Диплом жұмысы «5B020500-Филология: қазақ тілі»


Бітіру жұмысының негізгі зерттеу нысаны



бет2/2
Дата01.06.2022
өлшемі44,97 Kb.
#145667
түріДиплом
1   2
Байланысты:
Мадина диплом
БАЛЖАН ЖОСПАР — копия, Путь абая 3-конвертирован
Бітіру жұмысының негізгі зерттеу нысаны: Қазақ тіліндегі жалғаулардың функционалдық сипаты.
Бітіру жұмысының мақсаты: Қазақ тіліндегі қосымшалардың бір түрі жалғаулардың функционалдық сипатын қазақ тілін зерттеуші ғалымдарымыздың пікірлеріне сүйене отырып дәлелдеу.
Жұмыстың міндеті:

  • Қазақ тіліндегі қосымшалардың жіктелуі;

  • Қазақ тіліндегі функционалды қосымшалар мәселесіне тоқталу.

Бітіру жұмысында зерттеу әдістері: Жұмысты жазу барысында сипаттама, талдау, жүйелеу, жинақтау, қорыту әдістері қолданылды.

Бүгінгі таңда қазақ тіл білімі жаңа ғылыми парадигмаларды игеріп, антропоөзектік, функционалдық зерттеулер жүргізуде зор нәтижелерге жетіп отыр. Грамматикадағы функционалды бағыт жалпы тіл білімінің даму деңгейіне сәйкес өз дәрежесінде зерттеліп келеді. Дәстүрлі тіл білімін жаңа ғылыми әдістемелермен байытып, тілдік бірліктердің қолданыстағы мағыналық мүмкіндіктерін зерттеуге септігін тигізуде. Әсіресе қазақ тіл білімінде функционалды грамматика мәселелері орыс ғалымы А.В.Бондарконың бағыты бойынша жан-жақты қарастырылды. Оннан аса функционалды-семантикалық категориялар сипаттамалы, салыстырмалы, салғастырмалы аспектілерден зерттелді. Нәтижесінде тілдік бірліктерді жүйелеп қарарастыруды мақсат ететін құрылымдық грамматикадағы формадан мағынаға қарайғы зерттеулер керісінше мағынаға басымдық беретін мағынадан формаға қарайғы зерттеулермен ұштасты. Сөйтіп, тілдік бірліктердің бұрынғы тіл жүйесінде ашылмай жатқан нәзік тұстары айқындала түсті. Алайда функционалды бағыт қазақ тіл білімінде жүйелі түрде соңғы кездері зерттеліп жатқанмен, оның бастау көздері қазақ тіл білімінің дамуымен бірге бітеқайнасып келеді деуге толық негіз бар. Бұл заңды да. Өйткені адамзат дүниені тануда алдымен заттар мен құбылыстар туралы ұғым пайда болады. Содан кейін барып олар тілде қолданыс тауып, құрылымданады, жүйеге түседі. Қайсыбір халық тілінде болмасын, грамматика ғылымы тілдік бірліктерді ойлау арқылы жүйеге түсірген. Яғни ақиқат шындықтың санада көрініс табуы когниция құбылысы арқылы жүреді. Осы адам санасындағы когнитологиялық жүйе тілдік бірліктерді жасаудың алғышарты болып табылады. Олай болса, біз әрқашан ұғымды бірінші орынға қоямыз, ал тілдік бірліктер сол ұғымды тілде бейнелейтін құрал қызметін атқарады. қазақ тілінің грамматикасын жазумен айналысқан ғалымдар еңбектерінде осы когнитологиялық жүйенің, яғни ұғымдық категориялардың көрініс табуы адам физиологиясымен, таныммен, ойлау әрекетімен байланысты заңды құбылыс.


Қай тілде болмасын ой мазмұнымен, яғни ойлау үдерісімен бірге тілдік мағыналар өрісі пайда болады. Мұны тілді танудың, зерттеудің ономасиологиялық бағыты деп атайды. Тілдік мағыналарды танудың ономасиологиялық бағыты қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов сынды төл ғалымдарымыздың еңбектерінен бастау алады. Мәселен, А.Байтұрсынұлы райдың 15 түрін көрсетеді (Ал қазіргі грамматикалар мен оқулықтарда - 4). Олар: тұйық рай, билік рай, ашық рай, шартты рай, ереуіл рай, реніш рай, қалау рай, сенімді рай, сенімсіз рай, мұң рай, көніс рай, қайрау рай, азалы рай, теріс рай, болжал рай. Райды осылай жіктеуде ғалым оның санын тілдегі модальдылық мағыналардың түрлеріне қарай жіктегені байқалады. Бүгінде А.Байтұрсынұлы көрсеткен осы мағыналық топтар функционалды грамматикада функционалды-семантикалық категориялар тұрғысынан жеке-жеке зерттеу нысандарына алынып, біразы зерттеліп, ал кейбірі зерттелуге тиісті өзекті тақырыптардың санатында тұр деуге болады. Мұндай мағыналық топтастыруларды ғалым етіс категориясы бойынша да жасаған: сабақты етіс, салт етіс, ортақ етіс, өздік етіс, өзгелік, беделді етіс, ырықсыз етіс, шығыс етіс, дүркінді етіс, өсіңкі етіс деп он топқа бөледі [1].
Қ.Жұбанов етістіктің үш шағын және әрқайсысының мағыналық топтарын атап көрсетеді. Ғалым шақ көрсеткіштерін жіктеуде олардың мағыналарына баса назар аударған. Сол себепті ғалым еңбегінде шақ түрлері де мағыналық ерекшеліктеріне қарай тарамдалып берілген [2]. Ғалымның шақ түрлерін саралаудағы бұл жіктемесі мағынаға баса назар аударатын функционалды грамматиканың зерттеу бағытына сәйкес келеді.
Функция ұғымы функционалды грамматиканың ғана емес, құрылымдық грамматикдағы да маңызды бірлік болып табылады. Өйткені грамматиканың бұл екі бағыты да грамматикалық мағына мен тілдік бірліктердің қызметін (қолданысын, жұмсалымын) зерттейді. Әдетте дәстүрлі грамматикада нақты бір тілдік бірлік бір ғана қызмет атқарады деп қаралады. Мысалы, қазақ тілі оқулықтарында -дай, -дей қосымшасы сын есім тудырушы қосымша болып анықталған. Бұдан біз бұл қосымшаның сөз тудырушы қызмет атқаратынын көреміз. Бұл сияқты тілдік формаларды бір ғана қызметке байлайтын тұжырымдар дәстүрлі грамматикаға тән. Құрылымдық грамматикада тілдік бірліктердің қолданылу барысында өз функциясынан ауытқып, басқа да мағыналық реңтерді білдіруі, яғни жанама қызметтерде қолданылуы функционалдылық терминімен аталады. Осы ретте дәстүрлі грамматикада кейбір тілдік бірліктердің жұмсалым барысында әртүрлі қызметке ие болуы тілші-ғалымдар назарынан тыс қалмаған. Қазақ тіл білімінде әрбір тіл бірлігінің қолданыста түрлі мағынаға ие болып, соған сәйкес түрліше қызмет орындауы жайлы айтылған ой-пікірлер аз емес. Бұл мәселеге байланысты ғылыми зерттеулер мен ғылыми мақалалардың тақырыптары функция ұғымымен байланысты беріліп жүр. Атап айтқанда, Ы.Маманов, С.Исаев «Функциялық қосымшалар», Қ.Шаяхметов «Екі функциялы аффикстер», А.Жаңабекова «Сөз формаларын жасаудағы қосымшалардың функциялық ерекшеліктері» т.б.
Функционалды қосымшаларды зертеу тілдегі сөзжасамдық және формажасамдық бірліктерді ажырату мәселесімен тығыз байланысты. Өйткені тілдегі кейбір грамматикалық бірліктер жаңа мағыналы сөз тудырып, сөзжасамдық функция атқарса, сонымен қатар категориялық грамматикалық мағыналар тудырып, формажасамдық қызмет те атқара береді. Қосымшалардың осындай екі жақты қызметі грамматикалық бірліктердің функционалдылығы ретінде танылып, ғалымдар назарын аударған. Алайда бұл кезде сөзжасам жеке сала ретінде дербес бөлініп қарастырылмаған болатын. Морфология саласы ішінде қосымшалар сөз тудырушы және сөз түрлендіруші жұрнақтар тұрғысынан беріліп, кейбір қосымшалардың сөз тудыруға немесе сөзді түрлендіруге қатысы толығымен анықталмаған. Сөйтіп, екі жақты қызмет атқаратын мұндай қосымшаларды «функционалды қосымшалар» деген терминмен атау үрдіс алған. Кезінде жылдары даулы мәселе болған бұл функционалды қосымшалар мәселесі күні бүгінге дейін бір шешімін таппай келеді. Әсіресе компьютерлік лингвистика салысында сөздердің құрамын түбір мен қосымшаға бөліп, оларды грамматикалық тұрғыдан сипаттайтын автоматты компьютерлік бағдарламар жұмысында мұндай мәселелердің басын ашу өте өзекті мәселе. Мысалы, балалардай, барғандық, қатысуынсыз, ойларынша сияқты сөздердегі -дай, -дық, -сыз, -ша сияқты қосымшаларды қандай категорияға жатқызамыз? Бұл проблема түсіндірме сөздіктер құрастыруда да реестр сөздер қатарын беруде мәселе туғызады. Сондықтан функциоанлды қосымшалардың тілдік табиғатын дәл танып, терминдік атау беру өз кезегін күтіп тұр.
Функционалды қосымшалардың тілдік табиғатын анықтау үшін жалпы түркологиядағы қосымшалардың терминдік аталымы мен жіктелу үлгілерін саралап алу қажет деп санаймыз.

1 ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚОСЫМШАЛАРДЫҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ


Кеңес дәуіріне дейінгі еңбектерді түркі тілдерінің алғашқы грамматикалары ретінде қарауымызға болады. XIX ғасырдың көш басы 1801 жылы шыққан И.Гигановтың татар тілінің грамматикасынан басталып, М.Казем-Бек (1846), В.В.Радлов, М.Терентьев (1875), Алтай тілі грамматикасын жазушылар (Грамматика алтайского языка, 1869), П.М.Мелиоранский, С.В.Ястремский, Н.Созонтов, Н.Ф.Катанов, И.Лаптев, В.В.Катаринский т.б. ғалымдардың еңбектерінде қосымшалар жайлы біршама сипаттамалар беріледі. Бұл еңбектерде қосымшалар жігі нақты көрсетілмегенмен, сөздер «первообразные», «производные» болып жіктеліп, туынды сөз жасаушы тұлғаларды көрсетіп отырған. Сол сияқты нақты бірізді терминмен де берілмейді. Айталық, М.Казем-Бек «частица», Алтай тілі грамматикасында «приставка», Н.Ф.Катанов «окончание», «послелог» т.с.с. болып түрліше аталады.
Г.В.Архангельскийдің еңбегінде қосымшалар «приставка» терминімен аталып, олар «словообразовательные приставки», «словоизменительные приставки» болып екі тармаққа бөлініп көрсетіледі.
«Қосымша» терминін қазақ тіл біліміне енгізіп, оның негізін қалаған А.Байтұрсынұлы өзінің «Тіл құрал» еңбегінде қосымшаға жүйелі түрде анықтама беріп, жалғанған сөзінің тұлғасын өзгертіп, мағынасын өзгертпейтіндерді – «жалғау» деп, жалғанған сөзінің тұлғасын ғана өзгертпей, мағынасын да өзгертетіндерді – «жұрнақ» терминімен атайды [1,182].
Қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салушы ғалым Қ.Жұбановтың «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» еңбегінде де қосымшалар мәселесі әрі қарай тиянақтала түседі. Ғалым бұрынғы қолданылып жүрген «жұрнақ» терминінің орнына «үстеу» деп атауды жөн санаған. Қ.Жұбанов: «Өзінің жалғанған түбіріне тек мағына үстеп қана қоятын түрін жұрнақ деп атағаннан гөрі, осы мағына үстейтіндігін көрсету үшін үстеу деп атау, әрине, қолайлы. Осыны ескеріп, жұрнақ деген терминнің қолайсыздығын ойлап, оны тастап, босап калған үстеу деген терминді осы жұрнақтың орнына бердік. Сөйтіп, қосымша екі түрлі болатын болды да, оның бір түрін жалғау, біртүрін үстеу деп атадық», - деп үстеу терминін қолданудың қолайлығына басқа да дәлелді фактілер келтірді [2, 234].
1930 жылы қосымшаларға қатысты Х.Басымовтың «Жалғау-жұрнақтар» атты мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада жалғаулар мен жұрнақтардың сингорманизм заңдылығына сай түрленісі туралы мәліметтер беріледі. Бұл еңбектерде жұрнақ пен жалғауға ажыратылып, анықтамалары берілгені болмаса, қосымшалардың сөз тудыруға, сөзді түрлендіруге қатысты жіктеу үлгісі кездеспейді. Қосымшаларды бұлай жіктеу С.Аманжоловтың латын қарпімен жазылған «Қазақ тілі грамматикасында» (1938) кездеседі. Одан бергі шыққан қазақ тілінің грамматикаларының барлығында қосымшалар екі топқа бөлініп қарастырылды. Олар: жұрнақтар және жалғаулар.
Түркологияда қосымшалар «аффикс» терминімен аталып, сөз тудырушы аффикстер және сөз түрлендіруші аффикстер болып екі топқа бөлінеді. Атап айтсақ, Н.А.Баскаков, Н.П.Дыренкова, Н.Х.Дмитриев, Л.Н.Харитонов, А.Н.Кононов т.б. ғалымдар 40-жылдары құмық, ноғай, ойрот, шор, хакас, өзбек тілдеріне арналған бастапқы грамматикаларын жазды. Бұл ғалымдардың еңбектерінде «аффикс» термині нақты қолданыс табады. 1938 жылы шыққан С.В.Ястремскийдің «Грамматика якутского языка» еңбегінде «суффикс» термині қолданылады. И.А.Батманов «Грамматика киргизского языка» еңбегінде «форма» түрінде береді (формы залогов, отрицательная форма). В.Г.Гузев «словообразования», «словоизменение» терминдерінің түркологияда О.Н.Бетлингктің якут тілі грамматикасынан басталатынын айтады.
Қосымшалардың құрамын сөз тудыру мен сөз түрлендіруге ғана бөлетін классификацияны дамытқан ғалым Н.А.Баскаков болды. Оның жіктеуі бойынша аффикстер алдымен сөз тудырушы аффикстер және сөз түрлендіруші аффикстер болып бөлініп, сөз түрлендірушілерге тек жалғаулар жатқызылып, сөз тудырушы аффикстер өз ішінде лексика-грамматикалық аффикстер және функционалды-грамматикалық аффикстер болып сараланады. Ғалым одан әрі лексика-грамматикалық аффикстер тобын өз ішінде конверсиялаушы және модификациялаушы деп жіктейді. Модификациялаушы аффикстер ‒ бұл топқа жалғанған түбірін
екінші бір сөз тобына айналдырмайтын аффикстер (етіс, шырай) жатады. Ал конверсиялаушы аффикстер ‒ бұл топты жалғанған түбірін екінші бір сөз тобына айналдыратын аффикстер (есімдерден етістік, немесе етістіктен есім тудыратын) құрайды.
Сөз тудырушы аффикстердің функционалды-грамматикалық тобын да өз ішінде топтастырып көрсетеді.

  1. Субстантив форма тудырушы аффикстер;

  2. Атрибут-анықтауыш форма тудырушы аффикстер;

  3. Атрибут-пысықтауыш форма тудырушы аффикстер [3, 204].

Бұл классификацияның дұрыс жағы да, бұрыс жағы да тіл білімінде көрсетіліп, айтылып жүр. Бұрыстығы ‒ аффикстердің сөз түрлендіруші бөлігіне тек жалғауларды атап, қалған аффикстердің барлығын сөз тудырушы формалар деп, бір қатарда қарауы. Дұрыстығы ‒ аффикстерді бұлай екі топқа бөліп қарастырғанмен, сөз тудырушы аффикстердің құрамын өз ішінде саралағанда, олардың табиғатын нағыз ғылыми түрғыдан тани білуі. Біздің ойымызша, Н.А.Баскаковтың функционалды-грамматикалық аффикстердің құрамын субстантив, атрибут-анықтауыш, атрибут-пысықтауыш формалар деп бөлуінде үлкен мән, терең түсінік жатыр. Ғалымның бұл классификациясын келесі тарауларда әрбір қосымшаға талдау жасаған тұста басшылыққа алып отырамыз. Осы классификация жайлы В.Г.Гузев былай деп жазады: «Действительно словообразовательными следует признать только те морфемы, которые Н.А.Баскаков называет конвертирующими, хотя суть словообразования, разумеется, не сводится к переходу одной части речи в другую» [4, 10].
Дәл осы үлгіде аффикстерді тек екіге жіктеу басқа да түрколог ғалымдардың еңбектерінде кездеседі. Бұл қатарда Э.В.Севортян, К.М.Мусаев, Л.А.Покровская т.б. атауға болады.
К.М.Мусаевтың қараим тілінің грамматикасында, Л.А.Покровскаяның гагауз тілінің грамматикасында аффикстер Н.А.Баскаков классификациясынан өзгешелігі, оларда зат есімнің ғана сөз түрлендіруші аффикстері ғана емес, екінші топта етістіктің шақ, рай, есімше, көсемше, қимыл есімі т.б. формалары көрсетіледі.
Э.В.Севортян аффикстерді сөз тудырушы грамматикалық формалар, сөз түрлендіруші грамматикалық формалар деп жіктейді.
А.Ысқақов қосымшаларды алдымен жұрнақтар және жалғаулар деп жіктеп алып, жұрнақтарды 1 -сөз тудырушы жұрнақтар, 2-форма тудырушы жұрнақтарға бөледі. Жалғаулар сөз түрлендіруші немесе сөз байланыстырушы дегендердің орнында беріледі. Бұл жерде мәселенің түйіні қосымшалардың топ-топқа бөлініп көрсетілуінде емес, қосымшаларды қандай мағыналық, қызметтік ерекшеліктерін негізге алуында. Мынандай үзінді келтірейік: «Жұрнақтар мен жалғаулардың, әрине, бір-бірінен ажырамайтын да шегі бар. Ол шек жұрнақтар мен жалғаулардың мағыналарында ғана емес, қызметтерінен де айқындалып тұрады. Мысалы, жалғаулар сөйлем ішіндегі сөздердің араларындағы әрқилы аса жалпы қатынастарды білдіріп, олардың түр-түрлерінің көрсеткіштері есебінде қызмет етсе, жұрнақтар ол қатынастарды білдірмей, тек жалғанған сөздерге жаңа лексикалық мағына үстеумен ғана тынады» [5, 29]. Бұл айтылған тұжырымнан біз, жалғаудан басқа қосымшалардың барлығы, яғни жұрнақтардың сөз тудырушы тобы да, форма тудырушы тобы да жаңа лексикалық мағына тудыра алады деп ұғынамыз.
Қосымшаларды жіктеудегі келесі үлгі аффикстерді үш топқа бөлу дәстүрі. Бұл үлгі бойынша аффикстер төмендегіше жіктеледі:
1) сөз тудырушы аффикстер;
2) форма тудырушы аффикстер;
3) сөз түрлендіруші аффикстер.
Бұл қатарда В.Н.Хангелдин, Ф.Г.Искаков пен А.А.Пальмбах, Б.О.Орузбаева, қазақ ғалымдарынан А.Ысқақов, А.Қалыбаева, Н.Оралбаева т.б. ғалымдар аталады. Аталған ғалымдардың жіктеу үлгілеріне қысқаша тоқталайық.
Ф.Г.Искаков пен А.А.Пальмбахтың тувин тілінің грамматикасында аффикстер жоғарыдағыдай үшке бөлінеді. Әрі қарай форма тудырушы аффикстердің бір тобы жалғанған сөзінің негізгі лексикалық мағынасын өзгертпей, қосымша мағына үстейді (шырай, реттік, жинақтық сан есім, етіс, көрініс (вид) аффикстері). Форма тудырушы аффикстердің екінші тобы жалғанған сөзінің мағынасын еш өзгертпей, оған тек грамматикалық мағына үстейді (көптік жалғау, болымсыз етістік, есімше, көсемше, етістіктің рай,
шақ категорияларының аффикстері). Аффикстердің үшінші тобы ‒ сөз түрлендіруші аффикстер ‒ септік, тәуелдік, жіктік жалғаулары. Бұл жіктеу үлгісінің өзіндік ерекшелігі ‒ көптік жалғаудың сөз түрлендіруші аффикстер қатарында берілмеуінде. 1964 жылдары айтылған көптік жалғаудың табиғаты қазақ тіл білімінде соңғы жылдары ғана сөз болып келеді.
Қырғыз тілінің ғалымы Б.О. Орузбаева аффикстерді үш топқа бөледі, сөз түрлендіршілерге төрт жалғауды (көптік, септік, жіктік, тәуелдік), форма тудырушы аффикстерге есімше, көсемше, қимыл есімі, -ын, -ыш, -ыл формалы етіс аффикстерін, зат есімнің рең мәнін тудырушы аффикстерді (-ча, -чак, -тай, -бай, -ке) т.б. жатқызады. Ғалым бұл форма тудырушы қосымшалардың сөз түрлендіруші аффикстерден таза грамматикалық мағына білдіре алмауымен, сөйлемде таза синтаксистік қатынасты білдіруімен ерекшеленеді деп, оларды сөз тудырушы аффикстер мен сөз түрлендіруші аффикстердің аралығында қарап, аффикстер жігін үш топқа бөлудің қажеттігін баса көрсетеді.
А.Қалыбаева мен Н.Оралбаеваның «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесінде» қосымшалар жоғарыда аталғандай үш топқа жіктеледі де, сөз тудыратын қосымшалар ‒ жұрнақ, форма тудыратын қосымшалар ‒ жұрнақша, сөз байланыстаратын қосымшалар - жалғау болып беріледі. Ғалымдар қосымшаларды морфемалар тұрғысынан түбір морфемалар мен сөз тудырушы жұрнақтарды лексика-грамматикалық морфемалар, жалғауларды грамматикалық морфемалар, форма тудыратын жұрнақшаларды лексика-грамматикалық морфемалар мен грамматикалық морфемалардың аралығындағы морфемалар деп жіктейді.
А.Ибатов сөздердің морфологиялық құрылымын XIX ғасыр жазба-ескерткіштер тіліне сүйеніп жазған «Сөздердің морфологиялық құрылымы» еңбегінде қосымшаларды әдеттегідей сөз тудырушы жұрнақтар, сөз түрлендіруші дегенге «функционалды» дегенді қосып, форма тудырушы жұрнақтардың орнына функционалды сөз түрлендіруші жұрнақтар, жалғаулар деп жіктейді. Нақтырақ көрсеткенде:

      1. сөз тудырушы жұрнақтар;

      2. функционалды сөз түрлендіруші жұрнақтар;

      3. жалғаулар.

А.Ибатовтың қосымшаларды жіктеу үлгісі осы топтағы көрсетілген үлгіден форма тудырушы аффикстердің атын функционалды сөз түрлендіруші жұрнақтар деп ауыстыруымен өзгешеленеді.
1967 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің академиялық грамматикасында» қосымшалар үш топқа жіктеледі. Олар:

        1. сөз тудырушы жұрнақтар;

        2. сөз түрлендіруші жұрнақтар;

        3. сөз байланыстырушы жалғаулар.

Бұл классификацияда да алдыңғы осы топта көрсетілген жіктеуден онша алшақтық жоқ. Қазақ тіліндегі мектеп оқулықтары болсын, жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар болсын көп уақыт бойы қосымшалар осы үлгіде көрсетіліп келді.
Қосымшаларды топтастыруда тағы да жіктеу үлгісінің бірі ‒ аффикстерді қайтадан екі топқа топтастыру. Бұл классификация бойынша қосымшалар 1-сөз тудырушы аффикстер; 2-форма тудырушы аффикстерге бөлінеді. Бұл жіктеу үлгісінің алдыңғы үлгілерден өзгешелігі сол, мұнда бұрынғы сөз тудырушы аффикстер сол күйінше қалып, форма тудырушы немесе сөз түрлендіруші жұрнақтар жалғаулармен біріктіріп, біртұтас форма тудырушы қосымшалар қатарын құрайды. Бұл үлгінің негізін салған белгілі
түрколог-ғалым А.Н.Кононов болды. 1960 жылы-ақ ол өзбек әдеби тілінің грамматикасында аффикстерді сөз тудырушы және форма тудырушы аффикстер деп жіктейді. Татар тілінің грамматикасында Д.Г.Тумашева мен өзбек тілінде С.Усманов бұрынғы форма тудырушы қосымшалар мен сөз түрлендіруші (жалғау) қосымшалардың ұқсастығын, екеуінің де лексикалық единица жасамай, сөйлеу процесінде ғана қолданылатын тұлғалар екендігін, оларды біріктіріп қарастырудың ұтымдылығын баса көрсетеді.
С.Усмановтың аффикстерді өз ішінде тармақ-тармаққа бөліп, саралап көрсетуінің ғылыми негізі бар. Себебі қосымшалар сөз тудыру немесе сөз тудырмау тұрғысынан алғанда екі-ақ жікке ажырағанымен, сөз тудырмайтын қосымшалардың барлығын бір қатарда алып қарауға болмайды. Енді ғалымның форма тудырушы аффикстерді қалай топтастырғанына тоқталайық. С.Усманов форма тудырушы аффикстерді өз ішінде екі топқа бөліп көрсетеді. Олар: модаль формалар (бұрынғы форма тудырушы аффикстер) және сөз түрлендіруші аффикстер. Модаль формаларды одан да кіші микротиптерге бөліп топтастырады: 1-лексика-грамматикалық форма тудырушылар; 2-функционалды-грамматикалық форма тудырушылар. Лексика-грамматикалық форма тудырушы аффикстер: көптік жалғау, етіс, амалдың өту сипаты, болымсыз етістік, кішірейту (зат есімнің рең мәнін тудырушы жұрнақтар) формалары т.б. Функционалды-грамматикалық форма тудырушы аффикстер: есімше, көсемше, қимыл есімі, шақ, рай, сан есімнің реттік формасы (-ыншы) т.б.
Қазақ ғалымдарынан осы үлгіде қосымшаларды топтастыру, яғни сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшаларға жіктеу Ы.Мамановтың еңбектерінен басталады деуімізге болады. Ғалым: «Сөйлемде грамматикалық формалармен түрленетін толық мағыналы атауыш сөздер тек қана екі түрде: не түбір сөз түрінде, не грамматикалық формада қолданылады. Былайша айтқанда, қазақ тіліндегі қосымшалар жалғанған сөздер не тілдің сөздік құрамына енетін туынды түбір сөз (лексикалық бүтін), не белгілі бір соз табына тән грамматикалық форма болып қалыптасады. ...Қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалдарға сәйкес, сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады», ‒ деп жазады [6, 48].
М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Күлкеновалардың құрастырған «Қазіргі қазақ әдеби тілі» оқулығында да қосымшалар осы ретпен сөз тудырушы және форма тудырушы болып жіктеледі [7, 9[. С.Исаевтың классификациясында қосымшалар сөз тудырушы және форма тудырушы болып алдымен екіге бөлінеді. Ғалым бұрынғы грамматикаларда беріліп жүрген сөз тудырушы жұрнақтарды «сөзжасам қосымшалары» деп атаудың ғылыми маңыздылығын былайша көрсетеді: «Қазақ тіл білімінде қосымшаларды белгілі түрлерге жіктеуге негіз болатын қасиеттері, қосымшалардың мәні, мағыналық сыр-сипаты, қолданыстық қызметі, жіктелу жүйесі толық айқындалды деуге болмайды». Сондай-ақ қосымшаларды жіктеуде оның беретін мағынасы ең басты қасиеті екенін, ал атқаратын қызметі сол мән-мағынасы арқылы жүзеге асатын екінші қасиеті деп, қосымшаларды жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгерту-өзгертпеуіне орай 1-сөзжасам қосымшалары
және 2-форма тудырушы қосымшалар деп екіге бөледі. Әрі қарай форма тудырушы қосымшалар іштей жұрнақ және жалғау деп ажыратылып, жұрнақтардың өзі тағы да сөздің мағынасын өзгерту қабілеті мен түбірдің грамматикалық сипатын сақтауы жағынан микротиптерге жіктеледі. Олар: 1 ‒ модификациялық немесе лексика-грамматикалық жұрнақтар; 2 ‒ таза грамматикалық немесе категориялық жұрнақтар.
Ғалым түркологияда дау тудырып жүрген біршама қосымшаларды, атап айтсақ, етіс, күшейтпелі етістік, зат есімнің рең мәнін тудырушы жұрнақтарды форма тудырушы қосымшалар қатарында көрсетіп, олардың сөзжасам қосымшалары бола алмайтындығына нақты фактілер келтіреді. Бұл қосымшаларды модификациялық жұрнақтар деп атайды. «Модификациялық жұрнақтар жаңа мағыналы сөз тудырмағанмен, түбірдің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермегенмен, түбірге қосымша грамматикалық мағына үстеумен бірге түбір сөздің лексикалық мағынасына семантикалық реңк қосады да, сөйлеу процесінде қолданылуы жағынан түбірдің грамматикалық сипатын сақтап қалады, сөйтіп, бір сөз табының шеңберінде жасалатын туынды түбірге ұқсап кетеді» [8, 226]. Модификациялық жұрнақтар:

  • зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтары;

  • сын есімнің шырай жұрнақтары;

  • реттік сан есімнің жұрнақтары;

  • етістіктің етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік жұрнақтары.

Грамматикалық жұрнақтар: есімше, көсемше, рай, шақ тұлғалары. Сондай-ақ С.Исаевтың жіктеу үлгісіндегі тағы бір өзгешелігі ‒ көптік жалғаудың сөз байланыстырушы қызметінің жоқтығын негізге алып, оны грамматикалық форма тудырушы жұрнақтар қатарында беруі. С.Исаевтың классификациясындағы келесі бір өзгешелігі ‒ сөзжасам қосымшаларының бір тармағы етіп «функциялық қосымшалар» тобын ендіруі. Автордың өз алдына бөліп көрсеткен -дай/дей, -ша/ше, -сыз/сіз, -ғы/гі (жатыс септігінен кейін жалғанатын), у қимыл есімінен кейін жалғанатын -шы/ші т.б. қосымшалар бұрынғы қазақ тілі грамматикаларының барлығында зат есім тудырушы, қатыстық сын есім тудырушы, үстеу тудырушы жұрнақтар болып қаралған болатын.
Сөйтіп, автор бұл қосымшаларды бір жағынан жаңа сөз де тудырмайтын, екінші жағынан форма да тудырмайтын, контексте ғана өмір сүретін сөзжасам қосымшаларының ерекше қолданысы деп көрсетеді. Кітапта бұл қосымшалардың функциялық ерекшеліктерінің күрделілігі, оны арнайы тақырып етіп зерттеудің қажеттілігі ескертіледі.
С.Исаевтың форма тудырушы жұрнақтарды жіктеу үлгісі С.Усмановтың модаль формаларды жіктеуімен сәйкес келетіні бар. С.Усмановтағы лексика-грамматикалық жұрнақтар С.Исаевта да солай аталады. С.Усмановтағы функционалды-грамматикалық аффикстер С.Исаевта таза грамматикалық немесе категориялық деп көрсетіледі. Осы екі топқа қосымшаларды жатқызуларында да алшақтық көп емес. Тек көптік жалғауды С.Усманов лексика-грамматикалық топқа, реттік сан есім тұлғасын функционалды-грамматикалық топқа қосса, С.Исаев керісінше, көптік жалғауды таза грамматикалық, реттік сан есім тұлғасын лексика-грамматикалық топта береді.
Жоғарыда сөз болған қосымшалардың жіктелу үлгілерінен басқа түркологияда сөз тудырушы мен форма тудырушы аффикстердің екеуінің де қызметіне жуықтап, аралық қалып танытып ерекшеленуі негізінде қосымшалар жігіне өзгерістер еніп отырды. Мұндай қосымшалардың қатарында -ғы/гі, -шы/ші, дай/дей, -лы/лі, -сыз/сіз, -лық/лік, -ша/ше т.б. тұлғаларды атап айтуға болады. Қазақ тілі грамматикаларында бұлар негізінен сөз тудырушы өнімді жұрнақтар деп анықталады.
Осы қосымшалардың аралық қалпын алғаш сөз еткен татар ғалымы В.М.Насилов болды. Ол сөз тудырушы аффикстер мен сөз түрлендіруші аффикстердің екеуінің де қызметін атқара беретін бір топ қосымшалар тобын өз алдына бөліп алып, аралық категория етіп «Аффиксы включения» терминімен атап, қосымшалар жігіне үшінші бір топ енгізеді. Ғалым жоғарыда біз атаған қосымшалардың барлығын бірдей көрсетпеген, солардың ішінде -сыз/сіз, -ша/ше, -лық/лік, -рақ/рек аффикстерін атап, оларға төмендегідей анықтама береді: «Если быть последовательным в трактовке именных категории, то непременно придешь к выводу, что строй тюркских языков характерезуются еще одной чертой, закономерно намечающей (помимо категории словообразования и словоизменения) категорию включения, то есть особую форму, благодаря которой лексическая категория получает свойство быть определенным компанентом словосочетания в качестве определенной грамматической единицы» [9, 36].
В.М.Насилов қосымшаларды үшке жіктейді. Олар:
1. сөз тудырушы аффикстер;
2. сөз түрлендіруші аффикстер;
3. кірістіруші аффикстер (аффиксы включения).
Бұл классификацияны В.М.Насилов 1958 жылы-ақ жасаған еді. Татар ғалымы Ф.А.Ганиевтің де аффикстерді классификациялау үлгісі өзгешелеу:
1. сөз тудырушы қосымшалар (суффикстер деп атаған);
2. грамматикалық суффикстер (форма тудырушы);
3. стилистикалық суффикстер.
Грамматикалық суффикстер өз ішінде екіге бөлінеді:
1. синтаксистік (септік, көптік, жіктік, тәуелдік жалғаулары);
2. формативті (етістіктің шақ, рай, етіс, аспек (вид) категориялары мен сын есімнің суффикстері).
Стилистикалық суффикстер:

  • как/кәй(күгәрченкөй-голубушка),

  • кәш/әнекеш(младший брат),

  • чык/чек(атчык-лошадка).

Қазақ тіліндегі зат есімнің рең мәнді жұрнақтарын Ф.А.Ганиев сөз тудырушылар мен форма тудырушылардан бөлек өз алдына топ етіп береді. Автор стилистикалық қосымшаларға мынадай анықтама берген: «Если суффиксы не образуют ни новое слово, ни грамматическую форму слова, а изменяют лишь его стилистическую окраску, то такие суффиксы называются стилическими» [10, 48]. Ғалым қосымшаларды жіктеуде өз алдына тармақ етіп қоспағанымен, даулы мәселелер қатарынан саналатын -лық/лік, -шы/ші, -лы/лі, -сыз/сіз қосымшаларын сөз тудырушы суффикстердің де, грамматикалық суффикстердің де қасиеттеріне жуықтайтын «жартылай функционалды» суффикстер деп атайды. В.М.Насиловтан өзгешелігі Ф.А.Ганиев бұл қосымшаларды бөлек категория етіп алмай, яғни қосымшалар жігіне қоспайды. Олардың сипаты жайлы былай деп жазады: "В научно-описательных грамматиках каждый полуфункциональный суффикс
рассматривается в полном обьеме. Между тем они должны быть охарактеризованы с двух точек зрения: с точки зрения грамматики и с точки зрения словообразования. Должны быть выяснены и указаны критерии различения лексических и грамматических значений этих суффиксов» [10, 53].
Куман тілдерінің зерттеушісі М.А.Хабичевтің де қосымшаларды жіктеуінде өзгешелік бар. Олар:
1. сөз тудырушы аффикстер;
2. форма тудырушы аффикстер;
3. синкретикалық аффикстер;
4. сөз түрлендіруші морфемалар (флексия).
Автор синкретикалық аффикстерге сөз де тудырушы, форма да тудырушы, яғни екі түрлі функция орындайтын -лы/лі, -сыз/сіз, -лық/лік қосымшаларын жатқызады. «Часть аффиксов выполняет синкретическую, т.е. слово и формообразующую роль» [11, 36].
Ал -дай/дей, -дағы/дегі, -ша/ше т.б. аффикстерді форма тудырушы қосымшалар қатарына шығарады. Синкретикалық деп атаған қосымшалардан -лы/лі мен -сыз/сіз тұлғаларының сөз тудыратын жағдайлары мен форма тудыратын жағдайларын жеке-жеке сипаттайды. -Ғы/гі қосымшасын сын есім тудырушы деп анықтап, сөз тудыруда қарастырады да, жатыс септігінен кейін келуінде, оларды біртұтас етіп, форма тудырушыларға қосады. Бұл қосымшалардың сөзжасамға және форма тудыруға қатысын анықтауда М.А.Хабичевтің пікірлерімен санасып, тиісінше басшылыққа алып отырамыз.
Сонымен, қосымшаларды жіктеу үлгілері туралы төмендегідей қорытындылар жасауға болады.

  • Түркологияда қосымшалар әуел бастан негізінен сөз тудырушы
    және сөз түрлендіруші
    аффикстерге жіктелді. Қазақ тіл білімінде де
    қосымшалар сөз мағынасын өзгерту-өзгертпеуіне қарай жұрнақ пен жалғауға ғана ажыратылды. Бастапқы кездері түркологияда сөз түрлендірушілерге тәуелдік, септік, жіктік, көптік жалғаулары ғана жатқызылып, қалған аффикстердің барлығы сөз тудырушылар қатарында қаралды;

  • Бір топ қосымшалардың жалғаулардан ерекшеленіп, сөз тудырмайтын функцияларының анықталуы негізінде қосымшалар жігіне форма тудырушы аффикстер қатары қосылады. Қазақ тіл білімінде жалғаулар сөз байланыстырушы қосымшалар деп аталып, форма тудырушы жұрнақтардың орнында сөз түрлендіруші жұрнақтар делініп, үшке жіктелді;

  • Түркологияда да, қазақ тіл білімінде де үш қатарлық үлгі қайтадын біріктіріліп, сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшалар жігіне топтастырылады;

  • Кейбір аффикстердің мағыналық, қызметтік, қолданымдық ерекшеліктеріне қарай қосымшалар жігіне «кірістіруші», «стилистикалық», «синкретикалық» т.с.с. атаумен өзгерістер еніп отырды. Етістіктің етіс, көрініс, қимылдың өту сипаты категорияларының жұрнақтары, зат есімнің рең мәнін тудырушы жұрнақтар, сондай-ақ жоғарыда сөз болған -дай/дей, -ша/ше, -шы/ші, -лық/лік, -ғы/гі, -лы/лі, -сыз/сіз т.б. қосымшалар бір грамматикаларда сөз тудырушы аффикстер, екіншілерінде форма тудырушы аффикстер, келесі бір грамматикаларда «екі функциялы», «жартылай функционалды», «синкретикалық» т.с.с. аталды.

  • Қосымшаларды жіктеудегі түркологиядағы, қазақ тіліндегі соңғы үлгі қосымша атаулыны екі түрге бөлу дәстүрі. Бұл үлгі бойынша қосымшалар 1-сөз тудырушы аффикстер және 2-форма тудырушы аффикстер болып жіктеледі.

2 ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ФУНКЦИОНАЛДЫ ҚОСЫМШАЛАР МӘСЕЛЕСІ


Сөзжасам саласы тіл білімінің жеке саласы ретінде танылмай тұрғанда, іштей жұрнақ және жалғау деп бөлінетін қосымшалардың барлығы көмекші морфема ретінде сөздердің морфемалық құрамын анықтауды мақсат ететін морфологияның зерттеу нысаны болып, сөз таптары ыңғайында сөз болды. Сөз тудырушы қосымшалар да, форма тударушы қосымшалар да бір деңгей бірлігі ретінде қарастырылды. Сөзжасамдық бірлік болып табылатын сөзтудырушы жұрнақтар мен сөзжасамдық емес бірлік болып табылатын форма тудырушы қосымшалардың бір деңгей құрамында қаралуы олардың мынадай ортақ сипаттарынан туындаған. Біріншіден, сөз тудырушы қосымшалар да, сөз тудырмайтын, яғни форма тудыратын қосымшалар да көмекші морфемаға жатады. Екіншіден, екеуі де лексикалық бірліктерсіз (түбір сөздерсіз) жеке дара қолданылмайды, яғни лексикалық мағынаны білдірмейді.


Сөзжасамның өң өнімді тәсілі болып табылатын синтетикалық сөзжасам, яғни қосымшалар жалғану арқылы туынды сөз тудыру мәселесі морфология құрамында қаралғандықтан, сөзжасам саласы дербес сала ретінде ұзақ уақыт бойы танылмай келді. Алайда сөзжасам үдерісінің тілдің сөздің құрамын байыту жолы болып табылатындығына, жаңа атау туғызудың түрлі амал-тәсілдері бар екендігіне және оның белгілі бір жүйелі құбылыс екендігіне дер кезінде мән беріліп, 90-жылдан бастап қазақ тіл білімінің жеке саласы ретінде қалыптасты.
Морфология – сөздің морфемалық құрамын, сөз таптары мен оның грамматикалық категорияларын зерттесе, сөзжасам туынды сөздердің жасалу табиғатын, сөзжасамдық тәсілдерді, жаңа аталымның пайда болу жолдарын зерттейді. Морфология сөзді түбір морфема ретінде және сөздердің жалпы грамматикалық мағынасына қарай бөлінетін сөз таптары тұрғысынан қарастырады, лексикология түбір және туынды сөздердің лексикалық мағыналарын нысан етеді. Ал сөзжасам туынды сөздердегі сөзжасамдық мағынаны негізге алады. Міне, тілдің негізгі бірлігі – сөзді тіл білімі салалары әр қырынан зерттеуді мақсат етеді, осы зерттеу мақсатынының түрлілігіне қарай олар деңгей-деңгейге ажырайды, нақты зерттеу нысандарын белгілейді. Бұрын үнемі бір деңгейде қарастырылып келе жатқан морфология мен сөзжасам саласының да дербес зерттеу нысандары бар. Бірақ тіл білімінің басқа деңгейлеріне қарағанда морфология мен сөзжасам саласының бір-бірімен біте қайнасып, тоғысып жатқан күрделі, даулы мәселелері бар.
Сөзжасам мен морфологияны бөліп қарастыру үшін оларға ортақ бірлік - қосымшаларды жіктеудің нақты критерийлерін айқындап алу қажет. Яғни бұл қосымшалардың қай тобын сөзжасамдық қосымшалар ретінде танып, сөзжасам саласында қарастырамыз, қай бөлігін жалғанған сөздің лексикалық мағынасына өзгеріс енгізіп, жаңа мағыналы сөз жасамайтын, тек грамматикалық мәнін өзгертетін форма тудырушы қосымша ретінде танып, оларды морфология саласында қарастырамыз дегенге саяды. Тіліміздегі қосымшалардың көбісі дерлік не жаңа мағыналы сөз тудыру қасиетіне ие болып, сол сияқты сөз таптарының грамматикалық категорияларының құрамындағы форма тудырушы қосымшалар да жалғанған сөзіне грамматикалық мағына үстеп, сөзжасамдық немесе формажасамдық қызметтері айқын болып келеді. Олардың қызметін тілдегі қосымшаларды жіктеудің шарттары бойынша нақты ажыратып тануға болады. Ал кейбір қосымшалар жіктеу шарттарына бағынбай, екі жақты қызмет атқарып, аралық сипат танытады. Сөзжасам мен морфологияның аражігінде тұрған мұндай қосымшалардың тілдік табиғатын анықтау күрделі әрі өзекті мәселе. Әдетте, мұндай қосымшалар сын есімнің, үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары ретінде қаралады. Алайда бұл қосымшалардың сөзжасам және формажасаушы қосымшаларды ажыратудың шарттарына қайшы келетін тұстары өте жиі кездеседі. Солай бола тұра, сөзжасамда мұндай аралық қабаттағы функционалды қосымшалардың сөзжасамдық қызметі айқын көрінетін тұстары қамтылады, кейде таза грамматикалық мағына үстейтін мысалдар да беріліп кетеді. Ал олардың формажасамдық қызметтері морфология саласында мүлде айтылмайды. Өйткені олар морфология қарастыратын сөз таптарының ешбір грамматикалық категориясының құрамында қаралмайды. «Қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» атты монографиясында С.Исаев мұндай қосымшаларды контекстік, функционалды қосымшалар деп атап, қосымшалар жіктемесін берген кестеде сөзжасам қосымшаларының бір тармағы ретінде көрсеткен, ал осы қосымшалар жалғанып жасалған сөздерді «уақытша сөздер» деп атайды.
Осындай екі жақты қызмет атқаратын қосымшалар қазақ тіл білімінде диссертациялық жұмыстарда зерттеліп, бұл мәселе қайта-қайта айтылып жүргенмен, академиялық грамматикада да, жеке монографиялық оқулықтарда да назардан тыс қалып келеді.
Тілде қолданыстағы барлық сөздер құрамы түбір сөздер мен оған жалғанатын грамматикалық формалардан тұрады. Сондықтан функционалды қосымшалардың сөзжасамдық және формажасамдық қызметтерін нақты айқындап, сөзжасамдық бірліктер тудыратын жағдайларын сөзжасам саласында қарастырып, сөйлеу актісінде әртүрлі грамматикалық мағына үстеуші жағдайларын морфология құрамында беру қажет деп санаймыз. Функционалды қосымшалардың осындай екі жақты қызметін теориялық тұрғыдан қазақ тіл білімінде кезінде белгілі ғалым Ы.Маманов көтерген болатын. Төменде қазақ тіліндегі жалғаулардың функционалдық сипаты туралы мәселе сөз болады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ



1 Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 446 б.
2 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. – 581 б.
3 Баскаков Н.А. Историко-типологическая морфология тюркских языков. – М.: Наука, 1979. – 274 с.
4 Гузев В.Г. Очерки по теории тюркского словоизменения. Имя. - Л.: Изд-во ЛГУ, 1987. – 141 с.
5 Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 407 б.
6 Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1973. 89 б.
7 Сергалиев М., Айғабылов А., Күлкенова О. Қазіргі қазақ әдеби тілі. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 214 б.
8 Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. Алматы: Рауан, 1998. – 303 б.
9 Насилов В.М. "Аффиксы включения". – Сб. Вопросы языка и литературы стран востока. – М.: Изд-во ИМО, 1958. – 321 с.
10 Ганиев Ф.А. Суффиксальное словообразования в современном татарском литературном языке. – Казань, 1974. – 231 с.
11 Хабичев М.А. Именное словообразование и формообразование куманских языках. –М.: Наука, 1989. – 217 с.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет