Дәрістердің қысқаша сипаттамасы. Дәріс 1 Жыраулық поэзиясының даму жолдары Дәрістің мақсаты



Дата27.10.2019
өлшемі35,43 Kb.
#50708
Байланысты:
жырау

Дәрістердің қысқаша сипаттамасы.
Дәріс 1 Жыраулық поэзиясының даму жолдары
Дәрістің мақсаты:Жыраулық поэзияның ғасырлар бойы

қалыптасып,дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік

құбылысы екендігін түсіндіру.

Тірек сөздер: Жырау, жыршы, жыр,толғау,шешендік оралымдар т.б.

Дәрістің жоспары: 1.Жыраулармен қоса ХVIII ғасырдағы ақындар поэзиясы

туралы.

2.Поэзияның көрнекті өкілдері Шал мен Көтеш ақын

жырларының негізгі сарыны-дін, этика, мораль

тақырыптар екендігі. .

3.Жыраулар шығармашылығының көбінің бізге

жетпегені, жеткендерінең өзіде текстологиялық

жағынан әлі де дәлелдей түсуді, аша түсуді керек

ететін тұстары бар екендігін түсіндіру.

4.Олардың туындыларын зерттеуші ғалымдар жайында

әңгімелеу.

5.Жырау толғауларын бізге жеткізуші ақындар туралы

да сөз қозғау.
Әдебиетімізде өзінің жанрлық белгі-сипаттары арқылы ертеден-ақ жеке сала болып дамыған ақындық және жыраулық поэзияның алатын орны ерекше. Көне дәуірлерден бері фольклорлық туындылармен өзектесе, жарыса дамып келген бұл сала халқымыз бастан кешкен тарихи оқиғалардың көркем шежіресі іспеттес ел тұрмысының сан алуан қырларын қамтып бейнелеуге әр кез елеулі үлес қосып отырған. Қазақ жырауларының сан ғасырлық шығармашылығын негізінен үш кезеңге бөліп қарастырған жөн сияқты. Бірінші топқа жыраулық дәстүрдің негізін қалаған алғашқы өкілдері: Қорқыт, Аталық, (Кетбұға), Сыпыра жыраулар жатады. Бұл дәуір XI-XIV ғасырларды қамтиды. Жыраулықтың қалыптасу кезеңін белгілейтін екінші топқа Асан қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет шығармалары кіреді. Мұның кезеңі XV-XVI ғасырлар. Үшінші топты жыраулықтың әбден толысып, кемелденген кезеңіндегі өкілдері: Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді, Бұқар жыраулар құрайды. Бұған XVII-XVIII ғасырлар жатады. Сондықтан бұл кезеңдердің ерекшеліктерін ашып әңгімелеуді, ең алдымен, жыраулық поэзияның бірден-бір көрінісі – толғау жанрының қалыптасуынан бастау қажет дер едік.

Толғау – әдебиетімізде өзіндік ерекшеліктерімен көрініп, көне дәуірлерде туып қалыптасқан поэзиялық шығарманың бір түрі. Толғау қазақтың «жыр толғау», «толғап айту» деген сөзінен алынып, жеке термин ретінде әдебиетімізде кейінгі кеңестік дәуірде ғана қалыптасты. Толғаулар өзінің табиғи сипатымен жүйелі оқиғасы бар жырға тонның ішкі бауындай жақын, үндес. Бізге жеткен толғаулардың халық, өмірінің, аса бір жауапты, күрделі де қиын тұсында айтылып таралғанын аңғарамыз. Жыраулар толғаған суырып салма жырлар философиялық ойға құрылған тұжырымдарымен де, жеке адам бейнелерін жасаған салиқалы да тартымды мазмұнымен де дараланады. Мұнда ел, жер, халық тағдыры, болашағы жүйелі сөз болады. Осы ерекшелік мұны эпикалық жырларға көп ұқсатады.

Қазақ поэзиясы тарихына көз салсақ, толғаудың дербес жанр ретінде қалыптасуы ұзақ ғасырларға ұласқанын көреміз. Бұған әр тұста әр алуан жыраулар өз әлінше үлес қосып отырған. Соның нәтижесінде бұл жанр дәуір талабына сәйкес қалыпты фольклорлық үлгілерден біртіндеп оқшауланып, суырып салмалық дәстүрдің жаңа сипатты бір арнасын құрайды. Бұл әдебиетіміздегі даралық творчествоның ең әуелде тек поэзияда, оның ішінде жыраулық, ақындық толғау, жырларда тұрақтанып қалыптасқанын айқын аңғартады.

Әрбір әдеби туындылардың алғаш пайда болуы мен қалыптаса дамуы соның авторларының аренаға шығуымен тікелей байланысты десек, толғау жанрының ең алғашқы өкілдерінің бірі деп, ең алдымен, Сыпыра жырауды атай аламыз. Рас, оған дейін де кейбір деректерге қарағанда Ұлық жыршы, яки Аталық жыраудың (XIII ғ.) бар екенін білеміз. Тіпті бұдан ілгері, Шоқан Уәлиханов айтқандай: «Өзгелерге жыр жырлау өнерін үйреткен бірінші жыршы – Қорқыт» та бар. Өкінішке орай, Қорқыт атаның жырлары белгісіз бір себептермен бізге жетпей, оның орнына сол туралы тек үзік-үзік аңыздар мен әпсаналар ғана сақталып қалған. Ал, Ұлық жыршы, яки Аталық жырауға (кейде Кетбұға деп те аталады) келсек, оның «Жошы хан өлгенде әкесінің айтқаны» деген жалғыз жоқтау жыры мәлім. Осы Ұлық жыршы «Оғызнаме» дастанында да Оғыз қағанға жыр толғап, болашақты болжайтын керемет толғаулар айтады.

Дегенмен, әйгілі «Қорқыт ата кітабында» әрбір келелі оқиғаларды баяндау алдында үнемі Қорқыт атынан бірде Дерсе, енді бірде Баяндүр ханға арналып айтылатын сөздердегі «Қорқыт атам сөз сөйлеп, жыр толғады. Бұл хиқаяны өзі шығарып, өзі жырлады» деп үнемі қайталанып келетін жолдардың өзінен-ақ оның жырды суырып салып айтқан «Көмекей әулие» – жырау болғаны айқын аңғарылады. Осы баяндаулар өзінің арнау үлгісінде келуі мен ұлағатты мазмұны арқылы да қалыпты жыраулар поэзиясына жақын тұр. Бір кезде толғау түрінде айтылған бұл жырлар кейін қара сөзге айналған тәрізді. Бұлардан Сыпыра жырау жырларының табиғаты біршама өзгешелеу.

Сыпыра жыраудың аты да, толғауы да белгілі бір себептерге орай эпикалық жырлар («Ер Тарғын», т.б.) мен ертегілерде («Құбығұл», т.б.) ғана ұшырасады. Бұларда ол ел-жұртқа қадірлі ақыл иесі, көп жасап, көпті көрген дана, алдын болжағыш абыз, сәуегей кісі болып суреттеледі. Хан да, қара да ақыл таппай қысылып тығырыққа тірелгенде, көпті көрген көне Сыпырадан кеңес сұрайды. Мұның бәрінде де Сыпыра Алтын Орданың белгілі ханы Тоқтамыстың қасындағы көреген биі, кемеңгер ақылшысы ретінде сипатталады. Қазақ жырлары мен ноғай ертегілеріндегі Сыпыра бейнесі бір-біріне табиғи өте ұқсас, көп жасағаннан «адам көрер түсі жоқ, аузында отыз тісі жоқ» сиықсыз да ұсқынсыз қарт болып сипатталады.

Сол аңыз-ертегілер мен батырлық жырларда жиі аталып, «өзінің 180 жасаған өмірінде тоғыз ханды қолынан өткізіп, тоғыз ханды түзеткен» Сыпыра туралы тарихи деректер жоқтың қасы. Алайда, Сыпыра жырау туралы айтқанда, ең алдымен, білікті ғалым Ә.Марғұлан еңбектерін негізге алған жөн. Ол кісі дала эпостарын жасаудағы жалпы жыраулардың, соның ішінде Сыпыраның ролін өте жоғары бағалай отырып, оны «XV-XVIII ғасырлардағы көптеген қазақ ақындарының көшбасшысы және ноғай-қазақ эпостарын («Ноғайлы жыры») бірден-бір жасаушы кісі», – деп көрсеткен еді.

Заман талабына сәйкес жыраулар қашанда хан қасынан табылып отырған десек, бұған Сыпыра жырау өмірі де айқын дәлел. Ол әр алуан жырларда ең әуелі Тоқтамыс хан мен Ер Тарғын батырды татуластырушы, енді бірде Едіге мен Тоқтамыс арасындағы кек-жанжалды басушы, тағы бірде Тоқтамыс ханға қарсы көтерілген халық толқуын кемеңгерлікпен тоқтатушы данышпан ретінде көзге түседі.

Сөйтіп, жыраулар, көбінесе, өзінің көріпкел, болжағыштық, дана-кемеңгерлік қасиеттері арқылы әр кезеңде белгілі бір ханның қысылғанда, кеңес сұрар ақылгөй жыршысы, салауатты биі болғанын көреміз. Бұған дәлел ретінде көне дәуірдегі Қорқыт пен Дерсе, яки Баяндүр хан, Ұлық жыршы мен Оғыз қаған, Ұлық жыршы мен Шыңғыс ханнан бастап, бертінгі Сыпыра мен Тоқтамыс, Асан қайғы мен Жәнібек, Шәлгез бен, Би Темір, Жиембет пен Есім, Бұқар менен Абылай хандардың іс-әрекет, қарым-қатынастарын атай аламыз. Бұл туралы кезінде: «Әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда, ең алдымен, сөз тапқыш, өткір деген суырылған шешеннен, судырлаған ақыннан алатын. Бұлардың саяси салмағы зор болғандықтан, аузынан шыққан сөз де олқы болмауға тиіс. Көлденең кісі мін таба алмайтындай, қоржындай ауыр, оқтай жұмыр, өтімді болу керек. Бұлар қазақтың жоғарғы табынан шығып, ел меңгеру жолындағы саясат адамдары болғандықтан, көпке айтқан сөздерінің бәрі ел мұңына, ел қамына арналған сөздер болады», – деп М. Әуезов айтқандай, жыраулардың әлгіндей өз бастарындағы артық қасиеттерінен тыс, азулы жуан, саны көп рулардан шығуы да, тіпті өзінің ел тағдыры шешілетін ауыр кезеңдерде қол бастайтын әскербасы – батыр болуы да хан қасынан табылуға мәжбүр еткен. Олардың хан қаһарынан қаймықпай қашан да батыл сөйлеп, шындықты тайсалмай бетке басып айтуы да осыдан. Қазақ тағы «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген мәтелдің шығу төркіні де осы айтылған оймен терең сабақтас. Бұған ақындар өмірі де айғақ бола алады.

Сөз болып отырған Сыпыра тұлғасы үнемі біздегі батырлар жыры мен ертегілердің басты қаһарманы ретінде суреттелу арқылы өзінің жыр толғау мәнерімен де, көреген сәуегейлігімен де қалыпты жырау болып танылады.

Толғаудың қалыптасу кезеңінің ірі өкілдері болып саналатын Асан қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет, Ер Шобандар сол өздерінен бұрынғы қалыпты дәстүрді жалғастырып дамытуға үлкен үлес қосты. Соның нәтижесінде толғау жанры өзге жырлардан табиғаты бөлек жыраулар поэзиясының дәстүрлі де өнімді бір түріне айналады.

Толғау бұл кезеңде өзінің тақырыбының ауқымдылығы мен мазмұнының байлығы жағынан ғана емес, сыртқы құрылыс-түзілімі жағынан да түлеп толысып, халықты толғантқан күрделі мәселелерді жырлау дәрежесіне көтерілді. Осыған орай жыраулардың өз тұсындағы өмір көріністерін көркем бейнелеудегі әдіс-тәсілдері де өзгерді. Олар адам мен адам арасындағы әр алуан имандылық, ізгілік, адамгершілік қатынастарды (жақсы мен жаман, достық, дұшпандық) сөз еткенде, көбінесе, өмірде бар танымал құбылыстарды әдейі салғастыра алып, ойдың ұтымдылығы мен тиімділігін еселеп арттыруға мән берді. Осыған орай сол толғаулардың бір алуанында айтушының оқиғаға қарым-қатынасын білдіретін көңіл-күйі мен сезім-талғамы басым болып отырса (Қазтуған, Доспамбет жырлары), енді бір тобында мақал-мәтел іспеттес, өмірлік қорытынды, түйінді толғам, дидактикалық, әлеуметтік мазмұн сарапталады (Асан қайғы, Шәлгез).

Толғау жанрының қалыптасып, өркен жаю кезеңі жырлары өз атымен келіп жеткен Асан қайғы творчествосынан басталады. Бұл тұста толғаудың әлеуметтік, қоғамдық мәні артып, арнау, дидактика үлгісіндегі жырлармен толыса түсті. Бұған Асан қайғы өмір сүрген кезеңнің қат-қабат қиындығы мен күрделілігі де елеулі әсер етті. Керей мен Жәнібек бастаған елдің көшіп, Шу бойында жеке хандық құруының өзі өте маңызды мәселе еді. Жырау осы көші-қонға қарсы болса да, болашаққа зор үміт артып, қазақтың алғашқы ханы Жәнібектің (XV ғ.) ел басқару ісіне жиі араласып отырады. Осы мәселелерге сәйкес ол «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің», «Қырында киік жайлаған», «Алты атанға қос артып» атты толғауларын тудырып, ел бірлігі мен іргелі қоныс жайына арнайы тоқталады, ханның мін-кемшіліктерін бетіне айтады. Бейғамдықпен мен-менсінудің, мастанудың жақсылыққа алып келмейтінін ескертеді.

Жайлы мекен, жақсы қоныс, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуірді аңсау сол кездегі заман талабынан туған түйінді мәселе еді. Батыстан төнген зор қауіптің болар зардабын Асан қайғы жұрттан бұрын болжап, терең түсінді. Жыраудың «Алты атанға қос артып, тынбай алты жыл қоныс қарауы» да сол болашақ бодандықтың алдын алу болатынды. Асан қайғы құтты қонысқа жаяулап келіп, «өлтірмей жаныңды алатын, бауыздамай қаныңды ішетін» зұлым отаршылдарды шортан бейнесінде сипаттап, мұның әсте болмай қоймайынын, одан құтылудың жолы тек Жиделібайсынға көшу екенін тектен-текке айтпаса керек. Осыны ойламай, «ішкенге мас, жегенге тоқ» Жәнібек ханды жырау өлтіре сынайды. Бұл Асан ата болжаған мәселенің немен тынғанын біздер көріп, бармақ шайнап бастан кешіріп отырмыз. Сол жұмбақтың байламды шешімін кезінде Бұқар жырау да Абылай хан сұрағына орай тап басып шешіп берген еді. Бұған қарсы тұрар, қорғап қалар күштің сол тұста болмағаны жұртқа мәлім. Міне, осы жәйт Асан қайғының «Мұнан соң қилы-қилы заман болар» атты толғауының тууына себеп болғаны мәлім. «Жау жағадан алғанда, ит етектен» дегендей, қалмақ басқыншылығы да қазақ еліне оңайға түскен жоқ. Көп қырғын, сансыз шығынмен халқымыз бұл күндері тәуелсіздікке ие болып отырса да, сол қауіптің ызғарынан әлі де біржола құтылып кеткен жоқ.

Асан қайғы жырларынан жалпы жыраулар поэзиясына тән белгі-сипаттардың мол ұшырасуы да заңды. Толғамы терең күрделі ойды мейлінше ұшқырлап әрі дәл, әрі ұтымды етіп жеткізу үшін, жыраулар, көбінесе, күнделікті өмірде жиі ұшырасатын танымал көрініс-құбылыстарды өзара салыстыру арқылы өз ойын орағыта жұмбақтап бейнелейтін болған. Рас, адамның сезім күйін табиғат көріністерімен ұштастыра сипаттау әдебиетімізде бұрыннан бар. Мұның әдемі үлгілерін тұрмыс-салт жырлары мен лиро-эпикалық дастандардан да ұшыратамыз. Алайда, әдеби дамудың әр қилы даму көріністері секілді мұның да жаңа, күрделі сипаттармен толысып, кемелдену кезеңдері болатыны даусыз. Сондықтан осы ерекшелік Асан қайғы толғауларында өмірлік құбылыс пен адамдар арасындағы қатынасты бейнелеудің тұрақты тәсіліне айналды. Өзінен бұрынғы жырауларда бұл жалпылық мәннен жекелікке ауысып отыратын болса, Асан творчествосында, керісінше, үлгілі де өсиетті нақты көріністерден үлкен жинақтауларға ойысатынын көреміз. Көбінесе мұндай жинақтаулар жырау көздеген белгілі бір мақсатқа орай дәлелдеуге жатпайтындай ұлағатты шындық ретінде де ұсынылады.

Сөз болып отырған кезеңдегі жыраулар тобынан Қазтуған мен Доспамбет шығармаларын алып қарасақ, бұларда кір жуып, кіндік кескен атамекен мен туған елге деген махаббат, отаншылдық, сезімдер үлкен серпінмен сипатталады. Жыраулар, көбінесе, кешегі мен бүгінгі өмірді, өз басынан кешкен әр алуан ерлік пен қиыншылық сәттерді өзара салыстыру арқылы ой екшегенде, олардың ел мен жерге деген әлгіндей сүйіспеншілігі де нақтылық мәнге ие болып отырады. Айталық, Қазтуған өзінің «Алаң да алаң, алаң жұрт» атты белгілі толғауында атасы Сүйініш пен анасы Бозтуғанның бірі күйеу, бірі келін болып түскен құтты қонысы – айдынды Еділін еске алып тебірене толғайды. Бұл – өз елін, өз жерін беріле сүюдің әдемі үлгісі деуге тұрарлықтай асқақ жыр.

Ал, Доспамбет толғауларында осы сүйіспендік сарын бастан кешкен өз өмірін еске түсіру түрінде келіп, өскен ел, туған жерге деген ыстық махаббатпен өріледі. Жырау өзі есейіп, ер жеткен оттай ыстық ата-мекенін сыртқы жаудан қорғаудан артық мақсат жоқ деп санап, бүкіл күреске толы өмір жолын еске ала жырлайды.

Доспамбет толғауларындағы секілді асқақ әуен, айқын мұратты сипаттау кейде жыраудың өз бейнесін өзі жасау талабымен ұштасып отырады. Мұндай құбылыс біздің әдебиетімізде бұрын-соңды ұшыраса қоймаған жәйт. Айталық, Қазтуған жырау «мұздай үлкен көбелі екі шекесін» айтумен шектеліп қалмай, өзінің «сұлтандайын жүрісті», «айдаса қойдың көсемі, сөйлесе қызыл тілдің шешені», «қашағанның ұзын құрығы, қалайылаған қасты орданың сырығы», «буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы» екеніне дейін қалдырмай тәптіштеп суреттейді. Мұндай өзінің елден ерек қасиеттерін кейде көтеріп, кейде бәсендете айту ара-тұра Шәлгез (Шалкиіз) жырларынан да ұшырасады. Ол – әдебиетімізде енді ғана туып, орныға бастаған толғау жанрының өркендеп дамуына ерекше үлес қосқан жырау.

2.Қазақ сөз маржанын жинаушы

Ш.Уәлиханов қандай пікір айтты?

3.Қазақ жырауларының сан ғасырлық

шығармашылығын неше кезеңге бөлеміз?


Білім және ғылым министрлігі


Дәрісті бекіту сұрақтары:

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет