқылап оятты. Сөйтсем, Жомартбек екен.

— 0, не болды?

— Ереке, тұрыңыз, осы үйге ұры кіріп кетті.

— Қайдағы ұры, не алады бұл үйден? - деймін мен ештеңе түсінбей.

— Жоқ, өзіңіз тұрыңызшы, - деп ол болмай орнымнан тұрғызды да, қараңғыда қасыма отыра қалып баяндай бастады. - Шырт ұйқыда жатыр едім, еден сықыр ете түсіп, оянып кеттім.

Расында да біздің бөлменің едені сықырлауық болатын. Әсіресе Төлеубек жатқан тұстың тақтайы шіріген еді де, оның төсегіне қарай аяқ бассаң, бажылдап қоя беретін.

— Иә.


— Басымды көтеріп алып едім, біреу Төкеңнің чемоданын тықырлатып жатыр екен. «Әй» деп қалып едім, ұры демін ішіне тартты, еденге үн-түнсіз жата қалған сияқгы болды. Тегі Төкеңнің чемоданындағы құрт, май, жентін ұрлауға келген біреу болуы керек.

Жомартбек сөзінің жаны бар сияқтанды.

— Онда Төлеубекті неге оятпайсың?

— Төке! Төке! - деді Жомартбек дауыстап. - Төке, тұрыңыз, қасыңызда ұры жатыр.

Төлеубекте үн жоқ.

— Әне, айттым ғой, Төкең қатты ұйықтап қалған.

— Ендеше шам жақ. Пернешті оят.

Жомартбек шам жақты. Пернеш те оянған екен. Бәріміз анталап, Төлеубектің төсегіне қарадық. Ол басын бүркеп алып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Төсегінің астындағы күні-түні құлып кетпейтін қара чемоданның аузы ашылып қалыпты, - Әне, айттым ғой, - деп Жомартбек баж ете түсіп, жүгіріп барып, Төлеубекті жұлқылады. - Ойбай, тұрыныз, Төке, чемоданыңызға ұры түсті.

Бірақ Төлеубек тұратын емес. Басын қымтап алып, құныса түседі.

— Ойпырай, Төкеңнің ұйқышылы-ай осы, - деп Жомартбек оның үстіндегі көрпені жұлып кеп алды.

Қырыққан серкештей тыртиып, Төлеубек орнынан тұрды. Аузы қомпаң-қомпаң етеді. Алғашында ол Жомартбектің жұлқылағанынан шошып кетіп, үні шықпай қалған екен деп ойладық.

Сөйтсек аузына толтырып алған талқанды жұта алмай, қақалып тұр екен. Ауызындағы кебір талқанның жартысын әрең ары қарай жөнелткен Төлеубек көзі аларып Жомарт-бекке бақшиды.

— Сен немене кісінің өз тамағын өзіне жегізбейсің бе? - деді аузынан ақ боран бұрқылдап.

— Ойбай-ау, Төке, мен қайдан білейін сіздің өз асыңызды өзіңіз ұрлап жеп жатқаныңызды, - деп Жомартбек ез төсегіне қарай шегіншектей берді.

— Иә, білмегенің...

Пернеш екеуміз теріс қарап, сылқ-сылқ күліп жатырмыз.

— Оллаһи, білгенім жоқ, - дейді Жомартбек міз бақпастан. - Сізді өйтеді деп кім ойлаған?!

Біз қайтадан орнымызға жаттық. Жомартбек шам өшіруге беттеп, сөйлеп бара жатыр.

— Біздің ауылда бір кәнігі ұры болған екен, - дейді ол өзінен-өзі даурығып. - Сол кісі әбден қартайып, атқа мінуден қалған соң, анда-санда, түнде өз үйінін шошаласынан ет ұрлайтын көрінеді. Оны айдалаға апарып, бақырға асып, маңайда ешкім жоқ екенін біле тұрса да, айналасына алақ-жұлақ қарап отыратын болса керек. Шала піскен еттен бір асап, опыр-топыр отты сөндіріп, қараңғыда бұқпантайлап тұра кеп қашып, үйіне келіп, содан соң екі-үш күн қатарынан рақаттанып ұйықтайды екен. Біздің Төкең сөйтіп...

— Әй, оттамашы өзің!..

Қараңғыда бір нәрсе қабырғаға тарс ете қалды. Әрине ол Төлеубектің бұзаубас туфлиі. Туфли еш жеріне тимесе де Жомартбек: «Ойбай, әлдім!» деп баж етіп төсегіне құлады. Біз тағы мырс-мырс күлеміз. Жомартбек те күліп жатыр. Оның мәз бола қатты күлгендігі сондай, төсегінің тот басқан шын-жыры бірсыпыраға дейін шиқ-шиқ етті де тұрды. Көшеде келе жатып мен өзімнен өзім осы оқиға есіме түсіп күлемін. «Әй, Жомартбек-ай, несі бар екен Төлеубек байғұста?» деймін басымды шайқап. Күлемін де, «артыңнан тым болмаса қатықсыз қара талқан келіп тұрғанның өзі де қызық екен-ау» деп ойлаймын. Осы кезде көз алдыма Меңтай елестейді. Ол қалың кірпіктерін төмен түсіріп, «Рас» деп, ақырын ғана мені құптап, бас изегендей болады. Әрине, рас деймін мен содан соң өзімді-өзім құптағандай. Ой ойға ұласады. Қызға ғашық болу жігіт өмірінің ғажап бір кезеңі ғой. Кейінгі өміріңнің реніш, қуанышы да соны сенің қалай түсініп, қалай өткергеніңе байланысты. Қайта оралмас, қайырылмас сол бір қымбат сәтті қадірін кетірмей, адалдықпен ардақтап, ертең еске түсіргенде өзің сүйсініп, өзге ғибрат аларлықтай етіп өткізгенге не жетсін, шіркін! Бірақ сен сыртынан сұқтанған көрікті қыз көңіліңе тоқ болғанымен, қарныңа қанағат әкелмейді екен. Міне, мен сондықтан таң атпай дедектеп, сексеуіл базасына келе жатырмын.

Бірақ бұл жолғы келуім сәтті болмады. Өйткені сексеуіл тасу ісі жазда тоқтап, күзде бір-ақ басталады екен. Біз емтиханға кіріскелі базаға бір де состав келмепті. Алайда отын тау-тау болып үйіліп жатыр. Жүрт жазғы қажетіне ептеп осыдан алып кете бермек. Менің мұндағы серіктерім де ыдырап кетіпті. Қалған бірен-сараны әркімнің есек арбасына отын тиесіп, иесінің мырзалығына қарай бірдеңе алатын көрінеді. Түске дейін 2-3 арба тиесіп, мен де он-он бес сомдай ақша таптым. Бірақ қыстағыдай емес, жұрт аяғы сирек. Қыста ма-шина мен машина қағысып, біреуге біреу жол бермей ию-қию боп жатушы еді. Енді алматылықтар жазда от жағып, ас пісірмеуге ант етіскендей, тыйыла қалыпты. Мандымды ештеңе болмаған соң, мен түс ауа қайтайын деп қалаға қарай беттедім. Сексеуіл базасынан шыға берісте есек арбаға еріп келе жатқан Шалдуар Шалғынбаев кездесе кетті.

— Ау, аманбысың, Қарадомалақ, аһ! - деді ол мені көре салып, бейне бір редакцияның дәлізінде тұрғандай өктемсіп.

— Сәлеметсіз бе?

— Е, неғып жүрсің мұнда?

— Жұртқа сексеуіл тиесейін деп келіп едім.

— Жүр, онда маған да тиес.

Шалдуар мені қолтығымнан алып, кейін қарай бұрды. Ықылас, ризалығымды да сұраған жоқ. Екеуміз есек арбаға мөлшерлеп екі жүз елу килограмм сексеуіл салдық. Шалдуар қолының ұшымен ғана қимылдайды, көбінесе маған бұйрық берумен жүр.

— Әй, анау қуарған кәрі сексеуілді арбадан алып таста.

— Неге?


— Сол. Оның орнына мынау бұғының мүйізіндей ербиген жасын сал.

— Жас сексеуіл жаруға қиын болады.

— Неге қиын болады? Балталаймыз онда.

— Балта өтпейді.

— Тасқа соғамыз.

— Тасқа ұрғанмен тез сынбайды: кісіні электр тоғы соққандай естен тандырып, екі қолды салдыратып тастайды.

— Соқ ертегіні. Одан да ерініп тұрмын десеңші.

— Ерінетін дәнеңесі жоқ, сал десеңіз, салып берейін. Маған бәрібір.

Екеуміз сексеуіл тиеген есек арбаға ілесіп, қалаға келе жатырмыз. Есек иесі ұзын сирақ бала дедектеп, алда келеді. Әр көшенің бұрылысына жеткенде ол артына бұрылып, Шал-дуарға айғай салады.

— Ағай, енді қалай жүремін?

— Тура тарта бер, - дейді Шалғынбаев мардымсып. - Бірақ әр көшенің қиылысында осылай тоқтап, сұрап отыр.

— Қайта-қайта сұратып қайтесіз? Одан да баратын жердің әдірісін бірден айтпайсыз ба? - деймін мен баланы аяп.

— Сұрасын, алатын ақшасын адалдап алсын, - дейді Шалдуар тұмсығын көтеріп.

«Шалдуар десе, шалдуарсың-ау өзің. Атыңды әкең дәл тауып қойған екен» деймін мен ішімнен. Содан кейін мен ептеп Шалғынбаевтан сыр тартамын.

— Шәке, осы редакңия маңынан жеңіл-желпі жұмыс табыла ма?

Ол бедірейіп маған қарайды.

— Кімге?

— Маған.


Шалғынбаев шалқалап кеп күлді.

— Саған неғылған жұмыс? Сен студентсің ғой.

— Студент болсам да, жұмыс істемесем болатын емес, тұрмыс қиын боп барады, - дедім мен шынымды айтып. - Таңертең лекцияда болып, түстен кейін жұмыс істер едім. Тіпті түннің бірсыпыра жеріне дейін істеуге де бейілмін.

Тегі менің үнім жалынышты боп шықты-ау деймін, Шалғынбаев енді күлмеді. Оның күлмегенін пайдаланып, мен өзімнің қыстай демалыс сайын жалданып, ептеп ақша тауып келгенімді айттым.

— Әй, сонда сен қанша ақша таптың? - деді Шалдуар тоқтай қалып, мені иығымнан жұлқып, өзіне қаратып.

«Әй», «әй» деп сөйлеу, сөйлегенде қасындағы адамын иықтан, желкесінен періп қалу, жұлқып, өзіне қарату Шалдуардың әдеті екен. Байқаусыз келе жатқан мені ол иығымнан жұлқып қалғанда құлап түсе жаздадым. «Мынаған не болған?» деп ойлап, апалақтап оның бетіне қарап едім, Шалдуардың менің тәлтіректеп барып түзелгенімде шаруасы жоө, бедірейіп оз сұрағына жауап күтіп тұр екен.

— Жексенбі сайын 20-30 сомға дейін қаратушы едім, - дедім мен мардымсып. - Ол көп ақша ғой!

Шалдуар екі санын шапалақтап, қарқылдап кеп күлді. Одан сон ол мені тағы да иықтан періп қалып, жол шетіндегі арыққа құлата жаздады.

_ Көп ақша дейді! - деді ол ішін басып, күлкісін тыя алмай _ Тапқан екенсін көп ақшаны. - Ол күлкісін әрең басып, менімен қайта қатарласты. Тағы да мақтана сөйледі. -Сенің ол «көп акшаң» біздің бір кішкентай информацияның құны ғана. Сен білесін бе? - деп Шалғынбаев оң қолының бармағы мен сұқ саусағын біріне- бірін жақындата ұстап, менің көз алдыма тосты. - Бес. жолдық мынадай информацияға бар ғой, бізде он сом қояды. Ал мынадай болса, - сұқ саусақ пен бармақтын арасы алғашқыдан алшая түсті, - жиырма сом. Егер информацияның көлемі мынадай болса, - ол бір нәрсені өлшеп жіберетіндей боп қарысын көрсетті, - алпыс сом. Білдің бе: бір қарыс информация жазсан, бірден алпыс сом аласын. Аһ! Бұл газеттің бір номерінде бір информациян ғана шықса алатының. Кейде бір номерде бірнеше информацияң шығып кетуі де ықтимал. Ол өзіңнің пысықтығыңа байланысты. Ал айына газеттің неше номері шығатынын білесің бе, 25-26 номері шығады. Сонда бір айда орта есеппен он бес информация шығарған журналистің өзі тоғыз жүз сомдай ақша табады. Білдің бе? Аһ! Шалғынбаев маған ежірейе қарап, бармағын шошайтты. Мен көзім бақырайып, басымды изедім. Тегі Шалғынбаевтың менің көзімді мүлде ұясынан шығарып жібергісі келді-ау деймін, сәл қабағын шытыңқырап маңызданды да, қайтадан сөйлеп кетті.

— Мен өзім информацияны кәсіп қылмаймын, - деді ол ол денеден жиіркенгендей танауын тыжырайтып. - Оны кәсіп қылу тышқан аулаумен бірдей. Мен етектей-етектей очерктер жазамын. Сен менің бір очеркіме қанша гонорар қойылатынын білесің бе? Аһ!

Мен басымды шайқаймын. Менің оны білмегеніме Шалғынбаев одан сайын разы бола түседі.

— Білмейсің. Саған оны білу қайда? Мен бір очеркіме алты-жеті жүз сом аламын! - «Ал, қалай?» дегендей, ол бетіме қарады. «Сұмдық көп екен!» деген ишарамен мен көзімді жұмдым. - Ал сен менің айына қанша гонорар табатынымды білесің бе? Аһ?

Мен тағы да басымды шайқаймын. Шалдуар одан сайын мәз болады

-Әр айдың аяғында мына додең, - ол бармағын шошайтып, кеудесін түртті, - мың жарым-екі мың сом гонорарды қалтасына салып алып, талтандап жүре береді. Оның үстіне менің ай сайын сегіз жүз сом жалақым тағы бар. Енді осының бәрін қосшы өзің.

— Көп ақша ғой, - дедім мен.

— Жоқ, өзің қосшы кәне.

— Екі мың үш жүз-екі мың сегіз жүздей-ау деймін.

— Дәл, дәл. Кейде мына үшеудің өзі де боп кетеді, аһ! - деп ол бармағымен шынашағын басып тұрып, қалған үш саусағын шошайтады. - Міне, көп ақша қайда жатыр? Ал сен отыз сомды көп ақша көресің.

— Рас, - деймін мен Шалғынбаевтың қаламақысынан басым айналғандай төмен қарап. - Маған айына екі- үш жүз сомның жұмысы табылса да істер едім. Алда жазғы каникул келе жатыр. Ол кезде жұмыссыз бос жүру де қасірет қой...

— Әй, - деді Шалғынбаев ұзаңқырап барып тоқтап тұрған есек арбаға қарап, аяғын шапшандата басып, - біздің редакцияда екі-үш жүз сомдық жұмыс болмайды. Курьердің өзі айына төрт жүз сом алады, корректорлардың айлығы алты жүз, әдеби қызметкерлердікі сегіз жүз. Сен сияқты шикі студентке әдеби қызметкер болу қайда. Сен корректорға да жарамайсың. Егер курьер болғың келсе, ертең бізге кел. Мен сені жауапты секретарьға алып барайын. Кеше Нюра деген курьер қызымыз демалысқа шықпақшы боп, орнына кісі табылмай жатқан сияқты еді.

.*

Біз есек арбаның қасына келдік.



— Әй, былай бұр, - деді Шалдуар есектің шылбырын ұстаған балаға көшенің оң жағын нұсқап. - Ыстықкөл көшесіне қарай тарт. Анау, бұрыштағы үй.

Есек арба оңға қарай бұрылған соң мен:

— Ал, Шәке, қош болыңыз. Ертең редакцияға келемін, - деп өз женіме кетуге ыңғайландым.

— Өй, қайда барасың? - деді Шалдуар «өзіңнің есің дұрыс па?» дегендей маған бажырая қарап.

— Жатақханаға... Емтиханға әзірленіп жатыр едік.

— Жатақханаға... - деді ол маған бірдеңесін өткізіп қойғандай қабағын шытып. - Сен енді мынаны түсіріп бермейсің бе?

«Асығыспын, өзіңіз түсіріп алыңыз» дегелі бір тұрдым да, Шалдуардың түрінен қорықтым. «Мінезі тік пәле екен, ренжіп қап, ертең жұмысқа алдырмай жүрер» деп ойлап, оның соңынан ықылассыз ілестім. Ыстықкөл көшесі мен Гоголь көшесінің бұрышындағы екі қатарлы үйдің алдындағы сарайдың қасына есек арбадағы сексеуілді түсірдім, Шалдуар үйіне кіріп, ақша алып шықты да, арбакеш баланы жөнелтті.

— Әй, неғып тұрсын? - деді ол кетуге ыңғайланған маған қарап. - Енді бұларды анау тасқа соғып, жармайсың ба? -Менің қырсау қимылымды аңғарды ма, ол бірден бастырма-лата жөнелді. - Сен өзің менен ақы дәметіп жүргеннен саумысың?! Саған ақы не керек. Отыз сомды олжа көріп жүрген сен ертең курьер боп, айына төрт жүз сом алып отырсаң, шекеңе тар келе ме? Менің саған берер ақшам сол. Ұқтың ба? Аһ?..

Мына пәле шынында да бір сұмдықты шығарып жүрер дедім де, үйіліп жатқан сексеуілді үн-түнсіз шетінен сүйреп, жаруға кірістім. Тасқа соғылған сексеуіл жігері жалаңаш қолымды жаңғыртып, өне бойымды электр тогы соққандай дір-дір еткізеді. Сонда да тістеніп, тырмысып жатырмын. «Мұны өзім жаратынымды білгенде бағана тез сынатын, шірік сексеуілді көбірек салатын едім ғой» деймін ішімнен. Бірте-бірте алақанымның терісі ойыла бастады. Ақыры, қолым шыдамай бара жатқан соң, жарылған сексеуілді аяғының ұшымен жинастырып тұрған Шалдуарға бұрылдым.

— Шәке, жаман қолғап бірдеңе табылмас па екен?

— Өй, сен өзің... студенттің жаман қолын аяп, - деп ежірейді ол маған, екі қолын қалтасында ұстап, шірене тұрып. - Мен саған жаман қолғапты қайдан табамын?

— Қол шыдамай барады, - дедім мен Шалдуардың қолғабы жоғына бейне бір өзім кінәлідей-ақ ыржия күліп.

— Онда несіне солдат болып жүрсің, бес тал ағашты жару қолыңнан келмесе? Жә, жар да, болған соң ана сарайға үйіп, құлпын сыртынан бос сал да, жатақханаңа жүре бер.

Осыны айтып Шалдуар алшаңдап үйіне қарай кетті. «Жұртқа жылы сөйлеп, сәл кішілік көрсетсең, өстіп иығыңа мініп алатыны жаман, - деймін мен өзімнен-өзім күйіп-пісіп. - Маған бірдеңесін өткізіп қойғандай өкіреңдеп, алшандауын. Солдатты адам емес, темір деп ойлайды екен-ау бұл. Көрер едім соғыста болсаң, сенің жаныңның қандай темірден соғылғанын!» Өстіп, іштей күңкілдеп қанша ұрысқаныммен, ол күні Шалдуардың бар шаруасын тап-тұйнақтай етіп тындырып кетуіме тура келді. Ертеңінде, сағат таңертеңгі тоғыздан аса үкідей ұшып редакцияға жеттім. Редакция орналасқан үш қабат үйдің алдына келсем-ақменің жүрегімді өзгеше бір лүпіл кернейді. Оның сыртқы биік тас баспалдағына көтерілгеннін өзіне тау болмаса да, төбе басына шыққандай көңілім биіктеп сала береді. Маған редакция адамдарының бәрі ерекше жаралған жан боп көрінедк олар шетінен жақсы, шетінен сүйкімді сияқтанады. алдуар Шалғынбаевтай боп олардың ортасында жүруден артық бакыт жоқ іспеттенеді. Өстіп, редакция үйінің әр бұрышына аса зор құрметпен қарап, дәлізде кездескен әр адамына, ол мені елемесе де, иіле сәлем беріп, жаңа түскен жас келіндей сызылып келе жатсам, Шалдуар машина бюросынан шығып барады екен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет